Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Абайтанудың алғашқы баспалдағы

Қазақ тарихында, əсіресе оның руханияттық дамуында ХІХ жəне ХХ ғасырлар тоғысының орны орасан зор. ХІХ ғасыр аяғындағы Ұлы Абай феномені — қазақ ұлтының өркениеттік болмысындағы орны айтып болмас ұлы құбылыс. Бірақ соны тануға, тап басып айқындауға біраз уақыт қажет болды. Ал абайтануды алғаш жүзеге асырғандар ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары. Олар өздері міндет етіп алған ұлт үшін атқарылар ұланғайыр істердің бастау көзін ұлы Абайдан танып, ең алдымен, сол ұлы ұстаздың ұлылық болмысын айқындауға ұмтылды. Абайды өздері ғана ардақ тұтып қоймай, оның ұлт абызы ретіндегі кемеңгерлік тұлғасын өздері айтпақшы «жұртқа», яғни көпке, танытуды мақсат тұтты.

Қазақ зиялылары ə, дегенде-ақ Абай туралы туралы келелі ойларын сол кездегі түрлі басылымдарда жариялай бастады. Оның ішіндегі елді елең еткізер, оқушылары тұшынып оқыр, рухани азығы молы да, кеңге қанат жайғаны да, əрине, «Қазақ» болды. Өзі шығып тұрған бес жылда осы басылым қазақ халқының өміріне қатысты бар мəселені қамти алды десек, артық айтқандық емес.

«Қазақтағы» жарияланымдар əркелкі болғанмен, бір мүддеге бағынғанын байқау қиын емес. Газет халыққа қызмет көрсетуге жарарлық, халықтың көкейкесті ой-арманын көрсете алатын материалдарды ғана жариялап, озық үлгідегі дүниелерге ғана орын берді. Жəне əрбір жарияланымдағы ұлттық сипаттың айқындылығына көңіл бөлді. Соның бірі қазақ зиялыларының əдебиетке, əдеби тұлғаларға қатысты пікірлері. Ал, енді газеттегі əдебиетке қатысты мақалалардың негізгі авторлары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ə.Бөкейханов тағы шындық.

Алаш ардақтаған басылым өзінің алғашқы сандарының бірінде «Қазақ тарихы» деген мақала жариялап, онда мынадай ой айтылды: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ, осы ғасырдың ғылыми жарығында қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай жəне өзіміздің əдет-ғұрыпқа сай «қазақ мəдениетін» құрып, бір жағынан, «қазақ əдебиетін» тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» [1]. Бұдан біз газеттің негізгі мақсаттарының бірі қазақ əдебиетін өркендету болғанын айқын аңғарамыз.

Қазақ əдебиетінің сол дəуірдегі творчестволық проблемаларын сарапқа салып, жұрттың эстетикалық талап-талғамын қалыптастыруға алғаш қадам жасаған «Айқап» журналы болса, оның артынша «Қазақ» бұл істі жандандыра түсіп, оны биік деңгейге көтере алды.

Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақ» əдебиетіміздің озық үлгілерін насихаттауда ерекше қызмет атқарды. Көрікті де көркем жырдың шебері Абай шығармаларына айырықша назар аударуы осының бір айғағы. Əрине, газеттегі қайбір мəселе болмасын іргелі ойға қозғау салушы — бас жазушы Ахмет Байтұрсынов екендігі белгілі. Оған біз «Қазақ» газетінің бетін парақтай отырып көз жеткіздік.

«Қазақ» газетінің алдына қойған көп мақсаттарының бірі түркі жұртының, соның ішінде қазақ халқының ұлы перзенттерін жəне олардың құнды еңбектерін еліне таныстыру болды. Мысалы, газет бетінде бір ғана Міржақыптың осы тақырыптағы бірнеше мақаласы жарияланған. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 16, 17-сандарында Ахмет Яссауи туралы, 1914 жылғы 71–73, 76, 77-сандарында Шоқан туралы жазылған құнды дүниелер жарияланған. «Қазақ» газетінің бұл тұрғыдағы қызметі тек қана қазақ ұлтынан шыққан азаматтарға ғана емес, түркінің ұлы тұлғаларының халқы үшін еткен еңбектеріне кең көлемде тоқталумен ерекшеленеді. Мысалы: «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 80, 81- сандарында Міржақыптың «Исмаил Гаспаринский», 1913 жылғы 9-санында Тоқай туралы мақалалары шыққан. Мұндай мақалалардың өмірге келу себебі — жалпы түркі жұрты үшін аянбай қызмет еткен басқа ұлттың өкілдерінің еңбегін бағалау. Ал енді қазақ əдебиетінің ең озық үлгілерін, айтулы тұлғаларын насихаттауда «Қазақ» газетінің атқарған қызметі тіпті айрықша. Соның ең үлкен мысалы Абай сияқты ұлы тұлғаны кеңінен насихаттап, оның шығармашылығына айрықша назар аударып, терең талдау жасап, əділ бағасын беруі еді.

Қазақ сөз өнерінің «патшасы» Абай арқылы қазақ əдебиетінің өткені мен бүгінгі жайлы сөз қозғап, өлең сөздің қадір-қасиеті жайлы толғаулы ой қозғаған алғашқы мақала Ахмет Байтұрсынов қаламынан шықты. Абай туралы «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 39–41-сандарында газет редакторы Ахмет Байтұрсыновтың «А.Б.» деп қол қойған «Қазақтың бас ақыны» атты көлемді мақаласы жарияланды. Мұнда қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев туралы алғаш тереңнен тартып ой айтылған. Абай өлеңінің асыл қасиетін терең түсінген, өлең өнерінің озығы екеніне көз жеткізген А.Байтұрсынов: «Одан асқан бұрынғы-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ»,— деген тың да түйінді тұжырым жасайды.

Жалпы Ахмет Байтұрсыновтың өзі басқарып отырған газетінің бетінде жарияланған өлеңдерден Абай үлгісін көргісі келетіні, ақындардан сол деңгейдегі талап-талпынысты танығысы, оларды сол бағытта баптап, тəрбиелеуді мақсат тұтатыны анық сезіледі.

Ахметтің Абай шығармаларын өте жоғары қоятыны əуелден-ақ əр кезде, əр жағдайда жарияланып жүрген түрлі мақала, жазбаларынан белгі беріп қалатын. Ал мына мақала сол бір Абай жайлы толғамды ойларының түгел күйде жарыққа шығып, оның өз талап-тілегінің негізсіз еместігін дəлелдей алғанының нақты көрінісі еді.

Автор өз мақаласында бүгінгі зерттеушілеріміз көтеріп жүрген көптеген өзекті мəселелерді тілге тиек еткен. Ол Абай шығармаларының тілінің ауырлығы, мазмұнының қабылдауға қиын екендігін айтар ойға азық етіп, оны шеберлік қыры ретінде көрсете алған. «1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дəптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олардың сөзінен басқалығы сонша, əуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойлап дағдыланған адамдар болмаса, біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас», — деген жолдар жоғарыдағы сөзімізге нақты дəлел бола алады.

Автор мақаласында өзі пір тұтып, талантын, дарындылық қасиетін ерекше бағалаған Абай ақынды сол заманның ақындарынан даралап көрсетеді, оның артық екенін дəлелдейді. Жалпы Ахмет Байтұрсынов қалың жұртқа Абайды таныстыру мақсатында оның шығармаларын газет бетіне жиі жариялап тұрған. Ол «Қазақ» газетін екінші Абай мектебіне айналдырды. Ахмет айналасындағы алаш зиялылары өздерінің шығармалары арқылы Абай дəстүрін əрі қарай жалғастырды.

Абайды əр қырынан ашуға тырысқан мағыналы мақалада мынадай жолдар бар: «Орыс ақындарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет-ықыласпен күтіп алып, төр түгіл тақтан орын берген. Бірақ басқа сөзден өлеңнің таққа мінгендей артықшылығы қандай, оны да көрсетіп, айтып қойған. Айтушы мен тыңдаушының көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып, тыңдалып жүргендердің көбі өлең емес екендігі, өлең жазушылар болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен–саран таңдама екендігі, жұрт мағыналы, терең сөзден гөрі мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа дыбысы тиіп өте шығатын жеңіл сөздерді таңдауға құмар екендігі Абайдың өлең жайынан жазған сөздерінде көрсетілген» [2]. Мұндағы Ахметтің айтпағы — Абай ақынның сыншылық көзқарасының өткірлігі мен нағыз ақынға қажетті де керекті шеберлікті толық игерген жасампаздық тұлға екендігі.

Замана ауыртпалығын, елдің басына түскен зорлық-зомбылықты терең сезініп, жүрегімен түсініп, жырлай білген Абайды «Қазақ» газетінің авторлары пір, ұлы ұстаз тұтқан.

Ахмет Байтұрсынов аталмыш мақаласында Абай өлеңдерін қабылдау қиынға соғатындығын айта келіп, «…Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас, бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған икемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дəрежеге жете алмағандығынан болатын кемшілік» [2], — деп бір түйіп алады. Сөйтіп, Абай сөзін ұғынудың қиындығы Абай поэзиясының жадағай жылтыр сөзден құралмай, ойлы, мағынасы тереңде жатқан сөз жүйесі болғандықтан деп біледі. Одан əрі осының бір мысалына Абайдың «Көк тұман алдыңдағы келер заман...» деп басталатын өлеңін алады.

Көк тұман алдыңдағы келер заман,

Үмітті сəуле етіп көз көп қадалған.

Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат та, сурет те жоқ, көзім талған, —

деп басталатын өлеңді «оқушылар түсінбесе, ол Абайдың үздік ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді», — дейді автор. Яғни, Ахмет пайымдауынша, оқырманның Абай сөздерін түсінбеуінің басты себебі, ақынның өз заманындағы талғам-танымнан озық кетіп, сол тұстағы оқырман деңгейінен ой асырып тұрғандығынан.

Асыл сөздің əрі мен нəрін тап басып танитын сөз өнерінің білгірі «Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олар сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, артықтық басқа ақындардан Абай сөзінде ғана емес, өзінде де болған» [2], — дейді. Сөйтіп Ахмет Абайдың өскен ортасына, тəлім-тəрбиесіне, өмір жолына көз жіберіп, осылардан қалыптасар адамдық болмысына ой тастап, одан туындаған пікірлерін ортаға салады.

Жалпы, Абайды күллі қазақ даласына, ел-жұртқа таныстыруда, оның шығармаларын жариялап, өнегелі де ғибратты сөздерін қазақ оқырмандарына жеткізуде «Қазақ» газетінің жəне оны шығарушылардың еңбегі орасан зор.

1903 жылы Абай сөздерімен алғаш танысқан Ахмет қызыға да тұщына оқи келе, құдіретті сөз иесінің кемеңгерлік болмысын байқап, байыптап, сөз асылының қыр-сырына əбден қаныққан соң, Абай өлеңдері тебіренткен тұнық сезім мен тың ойларын оқырманмен бөлісуді қалайды. Абайдың əрқайсысы дəуір жүгін арқалаған сөз сырының құпиясына үңіліп, Абай əлемінің əсемдік сырын ашуға ұмтылады.

«Əрбір сөзі оқырманға сын» Абай ақындығының өзгелерден оқ бойы озықтығы оның өмірден түйгені мол көрегендігімен қатар, терең білімпаздығынан деп таныған Ахмет, Абай білімінің құнары еуропалық ғылым-білімде деп есептейді. Абай білімінің негізі жайлы жаза келе, «Михаэлис пен Гроссқа кез болмаса, сол күйімен, бəлки, кетер еді, қандай асыл, қандай мағыналы, қандай терең сөздер жерге көмілер еді. Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ» [2], — деген ой түйеді. Сонымен бірге Ахмет осы мақаласында «ақын шеберлігінің сыры неде?» деген сұраққа жауап іздестіреді. «Сөз жазатын адам əрі жазушы, əрі сыншы болуы керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, дəмді, орынды болуына сыншылық керек, мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған». Міне, Ахмет тапқан Абай шеберлігінің сыры осыларда жатыр. Жалпы ақынға, өнерпазға тəн қасиеттің бəрі бойына жинақталған Абай ақындығының табысы да, табиғи ерекшелігі де əлгі Ахаң айтқан үш нəрседен қуат алады, «сондықтан да өлеңі қай тарапынан болса да толық».

Ахмет мақаласында Абай шығармашылық тұлға ретінде толық болмысымен көрінді. Ол Абай шығармашылығының төл ерекшеліктерін нақты мысалдар, өлеңдерінде өрілген көркемдік белгілер арқылы ашып көрсете алды. Сондықтан да бұл мақала қазақ көркемсөз танымының алғашқы ірі қадамы болып саналады. Өйткені қазақ сөз өнерінде жеке ақын шығармашылығына эстетикалық талдау жасап, биік көркемдік талғамнан өткізу — онша жиі кездесе бермеген құбылыс. Қазақ əдебиетіндегі осынау сүрлеуді алғаш А.Байтұрсынов салып, əдеби шығарманы көркемдік- эстетикалық тұрғыдан талдауды қалыптастыруға талпыныс жасағаны өскен мəдениеттің белгісі.

Əрине, Ахметке дейін де баспасөз бетінде, кейбір жинақтарда Абай туралы пікірлер жарияланып тұрды. Абай ақындығына баспасөзде («Дала уалаяты», 1889, I. 48) алғаш баға берген Мəшһүр Жүсіп Көпеев. 1909 жылы Абайдың Петербургта шыққан өлеңдер жинағына Кəктай Ысқақов «Абай (Ибраһим) Құнанбай ұлының өмірі» атты алғы сөз жазды. Кəктай мұнда Абайдың ата-бабасы, өскен ортасы туралы алғаш рет толымды мəлімет береді. Жəне əкесі Құнанбай данышпандығы туралы қысқаша айтып өтеді. Оның Абайды тану үшін ақынның өскен ортасын білудің мəні зор екенін жақсы сезінгендігі көрінеді.

Кəктай сонымен бірге өз мақаласында Абайдың ұлылыққа тəн өзгеше мінезін, ақындық лабораториясын танытуға айрықша көңіл бөледі. Бұл туралы ол: «Абай өзі өлеңінің өнер екенін біліп жаза бастаған соң бұрынғы надандықпен өлеңді өнер орнына жұмсамағандарды» қатты сынға алғанын ашық айтады. Əсіресе оның өзіндік əдеби мектеп қалыптастырғанын баса көрсетеді. Бұл туралы Кəктай былай деп жазады: «Абай жазған өлеңдерінен басқа, əншейін отырғанда көбінесе өзінің қызықты көріп, көңілі рахат болатұғыны: сөзі ұғар бала-шағасы уа ғайри жаңа талап, байыпты жас жігіттер ортасында өзге ел сөзі, шаруа сөзі сөйленбей, өзінің білгенін, сезгенін айтып, адамның адамшылығы қандай мінезбен түзеледі, қандай қылықпен бұзылады, ғылымды қалай іздеуге болады, өмірді қалай кешірсе жөн болады, бұрын қандай ғалымдар өткен, олардың артықша айтқан сөздері қандай, əйтеуір нетүрлі нəсихатын болсын жастарға ғибрат болып, адамшылығы түзелер деген сөзді айтып отырудан қанша уақыт болса да еш жалықпай, ынталы көңілмен бек рахаттанып айтып, ұқтырып отырушы еді». Бұл Абай ортасының өзіндік сырын ашқан шындық сөз. Кəктай сонымен бірге Абай ақындығы тəлім алған негіздерге де жөн сілтеп, ол оқыған орыс-батыс ақындарының, орыс-батыс ғалымдарының атын атап, түсін түстеп беріп кетуі. Бұл дерегі мол, тарихи мəні зор нақты мəліметтер еді. Бұл туралы абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедханов: «Абайды танудың басы төңкерістен бұрын басталғанын жəне оны бірінші бастаған Кəктай болғанын көреміз» [3], — деп Кəктай еңбегін жоғары бағалайды. Бұл Абайды қазақ оқырмандарына алғаш кеңінен таныстырған сөз еді.

Ал орыс оқырмандарына Абай есімі бұдан сəл ертерек танылды. Абай өмірі мен творчествосының білгірі Қайым Мұхамедханов «Абайдың көзі тірісінде, оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам — Əлихан Бөкейханов» екенін айтады. «Россия. Полное географическое описание нашего Отечества» атты көп томдық кітаптың 1903 жылы «Киргизский край» деген 18-томы жарық көрді. Оның авторларының бірі Əлихан Бөкейханов «Абайға ерекше тоқтап, қазақ жазба əдебиетінің көшбасшысы» атаған. 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде 1907 жылы басылып шыққан «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического общества» деп аталатын кітапта Абай өмірбаяны басылып шыққан, авторы Ə.Бөкейханов. Абай туралы жəне бір мақала 1908 жылы татар тіліндегі «Уақыт» газетінің 393-ші санында жарияланды. Мақала авторы Міржақып Дулатов болатын.

Жоғарыдағы мақалалардың қай-қайсысы да өз кезегінде Абай творчествосын тануда біршама қызмет атқарғаны талассыз. Солай дей тұрғанмен де, бұл мақалаларда тарихи өмірбаяндық сипаттың бел алып жатқандығын байқау қиын емес. Оларда Абай ақындығының ерекшелігі, оның қазақ поэзиясын дамытудағы атқарар қызметі там-тұмдап сөз болғанмен де терең зерттеліп, кеңінен толғап пікір айтылған жоқ. Ендеше, шынайы əдеби талдаудан өтіп, зерделі ой, зейінді талғаммен Абай ақындығына көркемдік тұрғыдағы алғашқы əділ баға А.Байтұрсынов мақаласында берілді.

«Қазақ» газетінің тұрақты авторларының бірі — Нəзипа Құлжанова. Ол 1887 жылы Торғайда дүниеге келген. Педагог, мəдени қайраткер, журналист, аудармашы болған. Нəзипа Қостанай қаласындағы орыс-қазақ əйелдер гимназиясын бітірген. Ол «Қазақ» газетінде оқу-ағарту, мəдениет мəселесі, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің бағдарламасы туралы пікірлерін жариялап, белсенді араласып жүрген. «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 101-санында «Нəзипа» деп қол қойған «Бір керек жұмыс» деген мақала жарияланған. Авторы Нəзипа Құлжанова. Мақалада қазақ жерінде əдебиет кештері жəне басқа да түрлі ойындар өткізу турасы сөз болады. 13 ақпанда Семей жерінде өткен əдебиет кеші жəне сол кештің көркіне айналған Абай туралы сөз қозғайды.

Мақаладан біз автордың көксегені халқының рухани баюы, білімді ел қатарлы болу екенін байқаймыз. «Басқа жоғары мəдениетті елдерге еліктеп біз де мəдени-əдеби кеш, жиындарды жиі ұйымдастырып тұрсақ деген ниет» деген жолдар соның айғағы. Мақаланың өн бойынан сол кезеңдегі өнер-білімге жақын, жалпы, қолына қалам ұстаған кез келген азаматтың цензурадан көздерін аша алмай қиналғанын, тілі байланғанын байқаймыз. Нəзипа Құлжанова оқырмандарға «сендер тек сол жоспарыма қосылыңдар, бірігіп жұмыс істесек алға басамыз» деген ой тастайды.

Газет əдебиетке қатысты көптеген мақалалар жариялаған. Солардың бірі газеттің 1915 жылғы № 10-санында «Қыр баласы» деп қол қойылған «Жаңа кітаптар» атты мақала. Мақаланың авторы — Əлихан Бөкейханов. Мұнда ол соңғы шыққан кітаптармен таныстырады. Таныстырып қана қоймай, олардың мазмұнын түсіндіреді, кітаптың авторы туралы бірер деректер беріп кетеді. Кітаптың жазылу жайы туралы да құнды мағлұматтарды жазады.

«Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического общества. Выпуск VIII, 1942 г. Цена 1 руб.» деп басталатын мақалада автор бұл кітаптың ұлы Абайдың ұстазы — Евгений Петрович Михаэлиске арналып жазылғандығы туралы айтады. «Бұл кітапта, — дейді Əлихан Бөкейханұлы, — Абай Михаэлиске айтқан көп сөзі болуға лайық. Михаэлис тəржіма хəлін жазған Г.Б. «Қырда жоғалатын қазақ алтыны Абайды тапқан Михаэлис». Шыныменен, егер Михаэлиспен Абай өмірде кедеспесе, Абай өз бойындағы бүкіл қабілет-дарынын аша алар ма еді. Оны осындай дəрежеге жеткізіп отырған, нағыз «Абай» қылған — Шығыс жəне Батыс мəдениетін, əдебиетін, ғылымын жете танып-білуі. Ал оны осы жолға түсірген Михаэлис».

Михаэлистің хаттары мен əр түрлі тақырыптарда жазылған мақалалары топтастырылып берілген бұл кітаптың қазақ жұртына берері мол екендігін Əлихан Бөкейханұлы баса айтады. Ол мақалалардың барлығында қазақ жері, суы, жануары, Тарбағатай, Алтай тауларының ғұмырлары туралы жазылғандығы, бұл деректердің келешек ұрпаққа да қалатын мол əрі құнды дүниелер екендігін көрсетеді.

Уай, қаным, сен денеде аз күн қонақ,

Заман жоқ көп тұруға, өмір шолақ.

Жас мезгіл екі айналмас, мойынын бұрмас,

Жұмыс ет, оқтай зырлап, қардай борап, — деген өлең жолдарымен аяқталған бұл мақалада өмірдің өткінші екенін, «аз ғұмырыңда оқу оқып, білім біл, еңбектен» деген ой мегзелген. Сол арқылы өсіп келе жатқан жастарды еңбексүйгіштікке, ғылым-білім жолына түсуге үгіттеу мақсаты білінеді. Жалпы, Əлихан Бөкейханұлының газет бетінде шыққан мақалалары немесе жасаған баяндамалары мен жазған дүниелерінің мазмұнына үңілсек, басым көпшілігі танымдық тұрғыда жазылған.

М.Əуезов «Ахаңның елу жылдық тойы» атты мақаласында газеттің мазмұнының оқырмандарға əсері туралы айта келе, былай дейді: «Қазақтың еңкейген кəрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын». Осы сөздерден біз газеттің авторларының еңбегін байқаймыз. Олар — өз ұлтын шексіз сүйетін, ұлттың мүддесі үшін қызмет ететін, бүкіл саналы өмірлерін сол мақсатқа жұмсап өткен азаматтар.

Абай творчествосын тану мен танытуда өзіндік орны бар мақаланың бірі — Міржақыптың «Абай» атты мақаласы. Ұлы Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толғанына орай жазылған бұл мақаланың мынадай басты құндылықтары бар. Бірінші — Абай ақындығын, Абай мұрасын, Абайдың ұлылығын ұғынудың алғашқы соқпағын салушылардың еңбегін көрсетіп, зерттеушілер есімін нақты атаумен бағалы. Қашанда əділдік жақтаушысы, өзгенің еңбегін бағалауда тура жолдан таймайтын Міржақып осы мақаласында Абайды алғаш елге танытушы Əлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов екендігін айтып, оларды тұңғыш абайтанушылар ретінде бағалайды. Абай творчествосы туралы түйіндеулерінде əдебиеттің халық өміріндегі орны жайында айтқан Ахметтің қадау-қадау пікірлерін дамыта отырып, «Тарихы, əдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Əдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны əдебиет. Жансыз тəн жасамақ емес», — деп түйеді. Сондықтан да ол Абайды қазақ əдебиетінің көркі көріп, Абайдың ұмытылуы қазақ əдебиетінің ұмытылуы, жоғалуы деп санайды. Абайдың қазақ əдебиетінің алтын діңгегі екендігін, одан көз жазып қалу болашақ ұрпақ алдында кешірілмес күнə екендігін ескертеді. Ақын Міржақып Абай ақындығын терең түсініп,«əдебиетіміздің негізін қалаған бірінші кірпіш — Абай сөзі, Абай ойы боларға керек. Абайға шейін қазақ қолға алып, оқырлық шын мəніндегі қазақ əдебиеті дерлік бір нəрсе болған жоқ еді. ...Бəлки, мұнан кейін, Абайдан үздік ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сəуле беріп, алғашқы атқан жұлдыз — Абай», — деп, Абай ақындығының əділ бағасын береді.

Автор осы мақалада Абай есімін ұмытпау тұрғысында істеліп жатқан шараларды қуана қарсы алып, сол жолда ізденіп жүргендердің ісін құптайды. Семейдегі Абай кешін өткізген оқыған қазақ жастарының ісінен игіліктің бастамасын көреді. Сөйтіп, Абайды болашақта жан-жақты таныр, Абайды жаттап өсер күннің туарына сенім білдіреді.

Адалжанды, халқының аяулы перзенті сол күндерде бүгінгінің жайын сезгендей, өз рухының халқымен бірге екендігін де ескерте кетеді: «ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер».

Міржақып атап өткен еске түсіру кеші Абай шығармаларын насихаттаудағы игілікті шаралардың бірі еді. Бұл туралы «Қазақ» газетінде «Тілші» деп қол қойған автордың мақаласы жарияланды. Онда «Бұл жағрафия жұмхриатының көші халықты сүйіндіріп, көңілін ашты: «Бізде де Абайдай данышпан адам туады екен-ау, атағы қазақ түгіл орысқа да шығып, өзі өлсе де терең ойларын, қымбат сөздерін, түрленген күйлерін жұртына мирас қылып, артына қалдырғандай» деп жұрт шаттанды», — деп жазды. «Абай туралы» баяндаманы Нəзипа ханум (Құлжанов жамиһаты) орысша оқығанын «да көрсете кетеді.

Жалпы алғанда, XX ғасырдың басында ең көп таралыммен тараған газеттің бетіндегі озық ойлы қазақ зиялыларының Абай жайлы айтылған келелі ой-тұжырымдары ұлтының ұлы рухани ұстаз туралы зерттеудің қалыптасуына жаңа жол ашты. Қазақ əдебиеттану ғылымындағы абайтану дəуірі солардан бастау алады. Ол кейін кең арнаға, ұлы ағысқа айналды.

Бүгінде абайтануда тың белестерге көтерілдік десек, ол ең алдымен осы ғылымның бастауында тұрған ұлылар еңбегінің нəтижесі. Соның жемісі. Мұны еш ұмытуға болмайды. Ал, абайтанудағы қазақ зиялыларының «Оқшау сөздері» ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап назардан тыс қалып келген тарихтан белгілі. Оны енді-енді байыптай бастадық. Соның бір көрінісі біз жазып отырған осынау мақала деп білеміз. Ештен кеш жақсы демей ме?! Сең қозғалды. Ары қарай іс жүреріне еш күмəн жоқ. Ұлылардың ұлылығын тануға кең жол ашылғай.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Қазақ тарихы // Қазақ. — 1913. — №
  2. Қазақтың бас ақыны // Қазақ. — 1913. — №
  3. Мұхамедханов Қ. Абай мұрагерлері. — Алматы: Атамұра, 1995. — 81-б.

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.