Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Халық ақындарының шығармаларындағы мазмұн мен формадағы сабақтастық

Қазақ əдебиеттану ғылымында «форманы» «пішін» деп те алып қарастырып жүр. Қай тұрғыдан алып қарасақ та, мазмұн көркем туындының ішкі дүниесі де, пішін, немесе форма, сыртқы əлпеті болып табылады. Ғалым З.Қабдолов: «Сонда əдеби шығарманың мазмұны — өз эстетикалық идеалының тұрғысынан суреткер таныған ақиқат өмір де, пішін — осы шындық тұтастырыла жинақталған көркем образдар жүйесі, яки əдеби қаһармандар өмірі екенін түсіну қиын емес» [1] деп атап көрсетеді. Олай болса, жекелеген халық ақындарының мұраларын қарастыра отырып, мазмұн мен формадағы сабақтастық мəселесін ашу арқылы фольклорлық үрдісте қалыптасқан көркем дүниелердің болмыс-бітімін айқындауға қол жеткізеріміз хақ.

Монғолия қазақтары халық ақындарының өмір жолы мен əдеби мұрасы толық əрі жан-жақты зерттеліп болды десек, біздің тарапымыздан үлкен қателік кеткен болар еді. Олардың мұраларының жаппай жариялануына түрлі саяси ұстанымдар кедергі болды. Шығармалар алдымен сұрыптаудан өткізілді, еленді, екшеленді, сөйтіп қажеттілері ғана баспаға ұсынылды. Нəтижесінде кейбір ақындар мүлде танылмай белгісіз болып қалса, енді бірінің өлеңдері там-тұмдап қана жарыққа шықты.

Зерттеуші Қ.Қалиасқарұлы былай дейді: «Халық ақындарының жыр, шығармалары халық ортасына ауызша да, қолжазба түрінде де тарады. Олардың шығармалары өз аттарымен тараған бұл артықшылығына қарамастан, олардың творчествосын толық жинау, зерттеу, олар өмір сүрген кезеңде көбіне баспа өнері, архивті жинақтау болмауы себепті көп уақытты, түбегейлі зерттеуді қажет етеді» [2; 3].

Осы пікірді басшылыққа ала отырып айтарымыз, біріншіден, өнерпаздардың туындылары баспа бетінде толыққанды жарияланбаса да, ел ішінде ауыздан ауызға көшіп тараған екен. Түйіні, көптің көңілінен шыққан дүниенің өздігінен жойылып, жоғалып кетпейтіндігі айтылған. Екіншіден, əдеби мұралардың толық жиналып, топтастырылмауы, арнайы тапсырыстың болмағандығынан деп білуіміз керек. Оған себеп, белгілі бір деңгейде əрекет жасауға тосқауыл қойылғандығы. Үшіншіден, осы жайттерді шешуші амал, қажымай-талмай еңбек етіп, ұзақ уақыт кетсе де арнайы зерттеу жүргізудің қажеттілігі.

Осындай бағытты басшылыққа алып, жұмыс жүргізгенде, көптің ауызында есімі мен біршама мұралары сақталып қалған Бақабайұлы Ақылбай деген ақынның болғандығын айқындадық. Бір ғана толғауы енгізілген «Замана жыршылары» деген жинақта ақын туралы: «Оқымаған, сауатсыз ақын бұл ұсынылып отырған жырларын қырық, қырық екінші жылдары баласы Кəкімге хатқа түсіртіп, құпиялап тықтырып тастағаннан елге жаңадан мəлім болып отыр. Ақын ұрпақтары Қобда аймағының Бұлғын сұмынында тұрады» [3; 173],— деп жазған. Бұл кіріспе сөздің мəнісіне біз ақынның қолға түскен шығармаларын талдау барысында көз жеткіздік.

Ақылбай ақын ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысында ақындық құрған өлеңдерін суырып салып айтқан, дəуір келбетін бүркемесіз ақиқатпен ашық кескіндеген, тілі өткір, ойы тапқыр шешен сөзді өнерпаз. Бұлғын өлкесінде өмір сүрген ол, өз кезіндегі ел басына түскен қиын-қыстау заманды ашына жырлайды, ақындарға тəн байқампаздықпен аңғарып, олқылықтар мен кемшіліктерді өткір сынға алады. Ақты ақ, қараны қара деп нақты көрсеткен өнерпаздың бұл қылығы сол кездегі саясатқа сəйкес келмегендіктен, заманында өзінің заңды бағасын ала алмаған.

Ақылбайдың біздің қолымызға көлемі үш жүз жолға жуықтайтын жеті толғауы түсті. Олар:«Мұны айтқан Ақылбай», «Айта берсем сөзім көп», «Осыменен сап болды», «Кешірерсіз көпшілік»,«Заман міне түрленді», «Білімді болсаң күндейсің», «Бұл күнде». Енді осы шығармаларына талдау жасап көрелік.

Халық ақындарының мұраларына назар аударар болсақ, дəстүрге айналған көптеген қолданыстарды аңғаруға болады. Солардың бірі ақынның өзін өзі таныстыратын, жай-күйін аңғартатын толғауы. Мəселен, танымалы ақындардың бірі Кемпірбай Бөгембайұлы өзі туралы былай деген:

Бөгембай — əкем аты, мен — Кемпірбай,

Өзге ақын мен сөйлесем, тұрар былай.

Талабым тəңір берген таудан үлкен,

Алмаса өз бақытын қайтып құдай [4; 167].

Мұнда ақын өзінің ақындық қабілетін жоғары деңгейге көтеріп, бағалап тұр. Мұндай мадақтау тəсілі көбінесе айтыс ақындарында жиі кездеседі. Мəселен, Біржан сал, Орынбай, Сүйінбай тəрізді тұлғаларда осы мазмұндас туындылардың бар екендігі баршаға мəлім. Біз қарастырып отырған Ақылбай ақында да осы мəндес толғау бар. Бірақ мазмұны өнерпаздың жеке басының ақындық қабілетін айқындаудан гөрі, заман көрінісін суреттеуге көбірек бағытталған.

Бастайын бисмилла деп сөздің басын,

Көп айтып басқа сөзді не қыласың.

Нақақтан-нақақ, кеткен замандастар,

Келеді соны ойласам көзден жасым [3; 173].

Шумақтың алғашқы екі жолынан біз ақынның діншіл, тəубешіл адам болғандығын аңғарамыз. Өйткені өлеңді Алланың атымен бастап айту осыны байқатып тұр. Ал, соңғы жолдарда, ел ішіндегі естияр азаматтардың қуғын-сүргінге түсіп, ұсталғандығын, жауапқа тартылғандығын тұспалдап жеткізген. Осы шумақтың өзі-ақ біздің əлгідегі айтқан пікірімізге дəлел бола алады. Ақын толғауының соңғы түйіні кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық сөзінің жоғалмай сақталып қалуын тілеуі.

Тартпаймын жалған айтып сөз күнəсін,

Қарасам дүниеге көз тұнасың.

Балалар, қалам алған жаза берші,

Артымда өзім кетсем сөзім қалсын [3; 173].

Осы тектес тілектердің негізінен діндар ақындарға тəн болып келетіндігін Ақмолла, Шəді, Шортанбай шығармаларын оқығанда байқаймыз. Мысалы, Шортанбайда:

Атым да шықты əр тұста,

Жасым да жетті алпысқа.

Жоғалтпаса өзімді,

Жоқ қылмаса сөзімді,

Мен ризамын Аллаға! [4; 25] —

деп келеді. Сонымен, Ақылбайдың бұл толғауынан біздің аңғарғанымыз ақынның мұсылманшылық жолды берік ұстанған, ұстанып қана қоймаған мүмкіндігінше өз шығармаларына арқау етіп, насихаттаған, Шортанбайлар тəрізді ақындар тобына жататын өнерпаз болғандығы.

Ақынның «Айта берсем сөзім көп» деген келесі толғауында ел басына түскен жан түршігерлік ауыртпалық, ақынға тəн шеберлікпен, адам жанына əсер етерліктей көркем шығарылған. Жаңа қоғамның жағымсыз əрекеті толғаудың алғашқы жолдарында-ақ айқын айтылады.

Сабаз еді бəрі де,

Шудабай, Тəшкен, Оразбек.

Қайсібірін айтайын,

Артынан кетті талай көп.

Зəре қалмай отырдық,

«Сақта, өзің құдай» деп [3; 177].

Кеңестік кезеңінің алғашқы əкелген саясаттарының бірі — «халық жауы» деген жаламен елдің бас көтерерлерін қуғындау, жер аудару, жою болды. Бұл жағдай Қазақстан жерінде жиырмасыншы, отызыншы жылдары айқын көрініс берді. Осы саясат Монғолия қазақтарының да басынан өтті. Ал, мұндай алапат дүниенің ақындар назарынан тыс қалуы мүмкін емес еді. Сондықтан да Ақылбай:

Қарамады кешуіндер,

Кім кісінің əліне.

Не қылығы жақпаған,

Алып кетті бəрін де [3; 174], —

деп ашына жырлады. Жазықсыз болса да, жазаланып, мал мен мүліктің талан-таражға түсуі, сүттей ұйып отырған ортаның ойсырай талқандалуы ақын толғауында деталына дейін көрсетілген.

«Есірку» деп ат қойды,

Мал құрауға лап қойды,

Үй-мүкамал түгел ап,

Иесіне тап қойды [3; 174].

Мұндағы «есірку» халық жауы деген ұғымды берсе, «мал құрау» кəмпескелеу, немесе тəркілеу, деген мағынаны көрсетеді. Ақын осыны айтып келеді де, халықтың күнкөрісі болған малдың құнсызданып, зорлықпен, түкке тұрғысыз бағаға сатылғандығын, бір қойдың бір теңгеге өткізілгендігімен аңғартады.

Айдан барын сатыпты,

Бір теңгеге бір қойды [3; 174].

Бұл — деталь. Ал, астарында заманның ауыртпалығы, ел тіршілігінің тар қыспаққа түскендігі бейнелеген. Мұндай суретте қолданыстар, толғауда баршылық жəне ол ақынның шебер суреткер екендігін айқындай түседі. Сонымен, толғаудың бойынан біз ел басына түскен сұрқылтай кезеңнің суық ызғарын жан-жақты танып-білуге мүкіндік аламыз.

«Кешірерсіз көпшілік» толғауында ақынның философиялық ой-толғауының куəсі боламыз. Тақырыбы тағы да заман ауыртпалығын жырлайтын туындының ұзын-ұрғасы 87 жолдан тұрады. Жеті, сегіз буынды жыр жолдарынан, тұратын кезекті ұйқасқа құрылған толғауда, əсіресе ел билеушілер қатты сыналған. Олардың өтірік жала жабу арқылы, талай азаматтарды ұстатып, жібергендігі, рухани мұраларды жойып жіберу үшін барлық амал-тəсілдерді қолданғандығы анық айтылады.

Талай жала жапты ғой,

Мұраны отқа жақты ғой,

Бəріміз де жалбардық,

Жан дегенің тəтті ғой.

Ел жамандау — жұмысы,

Беттің арын сатты ғой [3; 177].

Толғаудың осындай тұстары Шортанбай ақынның заман ағымына байланысты айтқан ой- жүйелерін еске түсіреді. Ақыр заман болғандағы ел билеушілердің іс-əрекеттеріне екпін түсіре жырлаған ақын:

Жөн білмеген жамандар,

Ел билеген бек болды.

Көтере алмай билігін,

Ұласқан үлкен кек болды [3; 10], —

деп басқару жұмысына бағытын айыра алмайтын адамдардың келгендігін көрсеткен. Мұндай үндістіктердің кезігуін ел қамын ойлаған ақындардың халықшылдығынан деп түсінуіміз керек.

Толғаудың бойында халықтық философия, яғни, мақал-мəтелдермен үйлесетін иірімдер көп кездеседі. Əрине, мұндай қолданыстардан біздің аңғаратынымыз, Ақылбайдың ел əдебиетінен сусындап, өз өнерін халық фольклорымен ұштасыра дамытуында жатыр. Мəселен,

Отырсың елдің «төрінде»,

Сол еліңнен жерінбе.

Кезігерсің айналып,

Өзің қазған көріңе [3; 177], —

деген жолдардан «Біреуге көр қазба, өзің түсерсің» деген мақалдың көрінісі жатыр. Толғауда мақалды өзгеріссіз қолданған жолдар да кезігеді.

Ит мінезі ұстаса,

Өтірікке жығатын.

«Тəңір алды таразы»,

Оған-дағы күн бар ғой,

Ісіп-кеуіп тынатын [3; 178], —

деген жолдардағы «Тəңір алды таразы» деген түйінді тіркес Монғолия қазақтары арасында кеңінен тараған мақал екендігі белгілі. Заманның қатал кезінде осындай ащы шындықты қаймықпай айтуға не себеп? Ақын да адам баласы емес пе? Ендеше, сақтану шарасы қайда? Мұндай сұрақтарға біз жауапты белгілі ғалым Е.Ысмайыловтың зерттеуінен табамыз: «Ақындық адамның жан дүниесіне байланысты құбылыс. Оған құмартып, жығыла берілсе, сол арман еткені ұзақ уақыт орындалмаса, сөз жоқ ол адамды ауыр азапқа салады: түс көргіш, түсінен шошынып, оянғыш болады; оған қалыпты адамда жок ерсі мінездер пайда болады, кейде есінен шатасқандай қылықтар да көрсетеді» [5]. Олай болса, адам ақындықты емес, ақындық адамды билейді екен. Ақындардың тайсалмай, қаймықпай сөйлеуі де, шындықты айтуы да осыған байланысты болса керек.

Ақылбайдың толғауларының құрылымы жеті, кейде сегіз буынды жыр жолдарынан тұрады дегенді айтқан едік. Бұл көріністе оның фольклорлық дəстүрді ұстанғандығын аңғартады. Ғалым З.Қабдолов: «Қазақтың тума, төл əдебиетіне келсек, оның фольклорлық үлгілердегі жеті буынды жырдан аяқ алып жүре алмайсыз. Өлеңді мақалдар мен мəтелдердің, нақылдар мен жұмбақтардың көбі жеті буында болып келеді жəне бұл өлшемнің ырғағы əр күйге бір түсіп, құбылып тұрады» [1; 274], — деп жазады. Ақылбай толғауларына назар аударсақ:

Əр кеудеде мұң басқа,

Əрбір елде тіл басқа [3; 178], —

немесе болмаса

Кешуін жүр шапқылап,

Өсек сөзді таситын [3; 177],

 Ақылға кел, кедейім,

Саған енді не дейін? [3; 174].

Тұрғысында болып келген, яғни, жеті буынды жолдардан тұрады екен. Мұндай мысалдарды ақын мұраларынан көптеп келтіруге болады.

Түйіндей келгенде айтармыз, Ақылбай Бақабайұлы фольклорлық дəстүрді берік ұстанған, өз туындыларын халықтық əдебиеттің үрдісінде туғызған, заман тауқыметін ақынға тəн шындықпен жырлаған, өз кезеңінің озық ақыны.

Əдебиет зерттеушісі Қ.Қалиасқарұлы өзінің «Халық ақындары» деген зерттеу еңбегінде:

«Монғолия қазақтарының халық шежіресінде (фольклорында) көркем əдебиетіміздің көрнекті өкілі ретінде аты əйгілі болып қалған дарқан дарын иелерінің бірі ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Бөжекұлы Төлебай ақын болып табылады», — деп жазған болатын [2; 6]. Расында Монғолия қазақтары халық ақындары арасында Төлебайдың есімі ерекше аталады. Поэзиядағы дəстүрлі жанрларды дамытуда өзінің мол мұраларымен айтарлықтай үлес қосқан ол өзімен замандас өнерпаздардың көш басынан көріне білді. Жалпы монғол қазақтары əдебиетінің алдыңғы сапында Қабанұлы Тауданбек тұрса, Төлебай соның ізін баса келген ізбасары, шəкірті ретінде аталады. Өзіндік орны бар өнерпаздың мұраларын жүйелі түрде, жан-жақты зерттеу біздің басты міндеттеріміздің бірі болмақ.

Ақынның қолда бар мұраларын жанрлық тұрғыдан жүйелер болсақ, арнаулары, толғаулары, айтыстары деп топтауға болады. Арнаулары мен толғауларының негізгі тақырыптары оқу-білімге, еңбекке, сол замандағы елдің тыныс-тіршілігіне, өмірдің күнгейі мен көлеңкесін салыстыра көрсетуге рналған, оқу-білімді жырға қосқан өнерпаздардың мол екендігін көпшілік біледі. Олардың туындыларындағы басты бағыт оқып, білім алған адамның мұратына жететіндігін айта келіп, көпшілікті осы жолға үгіттеу, насихат айту болып табылады. Ал, Төлебай ақынның ерекшелігі насихаттан гөрі, білімнің ішкі мазмұнын ашуға, өзегін айқындауға айрықша мəн беріп отырған. Еңбек туралы шығарған өлеңдерінде де осы тəсілді ұстанған. Мұның өзі ақынның өзге замандастарымен салыстыра қарағанда даралап көрсетер ерекшелігі болып табылады.

Төлебай ақынның толғаулары да тақырыбы жағынан сан алуан. «Төлебай деген мен едім» атты толғауында өзінің бойына қонған ақындық өнерін асқақтата дəріптеп жырға қосса, «Арығың өлсе астында» туындысында кедейліктің ауыртпалығын, қиыншылығын қынжыла отырып суреттейді, ал

«Ел Алтайға көшкенде» толғауында халықтың əл-ауқаты мен тіршілік əрекетін жайлауға көшкен ауылдың тыныс-тіршілігімен бейнелейді. Ақынның көлемді толғауларының бірі «Ал, Төлебай сөйлесін»! деп аталады. Туынды жақсы мен жаманды салыстыра келіп, өмірдің өткінші екенін айтады. Сондықтан, тіршілігіңде маңайыңа жақсы жағыңмен таныл деп өсиет етеді. Толғау жанры ауыз əдебиеті мұраларында кезігіп отырады. Дəлел ретінде авторы белгісіз толғауларды, шешендік сөздердегі тіл шеберлерінің айтқандарын келтіруге болады. Тіпті, көне дəуірден келе жатқан бақсылық сарындардың өзі пішімі жағынан толғау тектес. Мысал келтіріп көрелік:

Сөздің басы бісміллə,

Бісміллəсіз іс қылма.

Бісміллə десең құдай бір.

Жын бір шайтан көрінсе,

Бір табан əрі қуай жүр [6].

Халық ақындарында осылайша басталатын толғаулар да бар. Сондай-ақ атақты Абыздың соңына қалдырған аталы сөзі де толғау мəндес.

Ата-ананың қадірін,

Балалы болғанда білерсің.

Ағайынның қадірін,

Жалалы болғанда білерсің [7; 17].

Осындай толғау Қылышбай шешенде де бар екен. Дүние, жаратылыс, өмір жайлы тереңнен қозғайды.

Адам бір көшкен керуен,

Құрармыз аз күн серуен.

Керуендей көш тартыл,

Асармыз бір күн белінен [7; 130].

Байқасақ, толғау жанрын фольклормен сабақтастыра қарауға негіз бар екен.

Төлебай ақынның біз қарастырғалы отырған толғауы бас-аяғы 178 жолдан тұрады. Толғаудың алғашқы жолдарында-ақ біз дəстүрлі қолданыстың куəсі боламыз.

Ал, Төлебай сөйлесін,

Алды-артына қарамай.

Алпысында шариды,

Алтыдағы баладай [3; 21].

Толғауды бастар алдында көпшілік назарын өзіне аударту мақсатында өзінің жыр немесе өлең айтатындығын ескертіп, мұндай тəсілмен кіріспе айту көптеген халық ақындарында кездеседі. Мəселен, Əсет пен Кемпірбайдың бақұлдасу сипатындағы «Ал, енді, шіркін көрмей былпылдасын, сөзімді əшиесіз кім тыңдасын» немесе Базар жырау толғауындағы «Сөйле десең, сөйлейін, көңіліңді сөзбен делбейін!» деген тəрізді жолдар мазмұндық сипаты жағынан үндес десек те болады. Ойын жеткізер алдындағы осындай бастаулардың сипаты батырлар жырында, тарихи жырларда, дастандарда байқалады. «Қобыланды батырда» Қобыландының Қарлығашқа айтқан арнауы:

Сонда тұрып сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

«Тауда болар тарғыл тас,

Қарықса шығар көзден жас...», — [8; 85]

деп басталса, «Алпамыс батырда»:

Байбөрі сонда сөйледі:

«Рас па сөзің алғаным,

Алаша төсек салғаным...» [8; 235],

деп келеді. Бұл əрине, толғаулардағы бастаумен салыстырғанда өзгеше түрде екендігін байқаймыз. Дегенмен, сөз сөйленетіндігін аңғарту рəсімі фольклорлық мұралардан жалғастылығын тауып келе жатқан дəстүрлі қолданыс деп бағам жасауға негіз бар деуге болады.

Толғаудың мазмұнындағы көзге түсетін маңызды мəселе — жақсы мен жаманды салыстыра отырып суреттеу. Мұның өзі бірнеше бағытта жүзеге асқан. Мəселен, əйелдің жақсы, жаманының болатындығын былайша суреттейді:

Ибағатты болса əйелің,

Кетеді бетке қарамай.

Ибасыз болса əйелің,

Отырар қасыңа жоламай [3; 21].

Отбасылық жəне туыстық жақындықтан адамдардың барлығын осы тəсілді қолдана отырып сипаттаған. Ұрпақ жайында:

Жақсы туса өзіңнен,

Бетіңе кетер қарамай.

Жаман туса өзіңнен,

Өзіңді кетер санамай [3; 21], —деп толғаса, жиен туралы:

 Жақсы жиен бар болса,

Жəрмеңкелі базардай.

Жаман жиен бар болса,

Тозығы жеткен қағаздай [3; 22], — деп жырлайды. Мұндай мазмұндық сипаттағы толғау Төлебай ақынға ғана тəн деп айта алмаймыз. Халық ақындары шығармашылығының басым көпшілігінде кездеседі. Сүйінбай ақынның «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері», Майлықожаның «Жақсы болса жұбайың» толғаулары біздің айтып отырған пікірімізді мақұлдай түседі. Ақындар шығармашылығында дəстүрге айналған мұндай көріністің қайнар көзі фольклорда жатыр десек қателеспейміз. Өйткені қандай жағдайда болмасын кез келген құбылыстың бағасын беру, сипатын таныту үшін қарама-қарсы дүниелерді қатар қойып, салыстыра жырлау өнерпаз үшін таптырмас тəсіл. Шығармалардағы əбден орныққан, қалыптасқан мұндай тəсілді əдебиеттануды шендестіру — антитеза деп атайды. Ал, жақсы мен жаманның қарама- қарсы құбылыстар екендігі баршаға мəлім. Батырлар жырындағы қарама-қарсы жақтың батырларын суреттегенде жағымдысын жақсы сипаттарымен, жағымсызын жаман сипаттармен бейнелейтіндігін білеміз. Тұрмыс-салт жырларындағы «Беташар», «Айт келінде» жаман келін мен жақсы келінді жарыстыра жырлайтындығы бізге таңсық емес. Сондай-ақ ертегілерде «Жақсылық пен жамандық» ертегісі де осындай негізде шығарылған. Олай болса, аталмыш тəсілдің халық ақындары мұрасында тұрақты түрде қолданысқа түсуі фольклордан бастап жалғастығын тауып келе жатқан, дəстүрге айналған құбылыс деп түйіндеуге болады. Төлебай ақынның «Ал, Төлебай сөйлесін!» толғауында осы дəстүр өзінің орында қолданысын тапқан.

Ақынның арнауларын жалпыға жəне жеке адамдарға шығарылған туындылар деп екі топқа жүйелеуге болады. Алғашқы топқа «Сері жігіттерге», «Замандасқа» тəрізді шығармаларын жатқызсақ, соңғы топқа «Байғанға», «Қара Оспанға», «Мəми биге», «Саудагер Ғайноллаға» туындыларын келтіреміз.

«Сері жігіттерге» деген арнауында ақынның дəріптегені — адал еңбек. «Еңбек бəрін жеңбек» деген халық мақалымен арнаудың мазмұны үндес десе де болады. Қолы бос, кəсібі жоқ, серілік қуып кеткен жастарға тоқтау сала отырып, сол замандағы ұлттық табыстың көзі болып табылатын мал шаруашылығын мадақтай келіп, осы бағытта жұмыс жасаудың жөн екендігін айтады.

Жігіттер, шаруа қылып мал таппайсың,

Сөзіңе қарап тұрсам бəрің байсың.

Еңбекте он екіде бір нұсқа жоқ,

Шоқпардай үкі тағып бұлғақтайсың [3; 26].

Негізінде, мал шаруашылығын дəріптеу халық ақындарының шығармашылығында кездесіп отырады. Құлыншақ Кемелұлының «Енесі жүдеп, нашарлап, ертелеп туса төл ғаріп» деп басталатын термесі осының айғағы. Қазақ халқының негізгі кəсібі малмен тікелей байланыста болғандықтан, өнер адамдарының аталмаш шаруашылықты жырлауы табиғи жайт. Оның түпқазығы да фольклорда жатыр. Төрт түлік малға байланысты шығарылған «Зеңгі баба», «Ойсыл қара», «Шопан ата», «Шекшек ата» тəрізді жəне тағы басқа туындылар осыған дəлел. Олай болса, бұл да дəстүрлі сабақтастықтың бір ұшы болып табылады. «Замандасқа» деген арнауында біз жоғарыда айтып кеткен жақсы мен жаман категориясы, яғни, жақсы дос пен жаман достың ара айырмашылығы ашылады. Ақын «Мəми биге» деген арнауында дəулетті байлардың да қайырымды, қайырымсыз түрлерінің болатындығын айта келіп, биді солардың соңғысына жатқызып, өткір сынға алады.

Мəми-ау, мақтамаймын қорламасам,

Тиын пайда көргем жоқ сорламасам.

Өлеңмен тұқиянды қазар едім,

Түбінде сүйегім деп ойламасам [3; 35].

Айтуына қарағанда ақын Мəми бимен аталас туыс. Сол ағайындылығын құрмет тұтқандықтан, қатты айтпай отырмын деп ашық айтады. Болмаса өткір тілімен асты-үстін қақтағысы келіп-ақ тұр. Десе де өз ойынан хабар беріп, кəдімгідей сес көрсетіп қояды. Ақынның өзге арнауларында да ол қылықты, жағымсыз іс-əрекеттерді, жаман қылықтарды сынау, əжуалау ерекше орын алған. Арнау өлеңдер негізінен халық ақындарына тəн болғанымен, оның ұшқындары фольклорда өз қолданысын тапқан. Яғни өлеңнің бұл түрінің де түп негізі ауыз əдебиеті мұраларында жатыр десек, қателеспейміз. Мəселен, баршаға белгілі, тұрмыс-салт жырларына қатысты «Жар-жарды» алып көрелік:

Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар!

Қырық кісінің ақылы ханда болар, жар-жар!

Əкем-ай, деп жылама байғұс қыздар, жар-жар!

Əкең үшін қайын атаң онда болар, жар-жар!

 немесе

Шешем-ай, деп жылама байғұс қыздар, жар-жар!

Шешең үшін қайың атаң ондай болар, жар-жар!

Ел аузында да, жинақтарда да, зерттеулерде де «Жар-жар» деп аталғанымен, мəтіңнің мазмұнына үңілер болсақ, ұзатылып бара жатқан қызға айтылған арнау. Енді, «Айт келіндер!» алып қаралық:

Тəңертеңнен тұрып ап,

Құрт ұрлама, келіншек!

Өзің жатып, байыңа

Тұр-тұрлама, келіншек!

Мұның да ішкі мазмұнына назар аударар болсақ, жаңа түскен келінге айтылған арнау екендігін көреміз. Мəтіннің қай жерінен алып үзінді келтірсек те арнаудың иісі аңқып тұр. Тек қана бұл салада емес, ауыз əдебиетінің өзге салаларынан да арнаудың үлгілерін аңғаруға болады. Мəселен,

«Қобыланды батыр» жырындағы Қарлығаштың сөзіңе құлақ түрейік:

Сайға біткен қоқтымын,

Бөрік үстінде шоқтымын.

Көкежан қайтып келгенше,

Ел-жұртын есен көргенше,

Айтып кеткен құдайға

Қоңыр шұнақ тоқтыңмын [8; 59].

немесе «Ер Тарғын» жырындағы Тарғынның мына айтқан сөзіне назар салайық:

Ақжүністей жолдасым,

Қыз да болсаң мұңдасым.

Қолаң шашты, қой көзді,

Əйелде ару сен едің [8; 366].

Фольклорлық мұралардан алынған осы үзінділердің мазмұндық сипаты арнаумен үйлесіп жатса да, оларды жеке алып, арнау жанрына жатқызуға болмайды, өйткені бұл үзінділер арнаудың бар талаптарына жауап бере бермейді. Дегенмен, халық ақындары шығармашылығының бір тобын құрайтын арнаулардың алғашқы бастау алатын үлгілері фольклордың көне жанрларында жатыр десек, артық айтқандық болмас. Осындай дəстүрге ұласқан сабақтастықтың көрінісі ел ақыны Төлебай мұраларында да бар екендігін аңғардық.

Төлебай фольклордың шағын жанрларын дамытуға шама-шарқынша өз үлесін қосқан ақын. Сөзіміздің дəлелі ретінде өнерпаздың «Аққожаның өліміне» деген жоқтау өлеңін келтіруге болады. Жоқтау — ауыз əдебиетінде қазаға байланысты қайтыс болған адамға арналған туынды. Ғалым Е.Ысмайлов: «Қазақтың жоқтау жырларының көбінде өлген адамның басынан кешкен оқиғалар жырланып кетеді» [5; 46], — деп жазады. Расында, жоқтаудың мазмұны қайтқан адамның тіршілігіндегі жасаған жақсы істерін дəріптеу арқылы, үлгілі адамның келбетін танытуға негізделген. Төлебайдың туындысында осы дəстүр өзінің сабақтастығын көрсете келіп, соңы сағынышқа, қимастыққа ұласады.

Сен өлмедің, мен өлдім,

Сенен қалып не көрдім.

Кеше жүрген ақ төрем,

Мені тастап жөнелдің [3; 29].

Сөйтіп, Аққожаның тіршілігінде аяулы да қалаулы болғандығын айта келіп, ажалға қарсы тұрар күш жоқ екендігін мойындайды, Алланың ісі деп түйіндейді.

Кеше жүрген ақ төрем,

Ұқсайды менің түсіме.

Құдай басқа салған соң

Көнбедік пе ісіне [3; 30].

Тағдырдың жазуына мойын сұну, немесе шарасыздық, ауыз əдебиетіндегі жоқтау өлеңдеріде жиі ұшырасады. «Орақ-Мамай» жырындағы Мамай қайтыс болғанда шығарылған жоқтауда да осы жайт көрініс береді:

Сары ала туды құлаттың,

Ел-жұртынды жылаттың.

Құдай салды, мен көндім,

Бұл сапарды ұнаттың.

Мұндай сипатты көптеген жоқтаулардан байқауға болады. Ол жаратушыға деген сенім мен мойынсұнушылықтан туған болса керек.

Сонымен, халық ақындары мұрасындағы мазмұн мен формадағы сабақтастық мəселесіне қатысты мынадай жайттерді айтуға болады:

  • халық ақындары       шығармаларының          мазмұндық       сипаты    көпшілігінде         фольклордағы қалыптасқан дəстүрге сəйкес;
  • формадағы үндестікті жеті-сегіз буынды жыр жолдары мен он бір буынды қара өлең туындыларын да анық аңғарамыз;
  • ұйқас мəселесінде ауыз əдебиетіндегі орныққан дəстүрді берік ұстанған.

Ақынның ақындық қабілетін танытатын — поэзия. Түйіндей келгенде айтарымыз, халықтық поэзияның дамуын айрықша үлес қосқан халық ақындары, сөз құдіретін, оның ішінде поэзияның сиқырлы əлеміне бойлап бар болмыс-бітімімен түсіне білген.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Қабдолов З. Сөз өнері. — Алматы: Санат, 2002. — 149 б.
  2. Қалиасқарұлы Қ. Халық ақындары. — Өлгий, 1972. — 137-б.
  3. Замана жыршылары: Халық ақындары. — Өлгий, 1989. — 321 б.
  4. Бес ғасыр жырлайды. — Көп томдық. — 2-т. — Алматы: Жазушы, 1984. — 248 б.
  5. Исмаилов Е. Ақындар. — Алматы: ҚМКƏБ, 1956. — 76-б.
  6. Радлов В. Алтын сандық. — Алматы: Ана тілі, 1993. — 94 б.
  7. Ел аузынан: Шешендік сөздер. — Алматы: Жазушы, 1989. — 263-б.
  8. Қазақ эпосы. — Алматы: ҚМКƏБ, 1953. — 628 б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.