Қытайдағы қазақ əдебиетінде ағартушылық идеяны өзінше дамытқан, халықтың санасын оятуға белсенді де өшпес үлес қосқан өз дəуірінің озық ойлы, өрелі ақындарының бірі — Шылбы Көмекұлы 1860 жылы қазіргі Шынжаң Бұратала облысының Қосемшек деген жерінде туған. 1936 жылы Іле аймағы Күнес ауданында дүниеден өткен. Əкесі Көмек шала сауатты болғанымен, ауыл-аймаққа инабатты, көзі ашық, сөзі өтімді адам болған. Нағашы атасы Жансейіт өз кезінде Семей қаласынан төрт жыл оқып келген оқымысты, мəдениет пен оқуға жаны құмар кісі екен. Зиялы əкенің баулуында Шылбының шешесі Дина мағлұматты, өнегелі болып өскен. Бала тəрбиесіне құнтты, көзқарақты ана Шылбыны өзі алғаш хат танытып, сауатын ашады. Шылбы жеті жастан он жасқа дейін ауыл медресесінде оқыған соң, нағашы атасы Жансейіт өз ауылында ашқан мектебінде төрт жыл оқытады. Сөйтіп, ауылда жеті жылдай оқыған Шылбы біршама жақсы діни жəне пəни білім алады.
«Шылбы өзінің тума зеректігі, еңбекқорлығының арқасында, есейе келе басқалардан теміршілік, зергерлік өнерді де тез үйреніп алады. Сонымен ол сол кездегі Іле аймағының саяси орталығы болған Күре қалашығынан дүкен ашып, ұсталық жəне зергерлік кəсібімен шұғылданады. Дарынды жас жұмыс істей жүріп қытай, манжур жəне ұйғыр тілдерін де жақсы игереді. Қоғамдық-саяси өмірге де араласып, ауылдан қалаға арыз-шағым айтып келген қазақтардың талап-тілектерін Іле əкімшілігіндегі Манжур, Қытай басшыларына жеткізуге көмектесіп, ауылдағы халықтың жоғын жоқтайды, тіпті əділдік жолында білек сыбанып, күрес жасауға кіріседі. Ол өзінің саяси қағылездігі мен шешендігіне сүйеніп, талай дау-дамайда жеңіске жетіп, халыққа танылады. Солайша ол оқу-ағарту арқылы халқының білімін көтеру керек болып отырғандығын сезініп, өзі қаладан ауылға барып өз қаражатымен медресе, мектеп салдырып, оқу-ағартумен айналысады. Сондай-ақ ол өзі ел аралап жүріп, халықты балаларын медресе, мешіттерге беріп оқытуды насихаттайды» [1].
Шылбы 1919 жылы Құлжа ауданы Шолақай ауылынан медресе-мектеп салдырып, ауыл балаларын оқыта бастағанда, оның ағартушылық іс-əрекетін жақтырмаған, бір жағы бұрыннан оған өшігіп, тісін басып жүрген жергілікті мəнсаптылардың бірі Шылбыға нахақ жала жауып, Күредегі ұлыққа астыртын шағым жолдайды. Бұған иланған Күре əкімшілігі дереу қол жіберіп, мектепті бұздырып тастайды, əрі жерін тартып алады. Сонда ақын Шылбы:
Мешіт, мектеп қираттың сарайымды,
Жаратқан көтерсе екен талайымды.
Қан құмар — қара ниет қарақшылар,
Құдайым өзі берсін сазайыңды, —
деп өзінің қасірет кегін бейнелейді. Осыдан соң Шылбы Күре ұлығына арызданып барады. Халық наразылығынан қорыққан ұлық бұл жерді қайтарып беру жайлы бұйрық шығарады. Сонымен Шылбы қайтадан мектеп салдырады. Бұл туралы:
Зұлымдар мəдениетті қаламадың,
Қалың шерік ауылымды қамаладың.
Мешіт, мектеп, үй-жайды құлатқанда,
Еп болды деп кей зұлым табаладың.
Қапалық-ыза кернеп жүрегімді,
Арыз айтып ұлыққа жəне бардым.
Бұйрық алып қайтадан келгенімде,
Табашылар жер үшін жағаладың [2], —
дейді. Сөйтіп ол өзінің ағартушылық үгіт-насихатын жəне бала оқытып, білім беру жұмысын одан əрі жалғастырады.
Шылбы Көмекұлы көрнекті ағартушы əрі діндар абыз болумен бірге, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытайдағы қазақ поэзиясынан өзіндік орын алатын өресі биік, озық ойлы ақын болған. Өзінің саналы ғұмырында жазған поэзиялық шығармалары көп болған. Алайда оның бірталайы Қытайдағы аты-шулы мəдениет төңкерісі кезінде жоғалып кетті. Халық арасында таралып жүргендерінің жиналып, реттелгені де шамалы. Ақынның 1895 жылдан бері жазған шығармаларының бір бөлімі ғана Шынжаңдағы мерзімді басылымдарда жарияланды.
Шылбы Көмекұлының «Талап», «Жігіттік», «Жұрттан озған ғалымдар», «Қыз туралы»,«Əйелдер жөнінде», «Шал туралы», «Кемпір туралы», «Алдамшы туралы», «Жас туралы», «Өлеңнің сыны», «Өмір сыры», «Жаз», «Ей, жаранлар», «Ғашықтарға», «Мал бітсе, ақымақ адам сөз білмейді», «Оразəліге», «Əсетті жоқтауы» атты өлең-толғаулары мен «Нəсихат» атты дастаны жəне басқа да туындылары бізге жетті. Шылбының əлі де қолға түспей отырған «Əтікей-Нұржекей», «Қызыл гүл», «Мəймұна», «Кəржан досым», «Қиямет ахуалы», «Хұңшы хан» қатарлы қисса-дастандары болған [3; 114]. Ақын Шылбының өмірі мен қоғамдық қызметі жəне шығармалары жөнінде бүгінге дейін бірді-екілі мақала жазылғаны болмаса, кемелдірек зерттеу жарық көрмеді.
Ақын жасампаздығының мазмұн айдыны біршама кең. Бастыларын айтар болсақ, қоғамдағы кертартпа əпербақандарды, олардың озбырлықтарын, надандықты, тоғышарлықты, теңсіздікті əшкерелеп, адамгершілікті, ізгілікті, талаптылық, еңбекшілдік, өнер-білім, тағы басқа жақсы қасиеттерді дəріптейді. Сондай-ақ шығармаларында ислам дінінің ереже-қағидалары, тағдырдың үкімі сияқтылар да қамтылып жатады.
Шылбы өлеңдерінде де көбінесе ағартушылық идея, ғақлиялық сарын басым болып, ақыл-кеңес, өмірдің қорытындысы арқау етіледі.
Шылбы жасаған дəуір теңсіз қоғамның тегеуріні мен езгісі асқындап тұрған, халық тұрмысы нашарлаған, қараңғылық пен надандық, теңсіздік, əділетсіздік жайлаған заман еді. Парақорлық, жемқорлық, ауыр алман-салық салдарынан жоғары үкіметке арқа сүйеген жергілікті парақор мансаптылар мен күн қақты қарашалар ортасында үнемі қайшылық-қақтығыстар туылып тұратын. Мұндайда ақын халық жағында болып, олардың мұңын мұңдап, сөзін сөйлейтін, туын көтеретін, талап-тілек арыз-армандарын Күре əкімшілігіне жеткізетін. Жергілікті əкімдердің əділетсіздігін, сұрқиялығын, ашкөздігін айыптап, поэзиялық уытты тілімен түйрейтін. Шылбы ұлықтан жəне оның орда мансаптыларынан именуді білмеген, отты жырларымен азулыларға арқасын алдырмаған өр мінезді, өжет ақын болған.
Орталықтағы шенділер мен жергілікті болыстарды қойға шапқан, жылмаңдап жемтік іздеген қорқау қасқыр мен итке теңейді.
Қасқыр келіп жемекке қойға шабар,
Қотан ит те қасқырмен бірге талар.
Қасқырменен бірлесіп қойды жесіп,
Ертең бірдей сақ ит боп қала берер.
…Мұртын майлап, жылмаңдап, жемтік іздеп,
Қорқау қасқыр, қотан ит, əне, солар [3].
Əлеуметтік кекесін, мысқыл басым осы жолдарда момын шаруаны тонаған озбырлардың сиқын ащы, уытты тілмен əжуалайды.
Ауылдағы атқа мінерлер мансап алар шағында Күре ұлығына қолда барын аямай пара беріп жағынатын. Жоғары өкімет те оларды бір-бірімен бəсекелестіру, қырқыстыру арқылы өз мақсаттарына жетіп отыратын. Міне, мұндай ащы шындықты ақын жасырмай айтады:
Əр руға бір-бір болыс сайлап алды,
Гоминдаңға көп пұлымен пайда қалды.
…Мəнсап талас, жер талас анық кірді,
Өтірікке шындай болып нанып кірді.
Бір пайда бір жағынан шыға ма деп,
Араға шын бүлікті салып кірді [4; 13].
Ақынның бұл топтағы өлеңдері сын-сықаққа бейім. Мысалы, «Мысаға» деген өлеңінде:
Ассалаумағалайкум, Мыса қазы,
Зəңгі болар адамның ақылы азы.
Малды беріп, Қытайдан мəнсап алып,
Елге тыным қоймассың қысы-жазы [4; 158], —
деп өз мүддесі үшін барын жұмсап, елді басынған зердесіз зəңгінің кесірін келекелейді. Енді бірде байлығы қара басынан аспаған, қалың қауымға қайыры жоқ байларды да жерден алып жерге салады:
Дүниесі көзіне ілінбей-ақ,
Қайырымсыз мал доңыздың түгіндей-ақ.
Бір тартқан домбыраның күйіндей боп,
Ол да кетер бір күні білінбей-ақ [5; 62].
Өмірдегі белең алып отырған келеңсіздіктерге күйінген ақын жан айқайын білдіріп мұңын шағады.
Ел үшін дүниеде тыным тұрмай,
Наданға əуре болдым ұқтыра алмай.
О, шіркін, жүрегіме бір дерт болды,
Болысқа кегім кетті күш қыла алмай.
Көкірегінде сəулесі жоқ жандарға сөзін ұқтыра алмаған, жоғары жікке күш қыла алмаған кейбір сəтіне ашынып, қабырғасы қайысқан, елі үшін еміренген ақынның бұл өлеңі «Мыңмен жалғыз алысқан» ұлы Абайдың «Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне» деген сөзін еске түсіреді.
Кемеңгер Абайша толғанған ақын халқының тамағы тойғанына мəз болып тырп етпей ұйқыда жатқанына жаны түршігеді.
Тамағың тойғанына масаттанып,
Өттің ғой сорлы қазақ ұйқы басып [5; 57].
Ақын мұнда: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық Аздырар адам баласын», — деп дана Абай айтқандай, харакет қылмай, ойсыз, күйсіз жата берсе, надандық жайлап, өзге елдің шаңына да ілесе алмай, бəрінен құралақан қалып, өмірі өксумен өте береді. Сондықтан өзге дүниеге көз тігіп, серпілу, еңбек ету, өнер-ғылым иелеу, сонда ғана озық елдер санатына жете алады деп түйіндейді.
Талап қыл өнерсізде үйрен кəсіп,
Өнерлі халықтармен араласып.
…Жаратқан дүниені нағыз еңбек,
Ол өзі байланысты ғылымменен [6; 236], —
дейді. Сонау меңіреу заманда тұрып, ақын бүгінгі дəуірдің өресімен тыныстас ой тастайды. Əлеуметтік, экономикалық жəне білім мен мəдениет жағынан артта қалған қараңғы халықтың көзін тек ғылым өнер арқылы ғана ашуға болады деп пайымдаған ақын өзінің үлгілі ісімен де, жырымен де халықты білім иелеуге, оянуға, бас көтеруге насихаттайды:
Бір қараңғы, бір жарық кезектеу бақ,
Əшкере тең қылмаған күн мен түнді.
Дана менен наданның парқы сондай,
Ақылменен дана білер расымды, — деп даналық пен надандықты қараңғы мен жарыққа теңесе:
Жақсыдан тəлім алып, талап қылса,
Талапты ер күннен күнге өрге өрлейді.
Жігіттер талабы жоқ ақымақ болар,
Өмірі өткен сайын төмендейді.
…Еңбек қылса жетеді ер мұратқа,
Еш адам еңбектенбей гауһар таппас.
Қайратты ерден құтылмас дəулет қашып,
Ерініп еш нəрседен көңіл тартпас, —
деп талап қылып, ерінбей еңбектенсе ержігіт мұратына жететінін, дəулет тауып, тасы өрге домалайтынын, керісінше болғанда өмірден аласасын ала алмайтынын мегзейді.
Жігіттік дүниенің гүлі емес пе,
Жасшылық жанған отпен бір емес пе.
…Жарасар ержігітке еңбек етсе,
Не табар бекер жүріп өмір өтсе,
…Талап қыл, азаматтар жас күнінде,
Жақсылық тарапына қолың сермеп [5; 48–54], —
дейді енді бірде. Жастық көктемді мағыналы өткізудің кілті де осы еңбек пен талап деп біледі.
Ақын жастарды арлы, ақылды, шыншыл, адал, кішіпейіл, көпшіл болуға үндейді. Мына өлеңнің бағдарламалық сипаты бар:
Жетсе де төбең көкке асып кетпе,
Көрсең де таудай пəле жасып кетпе.
Егер де жігіт болсаң сегіз қырлы,
Шыншыл бол, шыдамды бол, сасып кетпе, — деп, шыншылдыққа, төзімділікке, адамгершілікке үндесе,
Алдымен көпшіліктің қамын ойла,
Мас болып қызығыңа бекер тойма
Адал бол, кішіпейіл, арынды бол,
Қырт мақтан пайда бермес оны да ойла.
…Ойламай көз алдыны алысты көр,
Көргенде, кемшілікті, табысты көр.
Бөлгендік бірді екіге ең жақсы іс,
Ар-ұят, адамгершілік, намысты көр [6; 236–237], — деп, көз алдыны ғана ойламай, өмірге құштарлықпен келешекке үміт артып, сеніммен қарау керектігін дəріптейді.
Жастарға осылайша жол сілтеп, үлгі көрсеткен сарабдал ақын бұл орайда есерсоқ, ессіз қырсықты жігіт пен есті, талапкер, елге үлгі боларлық жігітті салыстырады.
Жігітте де жігіт бар,
Елге жайлы көрінген.
Əдеппен сөйлеп жауабы,
Кер маралдай керілген.
Қырсықты туған біреу бар,
Үйде отырып ерінген.
Қырсығына мас болып,
От басында керілген.
…Кей жігітке қарасаң,
Үйде отырып мақтанар.
«Пəленшені құртам» деп
, Шоқпар алып аттанар.
Кей жігітке қарасаң,
Өмірі өтер өсекпен.
Үй қыдырып жөнелер,
Тұра салып төсектен.
Кей жігітке қарасаң,
Сөзі жұмсақ жібектей.
Əркімге тиер пайдасы,
Сары мойын електей.
Күннен күнге жайнайды,
Ұсталмаған кездіктей.
Ағайынға жағымды,
Қолқа бауыр жүректей
Болмайтұғын бозбала,
Олақтар шапқан күректей.
Ағайынға жағымды ер-азаматты мадақтап, ұсталмаған кездікке, қолқа бауыр жүрекке балайды. От басында гуілдеген, шаруаға қыры жоқ, қыртың бозбаланы олақтар шапқан күрекке ұқсатып, сын тезіне алады.
Шылбы Көмекұлының өлеңдерінің көбі афористік сарында келіп, образды ойға, философиялық толғамға құрылады. Жасампаздыққа да жауапкершілікпен қараған ақынның өлеңге қояр талап- өлшемі де бар. Мысалы, «Өлеңнің сынында»:
Өлеңнің биік болсын өресі де,
Тең келсін сұлулығы денесі де.
Кетпесін айдалаға сөзің қаңғып,
Айнала мықты болсын төбесі де,
Өлеңнің аша білсін ойдың көзін,
Күмістей сымға тартқан болсын сөзің
Жел болмай жауырыны жоқ жер кептірген,
Сөзіңе дұрыс келсін өз мінезің.
Ой салсын ойсыздарға өлеңдерің,
Қатесін түзетіңдер, өрендерім.
Осындай нұсқа етіп жазып қойдым,
Өлеңмен жана ма деп өз еңбегім [2; 46–58], —дейді. Жалпы Шылбы Абай поэзиясымен жақсы таныс болған секілді. Ұлы Абайдан үлгі алған ақын Абайдың:
Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, — деген өлеңіне еліктеп, өлеңнің өрнегі мен өрісі туралы өзінің сындарлы пікірін пайымдайды.
Əдебиеттер тізімі
- Мұқаметқанұлы Н. Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы. — Алматы: Қаз.Ақпарат, 2000. — 268 б.
- Шылбы Көмекұлының өлеңдері // Мұра. — № 2. — Үрімжі, 1982. — 114 б.
- Шылбыұлы Д. Əкем Шылбы жөнінде // Іле тарихи материалдары. — 4-кіт. — Құлжа, 1988. — 108–120-б.
- Өлең-жырлар. — Құлжа: Іле газеті баспа заводы, 1990. — 198 б.
- Ырыскелдиев Т. Шылбы Көмекұлы жəне оның шығармалары жөнінде // Шалғын. — № 1. — Үрімжі,
- Əдебиет оқулығы (10-кл.). — Үрімжі: Шынжаң оқу-ағарту баспасы, 1983. — 236 б.