Кіріспе сөз
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев — қазақтың əйгілі ақыны. Ол қазақ поэзия əлеміне шетсіз- шексіз кеңістік пен көз сүрінген биіктік əкелген ақын. Құдіретті қарапайымдылықпен «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып, өзіне қайтарған» ақын. Кəусар сезім мен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұнған махаббат, буырқанған шабыт пен сабырға көнбес сағыныш сыйлаған ақын.
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бəле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тəңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай, — деген («Арыз жазып кетейін» [1; 123,124]) мəрт мінезді, өр кеуделі, от жүректі ақын 1931 жылы ақпан айының 9-ы күні, Алматы облысы Нарынқол ауданының Қарасаз деген жерінде дүниеге келген. Жалғыз ұлы Сүлейменнен көрген алғашқы немересін əжесі Тиын бауырына салып, тəрбиелеп өсірген. Əкесі Сүйлемен ешкімнің ала жібін аттамаған момын кісі екен. Мінезімен ел-жұртына ұнап, шаруашылық басқарыпты. Ұлы Отан соғысы басталғанда, майданға аттанып, хабарсыз кетеді.
Мұқағалидың ақын болуына əжесі Тиын мен шешесі Нағиманың ықпалы тисе керек. Ақынның өзі айтуынша, екеуі де қазақтың ауыз əдебиетін — айтыс, дастан, аңыз-ертегіні көп білген көрінеді.
Мұқағали ауыл мектебін бітіргеннен кейін өмір қосын ерте тартады, ерте үйленіп, он тоғыз жасында əке болады [2].
Балалық бал дəурені соғыс жылдарының ауырлық-тауқыметімен тұспа-тұс келген жас жеткіншек еңбекке ерте араласып, жеті жылдық мектептің мұғалімі болады. Содан Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне орналасып, қаламгерлікке ден қояды. Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962–1963), «Мəдениет жəне тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963–1965), «Жұлдыз» (1965–1972) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972–1973) қызмет атқарады [3].
Жас ақынның алғашқы өлеңдері 1949 жылы аудандық газетте, 1951–1954 жылдары «Əдебиет жəне искусство» журналында жарияланды. Мұқағали араға он шақты жыл салып, В.И.Ленин өмірінен «Аппассионато» атты үлкен поэмамен 1962 жылы поэзия əлеміне қайта оралды. «Ильич» деп аталатын поэмалар жинағы — тұңғыш кітабы 1964 жылы жарық көрді.
Содан кейін Мұқағали мерзімді баспасөзде жиі көрініп, «Армысыңдар, достар» (1966), «Қарлығашым, келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Дариға-жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.
1991–1993 жылдары М.Мақатевтың үш томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Шығармалар жинағының екінші томына «Шолпан» (1984) жəне «Жырлайды жүрек» (1989) атты кітаптарына енген өлеңдері мен поэмалары, ал үшінші томына «Өмір — өзен» (1979) атты кітабына енген өлеңдері мен поэмалары топтастырылды.
1994 жылы ақынның «Жылап қайттым өмірдің базарынан» атты жыр кітабы шықты. Бұл еңбекте Мұқағалидың бұған дейінгі басылымдарына енбеген, дүние салғаннан кейін əр жылдары газет- журналдарда жарияланған жаңа жырлары топталды.
2000 жылы əдебиет, өнер жəне сəулет саласындағы саңлақ суреткерлердің бір тобына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарын беру туралы шешім қабылданды. Лауреат атанған саңлақтардың арасында Мұқағали Мақатаевтың есімі ерекше мақтанышпен айтылды. Марқұм бұл абыройға «Атамұра» баспасынан 1999 жылы жарық көрген «Аманат» атты жыр жинағы үшін ие болды. Бұл жинаққа негізінен бұрын шыққан екі жəне үш томдықтарында жарияланбаған, кейіннен табылған аманат жырлары енгізілді.
М.Мақатаевтың соңғы жылдары басылым көрген төрт томдық еңбегі (2002, 2006) тіл байлығымен тəнті етеді. Мұқағали əлемі — Жер, Планета, Адам болмысы, Тыныштық, Сенім. Əсіресе ақынның өзек жарып айтар ойы — адам тағдыры, адамның тірлігі, мінезі мен құлқы, сезімі мен түйсігі. Осының бəрін ақиық ақын жас дарынға тəн қайталанбас шеберлікпен, тəңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, əр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға тəн бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырды. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, мазмұнын байытты. Оның қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түсті. Қазіргі жастар Мұқағали жырымен нəрестелерін бесікке бөлеп, шілдехана тойларын өткізуде.
М.Мақатаев аударма саласында да өзіндік шеберлік-шалымымен толымды еңбектер тындыра алды. Ол əлем əдебиетінің алыптары — ағылшын Шекспирдің «Сонеттерін», америкалық Уитменнің «Шөп жапырақтарын», Италияның ұлы ақыны Дантенің «Құдіретті комедиясын» тəржімалады. Бірақ дара дарын туындыларының бағы жанған кезі кейінгі жылдары ғана.
1966 жылы жарық көрген «Армысыңдар, достар!» кітабынан
Аз мезгіл ішінде жарқын жүректің жарқылдарынан туған Мұқағали Мақатаевтың жинақтарындағы жаһұт жырлар ұлттық əдебиетке толысқан талант келіп қосылғанын тұспалдатқызды. Олардан мəңгі өмір сұлулығына сұқтанып, сырлы саз, толғақты толғам, түйін, асқақ жырлап өткен ғашық ғұмырдың кең тыныс-тіршілігінің ыстық лебі білінді. Ақын еңбектері еліміз тəуелсіздігімен қауышып, өмір сүруге құштар жандардың қатарын молайтуға жол ашты.
Мысалы, ақын «Армысыңдар, адамдар!» [4; 80,81] атты тамаша өлеңінде «өмір көктемінің» есте қаларлық жыр мүсінін тұжырымдады:
Əрбір əрпі қанға шомған тарихыңа қараңдар,
Отырардай опат болған қала жоқ па, жарандар?
Тату-тəтті бармысыңдар, армысыңдар, Адамдар!
Əлем — дарқан, саялаңдар, бəріңе де орын бар.
Қорған емес, салтанатты, сəнді сарай соғыңдар.
Ей, Адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!
Анамыз — Жер, сол Анадан жаратылдық, туыстық,
Алайда біз қан да төктік, қалжырадық, ұрыстық...
Армысың, сен, арамызда жалғыз перзент – Тыныштық!
Осы шумақтарды оқығанда жаны жайсаң, жүрегі жылы, құшағы кең ақын үні құлағыңнан кетпейді. Біздің ойымызша, Мақатаев поэзиясының терең тамыры халық қуанышы мен қайғысында, кешегіде, бүгін мен ертеңде жатыр. Тəлімді бұл шығармашылықты ешкімнің ешқашан жатырқамасы хақ.
1968 жылы жарияланған «Қарлығашым, келдің бе?» кітабынан
Халықтың бай ауыз əдебиетімен сусындаған, ғұлама Абай поэзиясын жетік меңгерген, Қасым Аманжоловты жатқа оқыған Мұқағали ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын інжу-маржан сөз өрнектерімен ерекшеленетін лирик ақын:
Ойлы жас!
Өлең — менің бар тынысым,
Жақсы сөзім — жаны игі халқым үшін.
Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,
Біреулерден жүргем жоқ арту үшін.
Оңашада ойларын тыным еткен.
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Ақындар бар амалсыз бұғып өткен,
Ақындар бар ішінен тынып өткен.
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Бізді олардың балама біріне де,
Ұлыға да санама, іріге де.
Қалам тартқан қазақтың бəрі де ақын,
Абай, бірақ қайтадан тіріле ме?..
Ойлы жас!
Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма
Жүрегінің түбіне кір жасырмай.
Осы қанатты сөздерді («Адамды адам түсінбеу — бір ақырет» [4; 139, 140]) оқығанда, қазақ поэзиясына дара тұлғасымен келген, өлең патшалығында ойып алған орны бар толағай ақындарымыздың бірі де бірегейі — Мұқағали Мақатаев екенін түсінесің.
Ал мына бір жалғыз ауыз шумақты нағыз ақынның нағыз жырға берген бағасы деп білуге болады:
Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта.
Ақын болсаң жарқыным, алысқа аттан,
Күнделікті тірлікке бой суытпа.
Төрт жолға («Өлең деген тумайды жайшылықта» [4; 140]) осынша ойды сыйғызу, сөз құдіретін дəлелдеу, жыр қуатын осылайша аспандату — тек Мұқағалидай ақынның ғана қаламынан туатын шеберлік.
1970 жылы шыққан «Мавр» кітабынан
Əр уақыт, əр дəуір, əр халық өз қажеттілігіне орай, өз ақынын, өз көсемін туғызған, туғыза да береді.
«Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» болған Мұқағалидың ұлылығын айтып жеткізуге тіліміз жетпейтін сияқты. Ол табиғатқа тартып туған дара тұлға. Ақиық ақынның қай өлеңін оқысаң да, өзге емес, кəдімгі өзің жазғандай əсерде қаласың. Өзгенің емес, өз сырыңды өзің оқығандай боласың.
«Ақынның ұлылығының өзі осы ма?» деп ойлайсың. Адамның бар тамақтан шықса да, шықпайтыны сияқты, Мұқағали өлеңінен оқырманның көңілінің суымайтыны содан шығар деп тұжырымдайсың.
Тек ерекше жаратылған кейбір адамдар ғана өткені мен болашағынан хабар алу мүмкіндігіне ие. Қазақ ондай жандарды «көріпкелі бар» деген. Мұқағалидың мына бір өлеңінен («Туады, туады əлі нағыз ақын» деген шығармасы [4; 223,224]) соның ұшқыны аңғарылады:
Туады, туады əлі нағыз ақын,
Нағыз ақын бал мен у тамызатын.
Жесірдің айырылмас сырласы боп,
Жендеттің көзінен жас ағызатын.
Туады, туады əлі нағыз ақын!
Жыр сөздері жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда,
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға.
Иə, ерен жырдың жаратушысы Мұқағали Мақатаев шөлдеген жүректердің сусынын қандыру үшін өмір сүрген сияқты. Ұлы тұлға «Туады, туады əлі нағыз ақын» деген өз сөзінің риясыз шындығын барлығымызға дəлеледеп бергендей.
1972 жылы шыққан «Дариға-жүрек» туындысынан
Мұқағали — өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы ұлттық мектептеріміз бен ұлы дəстүрлерімізді жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан ақын. Ол — қазақтың өлең-сөзін биік заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан ХХ ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі. Ақынның өз сөзімен айтқандай:
Поэзия!
Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе,
неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан.
Сені іздедім жоғалған замандардан.
Сені іздедім досымнан, қасымнан да,
Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да,
Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда,
Қызыл-жасыл шұғыла шашылғанда,
Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.
Махаббаттан іздедім, сағыныштан,
Арманымнан іздедім алып ұшқан!
Сəттерімнен іздедім жаңылысқан,
Сені іздедім жадырау, жабығыстан.
Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,
Күннен, түннен, гүлдердің бүршігінен.
Қуаныштан, түршігу-күрсінуден,
Жүректердің іздедім дүрсілінен.
Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттерден іздедім, сағаттан да, Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!
Осы өлең жолдарын («Поэзия» [4; 267,268]) оқыған кезде алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешеміз.
Мұқағали өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген ақын. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары — сол сенімнің жемісі.
1974 жылы жарық көрген «Аққулар ұйықтағанда» атты шығармасынан
М.Мақатаев — жалындап өткен 45 жылдық қысқа ғұмырында алдында өткен ағалары — Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Əуезов, Қасым Аманжоловтар сықылды қазақ тілі үшін күресін, жел бесік — мектеп қабырғасынан бастап жер бесік — қара топырақ қойнына кіргенге шейін ана тілі үшін айқасып, қазақ тілінің қайтадан алып жұлдыз — Алтын күнге айналуына өз үлесін қосқан ақын. Ол ана тілін туған Халқы мен Отанынан əсте кем санамай, осы өмірдегі бірегей үш бақытының біріне балайды [5; 18]:
Ең бірінші бақытым –Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.
Ал, екінші бақытым — Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші — Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ, келдағы от ал менен.
Жалпы, Мұқағали жырлары əрқашан осындай отты да, ойлы тіл тұнықтарынан түзіледі.
1975 жылы жарияланған «Шуағым менің» кітабынан
Мұқағали Мақатаевтың қазақ поэзиясындағы соны соқпақтарының бірі де, бірегейі де —«Отаным, саған айтам» [5; 119–125] атты толғауы:
Сонау бір бала шақтарда,
Қарлығаш қанат қаққанда,
Шілдеде, я ақпанда,
Көз жасын маған көрсетпей,
Отаным, жылап жатқанда,
Қараған толы қапталда,
Дəметіп болашақтардан,
Қараушы ем атқан ақ таңға,
Өшіруші едім өртімді,
Бауырымды төсеп ақ қарға.
Ақ қарға, я мақпалға
Отаным жылап жатқанда.
Осынау шығарма қазақ əдебиетіндегі Отан жайлы бұрын-соңды жазылған шығармалардың ең үздіктерінің бірі.
1979 жылы баспадан шыққан «Өмір — өзен» атты кітабынан
Мұқағали — үлкен философ ақын. Ол философиялық ойын үнемі көңіл-күй əуендерімен əрлендіріп, жай көзге білінбестей, шымылдықтап отырған. Мұны түсінуіміз үшін Мұқағалидың «Жырлар жазам, алайда ол кімге керек?» [1; 95] атты өлеңіне тоқтала кеткеніміз жөн сияқты:
Жырлар жазам, Алайда ол кімге керек?!
Жанға шипа іздеймін, тілге дерек.
Мəжнүн болып барамын күннен күнге,
Сау жандардан саяқсып, жүрген ерек.
Жырлар жазам, Білмеймін не берерін,
Көгерерін білмеймін, тек өлерін.
Күйінішін халқымның, сүйінішін,
Өз үніммен жырласам деген едім.
Кімге дəрі бар сыры қара бастың,
Өзім ғана өзіммен жағаластым.
Қапелімде ой айдап, қиял қуып,
Барса келмес сапарға араластым.
Барса келмес сапарға араластым,
Енді артыма бұрылып қарамаспын.
Жырлар жазам, дерімді деп өлемін,
Қарсы алдында тұрсам да дар ағаштың.
Осы төрт шумақ өлеңнің өн бойынан ақынның бүкіл болмысы, сенімі, жүрек сөзі көрініп тұр. Өйткені автор өз жырларының ешкімге қажеті жоқ екеніне көзі анық жетсе, қолына қалам алып, несіне жанын қинап азапқа батты екен деген ой өз-өзінен сұранып тұр емес пе? Ақын өлеңді өзге үшін емес, өзі үшін жазады. «Жанға шипа, тілге дерек» іздейді. Ақын жанына шипа болған сөз басқаны да тебірентеді, толқытады, жүрегіне нəр құяды. Ақын іздеген жан шипасын адам болған соң бəріміз де тапсақ деп талпынамыз.
Мұқағалидың төрт шумақ өлеңінің астарындағы ойдан осыны аңғаруға болады.
1984 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Шолпан» жинағынан
Мұқағали шығармаларының ішіндегі шоқтығы биіктерінің бірі — «Өмір сүрейік алмасып» [1; 245,246] атты ғұмыр дастаны. Бұл өлеңінде ақын жаны табиғатпен астасады:
Жапырақ — жүрек, жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң.
Мен қайың бола бастайын,
Келісесің бе, жас қайың?
(Көрінер, үмкін, кімге ерсі)
Өміріңді маған бір берші!
Дүрбелең мына дүниені,
Адам көзімен бір көрші.
Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным табайын.
Беймəлім мына өмірге,
Қайың көзімен қарайын.
Сен-дағы жерден нəр алдың,
Мен-дағы жерден нəр алдым.
Біреуден сен де жаралдың,
Біреуден мен де жаралдым.
Тілің жоқ, жанды қайың сен,
Айырмашылығым — Адаммын.
Мұқағали өмір сүрген уақыт ішкі қайшылықтары дендеген, адамдық қасиет Алланың атымен емес, адамдардың ара қатынасымен өлшеніп, бағаланар алмағайып дəуір еді. Сондықтан ақын басқаша, жаңаша өмір сүруді аңсады. Ол өзінің айтпақ ойларын табиғатпен тілдесе отырып жеткізді.
Ақын айтып отырған «дүрбелең дүние» жаңалық емес, дүние дүние болғалы жалғасып, өсіп- өніп, дамып, жетіліп келе жатқан дүрбелең. Əлсізді əлді соғар, ақылдыны ақымақ басқарар, арлыны арсыз аяққа таптар зауалды шақтардың бəріне куə, бəріне себепкер адам біткен сол дүрбелеңді өзгертер не тындырды? Алған асуы, шыққан белесінің биігіне қуану мен арандаған апаны, қырына алған қырсығына күйінуден өзге бөтен не істеді?
Құлап жатып сүрінгенге күлетін сұмырайлар, жалаңбұт отырып жыртыққа күлетін жыртықайлар əулетін бағып-қағып, басынан сипап, өсіріп отырғандар да адамдар емес пе? Осынау ежелгі шындықты ақын қайың көзімен көрсем деп армандайды [6].
Өз өмірінің қиыншылықтары мен соққыларынан түңілген Мұқағали жараны жырмен жазды.
Ақын жыр соңында:
Жапырақ — жүрек жас қайың!
Жанымызды айырбастайық?
Адам боп жүрсең қасқайып,
Қайың боп тұрам қасқайып,
Тəуекел айырбастайық!
Өмірге өмір жалғасып,
Анамыз жерге жармасып,
Бірде адам, бірде қайың боп,
Сүрейік өмір алмасып... — дейді.
Қысқаша айтқанда, бұл өлең адам жаны мен табиғаттың байланыстылығынан туып отыр.
Кемеңгер ақын өзінің жанын табиғаттың тамаша көркі жас қайың жанымен ұштастырғандай.
1989 жылы жарық көрген «Жырлайды жүрек» деген шығармасынан
Адам жанының психикалық ерекшеліктерін терең білетін Мұқағали жыр кестелерінен тағлымы көп жайттерге кезігеміз. Мысалы, ақынның «Халыққа хат» [5; 324–326] атты дастанын оқып көрелік:
Зəредей қылығың жоқ мен сенбеген,
Жасудамын жаныммен көрсем деп ем.
Жасымнан жамандықты жеңсем деп ем,
Жасырмай бəрін айтып берсем деп ем.
Жамандық көре алмайсың сенсең менен,
Өзіңнің қалыбыңмен өлшенген ем,
Аманат бір өзіңе өлсем денем.
Аманат Асан — жүрек жырым-жырым,
Аманат бір өзіңе жырым-сырым,
Жолсызбен жортамын деп,
Орта жолда
Жете алмай жетеріне жығылды ұлың, О, менің
Желпілдеген туырлығым!
Желбіреп, жетіле бер Туың бүгін!
Ой-қырыңа мың сəлем мен көрмеген,
Шөлдер менен тауларға, көлдерменен.
Құмда отырған қойшының қараша үйін,
Қайсыбір сарайлардан кем көрмеп ем.
Жетім қалған қозыға жем берген ем...
Жетіліп, жетісіп ем сендерменен,
Кешір менің жанымды емделмеген?!
Самал сырын жеткізіп, бұлақ сөзін,
Болсам деп ем өзіңнің құлақ-көзің.
Бастап кетті басқаға шуақ-сезім,
Шуақ-сезім — секірген лақ кезім.
Менде өзіңдей болмады тұрақ-төзім.
Неге бұлай?
...Білесің бірақ та өзің.
Несін білдім өмірдің, несін көрдім?
Көз жазып қалмайын деп көшіңе ердім.
Туған ел көз-жасы үшін кешір мені,
Кешегі жетімдер мен жесірлердің?
Ортасында өшу мен өсулердің
Таяғын тарттым талай кесірлердің,
Туған ел, сол үшін де кешір мені!
Бұл шығарма ақын жырының лейтмотиві іспеттес. Оның халқының алдында есеп беруі. Бұны Мұқағалидың психикалық үрдістері мен қасиеттері дерсің! Өз-өзіне сын көзбен қарау деген осындай болар! [7].
Бүгінде М.Мақатаевтың шығармашылық еңбегіне тамсанбайтын, таңдай қақпайтын үлкен-кіші азамат кемде-кем. Ойын бүкпесіз білдіруде машықтанған ақын ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын деп тегін айтпаған ғой.
1999 жылы жарияланған «Аманат» атты жыр жинағынан
Мұқағалидың суреткерлік құдіретінің кереметтігі сонша, ол санасына сəуле шашқан белгілі бір жайдың құпиясын басқаның көзіне, сезіміне ілікпеген жағын көбірек тауып, əдемі поэтикалық игілікке айналдырады. Мысалы, «Жүрек арызы» [8; 106] атты жырында ақын тəңірдің өзін таптап кетердей үн сездіреді:
Оу, ием менің.
Өзіңнен бұрын жаралғам.
Алдымен — менмін,
Сонан соң — сенсің жаралған.
Басың мен миың, ақылың, есің, қимылың,
Аяқ пен қолың –
Барлығы менен нəр алған.
Не деген шеберлік! Бұл жырында Мұқағали əр өлеңге дəнекер болған, көзге көрінбейтін, тек жүрекпен ғана ұғылатын рухты терең сезімге, үйлесімді нақышқа бөлейді.
Ақын поэзиясы талай жүрекке от берді. Оның өлеңдері бозбаланың жыры, бойжеткенің сыры болды. Бар қазақтың жүрегіне жол тауып, ұлысымыздың «мəңгі өлмес рухани асыл мұрасына» айналды. Мұқағали философиялық ойларымен жан сарайыңды ашып, ішкі дүниеңді дүр сілкіндіретін жыр күмбезін өз қолымен орнатып кетті:
Батар күн, Келер түн, Атар таң, Шығар күн,
Бəріңе, бəріңе, бəріңе құмармын! Осы мен,
осылай мəңгілік тұрармын,
Осы мен, сірə да, өлмейтін шығармын!
Жақындық сеземін — Жерден де аспаннан,
Жылылық сезінем — Мұздардан, тастардан.
Өмірім, сірə да,əріден басталған,
Əріден басталып, мəңгіге тасталған.
Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын,
Сəл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын!
Əулие-ақын осындай керемет дүниелерді («Батар күн» атты өлеңі [8; 127, 128]) бізге қалдырып кету үшін тым асыққан сияқты. Мүмкін, асықпаса мəңгілік жырлары тумас па еді?
Иə, Мұқағали жүрегі тоқтағанымен, сол жүректің қалдырған жырлары мəңгілік. Себебі арқалы ақынның:
Өкінбен, мұңайман да, өксімеймін,
Өмірім, осылай-ақ өтші мейлің.
Алайда, аласапыран тіршіліктің,
Алдында күресе алмай тек сілейдім!
Күнін көріп жүргем жоқ жетім құлдың,
Бірақта не бітірдім, не тындырдым.
Шөп жинаған ініне суырдайын,
Əйтеуір тіршілікке бетім бұрдым.
Қара саз, қара шалғын өлеңде өстім,
Қырға шығып ырысқа кенелмеспін...
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім! — деген сөздері («Не пайда күрсінгеннен, өкінгеннен» [8; 99]) ойыңа оралғанда, оның жан-жүрегінен ақтарылған ақындық сыры да, өзі жырлаған таулардың асқарындай асқақ жыры да халқымыздың мəңгі өлмес киелі рухы екені есіңе түседі.
Түйін
Сөз соңында айтарымыз, М.Мақатаев — қазақ халқының Фарабиден Абайға, Абайдан Мағжанға, Мағжаннан бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жыр көшіндегі өзіндік орны бар біртуар талант иесі.
Өкінішке орай, кезінде Мұқағалидың атақ-даңқын көре алмайтындар орынсыз ақынды кінəлады. Тұрмыс жағдайы да оңбады. Əкесі соғыста қайтыс болып, жартылай жетім өскен Мұқағали бала кезінен қиындықты, қорлау мен мұқатуды көріп өсті. Кейін Алматыға қызметке келгенде біреулерге күнін түсіргісі келмеді. Жағынып, жағымпаздануды жаны сүймеді. Ол Құдай берген қуатты талантына сенді. Ұлы ақын қызметтің құлы, бастықтардың бағыныштысы болған жоқ. Алматыға келгенде алғашқы жұмысын істеп жүрген жері үш күн кешіккені үшін қызметтен босатты. Қазақ радиосында тағы тəртіпке бағынбай қызметті талақ етті. «Жұлдыз» журналында да ұлы дарын ұжымға сыймады.
Мұқағали нағыз шығармашылық шырқау биікке шыққан жетпісінші жылдардың басында алдымен партиядан, содан соң КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарылды. Себебі айтпаса да түсінікті. Райдан қайтпайтын бірбеткейлік мінез бен «ішкіш» деген атақ, қызғаныш, тағы да басқа орынсыз кінəлаулар осыған себеп болса керек [9].
Сондықтан ақынның заманына да, сол заманға сай туған оның адамына да өкпе-назы аз болмағанға ұқсайды.
Құрып кетпей, жер басып тұрғаныңда
Қалай ғана жағарсың бұл қауымға?
Талай рет мойныма арқан салып,
Талай рет шақ қалдым жындануға.
Біле тұра бірісі білмегендей,
Теріс қарап кетеді, тілге келмей.
Жабыла кеп жармасып, олжалайды,
Жаудан түскен түйені жүндегендей.
Түйткіл ой жүр түнерген көкейімде, Қайтсем екен!
Жоқ болып кетейін бе?!
Сырымды да жырымды ашпай барып,
Қалсам ба екен қап-қара тасқа айналып!
Қалай ғана жағармын бұл қауымға,
Бірдемесін бүлдіріп, ұрладым ба? — деген екен («Жер басып жүргенің бе» [10]) Мұқағали көзі тірісінде.
Қатыбас өмірдің қатыгездігін көп көрген сөз зергері таланты тау суындай тасқындап, атағы Алатаудай асқақтап тұрған шағында небəрі 45 жасында «ажал деген сұрапылдың аранына» түсіп, кете барды. Бірақ дəл осы кезден бастап М.Мақатаевтың аңызға айналған екінші ғұмыры басталып кетті.
Ақынды ақын оятпаса, болмайды,
Ақынды ақын таяқтаса, ол — қайғы.
Ақынды ақын сүйемесе, болмайды,
Ақынды ақын күйелесе, ол — қайғы.
Ақынға ақын басынан-ақ жуық-ты,
Барлық ақын бір анадан туыпты.
Ақынға ақын адал болсын əмəнда,
Ақынға ақын арам болса, жаман да...
Ақынға ақын ете көрме пенделік!
Ақын, ақын! Пенделікті жөнделік! — деп Мұқағалидың өзі айтқандай («Ақынды ақын оятпаса, болмайды» деген өлеңі [1; 185]), оның поэзиясы өзінен кейінгі ақындарды оятып кетті. Оларды тегіс ойлантып кетті.
Иə, өмір ешқашан ұлыларды, дарындарды тірі кезінде еркелетпеген. Олардың даңқы қайтыс болғаннан кейін ғана шығады. Содан кейін ғана аялай алмағанымызға өкінеміз. Өкінішті болса да, бұл жай өмірдің жазылмаған заңына айналып кеткендей. Тек соңғы уақытта біз бір кездегі пенделіктен кеткен қатемізді жөндеген сияқтымыз. Өйткені ақынның аманат жырлары бізден осыны тіледі.
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.
Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды,
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды»
Əйтеуір, қазбас былық-шылығымды.
Жазылар естеліктер нешелеген,
Көрерміз оның бəрін пешенеден.
Əйтеуір, білетінім бір-ақ нəрсе —
Көшеді өлең немесе өшеді өлең! — деп («Жазылар естеліктер мен туралы» атты өлеңі [1; 78, 79]) көзі тірісінде-ақ Мұқағали ақынның өзі айтып кеткендей, күн күнге, жыл жылға ұласып, жылжыған сайын, өнерді құрметтейтін, поэзияның тылсым сырларын түсінетін жаңа ұрпақ өмірге келген сайын ұлы ақын тұлғасы мəңгі алдыңда жаңарып, қасқайып тұрады.
Мұқағали Мақатаев халықты қалай сүйсе, халық та оны сүйді. Оның поэзиясы көптің ерекше махаббатына бөленді. Ол қасиетті өнер əруағына, поэзия періштесіне айналды:
...Қулары, таудың қызыл түлкісі дер,
Момындар, біздің үйдің кірпіші дер.
Мəңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нəзік жанымды кім түсінер!?
Сонша алып махаббат «момын үйдің кірпішінен» қанағат қайрады. Ал оның «бауырын кескілеген» «нəзік жаны», расында да, енді қайталанар ма екен?!
Сірə, Мұқағалидың жаратылыс-болмысын атақты ақын Тұманбай Молдағалиев:
Құдайдың ерке бір ұлы еді ол,
Адамдар ішіне жіберген, — деп текке айтпаса керек.
Əдебиеттер тізімі
- Мақатаев М. Үш томдық шығармалар жинағы. — III-т.: Өлеңдер мен поэмалар. — Алматы: Жазушы,1993. — 344 б.
- Тоқбергенов Т. Көкірегі — көктем жыр // Мұқағали. — 2008. — № 5 (29). — 24-б.
- Тоғысбаев Б., Сужикова А. Тарихи тұлғалар: Танымдық-көпшілік басылым. — Алматы: Алматыкітап, 2006. — 206-б.
- Мақатаев М. Үш томдық шығармалар жинағы. — I-т.: Өлеңдер мен поэмалар. — Алматы: Жазушы, 1991. — 368 б.
- Мақатаев М. Үш томдық шығармалар жинағы. — II-т.: Өлеңдер мен поэмалар. — Алматы: Жазушы, 1992. — 352 б.
- Алпысбаев Қ. Өлең мен өрнек // Мұқағали. — 2008. — № 1(25). — 36-б.
- Асылжанұлы Б. Мұқағалидың лирикалық поэзиясы // Жұлдыз. — 2010. — № 10. — 179-б.
- Мақатаев М. Аманат: Жыр жинағы. — Алматы: Атамұра,1999. — 304 б.
- Қауғабай О. Мұқағалидың Димекеңе мұң шағуы // Ақиқат. — 2007. — № 8. — 59-б.
- Мақатаев М. Жылап қайттым өмірдің базарынан: Жыр кітабы. — Алматы: Жалын, 1994. — 105-б.