Кіріспе сөз
Нарманбет Орманбетұлы 1860 жылы (кейбір деректерде 1859 жыл деп көрсетілген) сол кездегі Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын өзенінің Балқаш көліне құяр ағысының бір саласы Саға деген жерде дүниеге келген. Руы Тобықты, оның ішінде Дадан, Қалдау, Балтабай болып тарайды. Абаймен аталас туыстығы бар. Нарманбеттің төртінші атасы Деріпсалды — жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше ерлік көрсетіп хан Абылайдан бата алған батыр.
Ақынның əкесі Орманбет ауызы алты қарыс шешен-би, ділмар, «ақылға дарқан дана» болған. Елі мен жерінің бағына, береке-бірлігіне қызмет жасаған. Сондықтан ол «Қалдау қасқыры» атанған. Ал ақынның анасы Керей Бəкі батырдың қызы Балбырауын күміс көмей əнші-ақын, тамаша ісмер болған. Орманбеттің кіндігінен 8 ұл, 2 қыз тараған [1].
1901 жылы Орманбет би қайтыс болғанда ақын баласы Нарманбет жоқтау өлеңін шығарып, əкесі жайлы былай толғаныпты [2; 37, 38]:
Əкекем өтті-ау дүниеден,
Ақылға дархан данасы.
Ала болған жұмысты
Ебін тауып бітірген.
Оның үшін əлеумет
Алдына келіп табысқан,
Əр ауылдың аласы,
Қаракесек қадірлеп.
Қалдырмады қадірден,
Ақылының сарасы.
Орыс, ноғай, сарт, қазақ,
Орын берді төрінен,
Қарқаралы қаласы...
Шариғаттан аспайын,
Өтірік мақтан қоспайын...
Абзал туған əкекем,
Екі болыс Даданның
Бірлігіне туыпты.
Ақсақ пенен Қалдардың
Ырысына туыпты.
Елінің қисық жұмысын
Мінезімен жойыпты.
Белгілі жау келгенде,
Күн бұрын алдын буыпты.
Халқыма шолпан құт болып,
Өмірінше бейкүна.
Қаріп пенен қасерге
Қастық қылып, тимеген.
Қара тастай жуанды
Қамыр қылып илеген...
Тамам таудың мықтысы
Алдына қарсы шықпаған,
Жүзін көрсе ықтаған,
Ақсақал деп сыйлаған,
Тамам елдің болысы.
Құданың берген шағында,
Басына қонған бағында,
Жұмысың қисық демеген,
Бір дуанның орысы...
Өнеріне сенімді,
Өзінің көңілі болмаса,
Ояз айтса болмаған...
Нарманбет жасынан аталы сөзге үйір болып өседі. Ол сегіз жасынан бастап молдадан, кейінірек бір татар мұғалімнен жаңаша дəріс алады. Сауатын ерте ашқан Нарманбет сол кездің өзінде-ақ шығыс əдебиетінің бірқатар шығармаларымен танысады. Табиғатынан зерек бала жас кезінен бастап шешендік нақылдарға ден қойып, естігендерін көңіліне тез тоқып алады.
Баласының талабын байқаған əкесі Нарманбетті 14 жасында Қарқаралыға апарып, екі кластық орыс мектебіне оқуға береді. Мұнда бір ғана жыл оқуға мүмкіндігі болған Нарманбет бұдан кейінгі уақытта өз бетімен мұсылманша, орысша білім жинайды. Біраз уақыт бір орыс тілмаштан орысша сабақ алады. Өзге елдер оқымыстыларының, жазушылары мен ғалымдарының еңбектерін оқиды. Соның нəтижесінде табиғатынан зерек туған Нарманбет ел ішіне беделді, білімді азамат атанады. Парасаттылығымен, сөз жүйесін келістіре білетін шешендігімен көзге түседі. Бозбала шағының өзінде-ақ оның «Тобықтының шегір көз шешен сарысы» деген ат алуы тегін болмаса керек [3; 123].
Нарманбеттің тұңғыш өлеңі 14 жасында дүниеге келген. Бұл Қарқаралыда ноғай көпесінің үйінде жатып оқитын кезі. Жас ақын оның өрімдей жап-жас қыздарына өлең шығарып, өнерін көрсетеді [4]:
Ойнайды жоғарыда көкала үйрек,
Сол үйрек ойнаған соң ашыр бүйрек.
Армансыз дүниеден өтер едік,
Қол созып «қоға жайдан» алсақ сүйреп.
Атақты Бертіс бидің (ел хан Бертіс деп атаған) баласы Шалқар сыншыға Орманбет балаларын сынатқанда Нарманбеттің: «Буыны жоқ былқылдақ, сүйегі жоқ сылқылдақ деген адам осы болайын деп тұр. Кісі өлтірмейді, кісіден жеңілмейді», — деп болашағын болжаған екен [5; 415]. Сыншының терең барлап айтқанындай, Нарманбет 17 жасында тілмаш, 29 жасында болыс болып сайланғанда, жұрт: «Ел ағасы болдың, енді дін тəртібін ұстауың керек», — деп ғибратты кеңес береді. Содан білімдар, ел тізгінін ұстаған қайраткер, аузы дуалы сөз ұстасы «бірəдар» атанады.
Ақынның Абайдың озық тұлғалы поэзиясымен танысуы
Нарманбет Орманбетұлы ұзақ сюжетті өлеңдер жазбаған. Сюжеті ең қысқа əдемі «Балалық күй»,«Кер заман» өлеңдері. Бұдан басқа өлеңдерінің көбі əлеуметтік мотивтегі толғаулар; көңіл-күйін көрсететін элегиялар; заман, өмір, адамдардың мінез-құлқы жайындағы афоризмдер болып отырады. Нарманбетте айтыс, жоқтау, жұмбақ өлеңдер де бар. Міне, осының барлығын жинақтай келгенде Нарманбет творчествосының өрісі кең екенін көреміз [6–8].
XIX ғасырдың 80-ші жылдарының аяқ шенінде Нарманбет ғұлама Абаймен, оның озық тұлғалы поэзиясымен танысады. Абай шығармашылығы оның өмірге, өнерге деген көзқарасын өзгертеді, көңілінде өшпес із қалдырады. Абай өлеңін, оның шығармашылық өнерін өзінің бағыт сілтер нысанасы, өз өмірінің темірқазығы етіп алады.
Ақын өлендерінің дені Абай шығармаларының үлгісінде жазылған. Əсіресе заман шындығын, қоғамдық өмірдегі қайшылықтарды, əлеуметтік теңсіздік мəселелерін арқау еткен өлеңдерінде Абайдың шыншылдық дəстүріне тəн шынайылық пен өткір сыншылдық айқын аңғарылады [9].
Нарманбет өлеңдеріндегі ағартушылық сарын, имандылық идеясы да Абай үлгісімен астасып жатыр. Ол да халықты білім алуға, ғылым үйренуге үндеді. Ақынның осы тақырыптағы көрнекті шығармалырының бірі — «Ғылым туралы» [10; 65] өлеңі:
Бұл бала — бүгін бала, ертең дана,
Оқымаса көңіліне бітпес сана.
Адам туған баласын надан қылып
Ата-анасы болмасын жүзі қара.
Сегіз жастан баланы оқыт дейді,
Ғылым, өнер көңіліне тоқыт дейді.
Оқытпаса обалы ата-анаға,
Қарға қылып, қараны шоқыт дейді.
Оқыса бала деген сұңқар болар,
Жүзден жүйрік, мыңнан да тұлпар болар.
Қиыр ұшып, қиыннан тоят тілеп
, Көрінген жан құрметтер іңкəр болар.
Ақын халқының ұлы болу үшін тек қана өз басының білімді болуың жеткіліксіз деп қарайды.
«Қасірет — бір үлкен тау» [10; 65] атты өлеңінде:
Тəуекел деген бір басқыш,
Тұтқасы қолға тимесе,
Табан тимей таясыз.
Бауырында бір кен бар –
Ғылым сабыр — сары алтын
Тəптіштеп егер білмесең,
Халыққа қалай жаясыз… — дейді. Нарманбеттің ойынша, ғылымды үйретудегі басты мақсат — ол алған біліміңді халықтың керегіне жарату, басқаны үйрету.
Нарманбеттің «Көкті көрген көнемін», «Жасымнан көп жорттым мен жолбарыстай» сияқты өлеңдерінде Абай гуманизміне тəн сипаттар мол ұшырасады. Мысалы, «Көкті көрген көнемін» [10; 66] деп аталатын өлеңінде:
Жазасыз жанды жаулама!
Аш тазыдай жалақтап.
Адам ұлын құрмет қыл,
Жұртыңа түзу қызмет қыл,
Қатарыңнан озасың
Бəйгі атындай адақтап, — деп өзінің имандылық мұратын жайып салады.
Ақын сөздерінің бейнелілік сипатына келетін болсақ — ол аса жоғары. Мəселен, «Замана» [11; 152] атты өлеңінде:
Бай озды, қамал бұзған батырдан да,
Ақша озды, бұл заманда ақылдан да,
Жетіліп жанның бəрі ербеңдеді,
Япырм-ау, дария тасып,тартылған ба!?
Ақша озды, бұл заманда ақылдан да,
Дарақы тентек озды, мақұлдан да,
Дариға-ай, надан басып, көңіл жасып
Именшек білген адам, қатыннан да.
Бай озды, қамал бұзған батырдан да,
Табылмас, жау қаптаса шақырғанда,
Басы бұлбұл, аяғы дүлдүл болды,
Мақтанып, өз үйінде лапырғанда.
Көптен аз қорқады екен ақырғанда,
Түйме алтын түкірігі қақырғанда,
Ахуалын замананың ойлай-ойлай,
Жүрегім қарс айрылды-ау аһ ұрғанда! — дейді. Осынау өлең жолдарындағы əлеуметтік өмірдің шындығы, қоғамдық қайшылықтың кескіні айқын да нақты. «Ақша» мен «ақыл» ұғымдарын бейнелі түрде қатар ала отырып, Нарманбет замана келбетін, адамдар психологиясын көз алдыңа əкеледі.
Осы уақытта Нарманбет ақынның қоғамдағы міндетіне жаңаша, басқаша қарай бастайды. Оқуын, ізденуін күшейтеді. Өлең мен сөзге деген жауапкершілігін нығайтады. Өзінің «Ұран» [2; 41] деп аталатын өлеңінде ел азаматтарына мынадай ұран тастайды:
Араздықты қоялық,
Арамзалық мінезді,
Енді тіпті жоялық!
Талапты ерге нұр жауар,
Талпынбаған не табар?
Атқарарлық жұмысты
Күнде ертеңге созбалық!
Егін салып, мал бағып,
Рызыққа тоялық!
Айдын шалқар көл болып,
Көлге түсер ел болып,
Күншілдің көзін жоялық!
Нарманбеттің өміршең өлеңдері философиялық терең ойларға, өз өмірінде басынан кешіріп, көңіліне түйген өмірлік қағидаға айналарлық толғауларға толы. Сондай терең ойға, философиялық толғауларға толы өлеңдерінің бірі — «Ақыл бір алтынға ұқсас, доп-домалақ...» [11; 152, 153]:
Ақыл бір алтынға ұқсас, доп-домалақ
Өлшеуін адам білмес неше қадақ.
Бас қатып, пəниді ойлап, көңіл тоқтап,
Тартып тұр əрбір іске көңіл салақ.
Көңілді ғазиз ақыл тартар төмен,
Желігер жеңілді ойлап, емен-семен,
Адамдай адам болсаң мағыналы бол,
Мақтанбай құр атаққа пəлен деген!
Нəпсі—жел, көңіл — өзен толқын ұрған,
Ми — патша, ақыл — дария кеңес құрған;
Тауфиқсыз ақыл мақұл болмайды екен,
Білмесең — құр суретсің бекер тұрған.
Жігіттер, халал қандай, харам қандай?
Пайда тұрсын, басыңа залал қандай?
Арамдық ақырында ақсатады,
Табанға темір тікен қадалғандай.
Дос қандай, дұшпан тұрсын, темір қандай?
Жазасыз жанға істеген жəбір қандай?
Аллаға тəуекел деп, көңіл қойып,
Көк құласа көтерген сабыр қандай?
Залым тұрсын, молда мен момын қандай?
Көлді құртып тоймаған обыр қандай?
Жігіттер, тəубе-тауфиқ тазартады,
Күнінде ақ сабынға шомылғандай.
Осы өлең ақынның отыз жасар шағында (1890) жазылған. Бұл жолдар Абайдың үлгісімен, тəсілімен дүниеге келді деуге болады.
Ақынның шығармашылық өнерінің шарықтау кезеңі
Нарманбеттің алғашқы өлеңдері жастық өмір, махаббат тақырыптарына арналған («Бірінші хат»,«Екінші хат», «Ғазал», «Шалдың мазағы», тағы басқалар). Бұл өлеңдерінде оның сөзге еркін, нəзік жанды, сезімді аса тапқыр екендігін көреміз. Мəселен, «Бірінші хат» деген өлеңінде [12; 37]:
Алтын бас қалқам, ақ маңдай,
Қаһарлы жүзің гауһардай.
Оймақ ауыз, ақша бет,
Пісте мұрын, жез таңдай.
Таразы бойың,
Таптырмас ойың, Дəл қандай. —
деп ақын сыртқы сұлулықты айтумен өзінің ішкі сезімін білдіріп отыр. Ал оның терең тебіреніске құрылған, елдік пен ездікті салыстыра көрсететін ойшыл өлеңдері 40 жасқа келген шағында туа бастайды.
Сонымен, 1900 жылдардан кейінгі уақыт — Нарманбет Орманбетұлы шығармашылық өнерінің шарықтау кезеңі. Бұл жылдардан бастап ақынның жазғандары тақырыбының кеңдігі жағынан құнды да мəнді. Осы уақытта ол біраз қиыншылықтарды бастан кешіреді. 1900 жылы Қасым, Мұса атты екі өнерпаз інілері дүниеден өтеді. Бір жылдан соң əкесі қайтыс болады. Бұған қоса ағайын арасының араздығы күшейіп, ел ішінде дау-тартыс молаяды. Өз ауылы жұтқа ұшырап, дəулеті кемиді. Осыған байланысты «Ала болса ағайын» [11; 159] атты өлеңі туады:
Ала болса ағайын,
Мінезде болмас тағайын.
Туысқан болса ақылсыз
Кіре ме қайрат жақынсыз
Жау болғанда маңайың.
Жалшың жүрсе жалқаусып,
Сырттан ұрлап аңқаусып.
Жанама көршің жəне қас
Көңілі ояу, көзі мас
Үйіңді үптер малайың!
Патша үкіметінің аграрлық саясаты нəтижесінде XIX ғасырдың аяғында орыс шаруаларының Қазақстанға қоныс аударуы бұқаралық сипат алды. Қазақ еңбекшілерінің жерлерін басып алу кеңінен жүргізілді. Қазақ шаруаларын тонауды патша үкіметі «қоныстанушы», «жер қоры» деп аталатын желеумен іске асырды.
Ресей патшасының тарапынан қазақ даласына жүргізілген отарлау саясаты Нарманбетке қатты əсер етті. Ол «Аждаһаның аузында» [11; 153,154] деп аталатын өлеңінде отаршыл патша үкіметін жер жаһанды жалмаған айдаһарға теңейді:
Аждаһаның аузында
Айрылып қалдық қоныстан,
Бекіліп мизам шықпай тұр,
Əлі бізге Орыстан.
Қазақтың жолы тарайып,
Нəпсілері қарайып,
Əділеттік азайды —
Би, старшын, болыстан.
Малды кісі би болып,
Белгілі жақсы жүн болып,
Жанның бəрі тең болып,
Көнбеймін деп тырысқан.
Бұл өлең 1903 жылы жазылған. Дəл осы уақытта (XX ғасырдың басында) шаруалардың Ресейден Қазақстанға шұбыруы бұрынғыдан да күшейе түсті. Түркістан генерал-губернаторының толық емес дерегі бойынша, бір ғана Жетісу облысына 16 мың отбасы көшіп келіп қоныстанса, 1905 жылы олардың саны 28 мыңға жеткен. Осындай жағдай Қазақстанның басқа өлкелерінде де байқалды [13; 127].
Мұндайды көзімен көріп, жүрегімен сезіне тұрып, ақын қарсыласарға амал таппайды. Халқының берекесін сақтап қалудың жолын іздейді. Айналасынан жақсылықтың нышанын көре алмай, рухани сергелдеңге түседі [3; 124].
XIX ғасырдың ақыры мен XX ғасырдың басы жалпы Еуропадағы империализм заманының басталған дəуірі еді. Халықтар өмірінде жаңа қозғалыс заманы басталды. Осы жағдайды ескере отырып, Нарманбет туған халқына болашаққа қарай жөн сілтеуді арман етті. Мұны өзінің ақындық, азаматтық борышы деп түсінді. Қоғамдағы залалдың барлығын надандықтан көрді. 1905 жылы жазылған «Қазақ ұлы біз тұрмыз» [11; 154,155] деген өлеңінде:
Қазақ ұлы біз тұрмыз,
Үлгі, өнерден тым құрмыз.
Сауынға бар, санда жоқ.
Надандықты емдеткен,
Қисық жолды жөндеткен,
Тым болмаса қам да жоқ. - деп жалпы қазақтың қараңғы қалып бара жатқанына қатты өкінетінін білдірді.
Ақын қоғамдағы əділетсіздікті түзету үшін күресті. Кемшіліктерді көрсете отырып, жақсыдан үйренуге шақырды. Ағартушылық бағыт тұтынды.
Ол кемеңгер Абай айтқан «Қалың елін, қазағын, қайран жұртын» жанымен сүйді. Оның жарқын келешегі — жастарына үмітпен қарады. Жастардың келешегіне үлкен үмітпен қарағанын «Жастарға» деген өлеңі толық аңғартады. Аталған өлеңде жастарға ескерту жасап, ақыл айтады. «Халқымыздың сəуле алатын жарығы болуға тырысайық, ол үшін сегіз қырлы, бір сырлы болайық, менмендіктен, шуылдаған пайдасыз бос жүрістен қашайық», — деп ой түйеді [14; 47].
Сонымен, Нарманбет ар-ұжданды ақтау үмітін өзінің жаны сүйген адамдарына — жастарға артады. Оны ақынның «Жастарға» [15; 110,111] деген өлеңінің мына жолдарынан аңғарамыз:
Ізденіп ғылым жаққа жақындалық,
Бос жүріп бекер іске шатылмалық.
Үкімет ашып отыр əр түрлі өнер,
Не керек бейқам жатып, қапыл қалып.
Болғанда білім — дария, ақыл — қайық,
Мініп ап етек, жеңді батырмайық.
Парасат, білім, ғылым, тəртіпті өрнек,
Осыдан басқаларға шатылмайық.
Жақсы сөз — жан елітер көңіл құсы,
Жаманның насихат сөз емес досы.
Елігіп əсем жігіт тыңдай ма деп,
Ойланып бəйіт еткен себебі осы.
Екі ғасырдың арасындағы қазақ даласының шындық өмірі Ресейдегі жалпы жағдаймен байланысты, қайшылығы мол дəуір болды. Осы кезде Еуропада, Ресейде болып жатқан толқындар бүкіл Шығыс елдерін толық шарпуына алды. Əсіресе Ресейдегі 1905 жылғы революция ұлттардың шаруашылық, саясат, мəдениет өмірінде үлкен өзгеріс тудырды. Осы жалпы өзгеріс ұлттық ояну қимылына Нарманбет те араласты [12; 32].
Ақын 1905 жылғы революцияға байланысты жалпы ояну сарынымен өзінің «Сақараға қарасақ...» [11; 154] атты толғауын шығарды:
Сақараға қарасақ,
Жайылған қойдай халайық.
Бейғамына қарасақ —
Қасқыр жеуге лайық.
Көңіл сезді көз көріп,
Айтпай қайтып шыдайық!
Жау жағадан алқымдар,
Бөрі етектен тақымдар —
Бұған ылаж қылайық!
Балаларды оқытып,
Көңіліне өнер тоқытып,
Талап қылып сынайық!
Адал ниет, ақ кəсіп, Ү
йде отырып қорланбай
Ашық тұр ғой кең есік —
Кіріп хаққа жылайық!
Қаршыға аңдыр қоянды,
О да шошып оянды,
Талап етер күн туды,
Кел, ұйқыдан тұрайық!
Бұл өлеңде 1905 жылдары Нарманбеттің қандай бағыт ұстағандығы айқын көрініп тұр. Орыс революциясы оған елеулі əсер етеді. Егер бұған дейін ол негізінен махаббат лирикасы жəне надандық пен қараңғылықты, ел ішіндегі шонжарлардың зорлықшыл қылықтарын əшкерелейтін өлеңдер ауқымынан аспаса, енді оның творчествосында бүкілхалықтық мəні бар əлеуметтік мəселелер көтеріледі. Ақын патша үкіметінің отаршылдық саясатын, қазақ шонжарларының, орыс шенеуніктерінің озбырлық істерін əшкерелейді.
Ақынның заманның азғанын, заңның тозғанын терең толғауы
Нарманбеттің зар замандық мотиві өзінен бұрынғы ақындардың (Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай, Мұрат) идеялық сарынымен байланысты болғанымен, оның творчествосы жаңа дəуірдің тұсындағы шындықтың айнасы.
Ақынның отарлау саясатына қарсы шығарған ең көлемдісі де, мəндісі де «Сарыарқа» [15; 94–96] атты ұзақ туындысы. Бұл өлең патша үкіметінің қазақ жерін отарлау саясатын түбегейлі жүзеге асыру үшін Столыпин реформасын шығарып (Столыпин 1906 жылы 9 қарашада шаруаларды қауымнан хуторға бөлу туралы жаңа жер иелену заңын шығарды), бұқара көпшіліктің соңғы қалған жерін күшпен тартып алып, оларды өскен жерінен айырған кезінде жазылған.
Столыпиннің аграрлық саясаты Сібір мен Қазақстанға орыс шаруаларын жаппай қоныстандыруды көздеді. Егер 1893–1905 жылдар аралығында, яғни 12 жылда, Ресейден қоныс аударғандар үшін қазақтардан 4 миллион десятина жер алынса, одан кейінгі жеті жылда (1906–1912 жылдары) 17 миллионнан астам десятина жер тартып алынды [13; 132]. Осындай патша отаршылдарының бассыздығынан туып отырған қазақтың қасіретін Нарманбет Орманбетұлы көрмей, көргенін ашына жырламай отыра алмады:
Қалмады, ей,
Сарыарқа, сенде қызық,
Сандал тау, сары өлкені алды мұжық.
Қолыңнан келер де жоқ, өнер де жоқ,
Баласы байғұс қазақ қалдың мыжып.
Əлі де қоймадың ба, халқым, мыжып?
Жұлын сау, омыртқаны қойды мұжып!
Жолым тар, жолбарыстай жорта алмаймын,
Айтуға мүмкін емес бəрін тізіп.
Таптадық Сарыарқаны неше жүз жыл,
Байы жоқ, баласы жоқ сонда да тұл.
Ерініп еңбек қылмай, егін салмай,
Халыққа қала салған боламыз құл.
Кең дала, кеткенің бе кер бетеге,
Бұл жерде бала туып ер жете ме?
Суырдай іннен шыққан сүмірейіп,
Дариға-ай, мекенінен ел кете ме?
Қазақ ақындарының ешқайсысы да дəл сол Столыпиндік реакция жылдары Сарыарқа шындығын зор заманның артқы ақыны Нарманбет сияқты поэзия өрнектеріне түсіре алмады. Сондықтан отарлау саясатының сұрқия табиғатын ашуда ол алдына жан салмады десек қателеспейміз.
Зар заман Нарманбетке келгенде жоқтау болып кеткен. Өзінің мақсаты жоқтау болғандықтан, сол үлгіден ауыспай отырып ақын:
Бай бар ма баяғыдай қарқылдаған,
Асы мол, аты тегін тартылмаған?
Алдыңнан атыңды ұстап құрмет еткен.
Жайдары жеңгең бар ма жарқылдаған?
Пайдалы байлығы көп дария бар ма?
Сыбырсыз сырын айтқан жария бар ма?
Аузынан ая толым қақырық тастап,
Батагөй, басалқы айтқан қария бар ма?
Қең сарай исі жұпар үйің бар ма?
Ұйқы тыныш, уайымсыз күйің бар ма?
Теңгеріп қор мен зорды бірдей тұтқан —
Ақ көңіл əділетті биің бар ма?
Қамқорлы атаң менен анаң бар ма?
Тірілтер олар өлсе шамаң бар ма?
Атаның ақ батасын аламын деп,
Əдеппен қызмет еткен балаң бар ма?
Именген иба сақтап келін бар ма?
Ол именсе еңкеймей желің бар ма?
Толған соң тоқсан екі тозбасын деп,
Тілейтін тілеуіңді елің бар ма? —дейді.
Зар заманның артқы ақыны бұрынғы зарлы мұңның бəріне ақырғы күмбезді тұрғызып, əдебиеттің бір ғасырлық дəуірін осы жоқтаумен тындырды. Зар күйінің ақырғы толғау мен ақырғы ырғағы «Сарыарқа» өлеңімен келіп бітті.
Ақынның поэзиясына 1916 жылғы дүрбелеңнің елеулі əсер етуі
1914 жылғы бірінші тамызда Бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. Онда империалистік державалардың екі мықты тобы — Антанта (Англия, Франция, Ресей жəне олардың одақтастары) мен Австрия–Германия блогы (Германия, Австрия–Венгрия, Түркия жəне олардың сателлиттері) бір- біріне қарсы шықты.
Ресей соғысқа əзірліксіз, əскери өнеркəсібінің қуаты төмен күйде, көлігі нашар дамыған жағдайда кірісті. Патша үкіметі соғыс басталған алғашқы күннен-ақ Қазақстаннан көп азық-түлік, ауыл шаруашылығы шикізаты мен ақша талап етті. Жергілікті халыққа салынатын салық мөлшері 3– 4, ал кейбір ретте 5 есе өсті. Майдандарда жауды жеңу мақсатына деген сылтаумен қазақ халқын тонау, олардың жерін тартып алу одан əрі жалғасты.
Осындай шиеленіскен жағдайда 1916 жылдың 25 маусымында патшаның жарлығы шықты. Онда соғыс жүріп жатқан аудандарда «қорғаныс бекіністерін» жасау үшін Қазақстаннан тылдағы жұмыстарға «бодан халықтарды» мобилизациялау көзделген. Оған 19-дан 43 жасқа дейінгі еркектер жатқызылды.
Далалық өлкесінің генерал-губернаторы Сухомилинов 1916 жылы 30 маусымда қазақтарды тыл жұмыстарына мобилизациялаудың тəртібін жариялады. Ашу-ыза кернеген шаруалар мен жұмысшылар көтеріліске шығып кетті, өзінің ауқымы жағынан бүкілқазақстандық сипат алды. Ол тек Қазақстандағы ғана емес, сонымен бірге бүкіл Орта Азиядағы қуатты ұлт-азаттық қозғалыстың бастамасына айналды. Өзінің сипаты жөнінен ол отаршылдыққа жəне феодализмге қарсы халық- азаттық көтеріліс еді [16].
Осы тұста жазылған, бастан-аяқ кестелі тілмен төгіле өрілген «Сарыарқа, сайран жерім-ай!» [5; 416,417] деп аталатын өлеңі — Нарманбет Орманбетұлының шығармашылығында айрықша орын алатын шоқтықты шығарма. Өлеңде 1916 жылғы дүрбелеңнің шынайы суреті келтірілген:
Сарыарқа, сайран жерім-ай,
Салқын да самал белім-ай!
Саңдалдай тауы тізілген,
Өлкелі өзен, көлім-ай!
Мал асырап, мекен қып,
Ел өсірген кенім-ай!
Қасірет жоқ, қайғы жоқ,
Уайымсыз елім-ай!
Сансыз қара айдаған,
Шалғынға бие байлаған.
Сары қымызды сапырып,
Ішкенде мас боп ақырып,
Кемпір, шалдар ойнаған.
Қайғысыз қайран елім-ай!
Сарыарқадан сəн кетті,
Қазақтан қуат, əл кетті.
Ойын-күлкі суықты,
Бозбаладан əн кетті.
Халық қозғалысы қазақ еңбекшілерінің таптық сана-сезімін арттыруда маңызды рөл атқарды.
Ауылдағы билеп-төстеушілерге қарсы күресті жаңа сатыға көтерді. Бұл туралы ақын:
Жан қысылды, жат еттік
Бір жасаған иені.
Болыс, тілмаш, ауылнай,
Жылағанды «сүйеді».
Қанды балақ қаршыға,
Тоятына қаз берсе
«Отлушке, ауру»
Деген пайда тиеді.
«Подретшік» көп шықты,
«Құтқарамыз» деп шықты,
Жалап-жұқтап жеп шықты,
Бетке сүртіп күйені.
Жасы қате жазылған
Отыз бірден артықтар.
Араласып кетті ғой,
Мертік пенен шартықтар.
Ауру кетіп, сау қалды,
Алды-артында дау қалды.
1916 жылдың тарихи шындығы дəл осындай болды. Нарманбеттің «қанды балақ қаршыға» деп отырғаны — ел ішіндегі белсенділер. Пара берген адамның баласын аман алып қалушы, панасыз жандарды қойдай тізіп, майданның қара жұмысына жөнелтуші солар болды.
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі патшалық режимнің, отарлау жүйесі дағдарысының бір көрінісі болды. Ол Ресейдегі азаттық күрестің жалпы тасқынына ұласты.
Ақынның 1917 жылғы Ақпан төңкерісін қуана қарсы алуы
Нарманбет Орманбетұлы тарихтың күрделі кезеңінде өмір сүрді. Ол үш бірдей қоғамдық төңкерісті басынан өткерді.
Ақиық ақынның өлеңдерінен, əсіресе 1917 жылғы төңкерістер мол көрініс тапты. Осы жылы
«Тілекті хақтың берген күн» [11; 160,161] жəне «Даусың қалай ашылды?» [11; 161] деген өлеңдері жарыққа шықты.
Өмірінің соңғы жылдарында ақын тозған заман, азған қоғамнан құтылып, тығырықтан шығудың жолын іздейді. Оны халықтың сана-сезімін оятып, өнер-білімге етене етуден таппақ болады. Сондықтан патшаны тақтан тайдырған 1917 жылғы Ақпан төңкерісін қуана қарсы алып («Тілекті хақтың берген күн» атты өлеңінде):
Күн күркіреп жаз шығып
Тыраңдап халық өрген күн.
Кұлдықтан басы құтылып
Қатарға жұрттың енген күн.
Əлемді жұтқан айдаһар
Мерт болып бүгін өлген күн.
Қандары ақ сабаздар —
Халық үшін жанын берген күн.
Аллаға жалғыз құлмыз деп.
Жаңа тұрмыс жасауға,
Көздері жетіп сөнген күн.
Еркіндік пен құрдастық
Алдыңа өстіп келген күн.
Бостандық дəурен сүруге
Мойын созып төнген күн.
Ұзағын Алла бергей деп
Көзге жастың келген күн, — деп бостандықтың ұзағынан сүйіндіруін тілейді. Сол үшін өзі де жаңа өмір жасасуға білек сыбана кіріседі.
Ақын Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Алайда оның бұл үміті ақталмауға тиіс еді...
Ақпаннан соң Қазан келді. Нарманбет 1917 жылы Ақпан, Қазан төңкерістері тұсында халық қуанышын білдіретін шаттық жырларын толғаса, одан кейінгі өлара шақта «Олқын-Толқын» [11; 162] атты өлеңі туды. 1918 жылы жазылған осы өлеңінде ақын замана кейпінің толқып жатқанын сипаттай келіп, халқына торығуға салынба дейді. Келешектен күдер үзбеу керек екенін былайша келтіріп:
Теңізден өткім келеді
Кеме бізге біткен жоқ,
Жаяу өткім келеді,
Мұз бол қатып жеткен жоқ!
Ары жағында арал бар,
Орта жолда залал бар,
Көруге оны тəңірім,
Бізге нəсіп еткен жоқ!
Күнде толқып бұзылды,
Тағдырда нешік сызылды?
Көңілден арман кеткен жоқ!
Торықпа, жұртым, торықпа,
Топырақ жанбас, қорықпа,
Үмітсіз адам өткен жоқ! —деп тоқтамға шақырады.
Өкінішке орай, мейірімсіз ажал аранын мезгілсіз ашып, ақиық ақын көп ұзамай дүниеден өтеді.
Ақынның қайтыс болар алдында жазған өлеңі
Ақын өмірінің соңғы бір жарым жылдай уақытын Қарқаралыда өткізеді. 1917–1918 жылдары соттың төрағасы, уездік комитеттің төрағасының орынбасары болып, 1918 жылы 2 ақпанда Қарқаралыда Совдеп құлаған соң ауылына оралады.
Өмірінің соңғы 5–6 айында Нарманбет сол ортада болып жатқан қоғамдық-саяси істерден өзін сырттау ұстайды. 1918 жылдың жазында Қарқаралыға бір іспен барғанда тосын қайтыс болады. Өлерінің алдында ел-жұрты, туыстарымен қоштасып өлең жазады [2; 62]:
Білдім шіркін дүниенің Ақырында бекерін.
Бүгінгімді ойласам,
Саушылық екен кешегім.
Күн сайын өрлеп барады,
Кеудеме шауып кеселім.
Мекен етіп жатырмын,
Қарқаралы қаласын.
Сайран етіп жүруші ем,
Сарыарқаның даласын.
Дүниені жеген қу нəпсім,
Енді қайда барасың?!
Нашар тартып барады,
Қелтірмей қолдың шамасын.
Нəсіп етіп бұйырсын,
Сегіз пейіш-панасын.
Мұны естіген жақсылар
Бір дұға етіп тарасын...
Тағы айтам, жолдасым,
Жөнін келтір, тəнімді,
Ел-жұртыма алып бар.
Жеті күн құран аударып,
Басыма молла сақтасын.
Қалада қалып сүйегім,
Қарағайға қақпасын.
Мендегі бар арман сол,
Көре алмай кеттім отбасын.
Ақынның соңғы тілегіне сай, туған шешесі Балбырауын күмбезінің оңтүстік-батыс жағынан екі- үш шақырымдай жерге өз қыстауының етек жағына əкеліп жерленді. 1950 жылы үзеңгілес жолдасы Смахан қария (Əлихан Бөкейханның інісі) бейіт басына құлпытас қойып, оған Нарманбеттің бір кездегі өзі шығарған жəне өзінің жанынан қосқан мына сөздерді жазған екен:
Топтың серкесіндей,
Көптің еркесіндей,
Өткір едің, өттің білінбей.
Жүйрік едің, кеттің
Құрған торға ілінбей.
Қараңғыда жол тапқан,
Қапияда сөз тапқан,
Адал едің данышпан!
Алла алдыңнан жарылқасын,
Береке, бақыт берсін қалғанға.
Түйін
Қорыта келгенде, Нарманбет Орманбетұлы — XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы ұлттық поэзиямыздың ең жарық жұлдыздарының бірі. Ол өлең өрнектерін жасауда Абай дəстүрін дамытты. Тіл тазалығын сақтап, əдеби мол мұра қалдырды. Қазақ əдебиетінің қалыптасуына айтарлықтай үлес қосты. Бірақ, өкінішке орай, сусындап өскен мектебіне қарай, өлеңдерінен аңғарылған өктем үніне қарай Нарманбет мұрасы көп уақыт жабық жатты.
Ақынның ел аузында сақталған көптеген толғауларын, айтыстарын, өлеңдерін 1927–1934 жылдары жерлесі Тұрғанбек Ахметұлы мен баласы Мақсұт жинақтап, өмірбаяны, шығармашылық өнері жайлы зерттеу əзірледі. Бірақ Тұрғанбектің 1937 жылы ұсталып кетуіне байланысты бұл еңбек жарық көрмеді. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтін заман кезігіп, Мақсұт та əке мұрасының жарық көруіне қозғау сала алмады.
1939 жылы ақынның жыр жинағы «Нарманбеттің өлеңдері» деген атпен жарық көрді. Ғалым Е.Ысмайыловтың ақын жайлы жазған қысқаша талдауы 1941 жылы орта мектептің 9-шы сыныбына арналған əдебиеттік оқу кітабына еніп, шамалы өлеңдері хрестоматияда басылды. Онан соң «зар заман» ақындарының қатарында аталып, өлеңдерін оқуға тыйым салынып келді.
Тек 1966 жылы Алматыда басылған ақындар айтысының үш томдығының екінші кітабында Нарманбет пен Жуасбай арасындағы айтыс жарық көрді. 1978 жылы Ленинградта (қазіргі Санкт- Петербург қаласы) шыққан «Поэты Казахстана» атты антологиялық жинақта ақынның біраз өлеңдері орыс тіліне аударылып басылды. Жариялық лебінен соң бағыт алған кейінгі кездерге дейін Нарманбет өлеңдерінің баспа бетін көргендері осылар [14; 43, 44].
ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында ғана, ұзақ уақыттан кейін Нарманбеттің есімі халқымен қайта қауышты. Ақынның шығармашылығы туралы бірлі-жарым мақалалар жарияланып, зерттеу жұмыстары басталды. Еңбектерінің жинақтары жарық көрді.
Сонымен, əдеби мұраларының ұрпақтарының қолына жеткеніне көп болған жоқ. Сондықтан да Н. Орманбетұлының үлгі болар өмірін бүгінгі таңда барша жұртқа кеңінен насихаттау қажет-ақ.
Əсіресе қазақ əдебиет тарихында туған елінің бодандық қалпын ерекше бейнелеумен көзге түскен Нарманбет сияқты елшіл ақынның «Алаш» қозғалысына қосқан үлесі туралы айтқан жөн. Оны жоғарыдағы ақын өлеңдерінен, сол ұлт-азаттық қозғалыс тұсындағы ұлтжанды əрекеттерінен байқауға болады. Əлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев сияқты қайраткерлердің пəрменді істеріне үн қосқан Нарманбет Орманбетұлының ұлт тарихындағы осы оқиғадан алар орны бар.
Қорыта айтқанда, Нарманбет қатардағы ақын емес. Ол — заман ағымын байқай білген көреген көсем, болашақты толғай айтқан абыз, тіпті бүгіннің ғана емес, ертеңнің де ұлы жыршысы. Осы кемеңгер тұлғаны қазақ баласы түгел білсе, биік төбеге шыққанмен бірдей мəртебе табары сөзсіз.
Əдебиеттер тізімі
- Негимов С. Нарманбет Орманбетұлы жəне дін: Респ. ғыл.-практ. конф. материалдары «Нарманбет Орманбетұлы жəне азатшыл Алаш əдебиеті». — Қарағанды: «Print Shop» жарнамалық-өндірістік фирмасы, 2009. — 114-б.
- Қайта жанған жұлдыз: Нарманбет ақын Орманбетұлы // Қарқаралы. — 1991. — №
- Əбдіғазиұлы Б. Нарманбет Орманбетұлы: Респ. ғыл.-практ. конф. материалдары «Нарманбет Орманбетұлы жəне азатшыл Алаш əдебиеті». — Қарағанды: «Print Shop» жарнамалық-өндірістік фирмасы,
- Қазақ поэзиясының антологиясы (ХХ ғасырдың бас кезі). — Алматы: Ғылым, 1992. — 145-б.
- Жанболатұлы М. Тобықты — Шыңғыстау шежіресі. — 3-т. — Семей: «Курсив» ЖШС, 2004. — 560-б.
- Орманбетұлы Н. Шығармалары. — Қарағанды: «Болашақ-Баспа», 1998. — 356-б.
- Орманбетұлы Н. Кер заман: Өлеңдер. — Алматы: Алаш, 2004. — 320-б.
- Нарманбет пен Жуасбай // Айтыс: II-т. — Алматы: Жазушы,
- Абай. Энциклопедия. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред.: Атамұра, 1995. — 435-б.
- ХХ ғасыр басындағы əдебиет: Оқу құралы. — Алматы: Білім, 1994. — 352-б.
- Нарманбет. Сақараға қарасақ... // Жұлдыз. — 1990. — №
- Ысмайылов Е. Нарманбет ақын: Респ. ғыл.-практ. конф. материалдары «Нарманбет Орманбетұлы жəне азатшыл Алаш əдебиеті». — Қарағанды: «Print Shop» жарнамалық-өндірістік фирмасы,
- Маданов Х. Қазақ халқының арғы-бергі тарихы. — Алматы: ҚМЭБИ баспасы, 1995. — 256-б.
- Туғанбаев А. Ұлы ағартушы, ойшыл күрескер: Респ. ғыл.-практ. конф. материалдары «Нарманбет Орманбетұлы жəне азатшыл Алаш əдебиеті». — Қарағанды: «Print Shop» жарнамалық-өндірістік фирмасы,
- Хамзин М., Топашев М. Орталық Қазақстан ақындары поэзиясының антологиясы. — Қарағанды: «Болашақ-Баспа» РББ, 2009. — 350-б.
- Рысбай К. Қазақстан Республикасының тарихы. — Алматы: «Жедел басып шығару баспаханасы» НСШС, 2005. — 156-б.