Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Халық қамқоршылары

Бұл күндері қай замандарда халқымыздың маңдайына біткен ұл-қыздардың ел үшін еткен еңбектері айқындалып, есімдері айбынды тақтаға жазылуда. Сондай ерлердің арасында — Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, тағы басқалары.

Бұлар бұрыннан танымал жағдаяттарды зерделеумен шектелмей, бізде не бар, не жоқ, ілгеріге табан басуға бола ма, ол үшін ежелден бой бермей келе жатқан енжарлықтан арылып, қанат қомдаудың қолайы қандай деген сауалдарға жауап іздеді. Олар отандастарының жазу-сызудан кенжеліп қалғанын, патша өкіметінің баяғыша езіп-жаншып, қараңғылықтан көз ашпаған бүтіндей бір өлкені газет-журналдардан да қағажы ұстап келе жатқанын баяндайды. Осындай, айталық, 15 жылдары тірлік қандай болса, сол үрдістен жаңалық, өзгеріс байқалмайтынына қатты қынжылыс білдіреді. М.Əуезов ол жөнінде былай дейді: «Қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі «Қырық мысал» (1909) болса, екінші елшілдік ұран «Маса» болатын. Осыларға іле- шала үн қосып ұран салып шыққан Міржақыптың «Оян, қазағы» еді». Ақаң аталмыш жинағында ең негізгі мəселені — елдік, ерлік, бостандық мəселесін көтерді. Автордың ойынша, қолдан келгенше жақсылыққа жақсылықпен жауап беру — азаматтық парыз. Ал, керісінше, жақсылыққа жамандық жасау — түптеп келгенде кешірілмейтін пиғыл, кері жүретіндерге, ақылсыздарға тəн қасиет. А.Байтұрсынов «Қырық мысал» атты өлеңдер жинағын ең барып тұрған жарамсыз байлам деп, замандастарын теріс əдеттен безуге, безбүйректікке салынбауға шақырады. «Еменнің түбіндегі шошқа» атты аудармасы — осы айтылғанның басты дəлелі.

 Түбіне бір еменнің шошқа келіп,

Жемісін жерге түскен жеді теріп.

Тойған соң келістіріп ұйықтап алып

 Еменнің түбін қазды түрегеліп.

 Шошқаға сол уақыт сөз айтады

Ағаштың басындағы құзғын көріп:

«Тамырын қазып, аршып тастаған соң,

Қалмай ма емен қурап, кеуіп, семіп?»

 «Қураса, қурайды деп қиналмай көп,

Қурамай тұрғанменен немеге ол сеп?

Қурасын, маған салса, күйіп кетсін,

Қайғырман оның үшін уайым жеп», —деп, өлеңді аударады да өз жанынан мынадай жолдар қосады:

 Дүниеде түрлі-түрлі адамдар бар,

Жақсы да, арасында жаман да бар.

Ғылымды пайдаланып отырса да,

Сезбейтін сол пайдасын надандар бар.

 Соңғы келтірілген жолдар түпнұсқада жоқ. Ақаңның жалпы қазаққа түсініктірек болуы үшін, ойланып-толғануы үшін өз жанынан шығарғандары. Жалпы бұл — оның бүкіл аудармаларынан байқалатын ерекшелік. Ақаң шығармаларындағы тағы бір мəселе — қазақ халқының маңдайына жазылған қатал тағдыр. Кенесарының көтерілісі талқандалғаннан кейін осы бір епке көнбейтін, еркіндік үшін қанын да, жанын да беруге даяр елді патша отарлаушылары аяусыз таяқтаған. Ақыры бірте-бірте асау халық жуасып, «Күндей күшті күркіреген елдің» (М.Жұмабаев) қалпы тек тарихтың қойнауында қалды. Көлгірлік ептек алды, жұрт көрініп тұрған шындықты билеушілердің ыңғайына қарап байқалмағансыды, өтірік айтпайтын болды. Бастан бақ тайды. Бодандық жағдай осыған əкелді.

«Шымшық пен көгершін», «Ат пен есек», «Шал мен жұмыскер», «Аңдарға тиген індет» т.б. өлеңдерінде ақын осыны аңғартады. Шындықтың тура бетіне қарауға үгіттейді. «Аңдарға тиген індет» деген аудармасында арыстан жан-жануарларға келген қырғыннан қорқып, қарауындағыларға жар салады. «Біз біреудің артық кеткен күнəсінен осы күйге тап болдық. Əркім жіберген қате- кемшілігін мойындасын. Соны құрбандыққа шалып, жаратқан иеден кешірім сұрайық», — дейді. Əр аңның жіберген қылмысын тыңдай келіп, өгізді айыптының ең үлкені деп табады.

 Ал сонда өгіз тұрып мөңірейді,

Көз жасы ағыл-тегіл, еңіреді,

«Қиянат кісі хақына қылман деуші ем,

Азғырды шайтан залым мені, — деді.

 Нақ биыл бесінші жыл сол ісіме,

Сол ісім, еңіреймін, түссе есіме.

Жұт жылы ашаршылық, азық болмай,

Жалындым қарыз сұрап əр кісіге.

 Бермеді ешкім маған қарызға шөп,

Аштыққа шыдап жайға тұрмадым тек.

Істедім бір адамға мен қиянат

Шөбінен рұқсатсыз бір үзім жеп».

 Жарлыға да, жалғызға да қиянаттың неше түрін жасаған тырнақты мен тістілер: жолбарыс, қасқырлар бірден өгізді қылмыскер санап, табанда жайратып салады. Ақын өлеңді былайша аяқтайды.

Үлгі айтап жұрт үйретер қайда билік

Əншейін ермек етем сөгіліп күліп.

Аңдардың осы ісінен бөтен емес,

Түзілген кейбір жұртқа əкімшілік.

 Тауыса алман дүние кебін айтып санап.

Хакім аз іс ететін ғаділ қарап.

Залымдар айран ішіп аман кетіп,

Момындар тұтылып жүр шелек жалап.

Жинақта отаршылыққа түскен халқымыздың бастан кешіп отырған күйін, тағдырдан тартқан азабын, теңдікті, еркіндікті аңсаған арманын меңзейтіні өлеңдер де баршылық. Оларға: «Қартайған арыстан», «Кісі мен аю», «Қара шекпен мен қой», т.б. жатқызуға болады. «Қара шекпен мен қой» деген аудармада қойды тауықты ұрлап жепті деп тауып, судья түлкінің үкім шығарғаны, сөйтіп бейшара мақұлұқтың жалғаннан жазалағаны айтылады:

 Тексерген іс түбіне қарағанда Мұғайын,

Тауықтарды осы жепті.

Обал жоқ өртесе де, мұны отқа

Апарып өлтіріңдер байлап оққа.

Терісімен талапкерді риза етіп,

Əкеліп тапсырыңдар етін сотқа, —

деген жолдар осы ойды мегзейді.

А.Байтұрсыновтың бірсыпыра аудармаларында ел билеген жуандардың қарапайым халыққа жасаған зорлық-зомбылығы бейнеленеді. Барар жер, босар тауы қалмай қатты күйзелген көпшіліктің көрген күйін жаңа туған жас қозының тағдырына теңейді. Бұл — екінің бірінің басында болған ащы шындық. Бұндай жағдай оның «Қасқыр мен Қозы», «Ала қойлар» жырында əңгімеленген. «Қасқыр мен Қозыда» жас қозының бұлаққа су ішуге келгені, оған аш бөрінің тап келіп: «Сен өзің сотқарсың, əркімге тиіспесең жүре алмайсың, əліңе қарамай маған да соқтықтың», — деп, біраз тілдеп-тілдеп, ақыры қорғансыз бейбақты арқасына салып алып, орманға тартып кеткені айтылады. Ақаң өлеңінің соның мынадай жолдармен қайырады:

 Осындай жазықсызды жазғыратын

Əр жерде күштілерде бар ғой қалып.

Қасқырдың зорлық болды еткен ісі,

Ойлаймын оны мақтар шықпас кісі.

Нашарды талай адам талап жеп жүр

Бөріден артық дейміз оның несі?

Ақаң аударған «Қасқыр мен мысық» мысалында жайшылықта, бастың аман, шаруаң түгел кезінде, аяқты кердең басқандырдың басына бұлт төнгенде не істерін, қандай амал қолданарын білмей асып-сасқан күйі көз алдымызға елестейді. Асылы, ешкімге қиянат жасама, асып таспа, əлде қандай заман болғанда қол үшін беретіндер таптырмай, қорғаушы, қамқоршыға зар боласың дейді. Артынан ит қосып қуған бір топ адамдардан құтқара көр деп жалынып, жалбарыңған қасқырға мысық ана кісіні айтып, мына кісіні айтып ақыры қамқоршыны таба алмайды. Өйткені оның өзі қиянатшыл, жүрген жері айқай-шу: біреудің қойын, біреудің қозысын, біреудің лағын, біреудің бұзауын жеген жебір екен. Осындай қылмысты жанға қандай адам жақсылық жасамақ. Ақаң мынандай қорытынды жасайды:

 «Мен қайран, — мысық айтты, — істеріңе,

Залалдан басқа нəрсе істедің бе?

Байдың көбі, жарлының жалғызы да

Тиіпті, тыңдай тұрсам тістеріңе.

Залалкер жұртқа тегіс болып əбден

Енді не іздеп келдің іштеріне?

Жынды жоқ сені аман құтылдырып,

Алғандай бəле тілен үстеріне.

«Не ексең, соны орарсың» деген сөз бар,

Ор енді егініңді піскенінде».

 Ақын замандастарын қасқырлықтан, қасқыр мінезділіктен сақтандырады. Ондайларға көмектесудің өзі қылмыс, берекесіздік екенін ескертеді.

Ақаң «Шал мен ажал», «Жарлы бай», «Қаптесер мен көртышқан», «Қайыршы мен қыдыр» т.б. аудармаларында кедейліктен мезі болған бір өңкей жарлылардың өзіне тəн психологиялық қалпы, біреудің себепсіз дəулетіне көз алартуы, егер жазатайым байлық біте қалса, қалай жұмсарын білмей басы қатып, ақыры іске татырлық бір нəрсе бітіре алмай, сары ауырудай сарғайып, азап тартатыны айтылады. «Жарлы бай» өлеңінде бір кедей байлықты, барлықты айтып, өзінде ештене жоқ екеніне налып, қайғырыпты. Осы тұста кенет кіріп келген ақсақал шалдың берген сиқырлы бумажнигінен бірін алса, орнына екіншісі дереу өне кететін бір теңге алтынды қимай: үй алам, кісі келгенде отыратын төсеніш керек, ішіп жеуге үлкенді-кішілі мал керек, киетін киім-кешек тағы бар, əйел алам деп, қарттың айтқан шартын орындаудың орнына (ұйықтамауы, тамақ ішпеуі керек екен) күн-түн демей жүгіріп жүріп, ақыры кедейдің сақал-шашы ағарып, қу сүйек күйінде ештеңеге мойын бұруға шамасы жетпей көз жұмады. Ашқарақтық түбіне жетеді:

 Үстіне бүтін көйлек алмай сатып,

Алмастан азық-түлік жарап-қатып,

Баяғы лашығында жан тапсырды

Оныншы миллионды санап жатып.

 Бір емес, толып жатыр осындай кеп,

Бар болып, жоқтың ісін істейтін көп.

Малы көп, көңілі жарым адамдарға

Ат қойған қанша теріс жарлы бай деп!

 Жаман ғой жарлылық күй адамзатқа,

Жақсы емес рақатсыз байлық, бақ та.

Мал жиып, бай болуды талап еткен,

Жадыңа бұл кеңесті ұғып, сақта, —

 деп аяқтайды ақын ақыл-кеңесін. Қашанда жекелеген адамдардың өмірінде ұшырасатын елеулі індет қызғаныш, қызғаныштан туындайтын күншілдік. Бұл сырқатқа шалдыққандар біреудің бағын, жетістігін көпсініп қана қоймайды, ақырында өзіне де ерте ме, кеш пе содан айықпастай дерт табады. А.Байтұрсынов осындай қылықтан азат болуға, тысқары болуға шақырған. Ондай өлеңдері:

«Маймыл», «Ағаш», «Иттің достығы», «Арыстан, киік һəм түлкі», «Кісі мен арыстан», «Жүргіншілер мен иттер» жəне т.б. Жалған сөйлеп, жалған атаққа ие болуға тырысатындарды айыптаған. Мысалы,«Егіннің бастары», «Екі шыбын», «Қара бұлт», «Екі бөшке», «Сары шымшық», «Егіз бен бақа» т.б. өлеңдері бұған дəлел. «Сары шымшықта» теңізді өртеймін деп жер-жиһанға хабар салып, асып- тасқан кішкене құстың əрекеті құр əурешілік болып қалады. Алыс-жақын мұндай тамашаны көруге жиналғандар шала бүлінген бишаралықты көзімен көреді. Ақын осыдан мынандай қорытынды шығарады:

Кейбіреу қолдан келмес істі ойлайды,

Мақсұты оныменен тұс болмайды.

«Ұялған тек тұрмайды» деген рас,

«Қап, бəлем, тоқтай тұрмен» жұртты алдайды.

 Қай кезде де өздерінің жеке пайдасы үшін жалған сөйлейтіндер, жалған арашашы болуға тырысатындар аз болмаған. Ақын ұялмай-қызармай содан өнген өнімді керектеріне жаратып, жаман үйренгендерден аулақ болуға үндейді. «Қайырымды түлкі», «Түлкі мен қара шекпен», «Есек пен үкі» деген жырларында жоқ жерден табыс іздегендер сыналады. Мəселен, «Қайырымды түлкі» өлеңінде жаны ашығансып, өліп–өшкен түлкінің жетім балапандарды оңай олжа қылғаны айтылады.

Замандастарымыздың арасында шаруасы түгел, бастың аманында мүмкіндігі шектеулілерге орынсыз тиісіп, шенеп мінейтіні, сенің оның қалай, сəл жайсыздықтан қорқасың, қалшылдап- дірілдейсің, тұрақтылық жоқ, ал мені қарашы, еш нəрсеге, ешкімге тəуелсізбін, өз еркім өзімде, өйткені мен қуаттымын, ештеңеден қорықпаймын деп мақтанатыны белгілі жайт. «Емен мен Қамыс» аудармасында сондай өркөкіректік сыналады.

Емен:

Бірді олай жаратқанды, бірді бұлай,

Бəрінен қор жаратқан сені құдай.

Жел тұрса, зəрең ұшып қалтырайсың,

Басыңа ауырлайсың қонса торғай.

 Жел жүріп, судың беті жыбырласа,

Ызыңдай құлағыңа сыбырласа,

Бұғасың, бүгілесің мұнша төмен

Тұрамын жарар ед деп жығылмаса, —деп қатты шенейді, мықтысынған батыр күшті дауылда бүкіл тамырымен қопарылып, құлап түседі де иіліп-бүгіліп жан сақтаған қамыс аман қалады. Ақын əлгіндей есін білмеген есерлікті де, табанының бүрі жоқ, əркімге жалбарынып, жағынған жарамсақтықты да түйреп өтеді:

 Білеміз Қамыс нашар,

Емен мықты, Еменді мықты деген дауыл жықты.

Майысып, қарсыласпай, қамыс бұғып,

Сынбастан сол дауылдан аман шықты.

 Өлеңнің берер ғибраты мол. «Қырық мысалда» емеурін, ишара, мегзеу, астармен айтылған ойлар «Маса» кітабында (Орынбор, 1911) ашық, анық, дəлді, нақты беріледі. Мұнда Ахметтің өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер, ауыр жылдар, қуғын-сүргін, жетімдік-жоқтық бірталай өлеңдерге арқау болады: ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы — басты сарын.

 Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам.

Алданып жегеніме оны ұмытсам, — деген жолдардың нақты өмірлік материалы — əкесі Байтұрсынның болмашы əрекеті үшін 15 жылға Сібірге айдалып, қуғындалуы бала жүректің тілім-тілім жараланып жаза тартуы.

«Маса» кітабына енген өлеңдерде жеке бастың мұң-шері, тұрмыс-салт суреті дегеннен гөрі, негізінен əлеуметшілік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. Өзін-өзі күйттеген, байлық үшін, мансап үшін ар-абыройын сатқан «жақсылығы өз басынын артылмаған», «бос белбеу, босаң туған боз бала», «бір тойғанын ар қылмаған шалдар», «қайырсыз кеще сараң байлар», «мəз болып құр түймеге жарқылдаған оқығандар» сыналады. «Туысыма», «Досыма хат», «Қарқаралы қаласына» өлеңдерінде ұлы Абай сатирасын еске түсіретін сарындар, ойлар, образдар бар. «Анама хат», «Жауға түскен жан сөзі» — қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бəріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндеген жырлар. «Масада» Пушкиннен аударылған «Қыздыр дейсің мəжіметі, жан дейсің», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы», «Балықшы мен балық», «Алтын əтеш», Крыловтан аударылған «Сорлы болған мұжық», «Қаздар» шығармалары да берілген.

 Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бəрінен

Өз ауылымның иттері үріп қапқаны, —

деген жолдарда өз уақытының сыры айтылса,

Тəн көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын

Ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін, —  деген уақытта ақын болашақпен сырласқандай, өзінің өлместігіне сенеді.

Екі жинақ — «Қырық мысал», «Маса» қазақ əдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты; Абайдың ақындық дəстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып əкететін болады [1].

Идея жағынан өздеріне дейін жарық көрген өлең-жырларға қарағанда соны, айтары бар, қазақ халқына күрескерлік рухын əкелген жинақтар еді. Егер бұрын ақын, жырша, жыраулар өмір шындығын сипаттай, оны қайткенде жөндейміз, ендігі бет алатын бағыт-бағдарымыз қандай деген мəселені сөз арасында, ілуде-біреу жанай өтсе, бұл жинақтардың ең негізгі арқауы — біз неліктен қайыршылық күй кешудеміз, оның басты себебі не, одан қайтіп құтылып, өзгелермен тең дəрежелі өмір сүреміз деген проблемалар ашық айтылды. Бұрынғы мимырт тірліктен қол үзудің жолын ұғындырды, жаппай оянуды, ілгері баруды күн тəртібіне қойды. Ол үшін А.Байтұрсынов ұлы Абай ұсынған бағыт-бағдарды, орыс əдебиетінің озық үлгілерін қазақша сөйлетуді, аударма жасау арқылы халықтың санасына əсер етуді таңдап алды. Сөйтіп өзінен бұрынғы көшбасшыларының жеткен биігін түсіністікпен қабылдай отырып, одан əрі тереңдей түсті. Жаңа өлеңдік форма — мысал арқылы, көшпелі елге етене таныс өсімдіктер тірлігі мен жан-жануарлардың міңез-құлық ерекшеліктерін, өзара қарым-қатынасын суреттеу арқылы əлеуметтік ойға ықпал етуді мақсат етті. Бұл ретте Иван Андреевич Крылов (1768–1844) туындылары қолайлы деп білді. Сөйтіп қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне əсер ету жолдарын іздеген ол, айналып келгенде, Абай түскен соны соқпақ, орыс əдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дəстүрін таңдап алды дейтініміз де сол.

Жинақтағы «Қазақ қалпы» деген өлеңінде:

Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,

Теңізде жүрміз қалқып, кешпесі жоқ.

Жел соқса, құйын қуса жылжи беру

Болғандай табан тіреу еш нəрсе жоқ, — десе, «Жиған-терген» жырында:

Қазағым, елім,

Қайқайып белің

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның

Аш көзіңді оянып.

 Күрес идеясы, келешек қамы үшін арпалысу, ел болу арман-мүддесін бірінші орынға қойғаны көрінеді. Бұл шығармалар қазақ оқырмандары жақсы қарсы алды, талайын жаттап алып айтып жүрді.

Əңгіме барысында үш алыптың бірі — М.Дулатовтың Абай туралы мақаласын қозғай кетуді жөн көрдік. Өйткені ол Октябрь революциясына дейін жарық көрген санаулы басылымның бірі болатын.

1904 жылы июнь жұлдызының басында деп еске алады М.Дулатов, Омскіге барғанымда Абай өлеңдерінің жазбасын алғаш Ахмет Байтұрсыновтан көрдім. Сонда Байтұрсынов айтты: «Естуімше, Абай өз өлеңінің басылып шығуын тілемейді, һəм бастыруға ешкімге рұқсат бермейді екен, күз Қарқаралы қаласына барамын, сонда əдейі бұрылып, Абайға сəлем беремін, танысамын, Һəм өлеңдерін бастыру жайынан сөйлесемін», — деп. Ахметке Абайды көруге нəсіп болмады: Абай өмірі күзге жетпей, сол июннің 23-інде опат болды... Əдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш — Абай сөзі... Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ əдебиеті дерлік бір нəрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол. Бəлкім, мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сəуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз — Абай [2].

Абайдың өлеңдері мен «Қырық мысал», «Маса» жинақтарымен бір тұста жарық көрген үшінші елеулі дүние — М.Дулатовтың «Оян, қазағы» еді. Оқырмандарға ой салып, кеудесіне саңылау түсірген, мазмұны жағынан, бітім-болмысы жағынан ерекше туынды ретінде қазақ əдебиетін биік белеске көтерді.

Абай балаңдау шағында Оразбай Жиреншелердің əзірше асқына қоймаған, бірақ елеусіз қалдыруға тағы болмайтын кейбір іс-қылықтарын — оңай олжаға қызыққыштық, өтірік-өсекке үйірсектік, өзгенің қолымен от көсеуге бейімділіктерін — жақтырмаса да жастарының тұрғыластығын, ауылдарының аралас, қойларының қараластығын қадірлеп, жаға жартысуға бармайтын, жеңіл əзіл-қалжынмен қағытатын да тынатын. Ал олар Абайдың алғырлығын, ақылдылығын, өздерінен көш озықтығын мойындайтын, сондықтан өткір сөздерін күлкіге жеңдіріп, қасына ілесе беретін. Оның үзеңгілес жігіттері атанғанын өздеріне абырой санайтын.

Абай бір топ жора-жолдастарымен Балқыбек сиязына бара жатқан жолында Ерболдың өзіне онашалап айтқан əңгімесінің кейбір тұсын тіксініп қабылдаған. Жастықтың алаулы күндерін бірге өткізген сыралғы досы бейне бір басы-қасында болғандай: «Бəрінен жексұрыны — осы күнде не көп, пара мен жем көп. Не деген көмейлер, жемсаулар екенін білмеймін. «Түйені түгімен жұтады» деген о бір сыпайы обырлық екен. Айғыр үйірлеп жылқы, жүздеп қой, матауымен түйе əкеліп жатқан дауларды да естідім. Онан соң қаланың ұлығы, начальнигі де құдай ұрып бадырайтып тұрып жейді екен», деп, соңғы кездің өзіне аян бір сұмдығын осылайша таусыла баяндаған [3; 339].

Оның сөзіне қарағанда, əкімдер ғана емес, кейбір билердің де жетісіп тұрғаны шамалы. Шешімі өздеріне жүктелген айтыс-тартыстың түйінін кімнің дұрыс, кімнің бұрыстығын əбден тексеріп, анық- қанығын салмақтап əуреленбей, бармақ бастылықтың басымдау, қомақтылау жағына жантайта салатын салтқа көшіпті. Осыған дейін оны таңырқай, таңдана тыңдаған ақын мұншама сұмырай сырқаттың шырмауығына шырматылғандардың санында Əділда, Оразбай, Жиреншелер де бар көрінеді дегенде тұнжырай қалған. «Жақынды араз, татуды жат қылатын — өсек, сыбыр-сыпсың» деп ұғынатын Ерболға имандай сенгенімен, құлын-тайдай тебісіп бірге өскен, бір дастарқаннан дəм татысқан тату да сыйлас құрбыларын тап ондай қарға-құзғындыққа қимаған. Көзі жетіп, көңілі əбден тұрақтанбайынша ол мəселе туралы ешқашан ешкімге тіс жармауға бекінген. Өйткені кейде сыпайы да сыптай шындықтың сыңар езу бөспе байлардың оңды-солды екпіндетудің салдарынан əуелгі табиғи өңін жоғалтуы, сөйтіп не тасырая жуандап, не өлеусірей жұқарып ебедейсіз тұрпатқа құлдырауы ықтимал. Оразбай Жиреншелер араммен былғанғанда, былайғыларға не жорық?..

Жең ұшынан жалғасу арқылы біреулер қисайған шаруасын мұғдарлаған нысанаға өзгертіпті дегенді Абай бұрын да аз-мұз естігенді. Мұндай былық-шылықтың өз əкесі Құнанбайды да темірқазығынан жаңылдыртып, алып-қашпа қаңқуларға шалдықтырғаны жөнінде де хабардар-тын. Тіпті Қарқаралы мешіті де осындай қитұрқылықпен жиналған қаржыға салыныпты деген қауесетті де құлағы шалған. Əйтсе де қазіргі таңда біреудің есебінен ішіп-жеудің соншама асқынып, Ербол айтқандай, ебедейсіз сипатқа шарықтағанын өз басы байқамапты.

Балқыбек сиязына жиналған би-болыстардың бірқатары бас қосқан бір қонақтықта жыр шумақтарын үсті-үстіне нөсерлеткен Байкөкше жыраудың бір сəт термеге ауысып, тақпақтапта:

«Ұлық болдың, қолың жетті, жақсы деп аталасың. Соның бəрі рас болса, жарлыны жылатпа. Арамға болысып, адал момынды аунатып жеме, береке деген боп, əрекенің қылығын қылма. Көпке масылын артқан көбеген болма!» — деген ақыл-өсиетін жəне оған қоса біреудің несібесін төтелей иеленгенің өз алдына, кейде бопсалап, ызғар сездіре сыйлық дəме ететінің қалай дегенді меңзейтін қағытпа сынын мəртебелі мырзалардың тыржындасып ұнатпағанын Абай тиісінше тұжырымдаған, ол эмоцияны Ерболдың кешегі əңгімесімен сабақтастырған [3; 346–348].

Ербол сөзінің растығы сол Балқыбек сиязында түбегейлі анықталған. Салиха қыздың бас бостандығын даулап, өзінің атына жазған арызын тексеруді жəне оның төрелігін айтуды ояз туған халқының əдет-ғұрпын жетік білетін Абайға жүктеген болатын. Бұл міндеттеменің жауапкершілігін терең сезінген Абай бала күннен бергі қанжығалас құрбылары — Оразбай мен Жиреншені көмекшілікке таңдап, бірін қыздық ауылына, екіншісін əмеңгер жағына жұмсап, жағдайдың бүге- шігесіне дейін терең байлауды өтінген. Ол екеуі тапсырманы жан-жақты ақтармалағанымен, төте сүрлеудің соңғы бекетіне дейін бүлкектеуге төзімі жетпей, орта тұстан бөтен соқпаққа бұрылып кетіпті. Яғни, параға қызығып, Салиханың бұрыңғы атастырылған жұртындағы мұрагері — Сабатар шалға тоқалдыққа баруын мақұлдағандарды қостап қайтыпты. Сатқындықтарын «алтын көрсе періште жолдан таяды» деген жартыкеш нақылмен жуып-шаймақ болыпты. Бұл байламдары үшін оларға Абай қайнаған ашумен қатты ұрысқан. Мұндай бейшаралыққа кешу жасауды алланы, адамгершілікті талақ етумен бірдей санаған. «Өзім деп, сенерім деп, қанат тұтып, қатарыма алғаным сенбісің? — деген ол тынысы тарыла демігіп. — Айналып жүріп-жүріп кеп айтар ақылың «арам жейік» болды ма екеуіңнің? Бұрын бет бұрар болсам, екеуінді ертпей-ақ Тəкежанды таңдасам болмас па еді? Сендер «Керей-Найман» əділет таппай, əрекет тапса, өлмесе ома қапсың десең, мен оларды елім деймін. Үш жүздің баласының алдында қалың қазақ қауымына мені əкеліп, құлқының үшін құрбан еткелі отырсың ба? Өлтіріп кеп отырмын десеңші! Жеткен жерлерің осы ғой! Бар аулақ!..» [3; 385].

Абай ешбір бұлтақсыз, бұқпантайсыз, сыртынан қабат-қабат тор тұрған парақорлар мен жемқорлардың салын суға батыратындай дəлелдерді бірінен соң бірін түйтектете отырып, даудың түйіншегін қисынды тарқатқан. Қастасатындардың көбейетінінен жасқанбай, Салиханың басына бостандық жариялаған. Қыздарын Сыбан жұртына екінші рет сатып, үстеме пайдаға кенелмек болған Керей де, жесірінен айырылған Сыбан да ол жолы іштен тынып, үндеспей тарасқан. Қапсағай шалдың: Уа, Кеңгірбай, Кеңгірбай! Əруағына не боп еді сенің? Осы ма еді кешегі азған қызға айтқан сенің жолың? Кеңгірбай, шақырдым əруағыңды! — деген наразалығы ешкімнен қолдау таппай, шаң- тозаңға жұтылып кете барған. Өзге жұрт, ара ағайын үкімнің əділдігіне еш күмəн келтірмеген. Атаның ұлы емес, адамның ұлымен кең алаңда ресми еркін сұхбаттасқанына разылық білдіріп, алғыстарын жаудырған, ұзақ ғұмыр тілеген. Билік тізгінін берген лауазымды ұлықтар да шуласа күлісіп, жадыраса бас шұлғысқан.

Салиха қыздың дауы — Абайдың жəне оның бір кездегі əріптестерінің бір-бірімен қоштасуының, айсбергтің судың үстіндегі бөлігі іспетті, жай сылтауы ғана. Оразбайлардың пешенесіне туа біткен өзімшілдік, қызғаншақтық кесепаттың тиюсыз-жиюсыз асқына-асқына жазылмастай дертке ұлғаюы түбінде осындай ажырастыққа соқтырары бесенеден белгілі болатын. Үздіксіз сыздауға ұласқан бітеу жараның бүгін бе, ертең бе əйтеуір бір жарылмай қоймайтынын екі жақ та сезінетін. Сондықтан бұл кетісу оларды аса қынжылтқан жоқ. Бірі туралықтың, түзуліктің туын қолдан түсірмей, қиянат-зорлыққа, пайдакүнемдікке қарсы күресін жалғастыра берсе, екіншісі ой-шұңқырын бағамдап үлгерген соқпақ сарабынан табан аудармады. Тіпті əдеттегі мəймөңке, көлгірлікті бүркеп тастап, еркіндігін тұсаған кедергімен-ісімен, сөздерімен, кертартпалық, етек бастылық атаулыны қатал сынайтын, жақсылықты, жарасымдылықты барынша дəріптейтін Абайменашық шайқасқа көтеріледі. Бастапқыда олар алысырақтан орағытты — билік тізгінін бұрынғысынша өзгелерге жуытпай, борсақ, көтібақ, жігітек, бөкеншілерді шөміштен қағумен келе жатқан исі Құнанбай балаларын аттан құлатуға тырысты. Соның бірі — Оспанның алғашқыда болстыққа сайланбай қалуы...

Мыржақыптың көздеген мақсаты айқын. Ол — надандықтан желі тартып, ырың-жырың, рушылдықтың, жікшілдіктің, мансапқорлықтың салдарынан іргесі шайқалған алашты бірлік, өзара ынтымақтастық маңайына жинақтау болатын.

Ел басқару ісінде толып жатқан берекесіздікке наразылығы аздай, енді болыс сайлауы дейтін шықты. Мұны ақын былайша сипаттайды:

 Шыққалы волыст сайлауы қырық жыл өтті,

Сол сайлау, байқасаңыз, түпке жетті.

Бай болып, мырза атанып, мал біткендер

Таласып болыстыққа ақша төкті.

 Болыстықтан дəмеленгендердің жүріс-тұрыстары кəдімгі қылмыскерлерден бетер. Елдің береке- бірлігі жайына қалған.

 Сайлау басы төреге мың-мың ақша,

«Жанында орыс жоқ па екен онан басқа?»

Стражник пен писірлер сүйінші алад

Бермей тағы болмайды һəм тілмашқа.

 Əйгілі 1868 жылғы «Жаңа низамнан» кейін жалпақ елдің арақатынасы, жүздердің экономикалық, басқару жүйесі одан əрмен алшақтай берді. Əр аймақтың Россияның əр губерниясына бағындырылуы қазақ даласын береке-бүтіндіктен айырып, жан-жаққа ыдыратты. Аға сұлтандық институтының жойылып, оның орнына жай болыстық басқарушылықтың күшейтілуі, сырттай қарағанда демократиялық пішінде көрінгенімен, шын мəнінде халықты аздырып-тоздыруға жол ашатын зымиян шешім болатын. Бұдан былай негізгі биліктің болыстардың құзырына жинақталуы далалықтардың əдет-дағдысына өзгеріс енгізді. Енді ол қызметке амалдап өз кісісін өткізу харакеті қосақталды. Өзге жақтың ұсынған кандидатурасын қалайда қағып тастау мақсатында оның үстінен ұлықтарға өтірік-шыны аралас арыз-шағымдар айдалды. Өкіметтің тереңнен ойластырылған ол саясатының жазу-сызуы шамалы, мəдениеті төмен аңқылдаған ақ көңіл халықты қатты арандатты. Адамзаттың керуеніне артынып-тартынып азар ілбіп ілесіп келе жатқан алаш мал-мүлкін əкімдік жолына оңды-солды шашудың салдарынан ілгері басқан аяғы кері кетті. Əуел бастан шен үшін, шекпен үшін, тілмаштық үшін оқу орындарын жағалаған мансапқорлар қашан қызметінен тайдырылғанынша елді ірітіп бітірді. Сөйтіп жаңа заң халықты жарға жықты. Бірер дерекке сүйенсек, Қалмамбай Байдəулетұлы деген біреу 1882 жылы Сарысу болысын (Қарағанды облысы) 25 жасында алғаш рет 22 жастағы Бұзау Толысбайұлымен болыстыққа таласқан. Қалмамбай сайлау барысында 550 жылқы, 2000 қой шығындалса да шенді қызметке Бұзау өтіп кетеді. 1885 жылғы сайлауда да Бұзаудың бағы жанып, қайта жеңіске жеткен. 1888 жылы екеуі татуласып, Бұзау өз еркімен болыстықты Қалмамбайға берген. 1891 жылғы сайлауда Бұзау əкімдікке қайта таласып, ел іші бүлініп, аласапыран айтыс-тартыс бір болыстың екіге бөлінуіне (Қамқоңыр, Сарысу) апарады. Қысқасы, Қалмамбай Сарысу болысын 1905 жылға дейін басқарған. Осы кезеңдегі барлық сайлауларда дауыс жинауға оның тарапынан 3300 жылқы, 9000 қой, 1000 түйе шыкын шыккан [4]. Сөйтіп Қалмамбайлар əр елде де осылайша болыстыққа қол жеткізген. Əкімдікке талас кезіндегі жұмсаған мал-мүліктерін кейін елден артығымен жинап алған.

«Жаңа низамнан» халқымыздың қандай қайғы-қасірет шеккенін Абай өзінің «Күлембайға» («Болыс болдым мінеки»), «Мəз болады болысын», «Дүтбайға», «Тəңірбергенге», т.б. сатираларында түбіне жеткізе əшкерлейді.

Тарихтың ұлы көшіне салдыр-салақ, олпы-солпы азар жалғанып келе жатқан алаштың басқа шаруасы жоқтай, мал-мүлкін оңды-солды шашып, жеткен «жетістігін» Міржақып мұны ашық айтады:

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты.

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кеніпті, дін нашарлап, хал қараң боп

Қазағым енді жату жарамас-ты.

Маңдайға жазылғаны осы, сондықтан көнеміз, көнбегенде қайда барамыз деуден аулақ. Маңайына барлай қарап, өзгелермен бірге алға жылжудың жолын қалайда іздеу керек деп түйеді. Жұртшылдықтың бірте-бірте ұлттық намысты жоғалтып сары ала түйме таққандардың таяқтауына көнуден басқа айласы қалмаған жалпақ елдің бишаралық қалпы айна қатесіз, осылайша қағаз бетіне көшіреді.

 Біз дағы ғылым білсек өйтпес пе едік:

Ілгері озғандарға жетпес пе едің.

Дін, дүниеміз таршылықтан азат болып,

Өнерлі халық атанып кетпес пе едік, —дейді амалы таусылған ақын.

Шаруашылығымыздың кейіншектетей ілгері басуына түптеп келгенде өзара ауыз біріктірмей, кері тартудың салдары екенін бірде былайша дəлелдейді:

Бірлік жоқ алты ауызды халықпыз ғой,

Қатардан сол себепті қалыппыз ғой.

Ғылым мен мағрипатты керек қылмай,

Надандық шəрбатына қаныппыз ғой.

Ал осыншама жетім баладай зар шегіп келе жатқанымызға біраздан соң ақын басқадан іздемей, тура өзіміздің сал бөкселік жай басарлығымыз айыпты екенін таңбалайды. Мəселен, «Насихат ғұмұмия» деген өленің алайық:

Жас орнына көзімізден қан кетіп,

Қолымыздан ата мирас заң кетіп.

Аяқ асты болып қазақ қалды ғой,

Құр əншейін рухы қалып, жан кетіп...

 Кім жазалы өзімізден көрмесек,

Төбемізге шығардық қой дəндетіп...

 Күн көреміз қайда барып, алашым?

Білгіштердің хал мүшкілін қарасын.

Сүйегі жоқ тіске жұмсақ болған соң

Əркім жейді біздің қазақ баласын.

 Аз емеспіз, алты миллион халықпыз

Алхамилла, надандыққа ғарықпыз.

Жайымыз жоқ одан басқа мақтанар

Сахарада дикарь болып қалыппыз.

Байқап отырғанымыздай, өзге зиялыларымыз ақырын тұспалдап айтайын деген ойын көбінесе бүркемелеп жеткізсе, Міржақып шындықты тура бетке айтады. Бұнын басты ерекшелігі сол.

Міржақып бір кез сонау өткен замандарға шолу жасайды. Ертеректе халқымыз көшіп-қонып еркімен, ешкімге жалтақтамай жақсы дəстүрлерін сақтап өз заңымен өмір сүрген. Жан-жақтан ешбір қысым көрмеген.

Көшсе де мың шақырым жері жайлы,

Аққан бұлақ, шалғыны көк орайлы.

Тоқты қоздап, жүріпті, тай құлындап,

Жер тар болып көрмеді-ау уайымды.

Бірақ алаш қаумалай қоршаған жауларына тойтарыс беруге шамасы бірде жетсе, бірде жетпей, ақыры осындай пақырлық күйге ұшыраған. Сыртқы жай ішкі тірлікке, сөз жоқ, əсер еткен:

Сол кезде біздің қазақ ала болған.

Көлдеңен дұшпандары жəне болған.

Күштісі нашарларын шауып алып

Бұрынғыдай болмаған, бəле болған.

Ел шауып кісі өлтірсе, батыр деген

Батырлар пақырладың хақын жеген

Біз мұндай бұл уақытта болар ма едік

Істесе халық пайдасын ғақылменен.

Алайда ол өткен түп-түгел қайта оралып, сол жайма-шуақ күндерде өмір сүрер ме едік деген қиялдан аулақ. Содан бері талай заман өтті. Ата ұрпақтардың да берекелі, берекесіз тірлік еткені анық. Енді келе-келе мынадай тағдырға бас идік.

Мінеки, бұл уақытта тұрмыз енді

Дұшманға таба болып, күлкі-досқа...

Руссия мемлекетіне бағыныпты

Əбілхайыр төренің хан шағында.

 Патша айтқан «ғаділдікпен билеймін» деп,

«Дініңе һəм жеріңе тимеймін» деп,

«Оқ атпай, қылыш тартпай бағынған соң

Қалайша қадіріңді білмеймін» деп.

Түптеп келгенде, уəде, тəтті сөз жайында қалды.

Жаңағылардың бəрі желге ұшты.

Қазағым, көрмегенің əлі алдыңда,

Боларсың көне берсең мұнан жаман.

Босында аяқ, қолың қимылдап қал,

Бір күнде тыпырлауға келмес шамаң, —деп ескертеді.

«Оян, қазақтағы», «Өнермен хасіл болған нəрселер» деген өлеңінде автор прогресс, цивилизация жолымен ілгерілей, дамып бара жатқан халықтардың өмірін, мəдениетін дəріптей жырлап, соларға қалайда жетуге шақырса, «Шəкірттерге», «Тəртіпті медресе жоқ қой бұл қазақта», «Мешіт, медресе хақында», «Қазақ халқына діни бір уағыз» дейтін өлеңдерінде тек діни оқумен шектелмей, ғылыми пəндерді, орыс тілін оқып, үйрену керек деген пікір айтады [2].

Ақын келімсек орыстардың зорлық-зомбылығы салдарынан басқа байлықтар өз алдына жерден- судан сырылып, шөл-шөлейтке қоныс аударуға мəжбүр болғанымызға тоқталады.

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер

Мұжыққа, хош аман бол, барасың да, —

деген жолдар бұған дəлел. Одан соң еңбекқор орыстардың аз ғана уақыттың ішінде шаруасын жөнделіп, байып кеткенін жазады.

Келді де егін салып байып кетті,

Жалқау ма бұлар, тəңірі-ай, біздің жұрттай, —деп шындықтан аспайды.

Аяқ асты болып қазақ қалды ғой,

Құр əншейін рухы қалып, жан кетіп.

Шаһбазлар басшы болған міллəтқа

Аяғына қан түсті ғой мəн кетіп.

Сөз ақырында Кеңес үкіметінің құзырымен Міржақыпқа тағылған кіналардың бірі — ұлтшылдық, өз ұлтыңды жақсы көріп, басқа ұлттарды жек көресің деген айып болатын. Бірақ осыны қайта қарасақ, шынында ақынға кінə тағуға бола ма? Өз халқын бəрінен жақсы көргеннің несі айып? Осылай ма? Міржақыптың мына сөздеріне көңіл аударсақ:

Орыста Пушкин, Гоголь, Лермонтов

Крылов, Тургеневтер кеткен өтіп.

Қартайып бұл уақытта Толстой тұр

Өзіне мəслихаттас ерлерді ертіп.

 Қазақта бұлар теңдес бар ғой шешен

Халықтан мойын озып болған көсем

Семейден шықты Ыбырай Құнанбаев,

Сөзінде қате бар ма сынап көрсең.

Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей,

Сөзі алтын, мағынасы меруерттей.

Оқыған ғибрат алып жас жігіттер Һəмасы өз халқына қызмет еткей.

Бірер сөз «Оян, қазақтың» тіл ерекшелігі хақында. С.Торайғыровтың қатал сынағанындай («Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан»), мұнда барлық мұсылмандар ортақ оқып түсінсін деген ниетпен араб, парсы тілдерінен оқу арқылы дін жолымен, нағыз бұл емес, енген сөздер əдейі көп қолданылған [5]. Бір кезде И.Гаспринский («Тəржіман» газетінде) түрік тұқымдас халықтарды өзара бір-біріне жақындастыру амалы ретінде тілдердің осылайша тоғысуы керектігін мəлімдеген-ді. Алайда бұл пікірдің қолдаушысы, жалғастырушылар болды ма, олар кімдер айту қиын. Бəріне де төреші уақыт.

Бірақ ақын осы ойынан кейін көп ұзамай бастартып, ана тілінің («Азамат», «Терме») барлық мүмкіндігін пайдаланатынын ескеруіміз керек.

«Бақытсыз Жамал» 1910 жылы жарыққа шықты. Бұл — тарихымыздағы тұңғыш роман. Мұнда сол кездегі қазақ ауылындағы өмір шындығы қамтылған. Кейбір əдебиетшілер əр түрлі көзқарасқа қарай, онда көрініс қысқа қайырылған, жанр біркелкі емес, қара сөз бен өлең сөз араласа баяндалыпты дейді. Таза проза деуге келмейді делінгенімен, шығарма шынында автордың өлеңдерімен тыныстас елеулі дүние.

«Бақытсыз Жамал» қарапайым халықты зор қақсатқан байларға үкім айтады. Сəрсенбай алғашқыда қақ-соқта жұмысы жоқ, шаруасынан басқаны ойлап жарытпайтын, жуас бірсыдырғы дəулеті бар кісі болатын. Оны осы қалыптан өзгерткен — өзі құрал ауыл адамдары. Сəрсенбай бұрын болыс болуды ойламаса да, жұрттың желіктіруімен əкім болғысы келеді. Алғашқы талпынысы сəтсіздікке ұшыраған соң ауылдастарының ақыл-кеңесімен Байжанмен жақындасады. Басты сүйенері— қызы Жамал. Автор өзінің творчествосында үнемі жастардың оқып, білім алуына əке-шешенің көмек көрсетуін, олардың халқына жан-тəнімен қызмет етуін қалағаны белгілі. Сөйтіп Жамал да медреседен оқу бітіріп келген топтар мұғаліміне оқытып, сауаттануына жағдай жасайды. Сəрсенбай екінші болыс сайлауында жетістікке жеткені үшін қызы Жамалды Байжанның ақылы кем Жұман атты баласына əйелдікке беруге келіседі. Жұманға баруға үзілді-кесілді қарсы болып жүрген Жамал көрші ауылдың баласы Ғалимен танысып, сөз байласады. Əр нəрсенің бағасын бағдарлап білуге қажеті бар деп осындай кəсіпке үндеген Ғали — аздап саудамен айналысатын жігіт. Ақын бір өлеңінде халықты сауда-саттыққа шақырғаны бар. Байқастап қараса, əрі əдемі, əрі əдепті Ғали жақын жерде тұратын ауылдасы, өз замандастарының алдыңғысы іспетті екен.

Ғали мен Жамал Байжандарға қарсы қолданар амалы қалмаған соң, қалаға қашып кетеді. Барған жерінеде аяқ астынан Ғалидың ауырып қайтыс болуына байланысты Жамал ақыры Жұманға қайтарылады. Аяғы жастардың бас бостандығын аңсаған армандары іске аспай, өліммен тамəмдалады.

Сөйтіп ескі дəстүр екі жасты біраз əуре-сарсаңға түсіріп, соңынан қазаға ұшырауымен аяқталады. Кезінде роман қазақ жұртшылығына үлкен серпіліс туғызды. Бірақ ескіліктің тоңы əлі де қалың еді... Москвалық профессор В.Гордлевский ол туралы рецензия жазыпты (1914). Ол деректі Ж.Ысмағұловтың қайдан алғаны белгісіз.

«Бақытсыз Жамал» туралы бірер сөз оның жарлық табиғатына қатысты.

Ағылшын зерттеушісі Ральф Фукс өзінің бір еңбегінде («Роман и народ») «Роллан туралы сөз»,«Вильгельм Телль», «Тристан мен Изольда» тектес романтикалық сарындағы поэмаларды роман деп атаған дұрыс деп қорытынды жасайды. Өйткені айтылатын оқиға, кейіпкерлер тұрғысынан солай аталуға лайық деп түйеді.

Айта берсе, ортағасырлық романдар «Жиль Блаз», «Дафнис и Хлоя», «Метаморфозы», т.б. оншақтысы бірігіп келіп, біз көріп жүрген жай кітаптардан аспайды. Көлемі қысқа, айтары мол.

Олай десек, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу», «Қобыланды батыр» сынды шығармалары көшпелі жағдайға байланысты оқиға ауызша тараған, роман деуге əбден лайық емес пе? Кейіпкерлері, шығарманың қозғайтын мəселесі жағынан ой жіберсек ортағасырлық романдардан несі кем? Бұл да кең отырып ойласатын мəселе ме дейміз.

... Жақында бір топ адам М.Дулатовтың сүйегін əкеп, Торғайға, өзінің туған жеріне, жерледі. Бұл сияқты азаматтыққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ... Осы əкелінген мүрде Міржақыптікі ме, жоқ па? Бөгде біреудікі болып жүрмесін.

Қазақтар — бірдеңе сыбыс шықса, алды-артын тексермей, ала жөнелетін «ауыруға шалдыққан» халық. Осыдан біраз бұрын біреулердің жақында Сəкенді көрдім дегеніне нанып, Колымаға самолет жалдап барып қайтқанының куəсі болып отырмыз. С.Сейфуллин 1938 жылы 24 ақпан айында Алматыда атылған деген хабар «Қазақ əдебиетінде» жарияланған. Ал мынау не? Кеңестік жүйенің Сəкендей кісілерді түрмесінен тірі жіберуі некен-саяқ. Оның себептері толық. Ал Міржақыптың сүйегі қалай сақталған? Түрме қызметкерлерінің мəлімдеуінше, ол 1935 жылы ауырып қайтыс болған. Оны кім жерлепті? Сол кездегі тұтқындардың айтуынша, түрмеде кісі өлімі көп болған. Кімнің неден ауырып, неден өлгені тексерілмеген. Тек өліктерді үйіп қойып, шамамен жүзге жуықтағанда машинаға салып алып күні бұрын қазылған орға апарып төгіп, үстерін топырақпен жəй жаба салса керек. Міржақып та олар үшін осылайша өмірден озған біреу. Академик М.Қозыбаев Міржақыптың денесін əкелуге антрополог та, медэксперттін де болмағанын айтқаны бар («Бетпе-бет» хабарында, 15.12.1999 ж.). Белгілі əдебиет қайраткері Анастасия Цветаеваның сөзіне құлақ түрсек, Ұлы Отан соғысы басталысымен Қорғаныс комитеті бірсыпыра интеллигенттерді Москвадан тылға жедел көшірген [6]. Соның бірі — Марина Цветаева. Елабуга қаласына барып, уақытша бір шалдың үйіне орналасқан. Оның 16 жасар ұлы (Георгий) бұзықтықпен шешесіне бағынбай өскен. Баланың айтқан бір сөзіне шыдай алмай, Марина өзіне-өзі қол жұмсайды. Соғыс аяқталғаннан кейін Анастасия апасының кейінгі хал-жағдаймен хабардар болуы үшін Елабугаға барған. Шал əлі тірі екен. Ол өз қолыммен қойдым, моласын білемін деген соң, екеуі іздеп-іздеп таппайды да сіңлісі кейін қайтып кетеді. 1–2 жыл өткен соң құлпытас жасатып, Маринаның басына қою мақсатымен тағы келеді. Бірақ моласы жермен жексен болып кеткендіктен тағы таппай, салмағы тоннаға жуық ескерткішті əрлі- берлі алып жүру қолайсыз болғандықтан, қабірдің біреуінің басына қоя салады да кері оралады. Маринаның опат болуы 1941 жылы да, Анастасияның іздеп баруы 1960 жыл. Іздегендері елге еңбегі сіңген белгілілер қатарындағылар болса бір сəрі. Ал Міржақып советтік құрылысқа «қарсы шыққандардың» бірінен саналады. Оған бөлек мола соғылуы екі талай. Қарапайым логика осылай дейді.

Қазақтың көнбіс көкірегіне еркіндік, теңдік сəулесін түсірген алыптар тобы жайындағы қысқаша түсінігіміз осымен тамəмдай келіп, өзгелерден бір айырмашылығы жалпы Міржақыптың табиғатының мейлінше алғыр да, өткір ойлағанын ешбір тайсалмастан бетке айтатын турашылдығына тəнті боламыз. Халқының қайыршылық халін жалтақтамастан, тартынбастан алыс- жақынның бəріне жария етті. «Құрт жайлаған тамырын қу ағаштай» жұртының алдында өзінін адалдығын сақтай өтті. Əмин!

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Нұрғалиев Р. Қазақ əдебиетінің алтын ғасыры. — Алматы: Фолиант, 2002. — 528-б.
  2. Ысмағұлов Ж., Дулатов М. Шығармалары. — Алматы: Ғылым, 1991. — 207 б.
  3. Əуезов М. Абай жолы. — Алматы: Ғылым, 1980. — 424 б.
  4. Шарипов С. Баганалинцы // Советский Казахстан. — 1924. — С. 3,4.
  5. Торайғыров С. Шығармалары. — 2-к. — Алматы: Жазушы, 1993. — 138–143-б.
  6. Цветаева А. Воспоминания. — М.: Сов. писатель, 1983. 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.