Егер өнерді жасаушы, яғни ақын-жазушы өз шығармасын тарихи тақырыпқа арнаса, онда ол міндетті түрде тарихи тұлғалар бейнесін сомдайды, ал, ол бейне қаншалықты дəрежеде жасалды, тағылымы мен тəлімі қандай, танымдық сипаты қандай, міне, бұл жайт белгілі бір дəрежеде сол шығарманың көркемдік-эстетикалық өре–деңгейіне де көрсеткіш бола алады.
Тарихи шығарма жазуда қаламгер ұстанымы, негізінен, оның жазушылық концепциясынан туындайды. Авторлық ұстаным — жазушы дүниетанымының іргетасы. Суреткердің авторлық ұстанымы оның өз шығармасындағы алдына қойған мақсат-мұрат, айтпақшы болған ой-идеясымен тығыз байланысты. Қандай жазушы болса да, өз ұлтынан тыс тұра алмайды. Демек, ол — белгілі бір дəрежеде ұлттық идеяның жаршысы. Егер «Ұлттық идея дегеніміз — этностық мезгілдік һəм мекендік факторлар арқылы айқындалатын тəжірибесі, танымы жəне талғамына байланысты бірте- бірте жыңғырып-жаңаланып отыратын, бірақ өзіндік ілкі белгілерін жуық арада жоғалта қоймайтын табиғи-тарихи əрі тылсымдық бітім-болмысының, сана-сезімінің, мінезі мен мəдениетінің, соған сəйкес туындайтын əлеуметтік мұрат-мүдделері мен қимыл-қозғалыстарының жалқылық та, жалпылық та мəнін жинақтаған ұйытқысы» [1] деген пікірге ден қойсақ, тарихи туынды авторының ұлттық идеяны айрықша проблема етіп көтеретіні əлемге аян. Олай болуы заңды да, себебі «суреткер
— өз заманының ұлы, өз дəуірінің үні. Ол өзі өмір сүріп отырған мезгіл мен мекендегі қандай құбылысқа болса да енжар, бейтарап қарай алмайды. Оны бəрі тебірентеді, ол бəріне араласады. Ендеше, оның қаламынан туған шығармалар да бір емес, бірнеше тақырыпқа жазылады; бір емес, бірнеше проблемаға құрылады» деп жазған академик З.Қабдоловтың пікірінің жаны бар екенін айтуға тиіспіз [1; 106]
ХХ ғасырдың 60–70-жылдарындағы əдеби үдерісте өзгеше екенін, айрықша қарқынмен көзге түскен қазақ қаламгерлерінің қатарына С.Сматаев жатады. «Aстана оттары» (1968) өлеңдер жинағының, «Тағдырлар» (1976), «Сен кімсің» (1977), «Əз-əзіл» (1978), «Жұлдызым менің жоғары» (1985) пьесаларымен қатар, «Жұмбақ қыз», «Жаяу Мұса» операларының либреттоларын жазған автор қаламынан бірталай аудармалар жəне «Армысың, ана!» əңгімелер, повесть (1970), «Алау» повесі (1974), «Елім-ай» І-ші кітап (1976), «Елім-ай» ІІ-ші кітап (1980), «Ақжелең» (1979), «Бұлақ» (1983),
«Мəңгілік бастауы» (1987), «Біз құлмыз ба, кімбіз?» (1997), «Елім-ай» (1998), «Жарылғап батыр» (2003) романдары, «Қобыланды батыр» (1981), «Алғашқы асу», (1982) повестері мен мен «Ғарышқа көз тіккен жер» (1985), «Ой маржандары» (1984), «Үш пайғамбар» (1992) мақалалар жинағы туды. Шығармалары басқа елдер тілдеріне аударылды.
Мəскеу болат жəне қорытпалар институтында оқыған жылдары ұлт мүддесін қорғайтын партия құрып, оның белсенді мүшелерінің бірі болуы С.Сматаевты өз халқының тағдырына немқұрайлы қарай алмайтын деңгейге көтерді. Екіншіден, жазушының əдеби үрдіске араласқан кезеңін 60- жылдардың бас кезінде аз да болса орын алған КСРО-дағы «жылының» сəттен болмысын қарауға болмайды. Дəл сол тұста əдебиетке келген серпінді топ өкілдерінің алдында «Адам, ол кім? Оның өмір сүрудегі мақсаты неде? Өмірдің мəн-маңызы, мазмұны неде?» деген сауалдар тұрып, олар əлемде болып өткен алапат оқиғаларының негізгі себепкері адам деп тауып, сол адамның болмыс- бітімін, жан əлемін, ішкі дүниесін зерттеуге ден қойып еді. Бірі адамтану ғылымына сол тұста айрықша белең алған замандас бейнесі деген тұрғыдан үңілсе, екіншілері тарихи тақырыпқа қалам тартуымен үңілген еді. Сайып келгенде, олардың қай-қайсысы болса да, өз халқының ешкімнен кем емес екеніне көзі жеткен болатын. Тарихы бай, тарихы биік, табиғаттай тұлға, сол табиғатты бағындыруды емес, керісінше, өздерін оның бір бөлшегіміз деп есептеген түркі жұрты, оның қара шаңырағында отырған, тікелей мұрагері боп табылатын қазақ халқының өзіндік болмыс-бітімі, кескін-келбеті, бəрінен бұрын, қазақ қаламгерлері Ə.Кекілбаев, І.Есенберлин, Ə.Əлімжанов, М.Мағауин, С.Сматаев, тағы басқаларды толғандырған болатын. Дəл 50-жылдардың аяқ кезінде дейін қалыптасқан аса ауыр тоталитарлық тəртіп сəл босаңсыса да, ұлттық мүдде, ұлт тарихы, ұлттық намыс туралы роман жазу ресми өктем идеология тарапынан қолдау таба қоймайтын. Сондықтан да ол қаламгерлер көптеген ой, идеяларын ишарамен, жұмбақтап, астарлап жеткізуге мəжбүр болады. Міне, қаламгер С.Сматаевтың авторлық ұстанымы жəне ұлттық идеяға адалдығы осы жайттар ауқымында қалыптасқан еді.
Қазақ рухсыз ұлт, бейшара жұрт емес еді ғой. «Елім-ай» тарихы романының əлеуметтік жүгіне арқау болған жайт осы еді. Автор өз шығармалары («Елім-ай», «Жарылғап батыр») арқылы ұлттық рухты оятуға тырысты. Көнгіштікке, айтса жүгіріп, айтпаса тұратын жағымсыз қасиетке тосқауыл қоюға ұмтылды. Қазақ қайтсе мықты ұлт болады! Азаттық — қазақтың ғасырлар бойы аңсаған арманы, ол қол жеткізуге ұмтылған мəресі емес пе еді? «Неге біз өзгеге бодан боп отырмыз?» сауалы «Елім-айдың» негізгі арқауы болды. «Азаттық» ұғымның аясына ұлттық идея кірмек. «Азаттық» атты категория — демократиялық қағидаттың негізі. Азаттық үшін күреспеген, қанына бодандық сана сіңіп қалған жанды қайтсек серпілтеміз? Ол үшін сол адамға халық тарихын, небір аласапыран, алапат оқиғаларды бастан кешкен, алайда тарих сахнасынан жойылып кетпей, аман қалған ұлтымыздың өткенде жүріп өткен жолын насихаттауымыз қажет-ау... Бодандықтан, ол айырған рухты қолына келтірудің жолы — ұлттық намыстың оянуы. Ұлттық намыс — ұлттық даңқ, ұлттық абыройдың сыңары. Ұлтты құру, қалыптастыру əр елдің тарихында болған жайт. Ұлт қамын жеу ұлттық жауапкершілікті туындатпақ. Ұлт жауапкершілігі кеңінен қанат жайса, қоғамның өзі ұлтқа айналмақ. Қоғамға жетекші болатын — ұлт. Тек сонда ғана ұлттық мұрат, ұлттық ұят, мүдде, намыс, парыз бен қарыз алға озады. Егер қазақы таным-түйсік, ұлттық болмыс жоғалса, ұлт та жоғалады. Қазақтың, мейлі, қандай дəуірде ғұмыр кешсе де, жоғалтпас асылы — ұлттың қалыптасуы. Халық боп дамуы, себебі қазақ — мемлекеттің алтын тұғыры, мықты діңгегі, үзілмес күміс арқауы. Мемлекетті құрушы, тұрақтылықты сақтап, оны дамытушы, ұйытқысы, ұйымдастырушысы — қазақ ұлты. Ұлттық категория символға айналуы қажет. Қазақ даңқы, оның жүріп өткен жолы, күнгейі мен көлеңкесі алама-кезек келген тарихы, ерлігінің шежіресі — біздің жеңісіміз бен қайғы-қасіретіміздің тарихы. Уақыт — өтпелі категория. Небір уақыт аясындағы келеңсіздіктерді заманға жақын, ақталып жатамыз. Оны қалай құбылту — адамның қолындағы дүние. Əлемдегі өркениетті елдер қауымдастығына ену үшін мемлекетті құрушы халықтың қажыр-қайраты, ұлттық намысы қажет. Міне, осынау атан түйте жүк болар философиялық жайттар С.Сматаевтың «Елім-ай», «Жарылғап батыр» тарихи романдарында жазушының авторлық ұстанымы мен ұлттық идея проблемаларын көтеруге алғы шарттар жасады деп тұжырған абзал. Осынау теориялық қос ұғым қаламгерлік концепцияға ұласып, мазмұн мен пішіннің бетер ұштасуына, автордың стильдік ізденісі мен қаламгерлік аралығының оқшаулануына алғы шарттар жасады. «Елім-айда» болсын, «Жарылғап батырда» болсын, Сматаев елін соңына ерте алар қол бастаған қолбасшы мен сөз бастаған саңлақ би- шешеннің бейнесін жасауға тырысты. Тек солар арқылы ғана қазақ тарихындағы ең бір трагедиялы кезең — «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» тарихын тірілтсек еді, себебі қазақ тарихында туған жер, тас босаға, тал бесік үшін қу далада тəні, құба телде көрі, құба түзде елі қалған жақта шыбын жанын пида етіп, басын бəйгеге тіккен қол бастағандар, сөз бастағандар көл болған.
Романшы С.Сматаевқа тəн стиль, бəрінен бұрын, тілдік шеберлігі дер едік. Авторлық баяндауда болсын, кейіпкерлер сөзінде болсын, ұлттық құндылықтың қайнар көзі — шешендік өнерді айрықша меңгергендігі дер едік. Құр ділмарсу емес, ішкі дүние, жан əлемінен шыққан бұлқыныс, драматизм элементтері автор мен сөз қадірін білер романдар кейіпкерін бір бейнеге айналдырып жібергендей əсер қалдырады. Ширыққан тартыс, қайталанбайтын характерлер, кесек іс-əрекет — бəрі де автордың ұлттық болмысқа негізделген тілді шебер меңгергендігінің арқасында дүниеге келген тəсілдер екенін байқау қиын емес. Ал, бұл жайттар өз негізінде Сматаевты тұлпар тұрпатты, сұңқар қанатты, тұғыры биік, замана желі қай жағынан соқса да, өзінің тура пікірін айтатын қаламгер деңгейіне көтерді. Қаламгер стилі, оның қалыптасуы дегенде ағыл-тегіл сұлу сөз, поэтикалық қуат, асқан шешендік тіркес, иірімдерді жазушының қолтаңбасына, дарын даралығына жатқызған жөн. Тарихи романдар «Елім-ай», «Жарылғап батыр» белгілі дəрежеде жазушының тарихи туынды жазу шеберлігін, стилін, дүниетанымын қалыптастырды. Академик З.Қабдоловтың жазушы, бəрінен бұрын, адам екенін елей келсе, оның болмысын, дүниетанымын шығармашылығынан бөлек алып қарауға болмайтынын мегзеп: «Нағыз пейзаж — поэзия! Характер! Адам! Неге десеңіз, адамның қабылдауынан, сезіну, түйсінулерінен, көңіл-күйінен тыс табиғат суреті — пейзаж жоқ!
Пейзаж жазушының стилін де белгілейді. Ал, стиль — адам», — деп түюі [2; 92], сондай-ақ академик Р.Нұрғалидың: «Тел ағыс əдеби ұғымдағы «стиль», ең алдымен, эстетикалық категория.... Стиль жазушының авторлық мұратымен, эстетикалық иделымен жанды түрде байланысып жатады. Өйткені көркемдік процесте механикалық сипат жоқ» деп тұжыруы [2; 204, 205] чех зерттеушісі К.Гаузенбластың ауқымды пікірімен үндес [2; 70, 71].
Тарихи роман жанрында стилі қалыптасқан қаламгер өз дүниетанымы ауқымында негізгі, түйінді деген жайтқа ден қояды. «Елім-ай», «Жарылғап батыр» тарихи романдарында ХVІІІ ғасыр ауқымындағы тарихи-əлеуметтік, қоғамдық, саяси жайттарды сəл бейнелеу үшін іс-əрекетіне, болмыс-бітіміне үңілу үлкен қажеттілік болды, ал, бұл қажеттілік жазушыны қашан да дүйім халқының қуанышы мен қайғысын шығармашылығына терең арқау еткендіктен, мəңгілік зердеде қалдырды. Ол халық азабы мен кегін, қуанышы мен қайғысын тарихи тұрғыдан жырлай отырып, оны тұлға ретінде шабыттың шырқау биігіне көтере білді, халық болмысының күллі арналары мен тамырларын сəтті ұштастыра білді. Сондықтан да қаламгер стилінде шабыт, поэтикалық, шешендік шеберлікке негізделген тіл құдіреттілігі, ұйыта білетін психологизм, шешендікпен астасқан философиялық сарын нəзік лиризммен шебер тоғыса алғанын баса айту қажет.
«Елім-ай» романында қамтылған «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» трагедиялық оқиғасы тарих сахнасына əйгілі бірнеше тұлғаларды шығарды. Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Əйтеке би, Тəуке хан, Əділ (романда ол — Абылай сұлтан. Шын тегін жасырып жүрген жан), Болат хан, Сəмеке, Байрақ, Батыр сұлтандар, Əбілқайыр Сардар, Бұқар, Ақтамберді жыраулар, Аралбай батыр, Ошаған би, Бөгенбай, Жидебай, Байғазы батырлар т.б. Əрине, күні бүгінге дейін Отан соғысы деген мəртебеге ие бола алмай келе жатқан жоңғар-қазақ соғысында айрықша көзге түскен, ел құрметіне бөлеген батырлар көл-ақ, олардың əрқайсы жайлы ауқымды шығарма жазуға болады. Романшы С.Сматаев та нақты тарихта болған, сол аламат соғыста ерлік пен жанкештіліктің үздік, қайталанбас үлгісін көрсеткен, алайда уақыт өте келе, есімдері біртін-біртін көмескілене бастаған, біршама тарихи деректер ұмтылған, оның үстіне күні кешегі кеңестік тоталитарлық заман тұсында ресми идеологиядан қолдау көре қоймаған көптеген батыр, шешен, би сияқты тарихи тұлғалар бейнесін жинақтау тəсілі арқылы тырысқан.
«Елім-айдың» бірінші кітабындағы «Күлтөбенің басында күде кеңес» тарауы автордың өз романында тарихи тұлғаларды сомдауына бастайтын сахна рөлін атқарып тұр. 1710 жылдың қазан айында Тəуке хан ордасында болған жиын атақты ханды дүниенің төрт бұрышынан жиналған жамағаттың соңғы рет көріп, жүздесуі ғана емес, сондай-ақ романның негізгі өзегінде көрінер, сомдалар нақты тарихи көркем бейнелермен таныстыру жолы, бүкіл оқиға, құбылыстан, бастау алар қайнар көзі, роман-дилогияға арқау болған бүкіл қоғамдық-əлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттардан хабардар ететін тəсіл. Тəукенің сыртқы елдер өкілдерін, əсіресе Ресей елшілері Василий Көбековты қабылдауы, ізінше ел арасындағы дау-дамайды ортаға салып, əділ шешім күтетін билер, белгілі адамдар, батырлар, əйтеуір, сөз білетін көсемдердің ырғасуы сияқты жайттарды бейнелеген көріністер — бəрі де ұлттық болмыс болуымен қаныққан сəттер, екіншіден, Тəуке заманында, төреден, сұлтаннан гөрі, би-шешенге айрықша мəртебе берілген сəтті мегзеп тұр, үшіншіден, романның бүкіл оқиға желісінде, мейлі, ауқымды болсын, мейлі, эпизодтық болсын, көрінер қаһармандар болмысынан қатар беруді жазушы парыз санаған.
Өмірде болған тарихи тұлғалар бейнесін шыншыл тұрғыдан сомдау автордан жақсы тарихшы болуды ғана емес, сонымен қатар мəлімгерлік, шешендік, философтық, саясаты ерлік, мəдениеттанушылық, əлеуметтік проблемалардан хабары мол болуын талап ететіні ақиқат. Егер біз ширыққан, даналыққа негізделген сөздерінен үзінді келтірген жоғарыдағы тұлғалар, бəрінен бұрын, ақилық қандай жан екенінен сөйлеген сөзімен, жасаған бітімімен, даулы іске айтқан билігімен хабар бере алса, сол тұстағы Қазақ хандығының ішкі-сыртқы əлеуметтік, саяси жағдайын, нақты оқиғалардың шиеленісіп, дүрбелең сəттің туғанын Тəуке ханның ой орамымен берген. Күлтөбедегі жиынға орыс елшісінің келуі, халыққа арнайы хат тапсыруы, жоңғар əскерінің қазақ даласына өндей ене бастауы, болашақта Тəуке тағына отырар ізбасардың кім болуы керектігі туралы Əбілмəмбет, Болат, Сəмеке, Барақ, Батыр, Əбілқайыр, Қайымтардың толғанысы — бəрі де қысқа-қысқа авторлық баяндау, ұтымды тарихтармен берілген. Автор өз кезегінде қос романдағы Тəуке жəне Əбіл (Абылай) бейнелері болмаса (ел басына күн туса, ер ерлігімен су кешер, ат ауыздығымен су ішер), алмағайын заманда, негізінен, ел басына таяп қалған аласапыран жайттарда қарапайым, халық өкілдері: Жомарт, Ақтамберді, Ошаған, Бұқар, тағы басқа толғанысын бірінші кезекке шығарған. Тарихи құбылыс, тарихи оқиға тарихи қажеттілікті тудырады. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» хандар немесе сұлтандар емес, Қанжығалы Бөгенбайдың үш жүзге сауын айтып, қалмаққа, қарсы қол жинауы авторлық ұстаным мен ұлттық идея иірімдерін жетік меңгерген жазушы концепциясын аңғартады. Тарихи қажеттілікті сезінген автор өз романында тарихи тұлғалар образының галереясын жасауға тырысқан. Тарихи оқиғалар авторды тарихи қаһармандар бейнесін сомдауға алғы шарттар жасады. Ақиқатын айтайық, белгілі бір дəрежеде тату-тəтті көрші болуға жоңғар қонтайшысынан дипломатиялық келісім-шарт жасаған Ресей патшасы мен Қытай əміршісі түйнектеп, қазақ даласына шабуыл жасаған жоңғар елінің де түпкі саяси мақсаты — қазақ даласында түйіскен болатын. Қандай империяға болса елінің экономикалық əлеуетін көтеріп, нығайту үшін жаңа жер, жерінің асты-үсті бай тың өлкелер керек. Сондықтан да болса керек, С.Сматаевтің: «До тех пор, пока существовала Казань, дальнейшее движение русской колонизации на Восток по Волге, наступательное движение Европы на Азию было невозможно... Пала Казань, и вся Волга стала рекой Московского государства», — деп жазғанынан көп жайтты аңғаруға болады [3].
Саясат, мейлі, қандай мақсатты көздемесін, ерте ме, кеш пе, сол кезеңге қалам тартқан жазушының дүниетанымымен астасып, жарыққа шығарып, жария болары анық. Ірі қаламгер көп жағдайды қоғам өміріндегі түрлі саяси өзгерістерге, құбылыстарға орай қоғамдық сананы қалыптастыруға күш салады. Сматаев кескіндеген ХVІІІ ғасырда қазақтың ұлттық рухы, мəдениеттілік, бекзаттық аты сөнген жоқ, ол сақталды, себебі адам бойында өмірдегі небір ауыр, алапат жағдайларға қарамастан, өміршең қасиет, рухтың ұлы күші сақталуы қашан да болсын, заңдылық.
Қаламгер С.Сматаев тарихи тұлғаларды сомдау барысында оларға бірыңғай түстегі бояу жағудан аулақ. Адам — пенде. Оның да пендеге тəн күйкі, ұсақ мінезі болады. Романда біршама тəуір жағынан суреттелген Тəуке ханның: «Жоқ! Ел емеспіз. Ұрлық пен қарлық — елдікті даттайтын бадырайып тұрған масқаралық. Əзəзілге ұсынар жолым жоқ. Сұртай батыр бір емес бірнеше бүліктің басы бопты. Өзгені еліктіріп, бүгінді бүлдіріп бітті. Беті бері қарап бейімделген келісімді, орыс пен қазақ арасын тоқайластыратын орайды қиындатып, елден елді бездіріп кетер қылығынан да түңілдім» [4], — деп екіленуі жазушының ел билеген тарихи тұлғаның болмысында да кей тұстарда ұсақтық орын алатынын мегзеуі. Есесіне Ақтамберді жыраудың Қаздауысты Қазыбек биге сұрақ қоюы, бидің жауап қайтаруы Сматаев стилін айшықтап тұрған жай детальдардың бірі емес, ел басына дүрбелең заманда туған зілзалаға билеушіден гөрі, қарапайым халықтан шыққан тарихи тұлғалардың қабырғасы қайысуы егемендігін аңғартатын жайттар.
Ал, Қазыбек бидің қайтарған жауабы Тəуке хан алдындағы айбынды бидің билік айтуы емес, өз жанын да көптеп толғантып жүрген философиялық толғам, терең толғам.
«Қатал үкім, қатты кесім айттың-ау, Ақтамберді. Қызуың басылмай, сабырың ұстатпай тұр-ау. Жадырап жаз шыққан, күлімдеп күн туғандай мерей тірлікті айналаңнан көре аласың ба? Жоқ қой соның өзі. Жазды ызғар буып, күнді мұнар торлап жатыр-ау! Əйтпесе желпіп бие байлап, желектеп келін сайлағанға не жетсін»! — деп ақыра қалды да, атын бірер тебінді [3; 84, 85].
Ұзақтау болса да біз келтірген үзінділерден бірнеше жайтты аңғаруға болады: біріншіден, авторда ұзақ-сонар баяндау сирек кездеседі, қаһарманның жан əлемін, ішкі дүниесін ашу үшін жазушы көп реттерде диалог пен монологқа жүгінеді, екіншіден, жазушы стилін айқындап тұрған шешендік, поэтикалық қуат диалогқа ауысып, стиль тұтастанып кетеді, үшіншіден, аз сөзі, мұңы, ішкі толғанысы арқылы əр тарихи тұлға романның əр тарауында біртін-біртін өсіп, биіктеп, тұлғаланып көрінеді.
«Единица кеткенде не болады өңкей нөл?» (Абай) дегендей, романшы С.Сматаевтың тарихи тұлғаларды жасау ерекшелігінде əлемдік тəжірибеге сүйенгенін байқау қиын емес, себебі адамзат қоғамында лидер феноменінің атқарар қызметі, алатын орны ерекше.
Əдебиеттер тізімі
- Шəріп А. Қазақ поэзиясы жəне ұлттық идея. — Алматы: Педагогика Пресс,
- Қабдолов З. Арна. — Алматы: Жазушы, 1986. — 352 б.
- Соловьев С. Сочинения. — Кн. 3. — М.: Книга,
- Нұрғали Р. Тел ағыс. — Алматы: Жазушы, 1986. — 73-б.