«Драматургия — қазақ əдебиетінде ХХ ғасырдың басында əлеуметтік-қоғамдық факторлардың ықпалымен, ұлттық өнердің тарихи дамуының заңды жемісі ретінде туған жаңа жанрлық түр» [1]. Драматургияның тез өсіп, жедел жетілуіне əсер еткен негізгі дəстүрдің бірі — халықтың сан ғасырлар бойы жинақталған, сұрыпталған, екшелген ғаламат бай фольклоры. Ал драмалық шығармаларда кейіпкер өзінің айтатын сөздері арқылы, сонымен бірге сахнадағы қимыл-əрекеті, жүріс-тұрысы, сонда байқалатын жай-күйі арқылы бейнеленеді. Кейіпкердің жеке қалып айтатын сөзі, бір-бірімен өзара сөйлесуі — бұлар олардың характерін, басқа адамдарға, өмірдегі түрлі жағдайларға қатынасын, қоғамдық мəселелерге көзқарасын сипаттаудың басты тəсілі. Автордың уақиғаға барысын, кейіпкерлердің іс-əрекетін, мінез-құлқын, жай-күйін тікелей өз атынан суреттеп, баяндап беруі жоқтың қасы. Біз болып жатқан, өткен оқиғаларды кейіпкерлердің айтуынан біліп, сол кейіпкердің көзімен көріп, кейіпкердің хал-жайын, сағыныш, қуаныш-қайғыға берілуінен, ойлау-сезінуінен байқаймыз.
Əлеуметтік өмір қоғамнан тыс өмір сүрмейді. Қоғамдық факторлар: аласапыран оқиғалар, таптық шайқастар, түрлі қоғамдық-əлеуметтік көзқарастар.
Жалпы драматургия — ұлттық өнердің тарихи дамуының заңды жалғасы дегеніміз — өнердің түп негізі, қайнар тұмасы, бастауы — халықтың өзінде жатады. Түрлі тамаша аңыздар, эпостық шығармалар мен сюжеттер, характерлер қазақ драматургтерінің алғашқы буыны үшін байтақ қазына, кеніш ырыздық болатын.
Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Əуезов, Жұмат Шанин, Ғабит Мүсірепов сынды қаламгерлер қалың елдің ықылым замандардан бауырына басқан дүниелеріне құр ие бола салмай, оларды биік зерделі дүниетаным, реалистік шеберлік, зор таланттың күшімен жаңғыртып, өрнегіне-өрнек, бояуына-бояу қосып, жандандыра түскен.
Ұлттық əдебиетіміздегі уақыт сынына төтеп берген, əсерлілік қуатын жоймаған, ең үздік пьесалар — эпостық материалдар негізінде туған шығармалар. Бұл құбылыс өнердегі халықтық сарындар, ежелгі дəстүрлер өміршең екендігін, жаңа түр, жаңа қалып бір күнде, бір сəтте аяқ астынан туа салмайтынын тағы айғақтай түссе керек.
Кейіпкер таңдау, сюжет қалау, өмір материалдарын сұрыптау мəселелеріне келгенде, қазақ драматургтергі өздерінің алғашқы қадамдарынан бастап екі арнаны қатар алып жүрді. Бірі — эпостың ізі, тарихи аңыздар, биографиялық сюжеттер, екіншісі — заман жəне өмірдің көкейкесті мəселелері. «Еңілік–Кебек», «Арқалық батыр», «Майдан», «Шернияз», «Ақан сері–Ақтоқты» — осы тұжырымның дəлелі.
Уақыт озған сайын қадым замандар дүниелерін өзек ете отырып, шығарма жасау дəстүрі əлсіреп, өз кезеңінің мəселелерін арқау еткен туындылар саны молая түсті.
Осы орайда суреткер Зейін Шашкиннің шығармашылығы туралы бірқыдыру соны пікірлер айтуға болады.
Қазақ драматургиясының бүгінгі дамуындағы жақсы бір құбылыс адам психологиясын ашуға ұмытылу екендігіне Зейін Шашкиннің «Ақын жүрегі» пьесасы жақсы айғақ бола алады. Көп сахналық шығармалар салған жерден диалогтан ақсап жатады. Бірінің бетін бірі жыртып, ұрсып, айғайлап қоя беретін кейіпкерлер сөзін естігенде, мазасыз, кесірлі үйге енгендей боласың. Өмірден көріп, біліп ұшырасып жүретін адамдарыңа мүлде ұқсамайтын, бар сырын, бар ашуын қолма-қол ақтарып тастайтын даукес, қызыл өңеш кейіпкерлер мезі еткендіктен де шығар, жұмбағы жан түкпірінің тереңіңде жататын, ашынса да кісіліктен арылмаған бейнелерге бірден іш тартасың.
«Ақын жүрегі» драмасы ең алдымен психологизмге ден қойғандығымен қызықты.
Өнерпаз бейнесін жасауда қазақ əдебиетінде біраз тəжірибе жинақталған. Драматургиядағы соқталы бейнелер Шернияз, Сырым, Абай, Ақан сері — бəрі де ақындар. Əсіресе Сырым мен Ақан серінің романтикалық серпінді əуенде жазылған, кемерінен асып төгіліп жатқан толғаулары қазақ драматургтерінің көбіне стильдік жағынан ықпалды əсер еткені рас.
Шашкиннің «Ақын жүрегі» пьесасындағы Жұмат монологтарынан осы дəстүр айқын аңғарылады. Пьесада сырын мəнермен, ырғақпен, ойын тұспалмен, астармен емес, шашып-төгіп, тебіреніп, жарқыратып жайнатып, сыр мен ойды, сезім мен байламды қатар өрген ақын мінезі бар. Оның сөзі шұбырта жөнелген төкпе жыршының термесі іспетті ұйқасып, айшықтанып шыға келеді. Бірақ қасындағы адамды көп елемей алып қашып, аспанға шығып кететін кездерінде, пьесаның драмалық арқауы үзіліп, құр бос сөз шыға келеді.
Суреткерлік талапты, əсіресе роман жанрында айырықша танылған Зейін Шашкиннің шығармашылығына тəн сипат түр жаңалығын қарастыру, бұрын із түсе қоймаған тақырыпты жаңа қырынан алып бейнелеу талабы драмалық шығармаларында да жиі ұшырасады. Эпикалық туындылар мен кинода қолданылатын прологты автор «Ақын жүрегі» пьесасында орынды пайдаланған.
Асылында жол үсті адамды еріксіз ойға шомдырады. Көз алдыңнан бұлдырап өтіп жатқан тау- тас, өзен-көл, бұлт-сағым тіршіліктің де тұрақсыздығын, өмірдің өткіншілігін, пəнидің сырын мегзегендей; жалғыз болсаң мұндайда кешегі күндер, базарлы шақтар, қайдағы мұң еске түсіп тұнжырайсың; сезімтал жолаушы кездессе, мұндайда шартарапқа көз салып, ой бөлісіп, сыр бөлісіп бір жасап қаласың.
Əрине, егде тартқан ақын көлденең кездескенге салған жерден ақтарыла салмақ емес. Жұматтың Нəзипаға кешегі соғыс сұрапылындағы бастан кешкен хикметтерін айтып беруі тебіреністен, ерекше толқудан туған жағдай. Жұматтың өткен күндерін көзге елестетер монологында талантты ақын, əйгілі партизан Жұмағали Саин өміріне ұқсас жайттар мол кездеседі.
«Ақын жүрегі» документалды шығарманың саяз деңгейінде қалып қоймаған. Мұнда өмір жəне жеке деректер автордың суреткерлік идеалы тұрғысынан əбден сұрыпталып, қорытылған. Драматургтың мақсаты Жұмағали Саинның өмірбаянын бейнелеу, ғұмырнамасын жасау емес, психологиялық тартыстар үстінде көрінген мінез тартыстары арқылы өзегін жарып шыққан көкейкесті сырын айту.
Пьесадағы оқиға əр жерде өтпей бір орында өтсе, көрерменнің назар, ықыласы күшейе түспек деген классицизм əдісінің қағидасын ұстанған ертедегі драматургтер ғана емес, алып отырған өмірлік материалдың ыңғайына, шығарма идеясына сəйкестікті бүгінгі қаламгерлер тəжірибесінде қолдануды «Ақын жүрегі» драмасынан көреміз.
Облыстық аурухананың бас дəрігерінің үйіне қонақ келмек. Алыс қырдың астында қалған жастық шақты бірге өткізген достар: ақын Жұмат, дəрігер Есен. Институт бітірген қызы бар қырықтың ішіндегі Шəрбан жүрегі алай-түлей: көзден кетсе де көңілден кетпеген ескі күндер қайта еске түскендей. Шаңырақ иесі Нəби қатулы: құшақ жая қарсы алар сыңай танытпайды.
Əрекетті қонақ келер алдындағы үй-ішінің əбігерге түсуінен сабақтап алған драматург анасы мен қызы арасындағы қызықты диалогтардың үстінен түсіреді. Бүгінгі заман тынысы, тіршіліктің көп сырын кітаптан, кинодан ерте біліп алу қазіргі жастар мінезіне ерекше сипат бітіргендей. Баз біреулер əлеуметтік, азаматтық кəмелеттен гөрі балиғатқа ерте жетіп, ес біліп етек жаппай тұрып аяғын дүниеде шалыс басады. Ал біреулердің жастық албырттықтан, адалдықтан гөрі кекселік кемелдікті сүйіп, күйіп кетуінен гөрі есептеп өлшеуі, таразылап таңдауы басым жатады.
Мезгіл ырғағын байқағыш суреткер кейінгі буын өкіліне тəн сабырлылықты дəрігер Нəзипа қыз бейнесі арқылы көрсетпек болған.
Жастары алшақ жандар арасындағы сүйіспеншіліктің иірім сырларын Шекспир, Чехов, Хемингуэй сынды классиктер терең бейнелеген. Бір қуаныш, бір қайғы, бір романтика, бір трагедия қатар жүретін күйлерді суреттеу үшін нағыз шеберлік қажет.
Нəзипаның əкесімен құрдас, бір кезде шешесіне көңілі кеткен, қилы заманды бастан кешкен адамға ынтызары аууын өмірде кездеспейтін жайт деу, бұл моральға кереғар нəрсе деп келте қайыру солақайлық болар еді. Келбетті, мүсінді, ойлы еркекті бір көргеннен жүрегі тулап шыға келген қыздың алды-артына қарамай, тəуекелге бел буғандай қалпы бар.
Драматург Нəзипа мен Есеннің арасындағы байланысты шағын көрініспен тиянақтағандай болады. Жас сұлу есірік жігіттен егде еркектің ақылын жөн санап, өмірден татқан ащысы мол, түйген байламы көп жанды қалайды екен. Ал егде еркек жас арудың тентек жүрегіне ие бола алмаймын деп қорқады, өйтпесе неге қашсын.
Жұмат, Есен, Нəби, Шəрбан өмірлерінің ерекше мəнді кезеңіне қатысты өткен бір оқиға жотасы қайта-қайта, қылтиып көріне береді. Кең жайылған дастарқан ашық жарқын əзіл-күлкі, сый-сияпат — бəрі де оны ұмыттыра алмайды.
Драматургтің өмір жолы мен шығармашылығы жайында академик-ғалым Р.Нұрғали: «Өнердің ұзақ бəйгесіне енді түсем, бауырым жазылып, кеңге сілтеймін деп жүрген шағында еріксіз тұсалып қалған талантты Зейін көп жылдар қалың тұманда адасып, шалғай кетіп, шет жайлап барып, өз үйіріне басқалар белден асып кеткен кезде, өмірі енді еңкейе бастаған шағында қайта қосылды. Оның шығармашылығына тұтас көз тастағанда, талай уақытын өткізіп алған, енді қайтсем қарпып қалам деген жанның асығыс қомағайлығын, содан туған кейбір атүстілікті, тереңдетер, əшекейлер тұста жалғыз сызық, бір бояудың жетпей қалар сəттерін көруге болады,— дейді [2].
Расында да «Ақын жүрегі» пьесасында драматург қатар жүріп, бірге ойнап, бірге күлген достардың басына өмір қатері төнгенде, «кім қалай басты, қайда тартты?» деген сұрауларға жауап іздеп қоймайды, сондай-ақ адамгершілік сыналар тұстағы мінездердің құбылысын бейнелейді. Опасыздық пен сатқындық, өлім мен өмір бетпе-бет келген соғыста ғана емес, бейбіт тіршілікте де болып жататынын көрсетеді.
Сырт қарағанда төрт құбыласы түгел жандар кездеседі, басында — үйі, бауырында — қазаны, алдында — малы, жанында — отбасы бар жұмыр басты пенде бұдан артық не тілейді деп шүкіршілік қылады. Облыстық аурухананың бас дəрігері, заманында министрдің орынбасары болған, ізін басып келе жатқан қызы қандай, қырықтың үстіндегі ажары таймаған əйелін айт — Нəби бақыттылығын сипаттауға осылар да жетіп жатыр.
Сондай бақытты адамның рухани дүниесін бірер сағатқа келген қонақтары астаң-кестеңін шығарды.
Мезгілсіз шақта бейкүнə қудаланып Итжеккен асып кеткен Есен соңғы түнді ұмытпайды. Айтқан сөзі, оқыған өлеңі, басқан қадамына дейін Жұматтың жадында сақталған. Жалақор кім? Жайқалып өсіп келе жатқан өрімталды көктей орған кім?
Ешқайсысы Нəбиді көзге шұқып, басқа салып қалмайды. Жылдар өтер, буындар ауысар, біреу өрлеп шыңға шығар, біреу зымырап құзға құлар, сонда талай нəрсе кешілер, көп қиянат ұмытылар, бірақ тірлік жолына қол ұстасып бірге шыққан досыңнан көрген қиянат ұмытылмас та кешірілмес, бейдауа дертке айналып, жүрекке шемен боп қатып, о дүниеге өзіңмен бірге кетер.
Өткен күнде жасаған қылмыстың зіл батпан салмағы кеудесін езіп, жанын азаптаған күйге түскен Нəбиді ескі достары — Жұмат, Есен жүйелі сөзбен тұсап, еріксіз жерге қаратады.
Ауру жүрек шыдатпай, Нəби күнəһарлығынан ары күйген ақын Жұмат құлайды.
Пьесаның екінші бөліміндегі тартыс қолма-қол, асығыс шешім қабылдау керек шұғыл операцияға байланысты өрбиді. Кейіпкердің мінезі, адамдық келбеті осы қадамға қатынасына сəйкес көрінеді.
Бұрынғы зобалаңды еске түсіруге құрылған драмалық əрекетке енді өлім үстінде, ауру қыспағында жатқан адамға тəуекелге бел буып, басыңды қатерге тігіп, арашашы болу яки қиындықтан, жауапкершіліктен қашып, басқаға сілтей салу пиғылдарының айқасы қосылады.
Өзі көзбен көріп, қолмен ұстаған дүниелер, тіршілікте мұрат тұтқан мамандық ерекшеліктері жазушы шығармаларында əр түрлі ыңғайда көрініс береді. Етжақын өмір нысанын тақырып етіп алып, кəсіп қалыбынан туатын психологиялық дара сипаттарды дəл бейнелеу жиі кездеседі. Қазақ əдебиетіндегі бұл құбылысты ұзақ жылдар дəрігер болған Зейін Шашкин шығармашылығынан анық аңғаруға болады. Мамандық аясына қатысты туған мінез-құлықты тиянақты суреттеген.
Жүрек операциясына байланысты дəрігерлер — Нəзипа, Есен, Еркін, Генриэтта түскен əр түрлі сезім күйлерін драматург бөгде адам аңғара бермес, тек өз ісінің маманы ғана көзі шалар дəлдікпен көрсетеді. Дəрігердің жұмыс үстіндегі қатқыл мінезі, сөйлеу ерекшеліктері, кəсіби қимыл- қозғалыстары сенімді бейнеленген.
Операция кезіндегі қылығы арқылы Нəби мінезі жақсы ашылған. Ол үшін аруақты ақын Жұматтың тірі қалу-қалмауынан гөрі өз басының амандығы, қызметінен сырғып түсіп кетпеуі маңыздырақ. Хал үстіндегі адамды Алматыға əкетіңдер деген сөзді жаны ашығандықтан емес, жауапкершіліктен қашып, не көрсе де басқа көрсін деп айтып отыр. Бұл қара басының қамынан өзгеге селт етпейтін тоғышар, менменнің кескіні, іс оңға басайын деген кездегі қалпын көріңіз:
«Тыңдап тұрмын. Иə, Нəби! Кім дейсіз? (Даусын өзгертіп). Ə, саламатсыз ба, жолдас секретарь! Операция жақсы аяқталды. Оқ алынды. Ерлік дейсіз бе? Əрине, біздің бала да жанын салды-ау. Хирургтің алтын қолы өлім аузынан қайтарды деген осы» [3; 295].
Əуелде ат-тонын ала қашып, беті ары қарап кетсе, пəлесіне қалмайын деген кісі, енді абыройға еншілес, жақсы атаққа ие болмақ. Жұмат көз жұмғанда, Нəби тағы өзгеріп сала береді: «Осында құдайдың зарын қылдық: «Жасама, жасама, операцияны!» — деп. Құртты-ау мына қыз!.. Обкомға не деймін, бетім-ау!..» [3; 302].
Драматург кейіпкерлер мінезін психологиялық тебіреністер арқылы ашпақ болған ниетіне үнемі жете бермейді. Егде тартқан ақын Жұмат пен салиқалы əйел Шəрбан арасындағы айтылатын сөздер тым əсіре қызыл, мөлшерден артық жылтыр сөздер. Кірпік қағуы қиындап кеткен сəтте Жұматтың үздігіп өліп-өшуі адамды мүлде иландыра алмайды. Сахналық эффект үшін демесе, Жұмат ойын дауыс арқылы беру пьесаның драмалық материалына қабысып тұрған жоқ.
Суреткердің «Ақын жүрегі» пьесасындағы кейіпкерлер — түрлі характердің, түрлі мінездердің адамдары. Бұл шығармалардың өмірлік материалдары сұрыптау əдістерінде, стиль қалпында, колоритінде, өзіндік ерекшеліктерінде көрінеді.
Дегенмен де достық парызы, адамгершілік мұраты идеясын психологиялық арнада бейнелеген З.Шашкиннің «Ақын жүрегі» пьесасын бүгінгі қазақ драмасының ізденіс жолындағы бір үлгісі деуге əбден болады.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақ əдебиеті энциклопедиясы. — Алматы: Ғылым, 1999. — 207-б.
- Нұрғали Р. Драма өнері. — Алматы: Жазушы, 2005. — 398-б.
- Шашкин З. Шығармалары. — 2-т. –Алматы: Жазушы,