М.Əуезовтің тағдыр талайы еректеу шығармасының бірі — «Қилы заман». Бұл кітап автордың ойға алған трилогиясының бірінші бөлімі болса керек. Жазушы 1917 жылғы революцияны, 1918 жылғы азамат соғысын зерделеп, тұтас дүние жасауды мақсат тұтыпты. Көңілдегі трилогияның жазылуына кітаптың бірінші бөлімі қалам тартқан автор ойын сансыратқандай.
«Қилы заман» 1928 жылы Қызылорда қаласында жарық көрді. Шығарманың алғы сөзін баспа атынан Ғабит Мүсірепов жазған, жанрын «роман» деп атаған. Алғы сөзде 1917 жылдың оқиғасында ұлт қозғалысының, ұлт ішіндегі топ тартыстарының, бай мен болыстың, тілмəш, төрелердің сұмдықтарын, ұлтшыл оқығандардың жақсы-жаман істерінің бəрін де ашып жазу, дұрыс суреттеу керек еді. Бірақ жасыратыны жоқ, мұны жазып отырған Мұхтар бізге түгелімен берілген, бізге тəн адам емес. Мұхтардың бұдан бұрынғы жазғандарының көбі ескі сарын. Ол əлі күнге дейін ескіліктің жырын жырлап келеді дейді де, Ғабит Мұхтарға қарата «аты басқа, заты бөлек, беті теріс адам» деген сөздер қосады [1; 13]. 1929 жылы 14 сəуірде «Еңбекші қазақ» газетінде Б.Əбдірайымұлының «Қилы заманға сын» атты мақаласы басылды. Мақала түйіні шығарманы қоғамда жат туынды, идеясы кеңес бағыты емес дегенге саяды, сөйтіп, «Қилы заман» құрықталды. Ұзақ жылдар «Қилы заманның» атын атауға тыйым салынды. «Қазақ əдебиеті» газетінде 1967 жылы 1 қыркүйекте басылған «Қилы заман» қандай туынды?» деген Рымғали Нұрғалиевтің мақаласы басылды. Бұл «Қилы заманды» ұмытқан, ересек ұрпаққа тіпті атын да естімеген келесі буынға таныстырған, табыстырғаны үшін де қымбат мақала.
Осы мақаладан кейін Ғабит Мүсіреповтің «Қилы заманның» жолы ауырлап кету себептерін, өзі жазған алғы сөздің араша сөз екенін ұқтыруға ынталанып: «Ресми қызметте отырған кісіге, əсіресе ол кезде қоңырауы бар адамның шығармасы туралы ағынан жарылып пікір айтуға болмайды, мақтау жағынан сақтық қажет... Мұхтар шығармасы шалға бармаймын деп жылаған қыз, байдан қорлық көрген кедей хикаясын, ауыл арасының үйреншікті итжығысын емес, Россия мен Қазақстан қарым- қатынасының күрделі кезеңін көрсетіп отырса, отаршылдық тепкісіндегі елдің трагедиясын айтып отырса, ондай намысты туындыға қалай ара түспейсің?» дейтіні бар [1; 13].
«Қилы заман» қырық төрт жылдан кейін 1972 жылы «Новый мир» журналында Шыңғыс Айтматовтың алғы сөзімен жарық көрді. Ш.Айтматов алғы сөзінде «Қилы заманды» заман ығына икемдеу үшін шығармадағы оқиғаны М.Əуезов «Өз кезеңінің алдыңғы қатарлы, революциялық таптық позициясы тұрғысынан жасаған» дегенді айтады [2]. Бұл пікірді де «шығарма орысқа қарсы жазылған» дейтінді айналып өтудің қисыны деп ұққан жөн, əйтпесе «Қилы заманда» тапқа бөліну, бай-кедей болып жарылу, жіктелу басты тақырып болып суреттелмейді.
Бұл тұста Мүсіреповтікін де, Айтматовтікін де қайтсе де «Қилы заманды» халықтың құлағына, жүрегіне жеткізудің амалы деп түсіну керек, уақыт екпіні солай еді. Араға екі жыл салып барып 1974 жылғы «Жұлдыз» журналының № 8 санында Əди Шəріповтің алғы сөзімен қалың қазақ оқырманы «Қилы заманмен» қайта қауышты.
Бұл шығарманың жазылуына Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ілияс Жансүгіров, Иса Байзақовтың повесть кейіпкері Серікбайдың əйелі Көкшегірдің (шын аты Қаныке) ықпалы болғаны жазылып жүр. М.Əуезовтің қызы Лəйлə Əуезова «История Казахстана в творчестве М.Ауэзова» еңбегінде: «1926 жылы Қарқараға барып келген Əміре Қашаубаев пен Қалибек Қуанышбаев жазушының Қарқара жəрмеңкесінде болған оқиғаға ықылас-назарын аударды», — дейді [3].
«Қилы заман» туралы жазылған Тұрсын Жұртбайдың «Бейуақ», Дандай ЬІсқақұлының «Талант пен тағдыр» кітаптары, Зейнол Бейсенғалидың «Қилы заман» ұшыраған зобалаң», Бақытжан Майтановтың «Қилы заман» — тарихи туынды», Қазтай Ұлтарақовтың «Қилы заман» хикаясы қалай жазылған?» мақалалары көп жайларға қанықтырады. Шығарманың бас кейіпкерлерінің бірі Ұзаққа «бұғалықтың түскені, əлдеқашан емес пе еді» дегізетін орыс-казактардың қазақ жерін жаулауы, елді əлеуметтік-экономикалық, рухани-моральдық тұрғадан тұралатуы, болмай қоймайтын көтерілістің пісуін жеткізген еді. Отаршылдықтың зардабы асқынып тұрған кезде 1916 жылғы патша жарлығының шығуы халықты шарасыз болса да бұлқынып қалуға итермелеп еді. Өкіметтің əлпештеуінде болып «жауым қазақ-қырғыз» деп мылтық ұстап қаруланған орыс-казактардың қазақ елін қалай қансыратқанын талай ақын-жазушылар шығармаларына өзек етті.
Əуезов те айтулы кезең 1916 жыл оқиғасына қатысты тарихи тұлғаларды əдеби кейіпкер етіп, мəңгі есте қалдыруды парыз санағандай. Ел бұлқынысының сан алуан толқынын жазушы көркем тілмен жеткізген. Шығарма тілі төгіліп тұр. Бұны туындыда кең көлемде орын алған авторлық баяндаудан да, кейіпкер диалогынан да, монологынан да байқаймыз. Іштеріне қан қатқан елдің мұң- зарын, отаршылдық зауалдарын жазушы қазбалай, мəтін астарына ой жасырам деп əуереленбей еркін көсіледі. Шығарма жазылған кезең — əдебиеттің аяғына темір қақпан əлі кілтін салмаған тұс. Осындайда шығарманы автордың қайта өңдеуіне мүмкіндік болмағаны да оңды болды ма деген ой келеді. Осы шығармамен тұстас жазылған дүниелерін автор кейін қайта өңдеп, саясаттан сытылудың дəрменін іздестіретіні де шындық.
Шығарма басында көрінетін екі басты самұрық бейнелеген ақ жалауды автор «қомағай озбырының айқын тұрған белгісі» деп мегзесе, «Бай, момын елдің мол денесі обырдай обып жатқан қомағай ұртқа бойындағы тəтті, дəмдісін иігендей төсеп жатыр» деген кейіптеу астарында отаршылдықтың құлдық сананы мойындату əрекетіндегі айласы, күші, бас идіріп, дəрменсіздендіруі жатыр. М.Əуезов сол бір зобалаң тұстағы шындықтың суретін боямсыз, дəл беруді алдына мақсат еткен. Шығармада басты көзге түсетін нəрсе, ой ағымының көптігі, кейіпкер ойы, автор ойы, бірін- бірі жетелеп отырады. Шығарманың басты кейіпкерлерінің бəрі өмірде болған адамдар. Ұзақ Саурықұлы (атақты Сауық батырдың баласы), Жəмеңке Мəмбетовтер — Қарқара қазақтарына қадірлі жандар. Жəмеңке топта сөз бастаған, аузына елді қаратқан, Жетісу қазақтарының ғана емес, көрші қырғыз ауылдарының да ақылманы. Жазушыны тəнті еткен Жəмеңкенің айтарын кімнің алдында болсын тайсалмай айтатын өжеттігі мен айтар мұңының ел мұңымен үндесуі болса керек. Жəмеңкенің «Баяғы өткен ата-бабаның абырой бағын бізге берген жоқ» деуі оның өкініш пен мұңының бер жағы. Отаршылдық құрығы енді қазақты тыпыр еткізбейтінін сұңғыла қарт сезеді де, өзгелерге сездіреді де. Жəмеңкенің де, өзге кейіпкерлердің де ой əуендері, сезім-түйсіктері, іс- əрекеттерінде бұқпантайлық жоқ, кіммен болса да шайқасқа əзірлігін жасырмай, азаттық аңсаған ойларын жайып салады. Жауапқа келген Жəмеңке прокурор алдында қаймықпай: «Жерді алды. Қонысты алды. Ел күнін көріп отырған суды алды, өз жерімізді сатты» деп отаршылдық зобалаңын жайып салды. Көтеріліс басшысы Ұзақ бойында батырға тəн мінездің бəрі бар. Көп сөйлемейтін тұйықтығы да, сөйлесе кесіп айтар өткірлігі де, айтқанынан қайтпайтын қайсарлығы да, шындыққа тура қарайтын турашылдығы да, елдің бəріне өзіндей сенетін аңғалдығы да, оның болмысында. Ұзақ отарлаушы саясатқа қарсылығын патшаның жарлығы жарияланғаннан кейін ашық та, ашына айтады. Ағасы Тұңғатар үстем күшпен соғысудың арты жақсылыққа апармайтынын, батырдың өзіне ғана емес, айналасына, туыстарына да зардабы зор екенін айтып сақтандырады. Оны өзінің туыстық парызы деп санайтынын да жасырмайды. Тұңғатардың бұл қамқорлығы Ұзаққа қызы Бекейдің өліміне оның қатыстығын еске түсіріп, қайғысын жаңалайды.
Оқырманын «өне бойы тер сасыған семіз пристав» деумен-ақ жирендірген Ақжелке де «олардың малын жерімізге түсті деп қуалайсың, сендерде жер бар ма? Жер патшанікі» деп зекиді. Жалпы адам баласы үшін жер-су тіршілік көзі, қасиеттінің қасиеттісі. Ал онан айдың, күннің аманында айрылып, жатқа жалтақтау, түбінде жалпыхалықтық бұлқынысты тудырады деген ойдың ұшығын да жазушы шығара кетеді. Жəмеңке, Ұзақ, Əубəкір сияқты бетке айтып, шет қимылға бекінгендер саны патша жарлығынан кейін көбейіп, ел тұтасты. Шығармада кімдер екені түстелмей, көп дауысты лебіздер, кіжінген дауыстар арқылы елдің жапырыла дəрменсізденуін суреттеу алапат апаттың болатынын сездіргендей. Ұжымдық хаос бой көтереді, бұл тұста зердешіліктен гөрі сезім басым болатынын автор шынайы суреттейді. Ұлттық көрініс беретін тұстары да бар: мысалы, жағдайға тез икемделе алмайтын қазақи жайбарақаттылық повестің əр тұсында көрініс береді. Жазушы шығармада халық ішіне түскен жік, бай-кедей деп емес, ар мен адамшылық жігі дегенді байқатады.
Орысқа бір көзбен, қазаққа басқа көзбен қарайтын тілмаштардың бейнесін беруде автор метафоралық тіркестерді ұтымды қолданады «кеудесінде ит өлгендей, сасып-бықсыған арам өзімшілдікпен бірге, ерекше, жақсы үйлескен бітеулік, сезімсіздік бар еді. Ар маңдайы көн терідей қалың еді» [4; 264].
«М.Əуезов зор тарихи-əлеуметтік оқиға өткен жердің табиғи əсемдігіне тамсану арқылы соншама байлықпен ырысқа ие болған халық өміріндегі ілкі дəуірге сабақтас ерлік пен күрес нəтижелерін алдағы қатыгез əрекет пен салыстыру тəрізді апперцепциялық үрдістердің сілемінен де хабардар береді [5].
Табиғат пен адам арасындағы үзілмес байланысты автор шығармада үнемі еске салып отырады. Шығармадағы пейзаж, кейіптеу Əуезов көзімен аңдамағаныңды аңғартады. Ұзақтың қызының қазасына қатысты ішкі алпарысын берген тұста, мынандай пейзажға орын береді: «Кейде бергі беттегі дəл желкедегі тоғай, қара быжырық болып, жас ойға түскен қайғыдай көлеңкеленіп, көкшілденіп жүдеп кетті».
«Желкедегі тоғай» қазақ жастарының символындай, оның «жас ойға түскен қайғыға» теңелуінде де уақыт табын сездіретін астар бар. Автор су сойып кеткен тау бетін «түйілген қабақтың арасындағы ежелгі суық əжімдей» деп бейнелейді. Мұндағы «ежелгі суық əжімде» де отарлаудың бұрыннан келе жатқан зобалаңы мен зардабын мегзейтін символ жатыр. Жазушы тау бөктеріндегі сайды, сай-қайғы, мұң-сайы» деп суреттейді. Тұтастай алғанда Əуезовті суреткер ретінде танытатын «Қилы заманда» автордың романтизмге мойын ұсынатын тұстары бар. Бұл борап тұрған оқтан тайсалмаған көтерісшілердің өрлігін суреттеуде, Ыбырай бастаған қызыл бөрік жігіттерінің қапиядан жол тапқан сұңғылалығын бейнелеуде байқалады. Сол жерде соңғы қазақ қалғанша жусатып алуға əзір тұрған пулемет пен мылтықтан серпіліп төбе тасалаған көтерісшілердің қимылын автор сүмірейте суреттемейді, қайта осы əрекеттерің алдағы жеңістердің бастауы дегендей кейіп танытады. Автор осы тұстағы жəрмеңкенің тыныс-тіршілігін «күні бойы ел жиынының көрсеткен мінезі бұндағы жұртты қатты сескендірген болатын. Сондықтан жəрмеңке ішінен шығып, ел тобына қарсы барып, қарсы шабуыл жасауға жарайтын ешбір əскер, ешбір жан шыққан жоқ-ты» деп көтерісшілердің мысы басқанын баяндайды. Шығарма соңында туған тау тасы енді пана болмасын ұғынған ел бар пəленің басын жəрмеңкемен жақындастырып, оған өрт қояды. Қытайға үдере көшкен жұрт соңында
«Артында қара түтін болып жəрмеңке қалды. Иесіз болып қаңырап Алатаудың жайлауы қалды... жұрт қалды... момындық күн қалды... ата қоныс мекені қалды... қора-қора қой қалды... көршілер де қалды... далашықтың байы Дəулетбақ қалды... Тұңғатар бай қалды... тілмаштар қалды... Оспан мен Жебірбаев қалды... [4; 330]. Осы тұста «қалды» сөзін автор сан мəрте қайталау арқылы халықтық қасірет, қимастық пен өкініш бұлтының қою екенін, қазақ жерінде бұл қалғандардың легінде қайшылықтардың қоса қалғанын сездіреді.
Жазушы «Қилы заман» қыспағын қайта қайталай жазу болашақ бұлқыныстарға жетелейді деген ықласты ұстанған.
М.Əуезов қазақ жеріндегі ХХ ғасырдың басындағы отаршылдық саясаттың күшейіп, қысымның түрі түрленгенін, оған 1916 жылғы патша өкіметінің қазақтан əскер алу жөніндегі жарлықтың қосылып, елді əбігерге салып, үрей мен қорқыныш билегенін, халық мұңын қаза жазан. Бұл шығарма автор көкірегіндегі қатпарлы ұлтық күйініштің лебін, қайғысын айту арқылы ұлт тарихындағы қадау- қадау шындықтардың тиегін ағытады.
Əдебиеттер тізімі
- Жұртбаев Т. Бейуақ. — Алматы: Қазақстан, 1990. — 304 б.
- Айтматов Ш. Алғы сөз орнына / Əуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. — 2-т. — Алматы: Жазушы,— 14-б.
- Ауэзова Л. История Казахстана в творчестве М.Ауэзова. — Алматы: Жазушы, 1997. — С.
- Əуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. — 2-т. — Алматы: Жазушы, 1979. — 436 б.
- Майтанов Б. Қилы заман — тарихи туынды / Қазіргі əдебиеттану мен фольклористиканың өзекті мəселелері. — 3-кіт.—Алматы: Қазақ ун-ті, 2006. — 13-б.