Адам образы — əрбір көркем шығарманың жан-жүйесі, негізі. Əдебиеттану ғылымында ұнамды тұлғаны зерттеу мəселесі ешқашан назардан тыс қалған емес. Ұнамды қаһарман бейнесін суреттеу — əдебиет тарихында көне дəуірлерден келе жатқан əдеби-эстетикалық үрдіс. Əр кезеңнің əдеби даму ерекшеліктеріне, халықтың ұлттық болмысына, сол дəуір мен қоғамның саяси-əлеуметтік ұстанымдарына қарай əдеби-көркем шығармалардағы ұнамды кейіпкер тұлғалары авторлардың өмірлік дүниетанымдары мен көзқарастарына сай əр алуан мазмұнда тұлғаланады. Өмір шындығын кейіпкер бейнесі, жан дүниесі, туындыдағы адам мен қоғам арасындағы тартыс пен сабақтастық арқылы қайшылықты кезеңді суреттеу, қаламгерлердің сол заман тұлғасын көркем əдебиетте сомдау ерекшеліктері əдебиеттану ғылымында əрдайым өзекті болып келді. «Ұнамды образ жасау мəселесі бірыңғай жақсы қасиеттерді бір адамның басына үйіп-төгумен, яки тізіп айтумен шешілмейді. Ол осы адамның бойына табиғи сіңген, характеріне сыйымды, жан жүйесіне жарасымды қасиеттер болса ғана келіседі, сонда ғана олар ұнамды, əсерлі, көркем образ жасайды. Оның үстіне жақсы қасиеттер автордың баяндауымен емес, іс-əрекетте, күрес-тартыста, характерлер қақтығысында нақты түрде көзге түсуі керек. Ол үшін өмір шындығы барлық қайшылығымен көрінуге тиіс» [1; 372], — дейді ғалым М.Қаратаев. Ұнамды қаһарман сомдау дəстүрі ауыз əдебиетінен басталатыны белгілі. Дəстүр жалғастығын белгілі ғалым Ж.Дəдебаев ойымен пайымдасақ: «Əдебиет тарихында белгілі кезең мен кейінгі, неғұрлым жоғары дамыған, кезең арақатынасы немесе белгілі əдеби кезең табиғатын танытарлық үлкен творчестволық жеке тұлға мен соңғы қаламгерлер арасындағы қатынас, қалай болғанда да, дəстүр мен оның жалғасуы немесе дəстүр мен жаңашылдық арақатынасы, сөз жоқ, қозғалыспен, дамумен сипатталуға тиіс. Дəстүрдің жалғасуында, жаңғырып, жаңашылдыққа ұштасуында қозғалыс, даму болмаған жағдайда ешқандай дəстүр де, оның жалғасуы да көріне алмайды» [2]. Мəселен, М.Атымов қазақ ауыз əдебиеті батырлар жырындағы кейіпкерлер XVIII–XIX ғасырларда тарихи шындықта болған Сырым, Исатай, Махамбет, Бекет, Иса мен Досан, тағы басқа батырлар бейнесімен ауысқанын, кейін Əліби Жангелдин, Тоқаш Бокин, Сəкен Сейфуллин, Ғани Мұратбаев сияқты революционер бейнесімен ұласқанын, ал, ертегілердегі ақылына көркі сай, Кенжекей, Күнікей, батырлардың серігі болған Гүлбаршын, Ақжүніс, Құртқа асыл махаббат символына айналған Қыз Жібек, Айман, Баян сұлу образдарын бейнелеуден басталып, ХХ ғасырда Қамар, Шұға мен Раушан, Сұлушаш пен Ботакөз, Бəтес пен Гүлнар, Зере мен Ұлжан, Тоғжан мен Əйгерім, Айша мен Сəуле, Жазира, Ақтамақ сынды ұнамды əйелдер образы тұлғаланғандығын айтады [3].
Ұнамды кейіпкерді сомдау кеңес дəуірі кезінде де өз арнасымен дами отыра, романдарда орталық қаһарман ретінде дəуір жүгін арқалай бейнеленді. Кеңес дəуіріндегі əдебиет — жазба əдебиет дамуының жаңа кезеңі. Бұл дəуірдегі əдебиетте роман жанры қалыптасып, тың образдар тудырған шығармалар дүниеге келе бастады. «Совет əдебиеті — дүниежүзілік əдебиет дамуында жаңа дəуір бастаған жаңашыл əдебиет. Ең алдымен, ол əдебиеттің мазмұнын жаңартты. Жаңа қоғам орнатып жатқан халықтың тосқын күші, көтеріңкі көңіл–күйі, ұлы мақсат жолындағы күресі, коллективтік еңбегі совет əдебиетінің негізгі мазмұнын белгіледі. Сол жаңа мазмұнға лайық əдебиет формаларын жетілдірді. Осының арқасында совет əдебиеті дүниежүзілік əдебиетке жаңа тақырыптар мен образдар алып келді. Совет əдебиетінің басты кейіпкері — адамзаттың жарқын болашағы үшін күрескен жаңа адам» болды [4].
20–30-жылдары жазылған шығармалар ұнамды күрескер тұлғасын сомдап, адамды еңбекпен байланыстырып көрсетті. Ғалым М.Қаратаев пікіріне жүгінсек: «20-жылдар ішіндегі қазақ совет əдебиеті Қазақстандағы революциялық күрес пен ауылдағы тап тартысы тақырыбын жырлауға көңіл бөлді. Соған лайық оның кейіпкерлері де жаңа заманның күрескер ұрпағы, теңдікке ұмтылған ауыл кедейлері болды. 30-жылдарда біздің елімізде социалистік қоғам орнату міндеттері қойылды да, адам еңбегі əдебиеттің негізгі тақырыбы болып кірді. Осы кезде əдебиет жаңа қоғам орнатып жатқан еңбек адамдарын жырлады» [4; 8], — дейді.
30-жылдар ішіндегі роман жанрының галереясын Б.Майлиннің «Азамат Азаматыч», І.Жансүгіровтың «Жолдастар», С.Мұқановтың «Теміртас», «Ботакөз» («Жұмбақ жалау»), М.Дəулетбаевтың «Қызылжар», С.Ерубаевтің «Менің құрдастарым», Ғ.Мұстафиннің «Өмір не өлім», Ғ.Слановтың «Дөң асқан» романдары толықтырды.
Аталған романдарда Ұлы Октябрь революциясының жеңісі, азамат соғысы, қазақ ауылдарындағы тап тартысы, қазақ жұмысшы табының тууы мен қалыптасуы сияқты сол дəуірдің өзекті мəселелері көтеріліп, күрескер азамат, азаттықты аңсаған еңбекші халық арасынан шыққан қарапайым адамдардың ұнамды тұлғалары жасалды.
Соғыс кезінде тылдағы еңбек адамдарының өмірі біршама туындыларда көрінгенмен, қиян-кескі қан майдандағы сұрапыл жылдар шағын жанр шығармаларында ғана бейнеленіп, бірден көлемді жанрда көрсетіп үлгеру қиындық келтірген соң, үлкен шығармалардың дамуы бəсеңдеу болды. Ал,«... əдебиет алдына майдандағы жауынгерлер мен елдегі еңбек ерлерінің ұнамды бейнелерін жасау, оларды көпке үлгі етіп көрсету міндеттері қойылды» [5; 76]. Осының негізінде Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ», Ə.Əбішевтің «Жас түлектер», Ғ.Слановтың «Жанар тау» атты романдары дүниеге келді.
Соғыстан кейінгі дəуірдегі романдарда бейбіт құрылыс кезеңінің сипаты, соғыс оқиғаларын еске түсіру, өндірістегі, колхоз даласындағы еңбекті көрсету, халықтың бейбіт еңбек, құрылыс майданындағы келбеті, ауылдың, өндірістің, мəдениеттің озық өкілдерінің бейнесі суреттелді. Кеңес заманында ұнамды образ қайшылықты, тартысты тағдырымен көрінбей, солақай саясат үстемдігінің ықпалымен жаңалыққа құштар кейіпте бейнеленді. «Коммунистік партия қойған талап бойынша роман, повестерде халықтың қаһармандық еңбегі жарқын көрінуі тиіс, жақсы жұмысшы, озат колхозшы бейнелерін жасау керек еді. Сондықтан да қазақ прозасының алға қойған көп проблемаларының бірі ұнамды кейіпкер бейнесін жасау болды. Замандастарының сыр-сипатына жазушылар жіті назар аударады, қаһармандардың ой-арманы соғыста қираған шаруашылықты түзету, ілгері, өрге бастыру, жұмыстың ескі əдістерінің орнына жаңаша іс-əрекетке ұмтылу болып келеді» [5; 84]. Бұған С.Мұқановтың «Сырдария» романындағы Сырбай, бригадир Айбарша, Ғ.Мұстафиннің«Миллионеріндегі» агроном Жомарт, «Қарағандыдағы» Мейрам образдары дəлел.
50-жылдардағы қазақ прозасының шыңы — М.Əуезовтың «Абай жолы» эпопеясы. Романның бас кейіпкері — Абай. Шығармадағы барлық оқиға, іс-əрекеттер Абай тағдырымен сабақтас өріліп, оның толысып кемелденген бейнесі ашылады. Надандыққа, зұлымдыққа, əділетсіздікке қарсы шығып, елінің қараңғылықтан жарық жолға түсуін армандап, халқын оқу-білімге, өнерге үгіттеп, ағартушылық қызмет атқарады. Қаламгер романда жұртының мұңын жырлаған, халық перзентінің бұған дейін қазақ əдебиетінде болмаған сом тұлғасын жасайды. Зерттеуші Р.Бердібаев: «М.Əуезов эпопеясының айрықша құндылығының бір көрінісі сол, ондағы ұнамды қаһармандардың тілегі мен аңсары бүгінгі қауымның да мұратымен үндестік табады. Абай ескі ауылдағы түрлі кедергі салтпен, халықты кемшілікке душар ететін күллі кесепатпен күреседі, туған елін мəдениетке, тұрақты, сенімді кəсіппен, еңбекпен айналысуға шақырады; кедейлердің ғарып тіршілігіне жан ашырлық білдіріп, адамшылық, əділет сөздерін айтады; орыс тілін үйрену арқылы еуропалық біліммен қарулануды, елін жаңа бағытқа бастауды үндейді. Арамдықпен, пайдакүнемдікпен, зорлықпен ымыраға келмейтін, шындық, əділет үшін «мыңмен жалғыз алысқан» күрескер Абай тұлғасын көрсетуі — суреткердің шырқау жеңісі» [6], — деп баға береді.
Осы жылдары жарық көрген Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлке» романы да өзіндік ерекшелігімен танылды. Қаламгер роман-дилогиясында қазақ халқының ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы өмірін саяси-əлеуметтік тұрғыдан, ерекше көркемдікпен баяндайды. Мұнда қазақ даласына өндіріс саласы еніп, тұңғыш қазақ жұмысшылары шыға бастаған кезең суреттеледі. Романның сюжеттік желісінен де көретініміз — қазақ қоғамының сол кездегі өмірі. Қаламгер қазақ топырағында тұңғыш пайда болған жұмысшы табының даму, қалыптасу жолдарын, олардың үстем тапқа қарсы күресіндегі іс-əрекетін көркем образдар арқылы шынайы береді.
Əдебиет зерттеушісі М.Қаратаев жазушының ұнамды кейіпкер сомдау шеберлігіне берген бағасында: «Ғ.Мүсіреповтің ұнамды образ жасау жөніндегі бір ерекшелігі — ол ұнамды қаһарман образын бірқалыпта (статикалық қалыпта) алмайды, үнемі өзгеру қалпында, динамикалық қалыпта алады» [1; 316], — дейді.
Романдағы ұнамды қаһарманның бірі Байжан əр қилы мінездері арқылы шығарманың өн бойында дамытылып, түрлі эпизодтар арқылы ашылып отырады. Шығарма басында Байжан аңғал, далбақтаған, жағымпаз мінезімен дараланса, қолына ақша түскенде менмен, мақтаншақ, алаңғасарлығымен ерекшеленеді. Ал, жұмысшылармен қарым-қатынас үстіндегі характері тіпті басқа. Мұнда ол адамгершілік, қайырымдылық, жомарттық, адал, мейірбан мінездерімен көзге түседі. Сонымен қатар ол кез келген жанға қамқор болып, əрдайым қол ұшын соза алатын, өмір тауқыметін терең түсінетін ақылды, адам тани білетін əділетті істерімен де байқалады. Мұның барлығы Байжан образының көп қырлылығын танытса, юмор кез келген ісі мен сөзінен аңғарылып отырады. Осы орайда ғалым М.Қаратаев: «Байжанның образы да өзіндік ерекшелігі бар, құнарлы да нəрлі бейне. Күрделі характерлерге тəн əр қилы қырлар осы образда ұштасып жатыр. Оның образын біркелкі, трафаретпен жасау мүмкін емес. Айталық, Байжан жібінің бір ұшы феодалдық-ақсақалдық сарқыншақтар мен салт, дағдылар дүниесіне жалғасып жатса, енді бір ұшы жаңарған адам қатынастарына ұласып жатыр. Сондықтан оның характерінде екі қасиет (жаңа мен ескі) қатар өмір сүріп, күреседі де, ескіні жаңа үздіксіз күресте бірте-бірте жеңуге бет алады» [7], — деген баға береді.
Романның сюжеттік желісінде Байжан бейнесі əр түрлі тəсілдер арқылы ұтымды ашылады. Оның бойындағы оғаш кейде сүйкімді көрінетін қимыл-əрекеттер арқылы күлкілі образ тудыра отырып, шынайы адам тұлғасын жасаған.
Қазақ романтану мəселесімен қоса ұнамды қаһарман сомдау дəстүрі де жалғасын тауып 60-жылдардан кейін толысып, кемелденіп, құлашын кеңейте арна тартты. Ғалым Ж.Ж.Жарылғапов:
«Əдебиеттанушы-ғалымдар мен сыншылар назарын бірден баурап алған ұлттық əдеби процестегі екпін, тұтас жанды қозғалыс өзінің бастауын алпысыншы жылдардан алған болатын» [8], — дей келе, осы кезде роман саласында қалам тартқан туындыгерлердің қазақ прозасының профессионалдық деңгейінің көтерілуіне ықпал жасап, назар аударған басты мəселесі — сөз өнерінің Адамды жан- жақты танудағы рөлі екендігіне баса назар аударады.
60-жылдардан кейін қазақ əдебиетінің, оның ішінде роман жанрының жаңаша серпін алып, биікке самғай дамыған кезеңі болды. Ғалым М.Хамзин тілімен айтқанда, осы жылдардан бастап «үлкен өрлеу» [9; 9] туғаны белгілі.
Əдебиет пен қоғам өмірі өте тығыз байланысты болғандықтан, əлеуметтік мəселелер толқыны əдебиетте көрініс табатыны белгілі. Суреткер көкейіндегі асыл арманын, ізгі идеяларын əдеби шығармаларға арқа сүйей отырып, туынды жүгін арқалайтын орталық қаһарман тұлғасын сомдау арқылы жеткізуді көздейді. Қоғамдағы қандай да болмасын мəселелер əдебиетте көрініс табатынын айтсақ, роман жанры да осы мақсатта өмір кешті. Романға бұған дейін саясат жүргізген үстемдіктен құтылып, еркінірек тыныс алуға мүмкіндік туды. Роман жанрының саны да, сапасы да артып, өмірдің бірыңғай күнгей жағын ғана теріп, əсірелеп суреттеу тəсілі ескіргені байқалып, өмір бар жерде, қоғамда қайшылық пен тартыс болатыны ескеріліп, ескі мен жаңаның күресінде өміршең, озық күштің жеңетінін шындыққа сəйкес суреттеу қажеттігі туды. Өмірдің алуан сырын жан-жақты, терең суреттейтін шығармалардың жауыннан кейінгі жайқалып өскен көктей қалың қатары пайда болды. Кең тынысты көркем туындыларда кейіпкер біржақты ұнамды қасиеттерімен ғана танылмай, ішкі- тысқы қайшылықтарымен көрінетін кесек, сом тұлғалы күрделі қаһарман сомдалды. Ғалым М.Хамзин осы кезеңдегі романдарда адамның барша өмір-ғұмырының мəні, өмір сүрудің маңызы,мазмұны, адам мен қоғам, адам мен табиғат, сондай-ақ сол адамның дүниені, əлемді, өзін-өзі тануға деген талпынысы сияқты мəселелер байқалатынын айта отырып, «60–80-жылдар романы рухани, эстетикалық, көркемдік талаптар деңгейінен көрініп, ұлттық əдебиетімізде айрықша орынға ие болатыны сөзсіз. Себебі осынау көркемдік сипаттарға ие бола отырып, қазақ романы, бəрінен бұрын, рухани əлемімізге ізденгіш, ойлы қаһарман əкелді» [9; 9] дейді. Осыған орай, дəуір тынысын танытарлық шығармаларымен əдебиетте үлкен орын алған заңғар жазушыларымыздың көркем туындыларына тоқталуды мақсат тұттық. Ұнамды образ тудыру дəстүрі жалғасын тауып, өркен жайғандығын жазушылар қаламынан туған кесек дүниелерде бейнеленген қаһарман келбетінен айқын аңғарамыз.
«Көркем прозадағы заман жаңалықтарын кең ашып, адамдардың өсу жолының күрделілігін көрсету, сол арқылы дəуір ерекшеліктерін диалектикалық тұрғыда танытудағы осы бастама Т.Ахтановтың «Боран» (1963) романында жақсы қолдау тапты. Жазушы онда күресте шыныққан, бойында рухани қуаты мол, моральдық сапасы биік еңбек адамының жаңа бейнесін жасады» [5; 116].
Т.Ахтановтың «Боран» романы қарапайым еңбек адамын, оның бүкіл өмірінің қатпар қырларымен көрсететін шоқтығы биік туынды. Роман өзектілігі жайындағы ойын ғалым М.Атымов былай сабақтайды: «Т.Ахтанов «Боран» романында шопандар бригадасын ұйымдастыру мен жастардың малға баруы сияқты екі күрделі проблеманы көтереді де, оны көркем образдар арқылы творчестволықпен шешіп береді» [10], — дейді. Ал, Н.Ғабдуллин романның алғашқы нұсқасы «Дала сыры» повесі екендігіне назар аударта отырып: «Автор «Дала сырын» романға айналдырғанда (1968), повестегі негізгі өзекті мəселені тереңдетіп, əрі тармақтандырып, кеңейтіп көрсеткен. Мұның өзі образдардың түрлі қырлары жақсы ашылуына мүмкіндік берген» [11], — дейді.
Романның бас қаһарманы Қоспан бейнесі, іс-əрекеті, күрделі тағдыры, көзқарасы, ішкі толғаныстары арқылы шертілген өмір шындығы шынайы, шебер суреттелген. «Көлемі шағын романға бірталай тұлғаның өмір тəжірибесі, тағдыры, күрес-тайталасы, өзара араласу тарихы сыйып кетуі кейіпкердің сыртқы, ішкі кескінін қатар, гармониялы бірлікте беруге байланысты. Қаһарманның бүгінгісі мен бұрынғысын араластыра елестетіп, жымдастырып көрсетуі шынайы шеберлікті дəлелдейді» [12; 24].
«Боран» романының оқиға желісіне өзек болатын — орталық тұлға Қоспанның боранға ығып, дүлей табиғат мінезімен алыса жүріп, сол кезеңге дейін сүрген өмірі, сан салалы тағдырын еске ала отырып, сарапқа салуы. Романдағы Қоспан бейнесі тағдырдың ойы мен қырын көріп, ыстығы мен суығын сезініп толыққанды кемелденген кесек тұлға дəрежесіне көтеріледі. Қаламгер Қоспан образын жан-жақты аша отырып, бойына жігер де, қайрат пен қайсарлық та бар, оған қоса бала сияқты аңқау, адал көңіл дарытады.
«Боран» романындағы орталық қаһарман характерін толықтыратын оның іске жауапты, тындырымды, ұқыптылығы. Бірақ Қасболат сияқты адамдардың көкірегін бірден тани алмайтындығы, көре тұра сарапқа салмай, онысын кеш түсінетіндігі біздің қолдай бермейтін қасиеттер. Оның характеріндегі əр қилы қылықтарының ашылып, жинақталып көрсетілуі салмақты, сом тұлғаны танытады.
Қаламгер Қоспан басындағы сергелдеңді тағдырын уақыт шындығына сай алып, нанымды көрсете білген. Үш-төрт күнге созылған боранда өмір мен өлім тіресіп, басына уайым түскенде Қоспан өткен ғұмырының қуанышы мен қайғысын, жақсысы мен жаманын ой елегінен өткізіп, сын көзімен қарай отырып, сана мен ар таразысына салады. Тіршілікте бейнеті көп болған өмірінің қай кезеңінде болса да Қоспан ешқашан ар-ұжданын саудаға салмай, адал күн кешеді.
Алдағы, тəжірибелі шопан болғанмен, осы жолы алғырттық танытып, күннің райын болжай алмай боранның бел ортасында қалады. Осы уақыттағы іштей арпалысы, қынжылысы, қоймен алысқаны туындыда былай беріледі. «Ат үстінде аласұрып жүрсе де көкірегін өкініш оты қарып өтеді. Қара басып, күн райын неғып байқамай қалды» [13; 11]. «Оларды ілгері жылжытайын деп атпен омыраулай бергенде тұтасып, ұйысып тұрған қой қақ жарылып кейін қарай лоқси жөнелді. Тағы да жан дəрмен қылып тырбанып еді, болмады. Бір-екеуінің алдын бөгесе жүзі ағытылып кетеді. Қоспанның манадан бері жан-ұшырып келе жатқандағы қорыққан сұмдығы осы еді» [13; 12].
Қойдың жайын жақсы білетін көкірегі бір сұмдықтың боларын анық сезеді. Алдын ала байқамаған ісіне қынжылып, іштей өкінеді. Қоспанның сұмдықтай көріп қорыққаны алдағы үш-төрт күндік боранмен алысып, қойын шығын етіп, көрер бейнетін мегзейді.
Қаһарманының қажырлы, қайратты мінезіне масаттанған автор: «Өмірдің ыстығы мен суығына қабат піскен денесі əзірге ызғарға төтеп беріп келеді» [13; 36], — дейді. Алай-түлей, бет қаратпас,ұлыған боранмен арпалыса отырып, жер жапсарын жобалап жылжи қозғалып, Кішіқұмның ойпаң жерінен тыным таптым ба дегенде боранда құтыратын қасқыр ұлиды. Сол түні дала бөрісімен алысып, ақырғы демі қалғанша беріспейді. Тағдырында нелер сұмдықты басынан өткізген Қоспан қойларының аштыққа ұшырап, бірінің жүнін бірі жегенін көреді. Қоспанның қандай қиындыққа да төзіп, жігерлік танытатын мінезі бұл қиындыққа да шыдайды. «Ілгері басқан қадамы кейін кетсе де Қоспан өлерменденіп жылжып келеді» [13; 104], — дейді автор.
Қоспанның көкжалмен алысқаны да шығармада нанымды, шынайы суреттеледі. Дала бөрісімен жекпе-жекте күштілігімен, жүректілігімен, айла-амалымен көрінеді. Қойының көбі шығынға ұшырағанмен, дүлей боранмен арпалысында табандылық танытады.
Қоспан образын сомдаудағы жазушы шеберлігіне назар аударта отырып, ғалым Р.Бердібай мынадай пікір айтады: «Аз өмірінде көп алапатты, аумалы-төкпелі күндерді бастан өткізген, тағдыр салмағынан езіліп қалмай, өмірге сүйіспеншілік қабілетін сақтай білген, пəленің көбінен сабырмен, шыдамдылықпен, рухани таза қайратпен, адал еңбекпен құтылып отырған емендей берік еңбекші адам бейнесін жасауы суреткердің ірі табысы» [12; 27], — дейді.
60-жылдары өзінің өзгеше сипатымен танылып, заманының шындығын ашуда əдебиет əлемінен үлкен орын алған — Ə.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы. Басқаға ұқсамайтын қолтаңбасымен танылған қаламгердің сомдаған ұнамды кейіпкері де дара. «Қан мен тер» романының тақырып өзектілігі мен оқиға сонылығына байланысты ой жүйелерін сарапқа салсақ, ғалым Р.Нұрғали өз ойын былай өрбітеді: «Тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған қазақ романдарының ішінде жанрлық- композициялық, стильдік тұрғыдан «Қан мен тер» трилогиясының өзгешеліктері мол. Біріншіден, шығармада дəуір тынысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, Колчак, Дутов армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзім кең қамтылып суреттеледі. Екіншіден, «Қан мен терде» басқа туындыларда аталып қана өтетін патшалық ақ əскерінің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді. Үшіншіден, романдағы авторлық мақсат, сюжеттік арналар, көркемдік нысаны жаңа. Төртіншіден, Ə.Нұрпейісов сан алуан қасиеттерімен қалыптасып болған əлеуметтік- психологиялық талдау өнерінің қазақ топырағындағы жетілген өресін танытады» [14; 254], — деп шығарма құндылығын ашып көрсетеді.
Ал жазушының кейіпкер сомдаудағы шеберлігінің қырын ашып көрсетуде ғалым М.Қаратаев мынадай пікір білдіреді: «Көркем өнердің түбегейлі міндеті адам образын жасап, айқын, терең характер ашу екенін ұққан жазушы «Қан мен терде» халық ортасының жəне үстем тап адамдарының əр қилы жанды бейнелерін көз алдымыздан өткереді. Оның біразы өздерінің балықшылық кəсібімен тың көрінсе, біразы характер ерекшеліктерімен көзге түседі. Соның ішінде ұмытылмайтын, көз алдынан кетпейтін, соқырға таяқ ұстатқандай дерлік кескін мен тұлғалар бар» [15], — дей келіп, «Қан мен тер» романындағы орталық қаһарман Еламан тұлғасының қырларын ашып көрсетеді.
Ғалым І.Омаров та Ə.Нұрпейісовтың жазушылық шеберлігін мүсінделген кейіпкер табиғатымен байланыстырады. «Əбдіжəміл образ жасауға шебер жазушы. Романда адамдардың көптігіне қарамай, əркімнің түс-таңбасы өз алдына жатады. Бұл тек қана сыртқы көрінісін беруде емес, ішкі жан құбылысын, сезімдерін беруде де айқын сезіліп отырады» [16], — дейді. Ал Б.Майтанов: ««Қан мен тердің» басты бір ерекшелігі жазушының қаһарман таңдау, идеялық-ұждандық бағалы концепцияларын образдар табиғатымен жеткізе білу шеберлігіне келіп тіреледі» [17], — дейді.
Роман жайын сөз еткенде, ондағы кейіпкер мəселесі негізгі орында тұрады, сондықтан да Ə.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы туралы ой қозғай отырып, оның орталық қаһарманы Еламан бейнесін сомдаудағы жазушы шеберлігіне жəне тұлға сонылығына тоқталамыз.
Қаламгер Еламан образын ауыр жүкті арқалайтын негізгі кейіпкер ретінде танытады. Еламан бейнесі романның өн бойында бір қалыпты болып қалмайды. Əр эпизодтарда жаңа қырынан ашылып, негізгі тұлғасын толықтырып, күрделене түседі. Жетіле отырып, кесек образ деңгейіне дейін көтеріледі.
Еламан жастай əке-шешеден айрылып, жетім өседі. Оның əкесі Науан Тəңірбергеннің əкесі Абыралымен төбелесте қаза табады. Ал бір жылдан соң анасынан айрылып, бай ауылдың қозы, лағын бағады. Жасына сай жұмысы да күрделеніп, есейгенде жеті жыл жылқы бағып, жалшылықпен күн кешеді. Құдаймендеге тəуелді болып, малын бағып, намысқой, кекшіл, тұйық болып өседі.
Бірде ол Сүйеу қарттың үйіне кеткенде Құдайменденің жылқысына қасқыр шабады. Осы іске кінəлап өзіне қамшы ала жүгірген байға қарсы шығып, тап береді. Турашыл, бірбеткей Еламанның теңіз жағасынан промысел ашып жатқан бай орысқа жалдануына да себеп болатын — осы оқиға. Ол Құдайменденің озбырлығына енді шыдамайды. Өз еркімен күнін көруге бет бұрады. Жасынан атастырылған Ақбалаға үйленіп, əке-шешесінің ошағын қайта жағады. Еламан өзінің үй болғанына, ата-ана шырағын қайта жаққанына, Ақбаладай əйелі барлығына жəне кешікпей сəбилі болатынына өте қатты қуанады. Ол отбасын жақсы көреді, Ақбаланы ештеңеге қарамастан сүйеді, отбасы тыныштығы үшін қолынан келгенінің бəрін жасайды. Еламанның бақытты, жайдары шағын автор былай баяндайды: «Жаңа үйленген жас жігіт сол кездері бір түрлі өзгеріп кетті. Қуанышы қойнына сыймай үнемі жарқылдап күліп жүрді. Өмірі шаршамайтын. Басқа кісілер əлденеше дем алып, ырсылдап шықса, бұның аяғы жерге тимейтін. Арқасындағы асымдық балықтың да салмағын сезбей, жар басына жүгіріп шығатын. Жаңа түскен жас келіншегін көргенше көңілі алып-ұшып ынтығып тұратын. Алдақашан құлаған ата шаңырағын осы келіншек түскесін қайта көтеріп, ел қатарлы үй болғанына қуанды. Қуаныш үстінде келіншегінің кейбір қытыққа тиер қылықтарын байқамапты» [18; 173]. «Бұған Еламан дəн ырза. Екіқабат əйеліне жас сорпа ішкізгенге мəз. Қолтық ұстасқалы ұйқысы қашып кетті. Таң атқанша əлденеше тұрып, жағаға барады» [18; 7], — дейді. Бұл — Еламан өмірінің желсіз, тымық күндей, астан-кестен болмай тұрған шағындағы бейнесі.
Автор Еламанның қуанышынан мұңы, қайғысы көп киын да күрделі өмірінің бір сəттік шаттығын, жайдарылығын «бір түрлі өзгеріп кетті», «жарқылдап күліп жүрді», «өмірі шаршамайтын», «аяғы жерге тимейтін», «жүгіріп шығатын», «көңілі алып-ұшып» деген тіркестер арқылы шебер жеткізе білген.
Еламанға тəн қасиеттің бірі — еңбекқорлығы, ешкіммен санаспайтын кеңпейілдігі, қолында барға қанағат ететіндігі. Оның ақ қар, көк мұз үстінде күні бойы жалғыз мұз оюы, ау қарауы, теңізге шыққанда, маңындағы кісі-қараның бар-жоғын байқамауы — осының дəлелі. Оның түнде ұйқы көрмей жағаға барып, балық қарауы, ұйқысының қашып кетуі де өміріндегі өзгеріске деген ризашылығын, қуанышын, жауапкершілік қасиеттерін аңғартады. Бұл қуаныш Ақбаланың келуімен тікелей байланысты. Еламанның Ақбала туралы ойлары нəзік астарға толы. Кейде қолын байлаған жоқшылыққа, əйелінің кірбің қабағына налыса, болашақ сəбиі туралы ойлары үміт отын жағады.
Автор Еламанның күрделі тағдырын баяндауда шынайы, өмір қаталдығына шыдай білетін, берік, бекем, тұтас характерін ашады. Аласапыран заманда өмірмен бірге оның кедергілерімен күресе отырып, бəріне шыдап бағады, төзім танытады. «Еламанның ыза-кегін оятқан тек Федоров қысымы емес. Бала жасынан тартқан жетімдік тақсіреті. Тəңірберген əкесінің қиянаты, жас мырзаның өз өктемдігі, жеке басынан асып, аз ғана қуанышы — жанұя бақытына түскен шіркеу — осының бəрін ерте есейген зерделі жігіт тағдырдың əділетсіздігі санайды» [14; 255].
Романдағы бас қаһарман шығарма жүйесінде сан қырынан танылады. Оның бойындағы негізгі қасиеті — ерекше ұстамды, сабырлығы. Бірақ шыдамы шегіне келгенде, оқыс əрекет етіп, жарылатын кездері де болады. Жасынан ауыр еңбек етіп, психологиялық та, басқа да соққыны көріп өседі. Үнемі қорлық, өктемдік көрсе де бəрін ішінде жияды. Бала кезінен бейнетке шынығып, берік болып өседі. Жылқышы бола жүріп, Құдаймендеге қарсы шығады, бірбеткей мінезі, тайсалмайтын турашылдығы осы кезде алғаш көрінеді. Балықшы ауылға келіп, қарапайым күй кешіп еңбекқорлығымен, парасаттылығымен, ұйымдастырушылық қасиетімен, елді бірлік, бүтіндік, татулыққа ұйыта алатын мінезімен танылады. Өз ортасы оны осындай қасиеттеріне орай сыйлап, құрметтейді. Кей істе басшы да бола біледі. Еламан образы — нанымды. Ол — балықшылардың серкесі, қайыспайтын, табанды күрескер, қаулап көріне бастаған жаңа күштің өкілі.
Жуас, көп ашыла бермейтін, ұстамды, тұйық характері оны əлсіз етіп көрсетеді. Бірақ жасынан жүрегін кек кернеген ашу-ызаға берілсе, мінезінен кесек əрекет күтуге болады. Басын тауға да, тасқа да ұрып, құлап, қайта тұратын, өмірін жаңадан бастап, қайта түлейтін шақтары шығарма бойында дамытылып берілген.
Еламанның соғыстағы тұлғасы бір басқа. Онда да жауапкершілігімен, икемді, сөзге жоқ, істе шеберлігімен көзге түсіп, ерекшеленеді. Қандай істе болсын əділетті қимылмен, таза жүрегімен, адалдығымен жағады. Тапсырылған маңызды мəселені құлшына орындайды. Романдағы Еламан бейнесі жан-жақты ашылып, типтік, дараланған дəрежеге көтерілген. Адам бойында болатын жағымды, жағымсыз қасиеттерді жинақтаған басты тұлға Еламан күрделі, сом кескінімен көрінеді.
«Қан мен тер» шығармасындағы қарапайым балықшы жігіт тағдыры трагедиямен аяқталады. Оның қапыда жауы Федоров ұлының қолынан қаза табуы осыны айғақтайды. Еламанның қай– қайғысына болса да себеп болатын — қас жауы Абралы əулетінің қысастығы.
Ə.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романындағы Еламан тұлғасын кесек тұлға деп айтуға болады.
Оған негіз — шығарманың өн бойында ашылатын орталық қаһарманның шынайы, кесек характері.
Ұнамды қаһарман бейнелеу дəстүрі өзінің бастауын ауыз əдебиетінен ала отырып, əдебиеттің даму жолында сол заманның жүгін көтере əр кейіпте тұлғаланды. Əдебиетте ұнамды кейіпкер сомдау жалғасын тауып, 60-жылдардан бастап тың, кемелденген, кесек характерлер дүниеге келді.
Əдебиеттер тізімі
- Қаратаев М. Таңдамалы шығармалар. — 2 т. — Алматы: Жазушы, 1974. — 374 б.
- Дəдебаев Ж. Қазақ тарихи романы: дəстүр мен жаңашылдық. — Алматы: ҚазМУ баспасы, 1988. — 29-б.
- Атымов М. Қазіргі қазақ романдарындағы замандас бейнесі. — Алматы, 1977. — 10-б.
- Қаратаев М., Нұртазин Т., Қирабаев С. Қазақ совет əдебиеті. — Алматы: Мектеп, 1987. — 6-б.
- Қирабаев С. Кеңес дəуіріндегі қазақ əдебиеті. — Алматы: Білім, 1998. — 224 б.
- Бердібаев Р. Роман жəне заман. — Алматы: Жазушы, 1967. — 277 б.
- Қаратаев М. Əдебиет жəне эстетика. — Алматы: Жазушы, 1970. — 268 б.
- Жарылғапов Ж.Ж. 70–80 Жылдар қазақ прозасындағы адам концепциясы: Дис. ... канд. — Алматы, 2000. — 9-б.
- Хамзин М.Х. 60–80-інші жылдардағы қазақ романының стилі мен типологиясы: Дис. ... д-ра — Алматы,
- Атымов М. Қазақ романдарының поэтикасы. — Алматы: Ғылым, 1975. — 277 б.
- Ғабдуллин Н. Замандас келбеті. — Алматы: Жазушы, 1972. — 51-б.
- Бердібаев Р. Қазақ романы. — Алматы: Білім,
- Ахтанов Т. Бес томдық шығармалар жинағы. — Алматы: Жазушы, 1983. — 472 б.
- Нұрғали Р. Қазақтың 100 романы. — Астана: Фолиант, 2004. — 456 б.
- Қаратаев М. Шеберлік шыңына. — Алматы: Қаз. мемл. көркем əдебиет баспасы, 1963. — 144 б.
- Омаров І. Əдеби толғамдар. — Алматы: Жазушы, 1988. — 147 б.
- Майтанов Б. Қазақ романы жəне психологиялық талдау. — Алматы: Санат, 1996. — 126 б.
- Нұрпейісов Ə. Қан мен тер. — Алматы: Жазушы, 2004. — 472 б.