Қазақ əдебиетінің ірі өкілі Мағжан Жұмабаев шығармашылығында тамыр тартып жатқан əдеби үлгілердің бірі символизм екендігі белгілі. Олай болса, «Ақын Мағжанның символизмге айрықша ден қоюының сыры неде? Бұл тарапта оны қызықтырған себептер қандай?» деген сұрақтар төңірегінде ой өрбітіп көрелік.
Эстетикалық негіздері ХІХ ғасырдың 60–70-жылдарында Поль Верлен, Артюр Рембо, Стефан Малларме, Лотреамон сынды француз ақындарының шығармалары арқылы қалыптасқан символизмнің негізгі талаптарының бірі жаратылыс тылсымдарына түйсік арқылы бойлауға, түйсінгенін əрқайсысы өзіндік мəн, идеяға ие поэтикалық символдар арқылы жеткізуге мүмкіндік беретін ақынның ой азаттығы болды.
Аталған ақындардан басталып, Ренье, Метерлинк, Валери, Гофмансталь, Рильке, тағы басқалардың шығармашылығында жалғастық тапқан символистік ізденістер барысында қателесулер де, шығармашылық жаңашылдықтар да молынан ұшырасты. Символизмнің негізгі жетістігі ретінде ой азаттығын, бейнелеу еркіндігін, рухани құлдырауға наразылық, рухани азаттықты аңсау, рухани еркіндіктің орнығуына жол ашатын өзгерістің боларына деген сенім сияқты белгілерді атауға болады. Еуропалық əдебиетпен таныстық барысында Мағжанды ақын ретінде қызықтырған да символизмнің осындай ерекшеліктері болса керек. Сонымен қатар бұл тұста М.Жұмабаев өмір сүрген қоғамның ақын Мағжан үшін аса қадірлі ұлттық рухани-мəдени құндылықтарға көзқарасы қандай болғанын да қағыс қалдыруға болмайды. Себебі ұлттық рухани ерекшелік мəселесіне байланысты:
«Адамзаттың рухани дамуы алуан ұлттардың рухани өрісіндегі өміршең, өнегелі қасиеттерді игеріп, кəдеге жарата алуымен сабақтасады. Өйткені бір ұлттың рухани-эстетикалық əлемі екінші бір ұлттың болмыс-бітімімен еш уақытта бірдей болмайды. Əр ұлттың болмысты өзінше түйсініп, түсінуі оның табиғатын айқындайды. Сондықтан əрқайсысының өзіндік ерекшелігі дегеніңіз жалпыадамзаттық контексте алып қарағанда əрқайсысының өзіндік байлығы деп бағалануға да лайықты» [1], — деп пайымдайтын біздің бүгінгі түсінігіміз Мағжан өмір сүрген қоғам үшін соншалықты маңызды емес еді.
Аталған жайттерге көңіл аударар болсақ, қазақ ақыны М.Жұмабаевтың символизмге бет бұруы еуропалық үлгілерге жалаң «еліктеуден» емес, ақындық жаратылысынан бастау аларын дұрыс пайымдай аламыз.
Салыстырып байқалық:
- В.Брюсов аударған француз Поль Верлен өлеңі:
Тянется безмерно
Луговин тоска.
Блещет снег неверно,
Как пласты песка.
Небеса без света
Тверды, словно медь,
Месяц глянул где-то,
Вновь чтоб умереть.
- Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев өлеңі:
Қап-қара түн.
Қайғылы ауыр жер жыры,
Қап-қара түн.
Күңіренеді түн ұлы.
Күншығыста ақ алтын бір сызық бар: Мен келемін, мен пайғамбар — Күн ұлы.
Көріп тұрғанымыздай, екі символист ақын, екеуінің бейнелегені де — түн, алайда екі ақында — екі түрлі сурет, жеткізгені — екі түрлі рух, екі түрлі сезім.
Француз Верленде үмітсіздік, дəрменсіздік басым, сондықтан да оған дүние түгел сұрқай, суық көрінеді: қары — қатпарлы топырақтай сұрықсыз, аспаны — сəулесіз түнек, əлдеқайдан жылт еткен айы — өлімге асық.
Қазақ Жұмабаевта мұң бар, аңсау бар, түн ұлы — адасқан адам бар, ең бастысы, осы түн ұлын құтқаруға асық Күн ұлы бар, сондықтан да қазақ ақынының өлеңінде қап-қара түнді тіліп түскен «ақ алтын сызық» — сəуле бар, ол — үміт сəулесі, сенім сəулесі.
Батыс символистері мен Мағжан жырларын өзара салыстырып байқасақ, қазақ ақынынан ұдайы байқалатын бір ерекшелік бар, ол — Мағжанның символистік жырларындағы рух өрлігі. Символист Мағжанда қараңғы түн, қара бұлт, қара қан, қайғылы күй, т.с.с. суреттер жиі ұшырасса да, сол сұрқай тірлікке сəуле себезгілейтін сенім күйі, өршіл рух бейнесі əркез сақталып отырады.
Мағжанның символистік өлеңдеріне тəн бұл ерекшелік қазақ ақынының символизмге өз түсінігімен, өз үнімен келгенін аңғартады. Мағжанның символизмге келуі санасыз əрекет, жадағай еліктеу емес, өзінің жан əлеміндегі буырқанысты күйлерді, бүгінгі мұңлы сезімін, ертеңге деген үміт- сенімін барынша əсерлі, бейнелі жеткізуге құштарлықтан туған саналы тірлік. Сондықтан да ол еуропалық үлгіні көзсіз көшіріп алмайды, тылсымына бойлай отырып, қажетін қабылдайды, ақындық жүрек сүзгісінен өткере отырып, шығармашылықпен жаңғырта, жаңарта қолданады.
Қазақ поэзиясына Мағжан əкелген символизм бейнелеу тəсілдерін қолдану тұрғысынан еуропалық символизмге сырттай ұқсастық танытқанымен, ішкі мазмұн жағынан басқаша бағдар ұстанады. Еуропалық символизмде жазмышқа мойын ұсыну, шарасыздық, күйректік, дағдарыс, торығу күйлері басым болып келсе, Мағжанның символистік өлеңдерін айшықтап тұрған ерекшелік рух асқақтығы, сенім айқындығы.
Осы орайда М.Жұмабаев шығармашылығына батыстың символист-ақындарының əсері төңірегінде ой тиянақтап көрсек, Мағжанның еуропалық символизмнен үлгі алғаны анық. Алайда бұл үлгі еуропалық ақындар поэзиясынан тікелей алынды ма əлде орыс поэзиясы арқылы жанама жолмен жетті ме? — ол туралы кесіп айту қиын. Өйткені Мағжанның Гете, Гейне өлеңдерімен таныстығы анық белгілі болғанымен, өзге ақындар поэзиясымен таныстығы турасында олай айтуға мүмкіндік жоқ. Батыс романтизмінің, символизмінің көрнекті өкілдерінің барлығы дерлік Мағжан өмір сүрген дəуірде орыс тілінде жарияланғанымен, олардың қайсысының шығармалары қазақ ақынының қолына тиді, ол жағы беймəлім. Сондықтан Мағжанның еуропалық символизм өкілдерімен үндестік танытуының себебі қазақ ақынының олардан тікелей үйренуінен гөрі, ішкі сезім, ішкі сұңғыла түйсік арқылы рухани жақындасуына көбірек келеді.
Сондай-ақ батыс ақындарының романтизм, символизмге бет бұруында олардың өздері өмір сүрген қоғамындағы əлеуметтік-саяси оқиғалар, олардың əлеуметтік ой-санадағы салдары қандай маңызды роль атқарған болса, қазақ ақыны М.Жұмабаев поэзиясында символизмдердің бел алуында да қалың ортасында өзі жүрген қазақ қоғамындағы орасан өзгерістер соншалықты маңыз иеленді. Демек, Мағжанның символизмге келуі — «жаңалық ашуға» құштарлықтан туған яки «еліктеуден» туған тірлік емес, көбіне-көп теріске тартқан «төңкерісшіл өзгерістердің» салдарынан жан дүниесінде булыққан сезім күйлерін сыртқа шығаруға ұмтылған қажетті шығармашылық əрекет.
Қазақ ақынының еуропалық əдебиетке бет бұрған кезеңіндегі шығармашылығынан танылатын ерекшеліктер жайына назар аударған тұста Ш.Елеукеновтің: «Мағжан Жұмабаев поэзиясында орыс жəне дүние жүзі классикалық əдебиетінің іздері сайрап жатыр. Абай үлгі алған батыс, орыс ақындарының қатарына ол Фет, Бальмонт, Мережковский, Брюсов, Блок сынды өз заманының поэзия дүлдүлдерін қосты. …Орыс əдебиетінің, күллі батыс əдебиетінің жетістіктерімен тоғысқанда Мағжан поэзиясы олардың ығында қалып қойған жоқ. Қай уақытта да Мағжан қазақ елінің нақты жағдайына табан тірей сөйлеген» [2], — деп тиянақтай түйіндеген пікірін əркез ойда ұстаған орынды болмақ.
Алаш ақынының еуропалық романтик, символистермен шығармашылық үндестік табуының себебіне қарағанда, орыс поэзиясындағы романтизм, символизм өкілдерімен байланысының сыр- сипаты басқаша мəнде көрінеді. Бұл тұста, бірінші кезекте, «Қазақ ақыны Мағжанды орыс əдебиетіндегі символизм сияқты ағым-бағыттардың қызықтыру себебі неде?» деген сауалға жауап іздеп көрелік.
Бастау кезеңінде батыс əдебиетінен үлгі ала дамығанымен, орыс əдебиетіндегі романтизм де, өз кезегінде одан ірге ажыратып шығатын символизм де Ресей топырағына ғана тəн ұлттық, əлеуметтік белгілерімен, сондай-ақ бейнелеу тəсілдеріндегі соны ізденістерімен ерекшеленеді. Бұл сипат əсіресе орыс символизмінде айқын аңғарылады. Орыс ақындары символистік бейнелеу тəсілдерін құбылта қолдану, сөзді ойнату, соны суреттер жасау, тосын ой ұсыну, дыбыстық əуезділікке мағына үстеуге талпыну сияқты жаңашылдықтарымен ерекшеленеді. Бұл бағыттағы ізденістерінде орыс символистері біріне-бірі ұқсамайды, бірін-бірі қайталамайды. Салыстырып байқалық:
Символист К.Д.Бальмонт өлеңі:
Мы брошены в сказочный мир
Какой-то могучей рукой.
На тризну? На битву? На пир?
Не знаю. Я — вечно другой.
Я каждой минутой сожжен.
Я в каждой измене — живу, —
деген үлгіде келсе, орыс символизмінің тағы бір танымал өкілі В.Я.Брюсовтың өлеңі:
Шорох в глуши камыша,
Шелест — шуршанье вершин,
Шум в свежей чаще лощин,
Шепот души заглуша,
Шепот, смущенье и дрожь,
Ширью и тишью живешь,
Шумом в глуши камыша,
Шелестом вешних вершин,
Шорохом в чаще лощин, —деп келеді.
Бальмонт өлеңіндегі «ертегі дүниесі» ешқандай да ертегіге қатысты дүние емес, ақынның өзі өмір сүріп жатқан тірлік дүниесінің символы, «құдіретті қолы» — жаратушының символы. Аталған символдардың мəні ашылғаннан кейін өлеңнің мазмұны да айқындалып сала береді: «Ақын өзінің бұл дүниеде не істеп жүргенін, не үшін келгенін түсінбейді. Сондықтанда ол өзіне өзі жат».
Бальмонт өлеңінен айналадағы тірлікке қатысты мезетіне мың құбылған сезім ауанын, көңіл күйді, əсер-эмоцияны, көзқарасты бейнелей жеткізудің символистік поэзияға тəн бір үлгісін аңдасақ, символист ақындар қолданысындағы бейнелеу тəсілдерінің келесі бір үлгісін Брюсов өлеңінен көреміз.
Брюсов өлең атауынан («Шорох») бастап «ш» дыбысына символдық-бейнелік салмақ жүктейді. Өлеңнің өне бойында құрамында «ш» дыбысы бар сөздерді пайдалану арқылы символист ақын өзі бейнелеп отырған сыбдырдың жəне онымен ұқсас өзге де дыбыстардың (шелест, шуршанье, шум, шепот т.с.с.) құлаққа естіліп тұрғандай əсер қалдыруына ұмтылған. Ақын «дрожь» сөзін қолданғанның өзінде «жь» дыбысының айтылу кезінде «ш» дыбысына ұқсап дыбысталатынына дейін назарда ұстаған.
Орыс символистерінде жиі ұшырасатын бұл тəсілдердің қай-қайсын да Мағжан өз тарапынан жетілдіре, əсерін арттыра, бейнелілігін күшейте қолданады. Өйткені «...поэзиялық шығармада ойдың, сезімнің мағыналылығымен қоса бейнелілігінің, көркемділігінің мəні зор. Əр сөздің мазмұн- мағынасымен бірге ырғақ-əуезділігі де оқушыға үлкен əсер етеді. Сөз өнеріне, əдеби шығармаларға тəн ойдан шығару, əсірелеу, көркемдік шарттылық та поэзияда өзінше сипат алады» [3]. Поэзияға қатысты осы жағдайларды жете түсінгендіктен де, Мағжан ақын таза символистік жырларымен қатар, махаббат лирикасының өзінде де символдық бейнелеу тəсілдерін шығармашылықпен дамыта, көркемдік қуатын арттыра, ұтымды пайдаланады. Мəселен, «Гүлсімге» аталатын əйгілі өлеңінде лирик Мағжан символист Бальмонттың жоғарыдағы өлеңіндегі тəсілдерді кейіпкер (Гүлсім) жаратылысын асқақтата бейнелеу мақсатында жаңғырта қолданады:
Алмас қанат періште еді,
Мекені оның ғарышта еді,
Жерді көрді қанға батқан.
Жүрегіне қанжар кіріп,
Жапан түзде аңдай ұлып
, Елді көрді зарлап жатқан.
Елді көрді — жерге түсті,
Жерге түсті — көрге түсті.
Мағжан өлеңіндегі кейіпкер де — Бальмонт кейіпкері сияқты, өзге əлемнен келген жан. Алайда екі ақын кейіпкерлері арасында маңызды айырмашылық бар. Бальмонт кейіпкері жер бетіне
«құдіретті қолдың» ырқына бағынып келіп қалса, өзінің не істеп жүргенін өзі де түсінбей жүрсе, Мағжан кейіпкері жер бетіне өз еркімен келген, «зарлап жатқан елді көріп, от пен суда солармен бірге болмаққа» келген. Бұл айырмашылықтың өзі Мағжан символизмінде гуманистік рух басым түсіп жататынын аңғартады.
Өлең сюжетінің əрі қарай дамуында «жерге түскен періштенің елге жасаған қызметі» суреттеле келіп («Күлгенменен бірге күліп, Өлгенменен бірге өліп, Күйгенменен бірге күйді...»), ақыр соңында періштенің де «тұңғиық теңіз — тұрмыстың» ағынына жұтылып кеткені айтылады:
Тұрмыс — теңіз сылқ-сылқ күлді,
Сұлу суға кірді де өлді.
Мағжан ақынның «теңіз, су» деп отырғаны — күнделікті тұрмыс-тіршілік. «Сұлу суға кірді де өлді» деуі де — нақты мағынасындағы қолданыс емес, күнделікті тіршілік қарекетінің кейіпкер жаратылысындағы періште сезімді, асыл мұратты жұтып қойғанын мегзегені. Сондай-ақ «сылқ-сылқ күлу» де, «су» да, «өлу» де — символдық мағынадағы қолданыстар.
Адам болмысының құбылмалылығы Бальмонт өлеңінде:
Я — вечно другой.
Я каждой минутой сожжен.
Я в каждой измене — живу, — деп суреттелсе, Мағжан өлеңінде:
Өлді сұлу — өтті жылдар,
Өлді сұлу — бітті жырлар,
Жалғыз ерте кешкі таңмен,
Қанды жерге көзін салып,
Көкті ойлап күйіп-жанып,
Қоңырлатқан мұңды əнмен
Ұшады екен қанат қағып,
Көзінен ыстық жасы тамып, — деген үлгіде бейнеленеді.
Шағын үзінділердің өзінен байқалып тұрғандай, Бальмонт символдары шарттылыққа бейім болса, Мағжан символдарында суреттілік басым.
Бальмонт кейіпкері өзінің бұл тірлікке не үшін келгенін түсінбей, əрі-сəрі күйде жүрсе, Мағжан кейіпкері асыл мұратының күйкі тіршілік ағынына жұтылып кеткеніне құсалы. Символист Мағжан өз кейіпкерінің осынау күйін бейнелей отырып та, гуманистік мұраттарға жетелейді.
Бұл — Бальмонт үлгісіндегі символизмге Мағжан үстеген жаңалық. Бұл — символист Мағжанның шығармашылық жаңашылдығы.
Символист ақындардың бейнелеу құралдарының қатарында жиі ұшырасатын тəсілдің бірі, жоғарыда келтірілген В.Брюсов өлеңіндегідей, қайсы бір дыбысқа символдық сипат дарытып, өлеңнің əсерлілігін арттыруға талпыну болса, бұл тəсілді де Мағжан ақын шығармашылықпен түрлендіре пайдаланады. Аталмыш тəсіл Мағжан қолданысында қаншалықты жаңа сипатта көрініс беретінін бағамдау үшін «Шолпы» өлеңіне зер салып байқалық:
Сылдыр. Сылдыр. Сылдыр..
. Қанымды қайнатты құрғыр.
Шық-шық жүрекке тиеді,
Күлпара талқан боп сынғыр!
Үзінді — бас-аяғы бес шумақтан тұратын белгілі өлеңнің бірінші шумағы. Бес шумақтың да басталуы бірдей: «Сылдыр. Сылдыр. Сылдыр...»
Бұл — бойжеткен бұрымындағы шолпының дыбыстық бейнесін жеткізу үшін ақынның əдейі қолданған тəсілі. Мақсаты жағынан Брюсовтың «Шорох» өлеңіндегі тəсілге ұқсас. Бірақ бірдей емес. Өйткені əр шумақта шолпы сылдырының қозғалысы да, дыбысы да, лирикалық кейіпкерге əсері де өзгеріп отырады. Бұл өзгерістерді ақын əр шумақтың кейінгі үш тармағы арқылы бейнелі жеткізеді.
Өлең динамикаға толы. Динамиканы туғызып тұрған — əр шумақ сайын қайталанып келетін шолпы сылдыры, шолпы сылдырынан сезімнің мың сан құбылуы. Алғашқы шумақта бейнеленген шолпы сылдыры алыстан естілсе, əр шумақ сайын жақындай түсіп, өлең түйінінде лирикалық кейіпкердің құшағынан табылады:
Сылдыр. Сылдыр. Сылдыр...
Талдым, қалды сүлдер.
Сыбырға айналды сылдыр,
Сылдыр. Сылдыр. Сылдыр...
Символистердің өлең əсерін арттыру, өлеңге эмоционалдық реңк үстеу мақсатында қайсыбір дыбыстарға əдейілеп екпін түсіріп, символдық мəн бере қолданатын бейнелеу тəсілін өз поэзиясында пайдаланған тұста М.Жұмабаев аталмыш тəсілдің бейнелеушілік мүмкіндігін одан əрі аша түседі.
«Шолпы» өлеңінен аңдалып тұрғандай, қазақ ақыны дыбыстық еліктеу деңгейінде ғана қалып қоймай, бейнеленуші объектіге (шолпының сылдыры) де, оны естуші объектінің (ақын яки лирикалық кейіпкер) ішкі толқынысы, əсер-сезімі мен эмоциялық қабылдауына да динамика дарытады. Нəтижесінде өлең алуан құбылған дыбыстар мен сезімдер қозғалысына толы туындыға айналады.
Бұл ерекшелік те М.Жұмабаевтың символистік поэзия өкілдерінен шығармашылықпен игере отырып, игергенін өз тарапынан кемелдендіре дамытып, төл поэзиямызға енгізген жаңалықтарының бірі екені анық. Бұл тұрғыда алаш ақынының көркемдік əлеміне мархабаттана үңіліп, ақын талғампаздығына тəнті бола ой өрбіткен М.Əлімбаевтың: «Мағжан ақын — көңілдің бір сəттік кернеуінен өз басын босатуды ғана емес, ол — өз сөзінің ыстығы мен жылуын мөлшерлей білетін, оқырманға ой-толғанысының қалай жəне қаншалық əсер ететінін өлшеп отырған аппарат-аспаптай айырар ақын. Қиялап ұшып, қиядан шолып қияндағыны қапысыз танитындай» [4], — деген пікіріне ықыластана қол қоясың.
Қазақ ақыны М.Жұмабаев шығармашылық ізденіс барысында символист-ақындардың поэтикалық əлеміне барлау жасаған сəттерде де оларды ессіз ұлықтап, көзсіз ілесе кетпей, өзіндік көзқарасын, ұстанымын сақтай отырып, символизм поэзиясына ақынның өзіне ғана тəн дүниетанымынан өріс тартып жатқан символдық бейнелерімен араласады. Мағжан ақынның бұл əрекеттерінен де оның болмысына тумысынан дарыған бірбеткейлік, даралыққа ұмтылу қасиеттері аңдалады. Символист Мағжан кей тұстарда тіпті орыс символизмінің тізгінін ұстаған ақындар əспеттеген символдық бейнелерге қарама-қарсы бейнелер жасап, орыс символистерінің идеялық ұстанымына кереғар ойларға бастайды. Мысалға жүгінелік.
Өз туындыларында «Қасірет перзенттері», «Түн балалары» сияқты символдық образдарды мақсатты түрде жиі пайдаланатын орыс символизмі өкілдерінің қолданысындағы символ-образ — Көлеңкелер болып келеді. Аталмыш символ-образ Д.С.Мережковскийдің «Последняя чаша» өлеңінде:
Последним ароматом чаши —
Лишь тенью тени мы живем. И в страхе думаем о том,
Чем будут жить потомки наши, —
деген үлгіде көрінсе, Вл.Соловьевта:
Милый друг, иль ты не видишь,
Что все видимое нами —
Только отблеск, только тени
От незримого очами? деген сипатта беріледі.
Милый друг, иль ты не слышишь,
Что житейский шум трескучий —
Только отклик искаженный
Торжествующих созвучий? —
Қарап тұрсаңыз, орыс символистері саналы түрде туындатқан Көлеңке бейнесі — дəрменсіздіктің, шарасыздықтың, амалсыздықтың жəне ештеңеге құлықсыз самарқаулықтың символы. Ақын Мағжан болса, өз поэзиясында дəл осы əрекетсіз Көлеңке бейнесіне мүлде кереғар символ-образ От бейнесін əкелді. Мағжан поэзиясындағы От — «жарқыраудан, жанудан» тынбайтын толассыз əрекеттің, зұлымдықпен бітіспейтін, қараңғылыққа төзбейтін күрескер қимылдың, жасқанып-жалтаруды білмейтін, «құлашын көкке сермейтін» өр Рухтың символы. Өйткені ол —«Күннен туған, Күнге ғана бағынады».
Мағжан поэзиясында жарқырай көрінетін От, Күн ұлы бейнелері — қазақ ақынының орыс символистері туындатқан Қасірет перзенттері, Түн балалары, Көлеңкелер сияқты символ-образдарға қарсы саналы түрде жасаған бейнелері. Бұл бейнелер арқылы Мағжан шығармашылық ізденістері барысында өзіне əсері тиген орыс символистерінің азамат ретіндегі ұстанымдарына қарсылық білдіреді. Қазақ ақыны олардан суреткерлік тəсілдер тұрғысынан көптеген жаңашыл бояулар тапқанымен, сол бояуларды дамыта пайдаланғанымен, олардың қарекетсіздікке бастайтын көзқарастарымен келісе алмайды. Сондықтанда «Жер жүзіне нұр беруге, Күн беруге» ұмтылған Күн ұлы, От бейнелерін туғызды. Аталмыш бейнелер де — қазақ ақыны М.Жұмабаевтың басқада барды көшіріп əкелуші емес, үйрене отырып, игере отырып, танып-білгеніне өз дүниетанымынан нəр беріп, көзқарасын сіңіріп, төл топырағына жерсіндіріп, жаңа мазмұндағы дүниелер жасауға құштар жаңашылдығын айғақтайтын айшықты көркемдік құбылыстар.
Символист Мағжан жаңашылдығы дегенде назар аударатын жайттердің бірі — қазақ ақынының өзі суреттеп отырған жағдайларға қалыс көзбен қарап, сырттай қызықтаушы деңгейінде қалып қоймайтындығы.
Жоғарыдағы мысалдардан аңдалып тұрғандай, орыс символизмінің өкілдері айналадағы болып жатқан оқиғалардың қай-қайсын да өздеріне еш қатыссыз тірліктей — əлдебір Көлеңкелер мен Түн балалары жасап жатқан шаруалардай қабылдап, солардың салдарына іштей наразылық білдіріп, торығумен, үмітсіздікпен сыртынан қарап қана отырса, символист Мағжан поэзияда өзі туындатқан От, Күн ұлы бейнелеріне («Өзім — күнмін, өзім — от» иə болмаса «Мен — Күн ұлы, көзімде күн нұры бар» т.с.с.) өзі қоса кірігіп, дүниеде жүріп жатқан тірлікке араласуға ұмтылады. Ақынның символ-образдарға айналып яки символ-образдардың ақынға айналып, бірінші жақтан тіл қатуы өлеңнің əсері мен экспрессивті қуатын еселей түседі. Бұл да — Мағжан Жұмабаевтың өзіне дейін қалыптасқан қандай да бір əдеби үлгілерді жаңа сипаттар дарыта, көркемдік əсерін арттыра қолдануға бейім жаңашылдығының бір көрінісі.
Əдебиеттер тізімі
- Ыбырайым Б. Эстетикалық тəжірибе жəне рухани даму // Əдебиеттанудың өзекті мəселелері: Акад. Серік Қирабаевтың75 жылдығына арнал. жин. — Алматы: Комплекс, 2002. — 121–125-б.
- Елеукенов Ш. Батыс-Шығыс əдеби тоғысуы проблемасы жəне Мағжан Жұмабаев // Қазақ ССР ҒА хабарлары. — Тіл, əдебиет сер., 1990. — № 2. — 41–43-б.
- Ахметов З. Ақын тұлғасы, адамгершілік мақсат-мұраты // Нұрғали Р. Əдебиет теориясы. Нұсқаулық. — Астана: Фолиант, 2003. — 108-109 б.
- Əлімбаев М. Толқыннан толқын туады. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1992. — 29 б.