Əлем халқы мифтерінің қай-қайсысын алып қарасақ та, аспан денелеріне қатысты аңыздардың мол кезігетіндігін зерттеушілердің дені мақұлдайды. Оның, əрине, өзіндік себептері де бар. Жаратылыста қыры мен сыры жұмбақ көріністер де, əрекеттер де баршылық. Жалпы кез келген құбылыстың сипатын, астарын айқындауға адамзат сандаған ғасырларды сарп етіп барып қол жеткізген. Əлі ашылмаған тылсым дүниелер қаншама? Соған сəйкес əр дəуірлерде, түрлі жайттерге байланысты мифтік əңгімелер туындап отырған. Олардың белгілі бір бөлігі жаратылыс заңдылығымен белгілі бір үндестікте алынса, келесі бір парасы адамзат қиялының жемісі негізінде өмірге келген. Сондықтан да мифологиялық туындылар өз заманындағы адами ой-түсініктен, қабылдауынан, ұғымынан белгілі бір деңгейде хабар береді. Олай болса аспан əлеміне қатысты аңыздардың да адам баласының жаратылысты тануға талпынған əрекетінен барып туған деп тұжырым жасауға əбден болады.
Зерттеуші-ғалымдардың бірі Ш.Ыбыраев: «Салыстырмалы зерттеулердің нəтижелеріне қарағанда, ең қарапайым жəне ең көне мифтердің қатарына аспан денелері — Күн, Ай, Жұлдыздар мен планеталар туралы айтылатын мифтер жататын көрінеді. Бұлардың əлем жұртшылығына кең таралғандығы жəне миф атаулының ішінде алатын орнының мəн-мазмұны олар бір кезде адам болды деген түсінікті айшықтап көрсетеді. Күн сəулесінің өткірлігін оның мінезінің тік, өжеттігіне, Ай сəулесінің əлсіздігін оның жұмсақ мінезіне байланысты түсіндіру де олардың адам кейіпінде ұғынылғанын дəлелдейді» [1], — деп ғылыми тұжырым жасайды. Əрине, космологиялық мифтерді туғызу үшін, оның кең таралып, ұзақ сақталуы үшін, өзге де мифтер тəрізді адамзат əлемімен байланысқа түсіру қажет еді. Осындай сан-салалы жаратылысты бірі мен бірін үйлестіре, үндестіре білудің өзі мифтік мұралардағы өзіне тəн шеберлік көрінісі болып табылады.
Ұлттық мифологияда айды — ару қыз, күнді күйеу жігіт деп бейнелейді де, аспан əлемінде екеуі бірін-бірі іздеумен күн кешеді. Бірақ іздеу жандары айқаспағандықтан, кездесе алмайды екен. Кейде қайғырып, қамығып жылайды да ол жерге жаңбыр болып жауады, енді бірде кейіп, реніш білдіргенде аспанды қара бұлт торлап, қар борайды, енді бірде үмітке сүйеніп, кездесеміз деп ойлағанда күн ашылып, əлем жадырайды, осылайша бірін-бірі аңсаумен, сағынумен өмірлерін өткізе береді. Бұл күн мен ай туралы ел ішінде сақталған көптеген мифтердің бір нұсқасы ғана. Сондай-ақ жұлдыздар туралы да аңыздар жеткілікті. Солардың бірі Жетіқарақшы жұлдызымен байланысты болып қалған. Аспан əлемінде көңіліне ұнағандарын шамалары келсе тартып алатын немесе ұрлап алатын Жетіқарақшы мекендейді. Олар атақты екі батырдың Ақбозаты мен Көкбозатын ұрлап алғылары келіп, бірақ Темірқазыққа мықтап арқандалған аттарды бір түннің ішінде ағытып алу мүмкін болмайды, таң атып қарақшылар үлгере алмай қашып кетіп отырған. Осылайша өмір тоқтаусыз өте береді, ал аттарды жеті қарақшы ала алмайды. Бұл бір нұсқасы ғана. Келесі бір сирек кездесетін варианты мынадай. Темірқазық таза алтыннан құйылған екен. Соны жеті қарақшы ұрлап аламыз деп аңдумен болады. Бірақ Ақбозат пен Көкбозатқа мінген батырлар түнімен күзетіп алғызбайды. Таң ата қарақшылар қашып кетеді екен де, батырлар дем алуға жатады екен. Міне, күнге, айға, жұлдыздарға қайсысы осы тəріздес мифтер ел санасына əбден сіңгендіктен, халықтық мұраларда əр түрлі сипатта, белгілі бір деңгейде көрініс беріп отырған. Анығын айтқанда бұл жайттен діни дастандар да тысқары қалмаған.
Ел ішіне кең тараған діни дастандардың бірі — «Жүсіп-Зылиха». Оның халықтық нұсқасы да, авторлық нұсқалары бар. Түрік əдебиеті əлемінде дастанды туғызған Əли ХІII ғасырда өмір сүрген.
«Жүсіп-Зылиханың» халықтық нұсқасы 1991 жылғы 25 мамырда Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланды. Дастанда оқиға өрісінің алғашқы бастамасы түс көру мотивінен негіз алған.
Жүсіп Нəби қисасы енді келді,
Қойынында атасының ұйықтап еді.
Ғажайып ұйқысында бір түс көрді,
Жоруын атасынан сұрап еді.
– Əй, Ата, түсімде Ай мен Күнді көрдім,
Он бір жұлдыз қасында бірге көрдім.
Он бір жұлдыз барлығы сəжда қылды,
Жоруын, ата сізден сұрай келдім [2].
Бір қырынан қарағанда бұл — түс. Бірақ зерттеуші-ғалым А.Қыраубаева түс көрудің өзін мифтік желілерге жатқызады. «Түс көру, оны жору өнері өте-мөте көне замандардан келіп жеткен. Антика əдебиетінде Артемирдордың «Түс жорығыш» атты кітабы болған. Түс көру жемісінің іздері
«Гильгамеште» бар. Жүсіп пен Жақып мифтерінде түс-көру негізгі желі болып кірген» [3]. Осы жерде ойға оралатын бір сұрақ неліктен түске Ай, Күн, жұлдыздар еніп отыр? деген мəселе. Əрине, оның түбірі көне дəуірдегі мол ұшырасатын аспан əлеміне қатысты мифтерде жатыр деуге болады. Себебі ұзақ замандар бойына аталатын көріністер халықтың санасына, ұғымына əбден орнығып, қалыптасқан болатын. Сондықтан оны көркем туынды сюжетіне қолдану дастанды əрі қызықты, əрі тартымды, əрі табиғи етіп көрсетері ақиқат. Екіншіден, мифологиялық сипаттардың шығарма көркемдігін арттыруға да белгілі бір деңгейде əсер беретіндігін жоққа шығаруға болмайды.
Келесі керемет, мифтердің бірі жер ғаламшарына байланысты болып келген. Жер қалайша құлап кетпейді? деген сұраққа осы миф жауап берген. Яғни, жерді көк өгіз көтеріп тұр, мүйізі тартып екінші жағына ауыстырғанда сілкініс болады, көк өгізді жайын балық көтеріп тұр, ал ол жайын дарияда тұр дегенді айтады. Мұндағы бір назар аударатын жай, халықтық жер өздігінен тұрған жоқ, оны бір күш ұстап тұр деген ұғым-түсінігі. Соны белгілі бір күш иелеріне балап, мифті өмірге əкелген. Осы аңыз да діни дастандарда кездесіп отырады. Ақиқатын айтқанда, қазақтың діни дастандарының сюжеті ислам дінімен тығыз байланыста дамыған, оқиға өзегі де осы діннің негізінде жатыр. Ал, мифтік аңыздардың көпшілігін ислам діні қуаттамайды. Көпшілігін деп алып отырған себебіміз, дінге, атап айтқанда, періштелерге, əулиелерге, жын, перілерге байланыстысын мақұлдайды, өзгесін қабылдамайды. Сол қабылдамайтындардың арасында осы көк өгізге қатысты аңыз да бар. Десек те, діни дастандарда аталмыш миф қажетті тұстарда келтіріліп отырған. Оның бірден бір себебі діни мұралардың сюжетінің ұлттық болмыс-бітіммен біте қайнасып кеткендігін аңғартады.
Исламның белді де белгілі батырларының бірі, тарихи тұлға, пайғамбардың əрі аталас туысы, күйеу баласы Əзірет Əли Ибн Əбу Талиб туралы қисса-жырлар баршылық. Солардың бірі «Ғалидың құл боп сатылғаны» дастанында Əлиді сатып алған шаhар халқын жыл сайын қырғынға ұшырататын алып айдаhарды шауып өлтірген осы Əли екендігі айтылады. Əлидің күшінің мықтылығын, ондай əлді адамның əлемде жоқ екендігін суреттеу барысында осы көк өгізге қатысты мифті қолданған. Қандай тұрғыда көрініс бергендігін аңғарту үшін мысал келтіріп көрелік.
Аңырап сонда Ғали айқай салды,
Суырып Зұлпықарын қолына алды.
Шапқанда Зұлпықары жерге барып,
Кесуге көк өгізге жақындады [4].
Міне, мифтегі көк өгіз дастан жолдарында алдымыздан шықты. Айдаhарды тауып, жерді жарып, көк өгізді мерт етуге жақындайды. Сол сəтте:
Құдайым бұйрық қылды Жəбірейілге,
Тез барып Зұлпықарды ұста деді
Кескен соң көк өгізді дүние болмас,
Тезінен Зұлпықарды ұста дейді [4, 8].
Көк өгіз шабылса, жер құлайды. Жер құласа, адамзат жойылады. Бұл мифтік ұғымнан тыс жатқан көрініс. Əрі əдемі, əрі əсерлі қолданылған. Сонымен қатар басты кейіпкердің тұлғасын даралап көрсетуге септігін тигізіп тұр. Сөйтіп:
Қақ жарып айдаhарды басқа салды,
Зұлпықар жеті қабат жерге барды.
Көз ашқанша Жəбірейіл жерге кіріп,
Басынан Зұлпықардың ұстай алды [4, 8].
Міне миф пен дінді үйлестірудің озық үлгісін аңғарып отырмыз. Тарихи тұлға мифологиялық қолданымдар арқылы өзінің аңыздық бейнесін аңдатып тұр. Жерді көк өгіздің көтеріп тұруы туралы миф ел ішіне ерекше кең тараған түрі болып табылады. Сондықтан болса керек, осы мифологиялық сюжет көптеген шығармаларда көрініс тапқан. Басты байқалатын жəйт, аңыздың көптің көңілінен шығуы. Өйткені халық қабылдамаған дүниенің өрісі тар, өмірі қысқа. Келесі дастандардың бірі «Қиса Қаhарманда» көк өгізді қолдану тəсілі жүзеге асырылған. Қап тауын көтеріп тұрған Қаhарман батыр тастап жіберген кезде жер сілкініп, əсері көк өгізге жетіп, Жебірейілдің көмектесуімен аман қалады. Мəтінге назар аударып көрелік:
Өткен соң Қап тауларын қоя берді,
Үш күннен соң жеріне сонда тиді.
Көкше мұздай сол заман мұз қайысып,
Зақымы көк өгізге барып жетті.
Жер астында көк өгіз шыр айналған,
Шайқалып құлайтындай болып талған.
Жəбірейіл алып келіп шашқан екен,
Бұл айналма сиырға сонан қалған [5].
Көк өгізге қатысты мақсат алдыңғы жырда да, соңғы дастандарда да біреу. Батырдың күшін, əлін айқындау, анығырақ айтқанда, фольклорлық дəстүрді қолдана отырып, əсірелеу суреттеу болып табылады.
Жалпы діни дастандарда ғана емес, өзге де эпостық туындыларда мифологиялық қолданыстардың бар екендігі айқын. Бұл мəселе жайында ғалым А.Қыраубаева да жан-жақты зерттеу жүргізген болатын. Ғалымның ғылыми мұрасын зерделеген К.Əбдір былай дейді: «Ғалым миф- адамзаттық дүниенің сырын білмеген кездегі балаң санасының көрінісі деген пікірге қарсы шығып, қазақ қиса-дастандарының негізінде мифтер жатқанын қуаттайды. Сөйте келе, А.Қыраубаева қазақтың қиса-дастандарындағы мифтердің негізін салыстырулар арқылы айқындайды» [6].
Аспан əлеміне қатысты мифтердің бірінде аспан жеті қабат деп айтылады. Бұл жайт бүгінгі күнде ғылыми тұрғыдан да өзінің ақиқаттығын айқындаған. Десек те, миф миф түрінде сақталып қала берген. Аталмыш көрініс «Алланың елшісінің мығражға көтерілуі» дастанында қолданыс тапқан. Поэзия əдемілікті, сұлулықты талап етеді. Сондықтан оған сөз көркемдігі ғана емес, ой көркемдігі де, оқиға көркемдігі де қажет. Ал халықтық дастандарда осындай сұлулықты бойына сіңіру үшін миф таптырмас əсемдік көзі болған. Дастан оқиғасының өзегінде ақиқат жатқанымен суреттеу барысында сұлулық болуының сан қырлы түрлері қиюластырыла отырып пайдаланылған. Солардың бірі — жеті қабат аспанды əспеттеу. Əр қабатта əр кейіптегі періштелерді де тамаша үйлесімде бейнелеген жəне аспан қабаты арта түскен сайын оларда арта түседі. Мəселен, бірінші қабатта:
Онан соң əуелінше көпке шықты,
Бір кідірмей жүреді пырақ тіпті.
Жамалып хақ Расулдың көреміз деп,
Жол тосып, періштелер көрсетіпті [7, 12], –
болып келсе, екінші қабатқа шыққанда да періштелер жолығады.
Болып тұр жарығы нұрдан өткірірек,
Тақсырдың абзалдығын айту керек.
Екінші аспанға шығып еді,
Көрісті періштелер кезек-кезек [7, 12].
Мұнан кейінгі үшінші, төртініші, бесінші, алтыншы қабаттарда бұрынғы өткен пайғамбарлармен, Адам Атамен кезігеді. Əрине, орынды əсемдік. Өйткені жаппай періштелермен ғана кездесе берсе, ерекше өзгеріс болмағандықтан, тартымдылығы солғындап, тыңдарманда қызықтыру қабілеті əлсірер еді. Бірақ аталған өзгерістерді енгізу арқылы шығарманың құндылығын арттырып отырған. Мəселен, төртінші қабатта:
Хақ Расул бұл хабарды естіп ұқты,
Төртінші қат аспанға барып шықты.
Төртінші қай аспанға шығып еді,
Жақия, Ғайса екеуі көріс қыпты [7, 13], —
деп екі пайғамбармен кездестіреді. Ислам дінінде төрт пайғамбарды тірі деп есептейді. Олар: Ғұзайыр, Қызыр, Ғайза, Ыдырыс. Бірақ дастанда аспан əлемінде тұрып жатқан біраз пайғамбарлардың есімдері аталады. Дінмен арасында алшақтық болғанымен, көркем туындының тартымды шығуын мақсат етіп қойған ақын көптің көңілін тартатын түрлі құбылыстарды қолдана білген. Сөйтіп соңғы жетінші қабатқа келгенде:
Жетінші көкке шықты тұр аспанға,
Көрісті періштелер сол аспанда.
Бəрі де намаз оқып сəждеде тұр,
Босатпай тұр жөндерін сұрасқанға [7, 13]. — деп қайтадан періштелерге оралады. Сонымен, біз аспан əлеміне қатысты мифтердің діни дастандардағы қолданылу көріністерін айта отырып, қандай мақсатта, нендей əрекеттерге сабақтастырылғандығын аңғарттық.
Дегенмен, космогониялық мифтердің кезігуін осындай шағын сипаттармен шектеуге болмайды. Əсіресе Ай мен Күнге, Шолпанға қатысты аңыздардың біршама мол пайдаланғандығын атап айтқан жөн. Мифтердің мазмұны – ғажайып əлем. Сондықтан оны қажеттілігіне орай іске жарату шығарма жемісін ширатып, тартымдылығын арттыра түседі. Ал, діни дастандар болса, осындай ерекшелігімен дараланып көрінетіндігі сөзсіз.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақтың мифтік əңгімелері. — Алматы: Ғылым, 2002. — 4-б.
- Жүсіп-Зылиха // Орталық Қазақстан. — 1991. — 25 мамыр. — 4-б.
- Қыраубаева А. Қазақ əдебиетіндегі шығыстық қиса-дастандардың түптөркіні мен қалыптасуы: Филол. ғыл. д-ры ... дис.— Алматы, 1997. — 2-б.
- Ғалидың құл болып сатылғаны // Шалқар. — 2004. — Қараша.
- Бабалар сөзі: Діни дастандар. — Көп томдық. — 2-т. — Астана: Фолиант, 2002. — 420 б.
- Əбдір К. Алма Қыраубаеваның əдеби-зерттеушілік мұрасы: Филол. ғыл. ...дис. автореф. – Алматы, 2010. – 16-б.Алланың елшісінің миғражға көтерілуі // Ислам əлемі. – 1998.