Көрнекті де көркем жырлардың бірі «Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу» жырының сюжеті қазақ, башқұрт, монғол, якут, ұйғыр жəне сібір татарларында да кездеседі. Соған қарағанда оның бастапқы ертегілік желісі Алтай, Жетісу жағында, оғыз тайпалары дəуірінде туған сияқты. «Қозы» — қой бөпесінің атауы емес, «оғыз» түбірінен туған. Монғолдар бұл жырды «Козюке», «Козы Еркеш», «Малшы мерген» десе, ұйғырлар «Бозы Көрпеш» дейді [1, 1].
Жырдың сюжеті XIX ғасырда жазылғандықтан, онда Қарқаралы, Қараөткел, Баянауыл, Қарасақпай, Аягөз дейтін кейінгі дəуір атаулары кездеседі. Сол себепті жыр VIII–XIX ғасырлар арасындағы қазақ өмірінің көп заманын қамтып, өзінше бір энциклопедияға айналған.
«Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу» дастанының кейбір деректерде 33 нұсқасының бары көрсетіледі [1, 11]. Қазақ арасында əріден келе жатқан бұл жырды Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже, Арыстанбай, тағы басқа ақындар өздерінше жырлаған. Ең көп тарағаны əрі толымдысы Жанақ нұсқасы. Туыстас түркі тілдерінде де жырдың мазмұндас-сарындас түрлері сақталған.
Осыншама ұланғайыр дүниені жинап, жариялауда, зерттеуде халқымыздың төл перзенттері Ш.Уəлихановтан бастап М.Ж.Көпеев, М.Əуезов, Ə.Марғұлан, Ə.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, Е.Жұбанов, Р.Бердібай өлшеусіз зор еңбек сіңірді.
«Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу» жыры — халқымыздың көне тарихынан жеткен асыл мұрасы, əлемдік мəдени-тарихи құбылысы. Жырдың түпкі идеясы əйел басындағы теңсіздікпен байланысты болғандықтан, бірінші орынға Қозы емес, Баян образы шығады. Жырдағы Баян бейнесін біз негізінен екі арнада түсінеміз. Бірінде ол — ата-ана салты, ескі қоғам дəстүрімен келіспей, өз жүрегінің нəзік сезімін, еркіндігін феодалдық ортадан жоғары ұстаған халықтық бейне. Екіншісінде Баян — ескі салтпен ымыраласқан, сол себепті жесір немесе кұдалық идеясының жетегінде жүрген пассив образ.
Жыр тақырыбы — халқының əдебиеті, мəдениеті, тұтастай алғанда, руханияты төңірегінде тынымсыз ізденістерге бастайтын аса маңызды, мəңгі ескірмейтін тақырып.
Поэманың тақырыбы — екі жастың бір-біріне деген адал сүйіспеншілігі. Сезімнің жоғарғы шыңы — махаббаттың жолындағы бөгет көбіне дəрменсіз екендігі өмір шындығы. Шығарманың негізгі кейіпкерлері Қозы мен Баян заманның қаталдығын, озбырлығын, мейірімсіздігін жеңіп, кездесті, азғантай уақыт болса да ойнап-күліп бақытты өмір сүрді.
Поэмадағы бас қаһарман Қозы жастайынан мейірімді де ақылды, ізгі ниетті адамдар арасында еркін өсіп, жан-жақты тəрбие көрген адал, ісі əділ, қайырымды, қайратты, намысқой, адал махаббат иесі ретінде ауыз əдебиетіндегі ескі варианттар ізінен бұрылып, келешек ұрпаққа үлгі боларлық тəлімі бар, қимылы, ісі нанымды бейне ретінде, қарапайым адам қалпында, шындық болмысқа сай алғыр азамат ретінде суреттелген.
Оның бойында əкеден жалғасқан намысшылдықтың, игі дəстүрдің арнасы бар. Əкесінің бастаған ісін аяқтау, əкесі өлгеннен кейін бұзылған заңдылықты қалпына келтіруді өзіне перзенттік парыз санаған Қозының бейнесі жырда сұлу Баянмен толыға түседі.
Баян Қозыға ғашық болып, оны өзіне жар тұтады. Халықтық салт аясында өскен Баян Қозының жеке басын қадірлейді. Оқырман қауымға кеңінен таңылған Жанақ ақын жырлаған вариантында да кейіпкерлердің ерекше жағдайда дүниеге келу мотиві ұшырасады. Жырда:
Қодар қыз əкесі Қарабайдың өз аузынан:
Сен шөлдетпей малымды алып өтсең,
Ақ Баянды беремін саған, Қодар, —
деген уəдесін алады. Жыршы поэмада Қодар мен Баянның портреттерін қарама-қарсы қоя суреттеу арқылы Баянның оқырманға сүйкімділігін арттыра түседі. Жырда Қодар:
Өзінің денесінің молын қара,
Сыңар ғана жұдырығы қол ағаштай, —
деп суреттелсе, Баянның суреті:
Бұралған тал шыбықтай ол Баян қыз,
Тым сұлу көркемдігі жұртқа аян қыз, —
деп беріледі. Жырда Баянның жасы он төртте деп беріледі. Тал бойында бір міні жоқ, қолаң шашты, меруерт тісті, аузынан сөйлесе, гүл төгілген Баянның көңіл-күйін «Аңда-санда болмаса сөйлеспейді, жалғыз жатып Қозы үшін қылады зар» деп суреттеудегі себеп — сүйгенін сарыла күткен Баянға берілген осы баға басқа кейіпкерлердің сөздерімен де, Қозының өз көзімен де, Баянның өзінің іс- əрекеттерімен де расталады. Оның сыртқы сұлулығына ішкі жан дүниесі де, мінез-құлқы да, қимылы да сай. Баян өте ақылды, байсалды, төзімді, сабырлы қыз. Құдай қосқан жарын сарғая күтіп, зор шыдамдылықтың үлгісін көрсетеді. Өзін іздеп келген Айбасқа сыр бермей, оны байқап, бақылап нағыз Қозыдан келгенін білгенге дейін байсалды мінез танытады, өзінің сырын ашпайды.
Баян Сұлу — өз заманындағы қазақ қызының идеалы. Жыршылар арудың бойына қазақ əйелінде болуға тиісті барлық асыл қасиетті жинақтаған. Ол — сұлу қыз, адал қалыңдық, қамқор əйел.
Қарабай елінде тазша кейпін киіп, қойшылықта жүрген Сарыбайдың еркесін таныған Баянның сүйгенін көруге тағат таппай, қуаныш пен ынтызарлықтан бір жерде дамыл таба алмай дегбірсізденуін сыртқы іс-əрекет, қыздың мазасыз қимыл-қозғалысы арқылы береді.
Бата алмай оятуға Қозекеңді,
Түнде үш келіп, үйіне үш тоқтайды [2].
Осы жолдарда қанша сезім арпалысы, ішкі толқулар бар!
Баян бейнесін сомдауда — заттық əлем мен киім де өзіндік қызмет атқарады. Шығармада қолданылып, көркемдік кеңістікті құрайтын заттың жиынтығы арқылы тарихи кезеңнің өзіндік болмысын, дəуір сипатын, ұғым-түсінігін тануға мүмкіндік береді. Тарихи шығармаларда өмір шындығының дəлдігі, нақтылығы, кейіпкерлердің тұрмысы, киім киісі, ұстанған заттары, т.б. арқылы танылатындықтан, сол кезеңмен сəйкес болуы ерекше қадағаланады.
«Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу» эпосында да заттар əлемі өзіндік өрнекпен ерекше бейнеленген.
Əсіресе заттар əлемінің поэтикасы терең мəн-мағынаға ие. Мысалы, Айбас батырдың:
– Балталы, Бағаналы елден келдім.
Бақалы, балдырғанды көлден келдім.
Сіздерге күмəн шығар — өзіме аян,
Елімнен іздеп келген келінім — Баян, —
деп Баян ауылына барып келуін дəлелдейтін заттардың жеке-жеке баяндалуы — соның айқын айғағы. Жырдағы:
Сəлем де ініңізге іздеп келсін,
Келмесе, сорлы Баян дегені өлсін,
Көңілім кетті Қозыға, жаным мұнда.
Айтқанды тон, жүзігім белгі болсын, —
деп жырланатын жолдар қазақ қоғамындағы сүйгеніне қосылу үшін ата жолының қатал заңына қарсы шығып, қайсарлығымен, өжеттігімен көрінген жаңашыл қыздардың бейнесін береді десек, «айтқанды тон, жүзік, тоғыз» — сол кезеңнің тұрмыс-салтына тəн дəстүр, сый, сияпат. Сол кезеңнің сипатын танытатын заттық, көркемдік детальдар. Ал Баян бейнесін бұл құбылыстан бөлек алып суреттеу тіпті де мүмкін емес.
Бұл дəстүрдің санаға сіңіп, таным-түсінікке əбден тереңдей еніп, қалыптасқаны сонша, ер-азамат Қозы да сол əшекей заттарды сұрап, Айбастан куəлікке керек етеді.
Бұл заттық детальдар тұрмыстық қажеттілікке жарайтын қарапайым қызметті емес, қыз сезімін танытар символдық көркемдік міндетін атқарып тұр.
Қарапайым заттарға эстетикалық, көркемдік құндылық дарытып, оларды ел-халық тарихында топонимикалық аңызға айналдыру, т.б. секілді құбылыс ақындық шеберлік болып табылады. Айбас алып келе жатқан сəлемдеме-заттардың жол-жөнекей түсіп қалуы топонимикалық аңыздардың дүниеге келуіне себеп болады. Оқып көрейік:
Көктаймен батыр Айбас төмен шапты,
Қыздың берген белбеуі түсіп қалып,
«Қызыл белбеу, Құбажан» қоя сапты.
Қыздың берген мейізі түсіп қалып,
«Мейізгек» деп тау атын қоя сапты.
Қыздың берген қарқарасы түсіп қалып,
«Қарқаралы тау атын қоя сапты», —
деп, осылай əрбір затқа бір атау қойылып кете береді. Ойлап қарасақ, осы топонимикалық атаулардың пайда болуы бір кезеңдегі жыр кейіпкері Баян басынан кешкен оқиғамен тығыз байланысты.
Эпикалық жырда сөз болған бұл заттар тек махаббат серті символдық қызмет ғана емес, тарихи орны бар жер, су, ел атауларының да есімі болып, топонимикалық та, көркемдік те қызмет атқарып тұр.
Мұндағы тазша кейіпі қажеттілікпен басқа да қызмет атқарады. Поэмада Қозы Баян ауылына қойшы-тазша болып, соның кебін киіп, түрін өзгертіп келсе де, бұл ісіне көпке дейін көңілі толмай, намыстанып жүреді. Сағына күткен ғашығын осылайша тазша кейіпінде көрген Баянның жанын бұл көрініс қатты ауыртады. Алайда Қозының сақтығын, амандығын ойлап, тазша кебін қайта кигісі келмеген Қозыға:
Киіңіз кебіңізді арланбаңыз,
Осылардан басқаға сыр бермеңіз,
Кішіліктен еш нəрсе кемімейді.
Аңдып жүрген дұшпан бар, еш сенбеңіз, —
дейді. Еуропалық əдебиеттерде жиі кездесетін масканы жыршы ұлттық болмысымызға сай, ұғым- түсінігімізге лайықты етіп жырға қосады. Жыршы Қозының сырт тұлғасы, кейіпі өзгергенмен оның жалпы азаматтық кескін-келбетіне нұқсан келтірмейді. Қайта Қозыға тазша кейіпін кигізу арқылы Баянның образын, оның ақыл-парасатының молдығын аша түседі.
Баян тек көркімен ғана сұлу емес, ақылымен, ерлігімен де сұлу. Жоғарыдағы үзіндіде Баян, біріншіден, Қозыны дұшпанынан сақтандырса, екіншіден, кішілік-адамгершілік қажет екенін аңғартады. Ол ақылымен тоқсан байдың серісі мен қара күштің ғана иесі Қодарды маңына жолатпайды. Жырда бұл көрініс былайша берілген:
Қара көзін қан басып қарағанда,
Маңына жоламайды, Қодар үркіп.
Сондай-ақ жырда заттық деталь Қозы Көрпештің Қодарды ықтырып алатын құралы ретінде де танылады. Мысалы:
Кетіп ең дардай болып сен мақтанып,
Кəнеки, өрік, мейіз əкелдің бе?
деп сөзіне тұрмаған Қодарды мазақ етудің, қорлаудың, намысына тиюдің пəрменді құралы еткен өрік, мейіз өзінің көркемдік міндетін мінсіз атқара білген. Сондай-ақ бұл жырда сыртқы іс-əрекет, қимыл- қозғалыс динамикасы арқылы сол сəттегі кейіпкердің көңіл-күйін, құлшыныс мақсатының мəн-маңызын да ашып береді. «Баянды беремін, малды шөлден алып шықсаң» деген уəдесін алып алған Қодардың қуаныштан бар күш-қайраты тасып, сенімдіктің артқанын аңғартады.
Сол күндегі жанардан Қодар асып,
Мінезіне қайраты құп жарасып.
Қодекең шауып жүріп қимылдайды.
Аямай бедеуіне қамшы басып.
Одан əрі осы көңіл-күй əсерінен Қодардың психологиялық портреті ерекше көтеріңкі пафос, үдемелі əсірелеу, теңдеулер арқылы бейнеленеді. Əр шумақ сайын Қодардың бейнесі толығып, ерекшелене сомдалады. Ал, оған қарама-қарсы кейіпкер Баянды:
Аппақ көрік маңдайы, қылығы наз,
Малың түгел басыңды берсең — дағы аз, —
деп қыздың сұлулығына ештеңе тең келмейтіні баяндалады. Мұнда Баянның сұлулығына ғана емес, оның асқан ақыл-ойы, парасаты алдыңғы қатарға шығады. Осындай кейіпкерлердің іс-əрекеттері, қимыл-қозғалыстары арқылы олар туралы мəліметтер толыға түседі. Олардың сөйлеу мəнері, эмоциялық диапазоны, көптеген портреттік белгілері оқиға өрісіне қарай өсіп-өніп отырады. Бұлардың бəрі психологиялық портрет галереясын құрайды.
Жырда алғаш Қодар Баянды шын ұнатқан, қыздың көңілінен шығу үшін барын салатын, көкірегін бəсеке мен қызғаныштың жалыны шарпымаған ақ көңіл, көпшіл, еңбекқор жан болып суреттеледі.
Бетке жан қаратпайтын Қодардың мысын басып, тоқтау болар жалғыз жан — Баян. Баянның күліп айтқан бір жылы сөзі үшін, құрбандыққа шалынуға дайын намысқой Қодар бейнесі үлкен шеберлікпен берілген. Осы бірсөзді, біртоға Қодардың қолын қанға малатын бейненің дəрежесіне дейін өсу жолы Баян бейнесімен қатарласа өріледі.
Жырда өз сезімімен арпалысқан Қодар ақыры Қозыны өлтіріп тынады. Бірақ Қозыны өлтіргенмен Баянның Сарыбай баласына деген махаббатын өлтіруге шамасы жетпейді.
Қозының кегін алмақшы болып Баян Қодарды Шоқтерекке айламен алып барып өлтіруінен Қодардың аңқау, аңғалдығын көрсек, екінші қырынан Баян не істесе де қарсы келе алмайтын сүйген жүрек иесінің характері байқалады.
Атаңа сіңіспейді адал күшім,
Құл болдым есігіңе сенің үшін.
Ертеден қара кешке қылсам дағы,
Бір аллаға жақпады менің ісім.
Мұнша қастық қылғандай неттім,
Баян, Əке-шешем жылатып келдім, Баян.
Тіл ұшымен мені сен жақын қылып,
Аңдып жүріп түбіме жеттің, Баян, — деген сөздерден Баянның ісін — ақ, сөзін — əділ көрген аңқау Қодарды көреміз. Қодар Баянға сеніп өледі. Ал Баян болса, айласын асырып, Қодардан кек қайтарады. Егер Қодар бейнесі болмаса, Қозы мен Баянның махаббаты жоғары деңгейдегі ақ, пəк махаббаттың символына айналмас еді.
Қозының кегі үшін Қодарды өлтірерде Баян сұлу айтқан мына сөзден қайсар қазақ қызының бірбеткей, өжет те өр мінезі айқын байқалады.
Əкеме сіңіп еді сенің күшің,
Құл болдың есігіме менің үшін.
Шоқ белбеу, алтын айдар мырзам қайда,
Шұнақ құл өлтіремін соның үшін.
Міне, осылайша жырдағы Баян образы жан-жақты сомдалып, оқырманға жақындай түседі. Баян бейнесі — қазақ мəдениетіндегі əдеміліктің, ақылдылықтың, парасаттылықтың, тұрақтылықтың айнымас үлгісі.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақ фольклористикасының тарихы. — Алматы: Ғылым,
- Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу». — Алматы: Жалын, 1980. — 58-б.