Асқар Егеубаевтың есімі қалың жұртқа таныс. Ғылыми зерттеулерінен, көркем-əдеби туындыларынан бастап оқырман назарында, жұрт аузында. А.Егеубаев өз заманының сауатты, талантты ақыны болды. Əйтсе де, Асқар Егеубаев дегенде ойыңа, тіл ұшына бəрінен бұрын «Құтты білік», «Диуани лұғат ат-түрк» оралады. Осы еңбектерді тұңғыш рет ана тілімізге аударып жариялатты, зерттеді, ғылыми айналымға қосты. Бұл əдеби мұралардан еліміздің рухани, ақиқатты- этикалық тұлғасын, мəдениетіміз бен əдебиетіміздің тарихы мен дəстүрін көреміз. Ал қалың оқырман үшін қаламгердің шығармашылығы «Мөлдір тұма», «Жүректегі жұлдыздар», «Құс жолы» атты жинақтарға топталған өлең-жырлардан басталады.
Ақынның соңғы жинағы «ХХ ғасырдың екі сағаты» деп аталады. Екі бөлімнен тұратын кітаптың біріншісінде табиғат, туған жер, махаббат тақырыптарына жазылған поэзиялық шығармалары топтастырылған да, оны ақын «Бар, бар... Сұлу бір əлем» деп атайды.
Бұл жинақта ауыл тақырыбына арналған бірнеше өлең кездеседі: «Ауыл», «Барар едім ауылға»,
«Ауылдың құлындары». «Ауыл» өлеңінде ауылға деген сағынышын былай білдіреді:
Дұғай сəлем ауылға,
Жол түспеді баруға.
Жолығармыз бір күні,
Жолы болғыр қауымға
Олай десіп, бұл десіп,
Келеміз ғой күн кешіп.
Алшы иірген сақамыз,
Бірде бүк те, бірде шік!
Түске жиі енесің,
Шарбақты аула,
Шатырлы үй.
Ертегідей елесі,
Жиырмасыншы ғасырдың [1, 24].
Осы өлең жолдарын оқи келе ақынның кіндік қаны тамып, кең дүниеге көзін ашып, бала қиялын тербеген, білімге алғаш қадам жасаған Күршім ауылы, балғын бал балалық кезі, жасөспірім өрімтал шағы өткен үй ауласы көзіңе елестейді.
Дəл осы жинақта «Барар едім ауылға» атты өлеңінде ғұмыр бойы туған жерден шалғай жүргенмен, дайым көкірегінде ауылға деген сағынышы, ойы толастамағандай. «Барар едім ауылға, Асқар тауым жоқ онда» деп қасиетті қара шаңырақ иелері əкесі мен анасының ауылдан қоныс аударып кеткенін, «Сол құстармен жарысып, Қайран бауыр ұшты алыс. Естіртпейді дауысын, Жер жүзінің құстары» өзінің бір кіндіктен туған бауырының өмірі қыршынынан қиылып, басқа да туғандарының өмірден өткені жайлы мұңын шаққандай: «Қайран ауыл қиғым жоқ, Қайғым суып болар мұң». Өлеңді оқып шыққан соң, ақынның көкірегіндегі ащы өксікті жан-тəніңмен сезінгендей боласың. 2003 жылы ақынның əкесі бұл дүниеден өтті. Жасың қаншада болса дағы ата-анаң үшін кішкентай ғана баласың жəне де əке-шешенің орыны əр адам үшін ерекше. «Əкемнің қоңыр дауысы» деп аталатын өлеңінде өзінің сағынышын, балалық махаббатын жеткізеді, бұл жолдарды оқығанда адам жүрегі толқымай, көңілі босамай, күрсінбей қоймайды. Осы өлеңіне қатысты ғалым Ш.Елеукенов: «... Асқарда əкеге деген сүйіспендік ілтипаттан өзге ештеңе болмаған. Жүректегі сол гүл сезім өлеңде реквиемге айналып кеткен. Қайғының ең үлкені — фəниеге сыймауың. Өмірге енді керегің жоқтығын сезінуің. Асқардың көзінде əкеден қалған дүние көк желеңінен айрылған ақ қайыңдай елестегені ойлантпай қоймайды. Өлген адамның даусы құлаққа келсе, оған жүрек қалай шыдасын» [2; 189], — деген пікір білдіреді.
Күндіз туладым,
Түнде тынбадым, байыздап,
Дүние мұндай сайыз ба?!
Көк желең кетті қайыңнан...
Қар ұшты — аппақ қайызғақ...
Бауырым жара.
Қайғымда қансырап тұрмын қайырлап...
Көптен бері көзден таса болып, иісін, дауысын естігісі келіп, есеңгіреп жүрген кезде əкесінің үні естіле қалғанда ақынның қандай жағдайда болғанын тəптіштеп айтып жату артық болар, дегенмен:
Əй, Аскен!» — деген жетеді үн...
Суық шер бүріп шекені,
Дүниеге сыймай кетемін!
Түндер қара көзімді суырды,
Күндер жара көңілді қуырды...
Жер-көкті кернеп өтеді,
Жүрегімдегі үні əкенің! —
деген жыр жолдарын бүгінгі күні оқығанда, бəлкім, бұл бір белгі болар, əкесінің аруағы ұлының жанында болғанын қалады ма? Ырымшыл халықпыз ғой, түсіңде аруақ шақырып жатса, санаулы күндерің қалғаны деген жаман ырым бар емес пе?! Өкінішті-ақ. Əкесінің артынан көп ұзамай баласы да кетті. Жасы не бəрі елу алтыда еді...
Шығармашылық жолы оңай жол емес. Ғылым əлеміндегі адам шығармашылық жолында небір қиындықтарға тап болады, үнемі ізденісте жүреді. Ғалым, журналист, ақын Алматыда ғана емес, республикамыздың түкпір-түкпірінде болған. Ел аралап, жер көріп өмірмен тығыз байланыста болу
— ақын үшін маңызды шарттардың бірі. Шығармашылық сапарлар тақырып шеңберін кеңейтеді, ой- сезімін байытады. Əрине, оның бəрі қуатты, күшті, мықты денсаулықты талап етеді. Соңғы жылдары жазылған өлеңдерінің бірі болар, мына жолдардан от ұшқындары жарқырап көрінбейді, керісінше, ақыннның шаршап, мазасы болмай жүргенін байқаймыз:
Сап-салқын іскерлік жолдарында,
Шаң қуып, кіртиіп,
Аспан тіреген холлдарында,
Тордағы құстай үрпиіп,
Алысқан қолдардың арасынан,
Сусып қалып жатыр,
Қатулы қабақтар қарасынан,
Сыңсып жанып жатыр,
Шашылып көңілдің шарасынан,
Үнсіз талып жатыр,
Жан жылуы... [1; 29], —
ақын шын сырын айта отырып, нəзік жүрегі жылулықты, сырлы сезімді, жанның тыныш рақатын аңсайтын тəрізді: «Қалған қызығың — Жанның əуресі, Жасықтың жасығы». Негізі ақынның көптеген өлеңдерінен көңіл-күй, ішкі дүниесінде қайнап жатқан сезім лабораториясын көреміз. Іштегісін бүгіп қала алмайтын, еш бояусыз, ап-анық, еш сұрыптаусыз, былайша айтқанда, «фильтрленбеген» ішкі психологиялық сезімі оқырман сезімдерімен қабысып жатады: «Қиқулап жылдың құстары, Мұң септі, жүрек дір етті. Қиқымдап мұңды қысқа күн, Ұлардай шулап мыңы өтті... Жарқ етіп балғын маңдайың, Шалғайдан шыға келер деп. Жүремін іздеп əрдайым, Іңірдей үнсіз елеңдеп» немесе «Өзің жайлы, өзің жайлы ой жеңді, Мойындады жеңілгенін бой да енді. Арши-арши уысынан шеңгелді, Көңіл аулап, жұбатуын қойды ел де... Өзді-өзіммен сырласамын торығып. Өзің жоқсың. Өзіңнен соң қалғаны — Сол тіршілік, сол əңгіме, сол үміт!». Осы арада Ə.Кекілбаевтың: «Суреткердің қай- қайсысы да талантты актер. Оның əр кейіпкері — əрқилы актерлік амплуасы. Ақын да солай. Оның əр өлеңі — қырық құбылып отыратын көңіл-күйінің енді қайталанбас бір тұсы» [3], — деген данышпан сөзіне соқпай кете алмаймыз.
Аталмыш жинақта махаббат сарынына толы, əр жылдары жазылған лирикалар жиі ұшырасып жатады. Өмірдің көп қырлылығын, адамның ішкі дүниесіндегі қырлы да сырлы құбылыстарын суреттей білген. Ғалым Ə.Шəріпов суреткерлер жайлы: «Ақындардың бəр-бəрінің поэзиясы, əсіресе лирикалық өлеңдері əр кезеңнің өмір шындығын, уақыт тынысын мол аңдатады. Сонымен бірге ақынның өз басының күйініш-сүйініш күйлерін, өз басының ішкі сырларын да аңғартып отыратыны белгілі» [4], — деп білгір адамның сөзін айтқан.
Біз жүрген жерлермен
Басқалар жүрсе де,
Біз жүзген көлдермен,
Басқалар жүзсе де!
Біз кезген қырларды,
Басқалар кезсе де.
Біз сезген сырларды
Басқалар сезсе де...
Біз кешкен күй бөлек,
Көңілдің шаттығы!
Күйсек те, күйген ек,
Сүйсек те, сүйген ек.
Жүректе жас тұнып! [1; 9].
Осы өлең бойында кездесетін аллитерация (біркелкі дауыссыз дыбыстардың қайталануы) тармақ басында қатарынан келіп өлең əуезділігін күшейте түседі. «Өлең тармақтарының біркелкі дыбыстардан басталатын сөздермен құрылуы — біздің күндерімізге дейін жеткен, қазақ өлең техникасының ұтымды көне тəсілдерінің бірі» [5], — деп ғылыми тұжырым жасаған академик Р.Сыздықованың пікірі толымды сөз. Өмірдің тылсым суреттерін, тұңғиық иірімдерін жан-жүрегімен сезіне отырып, жаны нəзік ақын эвфония (сөз қайталау) тəсілін қолдану арқылы жеткізеді:
Ақ лала гүлдер толады
Ақ айдындарға дір-дір етіп
Ақ аспан ойға шомады
Ақ жауынын сіркіретіп.
Ақ шулан құс жолымен
Аққулар самғайды биік-биік.
Ақ қанат — қос қолымен
Ақ жұлдыздарға кетеді тиіп-тиіп.
(Көктемнің түсі — ақ түс) [2; 272].
Сəл нəрсеге масайрай қуанып, сəл нəрседен мəз-мейрам жасай алатын Асқар ақынның бұл таланты ғана емес, табиғаты. Өнері ғана емес, өмірі.
А.Егеубаевтың өлеңдерінің құрылысына көз жіберіп қарасақ, оның өлеңдерінің көпшілігі 7–8 немесе 11–13 буынды болып келеді. Кейбір өлеңдерінде екі, үш, төрт, алты, жеті буын араласып, болмаса дара-дара болатын өлеңдер де кездеседі:
Сезім — биік (4), Биікте сіз бір киік (7). Күздің күні (4), Билеген түздің биін (7). Құздың құйын (4),
Үрейін тұрдың құйып (7).
Қиын (2),
Қиын (2),
Кетуі көздің қиып (7).
Биік арбап (4),
Күйікке күйік жалғап (7),
Создым мойын (4),
Əбжыландай тартады (7),
Шыңырау жалған (5).
Бунақ саны бірде аз, бірде көп болып кездеседі де, мұндай өлеңдерінде поэтикалық нақтылық, шынайы көркемдікпен қатар ойы салмақты, əсерлі болып келеді.
Қаламгердің кез келген өлеңі табиғи мінезімен ерекшеленеді, əр жолын оқи келе адамгершілік аясында болғандай сезінесің. Əр өлеңі сан түрлі ой, сезімге бөлейді: бірде аласұрған қуаныш, бірде үрей, алаң:
... Бəрі дос, бауыр айнала, көңілдің беті айнадай,
Жайнаған күннің көзінде тұрарсың қалай сайрамай!
Кей достан шулы тірлікте кеудеңде қалған бір дақпен,
Безгің де келсе безбейсің, серілік пе, əлде сірлік пе?!
... Ұйқы да қашар бір күні, көзің де сонда ашылар,
Күшіктей көзің ашқан соң көкірек көңіл аҺ ұрар! [1, 63].
Міне, ақын ағамыз дəл осы тұста өмірдің адамға ұсынары у ма, бал ма, өкініш пе, шаттық па деп күйбең тіршілік кешіп жүрген біздерге ой салатындай. Дəл осы өлеңі қуаныштан гөрі өксік-өкінішке, шаттықтан гөрі қайғы-қасіретке толы екенін аңғарамыз.
Негізі, қазақ халқының ұғымында əр сөз тиісті мағына білдіреді. Байқап отырсақ, А.Егеубаевтың кез келген өлеңінде «жүрек» сөзі жиі кездеседі. Бұны біз кездейсоқтық деп айта алмаймыз. Суреткер бұл сөзді қолдана отырып өзінің судай таза сүйіспеншілігін, мөлдір махаббатын, адал көңілін, сырын, сазы мен назын жеткізеді, əлем дүниесінің жүрегін соқтырып, тіршілік тамырына қан құйып, жан бітіріп, оқушысын баурап жəне де өзін-өзі адалдық елегінен өткізіп отырған, шын таза адамның ақ жүрегі айқара ашылғандай əсер аласың: Жүрегімдегі үні əкемнің; Жүрегімнің бұлқынғанын тыңдасты; Шымырлатып жүрегіңе кіреді; Қан жылаған жүрек жүзін қан жуар; Жүрегіңнің түбінен, Бүрін жарып жыр шығар; Жаратылыс дарытқан, Тулап жүрек-тұмарым; Лүпілі бала жүрек, бал сезімнің, Алматы аспанына сыймап еді; Жүрегін таң нұрына жуғандарым; Албыраған гүл өңің Сияқты албырт жүрегім!; Тулатып қанын жүректің, Жайнайсың, бал-бұл жанасың; Күйсек те, күйген ек, Сүйсек те, сүйген ек. Жүректе жас тұнып! Осы тіркестерді оқи келе суреткердің өмірлік ұстанымын, тіпті өмірлік кредосын байқай аласыз. Өмірдегі қандай да бір өзекті жайлар болмасын, бəрін де жүрекпен сезініп, көңіліне түйіп отырғаны таң қалдырады.
Адам бойына тылсым беретін жүрек жайында Əбу Насыр əл-Фараби: «Жүрек — басты мүше, мұны тəннің ешқандай мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес, екінші, өйткені ол барлық басқа мүшелерді билейтін болса, оның өзін жүрек билейді... Мүшелерінің ішінде тұңғыш рет жүрек пайда болды, бұдан кейін ми» [6], — десе, бұл пікірді Ибн Сина да: «Жүрек бірінші бастама болып табылады, одан миға күш барады» [7], — деп қостайды. Осы эмоция туғызған жайттарды алдымен жүрек қабылдап, содан кейін ғана адамның басқа мүшелерінің іс-əрекетке көшетіндігі анық. Ал оларды жетілдіретін, нығайтатын — қоғам, адамның өскен ортасы, көрген өмір тəжірибесі.
Өлең өнерінің саласы мен сарыны жан-жақты толысып, жанры мен тақырыбы, түрі мен тегі, ырғағы мен интонациясы жетілген. Баллада жанрының табиғаты ақыннан үлкен шығармашылықты талап етеді. Шап-шағын көлемінің ішіне сюжет енгізу, оны драмалау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан да болар көп ақын балладамен «басын ауыртқысы» келмейді. Өз бойына эпос пен лирика элементтерін қоса өрген баллада өлеңдері А.Егеубаевтың шығармашылығында көптеп кездеседі. Ақынның «Жайық үкімі» өлеңін тарихи тақырыптағы балладаларға жатқызамыз. Батыр Махамбет Жайық түрмесінде мұңды күндерін өткізгені жайлы баяндалады. Мұнда Махамбеттің күйзелісін бөліскен Жайықтың толқындары:
Ақ Жайығы толқындап ыңыранып,
Қашады екен ақынның мұңын алып.
Естіліп Исатайдың өксігіндей
Арпалысқан толқындар шуылы анық
«Ата Жайық, Қарт Жайық» [8, 92], —
деп ақын өзенге жан бітіріп, оны сөйлетеді, адамға тəн қасиеттерге бөлейді: аңырайды, құшағын жаяды, толқын қойны соғады, аһ ұрып іздейді, тесті, үкімін кесті, көшті жылап. Ақын қиялы шарықтап, халықтың ойын, Махамбет батырға деген ықыласын, үлкен сүйіспеншілігін, Жайық толқындары арқылы жеткізуі — үлкен тапқырлық. Шығармада балладаға тəн шағын көлем (28 жол) алғашқы жəне соңғы шумақтарының қайталануы, драмаланған оқиға бар.
Махаббат тақырыбына жазылған «Киелі мұнарасы» қазақтың сері ақыны атанған Сəкен Сейфуллинге арналған. Махаббат белгісі ретінде сақталған Тəж-Махал мұнарасы көп сыр шертеді. Асқар ақын эпитет, теңеулерді молынан қолданып («қу тақыр», «кіл кіршіксіз сезім», «періштедей сезім», «алтын басы», «сұлулардың суынбайтын жанындай», «құдіреті ғашықтың», «пір сезім», «сұлу-сұлу сезімдер» т.б.), махаббат атты құдіретті де пəк сезімді асқақтата түседі. Өлеңдегі жырға айналып отырған мұнараны тəкəппар ақынымызға сыйлап отырған, Сəкенге ғашық болған орыс қызы Галина Серебрякова екенін білеміз. Үнді мұнарасын үнділердің өзі мұншалықты құрметтей алмас еді. Сондықтан да мұнараның сырын ұғып, жырға айналдырып, оны ажарландырып «суретіндей тағдырлардың құлаған» деп оған үлкен мəн беруі — оқиғаның ақынның бойы мен ойынан, көңілінен орын алып, көркем шығармаға айналғаны айқын аңғарылып тұр.
«Ақын өзінің көргенін, жүрегі тебіреніп, көңілге түйгенін өлең бола бермейді. Солардың ішінде ерекше бір жанды қозғайтын, сезімді шертетін жайлар болады. Ол өзі көңілін алаңдатып, əр уақытта ойды болып, іштей түлеп, түрленіп, пісіп-толып, сыртқы бір жарық нұрлы дүниеге шығуға талпынады. Жазбасқа болмайтын жағдайға алып барады. Ақын əбден кемеліне келгенде барып, «шиыршық атып қағазға төнеді» [9, 197], — дегені біздің жоғарыда айтқан ойларымыздың дəлелі іспетті. Балладаға тəн ерекшеліктердің бірі — ақынның болып жатқан оқиғаға деген көзқарасының ашық түрде көрінуі. Өлең бойындағы əр сөзді, əр сөйлемді, əр шумақты оқыған сайын ақын қиялының шарықтай түскенін, жай ғана суретке ерекше поэтикалық пафос беріп, асыл қасиетке бөлегенін аңғарамыз.
Асқар Егеубаевтың қиыннан қиысқан «Балапан тал туралы баллада», «Қанат туралы баллада», «Қазанаттар тағдыры» атты баллада-өлеңдері бар.
Абақты ауласында көктеп келе жатқан талға сансыз сұрақтарын жаудырады: «Сəулесіз қалай ғана күн кешпексің, Иен дала жетпеді ме?! Абақтыдан не іздедің?» Əрі қарай лирикалық кейіпкер өз монологін жалғастырады: «Жайдары жаз, жарығы мол, əресіз, тым құрыса, сыртқа қарай шықпадың, Тас іргеден басын сұққан сен ғана, Безіп жатса бəрі сенен өзгенің... Бұл қапастан бəріміз де кетеміз... Сен қаласың тамыр тартқан түбірде, Жайсаң нетті өркеніңді далаңа! Еркіндікке бұрсаң нетті бүріңді?!».
Автордың бұл қойылған сұрақтарында үлкен пəлсəпа жатыр. Ғасырлар бойы адамзатты сан түрлі ойлар мазалайды. Кейіпкердің ойын темір тор түбіндегі талмен сырласқан сəтте байқаймыз. 11 буынды өлең а — б — а — б ұйқасымен жазылған. Өлең құрамындағы риторикалық сұрақ — балладада сирек қолданатын тəсіл. Оны қаламгер ұтымды пайдаланған.
«Қазанаттар тағдырында» ақын тарпандардан тараған түлік туралы толғайды. Ер қанаты — ат демекші, осы қасиетті жануарлардың тағдыры да адам тағдыры сияқты əрқилы болады. «Қазанаттар... батыр мінген, сұм мінген, Жүйрікті ертең кім мінерін кім білген!» [9, 93], деп толғай отырып, кейіпкеріміз қазанаттардың бейнесін тіл өрнегімен əрлендірген. «Иесі үшін жанұшыра құс тістеп, Иесі үшін тасқа табан тілдірген; Иесімен кетпек бірге мерт болып, қанаттылар ұшқырлықтан ұшынған, кеудесіне дерт толып, ұшқырларды сынаған, ер астында оққа ұшып, қиялардан құлаған!».
Балладада пырақтарды сүйсіне жырлаған ақынның шығармашылық қабілеті мен өмір өресін тануы, үлкен түйіндер жасай алуы айдай анық көрініп тұр.
Балладашы-ақын тұлпарлардың тағдыры туралы ойын тізбектей келе:
Ұшып жатса... кемдігі ме күшінің?
Үстемдігі үстіндегі кісінің!
Адамдарсыз, ер-тұрмансыз, ноқтасыз...
Құяр ма еді Жүйріктердің мүсінін, –
деп аяқтайды. Бұл да балладаға тəн қасиет.
А.Егеубаевтың философиялық толғанысқа, тебіренген сарынға толы шығармаларының бірі —
«Қанат туралы балладасы». Баллада эпиграф ретінде алынған ақынның «Ұша білмеген ұшып өледі, Ұшып көрмеген үсіп өледі!» қарапайым он бір буынды өлеңмен жазылған шығармадан талайлардың көкейінде жүрген, кеудесінде тұнып жатқан ойды оқисыз. Шығарма атының өзі көп ой салады. Біз үшін қанат — талпыныс, ұшқыр ой, биіктік, асыл сезім, болашақ, көтеріңкі көңіл-күй, шабыт, бір сөзбен айтқанда — тіршілік. Адам бойында осының бəрі табылып жатса, оны қанатты демей не дейміз?
... Қанаттылар санамайды сағатты,
Қанаттылар танымайды азапты.
Қанаттының əр секунды лəззəтті! [9; 179].
Қанаттыларға еркін самғап ұшуына кедергі, бөгет, тосқауыл болатын «қанатсыздар» да жоқ емес. Өмір ақ пен қара, жақсы мен жаман, адалдық пен арамдық, мейірбандықтан тұрмай ма? Енде- ше:
Қанатсызға қарап тұрып аһ ұрдым... Аһ ұрдым да...
Ұшарымды жасырдым...
Құшағында пақыр кешкен тақырдың,
Қарадайын су сепкендей басылдым!
Адам баласы жарық дүниеге келген сəттен ең алдымен ащы жасын төгеді. Сол жастың молынан болатынын, оны тудырған себеп қуаныш емес, күйініш екенін періште-сəби қайдан білсін!
Ақын балладасын ұсына отырып, өмір ақиқатын ақтарады. Тіршіліктегі құбылыстарды терең, жан-жақты түсінген ақын бүкіл адамзат баласын толғандыратын тақырыпқа барып, көркемдік түйін жасайды.
Оның «Операция», «Соғыстың секундтары», «Құрыш қария» балладалары — халықтың бастан кешкен трагедиялық кезеңінің тірі шежірелері. «Операция» балладасының қаһарманы — Ұлы Отан соғысына қатысып келген жауынгерлердің бірі. Бейбіт заманда өмір сүріп жатқанын тамашалаймыз. Алайда бойындағы «титтей қорғасын» оның мазасын алып, тыным бермейді. Қария емханаға барып, ондағы дəрігерлерді, үйдегі кемпірін алдап-сулап, сосын оларды көндіріп, тағы да пышақ астына жатпақшы:
...Қорғасын оқ денеде мың күн қалған,
Мың күн бұғып,
Жеңе алмай мыж-мыж болған.
Тұншықты қара тентек уысында
Өтіп кеп талай қолдан, мың-мың жолдан [8, 101].
Ақын тыл бригадирі Құрышбай туралы «Құрыш қария» балладасында баяндайды. Шығарма төрт бөлімнен тұрады. Кіріспеден кейіпкердің балалық шағын көз алдымызға елестетеміз. Əрі қарай ауыл қарттарының соғыстан кейінгі күй-жайын əңгімелейді. Той-томалаққа бірге баратын шалдар Құрышбай қарияны бұл жолы ұзақ күтеді.
Сөзге де жоқ, күлкіге де тым сараң,
Сақал-шашын аппақ қырау құрсаған.
Құрышбайды тоса-тоса бір тойда,
Ертіп кел деп үй иесі жұмсаған [8; 88].
Соғыс жылдары Құрышбай қарт тыл бригадирі болды. Осындай бригадирлер қарамағындағы адамдардың майданға қосқан үлестері орасан болды. Ауыл жұрты «Құрыштай сұсты» Құрышбайдың мінезін түсінбей, оны сөге-жамандап, қылықтарына таң қалысатын: «Əрбір сөзі естілетін ұрыстай». Оның қатыгез мінезінің қыр-сырын білгісі келген кейіпкер-бала: «... Бекер болған алғаныңыз мазасын Анау жылы жесір, жетім баланың...», — дейді. Құрышбай қарияның: «Қаталдықты қаталдықпен жеңдік біз, Қайсарлықпен бүгінге аман келдік біз» деген бір ауыз сөзі баршаның көкейінде жүрген сауалдарына жауабы іспеттес. Ақын О.Сүлейменов осы баллада жайында: «Əдетте, тылдағы шаруашылық командирлері — бригадирлердің қаталдығы мен қатыгездігін «əшкерелеген» өлеңдерді көп оқушы едік. Асқар «Құрыш қария» балладасында бізді аман алып қалған да, қиындықтан құтқарған да сол бригадирлердің қаталдығы деген түйін түйеді» [8, 5] — дей келе, назар аударарлық тұжырым деп ойын аяқтайды (баллада 11, 12 буынды а — а — б — а шалыс ұйқаспен жазылған). Құрышбай бригадир арқылы мыңдаған тыл командирлердің бейнесін көзге елестете аламыз.
Қорыта айтқанда, Асқар Құрмашұлы — адамгершілікті ар тұтқан, адалдық жалауын желбіретіп өткен, өз замандастарының ешқайсысына ұқсамайтын ақын. Поэзияда өзіндік үні, дауысы бар, түркітану ғылымында өшпес із қалдырған ғалым Асқар Егеубаевтың туындыларын көңіл көзімен оқыған жұрт көкіректеріне ой саларына шүбə келтірмейміз.
Əдебиеттер тізімі
- Егеубай А. ХХ ғасырдың екі сағаты: Өлеңдер мен дастандар. — Алматы: Атамұра, 2005. — 176 б.
- Алаштың Асқары. Мақала, өлең, естелік. — Алматы: Орда, 2008. – 352 б.
- Кекілбаев Ə. Құбажонда құланиек таң атса... // Қазақ əдебиеті. — 2007. — № 47. — 23 қараша.
- Шəріпов Ə. Сырбай Мəуленов творчествосы. — Алматы: Жалын, 1985. — 7-б.
- Cыздықова Р. Қазақ əдеби тілінің тарихы. — Алматы: Ана тілі, 1993. — 109-б.
- Əл-Фараби. Философиялық трактаттар. — Алматы: Ғылым, 1973. — 289-б.
- Избранные произведения мыслителей стран Ближнего и Среднего Востока: О Ибн-Сине. — М.: Наука, — С. 161.
- Егеубаев А. Құс жолы. Өлеңдер мен балладалар. — Алматы: Жалын, 1982. — 119 б.
- Егеубаев А. Əділет: Өлеңдер мен поэмалар. — Алматы: Жалын, 1990. — 240 б.