Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Сөйлемдердің мəтінге қатысы

Сөйлем — белгілі бір мағыналық жəне интонациялық тұтастыққа ие, грамматикалық тəртіппен байланысқан сөздер тізбегі ретінде көрінетін адамдар тілінің кіші бөлшегі. Жалпы тіл білімінде, оның ішінде қазақ тіл білімінде сөйлемге түрлі көзқарастар білдіріліп келді. Сөйлемге байланысты түрлі анықтамаларды қарастыра келе, сөйлемге жаңаша көзқарасты аңғардық. Осы анықтамаларды тиянақтай келгенде, сөйлем сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің, іс пен істің, ой мен ойдың қатынасын көрсетіп, белгілі бір ойды білдіреді десек, сөйлемді дұрыс түсінген болар едік.

Ж.Жақыпов сөйлемге жаңаша көзқарас білдіреді: «Сөйлемдегі ойды «тиянақты, аяқталған» деу шындық болмысқа сай келмейді. Өйткені болмыстағы кез келген құбылыс бір жақты, оқшау болмайды, ол — белгілі бір жүйенің құрамындағы күрделі құбылыс. Осы болмыстың тілдегі көрінісі де соған сəйкес. Ал хабар алмасушы (коммуникант) қашан да өз сұранысын толық қанағаттандыруға тырысады, яғни, белгілі бір зат я құбылыс туралы мүмкіндігінше толық хабар болса бір сөйлемнің мазмұнына сыя бермейді. Міне, осыдан келіп сөйлемдегі ой да тиянақты бола бермейді» [1; 42].

Осы пікірді дəлелдеп көрейік. Мысалы: 1.Абай қарсы үйде оңаша отырып, соңғы он шақты күннен бері кітапқа, қағазға күндіз де, кеш те үңіліп еңбек етеді. 2.Түкпір үйде Мағаш пен Кəкітай да өз алдарына кітап оқып ізденуде. 3.Оның екеуі де бұл күндері орысша кітаптарды, əсіресе жеңіл тілмен жазылған қызық романдарды көп оқитын. 4.Өз мəжілістерінде сол оқығандарын ауызша əңгіме, ертегі қып айтысып отырады (М.Ə.). Сөйлемдері құрылымы жағынан аяқталған, интонациясы да соған сай. Алайда 3, 4-сөйлемдерді мазмұны жағынан алсақ, олардың олқы, жетімсіз екенін байқау қиын емес. Оның тиянақталуы үшін оның екеуі кім екенін, сол оқығандары не екенін тек алдыңғы сөйлемдер айқындайды. Сонда ой былай толығады: Мағаш пен Кəкітай да бұл күндері орысша кітаптарды, əсіресе жеңіл тілмен жазылған қызық романдарды көп оқитын. Өз мəжілістерінде орысша кітаптарды, əсіресе жеңіл тілмен жазылған қызық романдарды ауызша əңгіме, ертегі қып айтысып отырады болып шығады.

Демек, сөйлемдердегі ой тиянақсыздығын, мазмұнның ашылуына басқа сөйлемнің ықпалы қажеттілігін, сөйлемнің контекске тəуелділігін көрсетіп тұратын грамматикалық құралдар болады. Біздің мақсатымыз — сөйлемдердің, оның ішінде толымсыз жəне атаулы сөйлемдердің мəтінмен байланысын қарастыру. (Тілімізде парцелляцияланған сөйлемдердің де осындай қасиеті бар).

Толымды сөйлемдерде толымсыз сөйлемдерге қарағанда синтаксистік байланыс айқын, мағынасы неғұрлым тиянақты болады. Алайда толымды сөйлем ойды түсінікті етіп жеткізуде əрқашан икемді бола бермейді. Өйткені адам санасы үнемі толық сөйлемді қажет етпейді. Қарым- қатынас жасау үстінде əр сөйлемді толымды етуге тырысу көпсөзділікке əкеп соғады. Сондықтан адамдар қарым-қатынас кезінде толымды сөйлемдерден гөрі толымсыз сөйлемдерді жиі қолданады. Мұның толымсыз сөйлемдердің ықшамдау, үнемдеу заңдарымен астасып жатқандығын байқаймыз. Мəтін деңгейінде сөйлем құрылысының ықшамдалуы əр уақытта сөз болып келеді. Ғалым Т.Сайрамбаев бұл құбылысты «синтаксистік экономия» деп атайды да: «...синтаксистік экономияда да, негізінде, біріншіден, толық сөйлемнен толымсыз сөйлемге ауысу процесі пайда болады, екіншіден, белгілі бір сөйлем мүшесі қызметіндегі сөздер түсіп қалуы — басты фактор, үшіншіден, түсіп қалған сөздің қызметін басқа сөздер уақытша атқаруға тиіс болады, төртіншіден, соңғы қызметі атқарушы сөздің семантикасы бұрынғыға қарағанда қалай да молая түседі, бесіншіден, түсіп қалған сөз көбіне сөйлем мағынасынан белгілі болып тұрады, алтыншыдан, ондай экономияға түсетін сөздер көбіне зат есімдер, ал зат есімдердің орнына жұмсалатын сөз таптары көбіне бұрын анықтауыш қызметінде жұмсалуға тиіс сын есімдер, сан есімдер, есімшелер жəне кейде кейбір көмекші сөздер түйдекті тіркестер құрамында жұмсала береді »деген пікірді айтады [2].

Ал толымсыз сөйлемдердің толымсыздығы бас мүшесінің ғана емес, кез келген мүшесінің түсірілуінен де көрінеді, сондай-ақ сөйлем мүшесінің түсірілуі контекске, жағдаятқа жəне стильдік мақсаттарға байланысты болады. Толымсыз сөйлемдер тілде өзіндік ерекше қызмет атқарады. Сөйлемнің толымсыз түрде жұмсалуы оның грамматикалық белсенділігін төмендетпейді, сондай-ақ кемшілігі бар сөйлем деуге де мүмкіндік бермейді. Толымсыз сөйлемдер кез келген жағдайда толыққанды сөйлем ретінде керекті хабарды үнемді əрі дəл жеткізіп жəне өздерінің коммуникативтік қызметін еш толықтырусыз, түсіп қалған мүшелерін қалпына келтірмей-ақ атқара береді.

Сөйлем толымсыздығын анықтау факторлары жайлы А.М.Пешковский мынадай екі факторды атап көрсетеді:

  • сөйлеу сəтіндегі сөздердің өзара байланысы, яғни контекстің болуы;
  • сөйлеу əрекетінде сөздердің басқа нақты көріністермен алмастырылуы [3].

Жағдаятқа жəне контекске байланысты түсірілген сөйлем мүшелерін қайта орнына келтіруге болатындықтан, мұндай сөйлемдер сөйлемнің тек сөздік құрамының толымсыздығын көрсетеді.

Жағдаяттық сипаттағы толымсыз сөйлемдер сөйлеуші санасында түсірілген сөйлем мүшесінің лексикалық нақты мағынасының сақталатынын, ойша толықтырылатынын көрсетеді. Демек, коммуниканттар бір-бірімен хабар алмасқанда жеткізілетін оймен қабылданатын ой түсініксіз болып шығады деу негізсіз. Мысалы: Қанша уақыт өткенін Иса білмейді, ұйықтап кеткен екен, бір сəтте шешесі келді.

  • Ойбай, жарығым Иса, қой ығып барады... Ықтырманы құлатып кетті. Əзімбай сені шақырып, əлек салып жатыр, — деді.

Иса тұрды да, шешесіне:

  • Ал, мен кеттім. Бірақ өзің енді тапжылма! Өлемісің, үстің əбден сүмектеп бітіпті. Жат, жат мына менің орныма! — деп, қатты бұйырып шешесін өз орнына жатқызды да, өзі керегеден қара шоқпарды ала бере атқып шықты. Сол-ақ екен Тəкежан мен Əзімбай да мұны боқтай жоқтап, осы тұсқа келіп қалған екен (М.Ə.). Асты сызылған сөйлемді жағдаятқа байланысты толықтыруға болады. Мəтінде Исаның ұйықтап қалуы, оны шешесінің оятуы, Исаның қойға кетуі, Тəкежан мен Əзімбайдың мұны боқтай жоқтап, осы тұсқа келуі жағдаятқа байланысты аңғарылады.

Мəтін де, контекст те толымсыз сөйлемдермен тығыз байланысты ұғымдар. З.Будагова мəтін рөлі туралы: «Толымсыз сөйлемдердің мағыналық құрылымдық аяқталғандығын мəтіннен көруге болады. Ол мəтінсіз өмір сүре алмайды», — деген пікір айтады [4].

Əдетте, контекстуалды толымсыз сөйлемдер мағыналық жақтан «ақаулы» болып келеді де, өзінің семантикалық дербестігін жояды. Толымсыз сөйлемдерді айтқанда біз контекст мəселесіне соқпай кете алмаймыз. Себебі толымсыз сөйлемдердің түсірілген сөйлем мүшесі не мүшелері контекст арқылы қалпына келтіріліп, түсінікті бола алады. Контекст мəселесі — қазақ тіл біліміндегі көкейкесті мəселенің бірі. Олай деуге себеп, контекстің тілдің қай деңгейінде болмасын қатысы бар. Тіпті, синтаксистің басты нысаны болып табылатын сөйлемнің шын сипаты да контекст арқылы ғана айқындалады.

Баяндаудың толымсыздығы — мəтіндегі заңды құбылыс дей келе, оның толымсыздығы контекст арқылы толығатындығын жəне контекске тəуелді екендігін А.Э.Гатина да құптайды [5].

Құрылысының толымсыздығы контекстің болу-болмауына негізделген сөйлемдер контекстуалды толымсыз сөйлемдер деп аталады.

Контекстуалды толымсыз сөйлемдердің құрамындағы сөйлем мүшелерінің түсіп қалуы — жиі кездесетін құбылыс. Түсірілген сөйлем мүшесінің қызметін, мағынасын алшақ немесе іргелес тұрған сөйлем мүшелері атқарып, нұсқап тұрады. Осыған байланысты тілімізде кездесетін контекстуалды толымсыз сөйлемдерді бастауышсыз, баяндауышсыз, анықтауышсыз, пысықтауышсыз, толықтауышсыз деп бөліп қарастыру тілімізде орын алған. Осы пікірлерімізді мысалдар арқылы дəлелдеп көрейік.

  1. Қабақ қақпай қадалып ұмтылған Базаралы, енді тебініп кеп, жирен айғырлы жылқышы мен Əзімбайдың екі арасынан ағындап кіре берді. 2. Байдың ұлын жағадан темірдей қолмен бүре қармап алып, ат сауырына қарай жұлқа жөнелді. 3. Ашулы қолында, ендігі Əзімбай қаңбақтай жеңіл көрінді. 4. Оны аттың сауырына түсіре сүйрете кеп, шалқайтып апарып омырауындағы қолды босата берді де, тұмсығы мен көзінен сүргілей қойып жіберіп, жерге лақтыра тастап кетті (М.Ə.). Мəтінде 2,4-сөйлемдердің бастауыштары түсіріліп қолданылған. Олардың бастауышы Базаралы екендігін мəтін арқылы 1-сөйлемнен байқаймыз. Автор бастауышты қайталай бермеу мақсатында түсіріп қолданған.

Сөйлемдегі түсірілген бастауыштың орнын контекст арқылы толықтыруға болады. Бірақ бұл үнемі сөйлем құрамынан бастауышты түсіріп тастай беруге болады деген сөз емес. Оның (бастауыштың) түсірілуі немесе, керісінше, түсірілмей айтылуының өзі стилистикалық талаптарға байланысты жүзеге асады. Осыған орай тілімізде бастауышсыз толымсыз сөйлемдерді немесе, толымды сөйлемдерді қолдану əр түрлі жағдайларға байланысты болып келеді.

Анықтауыштар сөйлемнің есімнен болған басқа мүшелерін анықтайды да, соған қатысты болады. Анықтауыштардың түсіп қалатын жағдайларын Ұ.Керімбекова «Анықтауышсыз толымсыз сөйлем» атты мақаласында былай көрсетеді:

  1. Негізгі ой анықталушы сөзге аударылып, ол ерекше екпінмен айтылғанда.
  2. ...анықталатын сөз субъектіге тəн болса.
  3. ...алдыңғы сөйлемдерден белгілі болады.
  4. ...оның алдыңғы сөйлемде жалпылық, белгісіздік мағынада келуімен байланысты. Олар көбіне күрделі сөздерден тұрады да, көрші сөйлемдерде аталғандықтан, келесі сөйлемде басы артық сөздер қайталанбай түсіп қалады [6].

1.Əрбір жортуылшыға өз сыбағасындай жеке-жеке келген жылқышылар бар-ды. 2.Əзімбай мен жирен айғыр, қара айғырдағы қос басылар жығылған соң, өзге жылқышының көбінен ес кетіп қалды. 3.Жығылғаны жығылып, ендігі қалған тобы селдіреп қаша бастаған (М.Ə.). Келтірілген мысалдағы 3- сөйлемнің толымсыздығын аңғаруға болады. Кімнің жығылғаны 1-сөйлемнен көрінеді, яғни сөйлем былай толығады: Жылқышылардың жығылғаны жығылып, ендігі қалған тобы селдіреп қаша бастаған. Сөйлемнің меншіктік анықтауышы түсірілген.

Сөйлеу тұрғысынан, контекст тұрғысынан қарағанда, анықтауыш айтылмай тұрған толымсыз сөйлемде анықтауыш қана емес, анықтауышқа қатысты бағыныңқы сыңарлардың, яғни тұтас тіркесі, я сөйлемнің қатысы қажет болатын жағдайлар да кездеседі.

  1. Тəкежан барлық жұртқа тағы бір əмір берген.
  • Айқайлап тұрыңдар! Малды шəйт-шайлап қайырып тұр. Ес болыңдар малға. Қасқыр... Мұндайда қасқыр араласып жүрмесін, айқайла! Дыбыста! Үзбе айқайды! — деп, əр тұстағы барлық жанға қатты бұйрық тастап, тынымсыз кезіп жүр (М.Ə.). 1-сөйлемде Тəкежанның қандай əмір бергені өзінен кейінгі сөйлемдермен толығады да, сапалық анықтауыштың орны айқындалады.

Сөйлемнің толықтауышының қатыспай тұруы арқылы толымсыз болуы, негізінен, етістікті сөйлемге қатысты. Өйткені етістік өзі қатысып отырған синтагмадағы зат есімнің я заттанған басқа есімдердің атау мен іліктен басқа жанама септіктердің бірінде тұруын талап етіп, сол есім сөзбен меңгеріле байланысып тұрады [7]. 1. Абай Иіс кемпірдің амандасқан сөздерін де естіместен екі шиеттей баланы ойлағанда, өз жүрегі тоңазып, қатты бүрісіп кетті. 2. Иіс қапалық жайын баяндап отыр (М.Ə.). 2-сөйлемде Иіс кемпірдің қапалық жайын кімге баяндап отырғаны 1-сөйлемнен көрінеді. Сөйлем былай толығады: Иіс қапалық жайын Абайға баяндап отыр. Берілген мысалда барыс септіктегі жанама толықтауыш түсірілсе, төмендегі мысалдан тура толықтауыштың түсірілуін байқаймыз: 1. Сол орайда Əбіш ұсынған скрипканы алған Мұқа өзінше бір сезімді күй тартып кетті.

  1. Саусақтары үлкен, тартыс мəнері Əбіштей емес. Бұл отырып, байсалды салмақпен, тек қол қозғалысымен ғана тартады. 4. Əбіш байқап отыр. 5. Мұқа да скрипканың тартуын əлдебір провинция күйшісінен үйренген, аз оқыған тəсілдер бар. 6. Үлкен техникасы болмаса да, барынша шын сезімін ынта-бейілмен жеткізбек болған сирек талап танылады. 7. Күйі анық мұңды күйікті жүректің шын шері. 8. Осы күйін екі қайырып тоқтағанда, Əбіш жалт бұрылып бұл күй не күй екенін сұрады (М.Ə.). 4-сөйлем тура толықтауышты қажет етеді. Əбіштің нені байқап отырғаны өзінен бұрынғы 2, 3-сөйлемдер арқылы яғни Саусақтары үлкен, тартыс мəнері Əбіштей еместігін, байсалды салмақпен, тек қол қозғалысымен ғана тартатындығын байқап отырғаныдығы білінеді. Жанама толықтауыштардың жатыс, шығыс, көмектес септіктерде түсірірілуі де тілімізде жиі кездесетін құбылыс. Мысалы: Абай Павловтың келе алмағанына көп күйзеліп қалды.
  • Бəрекелді-ай! Аса қадірлейтін қымбат адамым еді, денсаулығы нашар. Сенімен бірге жақсылап тынықса деп ем. Өзімен дұрыстап таныстың ба?
  • Таныстым. Көп кездесіп жүрдім. Бірнеше рет ұзақ-ұзақ та əңгімелестік. Бар жайды сонша кең, терең түсінетін аса білгір адам екен.

Революционердің ардақты тобынан болғандай. Сізге де соншалық дос екен. Өзіңізді, еңбегіңізді сан қазақтан артық түсініп бағалайтын жан ба деп ойладым, — деп Əбіш ауылға Павловты ертіп келе алмағанына бірталай өкініш білдірді (М.Ə.). Əбіштің кіммен танысқаны (Павловпен) өзінен бұрынғы контекстен көрінеді, көмектес септіктегі жанама толықтауыш түсірілген.

Сөйлемде түсіп қалған пысықтауыш көршілес басқа бір сөзбен берілсе, кейде оны контекстің жалпы мазмұнынан да байқауға болады. Мəселен, 1. Сейіт соңғы күндерде көршілес Есболаттың бір кедей көңілдес жігіттері қонаққа шақырған соң қасына бір бала жігітті ертіп сонда барған еді. 2. Бұның танысы — Есболаттың үлкен байы, атақты Оразбайдың көршісі екен. Сейіт өзінің құрбысының үйінде екі күн қонақ болды. 4. Əн салып, сауық құрысты (М.Ə.). 4-сөйлемдегі Сейіттің қашан əн салып, сауық құрғаны 1-сөйлемдегі «соңғы күндерде» сөз тіркесі арқылы мезгіл пысықтауышпен толығады.

Сахара тіршілігінде ақын, əнші, ойыншы, күлдіргі адамдар көп кездеседі. 2. Абай аулының өзі болса, бұнда неше алуан сырлы сымбат, өнер үлгілері бар. 3. Бірақ бүгін бұл ауылдың барша адамдарын анық тамаша қалдырған жаңа өнер көрінді. Ендігі сауықтың əрбір түрін тың қонақ бастады (М.Ə.). Соңғы сөйлемдегі мекен пысықтауыштың толымсыздығын 3-сөйлем арқылы былай толықтыруға болады: Абай аулында ендігі сауықтың əрбір түрін тың қонақ бастады.

Пысықтауыштың басқа мағыналық түрлерінің түсірілуі де тілімізде көптеп кездеседі, əрі бұл мүшенің түсірілу-түсірілмеуі автор стиліне, баяндаушының коммуникативтік мүддесіне байланысты болатынын естен шығармау керек.

Ауызекі сөйлеу ерекшелігінің көрінісі саналатын баяндауышсыз толымсыз сөйлемдерде тілдік элементтер белгілі бір сөйлеу жағдаятына қарай жұмсалады. Түсірілген баяндауыштың қызметін өзге объектілік мағынадағы мүше қоса атқарып тұрады. Ал ондай мүшелер белгілі бір септік жалғауында тұрады. Мысалы: — Оразеке! Ашу ағадан, айып ініден! Маған томырылып кетіпті деп естіп ем! (М.Ə.). Мұндағы Ашу ағадан, айып ініден! деген сөйлемдегі шығыс септіктегі сөздің актуалдануы жолымен баяндауыштың толымсыздығы байқалады. Осындай жағдайда сол сөйлем ішіндегі контекст, ситуация арқылы баяндауышты анықтауға болады. Сөйлемде «болады» баяндауышының түсірілгені көрініп тұр. Немесе: 1. Айнала қар басқан ұзақ үнсіз биік жота. Күн аяз емес, бірақ мазасыздау қыстың салқын желі арттан соғып, аттардың құйрығын, жалын шалқыта үйіре түседі. 2. Жолаушылар керуен жолымен қатар жүрмей, шұбай жүріп келеді. 3. Базаралы жолдастарын қазір алға салған, өзі артта (М.Ə.) Соңғы сөйлемдегі «келеді» немесе «жүріп келеді» баяндауышының қолданылмауы шығыс септіктегі сөздің актуалдануы жолымен берілген.

Тілімізде бірнеше мүшесі түсірілген толымсыз сөйлемдер де молынан ұшырасады. Мысалы:

  1. Қадишаны жібергелі не заман. Қадиша да, Ақтоқты да жер жұтқандай жоқ. 3. Іздемеген жеріміз қалмады (С.Ж.). Соңғы сөйлемге назар аударсақ: кімді іздемеген (Қадиша мен Ақтоқтыны), не себепті іздемеген (жер жұтқандай жоқ болғандықтан), кімнің іздемеген жері (біздің) қалмағаны, сөйлемнің толықтауышы, пысықтауышы, анықтауышының жетіспеуін контекст арқылы көреміз.

Сөйлемдердің мəтінге қатысын атаулы сөйлемдерден де байқай аламыз.

Кез келген сөзді не сөз тіркесін атай берсек, өздігінен атаулы сөйлем бола қалмайды. Атаулы сөйлем болу үшін ол сөздің не сөз тіркесінің əңгімеленбекші болып отырған оқиғаға, шындық болмысқа қатысы болу керек.

Атаулы сөйлемді мағыналық түрлеріне қарап үш топқа бөлуге болады: мекен атаулы сөйлем, мезгіл атаулы сөйлем жəне зат атаулы сөйлем [8].

  1. Мекен атаулыға жалпы жəне жалқы есімді мекен атаулары: жер, су, орман, тау атаулары жəне қала, ауыл, мекеме, ұйым, зауыт, фабрика, үй, бөлме тағы басқалар жатады. Мысалы: Алматы қаласы. Жаңбыр жауып күн шайдай ашылған (С.С.). «Алматы қаласы» сөйлемінен кейін ойдың бар екендігін байқау қиын емес. Сөйлемді «Алматы қаласында жаңбыр жауып, күн шайдай ашылған» деп өзгертуге болады.
  2. Мезгіл атаулыға мезгіл мағынасын білдіретін күн, ай, жыл атаулары жəне мезгілдің белгілі бір мөлшерін білдіретін шақ, кез, түс, түн, қараңғы, кеш, көктем, қыс, уақыт, бейуақ деген сияқты атаулар жатады. 1916 жыл. Шілденің ақыры. Қалың жаңбыр жауып ашылған. (С.С.). Наурыздың орта кезі еді. Бұл айда жылдағыдай ұдайы түтейтін ақ боран болмағанмен, жиі-жиі қар жауып ашылып, желсіз тымық күн маужырап тұрады да, ойда жоқта жел көтеріліп алдап соғады. (С.Ж.). Қараңғы түн. Ахметтің пəтері. Есік ішінен бекітілген. Ахмет пен Отар алаңдап, ұрыларша жымып күйбеңдеп, шүберекпен екі винтовка, бір наганды сүртіп отыр (С.С.).
  3. Зат атаулы сөйлемдер өзінің мағынасы жағынан алуан түрлі болып келеді: а) табиғат құбылысының көрініс атауларын білдіреді. Мысалы:
  4. Қыс. Ақша қар. Далаға шықсам аппақ, бар маңай аппақ көрпе жамылыпты (Д.И.).

ə) үй жиһазы, оқиғаға байланысты басқа да зат, адам атауларын білдіреді: Оюлы текемет. Қызыл дастархан. Жинаулы бөлме. Үйде Ақботадан басқа ешкім көзге ілінбейді. (О.Б). Кең жайлау. Кең дала. Кешке жақын алты қанат ақ үйдің ішінде екі адам əңгімелесіп отыр (Д.И.).

Осы берілген мысалдардан атаулы сөйлемдердің мəтін түзушілік қасиеті аңғарылады.

…Атаулы сөйлемде əлдебір оқиға, құбылыс немесе əрекет туралы хабарлаудан гөрі, солардың бірін атап көрсету жағы басым жатады.

Тегінде, атаулы сөйлем əлдебір көріністі атап қана қоймайды, сонымен бірге сол көріністің осы шақта болып жатқандығын білдіреді. Бұл, əсіресе, сол атаулы сөйлемнің жалғасы сияқты қызмет атқаратыны келесі сөйлемнен анық байқалады [9].

Атаулы сөйлемде бастауыш пен баяндауыштан құралатын предикативтік қатынас болмағанмен, предикативтің өзі бар. Бұл сөйлем де тиянақты ойды білдіреді, ойды болмысқа шақ, жақ тұрғысынан қарастырып білдіреді. Атаулы сөйлемге тиянақты синтаксистік форма беретін интонация, контекст. Сөйлемге тəн интонациямен атаулы сөйлем дара тиянақты форма алады [10].

Мына мысалға көңіл аударып көрейік. Аяныш! Жоқ, аяныш əр түрлі. Байыбына бақсақ, адамды адамның жақсы көру сезімінің түп негізінде де аяныш жатады. Аяй білмеген адам аялай да білмейді. Бірақ мұндай аяныш жасырын, жарыққа шықпайтын, толқымалы сұлу сезімнің бетінде емес, тереңінде жүретін жылы ағыс (З.Қаб.). Мұндағы Аяныш атаулы сөйлемі атау тұлғада келіп, оқиғаға қатысты затты атап, əрі қарай ой осы жайында болып тұр. Бұл жерде контекстің ықпалы ерекше екені байқалады. Егер атаулы сөйлем болмаса, ойдың не туралы екендігі айқындалмас еді.

Сонымен, атаулы сөйлемді контекспен бірге қарасақ, оның жаңа қырлары көрінеді.

Қазіргі тіліміздегі бір ерекшелік — тақырып атаушы сөйлемнің жиі    қолданылатындығы.

«Тақырып атаушы сөйлем, дəстүрлі анықтама бойынша, тыңдаушыға немесе оқырманға кейінгі сөйлемнің баяндау предметі, мазмұны не туралы екенін алдын ала хабарлау мақсатында қолданылатын сөйлем», — деп көрсетеді Ж.Жақыпов [1; 32].

Мысалы: Адам! Ол өз тағдырының тұтқасын өз қолына алған қаһарман совет азаматы келер күнге тура қарап, алға адымдап келеді, биікке — шырқау шыңға шығып келеді (З.Қаб.). Осы мысалдардан сегменттік құбылысты да аңғарамыз. Бұл жерде мынадай қасиеттерді көруге болады. Біріншіден, адам деген атау септігінде тұрған зат есім, екіншіден, олардың өзіне тəн интонациясы бар, үшіншіден, бұл сегменттерден кейін үзіліс болып, одан соң базистік сөйлем келіп, ол сөйлемді есімдіктер бекітіп тұр, əрі олардың контекске тəуелді мəтін байланыстырушылық қасиетін көреміз. Тақырып атаушы атаулы сөйлемге ұқсас болғанымен, сөйлемнің қасиетіне жауап бере алмайды, бірақ ол өзінен кейінгі сөйлемге негіз болады, онсыз кейінгі сөйлемнің кім, не туралы айтылып жатқандығы анықталмайды, яғни контекске тəуелді.

Қорыта келгенде, толымсыз сөйлемдер толымды сөйлемдерге қарағанда тілімізде жиі қолданылатынын, əрі ойды қысқа, тұжырымды, нақты жеткізу ерекшеліктерін көрсететінін, толымсыз сөйлемдердің де, атаулы сөйлемдердің де мəтінмен тығыз байланыста болатынын аңғардық.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Жақыпов Ж. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары. — Қарағанды, 1998.
  2. Сайрамбаев Т. Сөз тіркесі жəне жай сөйлем синтаксисі. — Алматы: Рауан, 1991. — 135, 136-б.
  3. Пешковский А.М. Русский синтаксис в научном освещении. — М., 1956. — С.
  4. Будагова З. Азербайджанский язык. — Баку, 1982. — 139 с.
  5. Гатина А.Э. Неполное высказывание как строевая единица связного текста: Автореф. ...канд.филол.наук. — М., — С. 27.
  6. Керімбекова Ұ. Анықтауышсыз толымсыз сөйлемдер // Қазақ тілі мен əдебиет мəселелері. — 7-шығ. — Алматы,— 85–87-б.
  7. Жақыпов Ж.А. Қазақ тілінің функционалдық синтаксисі: Филол. ғыл. докт. ...дис. — Алматы, 1999. — 76-б.
  8. Қазақ тілінің грамматикасы. Синтаксис. — Алматы: Ғылым, 1967. — 136-б.
  9. Серғалиев М. Синтаксистік синонимдер. — Алматы: Мектеп, 1981. — 189-б.
  10. Əміров Р. Ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктері. — Алматы: Мектеп, 1977. — 57-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.