Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Психологиялық портреттің шебері

Рымғали Нұрғалише айтқанда, бір романмен əдебиетке олжа салған қаламгер Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романына белгілі бір тарихи кезең шындығы арқау болған. Романның негізгі оқиға желісі 1916 жылы Торғай даласында болған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, одан əрі тағдырдың бұралаң жолына түскен Құлан атты кейіпкер төңірегінде өрбиді.

Алдында айқын мақсаты жоқ, тұйыққа тірелген шарасыз тағдыр иесі арқылы тұтастай қоғам шындығы, ұлт тағдыры көрінеді. Роман авторы тартысты оқиғаларды емес, кейіпкердің ішкі əлемін, жан күйзелісін беруді мақсат тұтқан «Əлеуметтік-психологиялық сипаты басым» (Б.Майтанов) шығармада сан алуан əлеуметтік топтың, əр түрлі мінез-құлықтың бірен-саран өкілін өзіндік іс- əрекетімен даралап көрсете отырып, автор заман шындығын нақты адамдар тағдыры арқылы баяндап береді. Басты кейіпкер Құлан бейнесімен қоса Ефим Кутский, Шарбақбай, Майлық, Көктөбет, Апанас пен Рүстембай бейнелері де түрлі оқиғалар желісі арқылы көрініс беріп, əлсін-əлсін жазушы тарапынан айналып соғып отыратын əрі басты қаһарман бейнесін ашуға қажетті бейне ретінде алынған.

Жазушы замана құрбаны болған Құлан бейнесін романда түрлі тəсілдермен ашқанымен, ең өнімдісі — психологиялық портрет. Құланның ішкі əлеміне бойлап, жан толқынысын жайып салады. Ішкі арпалысы мен ішкі қайшылығы оның психологиялық портретінен де, диологтардан да көрінеді.

«Қазір Құланның осы тұрысы қатерді сезген дала тағысын көзге елестеткендей. Кішкене шегір көзінің қарашығы көк сүңгінің ұшындай өткірленіп алған, еті қашқан жақ сүйегі шодырайып, ұрт еті бұлт-бұлт ойнайды, бар бет терісі көзінің айналасына жиналғандай қатпар-қатпар. Əр жерге бір-бір талдан өскен шанжау-шанжау сарғыш сақал-мұрты тікірейіп, таңқылау танауы шедірейіп кетті» [1; 13]. Бұл — Құланның жасырынып жүрген Ефим Кутскиймен алғаш кездесердегі портреті. Əлденеге елегізіп, белгісіз күйден жаны шошыған кезде осындай кейіпте болады. Əзірше шегір көзі мен таңқылау танауы нақты белгісі ретінде көрсетілген. Дей тұрғанмен, романның өн бойында бастан-аяқ тəптіштеп, жіліктеп портрет беріліп жатпайды. Əдебиеттегі психологизмді зерттеуші И.В.Страхов кейіпкердің характерлік сипатын тануда оның жеке физиологиялық белгілерінің ерекше маңызды екенін айтады. Шегір көз адастырмай дөп түсіретін басты белгі ретінде шығарманың өн бойында қайта-қайта оқырманның көз алдында көрініс беріп отырады. Портреттік деталь қызметіндегі көз жанарындағы өзгерістер арқылы сыртқы ортаның əсеріне қарай құбылып отыратын характерлік нышандар көрінеді. Ал жағдайға қарай өзгеріп отыратын сол нышандар көбіне өзгелердің пайымдауы арқылы беріледі. Романда Рүстембай, Барақ шал, Майлық бейнелері арқылы Құлан тұлғасы дараланып, ірілене, биіктей түседі. Тіпті Ефим, Шарбақбай, Томар, Көктөбеттердің өзі батырдың батырлық болмысын, характерологиялық сипатын, түрлі сəттегі ішкі сезім ауанын көрсетуде аса қажетті бейне ретінде алынып, оқиға желісінің қиюласуында үлкен жүк арқалап тұр.

Құлан ешқашан арқаны кеңге салып, көңілі жайланып тірлік еткен емес. Сыртқы дүниенің сүргіні мен сол сүргіннің немен тынатынын білмеген ішкі толғаныс, жанын жегідей жеген алай-түлей сезім оған маза таптырмайды. Үнемі тастүйін хал кешуінің өзі оны қоғамнан, адамдардан алшақтатқандай. Ең алдымен, аздаған үйлі Текесін бастап ауылдан бөліне көшсе, одан əрі өз басы даулы болып бой тасалауға мəжбүр болады. Ішкі жан дүниесіндегі арпалыс, өзін-өзі мүжуі, бағыт- бағдарын айқындай алмауы, барар жер, басар тауы қалмаған жанның дəрменсіз халі, психологиялық ерекшелігі портрет арқылы суреттеліп, оқырманға кейіпкер басынан кешкен күйден хабар береді.

Жалпы, жазушы көркем бейнені ашу мақсатында екі түрлі портреттік белгіге тоқталған: оның бірі — жоғарыда айтып өткен шегір көзі, бет-жүздегі өзгеріс болса, екіншісі — жағдайға қарай өзгеріп, белгілі бір қалыпқа түсетін дене күйі. Алдыңғы үзіндіде «Қазір Құланның осы тұрысы қатерді сезген дала тағысын көзге елестеткендей» деп нақты нысанамен салыстыру арқылы аз сөзбен сол кездегі ширыққан жай-күйді анық сездіреді. Өмірдің ащысын көп көрген жанның секемшіл көңілі сезіледі. Төмендегі үзіндіде Құланның қозғалысы жолбарыстың жүрісімен салыстырылып, осының өзі бір қорытындыға алып келетіндей. «Бүгін ұзақ жол жүріп ат соқты болғанын да ұмытты қазір. Өткір көзі жапырақтың жыбыр еткеніне дейін шалып, құлағы шөп арасымен тышқанның жорғалағанын да еститін халде. Қозғалысы да қамыс басын сыбдыр еткізбейтін жолбарыстың жүрісіндей, табанымен сырғи басып, ұрланып келеді. Межелі жеріне жеткенше неше бір шоқ тал, тобылғы, шағыр бұталарының арасымен өтті, бір қу бұтақ аяғының астында сытыр етіп сынған жоқ» [1; 13]. Мінездеме берілмесе де, оның қандай адам екенінен хабар береді. Оқырман өзі-ақ қорытып, қиялымен ойша толықтырады. Балалық шағынан күні бүгінге дейінгі өмірі дала төсінде өтіп, табиғатпен сырласып өскен даланың бел баласының сақ, сезімтал болмысы осылай ашылады. Оның үстіне кəнігі мерген, балалық шағынан бастап əкесіне еріп, ен даланы еркін жайлаған, ең сақ дейтін ақбөкеннің өзін аулап, жымын білдірмей жүруге əбден машықтанған кейіпкер қимыл-қозғалысының осылай сипатталуы заңды да.

Ақ қашып, қызыл қуған күрделі əрі қайшылыққа толы заманда, одан кейін жаңа өкімет орнап жатқан кезеңде өмір сүрген Құлан болмысын мінсіз дей алмаймыз. Бірақ автордың өзі мінсіз кейіпкер бейнесін сомдауды мақсат тұтпаған. Өткен ғасыр əдебиетінде белгілі бір тарихи кезеңдегі негізгі оқиғаға қатысатын орталық қаһармандар жалынды күрескер ретінде дараланса, Құлан басында мұндай ерекшелік жоқ. Рас, ол — əйгілі Амангелді батырдың серігі, асқан мерген, Кеңес өкіметін орнату жолындағы іс-əрекеттің бел ортасында болған жан. Романда оның толғаныстары мен өткен өмірі шегіністер арқылы беріліп, еске түсіріліп отырады. Кейіпкер толғанысын беруде авторлық баяндаудың қызметі зор. Авторлық баяндау Құлан ойымен ұштасып, ішкі əлемдегі жан толқынысын жайып салады. Оның болмысы екіге жарылатын тəрізді. Ауылдастары үшін мерген, батыр болып сырттай мықты көрінгенмен, жаны жай тапқан емес. «Əлгінде сыртта сыр білдірмегенімен Құланның іші қазандай қайнап жатыр. «Əй, əттеген-ай, əттеген-ай! — дейді опынып, — адамға бірде бетін, бірде сыртын берген дүние-ай десейші. Қазір ғана тұп-тұнық тұрған көңілің енді, міне, лайланды да жүре берді. Бұл дүниеде адамға тыныш өмір сүру жоқ екен-ау. Көз ашқаннан бергі көргенің арпалыс. Сен тиіспесең, саған келіп біреу соқтығады» [1; 72]. Бір кезде көзге түсіп, қошаметке бөленген даланың еркін ұлы өкінішсіз өмір сүрген емес. Оның өкінішін автор бірнеше жерде сездіріп өтеді. Алғашында оқып-тоқи алмағанына өкінеді, одан əрі Томар милициямен қақтығысып қалып, жалалы болып ауылдан қашқанына, Көктөбеттің бандысына қосылғанына өкінеді. Шарбақбай байдың қорасын күзетіп отырған Барақ шалмен сөйлесіп отырғанда іштей «Əй, осы мен адастым-ау, адасқанда тіпті беталды лағып кеттім ғой деймін» деп толғанатын жері бар. Майданда бірге шайқасқан жолдасы Рүстембайдың ауылда жайбарақат тірлік етіп жатқанын көргенде ащы өкініш өзегін өртейді: «Ой, шатастырған құдай-ай, мен де сол сияқты шаруа бағып үйде тыныш жатсам, əуелден, жағам жайлау, төсім өріс болмай ма? Əліптің артын бақ деген бар емес пе? Мен батырмын, мен мергенмін деп кеуіп, ақкөзденіп, жұртқа өктемдік жүргізгім келді. Ой, қараңғылық-ай, баяғының батырының заманы өткенін білгізбеді ғой. Əттең, дүние-ай десейші, Сардар мен Жагордың баласы Апанас он сегізінші жылы дуанда қал деп осынша жабысып, үгіттегенде көнбей кетіп едім». Шығармада Құлан характерін ашу үшін авторлық баяндау мен монологтар алмасып отырады. Келтірілген монологтан оның тура жолдан адасуына ешкімді жазғырмайтыны, өзін кінəлайтыны сезіледі. Бұл күнде Амангелді батыр жоқ, ендігі жалғыз сүйеніш, көңілге демеу — Апанасқа жолығып, қуанамын деген ой ғана. Кешегі қызыл əскер Апанас аты бірнеше жерде аталып, нағыз құтқарушы, соңғы үміті ретінде сөз болады. Оның тарапынан қолдау табады да. Бірінші рет Көктөбеттің бандысына қосылғанда арттарынан қуа шыққан əскердің ішінде Апанас та болып, оны құтқармаққа ұмтылады. Екінші рет тура ауылына іздеп келіп, дуанға ертіп əкетіп, басына бостандық əпермекші болады. Бірақ тағдыры қырын қарап, маңдайына адамша тыныш өмір сүру жазылмаған, басқан қадамы кері кете беретін Құлан досының бұл қамқорлығының қызығын көре алмайды. Мүсəпір деп қасына ерткен адамы — Ефим Кутский ретін тауып, Апанасты тұншықтырып өлтіріп, сөйтіп Құланның ең соңғы үміті үзіледі. Күдіктене тұра сенетін Шарбақбайы енді ол үшін ең соңғы қақпанын құрады. Милицияда істеген Болжықпен сөйлесіп отырғанда Ефимнің ақ əпесері екенін сезетінін, соның өзі-ақ батырдың көзін құртуға желеу болатынын қадап айтады. Ең сорақысы — Апанастың өліміне Құланды кінəлі етіп, жала жапқаны. Ол əңгіме романның соңында Майлық пен Құланның арасындағы диалогтан былайша көрінеді:

  • Айтсам əлгі Шарбақбай, қалаға ат шаптырып, Құлан нашандікті өлтірді деп...
  • Мен бе?! — Құланның дауысы еріксіз шығып кетті. Мұнда қорқып-үркуден гөрі, ес кете таңдану басым еді.

Мынаған мəн беру керек: Құлан тура жолдан тайған жоқ, адасты. Адасуының себебі аңғалдығында жатыр. Даладай кең болмысы, кеңпейілдігі, алды-артын таразылап жатпайтын мінезі себеп болады. Шарбақбайдың айлалы, қалтарысы мол, сұмдығы басым адам екенін біле тұра, үнемі соның маңынан табылады. Майлықтың ол туралы айтқан дəлелді пікіріне де құлақ аспайды. Жазушының сюжетті жымдастыру шеберлігі туралы сөз болғанда кейде нанымды характер жасау үстінде автор тарапынан дəлелдеме жетіспей жататынын айта кеткен жөн. Кейіпкердің іс-əрекеті сендірмейді. Қандай екенін біле тұра, Құланның Шарбақбай маңынан ұзап шыға алмауы — осының дəлелі. Ол, тіпті, Көктөбеттен өткен сұм. Көктөбет — елге белгілі қарақшы. Ал Шарбақбай — ұстатпайтын жырынды. Кеңес өкіметіне барша қастандығын жасап бағады. Маңына үнемі кеңес қызметіне кіріп алған Болжық сияқты жандайшаптарын ұстайды. Солардың қолымен от көсейді. Ал сондай жаннан іш тартып, іргесін аулақ салудың орнына бүкіл тағдыры байдың қолында тұрғандай қайта айналып соға беруінің сыры неде? Белгілі бір əрекетке бару үшін кім болса да қабырғасымен кеңесіп, қадамын іштей салмақтары сөзсіз. Ал автор тарапынан оқырманын сендірерліктей уəж ұсынылмайды. Ефим Кутскиймен кездескенде оның түр-тұрпатынан күдіктеніп, іштей: «Бірақ қанша зымыстан болсаң да, сен Құланнан айлаңды асыра алмассың. Құлан ондай өткелектің талайын өткен», — деп ойланады [1; 16]. Дəл осы ойына сүйенсек, Құлан анау-мынау адамға алдыра қоймайтын адам тəрізді. Сөйте тұра Шарбақбайға қылар қайраны жоқ. Бір кездері аз уақыт оның өгізін баққан жалшысы болғаны рас. Одан өзге екеуінің арасын байланыстырар дəнекер жоққа тəн. Автор тарапынан бұл екеуі кездесіп отырғандағы Құлан ойы беріледі. Онда өзін Шарбақбайдан жоғары санайтыны, қашқындық нəубатқа ұшырамағанда маңына жоламайтыны жөнінде айтылады. Алайда бұл да дəлел бола алмайды. Көркемдік шешім қисынсыз болғандықтан, оқырман сенімін тудырмайды.

Шарбақбай мен басты қаһарманның диалогына үңілейік. Құлан ақылдаспақшы болып арнайы келген сапарында екеуі əңгімелесіп отырғанда əңгіме желісі былайша өрбіген болатын:

  • Жаздым-жаңылдым десем де тыныштық бермей ме?
  • Əй, Құланбай-ай, батыр аңғал деген осы-ау. Онда тіпті кінəлі өзің болып шығасың ғой. Сөйтіп тұрып өзің ақпын, адалмын дейсің. Ал енді үкіметтің адамын сабағаның аз қылмыс емес. Мен білсем, осы күні одан өткен күнə жоқ. Ол өкіметке қарсы шыққаның ғой. Ондай адамдарды контрреволюционер дейді. Түсіндің бе? Сотқа тартып атып тастайды.
  • Ал əлгі өкіметтің адамы дегенің елге зорлық істесе ше? Соған қарсылық еткен де жазықты ма?
  • Ол дəлелің бəрібір есепке алынбайды. Қарсыласың бітті.

Құланның жүрегі зырқ ете қалды. Көңіліндегі бір əлсіз үміт көңілін жылытып жүруші еді. Шарбақбайдың мына сөзі сол үміт отына су құйып жібергендей болды да арқасы шымырлап, мұздап жүре берді. Маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. Еңсесі төмендеп, ауырлап үнсіз отырып қалды [1; 86].

Торғай, Қостанай жаққа барып ізденемін деген Құланға Шарбақбайдың өзінше жанашырлығы:

  • Əй, Құланбай, Құланбай-ай, батыр адамның аңғырттығы осындай аусарлығынан көрінеді-ау.

Жанған отқа өзі түсейін деп тұрғанын қарашы.

Шарбақбай біраз кеңкілдеп күліп алды. Құлан бір ақымақтың іс істеп қойған адамша қысылып, төмен қарады [1; 89].

Одан əрі Шарбақбай жаңа өкіметті қолынан келгенінше даттап, Құланды таңдаған бағытынан айнытады. Небір сұмдықты төндіріп, абақтыға бір қамалса, қапастан шыға алмайтынын айтып, аңғал батырдың басын шырмауықша шырмайды. Онсыз да айқын бағыт-бағдары жоқ батырдың құрылған қақпанға оп-оңай келіп түскенін аңғаруға да мұршасы болмайды. Енді сол Көктөбет бандысын тауып алмақшы болып, Барақ шалға жолығады.

Шарбақбаймен арадағы əңгіме мазмұны бұдан бұрынырақ та қозғалып, бір кездері ұры Майлықпен де ой бөліскен болатын. Барақпен кездесіп Көктөбет бандысы туралы сөз болғанға дейінгі кейіпкер тағдыры қалыпты арнада болмағанмен, нағыз сергелдең сол сəттен басталады. Иə, аздаған ауыл Текесіне бас-көз болып жүргенде, Томар милиционердің кəріне ілігіп, ауылдан бой тасалағанынан-ақ өмірінің көлеңкелі жағы басым түседі. Сəтсіздіктерге үсті-үстіне ұрынады. Оны Майлық екеуінің диалогынан аңғаруға болады:

«Құлан құрақ үстінде шынтақтап, жанған отқа қарап томсарып ойланып қалды. Шегір көзінде от алауы мың құбылып ойнайды. Маңдайы білеудей боп қыртыстанған, ұрты ішіне кетіп, бет сүйегі шодырайып шығып кеткен. Майлықтың өңінде оның мына кейпіне таңданған қалып бар. Бір кесек ет сияқты төменгі ерні салпиып, көзі жыпылықтап үн-түнсіз отырып қалды.

Бір заматта Құлан жерден басын жұлып алып Майлыққа тесіле қарады.

  • Əй! Сен шыққан жерге мен өзім барып түссем қайтеді, оған не дейсің?
  • Сіз бе, Құлан аға!

Елде жоқ бір сұмдықты естіп отырғандай, Майлық көзі үшбұрыштанып бұған қарап қатып қалыпты. Аузы аңқайып, ерні онан сайын салбырап кеткен.

  • Оу, неменеге бағжиып қатып қалдың? Ағаңның барар жер, басар тауы таусылған сияқты. Қажиын деді ағаң. Көп болса абақтысына жабар. Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді дейді ғой. Оған да үйренерміз. Əйтпесе тергеп-тексерер, сардармен аз жолдас болғаным жоқ. Жанкелдінің Əлібиі де біледі мені, еңбегімді ескерер» [1; 29].

Портреттік белгілер диалог арқылы беріліп, екі диалогтан да кейіпкердің жүрек түкпіріндегі шын келбеті көрініс береді. Осы ретте: «Диалог — кейіпкер жан дүниесінің, моралдық-этикалық қасиетінің айнасы», — дейтін оймен біз де келісеміз [2]. Сүргін тірліктен əбден қажыған Құлан жанына тыныштық іздейді. Абақтыдан жаны шошығанмен, қуғын-сүргіннен, қажытқан тірліктен басын арашалап алудың одан басқа амалы жоқ сияқты көрініп, лажсыздан сол жолды таңдағысы келеді. Тумысында адалдықты жанына серік еткен, жаңа орнаған өкіметке қастығы жоқ жан жолайырығында қалып қойғандай. Қашып жүрудің де жөні жоқ. Ал түрмеге бару дегенің, Құланның ойынша, өз еркіңмен кеудеңді оққа байлағанмен тең. Айбарлы серігіне айналған Амангелді батырдың, тағы басқа азаматтардың тағдыры түрмеде шешілгені белгілі. Оның үстіне адам деп сырласқан Шарбақбайы, болмаса ешкімге қатты зияны жоқ, бұрын ұры болған Майлық екеуі бірдей төндіре сөйлегенде, таңдаған жолынан шегініп, басқа арнаға бұрылуға мəжбүр болады. Қан майданда бірге соғысқан Рүстембайдың түрмеге барудан қорықпауын, реті келсе көмектесетінін айтып ақыл бергенін де керек қылмайды. Барар еді Майлықпен кездескенде шеті шыққан əңгімеден кейін жүні жығылып, салы суға кетеді:

«... Сіздің үстіңізден елдің малын, дүниесін талады, тонады деген көрсетінді, домалақ арыз көп деп естідік түрмеде жатып... Бізге əкеп қосатын шығар деп күтіп жүрдік. Атаңа нəлет Шарбақбай мені де көрсетті ғой. Сізді де көрсеткен шығар ол.

  • Кім айтыпты елден мен мал тонады деп?! — түсі бұзылып кеткен Құланның үні ащы шықты.

Майлық абдырап сасып қалды. Аузы балжырап, түкірігі отқа шашырай маңқылдап кетті.

  • Мен емес, мен емес, Құлан аға. Қамауда... Абақтыда отырғанда... Сонда түскендер айтады.

Бəрін естіп жатамыз, бəрін, елдің əңгімесін...

  • Солай ма еді?!

Құланның еңсесі түсті, тұнжырап түйіліп қалды. Жаңағы əзірде айнымалы от жарығында оба басындағы түздің қара бүркітіндей қомақталып отырған ол енді бір түрлі кішірейіп шөгіп кеткен тəрізді» [1; 30].

Ел ішіндегі қауасетті кесілген үкім сияқты қабылдаған кейіпкердің күйзелісі сол сəттегі күйін дəл сипаттаған авторлық баяндаудан анық көрінеді. Романда Құланға берілген портреттерде ол түз тағысымен, жолбарыспен, түздің қара бүркітімен салыстырылады. Жоғарыда үзіндіде келтірілген

«оба басындағы түздің қара бүркітіндей қомақталып отырған ол енді бір түрлі кішірейіп шөгіп кеткен тəрізді» сөйлеміндегі ойдың кейіпкердің өмір жолына тікелей қатысы бар тəрізді. Қыранша қанатын кең сермеп, кеңістікте еркін өмір сүрген Құлан дүрбелең уақыт тезінен өтеді. Қатыгез уақыт қанатын қырқады. Уақыт адам талғап жатпайды. Құлан да уақыттың уысынан шығып кете алмайды. Психологиялық күйі біз келтіріп кеткен үзіндіде дəл берілген. Оның «кішірейіп шөгіп кетуі» денесі туралы ғана емес, тұтастай алғанда, бүкіл болмыс-бітіміне тəн. Құлан — уақыт құрбаны.

 

Ақан Нұрманов «Құланның ажалы» романында кейіпкер тағдыры арқылы қоғам шындығын, Кеңес үкіметі орнаған жылдардағы кезеңдік шындықты батыл ашып көрсетеді. Жаңа үкімет үшін адам тағдыры ойыншыққа айналып, ішкі есебі мықты талайлардың өкімет адамына айналып, Құлан сияқты азаматтардың түбіне жеткенін романның сюжеттік желісі арқылы нанымды суреттеп береді. Ғалым Б.Майтановтың: «Заман əсері адамдардың мінез-құлық, ынта-аңсарын толық билеп, қоғамның саяси-əлеуметтік, моральдық-этикалық келбетін кескіндейді», — дегені қозғалған ойды дəлелдеп, толықтыра түседі [3].

Шығармада бір ғана жерде Құланның сырт келбетіне қатысты толығырақ портрет беріледі. Барақ шалдың көзімен берілетін Құлан келбеті мынандай: «Алдыңғысы тақымына мылтық қыстырған ақбоз атты түйе жүн шекпен, ноғай бөрік киген біреу. Бет-бедері де енді анық көзге шалынды. Атжақты, жарқабақ, қасқыр маңдайлы, селдірлеу сақал-мұрты бар орта жастағы адам тəрізді. Кішірек өткір көзінде от алауы ойнап, лапылдап тұр» [1; 109]. Тағы да көз сипаты алдымыздан шығады. Қалай болғанда да Құланның Құландығын танытатын негізгі белгі — оның көзі. Бет-жүз, тұлға-тұрпатының көзге шалынар бір белгісімен кейіпкерді даралау əдебиетте бұрыннан бар тəсіл. Зерттеу нысанасына айналып отырған роман Тоғжанның ақша жүзі, Есенейдің таяқтай-таяқтай саусақтары, Əбілқайырдың сұп-сұр бейнесі тəрізді қалыптасқан образдар галереясының қатарын толықтырған сəтті туынды десек қателеспеспіз.

«Бүгінгі таңда суреткер үшін басты нəрсе — характер, адам мінезіндегі даралық сипат, оның түрлі сезім иірімі, психологиялық көзге шалынбайтын нəзік сəттері», — дейді Рымғали Нұрғали [4]. Жазушы үшін шын шеберлік ол сомдаған образдардан көрінеді. Ендігі үлкен мəселе Ақан Нұрманов басты кейіпкерін характер ретінде даралай алды ма, болмаса басқа образдардың тасасында қалып қойды ма деген сауалға келіп тіреледі. Психологиялық талдауға барып, əлеуметтік-қоғамдық өмірге белсене араласпағанымен, оның ішкі əлемін жайып салып, характер ретінде шынайы ашады. Құлан тағдырының астарында замана илеуінде кеткен талайлардың тағдыры тұр. Кейкі мерген атауымен тарихқа енген батыр көркем образға айналып, көркемдік шындықты мұрат тұтқан авторлық шеберлікпен романда іргелі тұлғаға айналған. Бір қарағанда, қанша адасып, тағдырдың талайына ұшырап, шарасыз күй кешкенмен, Құлан тұлғасы — кесек тұлға. Мықты, күшті, толыққанды қалыптасқан. Жастығын ала жығылатын қайраты бар, ар-намысын өзгеге таптатпайтын кесек бейнесін, мығымдығын мына бір портреттік штрихтан көруге болады.

«Құлан шығыс беттен өрттей алаулап көтеріліп келе жатқан айға көзін қадап біраз үнсіз тұрды. Бетінің бір бұлшық еті дір еткен жоқ, тек тағының көзіндей кішірек көзінде қызылды-жасылды ұшқын ойнап, жалт-жұлт етеді. Қазірде тотыққан өңі қызыл мыстан құйған мүсін дерлік» [1; 71]. Құланды даралау үшін автордың түрлі салыстыруларға баратынын жоғарыда айтқанбыз. Негізінен, түз тағысы — салыстырудың басты нысаны. Символикалық сипатқа ие осы салыстырудың астарында тағыша тірлік еткен Құлан болмысы жатыр. Тағы еркіндікті сүйеді. Құлан да еркіндікті аңсайды. Қапаста ұстауға жаралмаған жан. Орнаған жаңа заман оны тығырыққа тіреп, жан-жақтан қаусырмалағанмен, заманның илеуіне көнгісі келмейді. Одан шығатын тура жолды жəне пайымдай алмайды.

Авторлық баяндау басты құрал ретінде алынып, ол бірде диалогтан көрініп, бірде авторлық мінездеуге ұласып, романда кейіпкердің жағдайға қарай өзгеріп, құбылып отыратын мінез-құлқын ашуға қызмет етеді. Орталық қаһарман бірде самарқау, бірде ашулы, бірде секемшіл, бірде қажырлы, бірде шарасыз күйді бастан кешіреді. Қанша көңілденейін десе де бұлыңғыр өмірі туралы ойының шырмауынан шыға алмай, үнемі көңілсіз күйге түседі. Алаңдаушылық, мазасыздық, секемшілдік оның ең негізгі психологиялық қалпы ретінде алынып, көптеген эпизодтарда нақтылы мысалдар арқылы дəлелденеді. Жеті үйлі Текесінің ақсақал-қарасақалдарымен мəжілістес болғанда; Ефим Кутскиймен, Шарбақбаймен, Майлықпен, Апанаспен, Рақымбаймен, Көктөбетпен, Барақпен кездескенде кейіпкердің ішкі əлемінде болып жатқан өзгерістер түрліше ашылады.

– Жарайды, қысыр кеңесті қоя тұрыңдар, — деді Құлан əмірлі үнмен. — Кəне, Ерман, Жарман, Емберген, барыңдар. Əуелі жəй сөйлесерсіңдер. Болмаса сол екеуін осында жетектеп алып кел. Мен олармен өзім сөйлесейін. Дəмнен үлкен болса, дəм атар. Көрейін олардың əуселесін. Тал түсте ауылыма ат ойнатып, Құланның төбесіне шықпақ екен ғой.

«Қап, қап, қорлағаны-ау, бұл», — деп іші алай-түлей болған Құлан ашуға булығып, бетіне түгі шығып отыр. Мерген қабағын баққан үй ішіндегілер тегіс тынып, аяқтағы қымыз ішусіз қалған. Төске құлаған бастар мен томсара қараған жүздерден бəлендей сыр аңғара қою қиын. Құланнан өзгесінің бəрі де сақалдарын жағаға тығып алып, əліптің артын баққан сияқты. Шегір көзі қанталап,

 

отырғандардың басынан аса əлдеқайда қараған мерген өңі сұсты-ақ, ұшуға қомданған түздің қара бүркітін елестеткендей [1; 57].

Кеңес өкіметінің өкілдері Томар милиционер мен Болжық ауылнай ауылға келіп ат ойнатып, жүгенсіздік көрсетеді. Негізінен, Құлан өте шыдамды. Тұтастай ауылдың апшысын қуырған Томар əбден титығына тигендегі халі осындай. Қақ-соқпен жұмысы жоқ, біртоға, тыныш өмірді аңсайтын жанға сол тыныштық дегенің бұйырмай-ақ қояды. Өкімет адамдарының қылығына қапаланады. Өкімет адамдары келгенде шыдамының шегіне жетіп, оларды тəртіпке шақырмақшы болады. Ақыр соңында олар «сардарды өлтірді, өкіметке қарсы» деп шала байлап, Құланға жала жабады.

Жазушының тағы бір шеберлігі кейіпкер бейнесін сомдауда психологиялық портретпен қоса пейзажды ұтымды пайдаланады. Төмендегі үзінді — соның айғағы. Мұндай психологиялық параллелизм үлгілері романның əр жерінде кездесіп қалады: «Жұрт осылай абыр-дабыр шуласып жатқанда Құлан сырылып шетке шықты. Бұл сəтте күн көкжиектен асып, батыс беткей өрттей болып талаурап тұрған. Манағы бір шөкім бұлт та жалындап алау шашады. «Апырмай, күн жарықтықтың қанға малынғандай қызарып батуы-ай», — деп секем алды көңіліне Құлан [1; 68].

Сонымен, портрет образдың құрамдас бөлігі һəм көркемдік тəсіл ретінде қаламгер шығармашылығынан терең орын алады. Суреткер түрлі жолмен (авторлық баяндау, диалог) берілген портрет арқылы кейіпкерінің жан-дүниесін, психологиясын жайып салады. Сонымен қоса портрет дараушылық əрі жинақтаушылық қызмет атқарады. Қаламы қарымды жазушы ретінде Ақан Нұрманов «Құланның ажалы» романында кейіпкерінің характерлік сипатын психологиялық портрет арқылы жан-жақты ашып берген. Психологиялық портрет авторлық баяндау арқылы жəне диалог арқылы неғұрлым ұтымды беріліп, портрет-деталь (Құланның бірде сұстанып, бірде өткірленіп, бірде жылып, бірде от шаша қарайтын көзін) қайталана отырып, сол арқылы кейіпкер бейнесі əр қырынан танылады. Кейіпкердің рухани əлеміне үңілу, жан дүниесіндегі құбылыстарға психикалық талдау жасау — жазушы шеберлігінің айқын айғағы. Қаламгер кейіпкердің өткеніне үңілу арқылы дəуірдің сипатын танытып, қазақ əдебиетінің қанжығасына ұтымды образ үлгісін байлады.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Нұрманов А. Құланның ажалы. — Алматы: Раритет, 2005. — 224 б.
  2. Керейқұлов Қ. Келісім кестесі. — Алматы: Жазушы, 1985. — 13-б.
  3. Майтанов Б. Қаһарманның рухани əлемі. — Алматы: Жазушы, 1987. — 28-б.
  4. Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы. — Астана: Елорда, 2003. — 64-б.

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.