Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Жер бар ма сарыарқадай басқа елде?

Сарыарқа — жер жаннаты

Əркімнің кіндік қаны тамған өңірі — жер жаннаты. «Алтын бесік» деп аялап жататынымыз да сондықтан болар. Жəне Жер емген ел болады,

Жер қадірін білмеген елдің Өмірінде ырысы кем болады, —

деген халық даналығы əрдайым біздің есімізде.

Жұмыр жердің бетінде небір жаннат мекеннің барын бүгінгі ұрпақ жақсы біледі. Өзіндік бітім- болмысымен, шежірелі тарихымен, береке-байлығымен, тылсым жұмбақтығымен көңіл, көзіңізді тұсап тастайтын жерлер қаншама. Бір жер аспанмен таласқан асқар тауларымен, айналы астаудай айдын көлдерімен мойын бұрғызады. Енді бір жер айшылық алыс шөлдерімен, қатпар-қатпар белдерімен ойға оралады. Ит тұмсығы өтпейді дейтін мүлгіген қара ормандар мен мың сан өсімдігі ұйыса біткен шалғынды аймақтар да өзіндік көрік-келбетімен елес бергендей. Бір сөзбен айтқанда, əр жер өзіндік бітімімен, өзіндік жасау-жабдығымен жаннат мекен. Сол жердің қай-қайсысы болсын арнайы əңгіме етуге, шежірелі тарихын бүгінгі ұрпақтың құлағына салуға, келер ұрпаққа жеткізуге лайық.

Сарыарқа — өзіндік табиғи бітім-болмысымен дараланатын, кесек тарихы, оқшау ерекшелігі бар, уақытпен бірге жаңғырып-жасарған мекеннің бірі. Бұл өте байтақ мекен, бай мекен. Егер Қазақстанның географиялық картасына зер салсақ, оның орта тұсынан мыңдаған шақырымға созылған адырлы аймақты көреміз. Солтүстігінде Батыс-Сібір ойпатынан басталып, оңтүстігінде Балқаш-Алакөл құйылымына дейін созылған, шығысы Сауыр, Сайхан, Тарбағатай сілемдерінен басталып, батысы Торғай жазығына дейін созылған ұланғайыр алқапты ертеден-ақ халқымыз Сарыарқа деп атаған.

Сарыарқаға Қарағанды, Ақмола облыстарының жері толық, Солтүстік Қазақстан (оңтүстік бөлігі), Павлодар, Шығыс Қазақстан (батыс бөлігі), Қостанай облыстарының кейбір өңірлері кіреді. Батыс бөлігінің ені 900 шақырымнан астам, шығыс бөлігінің ені 400 шақырымға жуық. Сарыарқа — аласа таулы, төбелі, қырқалы, шоқылы, бұйратты жазық. Сарыарқаның қазіргі Қазақстан экономикасында маңызы зор. Құнарлы қара жəне қызыл-қоңыр топырақты кең өңірі астықты өлкеге айналды. Шөлейт жерлеріндегі кең байтақ мал жайылымы қой жəне жылқы шаруашылығын дамытуға қолайлы. Бұл аймақта көптеген пайдалы қазба кендері табылған жəне осы кезде олардың көбінен кен өндірілуде.

Ертеден батыстан шығысқа 1200 шақырымға созылған алып жонды Сарыарқа деп атаған. Бұл туралы белгілі жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбеков өзінің

«Одақтағы үшінші» атты мақаласында былай толғанады: «Сары десе дегендей, бұл байтақ өлкенің мың сан өсімдігінен бастап, тау-тасына дейін сарғыш тартып жатады. Сондықтан да дендей бітетін өсімдіктерін боз бетеге, боз жусан, сары көде, ақ селеу, ақ ши, шұбар тарлау, ақ қайыңды ақ тоғай, боз тораңғы деп атайды. Ал жұмыр жердің өзімен құрдас дерлік əбден мүжіле тозған тауларын көбінесе Ақтау, Сарытау, Қызылтау, Қызылжал, Ақсеңгір, Ақсорақ, Қызыларай, Ақшатау деп атаса, жазық далаларын Сарыжазық, Ақдала, Бозжазық, Жосалы деп атайды. Арқа тауларындағы мүлгіген жартастар мен қақырайған құз-қияларына дейін қатпар-қатпар қызғылт-сары гранит болып келеді. Ең арғысы бұл өлкенің қойдай өрген киігі мен түлкісі де қызғылт-сары, арқары сарғыш, қасқыры көкшулан болып кездеседі.

Кейде Сарыарқаны Алтынарқа деп те атайды. Қай халық болмасын не нəрсені алтынға теңеу арқылы ардақты, қасиетті, асыл, аяулы деген ұғымдарды көңілге ұялатады. Мұндай жағдайда Сарыарқа сөзі аяулы мекен, қасиетті жер, қазыналы өлке деген мағына береді.

Сарыарқа аталуындағы тағы бір дəл айтылған мағыналық үйлесім оның су айырығы болып бітуімен байланысты. Егер картаға қарар болсаңыз, осынау сұлап жатқан ұзын жалдың, дөңес белдің қос қапталындағы өзен атаулы екі жаққа айырыла ағатынын көрер едіңіз. Мəселен, Қарқаралы төңірегіндегі Көктал, Жарлы, Байқасқа, Талды өзендері терістікке бет түзесе, Тоқырауын, Былқылдақ, Қаратал, Қаршығалы, Жіңішке, Жəмші, Мойынты сияқты жылғасы мол, суы тұщы арна- лы өзендер маңдайын оңтүстікке берген. Сол сияқты Арқаның бір қапталындағы өзендер Есіл, Нұра болып оңтүстігіне орай аққан Ертіспен қол ұстасса, Сарысу, Кеңгір өзендері Мойынқұм, Арыс ойпа- тына құлайды. Ұлытаудың қолтық-қойнауынан бастау алған осынау Қара Кеңгір, Сары Кеңгір өзендеріне кереғар бағытта — солтүстікке қарай ағатын өзен Терісаққан деп аталады. Міне, осы келтірген мысалдардан-ақ Сарыарқаның су айырығы екенін, жонындағы ағын су атаулы қос қапталын қуалап, төгіле ағатынын аңғарамыз.

Кең байтақ Сарыарқаның табиғаты да өзіндік ерекшелігімен қайран қалдырады. Мүлгіген қара орманы, мөлдіреген айна көлдері, көк майса шалғынды алқаптары, көдесі ұйысқан сары жазықтары мен қарағайлы таулары Арқаның өн бойында ұштасып отырады. Əсіресе талы мен шілігі, қайыңы мен терегі, мойылы мен қара ағашы, күлтелене біткен ұсақ өзендері Сарыарқаның реңін келтіріп, көрер көзді қуантқандай. Əрине, суы тұщы, қос қапталының оты мол мұндай өзендер ең алдымен төрт түлік малға қолайлы. Осы орайда мынадай мысал ойға оралады, бір ғана Қарағанды облысының жерінде 5500 өзен мен өзен сағалары бар екен. Олардың жалпы ұзындығы 34 мың шақырым. Ал үлкенді-кішілі көлдерінің саны 5 мыңнан астам.

Арқаның бел-белесін, ой-қырын, тау-тасын ерінбей шарлаған жан халқымыздың сонау заманынан бері жалғасқан шежіресін оқығандай күйде болар еді. Ғасырлар құпиясының куəгеріндей болып күндік жерден қақырая көрінетін мазарлар, əсем айшықты кешендер, тарих соққысынан қалған ісік сияқты дөңкиіп-дөңкиіп жатқан алып құрылыс қалдықтары, əлденеше мыңдаған жылдарды артқа тастаған кен қазба орындары, шежіре сырды ішіне бүгіп қатып қалған сəукелелі тас қыздар мен бес қаруын асынған тас батырлар, уақыт ұмыт еткен құпияны сөйлетіп жіберер кілт сияқты беймəлім жазулар мен ғажайып ою-өрнектер, қиырды көңіл көзімен болжап тартқан төте жолдар — «керуен жолдары», «хан жолдары» неше түрлі аңыз-əңгімемен астасқан үңгір-оқаптар, сонсоң, əрине, жаңа заманның жасампаз қуатына белгі сияқты бүгінгі елді мекендер мен ересен құрылыстар... міне осының бəрі де өзінің бүткіл бітім-болмысымен, етжақын ерекшелігімен халқымыздың тарихын үн- түнсіз мəлім еткендей.

Егер тарихи деректерге зер салсақ, VIII ғасырдың өзінде-ақ Інжу өзені мен Харчук беткейінен бастап Балқаш көлі мен Құланды даласына дейінгі ұлан-байтақ жерде, мол сулы Есіл, Ертіс бойында, Хорезм мен Абескун (Арал мен Каспий) теңіздерінің жағасында əрі көшпелі, əрі отырықшы тайпалар — Үйсін, Оғыз, Қаңлы, Найман, Адай, Арғын, Печенегтер болғанын көреміз. Бұлар өз заманындағы айтулы Дешті-Қыпшақ мемлекетін құрап, батысында Бұлғарлармен, түстігінде Сібірмен, шығысында Моғолстан, Жоңғармен, оңтүстігінде Хорезм, Қараханидтермен іргелесіп жатқан. Демек, Сарыарқа географиялық орналасуымен ғана кіндік мекен емес, тарихымыздың бастау алған ордалы ортасы да екен» [1].

Жер тарихы — ел тарихы. Оның бетіне түскен бедер, белгі — адамдардың ізі, қуаныш-қайғысы. Сарыарқа дегенде ауыздан ағыл-тегіл жыр да, сыр да ағытылады. Бұл жерден көмейінен көсем-жыр атқылаған небір сұңғыла ақындар да, қол бастаған батырлар да, асқынған дауды жарты ауыз сөзбен тоқтатқан би, шешендер де өткен. Бірақ, өкінішке орай, өткен ХХ ғасыр қазақ үшін ең қасіретті ғасыр болғаны бүгінде жасырын емес. Төңкеріс жылдарын алыңыз, одан кейінгі жұт, жиырма сегізінші жылғы тəркілеу, отызыншы жылдардағы аштық, отыз жетінші жылғы зұлмат, Екінші дүниежүзілік соғыс, одан кейінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалады» деп алданып келген ұранды жылдарымыз, бəрі-бəрі дүрбелең де халық басына түскен зобалаңды жылдар еді ғой. Осы тұста ел азды, жер тозды, халық босты. Басымыздан «тұрымтай тұсына, балапан басына» дейтін замандар өтіпті. Алас-күлес сол жылдарда амалсыздан тоз-тоз боп іргесі сөгілген ел күнкөрістің қамымен қайда ұзап бармады. Біреу — Қырымға, біреу Қытай асты.

Бірнеше мың адамдар тағдыр тəлкегімен сол қытымыр кезеңнің құрбандары болып кете барды. Тұтас бір дəуір, қоғамның қайшылықты зардаптары оларды туған жерінен (соның ішінде Сарыарқадан да) шұбатыла көшуге мəжбүр етті. Қазаққа «ақтабан шұбырынды» заманы қайта келді.

Бұл тұс айтулы Күдері ақынның:

Ел қоныстан қозғалды,

Құба жоннан жол салды.

Басқа қара күн туып,

Қара бұлттай құрсанды.

Кезегі жалды кербесті,

Кезінен бұрын бусанды,

Шошынып қазақ қорықты,

Асау тай тулап зорықты.

Ақсуатқа үй тігіп,

Көк қасқасын шалыпты, —

дейтін кезеңіне дөп келді. Бұл жыр бүгінде баяғы көне «Қара таудың басынан көш келеді...» зарының заңды жалғасы сияқты болып естіледі.

Осы қазақ-қалмақ қатынасына байланысты пайда болған мұң-шер өлеңдерді былай қойғанда, ХVIII–XIX ғасырлардағы Ресей империясының отарлау саясатына қарсы наразылық ретінде айтылған қазақтардың жермен қоштасу өлеңдері фольклор тарихында өте көп. Мысалы, XVIII ғасырдың отызыншы жылдарынан патшалық Ресей Кіші жүз жеріне əскери бекіністер, шағын-шағын қалалар орната бастағанда: «Еділді алды, елді алды, Жайықты алды, жерді алды», — деп, жергілікті ақындар енді қайда барарын білмей, тұйыққа тіреліп, шарасыздыққа ұрынды.

Сол сияқты, Орталық Қазақстанға, яғни Сарыарқа жеріне, XIX ғасырда Ресей патшалығының қарулы күштері басып кіргенде, Орта жүз елі тау-тасты паналап, қорғансыздың күнін кешті. Сол заманда Нарманбет ақын «Сарыарқа» деген өлең шығарған. Бұнда сол кездегі қайғылы халді суреттейді:

Сарыарқа, сарқыраған суың қайда?

Түнде шық, күндіз мұнар буың қайда?

Найзағай шарт-шұрт етіп, нөсер құйған,

Көк-жасыл кемпірқосақ туың қайда?

Көк майса, көк орай шалғын шөбің қайда?

Көк қасқа бетегең жоқ түбі майда.

Қызғалдақ қызыл-жасыл, көк балдырған

Балауса бал татыған бар ма сайда?

Көк бұлт күркіреген зілің қайда?

Тобылғы толықсыған гүлің қайда?

Атта ұма, түйеде қом, қойда шырай,

Тұлыптай желі толтырған құлын қайда?.

Сондай өлеңнің бірі «Күдері қожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны» деп аталады. Біз білетін бұл өлеңнің үш түрлі нұсқасы бар. Олар 1925 жылы «Таң» журналында жазушы М.Əуезов жариялаған бірінші нұсқа жəне əр жылдарда, əр жинақта жарық көрген екінші нұсқа; ал үшінші нұсқа еш жерде жарияланбаған (Ұлттық ғылым академиясының Қолжазбалар қорында сақталған).

Аталған үш нұсқаның жалпы тақырыбы бірдей: жан-жағымызды жау қоршады, енді белгісіз басқа жаққа көшу керек, сұлу Сарыарқа, көркем Қарқаралы тауы қош-қош дейді. Ал, өлеңнің ішкі ұйқас, ырғағында аздап ала-құлалық байқалады. Бұрын баспасөзде жарияланбаған нұсқада ру араздығы көп айтылады. Əр түрлі хрестоматияларда, жинақтарда жарияланып жүрген нұсқа — біршама көркемдеу жəне бас-аяғы бүтін, біртұтас дүние. Жазушы М.Əуезов жариялаған нұсқаның басты ерекшелігі: жинаушының талғамы мен саяси көзқарасына жауап берер өте бағалы жерлерді қабылдаған.

Ұлттық ғылым академиясының Қолжазбалар қорында тұрған нұсқаға Мұхаң түсініктеме бермеген. Себебі белгілі. Ол кезде Ресей патшалығының озбырлығын айтуға үзілді-кесілді тыйым салынған. Əдетте халық өлеңдерінің алғы сөзінде əрбір өлең, қашан, қай кезде, не себептен айтылған еді деген қысқаша қара сөзбен анықтама беріледі. «Күдері қожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны» деген өлеңнің тарихы қолжазбада былай баяндалады: «Орта жүздің Арғын, Найман, Қоңырат деген ұлыстары мен ру-тайпалары есте жоқ ескі заманнан бері жаз жайлауы, қыс қыстауы Сарыарқаны жайлап, Баян тауы мен Қарқаралы тауының арасында көшіп-қонып жүреді.

Бір жылдары батыстан патша əскерлері келіп, Сарыарқа жазығын жаулап ала бастайды. Жақындап қалған жаудан сескеніп, Қарқаралы тауын тастап ел үдере көшпек болады. Қаралы көш басталған кезде, ауыл ақсақалдары жиналып, арабша хат білетін Күдері қожаны шақыртады:

– Бұл дүниеден о дүниеге дейін, енді Қарқаралы тауын көреміз бе, көрмейміз бе? Кім біледі? Шарасыздықтан көз көрмеген бейтаныс алыс жолға аттанып бара жатырмыз. Бəріміздің мұңымыз бен зарымызды білдіріп, Қарқаралымен қоштасып, бірауыз сөз жазып кетіңіз?! — депті.

Ақын шіркін, не десін, жылап отырып, Қарқаралы тауымен былай деп қоштасыпты:

Қарқаралы, қазылық,

Жатушы едің жазылып.

Жазғытұрым болғанда,

Байырыңнан ел көшкенде,

Көштің жолы сүрлеу боп,

Қалушы еді қазылып.

Жатып қалған жас қозы,

Жайылып қой болған тау

. Бірін сойса той болар,

Қалған бірі бағлан боп.

Сойғанының терісі –

Жөнін білген шеберге

Бір өзі бір бой болар.

Елі құрып кеткенде,

Ала шолақ иттерге,

Көкпар болып тартылып

Не зор мереке той болар.

Қарқаралы, қайран тау,

Тиюші еді пайдаң тау.

Пайдасының белгісі –

Үйімде тұрған үлгісі,

Үлгісінің белгісі:

Шаңырағым, уығым,

Адалбақан, сырығым,

Ат ұстайтын құрығым,

Аяғым мен табағым,

Қазаныма қақпағым,

Отқа жағар дарағым,

Желі соғар тоқпағым.

Ел қыстауға келгенде,

Сиыр жатар шілігім.

Ат жүре алмас аралдым,

Ішінде бұғы-маралдым,

Бұғы да марал жатқан жер,

Мергендер таңдап атқан жер.

Мерекеге батқан жер,

Артығын алып сатқан жер,

Бабам өсіп, өнген жер,

Аруағымды көмген жер.

Бай төбеті маңқылдап,

Байсал тауып үрген тау.

Бабалы қаздай байпаңдап,

Бəйбіше дəурен сүрген тау.

Азаматым бас құрап,

Басына дəулет сүрген тау.

Жалғыз ауыл қонған тау,

Жайқалып ел болған тау.

Əкем бір күйеу болған тау,

Шешем бір келін болған тау.

Ақ бүркеншік салынып,

Ала берен киген тау.

Баянауыл, Қызылтау,

Бауыры толған бие-бау.

Кетейін деп, кетпедім,

Төңірегің толған жау.

Сабынды қопа қамысым,

Тамам бір жұртқа танысым.

Мына кəпір, есіл қонысым!

Боранда малым ықпаған,

Үйімді дауыл жықпаған.

Байлаулы атқа — пішенім,

Матаулы атқа — кісенім.

Ат арқандар — қазығым,

Балаларға — азығым.

Кетейін деп, кетпедім,

Кəпірден болды-ау жазығың!

Есіл-Нұра — екі су,

Еңкейіп оған бетің жу.

Бірің шекер, бірің бал,

Қайсы біріңді айтайын.

Бетеге-көде жарылса,

Шулап тұрған бəрі бар.

Кетейін деп, кетпедім,

Алып кетті кəпір жау.

Қайран Есіл, Нұрамыз,

Қайда барып сиямыз?

Əлдилеген əлпешті,

Қайда апарып қырамыз?!

Бұл барғаннан келмесек,

Өз еркіммен жүрмесек,

Жебеп, желеп жүре гөр,

Арқада қалған аруақ!

Осы екі тамаша өлеңнің (Нарманбет ақын мен Күдері қожаның) тарихын қарастыра отырып, біздің айтарымыз мынау. Қазақ салт-дəстүрінде ата-бабаларымыз бағалап өткен үш құндылығы мен үш қасиетті асылына — оның Жері, Тегі (елі) жəне Тілі жататыны белгілі. Міне, сол қасиетті асылының, қымбаттысының ең бастысы Жер болса, халық, қоғам өмірінің ең өзекті мəселесі, қайнар бұлағы, рахаты мен азабы, қан-төгістердің баршасы қазақ тарихында өзінің дүниеге келген, туып- өскен, «кірін жуып, кіндігін кескен» атамекені, туған жері, өсіп-өнген өлкесі үшін болып келгені айдан анық. «Іргесі берік ел» деп қазақтар өз жерін жауынан қорғап, берік ұстай алатын, сертінде тұра алатын жанкешті жауынгер, өміршең өрендері мен ерен ерлері бар ел ғана айтады. Ұланғайыр атырап қазақ жері осы сөздің бір айғағы сияқты.

Қазақ қауымын құрған сан алуан ру-тайпалар ең алдымен өзі жайлаған өлкені қисық көз жаудың көзінен, ниеті жаман қызыл көз дұшпанның өзінен қорғап, сақтап қалуды өз міндетім, өз парызым деп санаған жəне соның арқасында жат жұрт қызыға қарайтын бүгінгі қазақтың көкжиегін көзбен шолып шығуға болмайтын ұланғайыр, кең байтақ жері өз игілігіне қызмет етіп отыр.

Бұл сонау Сақ, Ғұн дəуірінен сақталып, үзілмей келе жатқан қастерлі дəстүр. Түркі халықтарының жер туралы кең тараған аңыз-əңгімелерінің бірінде: «Ғұн тайпаларының ханы Мөде батырдан сол кездегі көрші елінің билеушісі — Дун-хулық татар ұрпағы оның мəрттігін, батырлығын сынау үшін атадан қалған үш асыл затын, құнды қазынасын арнайы қалап сұрайды. Оның біреуі — күніне мың шақырымдық жол басатын арғымағы — оны Мөде ойланып жатпай-ақ, үстінен түсіп береді; екіншісі — сүйікті де хас сұлу əйелін сұрайды — көзі қимаса да, батыр оны да береді. Үшінші қалағаны — бос жатқан жері екен. Оны сұрағанда Мөде батыр: «Жер — мемлекеттің негізі» деп, беруден үзілді-кесілді бастартады. «Беру керек» деген уəзірлерінің басын алып, жерін сұраған əдепсіз басшы Дун-худың елін шауып алады» [2].

Бұл, əрине, тағылымды бір ғана мысал. Оны біз жердің қадірін сыйлай білген, өмір бойы жері үшін қан төгіп, оны қорғап, сақтап келген қазақ пен оның құрамдас тайпа-ұлыстары үшін аса бір абзал, құнды қазына, қасиетті (сакралды) ұғым екендігін ескерту үшін айтып отырмыз.

Жер — Алла Тағаланікі. Бірақ оның иесі — Адам, қоғам-қауым, ел-жұрт деген аталы сөзді ұмытпауымыз керек. Шүкіршілік, қазақ бүгін көшелі ел болды. Ес жиып жатырмыз. Тəуелсіздіктің таңы атты. Сондықтан басқа елде, жерде жүрген қандастарымыз Қазақстанды (Сарыарқаны) аңсайды, сағынады, атамекенге жетсек екен деп армандайды. Оны мынау төмендегі хаттардан, Сарыарқаға арнаған өлең мен жырлардан байқауға болады.

Сағындым Сарыарқаны

Қаздай қалқып, үйректей жүзіп, мың-мыңнан мал өсіріп, ақ үзікті ақ үй тігіп, байлықтың арқасында көкорай шалғында көшіп-қонып, рахатқа батып, шалқып жатқан меймандос қазақ елінің тұрмыстары жақсарған уақыттарда патшалық Ресей бұғауына түскен еді.

Большевиктер партиясының саясатының зұлымдығы одан да асып кетіп, елге бүйідей тиді. Қойға шапқан қасқыр секілді, халықты орны толмас қырғынға ұшыратты. 1928 жылы кəмпеске басталып, оның аяғы ашаршылыққа ұрындырды, қазақ елінің шыбындай қырылғаны тарихта жазулы. Осы дүрбелең басталардан бұрын Тайшыбек Кеншіұлы деген шешен, білгір ақын лажсыздан туған елін тастап, бір түнде ауылымен көшіп кетіп, Оңтүстіктегі Қоңырат еліне барған. Осы ақын

шығармаларын іздестіру, жинақтау бертінде ғана қолға алынып жатыр.

Тайшыбек ақынның «Қоштасу» деген өлеңінде мынадай тамаша жолдар бар:

Қош-қош елім, көру-көрмеу менде емес,

Алла жазса, пенде басы не көрмес.

Елге келмес, есептелмес мен бір нөл,

Сыртыңды емес, ішіңді, елім, сағындым!

Мен несіне Арғын еліне құмармын,

Өз елім деп шын мақтанған шығармын.

Жастық шақты бірге өткізген солармен.

Маңғаз, балғын Арғын елім, сағындым!.

Өлең өзекті мəселеге арналған. Ауқымы кең. Туып-өскен жерге ғана сағыныш емес, иісі қазақ жұртына деген сағыныш бар. Арқа еліне деген махаббат бар. Өзінің ел-жұртынан жырақ жүруін Алланың пəрмені деп біледі. Абайдың «единица кеткенде, не болады өңкей нөл» дегеніңдей, ақын сөзін нөлге теңеген. Оның ұғымында қазақтың атамекенінен қоныс аударуы — трагедия. Демек, сондай халге душар еткен замана тынысына, уақыт талабына деген наразылық сезіледі. «У ішсең, руыңмен» деген тəрбиені бойына сіңірген ақынның өз руын, іргелі елін сағынуында да айрықша байқалатын ұлттық болмыс сипаттары бар.

Ит, қасқырдың тілі құлаш салақтап,

Аңшы біткен соңында жүр салақтап.

Сар даланы, қия-құзды адақтап,

Қызыл қан ғып алған күнді сағындым!

Ақын Абай, Шəкəрім мен Мағжан,

Ахмет пен Міржақыптар қандай жан?!

Сейфуллинмен, Сұлтанмахмұт Арғыннан

Аққан судай ақындарды сағындым!

Осы шағын өлеңде Абай, Шəкəрім, Мағжан, Ахмет, Міржақып аттарының аталуы көп жайды аңғартса керек. Ақын Алашорда қайраткерлерінің идеяларымен таныс болған, таныс болып қана қоймай, соны айрықша қолдаған жан.

Өкінішке қарай, түпкі мақсаттары өз елінің өркендеуі болған танымал қайраткерлерді қазіргі кезеңде екі лагерьге бөліп, бір-біріне дұшпан қып қойған кейбір зерттеушілердей емес, ақын осы өлеңінде Алаш ардагерлерін де, Сəкен Сейфуллинді де бір топта, өзара ниеттес, пікірлес жандар ретінде атайды.

Тайшыбек ақын Қоңырат елінде жүріп, елін сағынып «Сағындым Сарыарқаны» деген өлеңін шығарады. Бұл өлең «Орталық Қазақстан» (30 мамыр 2001 жыл) газетінің бетінде жарық көрді:

Я, Алла, туып-өскен жерім қайда,

Қол берген Қоңырекеңдей пірім қайда?

Арасын екі аудан сайран еткен,

Баяғы Сарыарқадай жерім қайда?

 Əуелі Алтай-Тоқа елге сəлем.

Шажағай, туып-өскен жерге сəлем.

Кең далам, орман-тоғай, тау менен тас,

Абылай аса алмаған белге сəлем.

 Балықтыбай, Отар мен Құланөтпес,

Сарысу, Ақтау, Ортау естен кетпес.

Шажағай, Атасу мен Қоңырқұлжа.

Сабыр қыл, шіркін көңлім, естен кетпес.

 Сарыарқа қалғаның ба мұнарланып,

Артыма қарай бердім шыр айналып.

Салқын үй, сапырулы сары қымыз,

Ішуші-ек рахаттанып мейір қанып.

 Сарыарқа қалғаның ба көрінбей-ақ.

Қасіретің жаман болды өлімдей-ақ.

Ажалы алла жазған алыс болса,

Бір барып көрсем бе екен ерінбей-ақ.

 Баласы Орта жүздің аман ба екен,

Баяғы біздер көрген заман ба екен.

Салдырған заказдатып тақтайлы үйлер,

Дəриға, қалғаның ба қайран мекен.

Сəлем де екі болыс Тарақтыға,

Жапанда жау жолықпас жарақтыға.

Қаймағы бұзылмаған қайран елім,

Тар заман бет-бетімен таратты ма.

 Баласы Орта жүздің Кəрсөн-Керней

, Жүруші-ең еш адамға теңдік бермей.

Бас қосқан алқа топта, қайран елім,

Дəриға, кеткенім бе көзбен көрмей.

 Сəлем де қатар өскен Түсіпбекке,

Ойыма əр мінезің түсіп кетті.

Жұрт ауып, бөлек-бөлек мекенінен,

Береке қайран елден ұшып кетті.

 Сəлем де Орта жүздің Сыздығына

Дүниенің мақрұм болдым қызығына.

Дəм-тұзым туған елден ауып еді,

Шыдамай большевиктің бұзығына.

 Сəлем айт бай Қунақтың Жəкейіне,

Тастының құлап қондым текейіне.

Қадірлес қатар өскен мырза Жəкей,

Əр ісің түсіп кетті көкейіме.

 Бірге өскен кішкентайдан Иманмұса,

Атадан арман бар ма сендей туса.

Қаламы мына заман ауыр болды-ау,

Сабыр қыл жазатайым дəмің ауса.

 Баласы орта жүздің Шұбыртпалы,

Бəйгеге ат қосады суытпалы.

Баласы Аманбайдың ер Ахмет,

Барғанда қияметке ұмытпалық.

 Сəлем де Кəріпбайдай қарияға.

Қонысым ауып кетті бір қияға.

Тапсырдым əуелі Құдай, екінші оған,

Көз қырын салып жүрсін Мұфияға.

 Сəлем де Шайқыбайдың Батталына,

Дұшпандар жете алмаған қапталына.

Зұлымдықпен қиянат қып белсенділер,

Кездестік шыға алмайтын Қап тауына.

 Жақсылар, көрмесек те аман болсын,

Баяғы біздер көрген заман болсын.

Аз сөзді мінажатпен жаза салдым.

Аяғы Мұхтасармен тамам болсын.

 Осы өлеңді Жаңаарқа ауданы Атасу поселкесінің тұрғыны Көсщан молданың қызы Айшадан жазып алып, «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына дайындап берген соғыс жəне еңбек ардагері Сəбит Бармұхаметұлына көп рахметімізді айтуымыз керек.

Қапаста туған жыр

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Аманбектегі «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына (31 мамыр 2005 жыл) мынадай хат жолдапты: «Құрметті оқырман қауым, халқымыздың «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген дана сөзін еске ала отырып, марқұм нағашымның қиын-қыстау уақытта жүрегінен зар-шер болып шыққан бір туындысын көзі тірісінде заман ағымының салдарынан жарыққа шығара алмай кеткендіктен, осыны баспасөз бетінде жариялауды өздеріңізге ұсынғанды дұрыс көрдім.

Нағашым Əлиев Зəру бұрынғы Жезқазған облысы Ағадыр ауданына қарасты, бұрынғы Өспен кеншарында (Нілді) туып, қиындығы мен қызығы аралас өмір кешіп өтті. Нағыз жігіт шағы ел басына қиындық туған кешегі атың өшкір неміс-фашист басқыншыларымен соғыста өтті. 1942 жылы ауыр жаралы болып немістердің тұтқынына түседі. Одан есін аздап жиғанда Түркістан легионына кіреді. Бірақ артынан бір топ жолдастарымен «Совет əскеріне қарсы соғыспаймыз» деп сол маңдағы (Батыс Украина) партизан отрядына қашып барып қосылып, содан ол жерге Совет əскерлері келгенше фашистерге қарсы соғысып жүреді.

Соғыс біткен соң «сен өз еркіңмен қолға түсіп, Түркістан легионында болдың» деген «баппен» жазықсыз 15 жылға сотталып, Коми АССР-де лагерьде отырып шықты. Кейін ақталды, елге келіп қызмет етті, зейнеткерлікке шығып, 78 жасында дүние салды. Қарағандыда жерленді. Воркутада лагерьде отырғанда жəне кейінірек «еркін тұрғын» ретінде лагерь маңында жазасын өтегенде сауда саласында қызмет істейді. Сол кезде осы лагерьде атақты қоғам қайраткері, ғалым Əлихан Ермековпен танысып, оған қолынан келгенше жəрдем жасайды. Бостандық жылдары екеуі Қарағандыда кездесіп, өле-өлгенше дос болып өтеді.

Ал, сол тұтқында жүргенде ел мен жерді сағынып жырға қосқан екен. Соғыс аяқталғанда нағашымның осы жырын ауыл-аймақ жатқа айтып көңілге тірек ететін. Мұңдағы ең ұнамдысы — Сарыарқаның жер-суын бір жүйемен суреттеп, оған деген сүйіспеншілігін білдіріп, сұлулығын паш етеді. Əрине, өлеңнің көркемдігі, техникасы əдеби талаптарға сəйкеспеуі əбден мүмкін, бірақ бұл шумақтарда туған елден жырақта, қапаста қасірет шеккен адамның жан-жүрек сөзі жатыр».

Сонымен, Əлиев Зəрудің «Сарыарқаға» атты жырын оқып көрелік:

Адасып ел мен жерден болдым ғайып,

Қаңбақтай жел аударған табан тайып.

Қалың ой, қабақ басып, жүрек толып, Т

уған жер — Сарыарқаны сөз қылайық.

 Қазақтың Сарыарқадай сар даласы,

Ен жайлап, еркін өскен бар баласы.

Жер бар ма Сарыарқадай басқа елде,

Сарыарқа — барлық жердің ұлы анасы.

 Сарыарқа Есіл, Нұра екі суың,

Аңқыған исі жұпар боздақ буың.

Əппақ Ай, күміс жұлдыз нұрын төгіп,

Туатын таң алдында Шолпан туың.

 Кешікпей бұдан кейін күнің шығып,

Сарғайған сары алтындай таңды жығып.

Құлпыртып жердің бетін масатыдай,

Өсімдік алуан түрлі жатқан бұғып.

 Сызылтып əнге салып құстар шулап,

Балығы екі өзеннің тайдай тулап.

Орныққан колхоз-совхоз еңбекші елдер,

Өлкенің бас-аяғын бірдей қулап.

 Қотаннан малдар еріп маң-маң басып,

Дəулеті қалың елдің суша тасып.

Ойласам туған елді еске алып,

Күрсінем қатты деммен көңілім жасып.

Сарыарқа орталығың Баянауыл,

Көк бұлақ тастан аққан, шың мен таулы.

Талайды тəрбиелеп бұл арадан,

Ұшырған сан қыранды жібек баулы.

 Биік құз, қалың орман Қарқаралы,

Сан ерге ел мен жердің өткен зары.

Кіндігі Сарыарқаның осы жерлер,

Ертеден мекен еткен жұрттың бəрі.

 Көкшетау, Оқжетпестей шың биігің,

Бурабай бауырында көл тұнығың.

Жыр қылып Сарыарқаның тау мен тасын,

Баспақпын соныменен жер күйігін.

 Ақмола, Қызылжардай қалаларың,

Кең байтақ шалқып жатқан далаларың.

Кені мол таусылмастай Қарағанды,

Сондай бай, Арқа, сенің салаларың.

 Байдəулет, Қосағаш пен Семізбұғың,

Көп таттым бұл жерлердің дəмі-тұзын.

Спасскі ескі қала аты мəлім,

Көкөзек өзен аққан емес ұзын.

 Шерубай құт орнаған жер Қарабас,

Қасында жел шақырған тау Тектұрмас.

Бүркіт сап аң алдырған қиясында,

Бұғылы, Қарамұрын, Қатпар, Жартас.

 Қызылтау, Ұста-Аюлы, Нұраны өрлеп,

Тағылы, Айыржалмен мені көр деп,

Ие боп бұл тауларға Шет ауданы,

Жайлайды колхоздары біздің жер деп.

 Атақты Арқа сенің Ор мен Абаң,

Қыстауғып қоныс еткен ата-бабам.

Дүниені шыр айналып тап-тап басып,

Арман жоқ тірі көрсем есен-аман.

 Бірназар, Сапы, Айыртау, Ақадырың,

Білмеппін елде жүріп жер қадірін.

Мен қайтып аңсамайын ел мен жерді,

Көрмеген ел мен жердің еш зəбірін.

 Арқаның бір төбесі Қызылтау, Ақтау,

Шетте жүр арқа ерлерің дендері сау

Көруге қайта айналып мен құмармын

Амал не босатпайды тұтқындап жау.

 Атасу, Бидайық пен Көктіңкөлі,

Иманақ, Есен, Шотан жердің белі.

Кім ие Сарыарқаның шұрайына,

Ерікті шалқып жатқан қазақ елі.

Арқалық, Ақой, Батық, Қарашалғын

, Өсімдік, егінге бай жері салқын.

Сол жерде соқа жыртып, егін еккен,

Көндірген еңбекші етіп қазақ халқын.

 Байшегір, Сарыоба мен Жаманқойтас,

Сол жерде өніп-өскен мал менен бас.

Көкпар ап ат шаптырған, қыз ойнақ қып,

Сайрандап қызықтаған кəрі мен жас.

 Бестөбе, Қаражартас, Сарысу,

Еспе, Ел мен жер жынды болам түсіп еске.

Ең басып, еркін өскен қайран басым,

Шырмалып торға түстім мылқау кеске.

 Ұзынжал, Беріктас пен тау Сүйірбай,

Аңсаған-аңыраған жұрт жиылмай.

Шетте жүр біз тəрізді бақытсыздар,

Татуға туған жерден дəм бұйырмай.

 Қумола, Ақтасты мен Борбайтөбе,

Ық жағың Майқараған сары көде.

Үлкенжал бауырыңда жатқан аруақ,

Балаңды мен тəрізді желеп жебе.

 Жыр қылған Арқа сені Зəру атым

Ел болып ру салған арғы затым

Алыстан даусым жетпей əнге шырқап,

Сондықтан өлең қылып жазған хатым.

Иə, бұл өлеңде айтылғандай, Сарыарқа — байтақ мекен. Бір өзіне Англия, Франция, Италия сияқты елдердің жері еркін сиып кететін осынау ұланғайыр өлкенің əр өңірі арнайы əңгіме етуге əбден лайық. Жер шоқтығы Көкшетауды, Арқа кіндігі Ұлытауды, өзіндік қайталанбас сұлулығымен мойын бұрғызатын Қарқаралы мен Баянды тілге тиек етсе, əрқайсысы өз алдына бір шежірелі дастан іспеттес. Соның əрқайсысы өткенімен, бүгінімен, кеңестік тереңдігімен, бүткіл болмысымен туған еліміздің бір бөлек тарихын құрайды.

Əлиев Зəрудің жырында айтылғандай, Сарыарқаның əрбір тасы, əрбір бел-белесі, қала-даласы халқымыздың ғұмыр-тіршілігіне куə, арман-мұраттарына айғақ.

Атамекенді аңсау

Толайым тірлігінде адам баласы маңдайына не жазылғанын білмейді. Алмағайып заманда тағдырдың тəлкегіне ұшырап, сан мыңдаған қандастарымыз туған жерінен ауып кетті. Қай елде, қай жерде жүрмесін мына жұмыр жердің бетіне тарыдай шашылған қандастарымыздың ата жұртқа деген сағынышының табы басылмағаны анық. Осындай ата жұртқа деген іңкəрліктің лебі ескен   хат «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына келіп түсті. Хат авторы Тəліп Əбдірахман. Бұл күнде Қытай Халық Республикасында тұрады. Мəселенің мəнісін ұғыну үшін хат жолдарына үңілейік.

«Атамыз Оразмұхаммед қажы белгісіз бір себептермен 1870 жылдары Сібірге жер аударылыпты. Содан Сібірден қашып, Қытайдың Алтай өңірінде тұрақтап қалған. Өзімнің аты-жөнім — Тəліп Əбдірахман. Оразмұхаммед қажының төртінші ұрпағымын. Қытай Халық Республикасының Күйтін қаласында  тұрамын».  Тəліп  ақсақал  бұдан  əрі  өзінің  ататегін  төмендегідей    тармақтапты.

«Оразмұхаммед қажының руы — Арғын, оның ішінде — Алтай. Алтайдан кейінгі шежіре былай таралады: Алтай — Мойын — Рахман — Əлібек — Сармантай — Қаражігіт — Өмірзақ — Үкі — Бектүріш — Оразмұхаммед — Əбдірахман — Уақит — Тəліп — Нұрлан». Негізі осы атаның кіндік қаны тамған атамекені Қарағанды өңірі екендігін ескере отырып, Тəліп Əбдірахман: «Бəлкім, Қазақстаннан туыстарым табылып қалар, табылып жатса, бізге хабар берер», — деген ниетпен жазған сияқты.

Оразмұхаммед қажы көшелі, ойы терең, ақын жанды адам болса керек. Ол туған жерден шалғайда жүріп, 1880 жылы елге деген ыстық сағынышын ақ қағаз бетіне де түсірген екен. Орекеңнің жүрек жарды осы бір өлең жолдарын бізге Тəліп Əбдірахман қоса жолдапты. Сонымен Оразмұхаммед қажының немересі Тəліп Əбдірахманның көшіріп алған, 1880 жылдар мөлшерінде жазылған «Сарыарқа мекен-жайым, Есіл-Нұра...» атты өлеңіне құлақ түрелік:

Сарыарқа мекен-жайым, Есіл-Нұра,

Білмесең жер мəнісін менен сұра.

Тай құлындап, тайлағы боталайтын,

Қызығы кетпейді естен, тіпті сірə.

 Арқада қызықты жер үш Көкөзек

Білген соң жасырмайын бойды тежеп.

Құлағы жылқы малдың шығып тұр деп,

Мақтаған Асан қайғы кезек-кезек.

 Наршөккен, Қосағаштау, Байдəулетпен

Бір күнде жүруші едік біз сəулетпен.

Күнін той, түнін сауық қылып өткен,

Дəриға-ай, сөйткен қызық қайда кеткен.

 Сарытау, Ақтау, Ортау, Қараағашпен,

Бір күнде теңесіп ек бар Алашпен Атасу,

Манақы, Үшбұлақ боп, Жарасып бірігіп еді

Жалаңашпен.

 Сүйікті Үшбұлақтай жер шықпайтын,

Көкпегі, жусанына мал ықтайтын.

Көдесі, бетегесі шалғыңдай боп,

Қаңдай боран соқса да жылқы ықпайтын.

 Құлжұмыр, Семізқызтау, Соқыр-Сораң,

Айдаған он-он мың сан Тəти Құрам.

Сүйікті ел, сүйікті жер бəрі сонда,

Қайырылып көре алмадым, бар ма шарам.

 Арқада қызықты жер Қарағанды,

Ақылға алушы едік жарағанды.

Сауықпен, салтанатпен жүруші едік,

Елітіп тамашаға көрген жанды.

 Шеткі жер — Тоқырауын, Жəмшіменен,

Отарға мал айдаушы-ек жалшыменен.

Семіріп жазғытұрым мал келгенде,

Жайраңдап көрісуші-ек малшыменен.

 Сөз қылдым ел мен жерді бардан құрап,

Балалар үйреніп ал бəрін сұрап.

Сүйікті Қараағаштай ел мен жерден,

Айырды иə ризық, иə топырақ.

 Осы мұңлы жырға біздің қосатынымыз мынау. Қазақ бүгінгі күнді көп күтті. Бытыраған қазақтың басы қашан қосылар деп көп армандадық. Енді түгенделуіміз қажет. Бір кездерде тағдыр тəлкегімен елден ауып, шашырап жүрген қазақ қауымдасса — бұл үлкен мұрат. Əлемнің елуге жақын елінде тұрып жатқан қандастарымызды бауырға тартып, елге оралтайық.

Сарыарқа, сағындырдың атамекен...

Қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың майданда жүргенде сағынары да, сүйеніші де қазақ даласы — Сарыарқа, атамекені болды. Еліміздің шығыс шекарасында болған ақын майданға өтіп бара жатып, Қазақстанға келгенде:

Сарыарқа сап-сары алтын жүзген нұрға,

Қоналқы мекен болған сан ғасырға.

Сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен

Лебімен алар тартып, шықсаң қырға.

 Көтеріп əн мен жырдың күй қанаты,

Жүрегің ұшар құс боп аспанында.

Əлемнің саған ауып махаббаты,

Сарыарқа орнар сенің жас жаныңда.

 Жұбанып сол Сарыарқа құшағында,

Есімде ойнағаным жас шағымда

Жетімдік жалбыр тонын жерге соғып

 Құмартып ауған бұлтқа, алыс шыңға.

 Арқа ару, ашып нұрлы күн бетіңді,

Ойнатып, еркелетіп мен жетімді,

Аулаққа сұр бейіттен əкетуші ең,

Не дермін сенің сол бір құдіретіңді?

 Сарыарқа, сағындырдың, атамекен,

Сардала анам едің құшағың кең.

Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп,

Артта — сен, алда — майдан, қайтсем екен? —

деп мұңаяды (ақынның «Сарыарқа» атты белгілі өлеңі) [3].

Қасым Аманжолов үшін «Сарыарқа — атамекенінен» басқа ел де, жер де жоқ тəрізді. «Сенен артық не табам, қайда кетем» дейді ол. «Атамекен» деген өлеңінде, «Байқал» атты балладасында осы ұлтшылдығын дарынды ақын онан əрі аша түседі.

Түйін

Сөз соңында айтарымыз, бүгінде Сарыарқаның сайын далалары мен сағымды белдерінде Шыңғыс ханның ойрандарынан бастап, Жошының жорықтарына, Темірдің тепкілеріне, Бату мен Бабырдың батпан қимылдарына, қалмақтардың қанды қырғындарына қатысты белгілер мол ұшырасады. Үнсіз мүлгіген мазарлар, үңірейген қорғандар, төбе боп жатқан құрылыс үйінділері сол замандардан қалған жараның орны, басылмаған ісігі, бітпеген тыртығы іспеттес.

«Дүние жаралғаннан бері адамзат үшін мұнан өткен аласапыран болған жоқ. Ақыр заманның арсы-күрсісіне дейін мұндай сұмдықтың болуы мүмкін де емес», — деп жазды монғол шапқыншылығы туралы араб тарихшысы Ибн-əл-Асир. Міне, осы сұмдыққа алдымен кеудесін төсеген Сарыарқаның сары белдері мен сағымды далалары.

Өлкетанушы Марат Əбсеметов таяу арада «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Астана: аңыздар мен хикаялар» атты көлемді мақаласында мынандай қызық деректер келтіріпті: «Егер тарихқа ой жүгіртер болсақ, көптеген ғасырлардан бері Сарыарқа Ресей, Қытай, Иран мемлекеттерінің көз құртына айналды. Қазақтың қазыналы даласына Ескендір Зұлқарнайын, Тұмар патшайым, Шыңғыс хан, Əмір Темір жəне Византия мен орыс патшалары, қытай императорлары мен парсы шахтары, үнді махараджалары мейлінше қызықты.

Сақ дəуірінде бұл аймақ Византия мен Иранға орасан мол мыс пен темірді жеткізіп тұрды. Араб тарихшысы əл-Идрисидің (1100–1165) көрсетуінше, Ортау мен Ақтау (Астананың оңтүстігінен 250 шақырым жерде) тауларының бөктерінде ірі сауда мен өндіріс ошағы, Оғыз қағанның астанасы Хиам атты шаһар болған. Ақтау тауының етегінде Мұхан қаған 569 жылы Шығыс Рим империясымен сауда жəне дипломатиялық қарым-қатынас жасау үшін келісім-шартқа отырды.

Сарыарқаны көрген Марко Поло бұл аймақта жоғары дəрежеде дамыған сауда мен көшпелі түркі тайпаларының  əскери  өнерді  жоғары  деңгейде  ұстанғанына  тамсанды.  Ұлы  Жібек жолында Сарыарқадан шыққан желдей гулеген жүйріктер айрықша пайдаланылды. Қытай императоры ең тамаша жібегін дала тұлпарына айырбастады, ал Марко Поло аңның неше атасын қағып түсіретін қазақ төбеті дүрегейдің күшігін олжалады. Сол күшіктен кейін, шекара күзетіне лайық, атақты итальян итінің тұқымы пайда болды.

I Петр заманынан бастап Столыпинге дейін Сарыарқа даласының алтыны, күмісі, мысы, тың жəне тыңайған жерлері, барша байлығы Ресейдің ашса алақанында, жұмса жұдырығында болды. Қазақ жерін орыс отаршыларының басып алу əрекеттері Ұлы Даланың соңғы ханы Көшім бабамыз көз жұмғаннан кейін басталды. Кенесары да Сарыарқада қанды майдан ашып, көлдей ағылған жаумен соғысты, бірақ күш жетпеді. Сонымен XIX ғасырдың екінші жартысында патша əмірімен Ақмоланың шұрайлы, құйқалы жеріне Ресей мен Украинаның шалғай түкпірлерінен қарашекпенділер мен келімсектер шұбырды...

Талай дүбірлі заман өтті. Қазақ елі арманына, тəуелсіздігіне қол жеткізді. Сарыарқаның мөлдір таза ауасы мен көгілдір аспаны, дəмді ақ наны түпкі иесіне бұйырды. Ақмоланың құдіретті рухы Ұлы Дала мұрагерлерінің жүрегі мен ой-қиялын тербеп асқақтата берері хақ».

Иə, сонау ХХ ғасыр басында қайран ақын Сұлтанмахмұт:

Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді Алашты ешкімнің

Қорлығына бермейміз!.. —

деп, жалпақ əлемге жар сала жырлап-ақ еді, елдің енді-енді еңсе көтерген сəтін көріп қуанып еді, қырсық шалғанда... аяғы «су түбі-құрдым» болды... Ал, енді...

Ендігі жерде... «бұл халықтың келешегі үшін оған тек сана-сезімнің қалғып кетпеуі керек» (Ы.Алтынсарин).

ХХ ғасыр сыбағасымен қайралған халқымның енді XXI ғасырда қалғымасына, ұйықтап кетпесіне сенгіміз келеді... Өйткені, оның иығында енді ғасырлар бойғы қан мен тер арқылы жеткен тəуелсіздік, Қазақ елінің тəуелсіздігі тұр.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Сейдімбеков А. Одақтағы үшінші // Жұлдыз. — 1978. — № 3. — 174-б.
  2. Əбдуəли Қ. Қаңлы (тарихи шежіре). — Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 2004. — 165-б.
  3. Аманжолов Қ. Дауыл. Өлеңдер. — Алматы: Жазушы, 2001. — 25-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.