Зерттеушілердің пікірлеріне қарағанда, поэзиядағы қайталамаларды дыбыстық, буындық, сөз, қосымшаларды қайталамалар деп ішінара жіктеуге болады. Бұл қайталамалар Абай поэзиясына да тəн.
Өлеңнің дыбыстық жымдасуына (құрылымына) неге соншалықты терең назар аударылады? Себебі поэтикалық тіл фонетикалық деңгейде айрықша түрдегі жүйелілігімен (реттілігімен) ерекшеленеді. Бұл, ең алдымен, ырғақтық құрылым, лексика, интонациялық-синтаксистік жүйемен байланысты болатын ұйқастың көмегімен жүзеге асады. Ұйқас поэтикалық тілге тəн сипатымен ерекшеленетін дыбыстық қайталауға сəйкес келеді, сондықтан да, алдымен, ұйқастан тыс тұратын сөздердің қайталануы зерттеліп, танылады.
Абай поэзиясына тəн негізгі поэтикалық амал-тəсілдердің бірі дыбыстық қайталаулар болып табылады. Сөз ішіндегі болсын, тармақаралық болсын, шумақ ішіндегі түрлі позициядағы дыбыстық қайталаулардың сөз мəнерлілігін, əуезділігін, ырғақтық əуенін (музыкалылығын) арттыруда айрықша рөл атқаратынын академик Р.Сыздықова [1] мен профессор О.Бүркіт өз еңбектерінде орынды атап көрсетеді [2]. Орыс ғалымы Л.Тимофеев «Краткий словарь литературоведческих терминов» деп аталатын еңбегінде поэзиядағы дыбыстық қайталауды ұқсас дыбыстық тіркесімдердің сөздерде қайталануын жазушы өлеңге ерекше мəнерлілік беру үшін пайдаланатындығымен түсіндіреді. Ғалым:
«Сондай əуезді сөздерді қайталаумен ақын өлең ішінде айрықша мəні бар сөздерді бөліп көрсетуге талпынады, олардың мағынасына, интонациясының (дауыс ырғағының) жоғарылауына көңіл аударады» [3], — деп жазады. Сондай-ақ Л.Тимофеев дыбыстарды мақсатсыз түрде қайталау форма (түр) қуалаушылыққа алып келетіндігін де атап көрсетеді. Абай өлеңдерінде түр қуалаушылық жоқ, кездеспейді деп айта аламыз. Əрбір дыбыс өлең тармақтарында өз орнында жұмсалып, дыбыс үйлесімін арттыруға қызмет етеді.
Алайда Абай өлеңдеріндегі дыбыс үйлесімі туралы алғаш рет 1934 жылы сөз еткен ғалымдар Е.Ысмайылов пен З.Шашкин «Абайдың поэтикасы» деген мақаласында Абай «Күз» деген өлеңінде күзгі желді, ызыңды білдіретін сөз дыбыстарын жиі келтіреді, ал «Өзгеге, көңілім, тоярсың» тарығып, қысылып жазылған өлең болғандықтан, мұнда «сарнаған дауысты» н, м, ң дыбыстары көп дейді,
«Қыс» өлеңінде ақ, ашық түсті беретін а дыбысы көп дегенді айтады [4]. Аталмыш мақала жайлы белгілі тіл маманы Р.Сыздықова өзінің көзқарасын былайша білдіреді: «Əрине, бұл танымда субъективтік сипат бар екендігіне қарамастан, дыбыстың стильдік қызмет атқаруы жəне образ жасауға қатысы туралы қазақ филологиясында тұңғыш рет мəселе қойғанын атаймыз» [1; 131].
Дыбыстық қайталаудың жалпылама қабылданған жіктемесі (классификациясы) жоқ. Зерттеуші Л.Тимофеев əуезділіктің мынадай түрлерін бөліп көрсетеді: ішкі ұйқас, ұйқас, ассонанс (біркелкі дауысты дыбыстардың қайталануы), аллитерация (біркелкі дауыссыз дыбыстардың қайталануы) жəне бұған үнжазба («звукопись») мен дыбысқа еліктеуде пайдаланылатын дыбыстық қайталауларды да қосады.
Ал В.Холшевников дыбыстық қайталаудың ұйқастан айырмашылықтарын талдай келе: «В отличие от рифмы, повторяющейся регулярно, звуковые повторы внутри стиха то появляются, то исчезают, то едва улавливаются, то слышны очень отчетливо. Поэтому, когда после ряда«нейтральных» в звуковом отношении стихов возникают явно слышимые повторы, стих заметно выделяется» [5], — деп жазады.
Дыбыс пен мағынаның сəйкестігі туралы мəселе — əдебиеттанудағы ең тартысты (талас-тартысқа толы) мəселенің бірі. Осы мəселе бойынша көптеген зерттеулер дүниеге келді.
Бұл кеше ғана пайда болған мəселе емес. Көне грек философы Платон «Кратил» деп аталатын диалогінде дыбыстар арқылы туатын бейнелер (ассоциациялар) сөйлеу дыбыстарына тəн мағыналар болып табылады деген пікір айтқан болатын. Латын жазушысы Августин «Начало диалектики» атты еңбегінде сөздің лексикалық мағынасы сол сөздің фонетикалық бейнесін танытатын ассоциацияларға сəйкес келеді деп жазады. Ал Ресейде осы мəселемен алғаш айналысқандардың бірі М.В.Ломоносов болды. Ол «Краткое руководство к красноречию» кітабында: «Орыс тілінде «а» дыбысының жазуда жиі қайталануы таң қалуды, шексіз кеңістікті, тереңдік пен биіктікті, сондай-ақ кездейсоқ қорқынышты бейнелеуге, «е», «и», «ю» нəзіктікті, сүйкімділікті немесе ұсақ-түйек дүниелерді бейнелеуге əкелуі мүмкін, «я» арқылы ұқыптылық, нəзіктік, көңілділікті көрсетуге, «о», «у», «ы» дыбыстары арқылы қорқыныш пен күшті дүниелерді, қаһар, қызғаныш, ауру мен қайғыны бейнелеуге болатын сияқты» [6], — деп атап көрсетеді.
Алайда зерттеушілердің көпшілігі дыбыс бойында болатын мағынаны үзілді-кесілді жоққа шығарады. Мəселен, Г.Шенгели «Техника стиха» деп аталған кітабында «дыбыстардың өзіндік мағынаға ие болу теориясын» сынайды. Аталған теория бойынша «л» дыбысы сүйкімділік пен нəзіктік сияқтыларды білдірсе, ал «р» түнек пен қаталдық дегендерді білдіреді екен. Алайда сөз мағынасымен байланысты өзінің дыбыстық құрамы кейде белгілі бояуға (реңк) ие болады жəне сонда ғана ол мəнерлілік-бейнелілік сипат алады деп есептейді [7].
Шетел əдебиеттануында дыбыс пен мағынаның сəйкестігі туралы мəселемен Морис Громмон да айналысты. Ол дыбыстардың экспрессивтік қызметін əр түрлі ақындар поэзиясында қарастырды. Бүкіл дыбыстық бейнелер (ассоциациялар) барынша жеке даралылыққа тəн жəне оларды тек автордың өз шығармашылығы контексінде ғана қабылдай аламыз. Осылайша, дыбыстар мағынамен үнемі байланыста болмайды.
Л.Якубинский сана (ой) арқылы берілген фонетикалық бейнелер мағынамен астасады (ассоциируются). Ал өлеңдегі дыбыстық қайталаулар мағыналық мазмұннан туындайтын іс-қимыл, əрекетті күшейтеді деп санайды [8]. Шетелдік əдебиеттанушылардың зерттеулеріне назар аударар болсақ, американдық ғалымдар Р.Уэллек пен О.Уоррен «Теория литературы» кітабында дыбысты мағынадан бөліп алып қарауға болмайтынын атап өтеді [9].
Л.Тимофеев «Основы теории литературы» кітабында дыбыстық қайталаулардың мəнін дұрыс айқындап көрсете білген. Ол: «Дыбыстық қайталаулардың мəні олардың барынша эмоционалды бояуға ие сөздердегі интонациялық бөлініс үшін негізгі тірек құрайтындығында, ал ең сапалы дыбыстар мұндайда негізгі мəнге ие бола алмай қалады» [10], — деп таниды. Алайда қайталауларда қолданылатын дыбыстардың сапасы бəрібір маңызды рөл атқаратыны аңғарылады. Жекелеген дыбыстардың сапалық сипатының арқасында ғана аталған амал-тəсілдің өзіндік ерекшелігі де пайда болады (көрінеді).
Яғни біз дыбыстық қайталаудың өздігінен ештеңені білдірмейтінін, тек қана сөздің мағынасын, яғни курсив ретінде қызмет атқаратынын, анықтадық.
Ал Е.Поливанов та поэзияның фонетикалық жақтан қиындасуына «заумь» («полу-заумь», «звуковой узор») (мəнсіз сөздерді қолдану) сияқты амалдарды атап көрсетеді. Зерттеуші əрбір халық үшін əрбір тарихи-əдеби кезеңнің өзіне лайық поэтикалық техникасы болады деп есептейді. Алайда поэтикалық шығармалар материалдарын қиыстырудағы (құрылымының) ең басты қағида, ол фонетикалық сипаттағы қайталау қағидасы болып қала береді [11].
Сырттай қарағанда, қарапайым ғана сипатқа ие болатын дыбыстардың қайталануы, шын мəнінде, күрделі құбылыс болып саналады. И.В.Арнольд өлең өріміндегі дыбыстық қайталамаларды эвфоникалық жəне метрикалық деп бөледі. Ол дыбыстық қайталамалардың ассонанс, аллитерация, паронимикалық аттракция, ұйқас сияқты түрлерін эвфоникалық қайталамаларға кіргізеді.
Дыбыстық қайталауға байланысты толығырақ сипаттаманы Б.Гончаровтың еңбегінен таба аламыз. Ғалым қайталаманың мынадай түрлерін ұсынады:
- Қандай да бір сөздің бірнеше мəрте қайталануы. (Мұндай жағдай қайталанатын сөзге интонациялық жаңа реңк (оттенок) береді).
- Үнжазба (звукопись). (Бұл шартты термин жақындығы жағынан аллитерация мен ассонанс жəне солармен мəндес ұғымдарды білдіреді). Л.Тимофеев секілді Б.Гончаров та үнжазбаға «өлең тілінде белгілі бір көркемдік-мəнерлілік əсер беретін дыбыстарды таңдап-талғап қолдану» деген сипаттама береді [12; 121].
- Тармақ ішіндегі əуезділік, үйлестік («ішкі ұйқастар»).
- Ұйқас (рифма). (Өлеңнің композициялық мəніндегі дыбыстық қайталау екі тармақты байланыстырып, оны əрі қарай келесі тармақтармен сабақтастырып, жалғастыру қызметін атқарады).
Гончаров дыбыстық қайталаудың интонацияға бағынынатындығын атап көрсетеді. Ол өзінің жоғарыда көрсетілген кітабында өлеңді фонетикалық тұрғыдан ырғақтық жəне интонациялық- синтаксистік құрылымның органикалық тұтастығы ретінде қарастырады. Интонацияның ең маңызды рөл атқаратынына басты назар аудару керектігін айтады [12; 118].
Ақын мен жазушы тек тілдік құралдармен ғана туындыларын жасай алады, олардың осыдан өзге ешқандай құралдары жоқ. Тілдің дыбыстық жымдасуы, лексикасы мен синтаксисі олардың шығармаларындағы тілдік көркемдік-бейнелеуіштік құралдардың сапасын сипаттайды. Поэтикалық үнжазбаның негізіне тіл дыбыстарының фонетикалық өзгерістері мен үндестік заңдары жатады.
«Троптар» деп аталатын ұғымдар сөздің мағыналық жағына тұтасымен негізделген. Ал «фигуралар» (айшықтар) деп аталатындар тілдік сипатта сөйлем немесе сөйлемнің элементтері болып табылады.
Үнжазба (звукопись), немесе өлеңнің жасалуы (инструментовкасы), — бұл мəтіннің фонети- калық мəліметі. Бұған фонетикалық-поэтикалық бірқатар құбылыстар: ассонанс, аллитерация, дыбыстық қайталау, поэтикалық этимология, үнжазба жазу кіреді [13].
Поэтикалық тіл сипатына тəн нəрсе — үнжазбаның (звукопись) белсенді түрде қолданылуы.
Үнжазба — дыбыс қайталауларының жүйесі.
Дыбыстардың гармониясы немесе дисгармониясы эстетикалық жəне мағыналық мəні күшті белгі болып табылады.
Өлеңнің дыбыстық құрылымын сипаттай келе, үнжазба əрқашан өлең мазмұнына, мағынасына тікелей қатысты бола бермейтіндігін есте сақтау қажет. Ол дыбыс үйлесіміне, өлеңнің жалпы тонына, əсіресе өлеңдері əуенге негізделген ақындарға тəн болып келеді.
Кейде мағына дəлдігін, жақындығын сақтау үшін дыбыс үйлесімін құрбан етуге де болады:
Сенімі жоқ серменде сырды бұзды,
Анық таза көрмейміз досымызды.
Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ,
Жүрегінде жатады өкпе сызы
«Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» [14; 44].
Поэтикалық шығармашылықты образдар шығармашылығы деуге болады. Яғни поэтикалық тіл— образдар тілі. Өлең тіліндегі өзара үйлесімді əуезділік пен ырғақ — поэтикалық леп жемісін əшекейлеп тұратын əдемі жамылғыш.
Өлең тілінің дыбыстық құрылымын зерттеушілер оны əдеттегі əуезділік құралдары: ұйқас, аллитерация, ассонанс жəне дыбыс еліктеуіш аясында қарастырумен ғана шектеледі. Əдетте, поэзиялық шығарманың дыбыстық жағын талдау əуезділіктің дұрыстығын, не бұрыстығын көрсетуге келіп тіреледі. Мұндағы басты критерий оқушының жеке өзінің талғамына байланысты. Поэзия тілінің дыбыстық құрылымына деген осындай біржақты көзқарастан барып шығатын қорытынды, поэзия тілі — образдар тілі екенін, ал «əдемі» үйлесім-үндестік оның тек сыртқы əдемілігі екенін О.М.Брик атап көрсетеді [15, 83–89].
Фонетикалық мағына идеясы сөздің дыбысталуы мен мағынасы арасындағы байланысты іздеу нəтижесінде ертеден-ақ пайда болды. Тіл дыбыстарының мəн-мағынасы бар ма, əлде олар өздігінен сөздерден тыс мəн-мағынаға ие бола ма, əлде ие болмай ма? деген мəселе ұзақ уақыт бойына дау туғызып келеді. Кейбір зерттеушілер сөздің дыбыстық формасын оған кез келген мазмұнды сыйдыруға болатын сыртқы жамылғыш деп есептесе, екінші біреулері бұл оның мазмұнының бір бөлігі деп санайды. Алайда поэтикалық тілде дыбыстарды талдап-талғап қолдануда үлкен мəн бар екендігіне күмəн келтірмейміз. Оны орыс өлең жүйесінің майталманы Л.И.Тимофеевтің мынадай сөздерімен дəлелдеуге болады: «В эмоционально-окрашенной, особенно поэтической речи звуковой состав языка всегда ощутим. Интонационно-смысловая организация поэтической речи является одним из основных средств усиления ее художественной выразительности» [16].
Өлеңнің дыбыстық жымдасуы (звуковая организация стиха) нақты тілдік базаға, экспрессивті тілдің дыбыстық құрылымының сезілуі мен кез келген тілдегі бірыңғай дыбыстардың байлығына сүйенеді [17]. Мұндай сезілушілік дыбыстық қайталауларда шарықтау шегіне жетеді.
Тілдегі мəнерлілік-бейнелілікті күшейту үшін қолданылатын əр түрлі фоностилистикалық амалдарды үнжазба (звукопись) деп атайды. Орыс тіл білімінің маманы Б.П.Гончаров «үнжазбаны» дыбыстық қайталаманың бір түрі ретінде таниды, бұған қатар алынған сөздерде көркемдік əсер үшін бірдей дауыссыз не дауысты дыбыстардың қайталануы арқылы сөз үндестігін туғызатын құбылысты жатқызады да, оған мынадай мысал келтіреді:
Я вольный ветер, я вечно вею Волною волны... [12; 120–123].
Үнжазба өзінің дыбысталуымен ойды образды (бейнелі) түрде беруге мүмкіндік жасайтын сөздерді айрықша таңдап қолданудан тұрады. Мысалы:
Домбыраға қол соқпа,
Шымырлатып бір-бірлеп.
Жүрегім, соқпа, кел, тоқта,
Жас келер көзге жүр-жүрлеп [14, 181].
Осындағы ұқсас буындар не бірыңғай қайталанатын дыбыстар тармақ бунақтарының мəнерлілік бейнелілігін күшейтеді əрі əуезділігін де арттырады. Ашық дауысты дыбыстармен келген буындар ерекше əуезділікке ие болады. Бұл жөнінде ғалым А.Байтұрсынов былай деген болатын: «Əуезділік деп нені айтамыз? Əуезділік деп сөз турасында айтсақ, сөздің ішіндегі дыбыстардың үндері құлаққа жағымды болып естілуін айтамыз. Сөйлеу турасында айтсақ, сөйлеу ішіндегі сөйлемдерінің үндері құлаққа жағымды болып естілуін айтамыз. Сөздің құлаққа жағымды болуы — дыбыстардың тізілу түрінен, сөйлеудің үні құлаққа жағымды болуы сөйлемдерінің тізілу түрінен. Сондықтан сөз əуезділігі де болады, сөйлеу əуезділігі де болады.
Дауысты дыбыстар көп келген сөз үнді болады, дауыссыз дыбыстар көп келген сөз үнсіз болып шығады. Қазақ тілінде дауысты дыбыстардың да кейінің үні аз, мəселен, «ұ», «ү», «і» сөз ішінде бұлар көп келгенде де сөздің үні кем болып шығады. Жəне де кей сөздің ішінде қай дыбысы да болса көп келеді де, кей сөздің ішінде аз келеді. Сөз əуезділігі жағынан мұның да мəні көп зор болады. Əуезді мен əуезсіз сөздің парқын мынадан байқауға болады. «Шамалы» деген сөзбен «шанышқы» деген екі сөздің құлаққа қайсысы жағымды? Əрине, «шамалы» жағымды болып тұрғаны. Ол:
- ішіндегі дыбыстарының бірі дауыссыз болғанда, екіншісі дауысты болып, реттеліп тұрғаннан;
- дауысты дыбыстар ішінде көп болғандықтан, сөздің үнді болып шыққанынан. Ал «шанышқы» деген сөзде:
а) дыбыстар реттеліп, бірі дауысты болғанда, екіншісі дауыссыз болып келіп отырған жоқ;
ə) дауысты дыбыстары аз. Сондықтан мұның үні жатық та емес, мол да емес. Үні кем жəне жатық болмаған соң, құлаққа жағымсыз естіліп тұр» [18].
Əуезділіктің (фониканың) стилистикалық «белсенділігі» тілдің эмоциялық бояуына (реңкіне) байланысты болады. Тілдің дыбыстық жағына мəн берілу үшін сөздердің дыбыстауда (оқылуда) айқын бөлінуі жəне мəнерлілік бейнелілікке ие болатын дыбыстардың да бөлініп айтылуы тиіс. Бұл поэзия мен жоғары эмоционалды прозада ғана болуы мүмкін айрықша дауыс ырғағын (интонацияны) қажет етеді. Мұндай шығармаларда сөздердегі интонациялық еркіндікке едəуір қол жеткізіледі.
«Себебі эмоционалды бояуға ие сөздердің қарқыны жылдам айтылуы мүмкін кейбір жағдайларда, ол тұтастай логикалық сөздердің қарқынынан біршама ақырын айтылуымен ерекшеленеді» [19]. Сонымен бірге поэзиядағы дыбыс ырғақтық жəне өлшемдік жымдасуы нəтижесінде əдеттегі сөйлеу тіліндегі дыбыстарға қарағанда «күшті, айқын» дыбысталады да, əуезділікке ие болады. Екінші жағынан, ауызекі сөйлеу стиліндегі бір қалыптылықтың өзі поэзиядағы əуезділікті болдырмауы мүмкін.
Қайталамалардың табиғатын тану үшін, ең алдымен, дыбыстық қайталамаларға тоқталу керек. Себебі дыбыс пен мағына арасындағы үйлесім — ұйқас айшығын ашатын амал. Поэзиялық шығармалардағы дыбыстар жүйесінің орналасуы мен сөз мағынасының көркемдік қызметі арасындағы байланыс — лингвистикалық поэтиканың негізгі мəселелерінің бірі. «Дыбыстық қайталама» деген терминді алғаш рет О.М.Брик ұсынды. Ол дыбыстық қайталама, негізінен, дауыссыз дыбыстардың қайталануынан тұрады деп сипаттады: «Сущность повтора один или несколько раз, в той или иной последовательности, с различным составом сопутствующих гласных» [15, 60], — деп жазады.
Ғалымның бұл термині лингвостилистикада тұрақтап қалғанымен, қазіргі тіл білімі аясында дыбыстық қайталаманың басқа түрлері де болатыны белгілі болып отыр. Дыбыстық қайталамалар поэзиялық шығармаларда тиімді қолданылады. Прозаға қарағанда поэзияда дыбыстың көркемдік мүмкіншілігі көп. Поэзиялық шығармалардағы дыбыстар стилистикалық қызмет атқарып, көркемдегіш құралға айналуы үшін олар белгілі дəрежеде қайталанып қолданылуы керек.
Дыбыс қайталануы сөзге əсерін тигізіп, соның нəтижесінде олардың арасында тығыз байланыс орнайды. Дыбыстық қайталамалар сөз құрамында пайда болып, сөз деңгейінде жүзеге асады. Оларды сөзден тыс қолдана алмаймыз, олар сөздің құрамында ғана белгілі қасиетке ие болады. Тілдік жүйеге сəйкес қайталамалардың дыбыстық жəне лексикалық түрін бөліп көрсеткенмен, оларды сипаттауға осы байланысты айтпай кетуге болмайды. Дыбыстардың көркемдік ерекшелігі туралы құнды пікірлерді Р.Сыздықованың Абайдың сөз өрнегін талдаған зерттеуінен де таба аламыз.
Поэзияда тілдің фонетикалық мəнерлілігін күшейтуде əр түрлі тəсілдер қолданылады. Ақындар өлең тармақтарының ішінде дыбыс үйлесімділігін тудыру үшін біркелкі немесе үні мен табиғаты жағынан ұқсас дыбыстарды қайталау арқылы тұтастай əуезділікті арттыруға мəн береді. Алайда дыбыстық қайталау өлең тілінде міндетті түрде болуы тиіс нəрсе деп ойлауға болмайды. Дыбыстық қайталаудың қай шығармада болсын белгілі бір стильдік қызмет атқаратыны жайлы Р.Сыздық:
«Эвфония қарастыратын дыбыстық қайталаулардың қай-қай түрі де: аллитерация, ассонанс, анафора, эпифора, ұйқас, ырғақ көркем сөзде, əсіресе өлеңде белгілі бір əсер туғызатын, яғни эмоциялық бояу үстейтін, стильдік тəсіл болса, оларды қай дəуірдің сөзгері болса да қолданбай отырмайды» [1, 136],— дейді.
Мұны Абай өлеңдерінен де көптеп кездестіре аламыз. Мысалы:
Өлсе, өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған. Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?! [14, 136].
Поэзия тілінде дыбыстардың қайталануы əрқашан эстетикалық мағынаға ие бола бермейді. Ол кездейсоқ та болуы мүмкін, себебі дыбыстардың саны шектеулі болған жағдайда, олар сөз ішінде амалсыз қайталанады. Күнделікті ауызекі сөйлеу тілінде біз оған ешқандай мəн бере қоймаймыз. Мысалы, күнде жаңалықтардан соң берілетін ауа райы туралы мəліметте «Жақын күндері Астанада күн күркіреп, жаңбыр жаууы мүмкін» деген сөйлемдегі қайталанып келетін дыбыстарға ешкім де назар аудармайды.
Ал поэзия тілінде дыбыстық қайталаулар үнжазбаның (звукопись) таза стилистикалық құралдарына айналады. Мысалы: Абайдың «Жаз» («Жаздыкүн шілде болғанда») өлеңінде негізгі желілі ұйқасты сақтайтын шұбыртпалы жыр өрнегі аса шеберлікпен қолданылған. Шұбыртпалы ұйқаспен өлеңнің басынан аяғына дейін негізінен бірыңғай үйлесіп келетін, грамматикалық құрылысы жағынан біріне-бір ұқсас етістік формаларын қайталау арқылы өлеңге бейнелілік, суреттілік, көркемділік бояу береді [20]:
Жаздыкүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бəйшешек
Ұзарып өсіп, толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап,
Арасында құлын-тай
Айнала шауып, бұлтылдап,
Жоғары-төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса сымпылдап,
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап,
Ақ білегін сыбанып,
Əзілдесіп сыңқылдап... [14; 39].
Яғни мұнда ақын дыбыс үйлесімділігін образ бейнесін ашу қажетіне лайық ұтымды пайдаланған.
Немесе Абайдың інісі Оспанды жоқтап шығарған өлеңінде де бір ғана ж дыбысын тармақ басында қайталау арқылы эвфониялық гармония тудырып тұрғанын көреміз:
Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан бұрылмай,
Жау жүрек жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жас біткеннен түңілмей,
Жағалай жайлау дəулетің
Жасыл шөбі қуармай,
Жарқырап жатқан өзенің
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай! [14; 114].
Ғалым Р.Сыздық: «Бұл шағын өлең — Абай творчествосындағы орны айрықша, көркемдік құралдары мен грамматикалық құрылымы жағынан өзге ешкімде, тіпті Абайдың өзінде аналогі жоқ дүние. Оның жеке даралығы, ең алдымен, тұтас бір өлеңнің, бастан-аяқ аллитерациялық анафораға құрылғандығынан көрінер болса, екіншіден, ж-мен келетін аллитерациялық құрылыстың тармақтардың тек басында емес, өн бойында сақталуынан да байқалады: жасқанып жауға тығылмай... жау жүрек жомарт құбылмай... жалын жүрек суынбай... жайдары жүзің жабылмай...» [1; 140], — дейді.
Көркем мəтінде қолданылатын дыбыстық қайталамалардың қызметі ерекше. Осы орайда қайталамалардың лингвостилистикалық табиғатын қарастырған ғалым О.Бүркіттің мына бір пікірін келтіре кетейік: «Прозалық мəтінде қолданылмайтын, қолданылса да поэтикалық мəтіндегідей актив қызметке ие бола бермейтін қайталамалар түрі бар. Олар — дыбыстық қайталамалар. Əдетте, дыбыстық қайталамалардың кеңінен қолданылатын ортасы — өлең өрімі» [2, 45]. Поэзиялық шығармаларда ассонанс пен аллитерация сияқты қайталама түрлері көптеп қолданыла береді. Өлең сөздегі мұндай аллитерациялық тəсiл құлаққа жағымды, мəнерлi естiлу қызметiн атқарады. Əрине, поэзияда бiркелкi дыбыспен басталып, не Абай шығармаларында дыбыс үйлесiмiн арттыру ниетiмен қолданылған мұндай түбiрлерi ұқсас сөздер көптеп кездеседi.
Өлең тармақтарында (бунақ ішінде болсын) бiрдей дыбыстардан келетiн сөздер, сөз тiркестерi орнымен жұмсала отырып қайталанса, оқырманның эстетикалық қабылдауында мəнерлiлiк пен əсерлiлiк пайда болады. Мəнерлiлiк сөзге əр берсе, əсерлiлiк сөйлемге сапа бередi.
Шумақ ішінде бiр-бiрiне дыбыстық, мағыналық үйлесiмдiлiгi жақын сөздердi əр тармақ сайын қайталап келтiру тəсiлiне Абай жиi барған. Шумақ түзiмiнде кейiпкердiң ойына, танымына орай, соның тiптi кескiн-келбетiндегi белгiлерiне қатыстыра отырып, белгiлi бiр сөздердi жиi қайталап жұмсау — жазушының стильдiк амалы. Мысалы, «Сап, сап көңілім, сап, көңілім» [21].
Тавтологиялық ұйқас — дыбысталуы бірдей, сыртқы формалары ұқсас сөздер мен сөз тіркестерінің тармақ соңында немесе тармақта қайталанып келуі. Тавтологиялық ұйқас — жалпылама атау. Оны іштей омонимдік ұйқас жəне қайталама ұйқас (рефрен, редиф) деп бөліп қарастыруға болады.
Омонимдес сөздердің ұйқас ретінде қолданылуы өлеңнің ішкі мазмұндық тұтастығына ешбір нұқсан келтірместен өзгеше бір дыбыстық үйлесім тудыра алады. Омонимдік ұйқастардағы сөздердің ішкі мазмұны бөлек болғандықтан, толыққанды ұйқас болып саналады.
Омонимдік ұйқастарды жыр, толғауларда көп қолданылатын редифпен шатастыруға болмайды. Табиғаты ұқсас болғанмен, редиф деп тармақ басында немесе тармақ соңында ұйқастан кейін қолданылатын бірдей сөз жəне сөз тіркестерін атайды.
Ал тавтологиялық сөз қайталауына редиф немесе рефрен жатады. Өлеңде тавтологиялық ұйқасты пайдалану мағынасы жағынан маңызы бар сөзді немесе сөз тіркестерін əдейілеп еске салып отыру үшін де керек (мəселен, белгілі бір тармақ шумақ бойында 3–4 рет қайталанып отырады). Мысалы, Абайдың «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!» өлеңіндегі дəл осылай аталатын тармақ бүкіл өлеңде 5 мəрте қайталанады. Олар қанша қайталанса да, белгілі бір стильдік мақсатта жұмсалады.
Редифте белгілі бір жерде бір сөз немесе сөз тіркесі үнемі қайталанып келіп отырады, ал оған басқа тармақтардағы əр түрлі сөздер ұйқасады. Əсіресе жыраулар поэзиясында сəйкес дыбысты еліктеулерде редифті ұйқас жиі қолданылады. Яғни өлеңдегі белгілі бір тармақтар қайталанып келетін сөзге аяқталады, бірақ тармақтағы одан бұрын тұрған сөздер өзара ұйқасады. Мысалы:
«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңінде алмай жүр тіркесі тармақ сайын қайталанып келеді.
Редифті ұйқастың мəні мынада: қайталанатын сөздер əрбір қайталауда ұйқас сөздермен жаңаша байланыста жəне де жаңаша мазмұнда пайда болады. Абай өлеңдерінде де редифті ұйқас əрбір тармақта немесе соңғы тармақта ерекше реңге (оттенок) ие болады:
Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бəкең,
Адалдыққа бар елдің зоры Бəкең.
Ұры-қары көбейіп, көт шөмейтіп,
Неге болды бар елдің қоры Бəкең?.. «Қыздарға» [14, 132].
Қорыта айтқанда, ақындардың өз ойын əсерлі жеткізуі шеберлігіне байланысты болса, ол шеберліктің əр түрлі тəсілдерімен беріледі. Сондықтан да поэзияда кестелі сөздер, образды тіркестер, əуенді теңеулер көптеп ұшырасуы — заңды, оның себебі өлеңнің ұйқасқа, сұлулыққа, үйлесімділікке құрылатындығында жатыр. Сол себепті тармақ басындағы, ортасындағы, соңындағы сөздердің үйлесімділікке құрылуы өлеңге ерекше əуезділік үстейді. Мұны сөз өнерінің көрнекті шебері Абай да өлеңдерінде дыбыс мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдаланып, іске асырған. Сонымен, қайталамалардың əр алуан түрлерi мəтiн көркемдiгiн арттыратын тəсiлге жатады.
Əдебиеттер тізімі
- Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі: Моногр. — Алматы: Арыс, 2004. — 208 б.
- Бүркіт О. Қазақ тіліндегі қайталамалардың лингвостилистикалық жүйесі: Докт. дис. автореф. — Алматы, 2001. — 50 б.
- Тимофеев Л.И., Венгров Н. Краткий словарь литературоведческих терминов. — М.: Учпедгиз, 1958. — С.
- Ысмайылов Е., Шашкин З. Абайдың поэтикасы // Əдебиет майданы. — 1934. — № 11, 12. — 49-б.
- Холшевников В.Е. Основы стиховедения. Русское стихосложение. — 2-е изд. — Л.: Изд-во Ленингр. ун-та, —С. 86.
- Ломоносов М.В. Краткое руководство к красноречию // ПСС. — Т. Труды по филологии: 1739–1758 гг. — М.-Л.: Изд-во АН СССР, 1952. — С. 131.
- Шенгели Г. Техника стиха. — М.: Худ. литература, 1960. — С. 263.
- Якубинский Л. О звуках стихотворного языка // Поэтика 1–2. — СПб., 1919. — С.
- Уэллек Р., Уоррен О. Теория литературы. — М.: Прогресс, 1978. — С.
- Тимофеев Л.И. Основы теории литературы: Учеб. пособие. — М.: Просвещение, 1966. — С.
- Поливанов Е. Общий фонетический принцип всякой поэтической техники // Вопросы языкознания. — 1963. — № 1. —С. 106.
- Гончаров Б.П. Звуковая организация стиха и проблемы рифмы. — М.: Наука, 1973. — 275 с.
- Тимофеев В.П. Наш опыт поэтической лексикографии // Теория поэтической речи и поэтическая лексикография. —Шадринск: Изд-во Сверд. пед. ин-та, 1971. — С. 98.
- Абай. Қалың елім, қазағым: Шығармалары. — Алматы: Жалын, 1995. — 384 б.
- Брик О.М. Звуковые повторы. (Анализ звуковой структуры стиха) // Образное слово А.Блока. / Ред. А.Н.Кожин. — М.: Наука, 1980. — 216 с.
- Краткая литературная энциклопедия. — 2-т. — М.: Сов. энцикл., 1964. — С. 1007,
- Тимофеев Л.И. Очерки теории и истории русского стиха. — М.: Гослитиздат, 1958. — С.
- Байтұрсынов А. Шығармалары: Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер / Құраст. Ə.Шəріпов, С.Дəуітов. — Алматы: Жазушы, 1989. — 177, 178-б.
- Жақыпов Ж.А. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары: Оқулық. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1998. — 46–49-б.
- Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. — Алматы: Мектеп, 1973. — 76, 77-б.
- Сыздықова Р. Сөз құдіреті. — Алматы: Санат, 1997. — 224-б.