Қазақ фольклортану ғылымының қалыптасуы мен дамуының өзіндік заңдылықтары бар. Бұл мəселе назардан тыс қалмай, түрлі зерттеулер бағытында сөз болып келеді. Нақты тақырып ретінде күн тəртібіне түскен сəттерінде айта кетуге болады. Мəселен, қазақ фольклорына байланысты жазылған «Қазақ əдебиетінің тарихы» [1–3] атты еңбектердің бұл сауалдарға кезең жағдайының идеологиясының қиындықтары болса да, ғалымдардың ұжымдық зерттеулері арқылы жауаптар берілді. Сонымен қоса қазақ фольклорының типологиясы, тарихы, поэтикасына қатысты тексерулердің нəтижелерінде де көрініс тауып отырғаны мəлім [4–6]. Ұлттық фольклордың ел арасынан жинақталуы, баспа жүзінде жарық көруі мен оның жан-жақты зерттелу тарихы барлығын бұл аталып отырған еңбектер толықтай болмаса да, өз кезеңінде фольклортану ғылымына айтарлықтай үлес қосты. Толықтай емес деудің себеп-салдары кеңес идеологиясының партиялық пəрменділігіне қатысты екендігі ақиқат. Анықтай айтар болсақ, қазақ фольклорының тек-тамырлары түркі əлемі мен түркі-монғол тарихына қатыстылығы ескеріледі. Түркі халықтарының рухани құндылықтарының қайнар көзі Қорқыт мұраларынан басталып ХІ ғасырдағы Махмуд Қашғаридің «Диуан-лұғат ат-түрік», Насредин Рабғузидің «Қиссаул əнбиесінде», «Кодекс куманикус» атты еңбектерде түркі халықтарына ортақ фольклорлық мұралар жинақталғаны жəне оның хатқа түсірілгені ескерусіз қалды. Қазақ фольклорының жинақталуы, жариялануы, басқа халықтар тілдеріне аударылу ісі тек қазақ елінің Ресейге қосылуымен түсіндірілу қатты ескерілгені бүгінде баршаға белгілі. Əрине, бұл мəселеде жоққа шығаруға болмайтын жайлар барлығы рас, алайда əрідегі қыруар еңбек еткен түркі əлемінің тұлғалары лайықты аталуы орынды екендігіне түркітану саласына еңбек сіңірген В.Бартольд, Л.Н.Гумилев, Н.Я.Бичурин, С.Е.Маловтар елеулі еңбектері арқылы көрсеткен [7–12].
Біз бұл тұрғыда «қазақ ауыз əдебиеті үлгілерін жинауда көрнекті еңбек еткен — Ресей жағрафия қоғамының мүшелері: Ш.Уəлиханов, В.Радлов, И.Березин, А.Васильев, Ə.Диваев, А.Харузин, П.Мелиоранский, В.Катаринский, Н.Пентусов, тағы басқалардың» [13] үлесін жоққа шығару емес, қазақ фольклорының нақ бастауларының қалыс қалғандығын айтып отырмыз. Яғни қазақ фольклорының хатқа түсу кезеңі өте ерте кезеңдерді көрсетеді екен. Ұлттық қазынамыздың түркі əлемінде жатқандығы қазақ зиялыларының тарапынан айтылып, лайықты бағалау қажеттігі зерделенсе де, партияның əкімшіл жəне əміршілдік жүйесі бұған мойын бұрғызбады. Керек болса, қазақ фольклорына араласып, қызуына күйіп, суығына тоңған қайраткерлеріміз Ə Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Мəшһүр Жүсіп Көпеев, Х.Досмұхамедов айтусыз қалып келді. Тек, кеңестік кезеңнің күш-қайраты əлсіреген, СОКП-нің 1987 жылғы қаңтар Пленумында жасаған баяндамасында М.С.Горбачев: «Қайта құруға белсене қатысу үшін ғылымның өзі көп ретте қайта құрылуға тиіс» екендігін атап көрсеткен еді [14]. Бұл пікір айтылған тұс кеңес жүйесінің қайта құрылуы емес, қайта құруына апарып соққандығы тарихтан түсінікті.
Еліміздің тəуелсіздік алуына байланысты ұмыт қалғандар қайта оралып, Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың бағыт-бағдарымызды айқындау мен еліміздің дамуының 2030 жылдарға дейінгі бағдарламалары оқу мен білім, ғылым мен техникаларды түбегейлі өзгертуге айтарлықтай үлес қосты [15]. Ел тəуелсізідігінің жеткен жетістіктеріндей болып, елі мен жері үшін күрескен қазақтың айтулы баһадүр батырларына, ақиық ақындары мен би-шешендеріне арнайы өткізілген астар шын мəніндегі тəуелсіздіктің келгендігін паш етті. Ұланғайыр осындай игілікті өзгерістер ғылымға да жаңаша леп, батыл қадамдар жасауға алып келгені анық.
Қазақ фольклортану ғылымындағы «ақтаңдақ беттер» қайта толысып, үзік-үзік тарихтың жалғануына қатысты табысты істер басталды. Бұрын тыйым салынып келген қазыналар қайта қаралып, фольклорлық көлемді жанрларға қатысты құнды зерттеулер жасалды. Қазақ тарихына байланысты мəселелер қайта қолға алынып, фольклортанудың дамуына үлес қосқандар жөніндегі «Қазақ фольклорының тарихы» атты еңбек ХХ ғасырдың Қазан төңкерісіне дейінгі аралықты қамтыса, енді бұл бағытта «Қазақ фольклорының тарихилығы» [16], «Фольклор шындығы», белгілі ғалым Ə.Қоңыратбаевтың «Қазақ фольклорының тарихы» атты еңбектері жарық көрді. «ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымы» атты Н.Қ.Жүсіповтің филология ғылымдарының докторы ғылыми дəрежесін алу үшін дайындаған диссертациялық еңбегі қорғалды. Бұл ғылыми жұмыста 1900–1950 жылдар аралығындағы ұлттық фольклорымыздың дамуының тарихи негіздемелері жасалды [6, 16–19].
Диссертант жұмысында фольклордың жиналуы, жинаудағы мақсат пен міндеттер, қолданылған тəсілдер мен ХІХ–ХХ ғасыр басындағы фольклорды жариялау ісі, фольклорды зерттеудің түрлері мен мақсат-бағыттары туралы түсіндіреді. Ізденушінің ең басты жаңалығы ретінде бұрынғы фольклортану ғылымында есімдері мн еңбектері аталмаған Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, М.Ж.Көпеев, М.Шоқай, М.Жолдыбаев жəне тағы басқа ұлттық қазынамызды жинап, жариялау жəне зерттеуге үлес қосқан ғалымдар еңбектеріне жаңаша баға берулеріне диссертациялық еңбектің ең бір салмақты үлесі ретінде бағалауға болады. Екіншіден, диссертациялық еңбектің фольклортану ғылымын дамытуға басты себеп болған, фольклортану ғылымының үш негізгі тұғыры аталады. Олар мəтіндерді жинау, жариялау жəне зерттеу делініп, диссертант бұл үрдістің қалайша өрбігендігін былайша түсіндіреді: «Сөйтіп, ХХ ғасырдың бірінші жартысында фольклор үлгілерін жинастыру ісінің бұрынғы, яғни ХІХ ғасырдың соңындағы, дəстүрді пайдалана отырып, жаңаша бағыт алғаны анықталды. Алғашқы 15–20 жылда фольклорды жинау, сырттай қарағанда, стихиялы болып көрінуі де ықтимал, алайда зерттеу барысында фольклорлық мəтіндердің жеке адамдар көмегімен ғылыми мақсатпен жиналғаны байқалады. Мұны тікелей жазып алу тəсілімен тəжірибе жинақтай отырып, олардың жинаудың амалдары мен тəсілдерін де жетілдіріп отырғаны анықталды. Екінші тəсіл — жер-жердегі арнайы тілшілер арқылы жинау. Яғни ғалым өзінің жер-жердегі сенімді хат жазысып тұратын адамдардың көмегіне сүйене отырып, сол жердің фольклорын жинастырады. Мұның ерекшелігі — тұрғылықты болу. Үшінші тəсіл — арнайы экспедиция ұйымдастыру, экспедиция мүшелерінің дайындығы, міндеті айқындалуы», — [19; 6,7] дейді. Бұндай ұланғайыр жұмысты жүзеге асыруда сандаған ғалымдардың сүбелі үлес қосқаны аян. Рухани құндылықтарды саралаудың басында Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Мəшһүр Жүсіп Көпеев, Х.Досмұхамедов, М.О.Əуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Е.Ысмайлов, І.Жансүгіров, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Ə.Марғұлан, Ə.Қоңыратбаев, Н.С.Смирнова, Х.Бекхожин жəне тағы басқа əйгілі өнер өрендері тұрғандығы қазақ фольклорына байланысты зерттеу еңбектерінде лайықты бағаланып келеді.
Ал, осынау қыруар құндылықтардың бəрі де оп-оңай жиналып, сол мезетте баспа жүзін көріп, жүргізілген зерттеулердің барлығы сол сəтте жарық көре қалмағанын біреуі білсе, екіншілердің бейхабар болуы да заңды. Бұны жақсы түсінетін сөз өнерінің өкілдері, гуманитарлық ғылым саласының ғалымдары екендігі талассыз. Біздің зерттеу тақырыбымызға тікелей қатысты 40–70 жылдар аралығындағы фольклортану ғылымы дəл сол бағытта жүргені рас. Солай десек те, фольклорды зерттеуде партиялық идеологияның қырсығы тиіп, таптық тұрғыдан тазарту, сұрыптау, дұрыстау істері ғылымның даңғыл жолға түсуіне кедергілер келтіріп бақты. Бұны бұлтарттпай дəлелдейтін дəлелді алысқа бармай-ақ, белгілі «Қазақ əдебиеттінің тарихы» [2; 75] еңбегінен табамыз. Онда «БК (б) П Орталық Комитеті мен Қазақстан Коммунистік париясы Орталық Комитетінің соғыстан кейінгі жылдары қабылдаған идеологиялық мəселелер жөніндегі қаулылары ауыз əдебитетін зерттеушілерге негізгі құжат болып саналды. Басқа республикаларда істеліп жатқан жұмыстар сияқты, зерттеушілеріміз өз еңбектерін сын көзімен қайта қарап, жіберілген қателіктерді түзеп, даулы мəселелердің басын ашып алуға жедел кірісті. 1940 жылдардың аяғында — 1950 жылдардың басында болып өткен айтыстардың (дискуссия) ауыз əдебиетін зерттеушілерге біраз пайдасы болды. Партия баспасөзі олар еңбегінде кеткен қателер мен кемшіліктерді орынды көрсетіп, оны түзетудің жолын айтты» [2; 75], — деп түсіндірді. Ел арасынан фольклорлық мұралар жинақтау, арнайы экспедициялар ұйымдастыру істері Ұлы Отан соғысы кезеңінде де тоқтаған жоқ. Мəселен, 40–50-жылдарда эпостық жырлардың варианттарына, айтушыларына, эпостың пайда болған ортасына назар аудару, эпостың ең таңдаулы үлгілерін орыс тіліне аудару сияқты қыруар істер жасалды.
Қазақ эпостарын жырлаушы атақты Мұрын жырау Сеңгірбаев, Айса Байтабынов, Рахмет Мəзхожаев, Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, тағы басқа ақын-жыраулардың айтуындағы эпикалық халық дастандары мен жырлары жазылып алына бастады. Көпшілігі 1950–1970 жылдары аралығында академиялық жинақтар болып жарық көре бастады.
Бұндай бастамаларға тосқауыл мен кедергілер болмай тұрған жоқ. Осы мəселеге байланысты эпостанушы Ш.Ыбыраев былай дейді: «Алайда ғылымдағы осындай істердің нəтижесі үнемі бақылауда болып, ресми идеология дүркін-дүркін тізгінді тарта ұстаумен болды. Сондықтан да эпос табиғатын терең тануға бағытталған ізденістер үнемі саясатқа жалтақтап, идеологиялық қателіктерге ұрынбас үшін əліптің артын бағуға, рұқсат берілген жырларды өлшеп-пішіп қойған шеңбердің аясында ғана сөз етуге мəжбүр еді. Қырғызстанда «Манас», Татарстанда «Едіге», Түрікменстанда «Қорқыт ата кітабы», Өзбекстанда «Алпамыс» сияқты эпостардың тағдыры сынға түсіп, қым-қиғаш атйтыс-тартыстар жүріп жатқанда, Қазақстанда эпостық жырлардың төңірегінде ұр да жық пікірлер, үкім-қарарлар өзге республикалардан асып түспесе, кенде қалған жоқ», — дей отырып [20, 15],
«соның нəтижесінде «Едіге», «Қорқыт» жырларына аталған республикаларда қаулымен тыйым салынса, қазақтың толып жатқан жырларына «халыққа қарсы», «хандық, феодалдық», «үстем тап өкілдерінің қолтаңбасы», «реакциялық эпос» дейтін айыптар тағылып, нəтижесі қаулы-қарарлармен тұжырымдалып жатты» [20; 15], — деп түйіндейді. Ұлттық көлемді эпостың осы кезеңде «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу», «Айман — Шолпан», «Қамбар батыр» жырларын халықтық деп бағалау қажеттігі айтылып, «Орақ — Мамай», «Қарасай — Қази», «Шора батыр», «Ер Есім», «Ер Сайын», «Едіге батыр», «Қырымның қырық батыры» жырлары мен «Тарихи жырлар» зерттелуіне ескертулер жасалып, идеологиялық пəрменділікпен тыйымдар салынды [21]. Бұл жайлар кейіннен «КСРО халықтарының эпосы туралы жиналыс» (Мəскеу, 1954), «Алпамыш» — «Алпамыс» эпосы жөніндегі республикааралық мəжіліс (Ташкент, 1956) болып жалғасты. Эпостық мұраларды шығаруда түрлі ескертпелер, «ұлы халық» тіліне аудару, рухани мұраның идеологияға қатыстыларын алу жөнінде сандаған ескертпелер жасалды. Бұнымен қоса шаруалар мен жұмысшылардың Октябрьге дейінгі жəне Совет тұсындағы фольклорын жинау міндеті күн тəртібіне қатаң қойылған [2; 76]. Ендігі кезекте экспедициялық жұмыстар мен зерттеу істері белгілі бір бағдарлама бойынша жүргізілу керектігі талап етіледі [2; 76]. Осындай талаптар тұрғысынан шығу мақсатында Ұлы Отан соғысы жылдарына қатысты халық ақындарының шығармаларын жинау, Октябрьден бұрынғы жəне Совет тұсындағы қазақ жұмысшыларының өлең-жырлары ауыз əдебиетін жинауда үлкен жаңалық ретінде бағаланды.
Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл мен əдебиеті институтының тарапынан 1940 жылдардан бастап жазып алынған фольклор мұралары, ендігі кезекте 1948–1950, 1954–1957 жылдар аралығын- дағы Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Қарағанды, Жезқазған, Екібастұз, Теміртау, Майқайыңзолото өндірістеріне барған экспедициялар материалдарымен толықтырылды.
Қазақ фольклорының тарихына арналған көлемді жинақтар шығару ісі соғыс жылдарында басталып, алғашқы томы 1948 жылы, кейін 1960 бастап көп томдықты шығару істері қолға алынды. Бұндай қомақты жұмыстардың басы қасында, ұйымдастыру ісінде жазушы-ғалым, фольклортанушы академик М.О.Əуезов жүрді. Ауыз əдебиетінің тек-түрлерін барынша қамтып, жан-жақты көрсету ісінде Ə.Қоңыратбаев, Ə.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Е.Ысмайлов, Қ.Жұмалиев, Ə.Мəметова, Н.С.Смирнова, Ы.Дүйсенбаев, М.Ғұмарова, О.Нұрмағамбетова, Д.Шалабеков, Ө.Тұрманжанов, Т.Сыдықов, Б.Кенжебаев, Б.Ерзакович, В.М.Сидельников, М.Сильченко, тағы басқалар талап тұрғысынан еселі еңбек етілді.
Қазақ фольклорының көптеген үлгілері орыс тіліне аудару ісі де осы кезеңде қауырт жүргізілді. Бұның басты дəлеліне В.М.Сидельниковтың қазақ ертегілерін [22], М.Сильченконың «Қобыланды батыр» жыры жөнінде [23], Н.Смирнованың «Қамбар батыр» жыры жөнінде [24], Г.Тверитиннің «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» жырының аудармалары мен аудару ісіне Ы.Дүйсенбаев, М.Ғұмарова, О.Нұрмағамбетова, Т.Сыдықовтар да араласқандығын айтсақ та жеткілікті [2; 80–81]. 1950–1958 жылдар аралығында Жамбыл Жабаевтың шығармалары орыс жəне басқа да шетел халықтары тілдеріне көбірек аударылған. Бұл мəселемен қоса қазақ ақындарының шығармашылығына қатысты зерттеу еңбектер де орыс тіліне аударылып отырғандығын аңғарамыз. Экспедиция жұмыстарынан бөлек жергілікті жердегі ақындар мен облыстық газет қызметкерлеріне де тапсырмалар беріліп, олардың күшімен көптеген ауызша айтылған халық шығармаларының үлгілері жазылып алынып отырған. Мысалы, Х.Менкин, Х.Салқымбаев, Қ.Мұқышев, М.Тиесов, Қ.Ақымбеков, М.Ахметов, М.Бимағамбетов, Қ.Аманкелдин, Ə.Қайнарбаев, М.Сəлменбаев, Қ.Серғазиев, Б.Айтбаевтардың үлестері салмақты болғандығы қолжазба қорларындағы жинақталған материалдардан танылады.
«1955 жылдан бастап қазақ фольклоры магнитофон лентасына жазылып алына бастады. Қалқа Жапсарбаев, Омар Шипин, Рахмет Мəзхожаев, Қабылбек Сауранбаев сияқты ақын, жыршылардың (жазып алғандар: Б.Ерзакович, М.Ғұмарова, О.Нұрмағамбетова) əр түрлі жанрлардан (тұрмыс-салт өлеңдері, эпос, тарихи жырлар, лирикалық өлеңдер) айтқандары магнитофонға жазылып алынды [2; 78]. Кеңес кезіндегі түрлі саяси салқындықтарға қарамастан, фольклорлық мұраны жинауға атсалысқан ғалымдардың мұндай игі істері дер кезінде бағаланбаса да, олардың қыруар еңбектері босқа кетпегендігі бүгінде орынды айтылып келеді. Оған нақты дəлел мен деректі бүгінгі таңда қорғалып жатқан диссертациялық жұмыстар мен жазылып жатқан монографиялық еңбектерден ұшыратамыз. Қазақ фольклортану ғылымына арналған библиографиялық көрсеткіштерде бірден-бір дəлел болса керек. Жинақталған мұралар «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» деген атпен жеті том болып сұрыпталып, жарық көруі де дер кезеңіндегі істелген игі іс екендігін аңғаруға болады. Бұл істердің бəрі де қазақ фольклортану ғылымындағы істелген 40–70 жылдарға дейін жəне кейінгі ауқымды жұмыстар болғандығын бүгін біреу білсе, келесілеріне беймəлім болуы да ықтимал. Бұлай деудің себептері де жоқ емес. Жоғарыдағы аталған диссертациялық жұмыстан басқа, қазақ фольклортану ғылымының 50–70 жылдары жəне одан кейінгі атқарлып жатқан істері ғылыми тұрғыдан саралана қойған жоқ. Тұтастай жүйеленіп, нақты бағасын алуы қажет екендігі анық. Бүгінгі таңдағы «Мəдени мұра» бағдарламасына қатысты да атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нəтижелеріне лайықты бағалар жасау керектігі күн тəртібіне түспесе керек. Фольклордың өткені мен бүгінін еске түсіріп, көп томдық еңбектер шығарып тұру дəстүрінен жаңылмағанымыз лəзім.
Біздің көтеріп отырған маңызды мəселемізге байланысты қалам қуатын көрсетіп жүрген фольклортанушы-ғалымдар баршылық. Қазақ фольклортану ғылымына қатысты жазған мақаласында филология ғылымдарының докторы, профессор Б.С.Рахымов былай дейді: «Қазақ фольклортану ғылымы да түрлі сан тарау жолға түсіп, ақырында өз сүрлеуін өшпестей даңғылға айналдырды. Бастауы тар жол, тайғақ кешу болса да, бара-бара көшін түзетіп алған рухани құндылықтардың құдіретін танудың өзіндік тарихы бары мəлім. Рухани құндылықтардың сырын ашуға алғашқыда қазақтың барлық зиялы қауымы атсалысты. Бұл істе қазақтың ақын-жазушылары, өнер қайраткерлері, тарихшы, философ, педагогтар жасаған жұмыстары ауқымдылығы баршаға аян. Фольклордағы алғашқы кезеңді жан-жақты қаламгерлер қалыптастырған, қазынаға қалтқысыз қызмет еткен əмбебап таланттардың, тынымсыз еңбек дəуірі деу де дұрыс. Бұның қисынды себептері бар екендігі анық. Өйткені фольклор диалектология, этнография, тарих, философия, педагогика, психология, музыкамен байланыстылығын ескерсек, ұлттың ұлағаты мен бабалар аманатын асқақтату салмағы зиялылардың парасат-пайымы таразысына тең түскендігі түсінікті. Сондықтан фольклорды білу салт-дəстүрді түйсіну, сөз құдіретін игеру, өнер өрісін жүрекпен сезіну, ұлттың ұлылығын тану болып шықпақ» [25], — депті. Бұл пікірдің қазақ фольклоры туралы ғылымның қалыптасу, даму жолдарына айрықша назар аудару арқылы туғаны ақиқат. Қалай қарасақ та ұлттық фольклордың ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін кезеңі қазақ интеллигенциясының біртұтас атсалысуымен жасалғандығын байқаймыз. Кеңес дəуірінің түрлі шарттары мен партиялық талаптарының тар шеңбері, тар жол, тайғақ кешулерінен солар алып шықты. Шындықты айтқаны үшін қудаланып, «халық жауы» атанып алды атылып, арты сотқа тартылды. Дауылды жылдардың дүрбелеңі соғыстан кейін де жалғасып, 50–60-жылдар аралығында сандаған айтыс пен тартыстарға ұласқанын жоғарыда да атап кеттік. Қазақ фольклорының тарихына қатысты Кеңес дəуірін академик Мəлік Ғабдуллин былайша бөледі: «Советтік дəуірдегі қазақ фольклористикасының қалыптасу, даму, өсу жолын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.
- бірінші кезең — 20–30 жылдар арасы;
- екінші кезең — соғыс жылдары;
- үшінші кезең — Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдар» [13, 26], — деп жіктепті.
Міне, осы жіктелген кезеңдердің бəрі де тоқтаусыз еңбек, толассыз толғақты істерді шешуге жұмсалды. Фольклорлық мұраларды жинау, жариялау, зерттеу жəне басқа халықтар тілідеріне аударудан да басқа жұмыстар жеткілікті болғандығын байқаймыз. Соның бір дəлелі ретінде жоғарыда аталған М.Ғабдуллиннің оқулығында мынадай істер де ерекше айтылады: «Аталған кезеңдегі фольклористикамыз тақырып жағынан алғанда бірнеше күрделі мəселелерді көтерді. Солардың ішінде бастылары мыналар:
- Оқулықтар жасау мəселесі.
- Ауыз əдебиетінен үйрену мəселесі.
- Ауыз əдебиетінің халық өміріне байланысы жəне халық ақындарының творчествосы туралы» [13; 27] дейді. Бұл да фольклортану ғылымының тарихи беттері екендігі жалпы қауымға мəлім жайт екені түсінікті. Күні бүгінге дейін фольклортану ғылымындағы осы мəселе көп томдық еңбектер мен жеке тақырыптық жанрларға қатысты зерттеулерде болмаса, жекелей алынып тақырыптық тұрғыдан тұтастай тексерілмей келеді. Ғылым үздіксіз дамитындығы ақиқат. Соған қатысты оны түсіндіріп, саралап отыратын оқулықтың алатын орны жас ұрпақ үшін бөлек. Бұл істің қолға алынуы А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Əуезов, С.Мұқанов, Ə.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, Ə.Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин есімдеріне тікелей байланысты. Осы аталған ғалымдар қаламынан əр кезеңдерде түрлі мазмұнда оқулықтар жасалды. Соңғы оқулық ретінде М.Ғабдуллиннің «Қазақ халық ауыз əдебиеті» атты оқулығы 1958 жылы жарық көріп, одан 1964, 1974 жылдары бірнеше рет қайта басылып шығарылды. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқу құралы бүгінде қолданылып келе жатқаны белгілі. Кітаптағы автордың төмендегідей ескертпесіне назар аударайық: «Бұл арада алдын ала бір-екі мəселені ескерте де кетелік. Алдарыңызға ұсынып отырған кітапта советтік дəуірдегі қазақ ауыз əдебиетінің мəселелері қарастырылмады. Тақырыбы, мазмұны, көлемі, көркемдік ерекшеліктері жағынан аса мол дүние болып табылатын советтік дəуірдегі қазақ ауыз əдебиетін жеке кітап көлемінде баяндау қажет деп ойлап, қазақ ауыз əдебиетінің революцияға дейінгі түрлеріне ғана тоқталуды мақұл көрдік», [13; 2], — делінген. Бүгінгі таңда бұл оқулықтардың орнын жекелеген монографиялық зерттеулер, жанрларға қатысты оқулықтар мен көмекші оқу құралдары атқарып келе жатыр. 40–70-жылдар аралығында тікелей мəтіндерге байланысты «Қазақ халық ауыз əдебиетіне» арналған хрестоматиялар жарық көрді. Экспедицияларға арналған жəне фольклорлық мұраларды жинауға қатысты көмекші əдістемелер жасалған. Ұланғайыр осындай істердің жасалуына себепкер ғалымдар екендігі шындық. Олай болса, олардың елеулі еңбектері, тынымсыз ізденісі мен жеткен жетістіктері үлгі-өнеге ретінде фольклортану ғылымының тарихында өз еңбегіне қатысты бағалануы тиіс. Бұл мəселеге байланысты айтылған төмендегі пікірдің біз үшін мəні барлығы анық: «Жарасы жойқын, жымысқы жұмбақ ХХ ғасырдың есті тандырған 1950 жылдарынан кейін М.О.Əуезов, С.Мұқанов, Ə.Х.Марғұлан, Ə.Қоңыратбаев, Н.С.Смирнова, Е.Ысмайлов, Ы.Дүйсенбаев, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллиндер салған сүрлеудің даңғылға айналуына Б.Уақатов, С.Садырбаев, Р.Бердібаев, М.Ғұмарова, О.Нұрмағамбетова, Б.Адамбаев, Т.Сыдықов, Н.Төреқұлов, тағы басқа шыңыраудағы шындықты шыңдағы шынарға айналдыруға айтарлықтай үлес қосты. Фольклордың тектері мен түрлерін саралап, жекелеген жанрлар табиғатын тексеру мəселелері қазақ фольклортану ғылымының шынайы бет-бейнесін айқындай түсті. Əрине, Кеңес дəуірінің дегеніне қатысты орыстың мұралармен кең көлемде салғастыру ісі жүзеге аспағанмен, сол кезең шеңберіндегі зерттеулердің салмақты болғаны сөзсіз» [25; 132]. Көз салар болсақ, фольклорымыздың тарихында да есімдері ел есінде мəңгілік қалған тұлғалардың бар екндігін көреміз. Рухани құндылықтырымыздың үлес-салмағын таразыға салып, салмақты пікірлер айту қай кезеңде де тоқтамаған.
Қазақ фольклортану ғылымының жемісті жылдарына ХХ ғасырдың 70–80-жылдарын айта кетудің орны ерекше. Бұл кезеңде фольклортану ғылымына үлес қосушылар ретінде С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов, Б.Əбілқасымов, Б.Байтанаев, Ш.Ыбыраев, Ж.Тілепов, А.Сейдімбек, Б.Əзібаевалар келіп қосылды. Қазақ фольклорының қара сөзбен баяндалатын ертегі мен аңыздары турасындағы С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов еңбектері, Б.Əбілқасымовтың зерттеулері мен Ш.Ыбыраев, А.Сейдімбектің тың тақырыпқа тексерулері ғылымға қосылған зор үлес болды [20, 26–28].
Қазақтың фольклорлық қазыналарын жинақталған қорлардан алып, баспа жүзіне шығару ісінде жəне зерттеуде де М.О.Əуезов, Ə.Х.Марғұлан, Ə.Қоңыратбаев, Н.С.Смирнова, Ы.Дүйсенбаев, Б.Уақатов, С.Садырбаев, Р.Бердібаев, М.Ғұмарова, О.Нұрмағамбетова, Т.Сыдықов, Н.Төреқұловтың істерін осы аталғандар одан əрі жалғастырды. Ұлттық құндылықтарымызға қатысты М.Жармұхамедұлы, Б.Адамбаев, С.Садырбаев, Ш.Ыбыраев, Б.Əбілқасымов, С.Дəуітов, Т.Қоңыратбай, З.Сейітжанұлы, К.Іслəмжанұлы, Ш.Керім, Б.С.Рахымов, тағы басқа ғалымдардың үлес-салмағы бар екендігін көреміз [29–37]. Қазақ фольклорына қатысты жүз томдық еңбектің жинақталып, бүгінгі таңда «Бабалар сөзі» деген атаумен шығып жатуы осындай елеулі еңбектердің жемісі екендігі түсінікті. Фольклордың мəтіндері көп томдықтар болып шығуы құптарлық іс екені жұрт тарапынан қолдау тауып жатқандығын баспасөз беттерінен, бұқаралық хабар-ошар жаңалықтарынан беріліп жатуы бұның дəлелділігін аңғартса керек.
Бұндай аса ауқымды жұмыстардың басы-қасында фольклортану ғылымына ХІХ ғасырдың 50– 60-жылдарында қосылған ғалымдар да айтарлықтай үлес қосып келеді.
Қазақ фольклортану ғылымына Ұлы Отан соғысынан кейін қосылып, ұланғайыр іс тындырған ғалымның бірі — филология ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Əмірəліқызы Нұрмағамбетова. Туған халқының рухани құндылықтарын саралаудағы бұл есімді сандаған қолжазба қорындағы жинақталған мұралардан, ғылыми жинақтар, көп томдық еңбектер мен эпостану саласына қатысты терең зерттеулер жүргізілген ғылыми еңбектерден ұшыратамыз. Біздің арнайы қазақ фольклортану ғылымының 40–70-жылдардағы дамуын қарастыруымыздағы бір ерекшелік аталған ғалымға байланысты болатын. Себебі ғалымның фольклортанудағы жемісті де, жеңісті жылдары осы кезеңге тікелей қатысты еді. Ғалымның өмір тарихына байланысты жазылған мақалаларға зер салып, назар аударар болсақ, «Оразгүл Əмірəліқызы 1923 жылы 17 сəуірде (бұрынғы Ақмешіт) қазіргі Қызылорда қаласында дүниеге келеді. Əкесі Сарыбаев Əмірəлі (1876 ж. т.) революцияға дейін ауылда тұрып, жер шаруашылығымен айналысқан. Ашаршылық кезеңде халыққа көмектескен. 1920 жылы Қызылорда қаласына көшіп келгеннен кейін артельде, сосын ұзақ жылдар бойы қалалық диірменде жұмыс істеген. Анасы Аяпова Бибайша (1899 ж. т.) үй шаруасында балалардың тəрбиесімен айналысқан. Əкесі 1952 жылы Қызылорда қаласында қайтыс болады, ал анасы 1979 жылы Алматы қаласында қызының қолында дүние салады.
Оразгүл Əмірəліқызы 1931–1937 жылдары Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы жеті жылдық мектепті тамамдаған соң, 1937–1938 жылдары сол қаланың темір жол техникумында оқып, бірақ оны аяқтауға мүмкіндік болмайды. 1938 жылдың қарашасынан 1939 жылдың тамызына дейін Қызылорда педагогикалық институтының он айлық дайындық курсын аяқтап, 1939 жылдың қыркүйегінен 1941 жылдың мамырына дейін аталған институттың орыс тілі мен əдебиеті факультетінде оқып, білім алады. 1941 жылдың мамыр айында Нұрмағамбетов Садық Құсайынұлына тұрмысқа шығып, Алматы қаласына көшіп келгеннен кейін, Абай атындағы Алматы педагогикалық институтына оқуға ауысады. Сөйтіп, 1941 жылы 5 тамызда осы институтты оқып, тамамдап орыс тілі мен əдебитеі мамандығы бойынша жоғары білім алады. Оқуды бітірген соң, Оразгүл Əмірəліқызы 1944 жылға дейін сəбиін бағумен үй шаруашылығында болады.
1944 жылдан бастап Оразгүл Əмірəліқызы Нұрмағамбетованың ұзақ жылдарға созылған еңбек жолы, сонымен қатар шығармашылық жолы да басталады», — дейді З.Мұқашеваның «Ғылым үшін тер төккен» деп аталатын мақаласында [38]. Осы мақалада ғалымның өмірі мен қызметі кеңінен сөз болғандығын көреміз.
Қазақ фольклорының Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңінен бастап еліміздің тəуелсіздік алғанына дейінгі жəне ХХІ ғасырдың 2003 жылына дейінгі уақыт шеңберіндегі тарихында О.Ə.Нұрмағамбетованың өшпестей қолтаңбасының қалғандығы баршаға мəлім. Ұлттық фольклорымызды жинау, жариялау, зерттеу жəне басқа да халықтар тілдеріне аударудағы ғалымның іргелі ізденістері мен тынымсыз тексерістері келешек фольклортанушыларға үлгі-өнеге, үлкен мектеп екендігін толық тануға болады. Ғалымның мұндай биікке көтерілуіне игі ықпал жасап, рухани мұраны зерттеуге барлық өмірін арнауға жетелеген, бірінішіден, халық мұрасына деген айрықша сүйіспеншілігі болса, екінішіден, əйгілі ұстаздары — М.О.Əуезов, Е.Ысмайлов, Н.С.Смирнова, Ə.Х.Марғұлан, Ə.Қоңыратбаев жəне тағы басқа іс-тəжірибелері, өнегелі өмірлері мен ғылым жолындағы берген танымдық тамаша дəрістері мен кеңестері болатын. Үшіншіден, ғалымның өз ұстаздары арқылы басқа да ғалымдармен танысуы, тəжірибелер алмасуы, ғылыми мəселелерге қатысты пікірлесулері терең із қалдырғаны анық. Төртіншіден, барлық өмірін ғылымға арнауына өзінің ортасы, əріптес дос-құрбылары да айтарлықтай əсер етсе, бесіншіден, жалпы əдебиетке келген жазушы, ғалымдар болсын тұрақтылықтықты, барлық саналы өмірін сөз өнерінің құдіретін танытуға бағыштайтыны ақиқат. Бұндай айрықша қарым-қабілет, таным мен түсінік біз сөз етіп отырған айтулы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Əмірəліқызы Нұрмағамбетованың табиғатынан айрықша танылатындығы өз кезеңінде-ақ бағасын алған.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақ əдебиетінің тарихы. — Алматы, 1948. — 439-б.
- Қазақ əдебиетінің тарихы. — Алматы: Ғылым, 1960. — 1-т. — 1-кіт.
- Қазақ əдебиетінің тарихы. — Алматы: Ғылым, 1964. — 1 т. — 2-кіт. — 696-б.
- Қазақ фольклористикасы. — Алматы: Ғылым, 1972. — 299-б.
- Қазақ фольклорының типологиясы. — Алматы: Ғылым, 1981. — 275-б.
- Қазақ фольклористикасының тарихы. — Алматы: Ғылым, 1988. — 432-б.
- Бартольд В. История турецко-монгольских народов. — Л., 1928.
- Бартольд В. Турецкий эпос «Кавказ. Книга моего деда Коркута»: Огузский героический эпос. — М.-Л.,
- Бартольд В. Еще известие о Коркуте: Сочинения. — Т. 5. — М.,
- Гумилев Л.Н. Древние тюрки. — М.,
- Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. — Т. 1. — М.-Л.,
- Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. — М.: Изд-во АН СССР,
- Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз əдебиеті. — Алматы: Мектеп,
- КПСС Орталық Комитеті Пленумының материалдары. — 1987. — 27–28 қаңт. — 62-б.
- Назарбаев Н.Ə. «Қазақстан – 2030» стратегиясы. — Астана,
- Қазақ фольклорының тарихилығы. — Алматы,
- Фольклор шындығы. — Алматы,
- Қоңыратбаев Ə. Қазақ фольклорының тарихы. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 288-б.
- Жүсіпов Н.Қ. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымы. 01.09 — Фольклортану: Филол. ғыл. д-ры... дис. автореф. — Алматы, 2006.
- Ыбыраев Ш. Эпос əлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы. — Алматы: Ғылым,
- Əдебиет жəне искусство. — 1953. — № 8. — 109–114-б; Итоги дискуссии по казахскому эпосу // Вестн. АН КазССР. — 1953. — № 8. — С. 95–98; Советский Қазахстан. — 1953. — Кн. 8. — С. 113–115.
- Сидельников В.М. Казахские народные сказки. — М., 1953; Казахские сказки. — Т. 1. — Алма-Ата,
- Сильченко М. Кобыланды батыр. — Алматы,
- Смирнова Н. Камбар батыр. — Алматы,
- Рахым Б.С. Ата мұра — асыл қазына: Оқулық. — Көкшетау: КМУ баспасы,
- Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. — Алматы: Ғылым, 1984. — 272-б.
- Абылкасымов Б. Жанр толгау в казахской устной поэзии. — Алма-Ата: Наука, 1984. — С.
- Сейдімбек А. Қазақтың күй өнері. — Астана: Күлтегін, 2002. — 832-б.
- Жармұхамедұлы М. Айтыстың даму жолдары: Моногр. — Алматы: Ғылым, 1976. — 167-б.
- Адамбаев Б. Халық даналығы. — Алматы, 1966. — 158-б.
- Садырбаев С. Қазақ халық əдебиеті. — Алматы: Рауан, 1990. — 240-б.
- Дəуінов С. Мəшһүр Жүсіп Көпеев. — 2-т. — Алматы: Ғылым, 1990-1992. — 1-т. — 273-б; 2-т. — 224-б.
- Қоңыратбай Т. Эпос жəне этнос. Қазақ эпосы жəне оның этникалық сипаты: Моногр. — Алматы: Ғылым, — 268-б.
- Сейітжанұлы З. Тарихи эпос (шыңжан қазақтарының фольклоры бойынша). — Алматы, 1944. — 147-б.
- Ісілəмжанұлы К. Рухани уыз. — Алматы: Ана тілі, 1995. — 144-б.
- Керім Ш. Қазақ жұмбағы. — Алматы: Санат, 1999. — 248-б.
- Рахым Б.С. Тарихи эпос табиғаты: қазақ тарихи жырларының поэтикасы. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, — 235-б.
- Мұқашева З. Ғылым үшін тер төккен // Туған өлке. — 2007. — № 1 (8). — 30–35-б.