Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Лақап есімдердің пайда болу себептері

Халқымыздың өмір сүру салты мен тіршілігінен, əдет-ғұрып заңдары мен салт-санасынан туған ұлы мəдениеттің іздері есімнің кез келген қабатында сақталған. Кісі есімдері, əсіресе оның бейресми түрлері қазақтың салт-дəстүрінен, наным-сенімінен, рухани танымынан, эстетикалық құндылықтарынан сан-сапалы ақпарат, деректер бере алады. Бейресми есімдерге қатысты деректер халықтың менталитет қасиеттерінің, қазақ халқының қоғамдық өмірінің зерделілік, мəдени, зиялылық деңгейінің көрсеткіші бола алады. Олай болса, есімдердің бейресми топтарын осы тұрғыдан талдау арқылы менталитет тарихын қарастыру əр дəуірдегі қауымның түрлі өкілдері ортасында дүниетаным ерекшеліктерін анықтау үшін қажет.

Қазақ лақап есімдерін зерттеп-зерделеу барысында олардың пайда болып, қолданылуының төмендегідей себептері анықталды:

  1. Аттас адамдарды ажыратудың жолы, яғни қоғам мүшелерін бір-бірінен айыру.

Тіліміздегі есімдердің бай қоры мен есімге қойылатын шектеудің болмауы əр дəуірдің өзіне тəн есімдер жүйесін туғызғанымен, өмірде аттас адамдардың болуы қалыпты жағдай. Өмірде қанша адам болса, сонша есімнің болуы мүмкін емес. Бір қоғамдық-əлеуметтік ортадағы аттас адамдарды ажырату үшін түрлі тəсілдерге сүйенуге тура келеді. Ол ерте дəуірлерде ру, лақап есім, шен-дəреже, топонимикалық атаулар болса, кейініректе əкесінің аты, тегі, кəсібі мен мамандығы болып табылады. Мысалы, қазақ тарихында Бердəулетұлы Жəнібек (ХVІІІ ғ.) жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен айбынды батырлардың бірі ретінде белгілі. Шыққан тегі — Орта жүздің Керей тайпасынан. Соған орай халық оны сол заманның аты шыққан əйгілі батыры Шақшақ Жəнібекпен шатастырмау үшін Керей Жəнібек деп атап кеткен. Баспасөз бетінен алынған бір деректе Албан еліндегі үш Мергенбайдың Алжан Мергенбай, Құсық Мергенбай жəне Сақау Мергенбай деп түрлі ерекшеліктеріне қарай аталғандықтары жөнінде айтылады [1].

Лақап есімдер бір ортадағы аттас бес Серік: Қыржық, Тапал, Соқыр, Қара, Сайтан деген ажыратқыш белгі-эпитет арқылы жасалса, Құлақ Қанат — Мұрт Қанат; Майда Жарылғап — Қайда Жарылғап; Қара Қапар — Сары Қапар; Орыс Раушан — Қазақ Раушан; Күлдір Болат — Шүлдір Болат; Төрткөз Қанай — Үшкөз Қанай; Шаққан Ахмет — Қаққан Ахмет; Былдыр Жекен — Сылдыр Жекен; Ау Асан — Сау Асан т.б. түрінде кездеседі. Аталған есімдерде мінез-құлық та, тіл кемістігі мен шешендігі де, сыртқы түр-тұлға ерекшелігі де бар. Қайда? сұрау есімдігі үйір-үйір жылқысын ұрлатып, əбден шаршаған елдің атақты ұры, барымташы Жарылғапқа таңған лақап есімі болса, екінші Жарылғап — мінезінің жайлылығымен, тілінің майдалылығымен үлкен-кішіге бірдей ұнамды жан.

  1. Қазақ қоғамында табу қойылған есімдерді атамау, оны басқа есіммен ауыстыру.

Есімдердің бейресми тобын құрайтын лақап аттардың тууына түрткі болатын негізгі себептің бірі — халқымыздың əдет-ғұрпына, наным-сеніміне, салт-санасына байланысты қалыптасқан тілдік табу жəне эвфемизм деп аталатын құбылыстар. Тыйым салынған сөздердің орнына қолданылатын сөздердің, эвфемизмдердің, басты міндеті сыпайгершілік пен əдептілікке негізделген. Бұл құбылыстың тіліміздегі этникалық көріністері əр түрлі наным-сенімдерге жəне ұлттық əдет-ғұрып, салт-дəстүрге байланысты болып келеді.

Қазақ қоғамындағы əйелдің барлық түркі халықтарына ортақ əдет-ғұрыптан туған есімге салынған табуға байланысты күйеуінің туыс-туғандары мен үлкендердің атын атамауы əрқайсысының өзіне лайық ат беруімен көрінеді. Көпшілік жағдайда бұл есімдер аталушының бойындағы ерекшелік белгіні көрсетуге бағытталады: Ақжігіт /Алдияр/, Молдақыз /Гүлəйім/, Еркебала /Бөкенбай/, Түймеш /Бибігүл/, Сарықыз /Əсел/ т.б. Ғ.Мүсіреповтің Ұлпан романында ат тергеу салтының көріністері барша бояуымен берілген. Ұлттық дəстүр, жеңге мен қайнысының арасындағы сыйластық төмендегі мысалдардан анық байқалады: Жаниша есіктен бойын ғана көрсетіп, Мүсірепті шақырды.

  • Мырзажігіт-ау, неменеге сонша қадала қарап тұрсың? Жүр, шайға кел» немесе «Жүк артқан түйе жетелеген Кенжетайды көріп, Шынар үйіне кірмей, есік алдында тұрып қалды.
  • Тайкенжем-ау, ауылға көшіп келе жатырмысың, бір жаққа көшіп бара жатырмысың? — деді Шынар, қайнысының атын аяғынан басына қарай теріс айтып» [2].

Қазақ əйелі ру атауларын мағыналас сөзбен не қарсы мағынадағы сөзбен ауыстырып: Шикіл/Сары/, Маңырама/Ешкі /Лақ-қыпшақ/, Қаңқылдақ /Қаз-қыпшақ/, Төбелес /Талас-Есенғұл қыпшақ/, Майсыз /Қаракесек-арғын/, Қараңғы /Түнқатар-арғын/ т.б. не сөздің басқы əріптерін ауыстырып: Көсемғұл /Есенғұл/, Мəуітбай /Дəуітбай-қыпшақ/, Сертікей /Бертікей-қыпшақ/ т.б. тұлғаларында қолданған.

  1. Есімнің құдіреті мен аруаққа, құдайға жəне əр түрлі күштерге сенгендіктен кісінің төл есімін лақап есіммен ауыстыру.

Сонау «Көк тəңірінен» бастау алған діни наным-сенімдер кісі есімін мүлде атамауға не уақытша шек қоюға əкелген. «Қазақтарда шамандық салт-сана мұсылмандық наныммен мидай араласып, ортақ мұсылман атты дінді құрайды. Қазақтар, əуелде Мұхамедті (с.ғ.с.) білмей тұрғанда да, Алла мен Тəңірге бірдей табынып, мұсылман əулиелерінің басына құрбандық шалып, бақсылардың құдіретіне де сенді, пайғамбар ұрпақтары қожаларды да құрмет тұтты. Осылай екі дінді араластыра табыну ешқандай қайшылыққа жатпаған, қазақтар екеуін де қосып ұстаған» [3].

Адам мен оның есімінің біртұтас дүниеге айналып кететіні соншалық, оның шын атын білу арқылы оған пайда да, зиян да келтіруге болады деген сенім есімді жасырып, орнына жанама есім пайдалануға əкелген. Бұл əлем халықтарының көпшілігінде орын алған жағдай болып табылады:

«...мифологические представления о природе имени — отождествление имени и его носителя или убеждение в существовании сокровенной связи между именем и человеком, верой в способности имени «замещать» человека, в сакральности имени, в небесное заступничество одноименных патронов (святых, «героев») и т.п.» [4].

Халқымыз «таңдап, сайлап қойған сəтті есімдер баланың өмірін қорғайды, «көз тиюден» сақтайды деп түсінген. Осындай əдет-ғұрыпқа сену нəтижесінде «нашар есімдер», «қорғаныс есімдер» қойылған. Мұндағы негізгі себеп баланың өміріне қауіп төндіруші «жын», «шайтан» сияқтыларды алдау, оларды адастыру боп саналған. Егер жаман есімдер қойса, бала елеусіз болады, өмір жасы ұзақ болып, көп жасайды деген ұғым болған» [5; 44]. Нашар, қорғаныс есімдер төл есімі болып қойылмаған жағдайда олар лақап есім дəрежесінде қолданысқа түсірілген. Мысалы, отбасындағы жалғыз ұлдар Сəтбектің Қоқым, Бағдаттың Боқыш, Қалқабектің Мысық есімдерінен көруге болады.

«Бала науқастанып қалған кезде атын өзгертіп, басқа ат қою əдеті көптеген халықтар дəстүрінде бар құбылыс еді. Мұның негізгі себебі, «жан алғыш», «жын-шайтанды» науқастан адастыру үшін жаңадан ғана ат қойылған əлгі науқас баланы сау адам екен деп түсініп, жанын алмайды деген ұғымнан туса керек. Сырқат баланың есімін ауыстыру дəстүрі орыс, монғол, түркі халықтарында ертеден болған əдет» екенін түрлі халықтардың салт-санасы туралы жазған ғалымдардың зерттеулерінен көреміз [5; 76]. Халық арасында Мəшһүр Жүсіп Көпейұлының əулиелік, көріпкелдік, емшілік қасиеттері аңыз болып тараған. Мəшһүр ата ауру адамды емдегеннен кейін есімін ауыстыру, яғни төл есімін лақап есіммен ауыстыру, арқылы өміріне төнген қауіптен алып шыққаны туралы ел аузында аңыз əңгімелер көп кездеседі. Жаңа есім өмірге жаңа келген адамға беріледі, бұл дəстүрдің ескі есіммен бірге барлық ауру-сырқау, дерт кетеді деген сенімнен туғанын байқау қиын емес. Есімнің құдіреті, оны адам жанымен бірге тұтастықта қарап, қасиет тұту төмендегідей есімдердің бейресми түрлерінің тууына себепші. Баланың бойында қалы бар болып туылса, əдетте, «қал» семасының қатысымен Қалдыбай, Қалды, Қалдығали, Қалдыгүл т.б. есімдер қойылады. Бұл — халықтық дүниетанымдағы «қал» сөзі аталған жерде баланың денесіндегі қал кетіп қалады не болмаса көлемі үлкеймей қалып қояды деген сөз магиясына деген сенім. Кей жағдайда ескерусіз (не білместіктен) аталмай қалған жағдайда төл есіміне қосымша лақап есіммен аталады. Түймебай /Əбдіраман/, Меңдеш /Гүлсім/, Меңлік /Дүйсенкүл/, Қалдаш /Сəрсенбек/, Қалден /Берікбол/ т.б. есімдер аталған уəжге сəйкес осы қызметті атқарады. Лақап есімдердің адам бойындағы ерекше белгілерге сай қойылатынын ескерсек, оны сөз, есім құдіретіне сенуден туған лақап есім деп тануға болады.

В.А.Никонов көптеген халықтардың түсінігінде есімнің құдіреті, қойылу, аталу үдерістеріне ерекше мəн берілетіні жөнінде: «Отождествление «имя — душа» свойственно многим верованиям. Этим вызвано и табуирование личных имен, распространенное у множества народов: подлинное имя надо держать в тайне от врагов, которых так много, — и злые люди, и злые духи; если они узнают настоящее имя, могут повредить его носителю, даже похитить жизнь. <...> В разных концах планеты при болезни ребенка ему меняли имя: удмурты (Личн.имена:164), саамы, и далекие от них чукчи меняли имя при болезни, а также кхмеры на юго-востоке Азии, яванцы в Индонезии, эскимосы Канады. <...> В России даже в ХVІ–ХVІІ вв. нередким был обычай ложной находки: ребенка прятали вне жилья, чтоб обмануть «нечистую силу», а после «находили» и делали вид, что это не тот ребенок, называли его другим именем», — деп жазады [6]. Тіліміздегі Сатыпалды, Табыл, Табылды сияқты есімдердің осындай наным-сенімдерден туғанын байқау қиын емес. Бұл есімдер төл есім қызметінде болмаған жағдайда лақап есім қызметінде болатынын айта кету керек.

  1. Тұлғаның ешкімге ұқсамайтын ерекшелігін көрсету.

Əдетте лақап есім көзге алғаш іліккен ерекше белгінің (түр-түсі, мінез-құлқы, бойындағы кемшілік не артықшылық) негізінде қойылатыны мəлім. Адамның ешкімге ұқсамайтын ерекше тұлғасы (Еңсегей бойлы Ер есім, Қарға бойлы Қазтуған, Доғажал/Нұрмағамбет), келбеті (Көркем Уəли), батырлығы (Дарабоз, Ер Сайын), күші (Балуан Шолақ), шешендігі (Абылай аспас сары бел, Қаз дауысты Қазыбек), көріпкелдігі (Дуалы ауыз Қашаған, Мүйізді Өтеген, Əулие/Райымбек/), əділдігі (Ақжол /Дайырқожа/, Жақсы Жанқұтты) т.б. уəж болған мелиоратив лақап есімдер осы кеңістіктің едəуір бөлігін алады. Мұндай есімдерге Н.В.Подольская: «Прозвище возвеличивающее (мелиоратив) — прозвище, в котором отразилось желание называющего отметить особые достоинства или заслуги человека» деген анықтама бере отырып, орыс тіліндегі Иоанн Златоуст, Ярослав Мудрый, Петр Великий, Феодор Первопечатник есімдерін жатқызады [7].

Бейресми есімдердің пайда болып қолданысқа түсуі көптеген экстралингвистикалық жəне тілдік факторлардың нəтижесі екені белгілі. Ал осы есімдердің жасалуы түрлі ассоциация, уəжге негізделген дайын тілдік бірліктерге тікелей қатысты. Екі жағдайда есімді берушінің əр түрлі (лақап есімді қоршаған орта, ал бүркеншікті субъектінің өзі) болуына қарамастан, ортақ нысандар алынады. Тілдік тұлғаның қарапайым деңгейіндегі ұлт өкілінің өзіндік кеңістігін құраушы нысандар төмендегідей.

Есімдердің бүркеншік есім, лақап ат сияқты бейресми түрлерінде біріншіден, ұлт атаулары көрініс береді. Бүркеншік есімдерде əдетте автордың өз ұлты аталса, лақап есімдердегі жағдай мүлде басқаша.

Г.Ф.Саттаров мұндай лақап есімдерді үш топқа бөліп қарайды:

  • аталушының шыққан тегі (нағашылары жағынан да) басқа ұлт болса;
  • аталушы сыртқы түр-тұлғасы немесе мінез-құлқымен басқа ұлт өкілін еске түсіргендей жағдайда;
  • аталушының басқа халық арасында ұзақ уақыт болуына байланысты [8].

Аталған топтардың ішінде қазақ лақап есімдерінде екіншісі жиі кездеседі. Лақап есім қызметіндегі ұлт атаулары сол халыққа тəн түр-түс, мінез ерекшеліктерінен хабардар етеді. Оны мынадай мысалдардан анық байқауға болады. Неміс халқының басқа халықтардан басты ерекшелігі дəлме-дəлдігі, яғни уақытынан кешіктірмей, не нəрсені белгіленген мерзімінде, келісілген уақытында іске асыруы. Осы уəж Неміс /Жақып/ лақап есіміне негіз болып, «жинақылық», «тазалық» сияқты ұғымдарды қосымша қамтып тұр. Кездесуге, шақырылған жерге уақытында (бірақ басқалардан жарты-бір сағат бұрын) келіп, келіскен адамын бес минуттан артық күтпейтін, үйінің ішінен бастап, ауласы, қора-қопсысына дейін айнадай болып жарқырап жататын, басқалармен алыс- берісі шақтаулы, артық сөзге жоқ, не «иə», не «жоқ» деген бір ауыз сөзбен жауап беретін кісінің қазақтан гөрі неміске жақын екені рас. Кəріс /Сəрсенбай/, Якут /Жанат/, Япончик /Дүйсен/ лақап есімдері көзі қысық адамдардың бəріне дерлік қойылса, Өзбек /Жұматай/ сауда-саттыққа жақын, аздаған қулығы бар адамға берілген.

Діні бөлек, тілі бөлек көршілес орыс халқы — бетің бар, жүзің бар демейтін тік мінезді, ойындағысын ашық айтатын мінезімен ерекшеленеді. Ел ішінде қазақ пен орысты бір-біріне қарсы қойған лақап есімдер жиі кездеседі. Орыс Раушан мен Қазақ Раушан, «Орыс келін» мен «Қазақ келін» (бір отбасының келіндері) — осының айғағы. Екі жағдайда да «Қазақ» — мінезі созымды, туған-туыс пен ата-енесіне жайлы, салт-санадан хабары бар, қысқасы, өз ұлтының бар ерекшелігін бойына жинаған адам. Ал, «Орыс» — жүріс-тұрысы, ісі мен сөзі шалт, айтқанынан қайтпайтын, жасының үлкендігіне қарамай, кім болса да əділін айтып, өз сөзінде тұратын мінез иесі. Оған қоса Орыс Раушан қызметіне байланысты үнемі автокөлікпен жүретін орта жастағы əйел болса, «Орыс келін» — ешкімнің бетіне келмесе де, жөн-жобаны білмей, үнемі ыңғайсыз жағдайға қалатын, орысша тəрбие көрген қаланың қызы.

Осы мінез айырмашылықтары жазушы С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» повесінде де көрініс табады: «... Ауыл ішінде оны «Шопыр Оспан, Орыс Оспан» деп атайды. Оның себебі бар. Біріншіден, сол колхозда үш Оспан бар. Үшеуін бір-бірінен ажырату үшін олардың мінез-құлқына, қызметіне қарай жеке-жеке ат қойып алған. Колхоз ұйымдасқалы бригадир, полевод болып, екі аяғы салақтап үнемі ат үстінен түспей шапқылап жүретін ұзынтұра, қаз мойын Оспанды жұрт Кеңірдек Оспан дейді. Кеңірдек десе, кеңірдек. Мойнының рабайсыз ұзындығын былай қойғанда, қашан көрсең жұмыстағы адамдармен керісіп, қызылкеңірдек болып жатқаны. Екінші Оспан — маңайдағы колхоздардың тері-терсек, жүн-жұрқасын жинайтын агент. Сондықтан да оны Əгінт Оспан дейді. Ал мына Оспанның жөні бір бөлек. <...>«Орыс Оспан» дейтіні мінезіне қарай қойылған болуы керек. Көңіліне жақпаған нəрсесін бетің бар, жүзің бар демей, жарып салатын тік мінез. Ел арасындағы қысыр əңгіме, қақ-соқта жұмысы жоқ. Өз жұмысын біліп, шаруасын тындырып жүре беретін еңбекшіл бір жан [9]. Үш Оспанның мінез, түр-тұлға, айналысатын ісі сияқты үш түрлі белгінің ажыратқыш ролінде тұрғанын көреміз.

Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романында Есенейге серік болған екі Мүсірептің бірінің Аңшы, екіншісінің Түрікмен аталатыны белгілі. Екінші Мүсірептің аталуының себебін жазушы былай түсіндіреді: «Бұлардың арғы аталары жаугершілік заманда қолға түскен бір түрікмен қызына үйленіпті. Өзі батыр кісі екен. Ерте өліпті. Содан қалған жетімді ел түрікмен деп кетіпті» [1; 117]. Яғни кейіпкердің арғы тегінің лақап есімнің тууына негіз болғанын көреміз.

Еліміздің тəуелсіздік алуымен Қытай мен Монғолиядан, Өзбекстаннан тарихи отандарына көшіп келіп жатқан оралман қандастарымызды халық арасында Қытай, Монғол, Өзбек есімдерімен атау дəстүрге айналса, Қырғыз /Руслан/, Қалмақ /Қайырбек/, Қожа /Қайрат/, Араб /Есенəлі/ лақап есімдері мен Қырғыз /Ишанғали Арабаев/ бүркеншік есімі сол адамдардың ата-бабалары кезінде қазақ ішіне сіңіскен ұлттардың ұрпақтары дегенге мегзейді.

Түр-түс атаулары есімдердің бейресми түрлерін жасауға белсене қатысады. Адам табиғатының жақсы мен жаманды, дос пен қасты, адал мен арамды, ақ пен қараға теңейтіні белгілі. «Ақкөңіл»,

«ақжүрек», «ақадал», «қаражүрек» («тасжүрек»), «қаратас» ұғымдары ұлттық тіл мен ділден хабардар əр адамға таныс. Бір-біріне үнемі қарсы тұратын осы ақ пен қара ғана емес, басқа да түр-түс атаулары бейресми кісі есімдерінен орын алып, өздеріне белгілі бір шамада мағыналық, эмоционалдық жүк артып, өз бойларына күшті ұлттық əлеуетті шоғырландырған жоғары ассоциациялық семиотикалық белгілер болып табылады: Аппақ, Ақ Əлима, Ақкемпір, Сары, Қоңыр, Қап-қарашка, Тасқара, Шикіл т.б.

Аппақ /Бибінұр/ «тəні ғана емес, жаны да сондай сұлу, таза, ерекше жаралған жан болатын. 80 жас шамасындағы кезінің өзінде өңі аппақ, тəкаппар, тіп-тік жүретін кісі еді. Шалынан жастай жесір қалып, өмірдің тауқыметін тартса да, қайыспай, мойымай, жалғызын адам қыламын деп тыным таппай жүретін. Жел сөз, əңгімеден бойын аулақ салып, үсті-басын күтіп, бойына бір шық жуытпайтын. Басына салған орамалы базардан жаңа алғандай болып тұрушы еді. Баласы да, мың жасағыр, үмітін ақтады: немере сүйгізді, өзі де, келіншегі де алдында сызылып тұратын. Сол аппақ қалпы 86-ға қараған шағында ауырмай-сырқамай жөнеліп кетті» (ауылдастарының əңгімесінен).

Қаныш Сəтбаевтың анасы Əлиманы ауылдастары аппақ өңі, ақжарқын мінезі, ұтқыр əзіл- қалжыңы мен ерекше тазалығы үшін Ақ Əлима атап кетеді: «Своим беззаботным и звонким смехом, простым, бесхитростным отношением ко всему, что ее окружало, умением найти во всем смешное и вызвать неожиданное веселье, она быстро расположила к себе родных и близких....Память о ней сохранилась в семье и ауле Имантая краткой, светлой и улыбчиво-веселой полосой» [10]. «Ақ», «Аппақ» есімдерін иеленушілердің сыртқы сұлулық пен жан дүниесі жарасымдылық тапқан, көңілінің ақтығы мен ниетінің тазалығы ұштасқан, жан-жақтарына жарық сəуле тарататын шапағат иелері екендіктері талассыз. Дүниедегі бар жақсылықтың «ақ»-тан басталатыны, «ақ» жүрген жерде адалдық пен əділдік, тазалық пен пəктік жүретіні анық.

Түр-түс уəж болған, танымның жоғары сатысында тұрған тағы бір есім — Қоңыр. Бір қызығы, осы есім кісінің төл есімінде де, бейресми — лақап, бүркеншік есімдерінде де көрініс береді.

  1. Қоңыр — ұлы жазушы М.Əуезовтің бүркеншік есімі. Халқымыздың момын, жуастықты қойға телитіні, сол себепті де моп-момақан, монтиып қана отыратын қарадомалақ баласын жақсы көргенде «қоңыр қозым» деп айналып-толғанатыны шындық. Кезінде бала Мұхтардың да осындай ықылас- мейірімге бөленуінен Қоңыр лақап есіміне ие болып, санасына сіңген əрі табиғатына жақын осы есімді кейін бүркеншік есім етуі əбден мүмкін. Өйткені бүркеншік есімді алушы автор өзіне бұрыннан таныс, өз кеңістігіне енетін атауларды (ру, ата-тегі, туған, оқыған жері, мамандығы, айналысатын ісі, туыс-туғанының аты т.б.) алатыны белгілі. Екіншіден, табиғатынан салқынқанды, сабырлы кісінің не мəселе болсын асықпай ой таразысына салып, жан-жақты зерделемей шешімге келмейтін орнықты, сыпайы мінезі жарқыраған ақты да емес, тұнжыраған қараны емес, ұлттық таным-түсініктен берік орын алған «қоңыр кеш», «қоңыр дауыс» сияқты Қоңырды таңдағаны деп білеміз.
  1. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Ескене ауылының тұрғыны Сағдаттың лақап есімі. Қазір жасы 50-лерге келіп қалған апайдың шын атын туыс-туғандары ғана емес, ауыл- аймағының ұмытқаны қашан! Үнемі мейірлене қарайтын қоңыр жанары, күлімдеп тұратын қоңырқай өңі, жұмсақ қоңыр даусы бұл кісіге осы есімнің лайықтығын үнсіз дəлелдегендей. Əкесінің «Қоңырым», «Қоңыр қозым» деп еркелетуі алғашында отбасы, кейінірек мектеп, ауыл арасында лақап есімнің кең қолданысқа түсуіне себепші болған.
  1. Қоңыр — қазір о дүниелік болған, кезінде Ұлытау ауданында тұрған қарияның азан шақырып қойған есімі. «Қоңыр десе қоңыр ғой» деп ел-жұрты қатты сыйлаған қарияның біреуге дауыс көтергенін, «былай емес» деп қарсыласқанын ешкім ешқашан көрмеген болар. Табиғатынан аз сөйлеп, көп тыңдайтын, əңгімені баппен мақамдап айтатын кісі болатын. Үлкенге де, кішіге де Қоңыр əке атанған ақылды да сабырлы қарт елдегі көпті көрген көнекөз қариялардың соңғыларының бірі болды (ауызша информаторлардан).

Көріп отырғанымыздай, Қоңыр есімі есімдердің аталған үш тобында да бар. Жоғарыда аталғандардан басқа, Қоңыр есімді жас келіншектің есімін, Майдақоңыр /Сапарғали/, Балқоңыр /Меруерт/, Қоңырша /Зəуреш/ лақап есімдерді кездестіруге болады. Бір ерекшелігі, есімнің қай түріне жатпасын, есіміне қоңыр анықтауышы тіркескен адамның бəрі жайлы мінезімен (Майдақоңыр, Қоңырша) жəне тілінің майдалығымен (Балқоңыр) ерекшеленеді, содан кейін барып, қараторы өңі туралы атауға болады. ҚТТС-де берілген Қоңыр: 1. Қоңырқай, сұрғылт (түс); 2. Ауысп. (дауыс туралы) қоңыр үн, жұмсақ, майда дауыс; 3. Ауысп. (мінез жайлы) тыныш, біртоға, жайлы; 4. Ауысп. (ауа-райы туралы) салқын, қара суық, қоңыр күз т.б. [11]. Алғашқы үш мағынаның да бейресми есімдерден көрініс тапқанын көріп отырмыз. Жоғарыдағы үш жағдайда да уəждеме құбылысының ең негізгі ұстанымы — сөздің /атаудың/ сыртқы тұлғасы мен мағынасының бірлікке ұмтылуы, сол арқылы уəжділіктің пайда болуы көрінеді.

Сары /Жалғасбай/, Шикіл /Бағлан/, Тасқара /Айшолпан/, Қап-қарашка /Нұржан/ есімдерінде ешқандай коннотация жоқ, адамның түс-келбетіне ғана қатысты. Super Star əн байқауына қатысқан жезқазғандық Нұржанды белгілі əнші, байқаудың төрешісі болған Н.Есқалиеваның Қап-қарашка атандырғаны əнсүйер қауымның есінде.

Аты ескі замандардан таныс қыпшақ тайпасына қатысты есімдер көбіне сары түспен байланыстырыла айтылады. Ғалымдардың деректері мұны былай түсіндіреді: «Қыпшақты баяғы орхон жазбаларында «сір» (бəлкім, сары) деп те атағаны еске түсетіні бар. Бірсыпыра ғалымдар (Аристов, Грум-Гржимайло, Гумилев, тағы басқалар) қыпшақтар əу баста сары басты, көк көзді болуы мүмкін дегенді айтады. А.Харузин башқұрт қыпшақтарының жартысына жуығы сары, жирен түсті екенін жазса, К.Шаниязов өзбек қыпшақтарының арасында да сары түстілер мол ұшырасатынын тілге тиек етеді. Ал монғол жорығының екпінінен Мажарстанға (Венгрияға) ығысқан қыпшақтардың сары шашты, көк көзді болғаны (олар əлі де солай) талайдан айтылып келеді... Демек, қыпшақтарды маңайдағы басқа халықтардың сары жұрт ретінде танығаны, соған байланысты оның «сары» деген анықтауышпен аталуы əбден мүмкін. <...> Сондай-ақ шежірелерде бар Қытайқыпшақ атауы да сонау замандарда Қытаймен қоңсылас отырған қыпшақтарға берілген атау болуы ғажап емес. Ал қарақыпшақ бөлінісі — Қыпшақ елінің атамекенінде, қарашаңырағында өркен жайған ұрпақ деген мағынаға сайса керек. Себебі, қазақ жерін мекендейтін қыпшақтар негізінен Қарақыпшақтан тарайды» [12; 41]. «Байырғы қыпшақтар үшке емес, төртке бөлінген. Олар ақ қыпшақтар, қара қыпшақтар, қызыл қыпшақтар, көк қыпшақтар болып жіктеледі. Ал осылардың негізгі ұйтқысы (орталық ядросы) сарылар, яғни, сары қыпшақтар деп аталған. Былайша айтқанда, əлгі төрт қыпшақ осы сарыдан бөлінеді. Осылайша бөліну ол кезде тек қыпшақтарға ғана емес, Алтай мен Оңтүстік Сібірді мекендеген тайпалардың бəріне бірдей ортақ болған. Сонда олар солтүстікті — қара, оңтүстікті — қызыл (қырғыздар), шығысты — көк, батысты — ақ (половец), орталықты сары түспен атаған. Көне қыпшақтардың түске бөлінуінде де, міне, осы заңдылық сақталған тəрізді» [12; 51].

Бүркеншік есімдерден де түс атауларын кездестіруге болады. Олар, негізінен, екі түске байланысты алынған: Қараша бала, Қара бала /Б.Майлин/, Қараторы жігіт, Қараторы/Ə.Ғалымов/, Қызыл найза /І.Жансүгіров/, Қызылбас, Қып-қызыл /Ж.Аймауытов/ т.б. Соңғы есімдер Кеңес өкіметінің орнауымен актуальданып кең қолданысқа түскен қызыл түсіне байланысты алынса, қара, қараторы, қараша түстері ұлттық ерекшелік, сын-сипатқа байланысты деп ойлаймыз. Сөз өткір найзаға теңеліп, ал ол найзаның өзі басқаның емес, кеңестік адам сөзі, жан-жақтың бəрі қызыл, тіпті қып-қызыл, одан басқа ештеңе жоқ деген жеңіл ирония да байқалғандай.

Бейресми есімдердің жасалуында ұран феноменінің де қызметі айтарлықтай. Ұранның «халықты бір іске жұмылдыру мақсатында айтылатын үндеу, шақыру, дабыл» екендігі белгілі. Яғни, ұран — ұлттың дəстүрлі мəдениетін көрсететін онимиялық историзм, көпшілік қауымның басын біріктіретін магиялық символ ретінде танылады. Əдетте ұран етіп ата-баба аты немесе өзінің ерлігімен, ісімен көзге түскен адам аты алынады. Қол бастаған батырлардың «Жаубасар» (уақ), «Қаптағай» (найман),«Ақжол» (арғын), «Ойбас» (қыпшақ), «Абақ» (үйсін) т.б. сияқты ұрандармен жауға шапқаны, қиын күндерде жеңіске жеткені ұлттық тарихымыздан жақсы таныс.

Шежіренің ұлттық тарихқа аса құнды деректерді беруші жəдігер екендігі ақиқат. Көне заманнан бүгінгі күнге жеткен шежірелер — ата-тек таратушы генеологиялық деректермен қатар тарихи оқиғалар, атақты адамдар, олардың халқына еткен еңбектері туралы мəліметтерді сақтаушы қазына да. Шежіре деректерінде адамның ата-бабасы, өз аты, сонымен қоса лақап есімі, оның берілу себептері толық көрсетіліп отырады. Осындай бір дерек Бəйдібек бидің (екінші əйелі Зəріптен туған Жалмамбеттің баласы) немересі Нұртайдың 16 жасында жауға қарсы ат қойып Жауатарлап шауып, жеңіп шыққанын, содан Жауатар батыр аталып кеткендігін айтады [13].

Атасының атын ту еткен батырдың бірі — жоңғар шапқыншылығы кезінде ел тəуелсіздігі үшін күрескен атақты батыр Жəнібектің (?-1751) əкесі Шақшақ батыр. Шақшақ ұранға арғынның ортақ ұраны Ақжолды айтпай, өз атасының атын атап, Аманжолдап шабады екен. Жəнібек те осы ұранмен шапқан [14].

«Абылайлап» ұрандап, қазақ этносының когнитивтік санасында Абылай атымен қалған Ұлы хан бейнесі ерлік пен елдіктің нышаны ретінде сақталған. Əбілмансұрдың өмір тарихында: «...намысқор жеткін өзінің ата-тегін жасырып, Сабалақ деген есіммен қатардағы көптің бірі ретінде өмір сүреді.

<…> Абылайдың аруағы көтерілуі — жиырма жасында. Жоңғармен арадағы үлкен соғыстардың бірінде ешкімге мəлімсіз жас жігіт Əбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан-Сереннің жақын туысы Шарышты өлтіреді. <…> Жиырма жасында билікке жеткен Абылай жарты ғасырға жуық ұзақ уақыт бойы — тура қырық сегіз жыл өкім құрады» делінген [15]. Атасы тарихта Қанішер Абылай атанған Əбілмансұрдың аруағының көтеріліп, жеңіске жетуі мен 48 жыл хандық құруына себеп бойына біткен қайраттан да, бойды билеген намыстан да, тіпті ата есімін ұран еткенінен де болар. Ұранның қандай қиын-қыстау кезеңдерде басты біріктіріп, бойға қуат беріп, алға ұмтылдыратын күшін жоққа шығаруға болмайды.

Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келгенде, атау, ат қоюдың сөздік қордан дайын тілдік бірліктерді өз орнымен, белгілі мақсатта қолданысқа түсіретін, бойында талғампаздық пен шеберлікті ұштастыратын күрделі үдеріс екендігін көреміз. Ұқсату, салыстыру арқылы екі нысанның арасындағы ортақ белгіні тани білу есім берушінің жеке таңдауы сияқты көрінгенімен, оның түп- төркінінің ұлттық менталитетпен тығыз байланыста жатқанын аңғару қиын емес.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Қауғабай О. Бір əулет — қилы тағдыр // «Қ.Ə.» — № 13 (2913). — 2005. — 1 сəуір.
  2. Мүсірепов Ғ. Ұлпан: Роман. — Алматы: Раритет, 2006. — 101–112-б.
  3. Уəлиханов Ш. Таңдамалы. — Алматы: Жалын, 1985. — 170-б.
  4. Мадиева Г.Б. Имя собственное в контексте познания. –Алматы: Қазақ ун-ті, 2004. — 598-б.
  5. Жанұзақов Т. Қазақ есімдерінің тарихы / Лингвистикалық жəне тарихи-этнографиялық талдау. — Алматы: Ғылым, 1971. — 216 б.
  6. Никонов В.А. Имя и общество. — М.: Наука, 1974. — С. 28–30.
  7. Подольская Н.В. Словарь русской ономастической терминологии. — М.: АН СССР, 1988. — С. 115,
  8. Саттаров Г.Ф. Татарская антропонимика и этнолингвистические связи // Советская тюркология. — — № 2. —С. 23–28.
  9. Жүнісов С. Жапандағы жалғыз үй. — Алматы: Атамұра, 2005. — 15-б.
  10. Букетов Е.А. Об академике Сатпаеве. — Караганда: Полиграфия, — С. 124. 11. ҚТТС. — 9-т. — Алматы: Ғылым, 1986. — 328, 329-б.
  11. Қазақ шежіресі / Дайынд. Ж.Бейсенбайұлы. — Алматы: Атамұра, 1994. — 160 б.
  12. Төреқұлов Н., Қазбеков М. Қазақтың би-шешендері. — 1, 2-кіт. — Алматы: Жалын, 1993. — 25-б.
  13. Жолдасбекұлы М., Салғараұлы Қ., Сейдімбек А. Елтұтқа. — Астана: Kul Tegin, 2001. — 141-б.
  14. Мағауин М. Қазақ тарихының əліппесі. — Алматы: Қазақстан, 1995. — 103-б.

  

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.