Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Тіліміздегі психикалық жай-күйлерді білдіретін тұрақты тіркестер

 Дыбыстық тіл адамның іс-əрекеті ретінде өзінің құрылымы, сыртқы тұлғасы арқылы ғана қарастырылмайды, ол — қашан да адамның көңіл-күйімен, қалпымен қатар жүріп отыратын əр алуан сезімдерге толы құбылыс. Сол себепті де тіліміздегі адамның психикалық жай-күйін білдіретін сөздер мен сөз тіркестерінің табиғаты күрделі, олар үнемі біркелі болып келмей, көбіне екіұштылыққа бейім тұрады. Қазақ тілі фразеологизмдерің табиғатын түпкілікті зерттеп, қарастырып жүрген ғалымдар қатарына І.К.Кеңесбаев, Ə.Болғанбаев, Ғ.Қалиев, Н.Уəлиев, Г.Смағұлова, Р.А.Авакова, тағы басқалардың еңбектері жатады.

Психикалық жай-күйлерді білдіретін тұрақты тіркестердің саны тілімізде бірдей емес. Зерттеуімізде («Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» бойынша) саны жағынан қуаныш психикалық жай-күйіне байланысты тұрақты тіркестердің мөлшері — 30 %, қайғыға байланысты тіркестер — 27,2, ашуға байланысты тіркестер — 26,1, ұятқа байланысты тіркестер — 16,6, қорқынышқа байланысты тіркестер — 14,7, мазасыздыққа байланысты тіркестер 8,4 %-ды құрайды. Бұл тұрақты тіркестер санының əркелкі болып келуі немесе біреуінің көп, біреуінің аз болуы адамдардың тікелей күнделікті өмірдегі көңіл-күйлеріне (қуанышы, қайғысы), екіншіден, тыныс-тіршілігіне, жағдайына (бақытты, бақытсыз), үшіншіден, сол көңілдің күйінен туындаған тіліміздегі тұрақты тіркестердің жасалу жолдарының көптігінен болуы мүмкін. Мəселен, а) адамдардың қимыл-əрекетіне байланысты: жер таянды (жерді таяну арқылы) — қайғырды; бөркін аспанға лақтыру (қатты қуанған жағдайдағы іс-əрекет, яғни қуанышының көрінісі) — қуану, жер бауырлап жатты (жалғыз қалғанда жер құшу, шерін тарқату) — қайғыру; ə) физиологиялық жағдайына байланысты: екі беті шиедей болып қызару (беті қызару) — ұялу; арқасы мұздап қоя берді (денесінен суық тердің шығуы) — қорқу; б) əр түрлі тілдік амал-тəсілдер (салыстыру, теңеу, гипербола т.б.) арқылы берілуі: боз інгендей боздады, ботасы өлген түйедей боздады (түйені ботасынан айырса боздайды) — қайғыру; гүлдей солды (табиғат құбылысына теңеу) — қайғыру; төбесі көкке жетті (дегеніне, көздегеніне қол жеткізді) — қуану; Қорқыт атам қобызындай күңіренді (Қорқыттың қобызы — мұң-зардың белгісі) — қайғыру т.б.

Бұл туралы ғалым К.Н.Смағұлова фразеологизмдердің ұлттық-мəдени аспектілерін зерттей келе, былай дейді: «Қазақ фразеологиясында мағыналас қатар құрайтын семантикалық топтар эмоцияның күрделі түрлерін қамтуда образдылықтың шарықтау шегін көрсетеді деуге болады. Мағыналас қатарлардың доминантын тірек мағына ретінде жеке сөздермен бейнелесек, онда эмоцияның күрделі түрлеріндегі көңілдену, шошу, қорқу, ренжу, қайғыру, қамығу, қуану, жылау, күлу, ашулану сияқты күшті эмоциялық сезімдерді сыртқа шығаруға үлкен шабытпен айтылар серпер сөз керек. Ол əр адамның айналасындағы болып жатқан құбылыс, іс-əрекеттерді қабылдау өрісіне қарай түрліше айтылып, жеткізіледі. Біреу жай ғана əсермен қалса, енді бірі делебесі қозып, жігерленіп кетеді. Тегінде эмоциясы жоғары фразеологизмдердің мағыналас қатарларының тым көп болу себебінің өзі сол күрделі эмоцияның түп төркінінде жатыр. Мұндағы жан ұшыру, құмарлық, стресс сияқты психологиялық жай-күйлердің қандай қыры мен сыры болсын фразеологизмдерсіз жеріне жеткізе айтылуы күмəнді» деген тұжырым жасайды [1]. Демек психикалық жай-күйді білдіретін тұрақты тіркестердің берілуінің жай сөздерге қарағанда, біріншіден, ситуацияға байланысты нақтылығы басым. Мысалы, «қуаныш» жай-күйіне байланысты сөзбен жай ғана «ол қуанды» деп айта салсақ, тұрақты тіркестер арқылы ол не үшін, қалай, қаншалықты дəрежеде қуанды дегендерді нақты байқаймыз: балалы болса «əйелі ұл тапқандай қуанды», көптен бері көрмеген біреуді көрсе «балаша мəз болу», көптен күтіп, тосқанда «əкесі базардан келгендей қуану», жоғалтқанын тауып алғанда «жерден жеті қоян тапқандай қуану» т.б. Екіншіден, экспрессивті-эмоционалдық жағынан жай сөздерге қарағанда тұрақты сөз тіркестердің адамға көркемдік-эстетикалық жағынан əсер етуі басым.

Тілімізде сөз, сөз тіркесі, сөйлем деген синтаксистік бірліктерден басқа өзінің мағына тұтастығымен, бірлігімен, сыртқы құрылымы мен сөйлемде жұмсалу қызметімен ерекшеленетін тілдік бірлік фразеологизмдер, яғни тұрақты сөз тіркесі, бар. Бұлар о баста бірнеше сөздің қосылуынан келіп шыққан, бүгінгі күнде біртұтас лексикалық мағынаны ғана білдіріп, ішінара бөлшектеуге келмейтін, сөйлемде даяр қалпында жұмсалып бір ғана ұғымды, бір сұраққа жауап беріп, бір сөйлем мүшесінің ғана қызметін атқарады.

Осыдан келіп тұрақты сөз тіркестердің өз алдына дербес тіл білімі саласы ретінде танытатын басты негізгі үш белгісінің бар екендігін атап өткен жөн. Олар қолданыста даяр қалпында жұмсалу белгісі, мағына тұтастығы жəне тіркес тиянақтылығы [2; 178].

Тіліміздегі психикалық жай-күйлерді білдіретін тұрақты сөз тіркестерді адамның соматикалық қалпына қарай ішкі жəне сыртқы деп өзара екі топқа бөліп қарастыруымызға болады. Оның біріншісіне адамның ішкі мүшелері арқылы жасалынған тұрақты сөз тіркестері енеді. Мəселен:

Жүрекке қатысты: жүрегі алып ұшу, жүрегі дір ету, жүрегі су ету, жүрегі шайлығу, жүрегі күпті болу, жүрегі жарылып кете жаздау, жүрегі қарс айрылу, жүрегі елжіреу, жүрегі тебірену, жүрегі өрекпу, жүрегі сыздау, жүрегіне дақ түсу т.б.

Бауырға қатысты: бауыры езілу, іші-бауыры өртену.

Қабырға: қабырғасы қарс айрылу, қабырғасы күйреу, қабырғасы сөгілу, қабырғасы қақырау т.б.

Сүйек: сай-сүйегі сырқырау.

Ал адамның сыртқы мүшелері арқылы жасалатын психикалық жай-күйді білдіретін тұрақты тіркестер төмендегідей түрде беріледі:

Бас: басын қоярға жер таппау, басына бұлт төну, басын тауға да, тасқа да соғу, басына қайғы салу т.б.

Бет: екі беті шиедей қызару, бетінің қаны қашу, бетіне шіркеу болу, бетінен оты шығу, бетіне нұр жүгіру т.б.

Ауыз: аузын бақадай ашыру, аузынан жалын ату, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығу т.б.

Көз: екі көзі шарасынан шығу, көзі көл жасқа толу, бір көзінен жас, бір көзінен қан ағу, көзі шатынау т.б.

Қабақ: қабағы жабылу, қабағынан қар жауу.

Құлақ: құлағының етін жеу, құлағының ұшы қызару.

Танау: танауы делдию, танауы қусырылу.

Аяқ (сан): сол аяғынан тұру, санын соғу.

Психикалық жай-күйлерді білдіретін тұрақты сөз тіркестер мағыналық жағынан іштей өзара синоним, антоним жəне көпмағыналы болып жіктеледі.

Синонимдік қатар құрайтын тұрақты тіркестердің құрамындағы сөздердің мағына жақындығы сақталады, алайда олардың құрамындағы сөздер фразеологиялық варианттағы секілді қайталанып кездеспейді.

Қорқыныш психикалық жай-күйі: төбе шашы тік тұру, аруағы ұшып кету, іші мұздау, зəре-құты қалмау, жүрегі тас төбесіне шығу т.б.

Қуаныш психикалық жай-күйі: əйелі ұл тапқандай қуану, мəз-мейрам болу, төбесі көкке жету, тұла бойы алып ұшу, бетіне нұр жүгіру т.б.

Ұят психикалық жай-күйі: абыройы айрандай төгілу, екі беті шиедей қызару, бетінен оты шығу, масқара болу, жерге кіріп кете жаздау т.б.

Бұл фразеологиялық синонимдердің қызметі де лексикалық фразеологизмдер сияқты сөйлемде бір мақсатта жұмсалып отырады. Дегенмен сөйлемде қолданысы жағынан синонимдік фразеологизмдердің лексикалық фразеологизмдерге қарағанда эмоционалды-экспрессивтілік бояуы əлдеқайда күштірек болып келеді.

Антонимдік қатарға қуаныш пен қайғы психикалық жай-күйін білдіретін тұрақты тіркестер жатады.

Төбесі көкке жеткендей болу, əйелі ұл тапқандай қуану, қуанышы қойнына сыймау — көңілі қараңғы тарту, жүрегі қарс айрылу, көкірегі шерге толу т.б.

Бұған қоса ішкі құрамындағы компоненттері басқадай сөздермен алмасып келу арқылы да антонимдік фразеологизмдер жасалына береді. Мəселен: су жүрек — жүрек жұтқан, бетінің оты шығу — беті бүлк етпеу т.б.

Көпмағыналы (полисемиялы) болып келетін психикалық жай-күйлерді білдіретін тұрақты тіркестер саны тілімізде онша көп емес. Мысалы,

Иманын үйірді: а) өлер алында, «жан» тапсырарда кісіге құран оқытты, ə) үрейін ұшырды.

Қабырғасы сөгілді: а) берекесі кетті, быт-шыт болды; ə) қатты қайғырды, мейілінше, қинала қайғырды.

Жаны шыға жаздады: а) зəресі ұшты, қорықты; ə) бəйек болды, бар ынты-шынтысымен күтті.

Екі иығынан демін алып отыр: а) болып, жетісіп отыр, семіріп отыр; деміне нан пісті, мақтанды. Мысалы: Дəркембай шықпай бөгелген екен, екі иығынан дем алып алқынған жынды жігіттер: Шық, ойбай, құдайсымай! Болыс пен стражник қысып жатса, сен қу кедей де салмақтанамысың? — деп боқтап ақырып тастайды (М.Ə.); ə) қатты ашуланып отыр. Мысалы: Профессор Мусин екі иығынан дем алып, ышқына сөйлеп, булығып отыр (З.Қ.); б) ауырып, ентігіп отыр; шаршап отыр. Мысалы: Ас ішу емес, Абай енді біржолата төсек тартып жататын науқастың күйінде екен. Ысынған демі алқындыра деміктіріп екі иығынан зорға алынады (М.Ə.).

Фразеологизмнің мағына бірлігінде ешқандай өзгешелігі болмайтын, құрылымы-құрылысы жағынан үйлесіп, өзара ұқсас келетін түрін фразеологиялық вариант (мұны кейде жарыспалылық деп те жатамыз) деп атаймыз. Ғ.Қалиев пен Ə.Болғанбаев фразеологиялық варианттың жасалуының екі түрін атап көрсетеді. Біріншісі — фонетикалық, екіншісі лексикалық вариант болып табылады [2; 197]. Фонетикалық вариантқа сөздердің құрамындағы дыбыстардың жуан не жіңішке болып немесе кейде толық не қысқарып айтылуы жатады. Мысалы: заһарын шашты — зəрін шашты; аруағы ұшып кетті — əруағы ұшып кетті; зəр төкті — зəрін төкті; тұлан түтті — түлен түтті, абиыры айрандай болды — əбүйірі айрандай болды; қаһарын төкті — кəрін төкті т.б.

Ал лексикалық вариант деп құрамындағы сөздердің бірінің басқа мағыналас сөздермен алмасуы, я болмаса түрлі сипатта келуін атаймыз. Мысалы: аш өзегін өртеді — аш өзегін қарыды; ашуына тиді — шамына тиді — намысына тиді; əбігер болды — əуре болды; бетіне шіркеу болды — бетіне шіркеу келтірді; əрі-сəрі болды — дел-дал болды т.б.

Кей жағдайларда тұрақты тіркестердің құрамындағы сөздерден бірнеше варианттар өрбиді. Мəселен: қабырғасы сөгілу [қайысу, күйреу, майысу]; жүрегі қарс айрылды [сыздады, тебіренді]; ығыр етті [болды, қылды]; зəре-құты қалмады [қашты, ұшты]; жүрегі шайлықты [түршікті] т.б.

Тіліміздегі тұрақты сөз тіркестерді сөз еткенде, олардың мағына тұтастығы, бірлігі жəне тізбегі деген үш ұғымын айтпасқа болмайды.

Фразеологиялық тұтастыққа тұрақты тіркестер құрамындағы сөздердің мағынасы өзара бір- бірімен жымдасып, бірігіп кеткен, мағыналық жіктерін ажыратуға келмейтін тіркестерді жатқызамыз: жүрегі тас төбесіне шықты (қорықты), төбесіне құй қазды (мазасын алды), аузынан жалын атты (ашуланды) т.б. Фразеологиялық бірлікке мағынасы алғашқыда еркін тіркестен келіп шыққан, уақыт өте келе ауыс мағынада қолданыс тапқан тіркестер жатады: басы ауырып, балтыры сыздады (қайғыру), тұла бойы қалтырап кетті (қорқу), əйелі ұл тапқандай қуанды (қуану), арқасы мұздап қоя берді (қорқу), ат үстіне ұйықтады (мазасыздану), бөркін аспанға лақтырды (қуану) т.б. Фразеологиялық тізбекке компоненттер құрамындағы сөздердің бастапқы лексикалық мағынасы толығымен жойылмаған, жойылуға жақын қалған, күңгірттене бастаған тіркестер жатады: қоян жүрек (қорқақ), ащы зар (қайғы) т.б.

Психикалық жай-күйлерді білдіретін тұрақты тіркестер құрылымы-құрылысы жағынан тіркес жəне сөйлемше ретінде келетін фразеологизмдер болып екіге бөлінеді. Біріншісіне жаны иненің ұшында, қоян жүрек, су жүрек, езуі жиылмады, ашуы мұрнының ұшында, ашуы жауған қардай, шөккен нардай т.б. жатса, екіншісіне мысық боп тыңдады; ор текедей пысқырды; сөз етінен өтіп,сүйегіне жетті; əкесі базардан келгендей қуанды; балаша мəз болды; басы ауырып, балтыры сыздады; жанын қоярға жер таппады т.б.

Тіліміздегі психикалық жай-күйлерді (зерттеуімізге негіз болып отырған алты психикалық жай- күйге байланысты) білдіретін тұрақты тіркестерді төмендегідей етіп көрсетуімізге болады:

«Қорқыныш» психикалық жай-күйіне байланысты тұрақты тіркестер: аузын бақадай ашырды, аруағы ұшып кетті, аяғының ұшынан басу, арқасы мұздап қоя берді, бетінің қаны қашты, батылы бармады, бұтына с... жібере жаздады, дедек қақты, екі көзі шарасынан шықты, есі кетті, есінен адасты, жаны түршігу, жанын жағасына келтірді, жаны иненің ұшында, жаны зəр түбіне кетті, жүрегі алып ұшты, жүрегі күпті болды, жүрегі су етті, жүрегі суып қоя берді, жүрегі тас төбесіне шықты, жүрегі шайлықты, зəрезап болды, зəре-құты қалмады, иманы қасым болды, ит көрген ешкі көзденді, көлеңкеден қорықты, көңілі мұздады, қаны қашты, қос үрей болды, мысық боп тыңдады, ор текедей пысқырды, өзінен қуыстанды, өлердей қорқу, селк етті, сес алды, суқыны қашты, тазы қуған қояндай, төбесінен су құйып жібергендей болды, төбе құйқасы шымырлап кетті; тұла бойы қалтырап кетті, шыбыны ұшты, іші мұздады (диал. бараны қашты, опыны қашты) т.б.

Мысалы: — Бұл –Ақанның Ақтоқтыға жеткізген сəлемі еді. Ақтоқты зəресі ұшты. Ақан жазым болар деп үрейленді. Ол үшін ешкімді де жазғыра алмады (С.Жүнісов. Ақан сері, 143-б.) немесе Жүрегі мұздап, түбі келер бір жаманатты сезгендей іші сыздап сала берген, шүйкедей ғана қаңғыбас Құлашаның айналып соғар киесінен қатты қорыққан (О.Бөкей. Өз отыңды өшірме, 54-б.).

«Ұят» психикалық жай-күйіне байланысты тіліміздегі тұрақты сөз тіркестер: абиыры айрандай болды, арын аяққа басты, ар-ұятын төкті, арты ашылды, ар қалмады, ақ жерден қара болды, бетке салық болды, беті аймандай болды, адамшылық арын сатты, бетіне шіркеу болды, бет моншағы түсті, беті күйді, ет жемесе де, сорпа ішкендей болды, етегі ашылды, ері мойнына кетті, ел бетіне қарай алмады, жер қылды, жерге кіріп кете жаздады, жүзі солды, иманын сатты, көп ішінде өлтіреді, кір келтірді, қадірдің жүзі шашылды, қасиетін төкті, қысқа күнде қырық өлді, масқара болды, намыс қысты, орнынан тұрғысыз етті, осырған сиырдай қылды, өлім болды, сақалды қолдан берді, сөз етінен өтіп, сүйегіне жетті, таңба салды, тірідей жерге кірді, ұятқа қалды, шоққа отырғызды, шіркеу келтірді, бетінен оты шығу, жерге кіре жаздады, екі беті шиедей болып қызару (диал. мат болып қалды, жүзі жапырылды) т.б. Антонимдік қатарлары: ұятты шүберекке түйді т.б. Мысалы: Түнде ғана өзімен алтыбақан теуіп, екеуі бірігіп ұшқан жігіт — баяғыдай мойнына асылып еркелеп, «бас білмес асауды ұстап бер, үйретіп мінгіз» деп шіңкілдеп зəрезап қылып, соңынан томпаңдап еріп қалмайтын боз баладан жерге кіре жаздағандай қысылғанына өзі де қайран қалды (О.Бөк. Өз от. өш., 34-б.) немесе Бір сəтке өзін қорсынып, кісі көңіліне қарамайтын əйел заты екен деп аямайтын мына жігіттің алдында намысы жер болғандай сезінді (Д.Исабеков. Қарғын, 123-б.).

«Ашу» психикалық жай-күйіне байланысты тұрақты тіркестер: аузынан жалын атты, ашу биледі, аузын бақадай ашырды, ашуы мұрнының ұшында, ашуы жауған қардай, шөккен нардай, аюдай ақырды, алқымына ашу тығылды, алара қарады, ақ сайтаны ұстады, айдаһардай ысқырды, абжыландай толғанды, айбар шашты, бұлқан-талқан болды, бурадай бұрқылдады, бұрқ-сарқ болды, беті қатты, жалын атты, жеп қоя жаздады, долданып к... жыртты, екі иығынан демалып отыр, ерін бауырына алды, екі иығын жұлып жеді, дауыс көтерді, етін сыртына тепті, түгі сыртына шықты, жауатын бұлттай түнерді, жарыла жаздады, зəр төкті, кек кернеді, күшке мінді, қабағы жабылды, қаны қарайды, қара борандатты, қатты келді, қаһарға мінді, құйқа тамыры шымырлады, құшыры ұрды, қытығына тиді, намысы қозды, өңеші үзілгенше бақырды, өңі тұтқыштай күйді, өті жарылды, сабасына сыймады, сайтаны ұстады, сөз көтере алмады, талағы тарс айрылды, танауы делдиді, танауы қусырылу, терісіне сыймады, тиісерге қара таппау, тұлан тұтты, тұтана түсті, түгін бетіне шашты, түксігін салды, тыз ете түсті, шап ете түсті, шыж-быжы шықты, шымыр етті, шытынай қалды, шыр ете қалды, ызасы келді, ызғар шашты, іші қазандай қайнады, өз шашын өзі жұлу, зығыры қайнады, көзінен от шашты, тісін қайрау, заһар шашты, мінез көрсету, ашуға міну, зəр тамды, делебесі қозу, есінен адасу, көзі шатынады, сол аяғынан тұру, кəрі жыны қозды, ит арқасы қозды, жыланша ысқырды, жарыла жаздады, ит жыны қозды (диал. ашуы түсіп кетті, жынын жақты, зəр жайды, мінезі келді) т.б. Мысалы:

Жақыннан шапшыған тайдай қасқырды енді тағы ұрамын деуге, шоқпар сілтеуге келмей қалды. Қаны қайнап, долы қайратқа мінген ер азамат енді шоқпарын көлденең ұстап, қарсы ұмтыла берді. Ыршып шапқанда балғадай тістері сақылдап «арс» еткен қасқыр Исаның сол жақ иығына ауызды сала берді. Иса шапшаң бұрылып, жұлқынып қалып еді, қасқырдың аузы етіне тимей, тайқып кетті. Бірақ ескі шапанының бір жақ жеңін, тұтас өңірін дал-дал қып бөктеріп түсті (М.Əуезов.

Абай жолы, 82-б.) немесе — Таудың тағысына бола жалғыз жүргенде ес болсын деп ерткен жалғыз итімді атып өлтірдің, — деді қабағынан қар жауып (О.Бөкей Таңдамалы. I-т., 231-б.).

Немесе

– Əкесінің аузын, күдік, күмəнді қайтеміз, басты ауыртып. Не істеу керек? Соны айт бізге, — деді. Əлімқұл кеше ғана үйретілген аюдай алдында билеп тұрған Барханға ала көзімен ата қарап (О.Бөкей Таңдамалы. I-т., 38-б.).

«Қуаныш» психикалық жай-күйіне байланысты кездесетін тұрақты тіркестер: əйелі ұл тапқандай қуанды, əкесі базардан келгендей қуанды, балаша мəз болды, бөркін аспанға лақтырды, бетіне нұр жүгірді, екі езуі екі құлағында, жерден жеті қоян тапқандай қуанды, жүзі жарқ етті, жүрегі жарылды, көзі тоймас қызығы, көңілге нұр құйылды, қуаныш оты жарқ етті, көңілі судай тасыды, қуанышы қойнына сыймады, мəз-мейрам болды, табасы қанды, төбесі көкке екі-ақ елі жетпеді, тұла бойы алып ұшты, шат болды (диал. қиын қуану) т.б.

Мысалы: ...соғыста өлген əкесі тіріліп келгендей қуанышы қойнына сыймаған (О.Бөкей.Таңдамалы, I-т., 45-б.).

«Мазасыздық» психикалық жай-күйіне байланысты тұрақты тіркестер: азар да безер болды, ат үстіне ұйықтады, алас ұрды, азапқа салынды, əбігер болды, əрі-сəрі (дел-дал) болды, басын қоярға жер таппады, басын тауға да, тасқа да соқты, безек қақты, берекесі кетті, дамыл көрмеді, жай таптырмады, дығыры мен ығырын шығарды, дегбірі қашты, жанын қоярға жер таппады, жан жүйесін босатты, жүрегі май ішкендей болды, жүрегі өрекпіді, жын буған бақсыдай бүлінді, зықысы шықты, итін шығарды, көңілі алып ұшты, көңілі босады, күйін қашырды, күпті болды, құлағының етін жеді, мазасын алды, мазасынан айрылды, мазасы болмады, мезі болды, от боп жанды, сарсаң қылды, сасып қалды, сиқы кетті, тағат қылмады, дəйек таппады, төбесіне құй қазды, тыным таппады, ұйқы қашты, ығыр болды, іші алай-түлей болды, ішті жеді (диал. сабыс болды, əмір жоқ) т.б.

Мысалы: Тютю кеткен соң, Матенов жалғыз отырып ойланды, өз ісіне өзі анализ жасамақ еді, жүрегі қобалжып, белгісіз бір алаңдау билеп алған көңілі алып ұшып, бір орында отыра алмады (Ə.Тарази. Тасжарған, 103-б.).

«Қайғы» психикалық жай-күйіне байланысты тіліміздегі тұрақты сөз тіркестері: асан қайғыға түсті, аш өзегін өртеді (аш өзегін қарыды), басы ауырып, балтыры сыздады, басына бұлт төнді, белге соққан жыландай болып қалды, бір көзінен қан, бір көзінен жас ақты, көңіліне түйін түсті, көңілі қараңғы тартты, көңілі күпті, көңілі жүдеді, көңілі жасыды, көңілі жарым, көңілі жабықты, көңілі енжар, көңілінен ел көшіп кеткендей болды, көңілдегі мұңды айтып, көздегі жасты тыйды, көкірегі шерге толды, көкірегін күйдірді, көкірегі қарс айрылды, көзі көл жасқа толды, зар тартты, зар жұтты, запыран зəрін құйды, жүректі сара тілді, жүрегі тебіренді, жүректі дерт алды, жүрегін сыздатты, жүрегін жаралады, жүрегіне дақ түсті, жүрегі қарс айрылды, жер таянды, жанды жегідей жеді, жан қысылды, жаны жара, жаны ауырды, жанын ұрды, жауырынан жел өтті, жер бауырлап жатты, жер күңіренді, дертіне дерт қосты, дариға, қайран, ер-ай, дерт басты, егіліп жылады, ет жүрегі езілді, жабырқау тартты, басына қайғы салды, бебеу қақты, белі бүгілді, бетін кірбің шалды, боз інгендей боздады, ботасы өлген түйедей боздады, бір көзінен қан, бір көзінен жас ақты, ащы зар, гүлдей солды, аза болды, бой жылытты, көңілі шер болды, күйік тартты, күйік үстіне күйік салды, күлкінің ерні кезерді, күлі сөнді, кірбің қақты, қабағы салбырады, қабырғасын күйретті, қабырғасы сөгілді, қайғыға уланды, қайғысы батты, қан көңіл, қан жұтты, қапа болды, қапа қылды, қара жүрегі қақ айрылды, қара уайым басты, қарыс жер мұң болды, қасын түйді, қасірет басты, қорқыт атам қобызындай күңіренді, құса болды, мұң ашар, мұң мен зарын тарқатты, нала қылды, ойды қозғады, ойын тербетті, омырауы жасқа малынды, өзегін тілді, өзегін өртеді, өмірі өксіді, пұшман жеді, сай сүйегі сырқырады, самарқау тартты, санымен сарғайды, саңырау қайғы, сары уайым, соры қайнады, сүйегі балқыды, тəні өртенді, толғау салды, тіл байлайды, уайым жеді, у жұтты, уын ішті, у ішкендей аһ ұрды, хан түленді, шер жұтты, шер көкірек, шер тарқатты, сырты бүтін, іші түтін, ішін от қылды, іш-құса болды, ішкі өзегі бордай үгіліп, қанттай еріді, ішек-қарны удай ашыды, іші ашыды, іші- бауыры өртенді, аузын ұстады, аһ ұрды, асыр салды, ғапыл болды, бармағын тістеді, көңілі сөгілді, көңілі ойсырады, қапы болды, қарс ұрды, опық жеді, санын соқты, ішін тырнады, іші ауырды, бауыры езілді т.б.

Қорыта келгенде, тіліміздегі психикалық жай-күйлерді білдіретін тұрақты тіркестерді құрылымы мен мағынасы жағынан бір ізге түсіре отырып жүйелеу, олардың ауызекі сөйлеу тілі мен көркем əдебиетте жұмсалу қызметін тереңірек анықтап талдау ісі аталмыш лексиканы (фразеологизм) тереңінен түсінуге мүмкіндік туғызары сөзсіз.

 

Əдебиеттер тізімі

 

  1. Смағұлова К.Н. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мəдени аспектісі: Филол. ғыл. д-ры дис... автореф. — Алматы, 1998. — 23-б.
  2. Қалиев Ғ., Болғанбаев Ə. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы: Оқулық. — Алматы: Дəуір, 2003. — 247 б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.