Мақалада біз 1920–30-жылдары əдебиеттің өре-деңгейі, даму өрісі турасында болған, кезінде үнемі таластар мен тартыстар туғызып отырған əдеби-теориялық ой-пікірлер ішінен өз мақсатымызға орай ағымдар мен көркемдік əдіс төңірегіндегі болжамдар мен көзқарастарға тоқталамыз. Ұлттық əдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен дамуына арнап бірнеше сүбелі еңбектер жазған ғалым Ж.Смағұлов: «Жалпы қазіргі таңдағы қазақ əдебиеттануында ұлттық əдебиетіміздегі романтизм, реализм, сыншыл реализмнің көркемдік əдіс ретінде көрініс табуы мен əдеби ағымдар платформасының қалыптасуы кең масштабта қарастырылған жоқ. Əдебиет теориясына арналған монографиялардағы анықтамалық сипаттамалар мен жеке ақын-жазушылар шығармашылығын қарастырған еңбектердегі ой-пікірмен қанағаттанып жүрміз. Сол себептен де 20-жылдар əдебиетіндегі көркемдік əдіс мəселесі даулы күйде қалып, 30-жылдардан басталған социалистік реализмге бір-ақ секіріп келдік» деп ағымдар мен əдістер теориясының əлі де болса жүйелі зерттелмей келе жатқанына қынжылыс білдіруі де əбден орынды [1].
ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі саяси қысымдардан салыстырмалы түрде болған тəуелсіздік əдеби-теориялық ізденістердің өрістеуіне біршама жағдай туғызды. Пролетарлық əдебиеттің өкіліміз дейтін төңкерісшіл қайраткерлерге əдебиеттің таза эстетикалық заңдылықтарына сүйене отырып жауап қатқан мақалалар соның айғағы. Сөз өнерінің саясат шылауында қалуының неге апарып соқтырарын болжаған Қ.Кемеңгеров «Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған «Көркем əдебиет туралы» атты мақаласында: «Шынында, біздің көркем əдебиет қоғам тұрмысын шет-пұшпағынан тартып жүр. Сол шет-пұшпақтың өзін көбінесе кейбір жазушылар романтизмге, символизмге айналдырып отыр. Кейбір жазушылар не үгітке, не жалаңаш порнографияға айналдырып отыр. Осы күнге дейін шын реализммен жазылған Бейімбет өлеңдері (мұның да біразы үгіт, насихат, ұран) шын реализмнен қоныс теппеу себебінен шын тұрмыстың бəрін қисайтып жібергендік», — дейді [2]. Қазақ əдебиеттанушылары ұлттық əдебиеттің болашақ даму жолына байланысты «Тікен» деген бүркеншек атты иеленген автордың «Əдебиет мəселесі туралы» деген мақаласындағы айтылған ойларға да назар аударып келеді. («Тікеннің» кейінде көркемдік əдіс мəселесінде біраз адасушылықтарға ұрынғаны да белгілі). Ол: «Октябрь төңкерісіне орта жолдан қосылған жазушыларымыз шу дегенде балға, төс, фабрика, завод, автомобиль, аэропланнан бастап, жалпы бұқараның тұрмысынан алыс болса да, интернационализм бағытымен əдебиетке бір тарау жол салды. Міне, бұл — төңкерістің олжасы. Бұл жолдағылардың бағыты болмаса, өлеңдерінде, қара сөздерінде суретшілік кем. Көбі айқай, еліктеу, əдеби ұрлық» дей отырып, əдебиеттің халық өмірімен қабыспай, оның тұрмыс-тіршілігінен бірте- бірте алыстап бара жатқанын дұрыс аңғарап, дер шағында мəселе көтере білді [3].
Ұлттық əдебиеттің алдағы өрісі төңірегіндегі таласты пікірлердің барлығы даурықпалы сипат алып кетті деуге болмайды. Ол тартыстардың ортасында ғылыми негізді ой білдірген, саясаттан дербес, əдеби-теориялық білікке сүйенген еңбектер болғаны белгілі. Аталмыш кезеңдегі əдеби- теориялық ізденістер көркем əдебиеттің табиғи сипатын ашуға ұмтылды да, көкейкесті деген бірнеше мəселелерді күн тəртібіне алып шықты. Əдебиет мəселелеріне белсене араласқан сыншылар мен зерттеушілер ең маңызды деген мынадай сұрақтарға жауап табуға тырысты: Ұлттық əдебиет қазір қандай дəуірді (сатыны деп те айтуға болады) басынан кешіруде? Қандай көркемдік əдістер мен əдеби ағымдар үстемдік құруда? Дəстүрлі көркемдік таным мен басқа əдебиеттер ықпалының арасалмағы қандай?
Əдебиетшілер алдына мұндай сұрақтардың көкейкесті қойылуы олардан əдеби-теориялық біліктілікті талап етті. Бұл əдеби үрдісті ғылыми-теориялық тұрғыдан талдауға мұрындық болды. Əдебиетті зерттеудегі осындай прогрестік жолды ұстанғандар деп Ж.Аймауытовты, Ж.Сəрсенбинді, М.Əуезовтерді айта аламыз. Əрине, олардың көзқарастарын жаңа қалыптасып жатқан саяси талаптарға көзсіз беріліп кеткендер бөлісе бермегені, əрбір əдеби-эстетикалық құбылыстың байыбына бармастан мейлінше қарсылық көрсеткені белгілі. Мысалы, «соңғы жылдарда əдебиет туралы сөз қозғалғанда қойылған сұрауға көбінесе қазақ əдебиеті қазір романтизм дəуірінде деген жауап беріліп жүр. Көбінесе бұл жауапты ұлтшылдық бағыттағы оқығандар беріп жүр. Олар əдебиет туралы сөйлегенде романтизмді қайырылулы қаршығасындай қолына қондыра сөйлейтін болып жүр....Əдебиетіміз романтизм дəуірінде деушілердікі адасқандық. Əдебиетіміз романтизм дəуірінде емес, көшпелі дəуірде. Бұл дəуірде көбінесе нағыздық пен төңкерісшіл сарындамалық бағыттар есеюге тиіс» («Еңбекші қазақ», 1926. 9 қараша. Əбдірахман) немесе «сентиментализм, романтизм, реализм секілді бастарындағы қиялдарын өмірге, əдебиетімізге əкеліп жапсырмақшы шығар, тексеріп көруіміз керек» деген сияқты біржақты пікірлер əдеби-эстетикалық танымның анағұрлым кең қанат жаюына кедергі болып бақты («Ақ жол», 1925, № 566, Тікен). Бұл текетірестердің қазақ əдебиеттану ғылымы үшін маңыздылығы, сыншы-зерттеушілер əдеби дамудың идеологиялық-саяси жақтарымен қатар, əдеби ірі категориялар — ағым мен көркемдік əдіс мəселелеріне ой жүгірте бастауында еді. Қазіргі таңдағы таным тұрғысынан алып қарағанда өте сыңаржақ пікірлердің де теориялық ойды қозғауға тигізген ықпалын ескермеуге болмайды. Өкінішке орай, пролетарлық-төңкерісшілдік, таптық бағытты ұстанушыларға мықты оппонент болған арыстардың көзі жойылған соң маркстік- лениндік қағидалармен қаруланған «кеңестік культ» үстемдік алып кеткені тарихтан белгілі.
Дүние жүзінің барлық əдебиеттері сияқты фольклорлық-мифологиялық танымнан бастау ала отырып, бірнеше даму кезеңдерінен өткен қазақ əдебиетінің ХХ ғасыр басында қандай сатыға көтерілгенін тарихи сабақтастық тұрғысында салмақтауды жөн санаған М.Əуезовтің зерттеушілер жиі тілге тиек ететін мына тұжырымына тағы бір назар аударайық: «Жазба əдебиетінің Абайдан бергі ұзақ дəуірін алғанда жолын өзгертетін жаңалық соңғы жылдарда туып келеді. Ол жаңалық жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық (романтизм) дəуірі, бұрынғы ауызша əдебиеттен, одан бергі Абай заманынан бері қарай келе жатқан нағыздық (реализм) сарыны осы күнде ішкі терең сезім, нəзік сыр күйіне айналып келеді. Мұның белгісі Мағжан Жұмабаевтың соңғы «Ертегі»,«Қорқыт» сияқты өлеңдерінде бар... Сыршылдық дəуірі қай жұртта болса да, əуелгі кезінде ескі ертегі жын, пері, жалмауыз, жезтырнақ сияқты жаратылысы тұманды, қараңғы заттарды жыр қылумен басталған» дей отырып қазақ əдебиетінде романтизм əдісінің белгілері молайып келе жатқанын атап өтеді («Шолпан», 1922–23, № 4, 5, Қоңыр).
Бір айта кетерлігі, сол дəуірдегі əдебиетте қуатты арна қалыптастырып, бөлекше поэтикалық құбылыс ретінде жарқырай көрінген Мағжан шығармашылығы əдеби үрдіс жаңалықтары мен қазақ көркем ой дамуының бет-бағдарын айқындаудағы ең басты материалдардың бірі болды. С.Қожанұлы айтқандай, «Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері əдебиет тарихындағы соңғы 10–15 жылдағы ағымдарда тексеруге де жақсы құрал бола алды» [4]. Осындай ойды ақын шығармаларының көркемдік əдісі туралы толымды еңбек жазып шыққан ғалым Е.Тілешев те дəлелдей түседі. Ол: «М.Жұмабаев мұрасының күрделілігі мен ғылыми қызығушылық тудыратын айтулы қыры бір емес,
бірнеше көркемдік əдісті меңгеруі, солардан өтуі. Ағартушылық реализм, сентиментализм, романтизм, символизм, реализм — баршасы Мағжан өткен əдеби бағыттар. Тұтас ұлт əдебиеті өтетін өткелдерден М.Жұмабаев 15–20 жылда өткен... Міне, осы тұрғыдан алғанда Жұмабаев шығармашылығындағы əдеби бағыттар мен ағымдардың теориялық, əрі тарихи да мəні айтарлықтай», — деп жазады [5]. Бұл дегеніміз — Батыс Еуропа елдері классикалық үлгі ретінде ғасырлап, онжылдықтап өткен сатыларды қысқа мерзімде игере алған қазақ əдебиетіндегі жедел даму құбылысының бір суреткер шығармашылығындағы тағы бір көрінісі. Əсіресе өткен ғасыр басындағы əдебиеттегі романтизмнің үстемдігі турасындағы байламдар тікелей Мағжан туындыларына қатысты өрбіді. М.Əуезовтің сыршылдықты, яғни романтизмнің, ұлт əдебиетіндегі тарихи-эстетикалық тамырларын ХІХ ғасыр əдебиетінен, дəлірек айтқанда, Абай шығармаларынан іздей отырып, оның жаңа дəуірдегі жаңашыл əрі айқын көріністерін Мағжаннан байқайды. Ол əдеби ағымдар мен көркемдік əдіс мəселесінде ұлттық əдеби дəстүр бедерлерін айғақтаумен қоса, ақын шығармаларынан Еуропаның классикалық үлгілерінің біздің сөз өнеріміздегі ерешеліктермен қиындықсыз, ұлттық мазмұнды жоғалтпай үйлесе алғанын таниды. «Мағжанның еуропалығын сүйетіні» сондықтан болар.
Ұлттық əдебиеттанудың буыны бекуінде əдеби-теориялық ұғымдардың кең талқылануы басты себептердің бірі. Əсіресе жеке қаламгерлердің шығармашылығын əдеби заңдылықтарға орайластыра қарастыру ғылыми-зерттеушілік таным деңгейінің көрсеткіші екеніне дау жоқ. Осы тұрғыдан алып қарағанда сын жанрының биік шоқтығы бола алған Ж.Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы туралы» мақаласы ғылыми аппараттың жетіктігімен бөлекше назар аудартады. Мақалада М.Жұмабаевтың шығармашылық эволюциясына тезистік түрде шолу жасалу барысында автор əдебиет теориясының іргелі мəселелерін аңдатып отырады. Жүсіпбектің əдеби-теориялық білігі ақынның дүниетанымдық қырларын, ұстанған көркемдік əдісін, суреткердің идеялық тұрғысын айқындайтын ағым-бағыттарды жіті талдауларынан байқалады. Ж.Аймауытов еңбегінде Мағжанның шығармашылық тұғырнамасына əсер еткен тарихи-əлеуметтік себептерді басшылыққа ала отырғанымен қоса, ақынның көркемдік көкжиегін кеңейткен əдеби дамудың ішкі заңдылықтарына да (əдеби дəстүр, əдеби-шығармашылық байланыс-ықпалдар) тереңдеп бара алған. Демек ақынның шығармашылығының динамикасы əдеби өрістің имманенті жəне каузуалды заңдылықтары аясында тексеріледі. Классикалық үлгідегі бұл мақала кейінгі онжылдықта бірнеше зерттеушілердің тарапынан қарастырылып, өзінің жоғары бағасын алды. Бұл жерде бізді қызықтыратыны Жүсіпбектің Мағжан туындыларының мысалында зерделеген көркемдік əдіс пен əдеби ағымдар туралы көзқарастары. Ж.Аймауытов: «Бір жағынан, үй-іші əкеге, əлеумет ру басыға бағынған, тапқа, жікке бөлінбеген, қазақ ішінде туып-өскен болса, екінші, татар медресесінде оқып, түрікшілік, исламшылдық рухында тəрбиеленсе, үшінші, патша саясаты шымбайға батып, отаршылдық зардабы қазақтың ұлтшылдық сезімін оятқан дəуірдің ұлы болса, төртінші, орыс зиялыларының қаймағы бұқарашыл, халықшыл болып жатқанын сезіп білсе, бесінші, батыстың, қала берсе орыс ақындарының санашылдық (идеализм), дарашылдық школынан сабақ алса, енді Мағжан қай пікірдегі ақын болып шығу керек? Сөз жоқ, Мағжан ұлтшыл, түрікшіл, санашыл, дарашыл ақын болып шығу керек? Олай болып шықпау мүмкін емес. Əлеумет ортасының, заманының жағдайы солай», — деген түйін жасайды [6; 371, 372]. Ж.Аймауытов Мағжанның көркемдік əдісін қалыптастыруға негіз жасаған фактілерді айқын түрде санамалайды. Жаңа өркен жайып келе жатқан ұлттық əдебиеттану ғылымында көркемдік əдіс, əдеби ағым мен бағыт сияқты терминдер əлі бір-бірінен ажыратылып, толық орнығып үлгермеген шақтағы Жүсіпбек тəжірибесі, сөз жоқ, қазақ сөз өнерін ғылыми- теориялық тұрғыдан байыптаудағы аса маңызды қадам болды. Қазақ ақынының шығармашылық өсуіне əсер еткен факторлардың да қаншалықты пайда əкелгенін, творчестволық мүмкіндікті ұштағанын саралай отырып, басқа елдер əдебиетіндегі ағымдардың ұлттық топырақта өмір сүре алатынын танытады. «Мағжан еліктегенде орыс, қазақ, татар, араб деп талғамайды. Кімнің сөзі көңіліне жақса, соған еліктеп жазады. Сондықтан да Мағжанның алғашқы кездегі өлеңдерінде неше түрлі рух бар. Сыртқы түрінде орыстың бейнешілдеріне (символист) еліктесе, ішкі рухында күйректік, жылауықтық (сентиментализм) романтизм болады. Сентиментализм əсері, əсіресе əйел теңдігіне арнап жазған өлеңдерінде ұшырайды» дей отырып, ол тұжырымдарын нақты мысалдармен дəлелдейді [6; 382]. Осы тұста баса айта кетуге тиісті нəрсеміз, орыс əдебиеттануының өзінде бағыт, ағым, көркемдік əдістер турасындағы пікір-тұжырымдар енді-енді ғана жетіле бастап, ол ұғымдар арасындағы айырым-белгілер толығымен ажыратылып, нақты теориялық қағидалар əлі орнығып болмаған шақта да Жүсіпбектің аталмыш мəселелер турасында əлемдік əдеби-теориялық білімдермен қарулана алуында. Ол романтизмнің ішкі ағымдары, символизм, сентиментализм, натурализм т.б. табиғаттарын біршама зерделегені танылады. Ол «Ақжолдағы» «Əдебиет мəселесі» деген мақаласында: «Қазақ жазушылары, ақындары төңкеріске жолдан қосылды. Бір қанаты төңкеріс рухымен суарылса, екінші қанаты ұлтшылдықпен суарылып қалған» дей келіп, «қазақ əдебиеті қазір күйректік (сентиментализм), сарындамалық (романтизм) дəуірінде болуға тиіс. Ендеше санашылдықтан да (идеализм) құтыла алмайды. Нағыздық (реализм) дəуір қазірге аналардай қабыса қоймас» («Ақжол», 1925, 1-сəуір) деген қисын шығарады. Жүсіпбек көркемдік əдіс пен əдеби ағымды теориялық тұрғыдан толық ажыратпаса, болашақ ізденістерге тың сорап салады. Кең ауқымдағы теориялық ізденіс «Мағжанның ақындығы туралы» мақаласында əрі қарай дамыды. Жүсіпбек Аймауытовтың аталмыш мақаласына үн қатқандардың ішнен əдеби-эстетикалық тұрғыдан анағұрлым зерделілігі аңғарылатын Жəкен Сəрсенбіұлының айтқан ойларының да ғылыми маңызы басымырақ. Оның «Əдебиет мəселесі туралы» мақаласын іле-шала жазуы («Ақжол», 1925, 10-сəуір) нағыз сыншыға тəн оперативтілігін де көрсетіп берді. Ол: «Қазақ əдебиеті қазір күйректік (сентиментализм), санашылдық (идеализм), сарындамалық (романтизм), нағыздық (реализм), көп- измнен құралған қырық құрау деуге болады. Мұның ішінде реализмді заманға үйлесі бар десек те, қазақтың салт-санасы, тұрмысымен əзірге қайшы келуі анық. Сол себепті үшін романтизм мен сентиментализмді əдебиетте қолданбай отыруға əзірше мүмкін емес. Сентиментализм онша ұзаққа созылуы екіталай. Бірақ қазақтың қазіргі тұрмысында романтизм көпке шейін əдебиетке кіреді. Түбінде реализм романтизмді жеңуі мүмкін. Оған əлі күн ілгері, түрлі жағдай керек. Сол себепті қазіргі əдебиетте көбірек романтизм қуаттырақ шығуы мүмкін» дей отырып, əдеби үрдістегі бір-ақ əдістің басымдық танытуы көркемдік дамудың түрлі арнада дамуына, түрлі ізденістерге бой ұруына жағдай жасамайтынын бағамдай алды. ХІХ ғасырда-ақ басталған демократтық-реалистік ағымдар жаңа дəуірде де жалғасын таппай ұлт əдебиетінің көркемдік-эстетикалық биіктерге қол соза алмайтынын болжады.
Ұлттық əдебиеттің өзіндік заңдылықтары мен тарихи-мəдени ахуалды бір-бірімен тығыз байланыстыра зерделеген М.Əуезов «Қазақ əдебиетінің қазіргі дəуірі» мақаласында: «Абай өлеңіндегі беттеген бағыт, құлаққа естілген сарын ненің сарыны екені байқалады. Ол — ашық тілек, айқын ұғымның, здоровый реализмнің сарыны... Абайдан басталған сол реализм сарыны қазақ əдебиетінде осы күнге шейін жол болып келе жатыр. Рас, бұл жолда кейде күшейіп, кейде жалпақ жарысқа ұқсап бытыраңқылық күшейіп жүрген мезгілдер бар, бірақ негізгі сарынға келгенде қазақ өміріне тез боламын деген əдісіне, айласына келгенде қазақ əдебиеті Абай салған жолдан көп ұзап өзгеріп кете қойған жоқ» деп табады [7; 231]. Ол ұлт əдебиетінің ілгері күндерінде реализмнің өршіл романтизммен қанаттаса алатынына мегзейді. Бірақ əлі де болса ұлттық əдебиеттің даму деңгейі реализм шарттарына толық жауап бермейтініне назар аударады да, 1920-жылдардағы əдебиет ахуалына, ондағы əдіс пен ағымдарға қатысты ойын теориялық тұрғыдан əрі қарай негіздей түседі:
«Қазақ əдебиетінің бұл күнге дейін жүріп келген жолына қарағанда жаңа дəуір, жаңа үлгінің туатын кезі жеткендей. Жазба əдебиеттің жаңадан түбір тауып, ауданын кеңейтіп, келесі өрнекті дəуірге қарай аяқ басуы, осы белгілерден басталса керек. Қазақ əдебиетінің бұл дəуірі буыны бекіп қатарға кірерлік əдебиет болғандығын көрсететін сыршылдық — романтизм дəуірі болады. Бұл арада біздің əдебиеттің өткен күні туралы айтылатын сөз: Абайдан бергі дəуірді орыстың реализм дəуіріндей толық реализм дəуірі деп айтпаймыз. Ол уақыт қазақ əдебиетінің аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан кезі болғандықтан, толық реализм шартын көрсеткен жоқ. Бұл мақалада ол дəуірде реализм болды деген сөз болса, ол өзге күйдің ішіндегі күштірек болған сарын сол деп айтылған» дейді [7; 233].
Тапшылдық принципті алдыңғы қатарға шығара сөйлеген төңкерісшілдік бағыттағы сыншылардың өзі əдебиетте жоталана көрініс беріп отырған романтизмді толық жоққа шығара алған жоқ. Əбдірахман Байдилдин: «Сентиментализм мен романтизм бағытына əуреленбей, қазақ еңбекшілерінің қазіргі керегіне жауап, келешегіне демесін болатын ашық тілек, айқын ұғыммен суреттелген нағыздық (реализм) бағытындағы жəне осы бағыттың жан серігі, бұрынғы, соңғы, бүгінгі өмірдің деректерінен туатын, болашақтағы тегістік тұрмысты суреттейтін төңкерісшіл сарындамалық (романтизм) бағытындағы əдебиет жұрнақтарын молайтулары керек.
Бұл көптің тілегі, қазіргі заманымыздың тілегі. Сондықтан бұдан былай əдебиетімізде айтылған нағыздық пен төңкерісшіл сарындамалық бағыты көркеймек. Сыншылар ұсынып отырған ескі сарындамалық (реакционный романтизм) бағыты жасырынып жан сақтау, жатып атарлық қылу жолына түспек», — деп өзі ұстанған саяси-идеологиялық ұстанымы тұрғысынан жауап қатты («Еңбекші қазақ», 1926. 9-қырк.). Социалистік реализм əдісі əбден орнықтырылғанға дейін төңкерісшілер тарапынан өз мақсаттарына орай реализмді түрлі ағымдармен қосақтай берушіліктің жалғыз мысалы бұл емес. Алайда бұл пікірлерді эстетикалық мазмұннан жұрдай деп айтпасақ керек.
Ағымдар мен көркемдік əдістер туралы төңкерісшіл-тапшылдар мен ұлтшыл-демократтар арсында болған полемикалар арсында белгілі бір теориялық негіздерге сүйену, əлбетте, болғаны ақиқат.
Т.Кəкішев: «Кеңес əдебиеттану ғылымы өзінің балаңдық дəуірінде реализм мен өршіл романтиканың жымдаса бірігуі социалистік реализм болады деп анайылау түсіндіріп келсе, кейін өмір шындығын тарихи шынайы қалпында, революциялық даму барысында суреттеу керек деген қисынға айналдырып жібергені жұртқа аян... Сондықтан əдебиетіміз реализм жолымен дами ма, əлде романтизм жолымен өркендей ме деген сауалдың сол кез үшін əлеуметтік-көркемдік мəні зор болғаны даусыз... Ал осы эстетикалық проблема талқыға түсе келе, қоғамдық-əлеуметтік астары қалың əрі саяси салмағы ауыр мəселеге, қазіргі қазақ əдебиетінің болашағы кімдікі деген дəуірлік сауалға айналып кетті», — деп жазады [8]. Расында да, өкініштісі сол, ұлттық сөз өнерінің бет пен бағыты, əдіс-ағымы жөнінде «ақжолдықтардан» басталған пікірталастар қыза-қыза келе таза теориялық арнадан алыстап, саяси мəселелерді термелеуге ауысып кетті.
Түйіндей айтқанда, 1920 жылдары басылған цикл мақалалар əдебиеттің эстетикалық мəні мен оның аса күрделі ұғымдары — əдіс пен ағым жайында бірнеше көзқарасты ұстанған пікірлердің айтылуына, сонымен бірге əдебиеттану ғылымымыздың ғылыми-теориялық соны ізденістерге ұмтылуына себепші бола алды.
Əдебиеттер тізімі
- Смағұлов Ж. Ұлттық əдебиеттану əлемі. — Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2005. — 170, 171-б.
- Кемеңгерұлы Қ. Көркем əдебиет туралы // Еңбекші қазақ. — 1926. — 1 желт.
- Тікен. Əдебиет мəселесі туралы // Ақжол. — 1925. — 1 мамыр.
- Қожанұлы С. Мағжан өлеңдері туралы бір-екі ауыз сөз // Жұмабаев М. Шығармалар. — 2, 3-т. — Алматы: Білім,— 365-б.
- Тілешев Е. Суреткер жəне көркемдік əдіс. — Алматы: Арқас, 2005. — 32, 33-б.
- Аймауытұлы Ж. Мағжанның ақындығы туралы // Жұмабаев М. Шығармалар. — 2, 3-т. –Алматы: Білім,
- Əуезов М. Əдебиет тарихы. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 240 б.
- Кəкішев Т. Қазақ əдебиеті сынының тарихы. — Алматы: Санат, 1994. — 244-б.