Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ əдебиеті тарихының зерттелуі

Əдебиет тарихын дəуірлеу — əдебиеттанудың қай саласының болмасын түйінді өзегі. Өз кезегінде дəуірлеу мəселесіндегі ғылыми принциптердің əрқайсысы əдебиеттанудың əдебиеттің тарихы, сыны, теориясы салаларымен үнемі бірлікте қарастырылады. Сондықтан да ұлттық əдебиеттанудағы тұңғыш теориялық еңбек А.Байтұрсыновтың «Əдебиет танытқышында» да əдебиет тарихын дəуірлеу сияқты басты мəселе зерттеушілік назардан тыс қалғаны жоқ. Өйткені ғалым Р.Нұрғали «қазақтың ұлттық əдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты- басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған» [1] деп жазғанындай, əдебиет тарихын дəуірлеуге қатысты ғылыми пікірлері, оны теориялық негіздеуі де қазақ топырағында туған озық ғылыми тəжірибенің айрықша құбылыс болып табылатын көрінісі болатын. Зерттеуші жазба əдебиетті діндар жəне ділмəр дəуірі деп екі дəуірге бөліп қарастырады. «Қазақ əдебиетінің діндар дəуірі де, ділмəр дəуірі де халық əдебиетін дамытып, күшейтуден туған дəуірлер емес, басқа жұрттардың əдебиетінің əсерінен туған дəуірлер. Діндар дəуір əдебиетімізге араб, парсы əдебиетінен үлгі алып, соларды еліктегеннен пайда болған. Ділмар дəуір орыс əдебиетінен өнеге көріп, үлгі алып, соны еліктеуден пайда болған» [2; 435] деп əдеби дамудың өзара байланысы, ықпалы туралы келелі ойлар айтады. Қандай да болмасын елдің əдебиеті томаға-тұйық дамымайды. Ол əдеби байланыс сияқты мəселемен сабақтас. Тек ұлттық дəстүрдегі көркемдік нəрі қуатты əдебиет қана өзгенің үлгісі мен таза ықпалында кетпейді. Сондықтан да зерттеушінің «діндар дəуір ауыз əдебиет түріне түр қосып жарытқан жоқ. Анайы əдебиеттегі шығармалардың түрлерінен діншілдігімен ғана айрылмаса, айрықша түр-тұрпатынан айрыла қоймайды» [2; 435] деген пікірі қазақ əдебиетінің дəстүрлі арнасынан ажырамағанын байқатады. Ал «қазақ ішінде молдалық қылып дін үйретушілер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалары болған себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған» [2; 433] деген көзқарасы жазба əдебиет бастауын ежелгі дəуір əдебиетінің Ислам дəуірімен (Х–ХІІ ғғ.) байланыстыра алғанын көрсетеді. А.Байтұрсынов «қожалардың, молдалардың ішінен Шортанбай, Ақмолда сияқты ақындар шыққаннан кейін, жазба сөздері бітегенге дəмділенген. Бірақ қайсысында да болса, белгілі бағыт болмаған» [2; 434] деп жазады.

Жазба əдебиеттің ендігі бір кезеңін бастапқыда ділмар дəуір деп атаған А.Байтұрсынов оны сындар дəуір деп те атайды. Бұл дəуірдің басты сипатын ғалым: «Сындар дəуір деген — қазақ əдебиетінің сынды болған, яғни сын арқылы шығып, əдеміленген мағыналы сөз: бір мағынасы сыны бар деген сөз болады да, екінші мағынасы мінсіз, толғаулы, сипатты деген болады» [2; 446] деп айқындайды. Аталған «дəуірлеу» ұғымы арқылы əдебиеттегі көркемдік əдіс көрінісін жəне де əлемдік классикалық əдебиет үлгілерінің үрдісіндегі көркемдік даму арналары байыпталған. Бұл ретте зерттеуші ұлттық əдебиеттегі сындар дəуірдің басы Абайдан басталатынын «Қазақ əдебиетінің асылдануына əсіресе əсері күшті болған Абай сөздері. Абаймен қатар басқалар да шыққанымен, олар асыл сөздің жаңа сипатын Абайдай айқын көзге түсерлік етіп көрсете алған жоқ. Сондықтан қазақ əдебиетінің сындар дəуірі Абай сөздерінен басталады» [2; 446] деп ғылыми тұрғыдан негіздеп, ұлы ақын поэзиясының көркемдік-эстетикалық танымының қазақ əдебиетіндегі жаңашылдығы сөзге талғау енгізуінде деп бағалайды.

Түйіндей айтқанда, А.Байтұрсыновтың «Əдебиет танытқыш» зерттеуі ұлттық əдебиеттанудың ғылыми негізін қалады, əдіснамалық жағынан тереңдетті. Ол əдебиет тарихын дəуірлеу, олардың басты сипатын айқындау жəне де əдеби дəуірлерге орай туған жанрларды талдаулары арқылы жүзеге асты. Жанрлық принцип негізінде ұлт əдебиетіндегі сындар дəуірдің басы Абайдан басталатын ғылыми-зерттеушілік, əдеби-теориялық тұрғыдан дəлелдеп берді. Сол арқылы əдебиет тарихын зерттеу мен дəуірлеуде жанрлық жүйені ұстанудың болашақ бағыт-бағдарын да зерделеді. Сондықтан да қазақ əдебиетінің көркемдік үрдіс заңдылықтарына орай жаңа сапалық дамуының негізгі арналарын терең екшеуден туған: «Қазақтың сындар əдебиеті Еуропа үлгісімен келе жатыр, жəне сол бетімен баратындығы да байқалады. Еуропа əдебиетіндегі сөз түрлері бізде əлі түгенделіп жеткен жоқ. Бірақ қазір болмағанмен, ілгеріде болуға ықтимал» [2; 447] деген тұжырым əдеби дəуірдің жанрлық жүйесін зерттеудің өзектілігін де танытады.

Əдебиет тарихын дəуірлеудегі зерттеушілік ой-пікірдің тереңдеуі əрі ғылыми негіздерінің барынша жүйелі сипатта өрістеуі М.Əуезов еңбектерімен тығыз байланысты. Бұған «Əдебиет тарихы» атты қазақ əдебиеті тарихының тұңғыш оқулығы айқын дəлел болып табылады. Алайда кеңестік идеология қысымынан зерттеу ғылыми айналымнан алынып, ұзақ жылдар бойы тыйым салынып келді. Еңбектің 1991 жылғы басылымына мұхтартанушы-ғалым М.Мырзахметов жазған түсініктемедегі: «Мұхтар Əуезовтің жиырма томдық шығармалар жинағының 16-томында (Алматы, 1985) алғаш рет жарық көрген осы оқулығын жұртшылық қауым жылы қабылдады. Бірақ қазақ əдебиеті тарихының тұңғыш оқулығы ретіндегі бұл еңбек тұтас қалпында жарияланбай, үштен бір бөлігі қысқартылып тасталды, тіпті кейде тұтас күйінде жіберілді деген тарауларының өзінен көптеген сөйлемдер мен кейбір əлеуметтік астары өткір пікірлері жұлмаланып, оның орнына көп нүктелер қойылып берілді» [3; 236] деген пікірінен тоталитарлық жүйенің рухани құндылықтарды аяусыз жаншып келген саясатын танимыз. Ал бүгінгі əдебиеттануда М.Əуезовтің аталған еңбегі басты зерттеулер нысанына алынуда. Өйткені ұлт əдебиетінің тарихын жүйелі зерттеудің əрі дəуірлеудің түйінді мəселелерін тұтастықта тануда маңызды болып табылатын еңбек əдебиеттанудың кейбір мəселелерін жаңаша қарастыру талабын да жүктеп отыр.

Өз зерттеу мақалаларында ұлт əдебиетін туған халқының отандық тарихымен қашан да тығыз сабақтастықта қарастырған М.Əуезов «əдебиет тарихы» еңбегінде де сол ұстанымында болды. Кітап кіріспесінде ғалым «Əдебиет мектеп ішіндегі ақыл, сезім тəрбиелеп, қалыптап жетілуден басқа оқушыға қазақ деген елдің өткендегісі мен бүгіндегі пішінін танытуға керек» [3; 9] деп жазады. Міне, қазақ əдебиеті тарихынан жазылған тұңғыш оқулықта қазақ фольклорының жанрлық түрін, əдебиет тарихының дəуірлерін жүйелеуде, əдеби ағым сияқты күрделі мəселелерді талдау барысында ұлттық əдебиеттануда озық тəжірибелерді біліктілікпен қолданылды. Бұған қатысты С.Қирабаев «қазақ халқының тарихи өткен жолын шолу мен оған баға беруде, əдебиет туындыларын солармен байланысты қарастыруда Мұхтар сөзі алғашқы ғылыми ойлардың басы десе де боларлық» [4] деп жазса, К.Сыздықов «автордың осы мəселені алғаш көтеріп, оны өз дəрежесінде ғылыми зерттеудің объектісі етуі əдебиет тарихы ғылымының қалыптасып дамуына қосылған үлкен еңбек болып саналары сөзсіз» [5] деп түйеді.

«Əдебиет тарихының» маңызы — əдебиет тарихын дəуірлеу мəселесіндегі ұлт əдебиетінің өзіндік болмыс-бітімінен туындайтын табиғатын танудағы ғылыми-əдіснамалық негіздерінің сонылығында. Əдебиет тарихын дəуірлеуде ұстанған геторогенді жəне жанрлық принциптерінің негіздерін байыптауға еңбектің «Əдебиет тарихының міндеті не?», «Əдебиет тарихының қолданатын жолы», «Қазақ ескілігінен аз мағлұмат», «Қазақ əдебиетінің тарихы» атты кіріспе бөлімдері мүмкіндік береді. Мəселен, «Əдебиет тарихы белгілі дəуірлерді, мезгілдерді бөліп шығарады. Халықтың əдебиеті алғашқы шыққаннан бастап, белгілі бір кезге жеткенге шейін тарихтың ішіне кіру керек. Əр мезгілдің үлгісі қандай, неден туады, басқа өмірмен қандайлық тарихи байланысы бар сол айтылуы керек» [3; 16] деген пікірден əдебиеттің халық тарихының ажырағысыз бөлігі болып табылатынын аңғарамыз. Сонымен қатар қазақ елінің ішкі өмірінің тарихи дамуын «ислəм діні кірген соңғы мезгіл», «содан арғы дəуір» деп екі үлкен дəуірге жіктеп қарастыруы да назардан тыс қалмауы керек. «Содан арғы дəуір» контексінде ғалым халқымыздың көне түркі дəуірінде ұстанған діни- наным сенімдерін, дүниетанымын танытуды көздесе, мұсылманшылыққа ауысқан кезеңнен кейін оның ескі наным-сенімдерді ығыстыра бастауы ел өмірінің тарихын тұтас ұғынуға мүмкіндік бермейтінін айтады. Бұл жерде зерттеуші көне дəстүрді тану қазақ тарихының байырғы дəуірлеріне үңілудің негізі деп ұғындырады. «Бақсы», «абыз» ұғымдарын халықтың ежелгі дүниетанымымен байланыста алады. Демек, ғалым қазақ əдебиетінің бастауларын көне түркі дəуірімен байланыстыру деген ғылыми мəні зор мəселені аңғартып, болашақ зерттеулерде ескерілуі тиіс деп білді. Түркілік таным мен мұсылманшылық арасындағы тартыс барысында «жылдан жыл өткен сайын ескілікті еске түсіретін нəрселер жоғалып барады. Солар жоғалған сайын, қазақ тарихына ескілікті білу, іздеп тауып, ұғыну қиын бола бермекші» [3; 19, 20] деп ескертті. Еңбектің «Сыршылдық салт өлеңдері», «Батырлар əңгімесі», «Ел поэмалары», «Тарихи өлеңдер», «Ертегі», «Айтыс өлеңдер» атты бөлімдері қазіргі қазақ фольклористикасында жан-жақты зерттеулерге алынды. Ал қазіргі қазақ əдебиеттануында «зар заман» ағымы ХІХ ғасырдағы əдебиет тарихының өзекті мəселелерінің түрлі аспектілерінде Б.Омарұлы, Қ.Мəдібай, Т.Жұртбай еңбектерінде зерттелуде. Мысалы, «зар заман» ағымын зерттеуші Б.Омарұлы М.Əуезов еңбегінің ғылыми мəнін «күрделі кезең поэзиясына жан- жақты талдау жасады; «зар заманның» өкілдерін атады; бұл дəуірдің басы мен соңына дейінгі аралықты белгіледі; сондай-ақ тарихи жəне теориялық негіздемелерін ұсынды» [6] деп жазса, Қ.Мəдібай «қазақ əдебиетінің тарихын дəуірлеуде, əр кезеңнің əдебиетіне тəн бағыт, ағым, сарындарды саралауда салмақты, дəлелді тұжырым-түйін жасайды» [7; 193] деген пікір айтады. Ал қазақ əдебиетінің тарихын дəуірлеудің ғылыми тəжірибелерін саралаған Е.Тілешов ұлттық əдебиеттанудағы əдебиет тарихын дəуірлеуде М.Əуезов геторогенді принципті негіз етіп алды деп қарастырады [8]. Е.Тілешов пікірімен келісе отырып, «зар заман» аясында М.Əуезов жанрлық принципті де қатар ұштастыра қолданды деуге болады. Өйткені əдеби ағым сияқты теориялық мəселе сөз өнерінің жанрлық сипатымен тығыз байланыста қаралатын өзекті арна. Өз кезегінде М.Əуезов жазба əдебиет тарихының бастауын анықтау, оның басты өкілдерін жүйелеу, əдеби дамудың тарихи сабақтастығын саралауда тың бағыт ұстанды. Жазба əдебиетті туғызатын, ең алдымен, жалғыз ақындар екенін, ол ақынның қоғамдық өмірдің, əлеумет тіршілігінің ең көкейкесті мəселелерін ту етіп ұстануын, оның «елден гөрі бойы озған, ой, сезім, білім шалымы көптен гөрі ілгерлеп, асып кеткен адам...көптің сыншысы болса, кейде сол көпке ақыл, өсиет айтатын басшысы, ақылшысы болатынын» [3; 194] айтып, халық мүддесімен біте қайнасқан жəне де оның бұрынғы халіне қанағаттанбай жаңалықты іздеудегі мұрат-мақсатынан бағыт, мақсат туатынын екшейді. Соның барысында «бастаймын, түзеймін, қазіргі күйге қанағаттанбаймын» деген күй бірлік, алғашқы рет тұтасқан ой құралып, əдебиет жүзінде елдің, əлеуметтің тіршілігі сөз бола бастаған соң, жазба əдебиет туа бастады деп есептеу керек. Ауызша мен жазба əдебиеттің арасын бөлетін белес, кезең осы» [3; 194] болып табылатынын зерделейді. Қазақтың жазба əдебиет тарихын зерттеуші Абылай заманынан бастап, сол заманнан басталатын əдебиетті «зар заман əдебиеті» деп атайды. «Зар заман» ақындарының тарих сахнасына шығуын ХІХ ғасырдағы қазақ тарихының елеулі оқиғаларымен (отаршылдық, отаршылдыққа қарсы қозғалыс, көтерілістер) байланыста алып, Абылай заманы мен ХІХ ғасырдағы əдебиеттің тарихи жалғастығын дəлелдейді. «Кейінгі заманда Кенесары, Исатай көтерілістері болса, барлығы да Абылай заманынан суат алады» [3; 196]. Зерттеуші қазақ əдебиетінің тақырыптық желісін, идеялық сарынын халық тарихының ізімен бере отырып, Абылай дəуіріндегі «зар заман» ақынын екі жікке бөліп талдайды.

«Мұның бірі, елге келер күннің жұмбағын шешіп беріп, үлгі өсиет сөйлейтін, болжап айтқан қария; екіншісі толғау айтқан жырау» [3; 196]. Олар — Асан Қайғы, Бұқар жырау. Осы тұрғыдан зерттеуші «зар заманға» тəн сары уайымға толы сарын жəне де осы бағыттың алғашқы белгісі Асан Қайғыдан басталатынына тоқталып, жырау тұлғасының өзіндік қасиеттерін анықтайды. Толғау жанрының сипатын теориялық жағынан талдайды. Сол арқылы жазба əдебиетті туғызатын жекелеген ақындар деген пікірін жырау толғауларымен дəлелдейді. Асан Қайғы толғауларының жұмбағын шешуді Бұқар жырауға дəуір мен заман жүктегенін, оған себеп отаршылдық қазақтың еркіндігіне қауіп төндіргенінде екенін басты орынға қояды. Соған сай Бұқар жырау толғауының да күйі сарынына түрлене түсті. Оны зерттеуші «біреуі, жоғарыда айтқан шарт, əлеумет қамын сөйлеу, екінші, сол жайды сөйлегенде мұң-зармен, арманмен сөйлеу» деп негіздейді. «Зар заман» ағымын ауқымды қарастырып, оған ХІХ ғасырда жасаған ақындардың бəрін де кіргізді жəне де осы ғасырдағы қазақ ақындарын «зар заманның» өз ақындары жəне айтыс ақындары [3; 208] деп іштей екіге жіктейді. Əдеби дамудың тұтас ғасырлар бойғы үрдісін жүйелі көрсеткенде «Бұқар жыраудан соң ХІХ ғасырдағы зар заман ақындарының басы Махамбет. Одан кейінгілері Шортанбай, Мұрат, Алтынсарыұлы, бұлардан соңғы бір буыны Абаймен тұстас ақындар» [3; 208] деп жүз жылдық дəуір əдебиетін тақырыптық жəне идеялық сарынының аясындағы түрленуін, яғни əлеуметшілдік, ойшылдық сарынға ісшілдік, дін мен мəдениет рухы кіре бастағанын тұжырымдайды. Бұл тұтас дəуірді іштей кезеңге бөліп қарастыруға да жол ашты. Осы мəселені жан-жақты қарастырған Қ.Мəдібай «Мұхтар Əуезов жүз жылдық дəуір əдебиетін үш кезеңге бөліп, əр уақыттың өзіндік ерекшелігін, ортақ сарын аясындағы өзгерістерін атап-атап көрсетіп отыр: 1. Əлеуметшілдік, ойшылдық сарыны — Бұқар заманы. 2. Ісшілдік — Махамбет. 3. Дін мен мəдениет — Ыбырай» [7; 199] деген пікір білдіреді. Бұл жерде осы ерекшелік қатарында ел қайғысын дінмен байланыста алып жырлаған Шортанбай сарыны да назардан тыс қалмауы керек. Өйткені Ы.Алтынсарин шығармашылығында дін мен мəдениет тоғысуы байқалса, М.Əуезов жазғандай, Шортанбай «қауым тіршілігін, əлеуметтің қайғысын дін бояуымен бояп айтқан» [3; 215] болатын. Жəне де ортақ сарын аясындағы жанрлық түрлену мен өзгеріс екі ақында түрлі сипатта болды. Оны М.Əуезов те атап көрсетті. Мəселен, «басы Шортанбайдан басталған діншілдік, ХІХ ғасырдың аяғына келгенде толып жатқан дін қиссаларына келіп соғады» [3; 212] немесе «Алтынсариннен ең алғаш қазақ əдебиетіндегі сыйпаттау өлеңі басталады. Еуропа ақындарының үлгісімен қыр тұрмысының көркін суреттейді» [3; 218] деп жазды. Мұның бəрі əдебиет тарихының белгілі бір дəуірі мен кезеңдерінің сарынын, сол сарынның өзгеруін ағым, бағыт сияқты теориялық аспектіде ғалымның терең білгірлікпен талдағанын көрсетеді. Сонымен бірге «зар заманның» артқы ақыны ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың жапсарында өмір сүріп, сол кезде өлең айтқан Нарманбет. Заман зарының ең ақырғы күйін шертіп, тоқтаған осы ақын» [3; 220] деп əдебиеттің бір ғасырлық дəуіріне атақты «Сарыарқа» өлеңімен күмбез тұрғызып, жоқтаумен тындырады дейді. С.Негимов «ақын тұрмыс-тіршілік толқындарын, өмір құбылыстарын мейлінше жіті бақылап, «зар заманның» кескінін, барша шындығын сыншылдықпен жарқырата ашып көрсеткен» [3; 55] деп жазғандай, Нарманбет ақын «зар заманның» барша шындығы сыншылдықпен жырлаған соңғы ақын. Қорыта айтқанда, М.Əуезовтің «Əдебиет тарихы» зерттеуі əдебиет тарихын дəуірлеуде оның «зар заман» атанған əдебиетінің бастауын, ұласуын жəне де тамəмдалуын ашуымен, аталған əдебиеттің басты сарынын айқындауымен, оның жанрлық сипатын саралауымен ұлттық əдебиеттануда соны қадам жасады. Əдебиет тарихын зерттеуде қолға алар оның келелі мəселелерінің де бағыт-бағдарын да. Оған «бұл дəуірге аты белгілі ақындардан кіретін көп болуға керек еді. Өйткені арғы заманның Сыпыра жырауы, Қазтуғаны, бергінің Алаша Байтоқ жырауы, Базар жырауы, Досқожасы болсын — барлығы да зар заман дəуірінен үлкен орын алатын ақындар. Көбінің сөз саптауы мен күй сарыны осы шеңбердің ішіндегі үлгімен келеді» [3; 221, 222] деп айқындап берді.

Ал Х.Досмұхамедұлының «Қазақ халық əдебиеті» (1928) очеркіндегі əдебиет тарихын дəуірлеу мəселесіне орай айтқан түйіндері де ғылыми-зерттеушілік арнаның жүйелі дамудағы деңгейін жаңа қырынан дəлелдеп берді. Біріншіден, қазақ халық əдебиетін жүйелеп, оның қырық алты түрін атаса, екіншіден, халық ақындарының есімдерін атап, оларды өмір сүрген ғасырлар бойынша хронологиялық принциппен түзеді, үшіншіден, жазба əдебиеттің туу дəуіріне орай зерттеушілік түйін жасайды. Зерттеуші қазақ əдебиет тарихын дəуірлеуде хронологиялық принципті басшылыққа алып, ұлттық сөз өнерінің тарихи бастауларының негізін ХV ғасырдан бастайды. Ғалымның əдебиет тарихын дəуірлеудегі жүйесі ХV–ХІХ ғасырлар аралығын қамтиды. Оларды əдебиет тарихының дəуірлері тұрғысынан былайша көрсетеді: «Ең əрідегі халықтық ақындардан есімі белгілері — қазақтың Жəнібек ханы тұсындағы (ХV ғ.) Жиренше, Сыпыра Жырау мен Шалгиіз (ХVІ ғ.). Ал соңғы екі ғасыр бедерінде өмір сүріп, азды-көпті есімдері ел есінде қалғандары мыналар: Қалнияз, Абыл, Нұрым, Қадырбай, Мұрат, Матай, Қуан, Өтебай, Байтоқ, Марабай, Иманбай, Бабас, Жылқышы, Абат, Жылқайдар, Қозыбек, Жұмырбай, Қашқынбай, Базар, Есенбақ, Жиенқұл, Ораз, Шернияз, Жаскелең, Бақы, Жанақ, Нысанбай, Нармамбет, Майлықожа, Мəделіқожа, Ешнияз, Бұдабай, Ермəмбет, Ығылман, Құлымбет, Шегебай, Ақтам, Молдағали, Балмырза, Сүйінбай, Досқожа, Өмірзақ, Жамбыл, Бақтыбай, Əбубəкір, Біржан сал, Ақан сері, Жүсіпбек, Бұқар, Орымбай, Ақмолда, Қарпық, Сейдахмет, Қабан, Күдері, Бөлтірік, Елеусіз, Нұржан, Тоқжан, Қанапия, Өске, Бейбіт, Серəлі, Тұрмағамбет, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Шөже, Садық, Əзілкеш, Оңғар, Шораяқтың Омары» [9; 32]. Мұнда барлығы жетпіс үш ақын аталады. Мұның өзі жекелеген ақындар есімдерін анықтау барысында олардың шығармаларын белгілі бір кезең, дəуірлер бойынша жүйелі зерттеуге нақты бағыт-бағдар бергені анық. Өйткені Х.Досмұхамедұлы еңбегіне дейін мұндай жүйеде қазақ ақындарын əр ғасыр бойынша топтастырып беру болғаны жоқ.

Ғалым қазақ əдебиетін жасаушылардың əдебиет тарихындағы орны мен ұлттық тілді сақтаудағы еңбектерін «қалың бұқара арасынан шыққан олар — халық əдебиетінің мəн-мазмұны мен тіл тазалығын сырттан келетін жат əсерлерден қорғаушылар, əрі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, қазақ халық əдебиетін сақтаушылар» [9; 32] деп бағалайды. «Халық əдебиеті» деген ұғымды зерттеуші ауқымды мағынада алады. Əсіресе халық ақындары туындыларының шығарылуы мен таралуын түсіндіргенде хатқа түсуінің маңызын баса көрсетеді. Халық поэзиясындағы авторлықтың үш түрін көрсетіп, үшінші түрдің «өз шығармасын автордың өзі хатқа түсірген немесе басқа біреу жазып алған өз шығармасын түзеткен сəтте пайда болатынын» [9; 33] байыптап, жазба əдебиеттің басталуын сонымен байланыстырады. Бұл жазба əдебиет бастауын айқындауда ұстанылатын басты ғылыми принциптердің бірі екенін айтар болсақ, зерттеушінің əдебиет тарихының жазба дəуірін анықтаудағы əдіснамалық негіздері озық ұстанымдардан алшақ кетпегенін дəлелдейді. Сондықтан да «кейбір мəліметтерге қарағанда, бұндай авторлық ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан басталады деп жобалауға болады. Бұл қазақтың жазба əдебиетінің басталуы» [9; 33] деген көзқараста болды. Оның негізгі себептерін ғалым қазақ тіліндегі кітаптардың, соның ішінде қисса-дастандардың жарық көруімен сабақтастырып алған деуге негіз бар. Бұған «қазақтың жазба əдебиетінің негізін мұсылманша оқыған, сауатты ақындар салғаны сөзсіз. Сондықтан да жазба əдебиеттің алғашқы үлгілерін халық поэзиясының діни жəне ғибраттық түрлерінен іздеу қажет» [9; 33] деген тұжырымы нақты дəлел болса керек. Жалпы алғанда зерттеуші қазақтың жазба əдебиетінің негізін мұсылманша оқыған, сауатты ақындар салды деген ұстанымда болғанымен оның жанрлық сипаттарын халық поэзиясының діни жəне ғибраттық түрлерінен қарастыру керек екенін орынды ескертеді. Ал қазақ халық əдебиетінің классификациясындағы діни əдебиет, араб-парсы өмірін көрсететін əдебиеттерге (қисса) берілген анықтамалардан да діни сипаттағы əдебиеттің табиғатын танудағы өзіндік көзқарасы болғанын аңғарамыз. Мысалы, «діни сипаттағы əдебиет (литература религиозного характера) ислəмнің негіздерін, шариғаттың қағидалары мен талаптарын, тамұқтың азабын, жұмақтың рахатын жəне басқа о дүниелік өмірдің көріністерін суреттейді» [9; 29] немесе «қазақ тілінде араб-парсы өмірінен (из арабско-персидской жизни) сыр шертетін əдебиет миссионерлік-діни əдебиеттің жалғасы болып табылады» [9; 29] деген дəйектеулердің біріншісі — А.Байтұрсыновтың «Əдебиет танытқышындағы» діндар дəуірдің үлгісі қисса болса, екіншісі — хикаят немесе нəзира дəстүрінде қазақ арасына кеңінен тараған шығыс классикалық əдебиетінің көрінісі деуге келеді. Х.Досмұхамедұлы еңбегінде сонымен қатар халық əдебиетінің болжал өлеңдер (предсказывательные песни), зар заман (скорбная поэзия) түрін теориялық тұрғыдан анықтауы əдебиеттегі ағым табиғатын байыптауға мүмкіндік береді. Зерттеуші «зар заман» деген атауды халық əдебиетінің түрі деп қарастырғанда оның тууын қоғамдық-саяси өмірмен байланыста алып, «ағым» ұғымының аясында зерделейді. Мысалы, «халық поэзиясының тағы бір соқталы түрі — зар заман (скорбная поэзия) мен толғау. Бұл өлеңдерде салт-сананың бұзылуы жырланады, халық өмірінің көне əдет-ғұрпы мен ескі салттарының құлдырауы, билер мен əкімдердің парақорлығы мен пəтуасыздығы, тұрмыс-тіршіліктің нашарлауы, мал санының азаюы мен халықтың жұтауы, жайылым-қоныстың тарылуы, қоныс аударушыларға шұрайлы жерлердің кесіліп берілуі, жердің тозуы, елдің азуы, аштық, жұт т.б. сөз болады; бұрынғы өткен өмір мен ескі салт-дəстүрлер мадақталып, кейінгі өзгерістерге зар айтылады.

Мұндай зар заман жырлары мен толғаулары аса көп жəне мазмұны жағынан алуан түрлі» [9; 23] деген анықтамадан отаршылдық дəуірдің тұтас шындығын жырлаған ұлт əдебиетінің ХV–ХІХ ғасырлар аралығы танылады. Х.Досмұхамедұлының «Қазақ халық əдебиеті» атты еңбегі қазақ əдебиетінің тарихын дəуірлеудегі ғылыми-зерттеушілік ой-пікірді оның ғылыми-əдіснамалық мəселелерін тың жүйе ұстанудағы ізденісімен жаңа өреге көтерді. ХV–ІХ ғасырлар аралығындағы ақындарды хронологиялық принципте жіктеп, жазба əдебиеттің бастауын айқындаудағы ізденістерге серпін берді. Алайда осындай бағыттағы тың зерттеулерге сол кезде өріс ала бастаған тұрпайы социологизмнің тигізген кереғар əсері болғанын да терістей алмаймыз. Сондай идеологиялық кедергілерге қарамастан, қазақ əдебиеттануындағы əдебиет тарихын зерттеу мəселесін дəуірлеумен тығыз сабақтастықта алу үрдісі өз табиғатынан ажырап кеткені жоқ.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Нұрғали Р. Қазақ əдебиетінің алтын ғасыры. — Астана: Күлтегін, 2002. — 23, 24-б.
  2. Байтұрсынов А. Ақ жол. — Алматы: Жалын, 1991. — 464 б.
  3. Əуезов М. Əдебиет тарихы. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 240 б.
  4. Қирабаев С. Ұлт тəуелсіздігі жəне əдебиет. — Алматы: Ғылым, 2001. — 236-б.
  5. Сыздықов К. Мұхтар Əуезов — əдебиет сыншысы. — Алматы: Ғылым, 1973. — 48-б.
  6. Омарұлы Б. Зар заман поэзиясы: Моногр. — Алматы: Білім, 2000. — 108-б.
  7. Мəдібай Қ. Зар заман ағымы: Оқу құралы. — Алматы: Қазақ ун-ті, 1997. — 168 б.
  8. Тілешов Е. Суреткер жəне көркемдік əдіс. — Алматы: Арқа, 2005. — 241-б.
  9. Досмұхаммедұлы Х. Аламан. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 176 б.

 

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.