Қарахандар дəуірі түркі əдеби мұраларында тұңғыш тəжірибе, ілкі ізденіс деңгейінде көрінетін түркі ақындарының көркемдік кемелдікке жеткен араб-парсы тілді поэзиямен бəсекелесуі Алтын Орда дəуірінде айрықша қарқын алып, түркі əдебиеті шығыстық көркемдік-эстетикалық əлемінің аясына енді, жаңаша бір арнаға бет түзеді. Аталмыш дəуірдегі осы жаңаша арнаның жарқын сипаттамасын профессор А.Қыраубайқызы былайша атап көрсетеді: «Араб халифатының қол астына кірген елдердің мəдениеті мен əдебиетінің бірыңғай əдеби дəстүрмен дамығандығы, ол əдеби дəстүрдің Шығыста, оның ішінде түркі халықтары əдебиетінде орнықты болғандығы сондай, халифат ыдырап, оларды монғолдар жаулап алған кезде де, сол халифаттар құрамындағы ру, ұлыстар жеке- жеке хандықтарға, мемлекеттерге бөлініп кеткеннен кейін де ұзақ уақыттар сақталды деуге болады. Сондықтан шығыс алыптары Фирдоуси, Низами, Сағди қалдырған жолдар түркі тілдес халықтар əдебиетіне етене жақын еді. Олардан қалған үлгі араб, парсы, түркі тілдерін бірдей білетін түркі ақындарына шеберлік мектебіндей болған» [1; 77–78].
Бұл шеберлік мектебінен шыққан, қай қырынан болса да шығыс үлгісіндегі түркі классикалық өлеңінің шынайы келбетін танытар тың тума шығарма — Хорезмидің «Мұхаббат-нама» поэмасы.
«Мұхаббат-наманың» əдебиетіміз бен тіліміздің көне үлгісі ретіндегі құндылығын ашып берген аса бағалы зерттеулер баршылық. Солардың ішінде А.Қыраубайқызының кеңестік дəуірдегі ғылыми методологияның көне мұраға деген кертартпа əдістерінің шектеуінен шығып, шеңберді бұзып, поэманың көркемдік табиғатын талдап, тың тұжырымдар жасауы, сөз жоқ, ерекше ескеруге тұрарлық еңбек.
Ғалым Хорезмидің «Мұхаббат-намасын» мазмұны жағынан мынадай бөлімдерге бөліп қарастырады.
- Кіріспе бөлім. Тəңірді мадақтау. Мұхаммед Хожабектің сипаты.
- Жігіттің сүйгеніне сезім, сырын білдіретін ғашықтық арнау өлеңдері.
- Дастанды аяқтау [2].
Поэманың бұлайша түзілуінің дəстүрлік негіздері де жоқ емес.
«Мұхаббат-нама» — сол кезеңдегі шығыс өлең дəстүрінің барша көркемдік дəрежесін бойына сіңірген үздік поэма. Сол себепті де шығарманың көркемдік табиғатын тереңірек танып-білу үшін теориялық талдау талпыныстарын шығыстық поэтикалық заңдылықтарға негіздеген абзал. Поэма авторы Хорезми сөзін алланың атын дəріптеп, аллаға сыйынудан бастайды. Бұл ежелгі əдебиетке тəн дəстүр. Əйгілі «Құтты білік», «Диуани-лұғат-ит түркі», «Хибат-үл Хақайық» т.б. шығармалардың тура осылай алла, тəңірі атымен ашылуы көне дəуір мұраларындағы берік поэтикалық заңдылықты мегзейді [3].
Жалпы классикалық түркі өлең дəстүрінде бұл мазмұн ерекше орынға ие болып, жеке өлең жанры деңгейіне де жеткен. Түркі поэзиясында алланың бірлігін, ұлылығын арқау еткен өлеңдерді тəуһид, Алладан медет тілеп, жалбарыну мазмұнды өлеңдерді мінажат деп атайды [4; 25]. Көбіне мəснауи өлең түрінде келетін тəуһид пен мінажаттың өзге өлең түрлерімен жазылған үлгілері де жеткілікті. Тəуһид пен мінажат қасиетті тақырып болғандықтан, көбіне ақын диуандарының (өлең жинақтарының) жəне көлемді шығармалардың басында орын алады. Хорезми де сөз басында дəстүр салған сара жолдан ауытқып кетпейді. Тəңірдің бар ұлылығын сипаттап, құдірет күшіне табынып, тəуһидін айтады. Алайда мінажатты поэманың басында емес, соңына таман береді. Алланың ұлылығына арналған тəуһид сөзінен кейін, ақын шығарманың жазылу себебін түсіндіріп, ғазал айтып, мадақ өлеңге көшеді. Мадақ өлең Мұхаммед Хожабек атты Алтын Орда бектерінің біріне арналған.
Ө.Күмісбаев, Ə.Дербісалин, Ө.Жармұхамедовтер «Мұхаббат-намадағы» мадақ өлеңді бүкіл Шығыс əдебиетінде атам заманнан өмір сүріп келе жатқан дəстүрлі поэзиялық түр» деп өте орынды атап көрсеткен. Ол шын мəнінде белгілі бір мемлекет билеушісі, хан падишасы, уəзір жəне дінбасыларды мадақтап, дəріптеуге арналған мəдхия өлең шығыс поэзиясында көлемді туындылардың ажырамас бөлігіне айналған [1; 278].
Əйгілі араб-парсы ақындарының көлемді туындыларын өз кезеңіндегі ел билеушілерге тарту етіп, оларға мадақ өлең арнағанын былай қойғанда, түркі классикалық поэзиясының «Мұхаббат- намаға» дейінгі үлгілері «Құтты біліктің», Сатұқ Бұғраханға, «Ақиқаттар сыйының» Ыспахсалар деген бекке тарту етілуі мадақ өлеңнің дəстүрлілігін дəлелдей түседі.
Сондықтан да Хорезмидің «Мұхаббат-намасының» алланың атымен басталып, Мұхамед Хожабек билеушіге арналған мадақ өлеңмен жалғасуын түркі классикалық өлең дəстүріне тəн басты композициялық шарттылықтардың бірі деп ұққан абзал. «Мұхаббат-нама» — жанрлық түрі жағынан мəснəуи поэма. Мəснауи (мəсневи — араб сөзі, қосарланған деген мағынада) араб-парсы, түркі тілді əдебиеттердегі қос тармақты шумақ қолданылатын өлең түрі [5; 138]. Əйгілі Фирдоусидің «Шахнамасы», Низамидің «Хамсасы», түркі əдебиетінде «Құтты білік» те мəснəуи түрінде жазылған. Құтыптың «Хұсрау-Шырыны», Əлішер Науаидің «Хамсасы», Физулидің бірнеше поэмасы мəснəуи түрінде жазылған. Мəснауи өзара ұйқасып келетін қос тармақты өлең деген мағынада да, осы үлгідегі жазылған өлеңнің жанрлық түрі деген мағынада да қолданылады [5; 138]. Жанрлық түр ретінде мəснəуи поэмалардың өзіне тəн композициялық құрылымы бар. Мəснауи поэмаларда автор бірден негізгі тақырыпты толғамайды. Түрік ғалымы Жем Дилчиннің «Түркі өлеңінің табиғаты» атты еңбегінде мəснауидің мынандай негізгі бөлімдері көрсетіледі:
- Тəуһид (Алланың ұлылығын сипаттап, бірілігін дəріптеу).
- Мінажат (Алладан медет тілеп, жалбарыну).
- На`т (Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларына арнау өлең).
- Мəдһия (шығарма тарту етілген кісіге арналған мадақ сөз).
- Себеб-и Телиф, немесе Себеб-и Китаб (шығарманың жазылу себебін түсіндіру).
- Ағаз-ы Дастан (бұл бөлімде автор поэманың негізгі тақырыбына енеді).
- Хатиме (Қорытынды сөз. Бұл бөлімде шығарманың жазылып біткен кезеңі көрсетіліп, автордың аты жəне қорытынды сөз айтылады) [4; 168–174].
Біз қарастырып отырған «Мұхаббат-нама» поэмасының композициялық түзілімінің мəснауи жанрына тəн осы жүйеге сəйкестігін аңғару қиын емес. Поэма «Тəуһид» (1–19 бəйіттер), «Мінажат» (425 бəйіттен 432 бəйітке дейін), «Мəдһия» (64 бəйіттен — 89 бəйітке дейін). «Себеб-и Телиф» (33 бəйіттен 40 бəйітке дейін), «Ағаз-ы Дастан» (96 бəйіттен 102 бəйіт кедейін) бөлімдерінің тақырыптық жүгін көтерер бірнеше бөлімдерге жіктелген. «Мұхаббат-намада» мінажат поэманың басында емес, соңына қарай орын алған. Сондай-ақ ақын шығарманың жазылу себебін түсіндіргенде бұл бөлімді
«Себеб-и Телиф» деп атамай, сөзді «Байани вақый`ин айтур» деп бастайды. Негізгі тақырыпқа енетін
7 бəйіттік бөлім (96 бəйіттен 102 бəйітке дейін) де «Васфи-л-хал айтур» деген атаумен берілген.
Бұл бөлімдер атаулары басқаша болғанымен негізгі тақырыптық жəне мазмұндық сипатынан ажырамайды. Ақын «Байаны вақый`ин айтур» атты бөлімде өзінің мұншалықты көлемді дастанды жазуына билеуші Мұхаммед Хожабектің өтініші түрткі болғандығын айтады.
Тəбəссум қылды айды: ей фəлани Кетиргүн бизга лайық армағаны
Аудармасы:
Жымиып күлді де айтты: ей, пəленшеке Келтіргін сыйыңды бізге лайық, —
деген бəйіт жолдарымен түсіндірсе, «Васфи-л-хал айтур» бөлімінде
Мұхаммед Хожа-бек мəдһин түгəттим Мұхаббат-намəни бүнйад еттим
Аудармасы:
Мұхамед Хожа-бекті мақтап біттім, Мұхаббат-наманы жазуға кірістім, —
деп бұдан кейін негізгі тақырыпқа көшіп, алғашқы намасын айтады. Поэмада Пайғамбарлар мен сахабаларды мадақтауға арналған арнайы «На`т» бөлімі болмаса да ақын бірінші бөлімнің («Тəуһид» бөлімінде) соңғы бəйіттерінде (13–18 бəйіттер) алланың ұлылығын сипаттай отырып, Сүлеймен, Мұса, Иүсуф, Əйиуб, Ыбрахим, Иса, Мұхаммед пайғамбарларға алла тағала дарытқан ғажайып қасиеттерді дəріптейді. Ал енді автор поэманың «Хатимату-л китаб», немесе «Хатимə», бөлімінде мəснауи жанрының талабына сай мынандай жолдар арқылы шығарманың дүниеге келген жерін, жазылған жылын көрсетіп, өз атын атап қорытынды сөз айтады.
Мухаббəт-намə сөзин мунда биттим.
Қамуғын Сыр йəкасында битидим
(«Мұхаббат-нама», 437-бəйіт)
Аудармасы:
«Мұхаббат-нама» сөзін мұнда біттім,
Баршасын Сыр жағасында жаздым.
Ақын поэма бөлімдерін қалай атаса да, бұл бөлімдердің ішкі мазмұны мен шығармада орналасу тəртібі жоғарыда көрсетілген мəснауи жанрына тəн композициялық түзіліміне сəйкеседі.
Мəснауидың жанр ретіндегі сипаты ең алдымен оның сыртқы құрылымдық ерекшеліктері арқылы айқындалады. Əр бəйіттің қос тармағының өзара ұйқасып келуі (аа-əə-бб түрінде), аруз өлшемінің қысқа қалыптарымен жазылуы жəне өзіне тəн басқа жанрларда қайталанбас композициялық құрылымы — мəснауидің жанрлық табиғатын танытатын басты белгілері. Шығыста дəстүрді сақтаудың маңыздылығы өз алдына жалпы «ерте дəуір əдебиетінде өлеңнің өлшемі, тармақ түзілімі, қандай да бір сөз саптау конструкциясы мен құрылымдық принциптерге арқа сүйеу жанрды жасайтын негізгі белгілер болған» [6]. Сондықтан дəстүрлі жанрлардың өзіндік қатаң құрылымы бар. Араларында құрылымдық айырмашылықтары айқын əр жанрдың дəстүрден туындаған белгілі бір нормалары мен қағидалары шығарма авторының еркін өзіне тəуелді етіп алады. Белгілі ғалым М.М.Бахтиннің сөзімен айтсақ, бұл «жанрлық канон», яғни қалыпты тұрақты жанрлық белгілердің өзіндік жүйесі» [7; 452].
Ендеше, орта ғасырлық мұсылман шығыс əдебиеттерінде кеңінен тараған мəснауи жанрының өзгермес композициялық түзілімі əдебиеттегі дəстүр жалғастығының көрінісі ғана емес, сонымен қатар тұрақты тəртіп, қалыпты қағидаға негізделген жанрлық канон. Сөзіміздің айғағы ретінде Алтын Орда дəуірінде Құтып ақынның қаламынан туған тағы бір тамаша туынды «Хұсрау-Шырын» мəснауи поэмасының композициялық түзілімін «Мұхаббат-намамен» салыстырып көрейік.
«Хұсрау-Шырын» поэмасының басында Құтып ақын 13 бəйіттік алғы сөзден кейін «аллахум тағалланың тəуһидін айур» деген атаумен поэманың тəуһид бөлімінде, яғни, алланың ұлылығы мен бірлігін дəріптеуге кіріседі.
Иди аты бирле башла сөзүңни
Ким ол бар қылды йоқтын бу өзүңни (180-бəйіт)
Улуғ тəңри ким ажунны йаратты
Тутуп бик иірни көклеріни төретти (181-бəйіт).
Жолма-жол аудармасы:
Ие атымен баста сөзіңді
Сол ғой бар қылған жоқтан өзіңді
Ұлы тəңрі дүниені жаратты
Алып күшімен жерді, көкті жаратты.
Ескертпе. Аударма автордікі.Ие деген сөз жаратушы ие, алла деген мағынада.
Құтыптың «Хұсрау-Шырыны» «Мұхаббат-намаға» қарағанда əлдеқайда көлемді мəснауи.
«Мұхаббат-наманың» жалпы көлемі парсыша бөлімдерін қосып есептегенде не бəрі 473 бəйіт болса,«Хұсрау-Шырын» 4370 бəйіттен тұратын аса көлемді туынды. Сол себепті де «Хұсрау-Шырынның»«Тəуһид» бөлімі «Мұхаббат-наманыкінен» əлдеқайда ұзақ.
Құтып шығармасының бөлімдері мынадай:
- Ефлак һарекатының сөзі. (Дүние қозғалысы жайлы сөз).
- Тəңрі тағалланың мінажаты. (Алладан медет тілеп, мінажат етіп жалбарыну).
- Расул алеиһис-селам на`ты. (Мұхаммед пайғамбарды дəріптеуге арналған бөлім).
- Расул алеиһис-селам төрт йари өгдиси. (Мұхаммед пайғамбардың төрт сахабасы Əбубəкір, Осман, Омар, Əлілерді мадақтауға арналған өлең).
- Шаһ-заде Тыныбек хан медһи. (Ақын шығармасын ұсынып отырған Ақ Орда бегі Тыныбек ханға арналған мадақ сөз).
- Мəлике-и мерхуме хан мəлик медхи. (Тыныбек хан жұбайы Мəликанің мадағы).
- Китаб назм қылмаққа себеб бəйан айур. (Кітапты жазуға себеп болған оқиғаны айту. Яғни шығарманың жазу себебін түсіндіріп, негізгі тақырыпқа ену).
- «Хұсрау-Шырын» хикаятының əууели. («Хұсрау-Шырын» хикаясының басы).
Міне, поэманың негізгі тақырыбына дейінгі тараулардың құрылымы осындай. Бұдан кейін ақын жетпіс тоғыз бөлімнен тұратын «Хұсрау-Шырын» хикаясын, яғни поэманың негізгі сюжетін, Низами нұсқасы бойынша баяндайды.
Құтып ақын Хұсрау мен Шырынның хиқаясын баяндап болған соң, поэманың ең соңында «Ниче сөз хатимет кітапда айтур ұстад» деген бөліммен қорытынды сөзін айтып, поэманың жазылған жылы мен күнін білдіреді.
Тарих ити йуз йыл сексен бешинде
Сафер айының иігірми бешинде (458-бəйіт)
Иол ұзрə ни болса битидим китаб.
Хатымны заиф тип қылмағыл итаб (459-бəйіт).
Жолма-жол аудармасы:
Тарих жеті жүз сексен бесінші жыл
Сафер айының жиырма бесінде.
Жол үстінде болсам да кітапты жаздым.
Жазғанымды нашар деп сөкпегін. (Аударма автордікі).
Барлық тараулар «Мұхаббат-намадағыдай» мəснауи жанрының тəртібімен түзілген. Бірақ «Ефлақ Һарекатының сөзі» деп басталатын екінші бөлім «Мұхаббат-намада» жоқ. Бұл бөлімде Құтып ақын ғалам бітімі, адам тағдыры, жазмыш жайлы ой толғап, алланың шексіз күш құдіретіне бас иеді. Яғни автор бұл тақырыптарды жеке бөлім етіп алғанымен, бұл бөлім мазмұндық жағынан алдындағы тəуһид бөлімімен желі жалғастырған бүтіннің бөлшегі іспетті. Тағы бір өзгешелік, Құтып алланың атына мінажатты Хорезми секілді шығарманың соңына таман емес, басында тəуһид бөлімінен кейін айтады. «Мұхаббат-нама» көлемі жағынан «Хұсрау-Шырыннан» бірнеше есе қысқарақ болғандықтан, Хорезми мəснауи поэмаларда болуға тиісті пайғамбар мен сахабаларын мадақтауға арналған «На`тты» арнайы бөлім қылмай, алланың аты дəріптелетін «Тəуһид» бөліміне кіріктіріп жіберген. Əрине, бұлардың бəрі мəснауидың негізгі түзіліміне нұқсан келтірмейтін шартты түрдегі өзгешеліктер ғана. Шығармаларының көлемдері мен тақырыптары əрқилы болса да, екі ақынды мəснауи жанрына тəн композициялық қағидалардан аса алшақтамай сол дəуірдегі дəстүрлі поэзияның қыр-сырын жетік меңгерген шебер шығармашылар екендіктерін танытады.
Жалпы алғанда мəснауи жанрының тақырыбы өте кең. Мəснауи жанрында жазылған шығармаларға негізінен махаббат, дін жəне сопылық ілім, үгіт-насихат, ерлік, сұлулық жəне əр түрлі сатиралық тақырыптар арқау бола алады. Бір жанр үлгісінде жазылса да «Мұхаббат-нама» мен «Хұсрау-Шырын» мəснауи поэмаларының тақырыптық табиғаты, мазмұндық сипаттары бір-бірінен өзгешеленеді. «Мұхаббат-нама» — ғашықтық жайын, махаббаттың мың қатпар сырын толғайтын, ақынның немесе ғашық жанның жүрек тебіреністерінің терең иірімдерін, хас сұлудың бар қасиеттерін өлең тілімен сипаттайтын таза лирикалық шығарма. Поэмада қандай да бір сюжет жоқ. Негізгі бөлім саналатын ақын намалары мен ғазал өлеңдерде махаббат мехнатын тартқан сұлуға ғашық жігіттің сезім күйі суреттеледі. Ал енді Құтыптың мəснауи поэмасы — сюжетті шығарма. Бұл поэма əйгілі парсы тілді ақын Низамидің «Хұсрау-Шырын» атты мəснауи поэмасына жазылған нəзира. Автор алып поэманың түркіше аударма нəзирасын Алтын Орданың билеушісі Тыныбек хан мен оның жұбайы Мəликə ханшаның құрметіне жазып, ұсынады. Шығарманың басындағы «Тəуһид», «На`т», «Мəдһия», «Себеб-и Телиф» бөлімдерін тура Низами үлгісіндей емес, өзінше жырлаған ақын негізгі бөлімде «Хұсрау-Шырын» хикаясының сюжеттік құрылымын толықтай сақтап, Низами үлгісінен ауытқымайды [7; 7]. Алайда Низами поэмасы 5700 бəйіттен тұрса, Құтыптың «Хұсрау- Шырыны» 4370 бəйіттен түзілген. Яғни шығарманың Низами нұсқасы мен Құтып жазған нəзирасының арасында 1300 бəйіттік айырмашылық бар. Поэманы алғаш зерттеуші ғалымдардың бірі поляк ғалымы А.Заянчковский оны өз дəуіріндегі ерекше əдеби мұра деп бағалаған болатын. Құтып поэмасының əдеби сипаты төңірегінде пікір айтқан А.Э.Бертельс, Əмір Нəжіп, Нəжімеддин Каджыеминоғлу сияқты ғалымдар шығарманы жолма-жол аударма емес, көркем аударма немесе жартылай төл туынды деп бағалайды.
Поэманың тілдік ерекшеліктерін зерттеп, ғылыми сөздігін əзірлеген А.Ибатов еңбегінің алғы сөзінде шығыс əдебиетіне кеңінен тараған «Хұсрау-Шырын», «Фархад-Шырын» аңыздары негізінде парсы түркі тілінде жазылған поэмалар жөнінде кең мағлұмат береді [8]. Шынында да парсы тілін былай қойғанда түркі тілінде жазылған «Хұсрау-Шырын» поэмалары өте көп. Бірақ солардың ішіндегі ең алғашқысы — Құтыптың поэмасы. Ендеше Құтып ақынның «Хұсрау-Шырыны» түркі тілді поэзиядағы қаламға алынған «Хұсрау-Шырындардың» тұңғыш үлгісі болғандықтан да, түркі халықтары əдебиеті тарихында да алар орны ерекше, аса құнды туынды. Поэма бөлімдерінің мəснəуи поэма тəртібі бойынша түзілгенін жоғарыда атап көрсеттік. Сонымен қатар мəснауидің тек жанр ғана емес, өлең түрі екендігі де белгілі [5; 240]. Мəснауидің ең басты жанрлық көрсеткіш белгілерінің бірі — өлең формасы. Ұйқас жүйесі мен өлшем өрнегі өлең түрі ретінде мəснауи қос тармағы өзара ұйқасып келетін бəйіттерден түзіледі (аа-əə-бб-вв). Шығыс өлең дəстүріндегі ғазал, қасида, қыит`а, рубаи жəне тағы басқа өлең түрлерімен салыстырғанда мəснауи көлемді шығармалар жазуға аса қолайлы өлең түрі болып саналады [9]. Мəселен, ғазал мен қасида өлеңде əр бəйіттің екінші тармағы алғашқы бəйітпен ұйқасуға тиіс (аа-əа-ба-ва-га-аа түрінде) жəне бұл ғазал мен қасиданың соңғы бəйітіне дейін сақталуы керек. Ал мəснауиде болса, əр бəйіттің екі тармағы өзара ұйқасып, бəйіттер ұйқас жағынан бір-біріне тəуелсіз болады да, бұл жүйе ақынға əр бəйітте ұйқас жаңарту мүмкіндігімен өлең түзу еркіндігін туғызады. Құтыптың «Хұсрау-Шырыны» бастан-аяқ мəснауи өлең түрінде түзіліп, 4370 бəйіттік поэмадағы əр бəйіттің қос тармағы өзара ұйқасады. Ішіндегі ғазал, қыит`а өлеңдерді қоспағанда Хорезмидің «Мұхаббат-намасы» да мəснауи ұйқас жүйесімен жазылған. Ерекше назар аударатын нəрсе Хорезми 11 намадан тұратын негізгі бөлімді əр наманың алдында арнайы мəснауи деп атап осы түрмен үш немесе төрт бəйіттік өлең беріп отырады. Əр наманың алдында айтылатын үш бəйіттік мəснауилердің мазмұндық сипаттары да біркелкі. Тіпті кейбір бəйіттері келесі намалардың алдындағы мəснауи өлеңдерде айна қатесіз қайталанады.
Мəснауи
Кел, ей сақы, кетургил жами Жəмни,
Кишинің көңлидин мəй йувур ғəмни.
Ким ашты көкке ахым итирахы,
Күйүрди көңлуми дилбəр фирахы.
Сабурдин йақши йоқ тур пишə қылсам,
Бу йолда йоқ сабр əндишə қылсам.
Ақын шарап таратушы сақыға сырын айтып, «шарап əкел, көңіл мұңын жуатын мəй ғана» дейді. Сезім сергелдеңіне сабырының сарқылғанын айтады. Əр наманың алдындағы осы сарында айтылатын арнайы мəснауи өлеңдер ғашықтық намаларының кіріспе сөзі іспетті. Ғашықтық намалары үш-төрт бəйіттік мəснауи өлеңдерден кейін формалық жағынан тура сол үлгіде қос тармақты ұйқас жүйесімен жалғасады. Бұлайша əр наманың басын мəснауи өлеңмен нақыштау Хорезми ақынның өзіндік тың тəсілі, авторлық айқын ізденісі, жаңашылдық қырын танытар талпынысы деп қарастыруға болады.
Əдебиеттер тізімі
- Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. — Алматы: Мектеп, 1988. — 163 б.Қыраубаева А. «Қысас Рабғузи», «Мұхаббат-нама» — идеялық-көркемдік ерекшеліктері: Филол. ғыл. канд. ...дис. —Алматы: ҚазМУ, 1974. — 151-б.
- Егеубаева А. Ежелгі дəуірдегі қазақ əдебиетінің көркемдік жүйесі. — Алматы: Айкос, 1999. — 65-б.
- Cem Dilcin orneklerle Turk Siir Bilgisi. — Ankara: TDK, 1997. — 529
- Əдебиеттану терминдерінің сөздігі. — Алматы: Ана тілі, 1996. — 240 б.
- Хализев В.Е. Теория литературы. — М.: Высш. шк., 2000. — С.
- Бахтин М.М. Вопросы литературы и эстетики. — М.: Худ. лит., 1974. — 500 с.
- Ибатов А. Құтыптың «Хұсрау уа Шырын» поэмасының сөздігі.(ХІІ ғ.). — Алматы: Ғылым, 1974. — 5, 6-б.
- Necmeddin Hacieminoglu. Kutbun Husrev u Sirini ve Dil Hususiyetleri. — Ankara: TDK, 2000. — S.