С.Мұқановтың поэзиялық мұралары — қазақ поэзиясындағы өзінше бір көркемдік əлемді қалыптастырған үлкен бір белес. Бұлайша бағалауымызға С.Мұқанов өлеңдерінің тілі, ондағы көріктеу құралдарының қолданылу ерекшеліктері негіз болады. Мақаланың мақсаты да — жазушы қолданған көркемдік əдіс-тəсілдерді оның поэмалары мен өлеңдері негізінде толық ашып көрсетуге талпыныс жасау. «Жазушының дүниені ерекше көркем түсінуі, сезінуі, оның көркемдік əдісі міндетті түрде оның шығармасында көрініс табады» [1]. Осы орайда С.Мұқанов ұлттық сөз өнерін терең игерген ақын ретінде де танылады. Қазақ халқының дəстүрлі сөз қолданыстарымен армансыз сусындаған академик-жазушы өзінің поэзиялық шығармаларында соларды дамыта, түрлендіре, өзіндік бет- келбетімен қолданған.
Сəбит өлеңдеріндегі көріктеу құралдарының ең бастысы — метафора (ауысу), олардың авторлық-жекелік түрлері. Жазушы шығармаларында қазақ танымындағы дəстүрлі ұқсатулар (ассоциациялар) мол орын алған.
Метафора (грекше metapnora — қазақша «ауысу») — сыртқы не ішкі белгілеріндегі (тұлғасындағы, атқаратын қызметіндегі т.б.) ұқсастыққа қарап, бір зат атауының басқа бір затқа атау болуына байланысты сөз мағынасының ауысуы. Ал ауысу (немесе балау) екі түрлі қызмет атқарады: көркем сөз тудыру жəне заттар мен құбылыстардың атауларын қайта атау. Осыған орай тілтанымдық əдебиеттерде метафора мəселесі көркемдік амал, екінші атау құралы ретінде түрлі жағынан қарастырылады. Соңғы уақытта тілде бұрыннан өмір сүретін мағынаның негізінде танымдық мəні бар жаңа концептілер жасау мақсатында ғаламның тілдік бейнесін айқындау үшін пайдаланылып жүр. Қалай болғанда да, метафора — көркем сөздің, соның ішінде поэзияның негізгі көрсеткіші, ол автордың ғаламды өзіндік тануының құралы ретінде пайдаланылады.
С.Мұқанов туындыларындағы метафоралық қолданыстарда бір нəрсені екіншісіне балап немесе өзара мəндес құбылыстарды ұқсатып қана қоймай, бейнелі сурет беріледі. Айталық, қазақы тұрмыс- тіршілікті, мыңғырған малды жазушы былай суреттейді:
Төрт түлік мал өргенде құрттай қайнап,
Құмырсқадай қыбырлап жапқан жерді...
Түйелері түздерде бота тауып,
Қойы жүрген жерінен қозы терді.
(«Сұлушаш»)
Өлең жолдарында «қой көп төлдеді» мағынасында Қойы жүрген жерінен қозы терді деп жазушы өте əдемі келтіреді. Əдетте «бір нəрсені жинау» жəне «аз-аздан жинау» мағынасындағы «теру» етістігі (мысалы, гүл теру) берілген шумақта өзгеше семантикалық реңкке (көбею) ие болған, яғни «амал-əрекет» мəнінен «өсіп-өну» мəніне қарай мағына ауысқан. Бұны жазушының тілді жұмсау лабораториясындағы өзіндік қолтаңбасы демеске лажың жоқ. Енді бір мəн мəтінде жеке алғанда «теру» етістігі тура мағынасында жұмсалады:
Сұлушаш бала еді аз жыл бұрын,
Балалық өмірдің жай терген гүлін.
(Сонда)
Сонымен бірге Балалық өмірдің жай терген гүлін деген жолдардың мағыналық түсіндірмесі тұтасымен «алаңсыз, уайым-қайғысыз балалық шақты» суреттейді. Екі мысалда да өмірге көркемдік көзбен қарау бар. Көз алдымызға қазақ өмірінің шынайы суреті келеді. Ақын сөзді ауыспалы мағынада қолданудың ерекшеліктерін жете түсінген.
Классик-жазушымыздың өзіндік қолданысын паш ететін өзге де метафоралық үлгілерді поэзиясынан көптеп кездестіруге болады. Бір-екі мысал:
Шөп таусылып, болып қалды,
Көтерем «бақыт» қонып қалды...
(«Шоқпыттың шаруасы»)
Жері азат, елі азат, кені азат,
Ол еңбектің даласы жатқан жалпақ.
(«Қарақалпақ»)
Алғашқысында жазушы халық тілінде малға қатысты қолданылатын «көтерем» сөзін дерексіз ұғыммен (бақыт) тіркестіру арқылы жаңа сөз өрнегін жасайды. Автор жағымсыз мəндегі
«бақытсыздық» сөзін қолданудан қаша отырып, тың ұғым тудырған. Сондай-ақ «келіп қалды» етістігін «қонып қалды» етістігімен алмастыру арқылы астарлы ой түзеді. Келесі мысалдағы еңбектің даласы метафоралық қолданысы да сол жолдарға жарасымды нəр беріп тұр.
Ақын тіліндегі метафоралар семантикалық уəжділігі жағынан мынадай тəсілдердің негізінде жасалған.
Екі түрлі нəрсенің (олар өзара іргелес, ұқсас немесе қарама-қарсы, кейде мүлде қатысы жоқ болып келеді) қатар алынып, бір нүктеде ұштастырылып берілуі. Мысалы:
Сөзім — оқ, үнім — найза –
Түйреп қасты,
Даусымды арпалысқан күрес ашты.
(«Майға сəлем»)
Бұл жолдарда «оқ», «найза» сөздері арқылы сөздің күші, құдіреті түсіндіріліп тұр. Əдетте қазақ «Айтылған сөз атылған оқпен тең» дейді. Сөздің осындай қару аттарына теңелуі оның қаншалықты күштілігін, тыңдаушыға орасан ықпалын (оқ қарсыласын жаралап, əуелі қазаға ұшыратуы мүмкін, сөздің де əсері солай) көрсетеді. Екі субъект (сөз жəне үн) қатар алынып, салыстырылған, метафора параллельдік салыстыру арқылы жасалып тұр. Сол сияқты келесі жолдағы дауыс пен күрес сөздерінің тура мəнінде бір-біріне ешқандай қатысы жоқ, алайда осы жолдардың мазмұндық бірлікте келуі арқылы образды ой айтылған. Мағыналық жағынан «күрес арқылы теңдікке, сөз бостандығына жетуге болатындығы» түсіндіріледі.
Ақын өлеңдеріндегі сұм үміт, ой ұшы, үміттің тілі, тұрмыс тоны, мектеп — білім егіні т.б. көптеген метафораланулар осындай семантикалық уəжділік негізінде жасалған.
...Үмітті ойы алдына алыс жатыр,
Көздеген мақсаттары тұмандады,
Сұм үміт сұп-сұр болып елес беріп,
Көктің бір қиырында қылаңдады...
Көп ойлап ой ұшынан шыға алмады,
Үміттің тілі ауыр, сөзі қиын...
(«Сұлушаш») Сұм өмір сенен рақат табам деп ем!...
Сұм өмір сенен кəусар ішем деп ем!
Тұрмыс тонын өзімше пішем деп ем...
(Сонда)
Дерексіз ұғым нақты зат, құбылыс, іс-əрекет арқылы баламаланады. Мысалы:
Жылымады, көлдің де жүрегі тас,
Боп шықты алла да қас, сайтан да қас.
(Сонда) Жылы жаздың мейірі ағаштарға
Сылдыраған, төгілген шолпы тақты.
(Сонда)
Қатыгездік — көлдің де жүрегі тас, мейірімділік, қайырымдылық жаздың мейірі қолданыстарымен берілген.
Метафоралық құрылымдарда окказионал құбылыстардың шынайыланып алыптасуы аңғарылады. Мысал ретінде ілгеріде келтірген көтерем бақыт, тұрмыс тоны т.т. тəрізді семантикалық үйлесімділігі сəйкеспейтін сөздердің тіркесуі арқылы жасалған қолданыстарды жатқызамыз.
Символ сөздер де метафораланып, ұлттық поэзиядағы көркемдік жетістік ретінде көрінеді.
Сарғыл түсті Сарыарқа,
Сүреңі жоқ кең алқа
Қызыл арқа атанды.
Жасадық жаңа Отанды.
Сарғаю енді болмайды.
(«Қызыл Арқа»)
Қызартып, нұрлы күнге шағылдырып,
Тоқуға қызыл жұлдыз қандай шебер!
(«Əжем»).
Қызыл сөзі — Сəбиттің тілінде жақсылықтың, жаңаның нышаны. Сары — сүреңсіздіктің, қараңғылықтың белгісі. Қара түспен ақын бұрынғы кеңес өкіметі толық орнағанға дейін үстемдік құрған уақытша өкіметті (Колчак үстемдігі) бейнелейді:
Басылып сарғайғанда қоңырланды,
Қара бұлт қатулана тамырланды,
Ол ол ма, əйдік үлкен қара шырма,
Біржола қараңғы ғып орап алды.
(«Шығар күнді»).
Символикалық реңкке ие болған сөздің бірі — қара үй тіркесі. Қара үй — қазақтың ежелден келе жатқан қара шаңырағы іспетті. Өзгешелігі қара шаңырақ — салтанаты мол бақуатты үйге де, іргесінен суық үрлеген кедей-кепшіктің жұпыны үйіне де қатысты «ұшқан ұя, тəрбие алған үй» мағынасында қолданылатын болса, қара үй — жоқшылық, кедейлік арылмаған кедей қауымының қарапайым үйі. Қара үй — теңсіздіктің, кедейліктің символы. Қараңыз:
Қайғы, мұңның құрдасы болған қара үй,
Сел болған көз жасына толған қара үй,
Албастыдай қайғының қара бұлты,
Үстін баса орнығып қонған қара үй,
Жерден қазған зындандай бой жаздырмай,
Пана қылған қу шөптей солған қара үй...
(«Сұлушаш»).
Ақ — тоқшылықтың белгісі, оны мына жолдардан байқаймыз: Ақ майға томпаңдатып толтырды ұртты... Əдебиетші-ғалым Қ.Байтанасованың пікірінше, Темірқазық жұлдызын ақын символикалық мəнде жұмсаған: Темірқазық — бағдар беруші жұлдыз ғана емес, ер, батыр бейнесіне, адам образына баланады [2].
Теңеу, салыстыру мəнді метафораларда кең қолданыс тапты. Мысалы:
Уайым — дауыл, адам — үй, соққанда ол
Жыққызбайтын ығында ақыл тіреу...
(«Сұлушаш»)
Азуы алмас, тілі у,
Арам көңіл, ала ту,
Кең жемсаулы, кең қарын...
(«Қызыл Арқа»).
С.Мұқанов тіліндегі теңеулердің пайдалунуы қазақ тіліндегі бұрыннан келе жатқан дəстүрлі қолданыстармен сабақтас. Олай болуы табиғи құбылыс. Ауыз əдебиеті нұсқаларын жаттап өскен Сəбең қазақтың ауызша жəне жазба поэзиясының көркемдік ерекшеліктерін, қыр-сырын терең меңгерген.
«Теңеу дегеніміз — ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы нəрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нəрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан танытатын əрі стильдік тəсіл, əрі таным құралы» [3; 387-б.]. Теңеуді арнайы зерттеген Т.Қоңыров олардың жасалуының 10 түрлі тəсілін көрсетеді [3]. Сол тəсілдердің ең өнімділері Сəбит тілінде кездеседі.
1) –дай/ -дей, -тай/ -тей жұрнақтарының көмегімен жасалған теңеулер:
Күн-күн санап толқыды туған айдай,
Қап-қара көз, қыр мұрын, қасқа маңдай,
Қаз мойынды, кең иық, сұлу тұлға
Тіп-тік боп тауда өскен қарағайдай.
(«Сұлушаш»)
Тамағы торғындай боп тартты күнді,
Қып-қызыл, жұқа ерін оймақ ауыз,
Қиылып құмырсқадай белі үзілді.
(Сонда)
...Бұлақтай жасы саулап тұрды жылап...
(Сонда)
2) бейне жəне секілді, сияқты, тəрізді, іспетті, сықылды сөздерінің көмегімен жасалады:
Қиядан іздеп тапты оның көрін,
Моласы бейне тастан өрген өрім.
Тау басында тостаған секілденген
Жылыжұрт дейді екен оның көлін.
(«Сұлушаш»)
Тоты құстай түледі,
Күн сықылды күледі...
(«Қызғалдақ»)
Сандықтас төрт бұрышты бір биік құз
Тасы бейне сырғанақ жып-жылтыр мұз...
(«Сұлушаш»);
3) ұқсас, ұқсайды сөзінің көмегімен жасалады:
Өткен өмір ұқсайды соққан желге,
Оны еске аламыз — тап та, мен де...
(«Сұлушаш»);
4) шығыс септігі жалғауының (-нан/-нен, -дан/-ден, -тан/-тен) көмегімен жасалады: Судан ақ, күннен зор т.б.
Сəбит поэзиясында параллельдік салыстырулар қолданылады. Параллелизм ұқсас, қатар құбылыстарды салыстырып не салғастыра келіп, үшінші бір құбылысты ойдың түйінді қорытындысы ретінде береді. Бұл көркемдік құралдың қазақ поэзиясында ежелден келе жатқан тарихы бар. Айталық, жыраулар поэзиясында «өмір мен табиғат құбылыстарына қоғам мен адамдардың іс-əрекет, мінез-құлқын шендестіре отырып параллельдер түзу жəне ол параллельді тұжырым етіп ұсыну» [4] дəстүрлі амал ретінде қолданған. Осындай параллельдердің С.Мұқанов қолданысында да барлығы көрінеді. Мысалы:
Қанын ішкен батырмын, талай сендей
Өлер жерін білмейтін есуастың.
Шұнақ құл, кімді тең боп басынасың,
Сен шалшықсың, мен өзен қатты тасқын!
(«Сұлушаш»)
Бұл жолдарда салыстыру үшін алынған параллель бірліктер: батыр — есуас, шалшық — тасқын өзен.
Табиғат құбылыстары тəрізді жалпы жансыз заттарға адамның қылығын теліген суреттер де мол (кейіптеу). Солармен ақын тілдеседі, жанын күйзеген əлдебір сұрақтарға жауап іздейді. Ақынмен сөйлесуші тараптар: қалам, сия, ақынның қолы, миы, көңілі т.т.
Қаламым, саған риза емен,
Оқтай болып ақпасаң,
Сиям, саған риза емен,
Осы жолы қағазда,
Тізіліп сөз боп жатпасаң.
Қолым, саған риза емен,
Бөгелмей, аттай шаппасаң,
Миым, саған риза емен,
Мүлтіксіз сөз таппасаң...
(«Сырласу»)
Көңілім, мұнша қамықтың,
Əр нəрсені ойға сап.
Не нəрседен тарықтың?
Осыншама ойда қап.
Бірақ саған кінə жоқ,
Неге бүйттің деуге де...
(«Көңілім»)
Суреткер шеберлігінің танылар жері, образ дəлдігі мен бейнелілігінің көрінер тұсының бір кепілі эпитеттермен байланысты екендігі белгілі. Жарқын бейне, айқын эпитеттер образды көркем де бейнелі, нақты да терең сезінуге əкеледі.
А.Байтұрсынұлы бір нəрсені көптен айырып, көзге көбірек түсерлік етіп айтқымыз келгенде, ол нəрсенің атына айқын көрсеткендей, сөз қосып айтамыз деп, оны айқындау деген терминмен атайды. Айқындаудың өзін тек айқындау, көріктеу деп екіге бөледі: «Бұл күнде қызыл тіл, алтайы түлкі, ақ сұңқар дегенде «қызыл», «алтай», «ақ» деген сөздерді көбінесе көркейту үшін жұмсаймыз. Сондықтан айқындаудың бұл түрі көркею деп айтылады» [5], — деп жазады.
С.Мұқанов өлеңдерінде эпитеттің қай түрі болмасын жиі қолданылады. Олардың барлығын талдау бір мақаланың көлеміне сыймайтындықтан, мысалдар келтірумен шектелеміз.
Сылдыр су, сыбырлақ жел, жылтыр көк тас,
Алтын күн, сұрланған бұлт, ну қара ағаш...
(«Сұлушаш»)
Түн күзетіп, Алтайдың жас жүрегі
Тыным бермей ойға да, қырға шапты.
(Сонда)
...Шыдамай шерлі жүрек дірілдеді...
Майда жел құлағына күбірледі.
(Сонда)
Сəбит поэтикасында перифраздар метафоралық сипатта қолданылады. Солардың бірқатары: сүю, жақсы көру мағынасында — жүректің жалындары, ойлап шаршау мағынасында — ойға құл боп, улы ой, бірін-бірі жақсы көрген екі жас — отты жүрек, жаман сөз — улы тіл, балалық шақ — балалық өмірдің жай терген гүлін, əдемілік, сұлулық — сұлулық өрледі асып, жұпыны тұрмыс — өмірдің үскірікті ызғары, қайсар ер — от жүрек, ер асқан, қорқақ — жер қорқақ жəне т.б.
Академик-жазушы С.Мұқановтың ақындығына қатысты белгілі əдебиетші ғалым Б.Кенжебаев кезінде былай деп жазған екен: «Сəбит Мұқанов — құлашы үлкен, қармауы мол, тынысы кең ақын: өлеңдерінің тақырыбы сан алуан, күрделі, маңызды. Қазақ халқының Октябрь революциясынан бергі қоғамдық өмірінің Сəбит назары түспеген, Сəбит сөз қылмаған жайы, жырламаған маңызды көкейтесті мəселелері жоқ» [6].
Жазушы өлеңдерін тілшінің көзімен қарап (Р.Сыздық) отырып, біздің түйгеніміз осы тұрпатты. Ендеше артына көл-көсір поэзиялық мұра қалдырған С.Мұқановтың поэтикалық тілін зерттеу, сол арқылы образ, тың тіркестер, көркем сөз жасаудың лингвистикалық уəждемелерін ашу алдағы міндетіміз деп түсінеміз.
Əдебиеттер тізімі
- Əзімжанова Г. Көркем проза прагматикасы. — Алматы, —112-б.
- Байтанасова Қ. Сəбит Мұқанов жəне фольклорлық дəстүр мəселелері. — Астана, 2005. — 73, 74-б.
- Қоңыров Т. Қазақ теңеулері // Қоңыров Т. Тұрақты теңеулер сөздігі. — Алматы, 2007. — 391, 392-б.
- Сыздық Р. Қазақ əдеби тілінің тарихы. — Алматы, 1993. — 135-б.
- Байтұрсынов А. Ақ жол. — Алматы, 1991. — 353-б.
- Кенжебаев Б. Жылдар жемісі. — Алматы, 1984. — 9-б.