Қылмыстық іс бойынша дәлелдемелердің жүйесі жоғарыда аталған құрылымға ие болып ғана қоймай, толықтық, дұрыстық, сенімділік, келісімділік сияқты талаптарға да жауап беруі тиіс.
Іс бойынша дәлелдеу пәніне кіретін барлық мән – жайларды анықтайтын жүйе ішіндегі жүйелер мен аралық фактілері болған жағдайда дәлелдеу жүйесінің толықтығы орын алады. Дәлелдемелер жүйесінің бұл қасиеті негізгі болып табылады: зерттеулердің толықтығы мен жан-жақтылығы – қылмыстық іс жүргізудің маңызды қағидасы, оны бұзу барлық жағдайларда үкімнің күшін жоюға әкеліп соқтырады.
Жанама дәлелдемелердің олардың функционалдық белгілері бойынша жіктелуі де осы талапты қамтамасыз етуге бағытталған. Осындай белгілері бойынша құрылған дәлелдемелер жүйесі дәлелдеу пәнінің барлық элементтерінің тиісті дәрежеде толық және сөзсіз анықталғандығы жөнінде тұжырым жасауға, сонымен қатар істің әлі анықталмаған мән-жайларын анықтайтын дәлелдемелерді жинау мен тексеруге байланысты дер уақытында шара қолдануға мүмкіндік береді. Ол дәлелдемелердің қатыстылығы және жеткіліктілігі туралы мәселені шешуді жеңілдететіндіктен дәлелдемелерді дұрыс бағалау үшін қажетті алғышарттарын жасайды.
Біздің ойымызша дәлелдеу жүйесінің толықтығының объективті белгісі – бұл дәлелдеу пәнінің құрылымы: егер дәлелдемелермен оған кіретін барлық элементтер анықталатын болса жүйе толық болып табылады; егер осы элементтердің қандай да бірінің «өз» дәлелдемелері болмаса, жүйенің тиісті дәрежеде толық болуына әлі де қол жетпеген, онда жүйе дәлелдемелерді жинау, тексеру және жетпей тұрған дәлелдемелерді қосумен толықтырылуы қажет.
Дәлелдемелер жүйесінің дұрыстығы оның екінші деңгейінде дәлелдеу пәнін түзетін мән-жайлардың болуы жөнінде тұжырым жасау үшін негіз ретінде тек шынайы анықталған аралық фактілер ғана қатыса алатындығын көздейді. Жүйенің бұл қасиеті онда интегративті қасиеттері аралық фактілерді дұрыс анықтауға мүмкіндік беретін жеке жүйелердің болуымен қамтамасыз етіледі.
Криминалистикалық әдебиеттерде жекелеген аралық фактілер бір қайнар көзден шығатын деректермен де дұрыс анық-талуы мүмкін және бұл фактінің шынайылығын анықтау үшін дәлелдемелер жиынтығын қарастырудың қажеті жоқ деген нұсқауларды кездестіруге болады.
Бұл көзқарастың сенімді емес екендігін айтқымыз келеді. Әрбір аралық фактінің дұрыстығы барлық уақытта дерлік тек дәлелдемелер жиынтығымен анықталады. Тіпті саусақ іздерінің анықталуы, адамның оқиға болған жерде болуы сияқты қарапайым және аралық фактімен байланысты жағдайлар да кем дегенде екі дәлелдемемен: оқиға болған жерге қарау жүргізу хаттамасында көрсетілген белгілі бір объектіде саусақ іздерінің болуы және осы іздердің нақты бір тұлғаға тиісті болуы туралы сарапшының қорытындысымен анықталады. Әдетте жеке жүйелердің құрылымы күрделірек болады.
Дәлелдемелердің жеке жүйесінде аралық фактілерді анықтау дұрыстығы оның интегративті қасиеттерімен, яғни, жүйенің оның жеке алғандағы құрамдас бөлшектері ретіндегі дәлелдемелерінде болмайтын қасиетімен қамтамасыз етіледі. Дәлелдемелердің әрбір жекелеген қайнар көзінде болатын ақпарат саны аралық факт туралы дұрыс тұжырым жасауға жеткіліксіз болып табылады. Ал жеке жүйеге біріктірілген бірнеше қайнар көздер әдетте ақпараттың жеткілікті санын береді. Мысалы, қылмыс орнынан кетіп бара жатқан адамды көрген бір куә оның тек бойы мен дене құрылысын, екіншісі киімін, үшіншісі киіміне мән бермей түрін есте сақтап қалуы мүмкін. Жиынтығында бұл сезіктінің түр – сипатын толық суреттеуге мүмкіндік береді. Әдетте куәлардың әрқайсысының басқалардың байқамаған белгілерін көріп, есте сақтап қалуы мүмкін емес. Керісінше, олар беретін ақпарат көп жағдайда қайталанып келеді, ал бұл жағдай жеке жүйеге жинақталған ақпараттың қарама-қайшы болмауын және дұрыстығын тексеруге мүмкіндік береді. В.Я. Колдиннің пікірі бойынша дәлелдемелердің жеке жүйесі осындай жүйеге кіретін әрбір жеке дәлелдемеде болмайтын және болуы да мүмкін емес деректерден, яғни зерттелетін мән-жай туралы дұрыс тұжырым жасау үшін негіз болатын ақпараттан құралады [1, 111 б.].
Дәлелдемелік ақпаратты бұлайша топтастыра қарау әртүрлі қайнар көздерде болатын мәліметтердің барлығы бір фактіге қатысты болған жағдайда ғана мүмкін болады. Бұл өз бетінше дәлелденуі тиіс.
Дәлелдемелердің жүйесінің дұрыстығымен оның сенімді болуы сияқты қасиеті де тығыз байланысты. Дәлелдемелердің сенімділігі деге-німіз оның істің шын мәніндегі мән – жайларын дұрыс анықтай алу қабілетін ғана емес, сонымен қатар егер іс бойынша әрі қарай өндіріс барысында жекелеген дәлелдемелер күмән тудыратын немесе жүйеден мүлдем алынып тасталатын жағдайда қажетті дәлелдемелік ақпарат резервін жасай алу қабілетін де білідіреді (мысалы, куәнің немесе жәбірленушінің айғақтарының өзгеруі нәтижесінде қарсы айғақтардың пайда болуы). Тәжірибе көрсетіп отырғандай дәлелдемелік ақпараттың мұндай көп болуы әр уақытта да қажет. Оған ең алдымен жеке жүйеге кіретін дәлелдемелер санын ұлғайту арқылы қол жеткізе аламыз. Әрине, жүйедегі дәлелдемелер санын ұлғайту өз бетінше бұл дәлелдемелерден жасалатын тұжырымның сенімділігі мәселесін шеше алмайды: егер бір аралық факт туралы деректер жүздеген куәлардан алынса, олардың барлығынан бірдей жауап алу қажеттілігі жоқ, бір қилы ақпаратты бірнеше рет қайталаудың маңызы болмайды; бірақ «барлығынан да жауап алу ешқандай жаңалық енгізбейді» деген пікірді ұстана отырып куәлардың біреуінен ғана жауап алумен шектелу де қателік. Жеке жүйе шегінде әртүрлі қайнар көздерден алынған біртектес дәлелдемелік ақпаратты жинақтау дұрыс болады.
Осылайша, егер сезіктінің қылмыс орнында болуы тек куәнің көрсетулерімен ғана емес, оның қол, аяқкиім, көлік құралдарының іздері сияқты заттай дәлелдемелермен анықтала алатын болса, мұндай мүмкіндік міндетті түрде пайдаланылу қажет және осындай дәлелдемелер неғұрлым көп жинақталса, жүйе де соғұрлым сенімді болады.
Бұл айтылғандар аралық фактілерге де ерекше қатысты: аралық фактілер неғұрлым көбірек анықталса, соғұрлым дәлелдеу пәнінің мән-жайлары толық және сенімді анықталады. Фактілердің саны туралы «ешуақытта да сөз қозғаудың қажеті жоқ» деген пікір де дұрыс емес, себебі «дәлелдемелер жиынтығы» ұғымының өзі дәлелдемелер санының көптігін білдіреді. Барлығын мәселенің сандық жағына әкеліп тіреуге де болмайды, бірақ дәлелдемелердің сандық көрсеткішіне салғырттықпен қарау да қателік.
Жүйенің сенімді болуы ақпараттың сапалы түрде көп болуына да байланысты. Бұл дегеніміз бір қайнар көздегі ақпараттың екінші қайнар көзден алынған деректермен ішінара орнын басуы.
Жанама дәлелдемелердің сенімді болуының негізгі құралы дәлелдемелердің өзара және аралық фактілермен, ал соңғысының дәлелдеу пәнімен объективті байланысының болуын анықтау.
А.Я. Вышинский «Дәлелдемелердің өзара байланысы олардың барлығының бір тізбектің буындарындай болуы тиіс; бір буын үзілгенде тізбек толығымен тарқайды, айғақ пен әрбір жекелеген дәлелдеме өз мәнін жоғалтады. Жанама дәлелдемелер олардың ортақ тізбегінен бірде – бір буынды алып тастауға, қарсы айғақпен жоюға болмайтындай негізді болуы керек» деген ереже жасаған болатын [2, 293 б.]. Бұл ереже одан кейін де бірнеше жанама дәлелдемелерге арналған арнайы оқулықтардан да көрініс тапты. Мұндай тұжырымның қате екендігін ең алдымен М.П. Шаламов байқап: «Айғақтар тізбек буындарымен, ал олардың жиынтығы тізбекпен салыстырылған. Содан соң тізбек туралы ұғым қылмыстық іс бойынша айғақтарға айналады» деген қарсы пікір айтқан [3, 96 б.]. Ал сөйте тұра, дәлелдемелердің жиынтығы «тізбек» емес, дәлелдемелер мен олардың кіші жүйелерінің көптігінен тұратын едәуір күрделі және тармақталған жүйе болып табылады. Мұндай жүйеден бір дәлелдемені алып тастау барлық уақытта бір-дей жүйенің бұзылуына әкеліп соқтырмайды.
Бұл мәселенің шешіміне жанама дәлелдемелердің жиынтығына жүйелі талдау жасау жолымен қол жеткізуге болады. Дәлелдемелердің біреуін алып тастаудың дәлелдемелер жүйесін бұза алу немесе бұза алмауы екі факторға байланысты болады: біріншіден, дәлелдеу кезеңінен, екіншіден, дәлелдеменің дәлелденетін мән – жаймен байланысының сипатына. Бірінші кезеңде бір (немесе тіпті бірнеше) дәлелдемені олардың жеке жүйесінен алып тастау жүйені бұза алмайды, тіпті әлсіретуі де мүмкін емес. Мысалы, кісі өлтіру ісі бойынша айыпкердің қылмыс оқиғасы орнында болу фактісі мына дәлелдемелер арқылы анықталғандығын елестетіп көрейік: оқиға болған жердегі заттарда қалдырылған саусақ іздері мен бұл іздердің айыпкермен қалдырылғандығы туралы сараптамашының қорытындысы; жәбірленушінің пәтерінің еденіндегі аяқкиім іздері мен бұл аяқ іздері айыпкер аяқкиімімен қалдырылғандығы туралы сараптама қорытындысы; айыпкердің жәбірленуші пәтерінен шығып келе жатқандығын көрген үш куәнің көрсетулері; кісі өлімі болған жерде қан іздері бар қол орамалдың табылуы және куәгерлердің бірінің оны айыпкердің қол орамалы ретінде тануы. Енді соңғы куә қол орамалдың айыпкердікі екендігі жөнінде қателесті дерлік. Шын мәнінде тергеу барысында ол жәбірленушінің орамалы екендігі анықталды. Дәлелдемелер жүйесінен бір дәлелдеме алынып тасталды, бірақ бұл іс бойынша ақырғы нәтижелерге ешбір әсерін тигізген жоқ және тигізуі де мүмкін емес.
Дәлелдеудің екінші сатысында жағдай басқаша қалыптасады: бұл жерде кей жағдайларда бір дәлелдемені жоққа шығару дәлелдемелердің бүкіл жүйесін бұза алады (қарапайым мысал алибиді анықтау), екіншілерінде – едәуір әлсіретуі мүмкін. Бұл берілген фактінің байланыстарының сипатымен анықталады. Егер оның дәлелдеу пәнімен қажетті, сөзсіз байланысы жоққа шығарылатын болса, бүкіл жүйе бұзылады; егер байланыс мұншалықты қажетті немесе сөзсіз болмаса ондай зардаптар туындамайды, бірақ, бұл жағдайда байланыстың жалғыз ғана мүмкін болатын байланыс болмағанын арнайы дәлелдеу қажет.
Дәлелдемелер жүйесінің маңызды сипаттарының бірі жеке жүйелер және дәлелдеу пәнінің жеке элементтерін анықтайтын аралық фактілер мен ұқсас жүйелер және дәлелдеу пәнінің басқа элементтеріне қатысты аралық фактілер арасындағы сәйкестіктің болуын білдіретін келісімділік болып табылады. Бұл дәлелдеу процесінде жеке дәлелдемелердің жүйелері мен жекелеген аралық фактілер арасында қарама – қайшылықтар туындамайды деген сөз емес. Дегенмен кейбір қайшылықтар алдын – ала тергеу барысында ашылып анықталады, ал кейбіреулер анықталмайды. Кейбір қайшылықтар – сыртқы қайшылықтар – салыстырмалы түрде оңай түсіндіріліп, жойыла алады, ал екінші біреулері едәуір күрделі логикалық қайшылықтар болғандықтан оларды жою мүмкін емес.
Жанама дәлелдемелердің жеке жүйелерінің үйлесімділігі немесе үйлесімсіздігі осы айтылғанмен тығыз байланысты.
Дәлелдемелер жүйесінен дәлелдеуге жататын мән-жайлардың болуы туралы логикаға негізделген бір ғана тұжырым жасалған және бұл дәлелдемелер жүйесінде өзге де логикалық тұжырымдардың болу мүмкіндігі жоққа шығарылған жағдайда дәлелдемелер жүйесі сөзсіз болу қасиетіне ие болады. Бұл дәлелдеу жүйесіне кіретін әрбір дәлелдеме дәлелдеу пәнімен көп мәнді байланыста болғанымен, белгілі бір тәртіппен орналасқан айғақтардың жиынтығы ретіндегі жүйенің өзі дәлелдеу пәнімен сөзсіз байланыста болады дегенді білдіреді.
Жанама дәлелдемелер арқылы дәлелдеу процесі жүйенің осы қасиеттеріне қол жеткізуге бағытталған.
Тікелей және жанама дәлелдемелердің айырмашылықтары дәлелдемелерді тексеру барысында айқын көріне бастайды.
Жанама дәлелдемелерді тексеру дәлелдеудің бірінші сатысында оның құрылымының барлық элементтеріне: фактілер жөніндегі деректердің қайнар көздеріне, оларды алу тәсілдеріне және осы деректердің өздеріне қатысты болуы тиіс.
Дәлелдемелерді тексерудің мазмұны болып нақты деректердің қайнар көздерінің сенімділігі мен оларды алу тәсілдерінің заңдылығын тексеру, нақты деректерді сапалы түрде ұсына білу және дәлелдемелердің мүмкін жағдайларын анықтау болып табылады.
Тексеру дәлелдемелер қайнар көздерінің сенімділігін тексеруден басталады. Ең алдымен бұл қайнар көздің заңда көзделгендердің тізімінде бар ма, жоқ па, осыған байланысты ол қылмыстық іс бойынша дәлелдемелердің қайнар көзі бола алады ма, міне соны анықтап алу қажет. Әрі қарай дәлелдемелердің қалыптасу жағдайлары олар аралық фактілердің дұрыстығын анықтауда есепке алынатындай болып анықталуы тиіс. Куәлардың істің шешіміне мүдделі болмауын, айыпкер немесе өзге де адамдардан куәларға немесе жәбірленушіге қысымның болмауын тексеру қажет. Іске қатысушы сарапшылар мен мамандардың тиісті дәрежеде құзырлы болуы мен олардың істің шешіміне мүдделі болмауын анықтау да тексерудің осы саласына жатады. Егер дәлелдеменің қайнар көзі құжат болса, онда оны берген ұйым мен адамдардың құзырлығы, құжатта қажетті реквизиттердің болуы, құжаттың шынайылығын, онда жалған мәліметтердің болмауын тексеру қажет. Басқаша айтқанда мұндай тексерудің мақсаты – берілген қайнар көздің іске маңызы бар мән – жайлар туралы дұрыс деректер алу құралы болу мүмкіндігін анықтау.
Дәлелдемелерді тексерудің маңызды элементі – оларды алу тәсілдерінің заңдылығын анықтау. Іс жүргізушілік заңдар дәлелдемелердің барлық түрлерін алудың тәртібін рәсімдейді, бұл рәсімді кез – келген өрескел бұзу тиісті нақты деректерді іс бойынша дәлелдеме ретінде қолданылу мүмкіндігін жоққа шығарады. Осындай бұзушылықтарды анықтау (егер олар болған жағдайда) дәлелдемелерді тексеру міндеттерінің бірі болып табылады.
Қайнар көздердің сенімділігі мен дәлелдемелерді алу тәсілдерінің заңдылығын тексеру негізінде олардың мүмкін болуы жөніндегі мәселе шешіледі. Дәлелдемелердің мүмкін болуы – бұл тек дәлелдеме құралдарын ғана сипаттайды және олардың қылмыстық істерде тиісінше қолдануға жарамды болатындай іс жүргізушілік қасиетін білдіреді. Сондықтан қайнар көздердің мүмкін болуы туралы мәселені шешу дәлелдемелерді бағалаудың емес, тексерудің міндеті болып табылады деп ойлаймыз. Дәлелдемелердің мүмкін болуы – дәлелдемелерді бағалаудың құрамдас бөлігі емес, оның алғышарты. Заңдармен жарамсыз деп танылған қайнар көздерден алынған нақты деректерден ешқандай тұжырым жасауға болмайды. Дәлелдеу құралдарының жарамды немесе жарамсыз болуы туралы мәселе олардың жүйеге кіріп кету мүмкіндігіне және заң шығарушы пікірі бойынша оншалықты сенім тудырмайтын деректер арқылы қорытынды тұжырым жасауға қолданылуына жол бермеу үшін дәлелдемелерді тексеру барысында шешілуі тиіс.
Сонымен, жанама дәлелдемелер арқылы мән-жайлардың өздері емес, тек олармен байланысты фактілер ғана анықталады. Оған қоса, тек мұндай фактілердің жиынтығынан құралатын жүйеге жүргізілген талдау мұндай мән-жайлардың болуы не болмауы жөнінде тұжырымға әкеле алады.
Мысалы, бірнеше пәтерге ұрлыққа түсу қылмыстық ісі бойынша айыпталушы Смангелдиев өз кінәсін мойындамаған. Бірақ бұл фактіні дәлелдейтін келесі мән-жайлар болған: киім ілетін шкаф айнасынан және есігінен айыпкердің қолдарының іздері табылып, бекітілген; сарапшы қорытындысы бойынша бұл іздер айыпкерге тиесілі екені анықталды; Смангелдиевтің бұл пәтерде еш уақытта болмағандығын айтқан көрсетулерінен (демек, саусақ іздері бұл жерде кездейсоқ қалдырылуы мүмкін емес); куә Жаманованың айыпкердің осы пәтерден шығып бара жатқанын көргені, оның түр-сипатының белгілерін ауызша суреттеп бергені және осы белгілері бойынша оны таныған көрсетулері; куәнің берілген жағдайда айыпкерді тек көріп ғана қоймай, сонымен қатар оның түр-сипатының белгілерін, киімін ажырата алуға мүмкіндігінің болғандығын дәлелдеген тергеу экспериментінің жүргізілуі; айыпкердің үстінде қылмыс оқиғасы болған күні куәгер көрген киімі болғандығын растаған айыпкердің көңілдесінің айғақтары [4]. Бұл аталған дәлелдемелердің ешқайсысы жеке-дара осы қылмысты айыпталушының жасағандығы туралы тұжырым жасауға негіз бола алмайды. Бұл дәлелдемелер бір-бірінен оқшауланған күйде олардың дәлелденетін мән-жайға қатыстылығы туралы әртүрлі, көп мәнді түсіндірме беруі ықтимал.
Тікелей дәлелдемелерді қолдануда дәлелденетін мән-жайларды анықтап, ізделінетін фактінің болуы жөнінде тұжырым жасау үшін олардың қайнар көздерінің сапалылығына, олардың мазмұнының шындыққа жанасуына көз жеткізу жеткілікті. Жанама дәлелдемелерді қолдануда олардың қайнар көздерінің сапалылығына, олардың мазмұнының шындыққа жанасуына көз жеткізу жеткіліксіз, сонымен қатар олардың жиынтығынан құралатын жүйеден дұрыс тұжырым жасау үшін күрделі жұмыстар атқарылуы тиіс.
Жанама дәлелдемелерді қолдану олардың мазмұнының дәлелдеуге жататын мән-жайлармен байланысы айқын болмауында, ал жеке дара олар дәлелденетін мән-жайға қатысты әртүрлі тұжырым жасауға негіз бола алуында.
Қолда бар жанама дәлелдемелерді қолдануда мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуына жол бермеу үшін жанама дәлелдемелер жүйесінің дәлелденетін мән-жаймен байланысын мұқият тексеру қажет.
Жоғарыда келтірілген жанама дәлелдемелердің сипаттамалары негізінде жанама дәлелдемелерді қолданудың келесі ережелері шығады:
а) іс бойынша жанама дәлелдемелер тек өз жиынтығында ғана шынайы тұжырым жасауға әкеледі;
ә) жанама дәлелдемелер бір-бірімен және дәлелденетін мән-жаймен объективті байланысуы тиіс;
б) жанама дәлелдемелер жүйесі анықталған мән-жайлардың басқаша түсіндірілуіне жол бермейтін, істің мән-жайлары дәл осындай болғанына күмән тудырмайтындай жағдайда болуы тиіс.
Жанама дәлелдемелер өз жиынтығында жүйе құрай отырып дәлелдеу пәніне кіретін фактілер жөнінде тұжырым жасауға негіз бола алады. Олар тікелей дәлелдемелердің шынайылығын тексеруде, олардың жетіспей тұрған жерлерін толықтыруда, жаңа дәлелдемелер жинақтауда бағдар беруші қызметін атқаруға қолданылуы мүмкін. Әдетте іс бойынша тікелей дәлелдемелерге қарағанда жанама дәлелдемелер көбірек кездеседі, сондықтан оларды жинақтап, жүйе ретінде қолдану дұрыс тұжырымдарға әкеледі.
Әдебиеттер
- Колдин В.Я. Комплексные исследования в судебном доказывании // Советское государство и право. – 1971. – №7.
- Вышинский А.Я. Теория судебных доказательств в советском праве. – М.: Госюриздат,
- Шаламов М.П. Теория улик. – М.: Госюриздат, 1960.
- Қызылорда қалалық сотының 2002-2006 ж.ж. аралығындағы қаралған қылмыстық істері бойынша мұрағат материалдары, № 019722 қылмыстық іс.