Соттар мен прокуратура органдары сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, азаматтардың, заңда белгiленген тәртiппен тiркелген қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң дауыс берудi өткiзуге қатысты, сондай-ақ сайлау туралы заңдардың бұзылуы жөнiндегi сайлауды әзiрлеу мен өткiзу кезеңiнде келiп түскен арыздарын қарап, оларды бес күн мерзiмде, ал дауыс беру алдындағы бес күнге жетпейтiн уақыт iшiнде және дауыс беру күнi келiп түскендерiн дереу қарауға мiндеттi.
Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiнөзi басқару органдарының, кәсiпорындар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының сайлау туралы заңдарды бұзатын шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне сотқа шағым жасалады. Соттар, прокуратура органдары мен сайлау комиссиялары өз жұмысын сайлау процесi кезiнде, оның iшiнде демалыс күндерi және сайлау өтетiн күнi, шағымдарды қабылдау мен қарауды сайлау туралы конституциялық заңда белгiленген мерзiмде қамтамасыз ететiндей етiп ұйымдастырады. Азаматтар мен ұйымдардың сайлау заңнамасын бұзушылықтар туралы өтiнiштерiн, егер сайлау туралы конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, сайлау комиссиялары шағым түскен күннен бастап бес күннiң iшiнде қарайды. Сайлау комиссиясының және оның мүшелерiнiң шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) жасалған шағымды, егер сайлау туралы конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, жоғары тұрған комиссия шағым түскен күннен бастап үш күннiң iшiнде қарайды.
Азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуының маңызды кепілі сайлау туралы заңның талаптарын бұзған тұлғаларға заңда көзделген жауаптылық шараларының қолданылуы болып табылады.
Сайлау туралы конституциялық заңда азаматтардың сайлау құқығын бұзу қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылықты тудыратыны туралы ғана айтылған. Ал мұндай құқық бұзушылықтардың толық тізімі, сипаты және нақты жауаптылық шаралары Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінде қарастырылған.
Заңдарда сайлау туралы заңнаманы бұзушылық үшін қылмыстық, әкімшілік және конституциялық құқықтық жауаптылық шаралары көзделген.
Конституциялық құқықтық жауаптылықтың (яғни, сайлау құқығы бойынша жауаптылықтың) ерекшелігі мұнда жеке тұлғалармен (азаматтармен) бірге ұжымдық субъектілердің де (яғни сайлау комиссияларының, заңды тұлғалардың) жауаптылығы көзделген.
Қылмыстық заң бойынша сайлау туралы заңнаманы бұзушылық үшін тек жеке жауаптылық көзделген.
Сайлау комиссияларының жария конституциялық құқықтық жауаптылығы сайлау туралы конституциялық заңның 10-бабының 7-тармағында қарастырылған, мұнда «сайлау комиссиясының қызметi сайлау комиссиясын құратын органның шешiмi бойынша немесе жоғары тұрған сайлау комиссиясы өтiнiшiнiң негiзiнде сот шешiмiмен тоқтатылуы мүмкiн» делінген.
Конституциялық құқықтық жауаптылық, сондай-ақ, кандидаттар мен сайлау процесінің өзге де қатысушылары үшін де қарастырылған. Сайлау туралы конституциялық заңның талаптарына сәйкес, кандидаттың өз кандидатурасын ұсыну бойынша ережелерді бұзуы, тіркеу үшін қажетті құжаттарды өткізбеуі, Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңда көзделген талаптарға сай келмеуі, кандидаттың сайлау алдындағы науқанға лауазымдық не қызмет жағдайын пайдалануы және заңда көзделген өзге де жағдайларда сайлау комиссиясы кандидатты тіркеуден бас тартуы не кандидатты тіркеу туралы шешімін өзгертуі мүмкін.
Сайлау туралы Конституциялық заңның 50-бабының нормаларына сәйкес, тұлға:
- сайлау туралы конституциялық заңның талаптарына сәйкес мәлiметтердi бермеген немесе жарияламаған;
- сайлау комиссиясының өз құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмiн орындамаған;
- сайлау алдындағы үгiттi кандидатты, саяси партия ұсынған партиялық тiзiмдi тiркегенге дейiн, сайлау күнi не соның алдындағы күнi жүргiзген;
- сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кедергi келтiрген;
- кандидаттар, саяси партиялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер таратқан немесе олардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн өзге де iс-әрекеттер жасаған;
- сайлау комиссиясы мүшелерiнiң құқықтарын бұзған;
- азаматтардың сайлаушылар тiзiмiмен танысу құқығын бұзған;
- сайлаушылар тiзiмдерiн жасау үшiн сайлаушылар туралы жалған мәлiметтер берген;
- басқа адамдар үшiн дауыс беру мақсатымен азаматтарға сайлау бюллетеньдерiн берген;
- сайлауға қатысу үшiн демалыс бермеген;
- бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгiт жүргiзу талаптарын бұзған;
- анонимдi үгiт материалдарын дайындаған немесе таратқан;
- үгiт материалдарын қасақана жойған немесе зақымдаған;
- кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға олардың сайлау қорларынан тыс қаржылық (материалдық) қолдау көрсеткен;
- кандидатты сайлау үшiн шет мемлекеттерден, ұйымдардан, азаматтардан, азаматтығы жоқ адамдардан қайырмалдық алған;
- сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сұрау салу жүргiзудiң талаптарын бұзған;
- сайлауда кандидаттардың, саяси партиялардың сенiм бiлдiрiлген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi мен байқаушылардың заңды қызметiне кедергi келтiрген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген әкiмшiлiк және өзге де жауаптылыққа тартылады.
Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарын бұзушылық анықталған жағдайда, кандидатты тіркеуден бас тарту не кандидатты тіркеу туралы шешімді өзгертуді қоспағанда, кандидаттарға ескерту жасалады, ал сайлау туралы заңнаманы қайта бұзушылық анықталғанда тиісті сайлау комиссиясы кандидатты, партиялық тізімді тіркеу туралы шешімді жоя алады.
30 қаңтар 2001 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 11-тарауында азаматтардың сайлау құқықтарына қол сұғатын құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылық қарастырылған.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің «Азаматтардың сайлау құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар» деп аталатын 11тарауының 98-110-баптарында азаматтардың төмендегі сайлау құқықтарына қол сұғатын құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылық көзделген:
- лауазымды адамдардың сайлау комиссиясына (референдум комиссиясына) қажеттi мәлiметтер мен материалдарды табыс етпеуi немесе комиссияның шешiмiн орындамауы лауазымды адамдардың сайлау комиссиясына (референдум комиссиясына) оның жұмысы үшiн қажеттi мәлiметтер мен материалдарды табыс етпеуi немесе комиссия өз өкiлеттiгi шегiнде қабылдаған шешiмдi олардың орындамауы айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (98-бап);
- Қазақстан Республикасының заңдарымен сайлауға (республикалық референдумға) байланысты үгiтке тыйым салынған кезеңде оны жүргiзу, азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жиырма бестен отыз беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (99бап);
- президенттiкке, депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы қызметтерге кандидаттарға, олардың сенiм бiлдiрген адамдарына, саяси партияларға олардың сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығын iске асыру процесiнде кедергi келтiру азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға он бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жиырма бестен отыз беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады ( 99-1-бап);
- кандидаттар, саяси партиялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер тарату немесе сайлаудың нәтижесiне ықпал ету мақсатында олардың абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн өзге де iс-әрекеттер жасау азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң он бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға жиырма бестен отыз беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға отыз бестен елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (100бап);
- сайлау комиссиясы (референдум комиссиясы) мүшесiнiң, сайлаудағы кандидаттардың, саяси партиялардың сенiм бiлдiрiлген адамдарының және байқаушылардың құқықтарын бұзу, – айлық есептiк көрсеткiштiң он бестен отыз беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (101-бап);
- сайлау комиссиясы (референдум комиссиясы) мүшесiнiң азаматтардың сайлаушылар тiзiмiмен (таңдаушылардың республикалық референдумға қатысу құқығы бар адамдар тiзiмiмен) танысу құқығын бұзуы не сайлаушылар тiзiмiндегi қателiктер туралы өтiнiштi заңдарда белгiленген мерзiмде қарамауы, не сайлаушылар тiзiмiне (таңдаушылар, республикалық референдумға қатысуға құқығы бар адамдар тiзiмiне) түзетулер енгiзу туралы өтiнiштi қабылдамау себептерiн баяндай отырып, азаматқа жазбаша түрде жауап қайтарудан бас тартуы, не сайлаушылар тiзiмiн (таңдаушылар, республикалық референдумға қатысуға құқығы бар адамдар тiзiмiн) түзету туралы сот шешiмiн белгiленген мерзiмде орындамауы, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (102-бап).
- лауазымды адамдардың жергiлiктi атқарушы органдарға сайлаушылардың тiзiмдерiн жасау үшiн сайлаушылар туралы дәйектемесiз деректер беруi айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (102-1-бап, 1-т.);
- жергiлiктi атқарушы органдар лауазымды адамдарының тиiстi сайлау комиссиясына сайлаушылардың дәйектемесiз тiзiмдерiн беруi айлық есептiк көрсеткiштiң жиырма бестен отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (102-1-бап, 2-т.);
- тең сайлау құқығы туралы талаптарды екi рет не одан да көп немесе басқа сайлаушы үшiн дауыс беру арқылы бұзу айлық есептiк көрсеткіштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады ( 1022-бап);
- шетелдiктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болатын және (немесе) ықпал ететiн қызметтi жүзеге асыруы, жеке тұлғаларға Қазақстан Pecпубликасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу арқылы немесе онсыз айлық есептiк көрсеткіштің жиырмадан отызға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға айлық eceптiк көрсеткiштiң төрт жүзден бiр мыңға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (1023-бап);
- азаматтарға басқа адамдар үшiн дауыс беруге мүмкiндiк жасау мақсатында сайлау бюллетеньдерiн (дауыс беруге арналған бюллетеньдердi) сайлау комиссиясы (референдум комиссиясы) мүшесiнiң беруi, айлық есептiк көрсеткiштiң он бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (103-бап);
- жұмыс берушiнiң депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы қызметке тiркелген кандидатқа не сайлау комиссиясының мүшесiне мемлекеттiк өкiмет, басқару органдарына және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына (республикалық референдумға) сайлауды әзiрлеу мен өткiзуге қатысу үшiн заң актiлерiнде көзделген демалысты беруден бас тартуы, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (104-бап);
13)Басредактордың,журналистiң,бұқаралық ақпарат құралдары редакциясы лауазымды адамының сайлау заңдарында (республикалық референдум туралы заңдарда) көзделген сайлау алдындағы үгiт жүргiзу шарттарын бұзуы, азаматтар мен лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан отызға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға отыздан алпыс беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (105-бап);
- Мемлекеттiк өкiмет органдарына және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайлауды (республикалық референдумды) әзiрлеу мен өткiзу кезеңiнде, басып шығарған ұйымдар, шығарылған жерi, таралымы туралы және шығарылуына жауапты адамдар туралы ақпараты жоқ үгiттiк баспасөз және электрондық материалдарды әзiрлеу немесе тарату, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (106-бап);
- депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы қызметке кандидаттардың меншiк иесiнiң немесе осы объектiлердiң өзге иесiнiң келiсiмiмен ғимараттарға, құрылыстарға және өзге де объектiлерге iлiнген үгiттiк материалдарын қасақана жою, бүлдiру айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (107-бап);
- депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы қызметке кандидаттың, сайланған адамның, не саяси партияның сайлау қорларына түскен түсiмдердiң (қайырмалдықтардың) мөлшерi туралы және сайлау қорларын құру көздерi туралы мәлiметтердi, сондай-ақ сайлау қорының қаражатын пайдалану туралы есептi бермеуi депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы қызметке кандидатқа, сайланған адамға айлық есептiк көрсеткiштiң он беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға елу беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (108бап);
- кандидаттарға, партиялық тiзiмдер ұсынған саяси партияларға олардың сайлау қорларынан бөлек қаржылық немесе өзге де материалдық көмек көрсету азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң он бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға отыздан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (108-1-бап);
- депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы мемлекеттiк қызметке кандидаттың не саяси партияның шет мемлекеттен, халықаралық ұйымнан немесе халықаралық қоғамдық бiрлестiктен, шет елдердiң мемлекеттiк органдарынан, шетелдіктерден және басқа мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалардан, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдардан кез келген нысанда қайырмалдықтар алуы депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы қызметке кандидатқа айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға, қайырмалдық заттарын тәркiлей отырып, елуден жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (109-бап);
- жеке және заңды тұлғалардың кандидаттарға, саяси партияларға олардың сайлау алдындағы қызметiне байланысты олардың жазбаша келiсiмiнсiз қызмет көрсетуi – азаматтарға – айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (109-1-бап);
- учаскелiк сайлау комиссиясы төрағасының кандидаттың сенiм бiлдiрген адамына, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлiне, байқаушыға Республиканың заңдарына сәйкес табыс етiлуге мiндеттi дауыс беру қорытындылары туралы мәлiметтердi табыс етпеуi айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (110бап, 1-т.);
- 110-бап, 1-т. көзделген, округтiк сайлау комиссиясының төрағасы жасаған әрекет, сондай-ақ оның сайлау (республикалық референдум) нәтижелерi туралы мәлiметтердi сайлау заңдарында (республикалық референдум туралы заңдарда) белгiленген жариялау мерзiмдерiн бұзуы не толық жарияламауы айлық есептiк көрсеткiштiң он бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады 110бап, 2-т.);
- 110-бап, 1-т. көзделген, аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы жасаған әрекет, сондай-ақ оның сайлауда (республикалық референдумда) дауыс беру қорытындылары туралы мәлiметтердi сайлау заңдарында (республикалық референдум туралы заңдарда) белгiленген жариялау мерзiмдерiн бұзуы не толық жарияламауы, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (110-бап, 3-т.);
- 110-бап, 1-3 тт. көзделген, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы жасаған әрекеттер айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (110бап, 4-т.);
- 110-1-бап. Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңдарында көзделген қоғамдық пiкiрге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерi болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi жариялау тәртiбiн бұзу азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң он беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жиырмадан отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (110-1-бап, 1-т.);
- сайлау күнi дауыс беруге арналған үйжайда немесе дауыс беруге арналған пункте қоғамдық пiкiрге сұрау салу iсiн жүргiзу азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады (110-1-бап, 2-т.).
Сайлау туралы конституциялық заңның 50-бабының 1-тармағына сәйкес, тұлға мынадай жағдайда қылмыстық жауаптылыққа тартылады:
- сайлау комиссиясының жұмысына араласқан;
- дауыс беруге кедергi келтiрген;
- кандидатты, партиялық тiзiмдердi тiркеуге байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген;
- дауыстарды санауға және сайлау қорытындыларын анықтауға байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген;
- кандидатты, саяси партияны сайлау мақсатында өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдаланған;
- сайлау құжаттарын қолдан жасаған;
- дауыстарды көрiнеу қате санаған;
- сайлау нәтижелерiн көрiнеу қате айқындаған;
- дауыс беру құпиясын бұзған;
- Республика азаматының өз сайлау құқығын еркiн жүзеге асыруына зорлықзомбылық жасау, алдау, қорқыту, сатып алу жолымен кедергi келтiрген жағдайда заңмен белгiленген қылмыстық жауаптылықта болады.
Сайлау туралы заңды бұзушылық үшін қылмыстық жауаптылық Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146 және 147-баптарында қарастырылған.
Қылмыстық кодекстің 146-бабы сайлау құқығын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіруді қылмыстық жазаланатын әрекет деп таниды.
Бұл әрекеттер лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалану, зорлық-зомбылық жасау, алдау, күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту, сатып алу жолымен, топтасып жасау, алдын ала сөз байласу, ұйымдасып жасау сияқты іс-әрекеттермен байланысты болуына қарай қылмыстық заң айыппұл мөлшері мен бас бостандығынан айырудың әртүрлі мерзімін қарастырады.
Қылмыстық кодекстің 146-бабы, сонымен қатар электрондық сайлау жүйесiнiң жұмыс iстеуiнiң белгiленген тәртібін бұзу жолымен жасалған әрекеттер үшін де қылмыстық жауаптылықты қарастырады.
Қылмыстық кодекстің 146-бабының 1-тармағына сәйкес сайлаушының өзiнiң сайлау құқығын немесе референдумға қатысу құқығын еркiн жүзеге асыруына кедергi жасау, сондайақ сайлау комиссияларының немесе референдум жүргiзу жөніндегі комиссияның жұмысына заңсыз араласу және дауыс беруге, кандидатты, партиялық тiзiмдердi тiркеуге, дауыстарды санауға және сайлаудағы немесе референдумдағы дауыс беру нәтижелерiн анықтауға байланысты мiндеттерiн атқаруына кедергi жасау елуден жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не жүз жиырмадан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жазаланады.
Қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-тармағына сәйкес дәл сол әрекеттер:
а) пара берiп сатып алумен, алдаумен, күш қолданып не оны қолданамын деп қорқытумен сабақтасса;
б) адам өзiнiң лауазымын немесе қызмет бабын пайдалана отырып, жасаса;
в) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе ұйымдасқан топпен жасалса;
г) электрондық сайлау жүйесiнiң жұмыс iстеуiнiң белгiленген тәртібін бұзу жолымен жасалса, екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстық кодекстің 147-бабы сайлау құжаттарын, референдум құжаттарын бұрмалау немесе дауыстарды қате есептеу үшін қылмыстық жауаптылықты қарастырады.
Қылмыстық кодекстің 147-бабының 1-тармағына сәйкес сайлау құжаттарын немесе референдум құжаттарын бұрмалау, бюллетеньге жалған жазбалар немесе қол қойылған парақтар енгізу, дауыстарды көпе-көрiнеу қате есептеу не сайлаудың нәтижелерiн немесе референдум қорытындыларын көпе-көрiнеу дұрыс айқындамау, не дауыс беру құпиясын бұзу, егер осы әрекеттердi Қазақстан Республикасы Президентiне кандидаттың сенiмдi өкiлi немесе депутаттыққа кандидаттың сенiмдi өкiлi жасаса, сол сияқты сайлау комиссиясының немесе референдум жүргiзу жөніндегі комиссияның мүшесi жасаса, екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстық кодекстің 147-бабының 2-тармағына сәйкес электрондық сайлау жүйесiнiң жұмыс iстеуiнiң белгiленген тәртібін бұзу жолымен жасалған дәл сол әрекеттер жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қорыта келе, төмендегідей тұжырым жасауға болады, яғни сайлау құқықтық қатынастарындағы азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуының конституциялық кепілдігі – сайлау туралы заңның талаптарын бұзған тұлғаларға заңда көзделген жауаптылық шараларының қолданылуы болып табылады.
Қазақстан Республикасының сайлау туралы конституциялық заңына сәйкес азаматтардың сайлау құқығын бұзу қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылықты тудырады, ал мұндай құқық бұзушылықтардың толық тізімі, сипаты және нақты жауаптылық шаралары Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінде қарастырылған. Ескере кететін жай, конституциялық құқықтық жауаптылықтың яғни, сайлау құқығы бойынша жауаптылықтың ерекшелігі мұнда жеке тұлғалармен (азаматтармен) бірге ұжымдық субъектілердің де (яғни, сайлау комиссияларының, заңды тұлғалардың) жауаптылығы көзделген.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының Конституциясы: Ресми мәтін. – Алматы, 08.1995 ж. (өзгерістер және толықтыруларымен).
- Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы. 09.1995 ж. (өзгерістер және толықтыруларымен).
- Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі, 16.07.1997 ж. (өзгерістер және толықтыруларымен).
- Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексі, 30.01.2001 ж. (өзгерістер және толықтыруларымен).