Құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің мәніне сәйкес, жаңа экономикалық формацияны құру үшін мемлекет адамның еңбекке қызығушылығына үлкен көңіл бөлу керек. Қазіргі уақытта көптеген адамдар үшін өзінің еңбегі өмір сүрудің ең негізгі қайнар көзі болып табылады. Құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі – бұл тұлғаның өсуі және бостандықта дамуы үшін қажетті шарттарды жасау болып табылады. Бұл міндеттерді орындау кезінде ең басты рөл еңбек құқығына тиесілі, себебі осы құқық саласының нормаларымен еңбекке ынтаны күшейтуге және әркімнің еңбек саласындағы қызметте бастамашылықты анықтауға болады.
Еңбек – адамдардың өмір сүруінің маңызды шарты, олардың маңызды және рухани қажеттіліктерін қанағаттандырылуы.Аса айтулы жаңалықтар ашулардан бастап күнделікті өмірдегі ең қарапайым заттарға дейін адам жасаған игіліктердің бәрі оның мақсат-мүдделі, саналы еңбек қызметінің нәтижесі болып табылады. Жалпы тиімді еңбек ету өмір талабы болып келеді. Қазақ халқындағы «Еңбек етсен емерсің» деген сөз жай айтылмағандығына сенесің.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2008 жылғы ақпан айындағы Қазақстан халқына «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты халыққа Жолдауында «еліміздің әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарынан нық орын алу мен 30 корпоративтік көшбасшыларын қалыптастыру негізінде елді индустрияландыру міндеттері белгіленген болатын. Қазақстан 2008 жылды жаңа экономикалық жетістіктерімен, жаңарған саяси құрылымымен қарсы алды. Ел Конституциясына енгізілген өзгерістер Парламент пен саяси партиялардың, азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыра түсті. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет теңдестірілген негізде парламент сайлауы өткізілді. Сайлауда “Нұр Отан” партиясы айқын басымдықпен жеңіске жетіп, алғаш рет Үкімет жасақтады. Әкімшілік реформа жалғасын тауып, оның аясында мемлекеттік органдар аппараттарының тұрақтылығын нығайтатын жауапты хатшылар институты құрылды. Өткен жылғы экономикамыздың өсу қарқыны 8,5 пайызды құрады. Жалпы алғанда, ел экономикасы 2001 жылдан бастап жылына орта есеппен 10 пайызға өсіп отырды. Бұл өте үлкен де жедел өсу болып саналады. Бүгінгі күнге дейін еліміздің айтарлықтай резерві қалыптастырылып, Ұлттық қор қаражатын қоса есептегенде ол шамамен 40 млрд АҚШ долларына жетті. Осындай елеулі жинақтаулардың болуы еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде өзекті рөл атқарды. Еліміздегі әлеуметтік ахуал да тұрақты қалпында. 2000 жылдан бастап, мемлекеттік бюджеттің білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындары 5 еседен астам ұлғайды. Біздің 5 миллионнан астам азаматтарымыз мемлекеттік әлеуметтік қорғаумен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіш осыдан бес жыл бұрынғыға қарағанда екі есеге артық» деп айтылған [1, 2-3 бб.]. СоныменқатарҚазақстанРеспубликасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2011 жылғы қаңтар айындағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында төмендегі мәселелер қарастырылған:
«Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілді. Біздегі орташа айлық жалақы 5 жарым есеге, зейнетақының орташа көлемі 4 есеге көбейді. Біз дүниені дүрбелеңге салған дағдарыстан демікпей шығып, дамудың даңғыл жолына батыл бет бұрдық. Алдымызға ұлан-ғайыр мақсаттар қойдық және оларға қысқа мерзімде қол жеткіздік. Тәуелсіздік жылдарында 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары салынды» деп айтылған [2, 3 б.].
Жұмыс уақыты қызметкердің жеке қасиеттерін білуге, еңбек міндеттерін талдауға, сонымен қатар одан әрі нәтижелі жұмыстың алғышарттарын анықтауға мүмкіндік береді. Осыған сәйкес көптеген заңды тұлғалар ашылып, жұмысқа орналастыру шаралары белгіленген және олар жұмыс уақытының мемлекет белгілеген шарты арқылы жүзеге асырылуда. Жұмыс уақытын пайдаланудың, жалпы еңбектік-құқықтық қатынастарды реттеудің ыңғайлы әрі тиімді түрі деп белгіленген. Онда жұмыстың барлық жағдайлары – жұмыс нәтижесі, мезгілі, еңбекақысы, оның көтермелеу нысандары, түрлері тағы басқа жұмыс жағдайлары белгіленеді.
Нарықтық экономика нарықтық еңбекті туғызады. Жұмыс күші тауарлық категорияға айналып отыр, демек, ол еркін нарықтық айналысқа қосылады. Нарықтық экономикаға көшуге байланысты қоғамдық еңбектік потенциалы, оның бүкіл еңбек ресурстары нарық талабы – сұраныс пен ұсынысқа қарай бөлініп пайдаланылатын болды, ал бұл нарықтың міндетті элементі болып табылады және жұмыс берушілер үшін жоғары талаптарға сәйкес қызметкерлерді таңдауға немесе қызметкерлер үшін өзінің мүддесі мен талабына сәйкес қызметтің түрін еркін таңдауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын қабылдап, 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап егеменді мемлекет ретінде өз халқының мүддесі үшін экономикалық және әлеуметтік саясатын өз бетінше анықтауда және жүргізуде. Бүгінгі таңда елімізде қоғамдық өмірдің барлық салаларын, соның ішінде заң саласын реформалаужалғасуда, кеңкөлемдіәлеуметтік, саясижәне экономикалық реформалар жүзеге асырылуда [3, 10 б.].
Ұсынылған жұмысымызда қарастырылатын мәселенің маңыздылығын тәуелсіз Қазақстан Республикасындағы еңбектік құқықтық қатынастардың жаңа түрлерінің қалыптасуымен байланыстыруға болады. Себебі мемлекеттің нарықтық экономикаға көшу жағдайына сәйкес еңбектік құқықтық қатынастарды реттеудің шарттық нысаны ерекше маңызға ие болып отыр. Демек, жаңа сападағы еңбек қатынастарының қалыптасуы оларды құқықтық реттеудің жаңа жолдарын іздестіруді талап етеді.
Конституциямен өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялаған Қазақстан Республикасы тұлғаның еркін дамуы үшін, оның өмір сүру деңгейінің жоғарылауы үшін жағдайларды қамтамасыз етуден белгілі бір міндеттерді мойнына алып, өзінің әлемдік құндылықтардың жолын ұстайтынын растады. Әлеуметтік мемлекет теориясы жеке еркіндік пен теңдіктің, тұлғалардың еркіндігін қамтамасыз етуге мемлекеттің қатысуының үйлесімділігін білдіреді. Әлеуметтік мемлекеттік қорғалмаған адамдарды қолдау, қорғау, қамқорлыққа алу, қоғамның гуманизациялану идеясын қабылдайды.
Бүгінде жұмыс уақытын құқықтық реттеуге қатысты төмендегідей нормативтік-құқықтық актілерді атап өтсек болады, атап айтсақ, олар: «Қазақстан Республикасында әйелдер мен ер адамдардың еңбегін теңдей бағалау туралы 1951 жылғы 6 маусымдағы № 100 Халықаралық Еңбек Ұйымының Конвенциясын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 14 желтоқсандағы № 115-11 Заңын, 2007 жылғы
15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, «Қазақстан Республикасының 2009 жылға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, Қазақстан Республикасының 30 қаңтар 2001 жылғы № 155-II Әкімшілік кодексі, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі (Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 22 қазандағы № 601-ІІ; 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ; 2004 жылғы 20 желтоқсандағы Заңымен қабылданған), 2008 жылғы 10 желтоқсандағы № 99-4 Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Қазақстан Республикасының Заңы,«Нормативтікқұқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңы және т.б. заңдар.
Сонымен қатар ескеретін аса маңызды жайт, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек саласын реттеуші бірден-бір уәкілетті орган және орталық мемлекеттік орган ретінде «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Заңдарының негізінде және оны орындау мақсатында өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы еңбек саласындағы мәселелері бойынша барлық жұмыс берушілер мен жұмысшылардың орындауы үшін міндетті нормативтік құқықтық актілер шығарады.
Осы айтқанымызды дәйектеу мақсатында «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 11)-тармақшасына сүйенсек, онда уәкілетті органдар, яғни Қазақстан Республикасының Конституциясында,осы Заңда, сондай-ақ сол органдар мен лауазымды адамдардың құқықтық мәртебесін айқындайтын заңдарда белгіленген өз құзыретіне сәйкес нормативтік құқықтық актілер қабылдауға хақылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қатарында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталғанына көз жеткізуге болады [4, 1 б.].
Сонымен бірге орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кіретіндерінің де, кірмейтіндерінің де, оның ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің нормативтік құқықтық актілері үшін (бұл жерде оның әртүрлі нормативтік құқықтық актілерді қабылдауы тәртібінің ерекшеліктерін) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен осы органдар туралы заң актілерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы органдардың қызметін реттейтін қаулыларымен айқындалатыны нақтылы көрсетілген.
Ал нақты еңбек құқығы саласындағы жұмыс уақытын белгілеу ерекшеліктеріне тоқталып өтетін болсақ, онда жұмыс уақытын реттейтін ірқатар аса маңызды актілерді атап өтуіміз қажет. Атап айтсақ, олар: Халықаралық Еңбек Ұйымының «Жұмыс уақытын аптасына қырық сағатқа дейін кеміту туралы» №47 конвенциясы (Женева, 22 шілде 1935 ж.), Халықаралық еңбек ұйымының «Жыл сайынғы ақы төленетін демалысы туралы» № 52 конвенциясы (Женева, 24 шілде 1936 ж.), «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 23 шілде 1999 жылғы № 453-I Заңы, «Қазақстан Республикасында азаматтық авиация қызметкерлері мен экипаждарының жұмыс уақыты мен демалыс уақытын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің 2 қараша 2004 жылғы № 207 бұйрығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2007 жылғы 22 тамыздағы № 200-п бұйрығымен бекітілген «Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, жұмыс уақытын белгілеу туралы» ереже, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2007 жылғы 31 шілдедегі № 184-ө бұйрығымен бекітілген «Жұмыс берушінің қаражаты есебінен қызметкерлерге сүт және емдеу алдын алу тағамдарын беру ережесі мен нормалары және жұмыс уақытын белгілеу туралы» ереже; Қазақстан Республикасының Үкіметі, қызметкерлердің республикалық бірлестіктері – Қазақстан Республикасы кәсіподақтары федерациясы, Қазақстан Ерікті кәсіподақтарының конфедерациясы, Қазақстан Еңбек конфедерациясы мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері – Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілерінің конфедерациясы, Еуразия өнеркәсіп қауымдастығы, Қазақстан кәсіпкерлерінің конгресі, Қазақстан Тауар өндірушілері мен экспорттаушыларының одағы арасындағы 2005-2006 жылдарға арналған Бас келісімі және т.б.
Халықаралық Еңбек Ұйымының «Жұмыс уақытын аптасына қырық сағатқа дейін кеміту туралы» №47 конвенциясы Женева қаласында 22 шілде 1935 жылы қабылданған болатын. Аталған конвенциясының еңбек құқығы саласындағы аса маңызды халықаралық құжат екендігін ерекше атап өтуіміз қажет деп ойлаймыз. Конвенция алғаш рет халықаралық еңбек құқығы саласындағы қолданыстағы жұмыс уақытын қырық сағатқа кемітуін белгілеген халықаралық дәрежедегі құжат болып табылады [5, 1 б.].
Халықаралық Еңбек ұйымының «Жыл сайынғы ақы төленетін демалысы туралы» №52 конвенциясы Женева қаласында 24 шілдеде 1936 жылы қабылданған болып табылады. Аталған конвенциясының еңбек құқығы саласындағы аса маңызды халықаралық құжат екендігін ерекше атап өтуіміз қажет деп ойлаймыз. Конвенция алғаш рет халықаралық еңбек құқығы саласындағы қолданыстағы жұмысшылардың жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын белгілеген халықаралық дәрежедегі құжат болып табылады [6, 2 б.].
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2007 жылғы 22 тамыздағы № 200-п бұйрығымен бекітілген «Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, жұмыс уақытын белгілеу туралы» ережесі жұмыс беруші қызметкерлерінің саны 50-ден асатын өндірістік ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуын ішкі бақылауды жүзеге асыру мақсатында қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметін (бұдан әрі – қызмет) құрады деп көзделген. Ішкі бақылау еңбек жағдайларының жай-күйін қадағалауды ұйымдастыру, жұмыс уақытын белгілеу, өндірістік бақылау деректеріне жедел талдауды жүргізу, қауіп-қатерді бағалау және анықталған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша талаптарға сәйкессіздіктерді жою жөніндегі шараларды қабылдаудан тұрады делінген [7, 1 б.].
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2007 жылғы 31 шілдедегі № 184-ө бұйрығымен бекітілген «Жұмыс берушінің қаражаты есебінен қызметкерлерге сүт және емдеуалдын алу тағамдарын беру ережесі мен нормалары және жұмыс уақытын белгілеу туралы» ережесі жұмыс берушінің қаражаты есебінен қызметкерлерді сүт және емдеу-алдын алу тағамдарымен қамтамасыз етудің тәртібін белгілейді. Ереженің күші жеке кәсіпкерлерге, еңбек шарты негізінде еңбек міндеттерін тұрақты немесе уақытша атқаратын, қызметі өмір мен денсаулыққа зиянды (ерекше зиянды) және қауіпті (ерекше қауіпті) факторлардың әсер етуімен байланысты жеке тұлғаларға, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан заңды тұлғаларға (бұдан әрі – жұмыс беруші) қолданылады [8, 1 б.].
Қазақстан Республикасының үкіметі, қызметкерлердің республикалық бірлестіктері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясы, Қазақстан Ерікті кәсіподақтарының конфедерациясы, Қазақстан Еңбек конфедерациясы мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері Қазақстан Республикасы жұмыс берушілерінің конфедерациясы, Еуразия өнеркәсіп қауымдастығы, Қазақстан кәсіпкерлерінің конгресі, Қазақстан Тауар өндірушілері мен экспорттаушыларының одағы арасындағы 2005-2006 жылдарға арналған Бас келісімі тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы Үкіметінің, қызметкерлердің республикалық бірлестіктерінің және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің өкілеттіөкілдері«Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізінде әрекет ете отырып және Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасын, Қазақстан Республикасы Президентінің
«Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» Қазақстан халқына Жолдауын, Қазақстан Республикасының әлеуметтікэкономикалық дамуының 2005-2007 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының бекітілген конвенцияларын бұлжытпай сақтау; атқарушы биліктің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі, өзара сыйластық және олардың мүдделерін ықтимал ымыраға келтіруге барынша қол жеткізу; мемлекетті әлеуметтікэкономикалық дамыту стратегиясын іске асыруға тең құқықта қатысу және оның жергілікті жерлерде жүзеге асырылуына жәрдемдесу; қызметкерлер мен жұмыс берушілердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету ісінде өзара сындарлы іс-әрекет ету, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау қағидаттарын және жұмыс уақытын заңға сәйкес белгілеу жөнінде Бас келісімді жасасты делінген.
Келесі еңбек құқығы саласындағы жұмыс уақытын реттеуге байланысты аса маңызды құқықтық акті ол – «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 13 желтоқсандағы 2001 жылғы № 267-II Заңы болып табылады. Аталған Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының мереке күндері Қазақстан Республикасының жұмысшылары жұмыс жасамайды, ал жұмыс беруші жұмысшының келісімімен мереке күндері жұмысқа шығаруы мүмкін, бірақ екі есе жалақы төлеуге міндетті болып табылады. Сонымен қатар аталған заңда қандай күндер мереке күндері болып табылатындығы нақты көрсетілген.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы еңбек құқығының нормативтік құқықтық базасын құрайтын жұмыс уақытының мәселелері, оның еңбектік құқықтық реттеу тәсілдері, елдегі жұмыс уақытын белгілеу саясатының мән-жайлары, еңбектік құқықтық қатынас субъектілерінің экономикалық-қаржылық мүдделері, Қазақстан Республикасындағы жұмыс уақытын белгілеу нарықты дамыту ісіне қосатын үлестері, еңбектік құқықтық қатынастардың экономикалық және заңнамалық негіздерін олардың қатысушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін есепке ала отырып, жетілдіру жолдары бүгінде Қазақстан Республикасының еңбек құқығының маңызды және тиімді ұйымдастыру және оның құқықтық негіздерін өркениетті капитализм стандарттарына сай дамыту тұрғысынан аса өзекті көрініс тауып отыр деп санаймыз.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2008 жылғы ақпан айындағы Қазақстан халқына «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты халыққа Жолдауы. – // enbek.gov.kz.
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2011 жылғы қаңтар айындағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауы // enbek.gov.kz.
- Мемлекет және құқық негіздері / Құраст. Е. Баянов. – Алматы: Жеті жарғы, 2001. – 624 б.
- Нормативтік құқықтық актілер туралы 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңы // РГП «Республиканский центр правовой информации» МЮ РК: База данных «Закон», 2011 ж. – 27 б.
- Халықаралық Еңбек Ұйымының «Жұмыс уақытын аптасына қырық сағатқа дейін кеміту туралы» №47 конвенциясы (Женева, 22 шілде 1935 ж.). // РГП «Республиканский центр правовой информации» МЮ РК: База данных «Закон», 2011 ж. – 5 б.
- Халықаралық Еңбек Ұйымының «Жыл сайынғы ақы төленетін демалысы туралы» №52 конвенциясы (Женева, 24 шілде 1936 ж.) // РГП «Республиканский центр правовой информации» МЮ РК: База данных «Закон», 2011. – 3 б.
- Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, жұмыс уақытын белгілеу туралы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2007 жылғы 22 тамыздағы №200-п бұйрығымен бекітілген ережесі // РГП «Республиканский центр правовой информации» МЮ РК: База данных «Закон», 2011. – 15 б.
- Жұмыс берушінің қаражаты есебінен қызметкерлерге сүт және емдеу-алдын алу тағамдарын беру ережесі мен нормалары және жұмыс уақытын белгілеу туралы. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2007 жылғы 31 шілдедегі № 184-ө бұйрығымен бекітілген ережесі // «Егемен Қазақстан» 2007 жылғы 22 шілде. – №135(20).– 10 б.