Жерінің кеңдігі жөнінен әлем елдерінің арасында 9-шы орынды алатын, ал халқының саны жөнінен 57-ші орындағы Қазақстан ірі аграрлық-индустриялық мемлекеттердің қатарына кіреді. Жерінің жалпы аумағы 2,7 миллион шаршы шақырым, оның басым бөлігі ауыл шаруашылығына жарамды жерлер.
Еліміз өзінің тәуелсіздігіне ие болған кезде үлкен ауыртпалықтарды бастан өткерген салалардың бірі осы ауыл шаруашылығы болатын. Тоқсаныншы жылдардың ортасына таман бұрынғы шаруашылық жүйесінің бұзылуына және жаңа құрылымдардың толық қалыптасып үлгермеуіне, шаруашылық аралық байланыстардың үзілуіне, басқа да көптеген факторларға байланысты мал саны бірнеше есе азайып, егіс көлемі бұрынғыға қарағанда едәуір қысқарып кетті. Ауылды жаппай жұмыссыздық басып, ауыл тұрғындары қалалы жерлерге қарай қоныс аудара бастады. Яғни, ауыл шаруашылығы санаулы жылдардың ішінде-ақ бұрынғы қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің көбінен көз жазып, тұралаған күйге түсті. Дегенмен, содан бергі 7-8 жылдың ішінде салада үлкен өзгерістер болды. Ең әуелі жаңа заңдар мен нормативтік құжаттар қабылданып, саланың бірте-бірте нарықтық қатынастарға қарай ойысуына үлкен ықпал жасады. Сол заңдардың ішінен Жер, Су, Орман кодекстерін және 2003-2005 жылдарға арналған аграрлық азық-түлік бағдарламасын, 2004-2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын, астық, мақта туралы заңдарды айтуға болады.
Мәселен, Жер кодексі кеңес өкіметінің тұсындағы адамдардың 70 жыл бойы қалыптасқан жерге деген көзқарасын түбірінен өзгертті. Өйткені, жер телімдеріне жылжымайтын мүлік мәртебесі беріліп, ол нарық айналымына қосылды. Мұның өзі оның бағасын айқындауға мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде бұрын бағаланбай елеусіз қалып келген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің адамзатты асыраушы тіршілік көзі ретіндегі қасиеті қайтадан артып, ол ауыл шаруашылығына инвестиция тартушы негізгі нысандардың біріне айналды. Жерді күтіп-баптау мәселесі жақсара түсті.
Оның үстіне Елбасының 2003-2005 жылдарды Ауыл жылдары деп жариялауы ауылдың жаңа жағдайда дамуына жол ашқаны белгілі. Мемлекеттің ауыл шаруашылығына және ауылдың әлеуметтік саласына жасайтын қолдауы мен қамқорлығы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда арта түсті. Және ол қолдау бұрынғыдай жаппай емес, болашағы бар, тиімді шаруашылық жүргізу үшін қолайлы орналасқан ауылдар мен өңірлерге бірінші кезекте жасалатын болды. Соның нәтижесінде бұрын құмға сіңген судай босқа кетіп жатқан мемлекеттік қаржы мен несиелер енді өз қайтарымын бере бастады. Әдетте ауылшаруашылық саласы өзгерістерді баяу қабылдайтын, заман талабына икемделу деңгейі төмен салалардың қатарына жатады. Міне, осындай сипатына қарамастан еліміздің агроөнеркәсіп кешені жылына 4-5 пайыздық даму қарқынын сақтай отырып, дамудың жаңа сапалық деңгейіне қарай өте бастады. Мұны нақ осы саланың алға қойған мақсаттарындағы өзгерістерден-ақ байқауға болады. Мәселен, осыдан 7-8 жыл бұрын ғана ауыл шаруашылық саласының алдына қойылған негізгі мақсат ауыл халқын мүмкіндігінше еңбекпен қамтып, ондағы әлеуметтік шиеленістердің өріс алуына жол бермеу, сондай-ақ ел халқын азық-түлікпен қамтуға қол жеткізу болатын. Бұл міндет мүмкіндігінше жүзеге асты. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысы экономиканың өсу қарқынына ықпал етті, бірақ біздің дамуымызды тоқтатқан жоқ. Әртараптандырудың басқа бір маңызды сегменті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады. Оның дамуы негізгі үш бағыт бойынша жүруі керек. Біріншіден, негізгі салмақ еңбек өнімділігінің артуына түсірілуі тиіс. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі ең төмені және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллар шамасында келеді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды екен. Ауыл үшін өсу перспективасы міне осында. Сондықтан біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру.Бұл күрделі міндетті аграрлық-индустриялық әртараптандыру ғана, яғни ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттыру, жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар мен ауыл шаруашылығындағы жаңа көзқарас шеше алатын жағдайда. Әлемдік тәжірибені пайдалану, оны біздің ауыл шаруашылығымызға жедел ендіру керек.
Екіншіден, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80%-дан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс. Бізде бұл үшін мүмкіндіктер бар.
Үшіншіден, экспорттық әлеуетті іске асыру, бірінші кезекте бұл Кеден одағы, Орталық Азия, Кавказ бен Таяу Шығыс елдерінің рыноктары. Шетелдік тәжрибеде зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай аграрлық нарықтық экономикадағы өндірістік қызмет көрсетудің дамуы машиналарды, жабдықтарды және басқа да ауыл үшін өндірілетін өнеркәсіптік өнім шығару қызметінің құрамдас бөлігі болып табылады. Дүниежүзінің жеткеші машина құрастыру корпорацияларының қазіргі тәжірибелерінің талдауы көрсетіп отырғандай өндірістік қызметтер нарығының әрекет етуін олар логистика және маркетинг қағидаларына негізделген бірыңғай үрдіс ретінде қарастырады. Дамыған елдердегі өндірістік қызметтер нарықтарын реттеуде маңызды ролді салық жүйесі атақарады. Ауыл шаруашылығындағы салық салудың ерекшелігі берілетін жеңілдіктерді шегергенде салықтар фермерлік шығындарының 2,5-6,0 пайызын құрайды. Бұл жеңілдіктерді келесідегідей жіктейді: жеделдетілген амортизация, салық салудан босататын немесе салық сомаларын азайтатын (салықтық несиелер, жеке сала мен компаниялар үшін жеңілдіктер, шағын бизнес және зиянды кәсіпорындардың пайдасына есептелетін салықтық кемітулер) салықтық жеңілдіктер резервтік және басқа да қорлар. АҚШ-та амортизацияны жеделдетіп есептеу тек ғана фермерлік шауашылықтар үшін ғана емес сонымен қатар, бес жылдың ішінде автокөліктердің, ғылыми жабдықтардың, жеке арнайы станоктардың және басқа да құралдардың 5 жыл мерзімі ішінде есептен шығару мүмкіндігі бар ауыл шаруашылығы машина құрастыру зауыттары үшін де енгізілген. Бұл саланың қайта техникалық қарулануына ықпал етті, ал фермерлік шаруашылықтарға өндірістік қызмет көрсететін кәсіпорындар бойынша жаңа машиналар мен жабдықтарды сатып алуға мүмкіндігі туды. Амортизацияның жеделдетілген нормалары басқа елдерде де кеңінен қолданылды. Жаңа техникамен технологияларға капиталды инвестициялауды ынталандыру үшін дамыған елдерде ауыл шаруашылығын өндірістік қамтамасыз ету саласында арнайы салық салу жағдайлары қарастырылған. Оларға келесілер жатады: инвестициялардың өсуіне салықтық жеңілдіктерді белгілеу; инвестициялардың өсіміне келетін салықтық төлемдерді бюджеттік компенсациялау; инвестициялық кезеңнің аяқталуы кезінде күрделі салымдардың өсіміне салықтық төлемдердің өтелуі. Ғылымитехникалық прогресс жетістіктерін ендіруде салық жүйесінде бірқатар жеңілдіктер қарастырылған, себебі бұл қосымша шығындарды талап етеді. Еуропа Қауымдастығының бірқатар елдерінде аграрлық бағдарламаларға сәйкес ұлттық бюджеттерден ауыл шаруашылығы өндірісті соның ішінде, қызмет көрсетуші кәсіпорындарды бюджеттерден өтеу қарастырылған. АҚШ-та, Ұлыбританияда, Францияда және басқа да бірқатар елдерде күрделі салымдар өсіміне салықтық төлемдерді өтеу механизімі кең таралған. Осы жағдайда фермер мемлекеттік аграрлық бағдарламаларға қатыса отырып, салықтық төлемдерді инвестициялық үрдіс толығымен аяқталғанға дейін салықтарды төлеуді күте тұруы мүмкін. Яғни инфляциялық үрдістерді есепке ала келе салықтардың көлемі инфляция пайызына қарай азайтылады, ал салықтың сомасы жылдар бойы бірдей көлемде белгіленеді.
Жоғарыда аталған мәселелер біздің елімізде бірқатар заңдардың қабылдануларына байланысты өз шешімдерін табуда. Атап айтсақ, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 66 Заңының 2бабына сәйкес, Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік реттеу туралы заңнамасы көрсетілген.
Агроөнеркәсіптік кешеннің орнықты дамуын оның салалары өнімділігінің өсуі мен кірістілігі негізінде қамтамасыз ету, отандық өнімнің бәсекелік артықшылығын дамыту.
Міндеттері
- Қазақстандық тауарлардың экспорттық нарықтарға жылжуы үшін негізгі бағыттар мен «тауашаларды» айқындау және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы нақты «серпінді» жобаларды іске асыру.
- Аграрлық өндірісті әртараптандыруды қамтамасыз ету және оның инфрақұрылымын дамыту.
- Агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру.
- АӨК салаларын қазіргі заманғы прогрессивтік энергия, ылғал және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу негізінде техникалық және технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету.
- Аграрлық ғылым мен инновациялардың рөлін арттыру.
- Аграрлық өндірісті әртараптандыру және оның инфрақұрылымын дамыту мақсатында: агроөнеркәсіптік кешен салаларында өңірлерді мамандандыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғастырылады;
- агроөнеркәсіптік кешен салаларының, ең алдымен, ауыл шаруашылығы құралымдарының өнімділігі мен кірістілігін арттыру жөніндегі шаралар кешені әзірленеді;
- республикада ауыл шаруашылығы өнімінің көтерме (коммуналдық) рыноктарын дамыту жалғастырылады;
Агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың және оның өнімінің рыноктарын реттеудің мынадай жаңа тетіктері енгізіледі:
Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорының қатысуымен микрокредит ұйымдарын құру; ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттерге кепілдік беру жүйесін қалыптастыру;
ауылдық округ деңгейінде ақпараттық-консультациялық қызмет көрсетулермен қамтамасыз ету. Агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және индустрияландыру: республиканың негізінен астықты белдеуі – Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында экспортқа бағдарланған астықты қайта өңдеуші кластерлерді дамытуда; республиканың негізінен жеміс-жидекті белдеуі – Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан, көкөніс шикізатын қайта өңдеуші кәсіпорындардың қатысуымен бәсекеге қабілетті жеміс-көкөніс кластерін дамытуда;
Қостанай облысында бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған сүт кластерін дамытуда кластерлік қағидатты іске асыру есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Қазақстан Республикасының қазіргі жерге байланысты жай-күйін талдасақ оның онша мәз жағдайда емес екендігін байқауға болады. Неге десеңіз, өйткені біздің Республикамызда әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан проблемалар өте көп. Бұрынғы заманнан бері Қазақстанда ауыл шаруашылығы ауылдық аймақтың ең басты өмір сүруінің діңгегі болып келді. Көшпенді қазақ халқы мал шаруашылығының егжей-тежейін ғасырлардан бері жақсы меңгерген болатын. Ал мынау егін шаруашылығына келсек, 20-ғасырдың 50-60 жылдарында «тыңды игеру» идеясы пайда болғаннан бері Қазақстан Республикасының солтүстік-батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс аймақтарының ең негізгі шаруашылықтарының біріне айналды. Бағабандық, сонымен қатар жеміс-жидек егуге маманданған оңтүстік аймақты да атамасқа болмайды. Ендеше еліміздің көп аймақтарының, әсіресе ауыл халқының басты өмір сүруі дәл осы ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жақсы дамып келген ауыл шаруашылығы мүлде құлдырау деңгейіне ұшырап, ауыл шаруашылығы айналысындағы жерлер, техникалық құрал-жабдықтар талантаражға кетті. Экономиканың аяқтан тұрып, даму сатысына көше бастағанына көп уақыт өткен жоқ. Әрине, өнеркәсіп және бизнес тұрғысынан алғанда экономика қарқынды дамыды, ал ауыл шаруашылығы тұрғысынан алып қарасақ ше?
2003-2005 жылдардың мемлекет ауыл шаруашылығы жылдары деп жариялауы да бекерден-бекер емес. Алайда ол жылдары көп жұмыс істелгенімен нәтижеге жету мәселесінде үлкен сұрақтар туындайды. Сонымен қатар мемлекетіміз биылғы жылы «Ауыл шаруашылығы» санағын жүргізіп жатыр. «Рақымшылық жасау» процессінің басталғаны да көпшілікті қуантып жатыр. Бірақ дегенімен ауылда шешілмеген мәселелер жеткілікті. Ал оларды қалай шешеміз? Мәселені шешудің алдында ол мәселе қайдан шықты деген сұраққа жауап берген дұрыс секілді. Өйткені Қазақстан ДСҰ-ға кіруге ынталы мемлекеттер қатарына кіріп отырған кезде ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті ету заман талабы. Сондықтан бұл мәселе тікелей ауыл шаруашлығындағы жер айналымы және ауылдық аумақтар жерлері, оның заңдық тұрғыдан қарастырылуы болып отыр.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер Кодексі.
- Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 шілдедегі № 1149 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының «Ауыл аймақтарының жағдайының сараптамасы».
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 1 тамыздағы № 726 «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқық беру ережесін бекіту» туралы Қаулысы.
- Мемлекет басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» Қазақстан халқына Жолдауының (Жол картасы) Пункт 1.2.
- Қазақстан Республикасы Президенті. Қазақстан Республикасы Президентінің «Бәсекеге қабілетті Қазақстанға, бәсекеге қабілетті экономикаға, бәсекеге қабілетті ұлтқа» Жолдауы. (Астана, 19 наурыз 2004 жыл). – Жеке ресми басылым.
- Бектурганов А.Е., Мухитдинов Н.Б., Хаджиев А.Х. Проект Земельного кодекса: необходимы взвешенность и основательность // Юридическая газета. 2003. 2 сәуір;
- Жетпісбаев Б.А. Аграрное право Республики Казахстан. – Алматы: Дәнекер, 2002. 215-бет.
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы: Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері. 2010 жыл.
- «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңы.