Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттің конституциялық даму кезеңінің негізін қалаған акт болып табылады. Конституция бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты заңнамалық нормаларды, оның ішінде Конституция нормаларын сот тәжірибесінде қолдану мәселелері жөніндегі нормативтік қаулыларды қабылдау өкілеттігін атқарады. Сот қызметінің заңдық мәні де, саяси маңызы да өте зор. Мемлекет халықтың өз мәселелерін шешуге сенім артатын тәуелсіз әрі тиімді сот жүйесін құруѓа барынша көңіл бөледі. Мәселен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы жолдауында қазіргі қоғамның талаптары мен қажеттіліктеріне жауап беретін тиімді де әділ сотты жүргізу және сот жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар даярлау үшін комиссия құрылғанын атап өтті [1].
Сол себептен, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының негізін құрайтын қағидалар мен нормалардың қоғамдық тәжірибеде дұрыс жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек. Бұл үшін Конституция нормалары мен заңдарына, оның ішінде оларды жүзеге асыру механизмінде үлкен рөл ойнайтын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларындағы түсініктеме берудің маңызы зор.
Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының құқық көзі ретінде заң ғылымындағы дәстүрлі мәселелердің бірі ретінде саналады. Мұны заң шығарушының қанша қаласа да, әділ сотты жүргізу процесінде туындайтын сан алуан мәселелерді ешқашан жаппай айқындауға да, реттеуге де күші жетпейтіндігімен түсіндіруге болады. Нормативтік қаулыларды қабылдау барысында Жоғарғы Сот Конституция нормалары мен заңнамаларын жүйелі талдау және салыстыру негізінде ондағы кейбір құқықтық бостықты (кемшіліктерді) толтырып, заңдардың мазмұны мен негізгі қағидаларына, іс- жүзіндегі қолданысына түсініктеме береді. Осыған қатысты кейбір қазақстандық ғалымдардың бірқатар пікірлерін келтірейік:
Ғ. Сапарғалиев Жоғарғы Сот түсініктемелері құқықтық нормалардың мағынасы мен мазмұнын ашып, оларды жүзеге асыру тиімділігін едәуір арттыратынын алға тартады. өйткені, Жоғарғы Соттың құқықтық нормаларға түсініктеме беруі нәтижесінде олардың мазмұны толыға түседі [2].
Е. Абдрасулов та, «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының өз нормативтік қаулыларында заңнамаларға беретін түсініктемелері, біріншіден – түсіндірмелі, екіншіден – ресми сипатқа ие» [3], - деп есептейді.
К. Мами мен Ж. Баишев алғаш рет қалыптасқан «қолданыстағы құқық» атты конституциялық ұғым мен оның Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының құрамына енгізілуі Қазақстандағы құқық көзі ретінде соттық тәжірибеге негізделген прецеденттік құқықтың мойындалғанын көрсетеді деп пайымдайды [4].
Жалпы, Қазақстан Республикасының Конституциясына және «ҚР сот жүйесі мен соттарының (судья) мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 22-бабына сәйкес Жоғарғы Сотқа заңнамаларды сот тәжірибесінде қолдану мәселелері бойынша түсініктеме беретін жалпыға міндетті нормативтік қаулыларды қабылдау құқығы берілген. ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары түсініктеме берілген заңдарды қолданатын соттарға және өзге де органдар мен лауазымды тұлғаларға міндетті болып табылады. Кейбір ғалымдар мен іс-жүзіндегі жұмысшылар аталмыш норманың ҚР Конституциясының 77-бабына, яғни «судья әділ сот жүргізуде тәуелсіз болып, тек қана Конституция мен заңға бағынады» делінген ережеге қарама-қайшы келетіндігін тұжырымдайды. Басқаша айтқанда, бұдан қолданыстағы заңнаманы жүзеге асыру мәселелері бойынша Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларында берілетін түсініктемелер соттар үшін нақты істер мен материалдарды қарастыруда міндетті емес деген қорытынды шығады. Сондықтан, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларындағы түсініктемелердің рөлі мен олардың барлық деңгейдегі сот тәжірибесі үшін маңызы туралы мәселені айқындап алған жөн. Біздің ойымызша, бұл түсініктемелердің маңыздылығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 81-бабында ҚР Жоғарғы Сотының өзге де өкілеттіктерімен қатар айтылып, оның сот тәжірибесіне қатысты мәселелерге түсініктеме беруге өкілетті екендігі атап өтілген. ҚР Конституциясында нормативтік қаулылардың барлық соттар үшін міндетті әрі басшылыққа алынуға тиіс деп көрсетілмеуін, біздің пікірімізше, аталған нормадан бас тарту дегенді білдірмейді. Мәселен, ҚР Конституциясының 4-бабы 1-тармағындағы ережеге сәйкес Жоғарғы Соттың заңнаманы (олардың нормаларын) қолдану мәселелері жөнінде түсініктеме беретін және сот істерін жүргізу саласындағы субъектілердің жүріс-тұрыс ережелерін қалыптастыратын қаулыларын нормативтік деп қарастыруға болады. Еліміздің бүкіл соттары үшін міндетті болып табылатын мұндай нормативтік қаулылар тек қана сот тәжірибесінде заңнамалық нормаларын, оның ішінде ҚР Конституциясын қолдану мәселелері бойынша шығарылуы мүмкін.
ҚР Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының сот үшін, жалпы құқық қолдану тәжірибесі үшін рөлі мен маңызын келесідей мысалдармен сипаттап көрейік.
1995 жылы 30-тамызда қабылданған ҚР Конституциясында «әркiмнiң бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегi тегiн көрсетiледi» (13 бап, 3-тармаќ). Сонымен қатар, Конституциямен әр адамның жеке басының еркіндік (бостандық) құқығына кепілдік берілген. Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әркiм адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегiн пайдалануға құқылы (16 бап, 3-тармақ). Көрсетілген Конституция нормаларының қолданысындағы қарама-қайшылықтардың алдын-алу үшін ҚР Жоғарғы Соты 2002 жылғы 6-желтоқсандағы №26-шы «Қорғану (адвокаттық) құқығын реттейтін қылмыстық-процессуалдық заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысында бірқатар түсініктемелер беріп, соттардан келіп түскен көптеген сауалдарға жауап қайтарады.
Дәлірек айтқанда, ҚР Жоғарғы Соты күдіктелген, айыпталған, қылмысты танылған, сотталған және айғақталған тұлғаның қорғану құқығы жөніндегі қылмыстық іс-жүргізу қағидасын конституциялық деп сипаттап, қылмыстық іс жүргізетін органдардың ҚР Конституциясының 13-бабы 3-тармағы мен 16-бабы 3-тармағында және Қылмыстық-процессуалдық кодекстің тиісті нормаларында бекітілген ережелерді мүлтіксіз орындауға міндетті екендігіне түсініктеме береді. Сондай-ақ, күдікті, айыпталушы, қылмысты және сотталушының қорғаушы (адвокат) ретінде таңдаған тұлғасы білікті заңдық көмек көрсетуге қабілетсіз болған жағдайда, қылмыстық іс жүргізуші органдардың қорғаушы ретінде адвокатты тарту жөніндегі мәселені талқылауға міндетті екендігі айтылады. Мұндай жағдайда, қорғаушы ретінде таңдалған тұлға іске кәсіби қорғаушымен бірге қатыса алады [5].
Жоғарыда айтылған материалдарды қарастыру жөніндегі сот тәжірибесін тұрақтандыруда маңызды рөл атқарған осы нормативтік қаулы қазіргі кезде де заңдық күшін сақтай отырып, заңнаманы дұрыс қолдануда соттарға көмек көрсетіп келеді. Осы және басқа да бірқатар мәселелердің жауабы ҚР Жоғарғы Соты Пленумының 1998 жылғы 14-мамырдағы №1-ші «Қазақстан Республикасында сот билігі жөніндегі заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» қаулысында көрсетіледі. Онда соттардың әділ сот жүргізуде Конституцияға сүйену керектігіне және Қазақстан Республикасындағы сот билігінің тыйымдар мен қарама-қайшылықтар жүйесін пайдалану арқылы еліміздің өзге де заң шығарушы және атқарушы мемлекеттік билік тармақтарымен өзара әрекеттесетін мемлекеттік билік тармағы екендігіне түсініктеме беріледі.
ҚР Конституциясының 4-бабы 4-тармағының талаптарына сай соттар азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты, жарияланбаған нормативтік құқықтық актілерді пайдалануға және өз шешімдерін солармен негіздеуге құқылы емес. Сондықтан, кез-келген істі қарау кезінде соттар сол іске қолданылатын нормативтік құқықтық актінің жарияланған не жарияланбағанын тексеруге міндетті. Бірінші, апелляциялық, кассациялық және бақылаушы инстанциялар соты Конституцияның 78-бабындағы талаптарды орындау барысында Конституциялық Кеңеске істі қараудың кез- келген сатысында, Конституциямен бекітілген адам мен азаматтың бостандықтары мен құқықтарына нұқсан келтіретін заңды немесе басқа да нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тану жөнінде өтініш жасай алады [6].
ҚР Жоғарғы Сотының өз нормативтік қаулыларында заңдарды дұрыс қолдану мен түсіндіру жөнінде түсініктеме бере отырып, соттарға шынайы көмек көрсетуіне дәлел ретінде оның 2003 жылғы 20-наурыздағы № 1-ші «Прокурордың күдіктіні, айыпталушыны тұтқындау, үйде қамау немесе тұтқындау, үйде қамау мерзімін ұзарту жөніндегі санкциясына сотта шағымдану туралы» нормативтік қаулысын көрсетуге болады. Аталмыш қаулыда Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабына сәйкес әр адамның жеке бас бостандығына құқылы екендігі түсіндіріледі. Тұтқындауға және үйде қамауға тек заңмен қарастырылған жағдайларда және сот немесе прокурордың санкциясын тұтқындалушыға көрсету арқылы ғана рұқсат етіледі. Одан әрі соттарға Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 110-бабының 1-бөліміне сәйкес прокурордың айыпталушыны тұтқындау, үйде қамау, сондай-ақ, тұтқындау, үйде қамау мерзімін ұзарту түріндегі жазасына шағымдануға тек күдіктінің, айыпталушының, қорғаушысының және заңды өкілінің құқылы екендігі түсіндіріледі. Егер күдікті, айыпталушы және олардың таңдап алған қорғаушысы шағым қаралатын сот жиналысына қатысуға өтініш білдірсе, сот олардың өтініштерін міндетті түрде қанағаттандыруға тиіс. Сот жиналысына қорғаушының келмеуі шағымды қарауға кедергі келтірмейді. Сот жиналысына прокурордың міндетті түрде қатысуын талап ететін заң ережесіне сәйкес прокурор келмеген жағдайда шағым қаралмайды. Сот прокурордың келмегені жөнінде жеке қаулы қабылдауға құқылы [7]. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда келтірілген түсіндірмелерінен олардың мақсатының соттарды заңдарға дұрыс түсініктеме беруге бағыттап қана қоймай, оларға істерді қолданыстағы заңнамалық ережелерге сай қарап шешу керектігін ұғындыру екендігі аңғарылады. Сондықтан, ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларындағы сот тәжірибесіне қатысты мәселелер жөніндегі түсіндірмелер соттар үшін міндетті болып табылады. Себебі, заң талаптарына негізделген мұндай түсіндірмелер заңды Қазақстан Республикасының барлық аумағында дұрыс түсінуге және бірыңғай қолдануға, сондай-ақ, соттардың қателік жібермеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларындағы түсіндірмелердің заңдарды дұрыс қолдану жөнінде соттарға тиімді көмек берудің құралы ретіндегі маңызы қолданыстағы заңнама мен басқа да заңдарға елеулі өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуіне байланысты арта түседі. Осы орайда, нормативтік қаулылардың жекелеген ережелерінің түсіндіруші сипаттан гөрі ұсыныс беруші сипатқа ие екендігін (мысалы, төмен деңгейдегі соттар тарапынан заңнаманың дұрыс қолданылуын бақылауды күшейту немесе заң бұзушылықтардың себептері мен олардың орын алуына септігін тигізген шарттарды анықтауға және жоюға баса назар аудару, т.б.) және Қазақстан Республикасы Конституциясының 81-бабына сәйкес ҚР Жоғарғы Сотына соттардың іс-әрекетін соттық бақылау міндетінің жүктелуіне байланысты мұндай ұсыныстардың соттар үшін міндетті болатынын айта кеткен жөн. Жоғарыда айтылған мәселелерге ҚР Жоғарғы Соты түсіндірмелерінің құқықтық сипаты туралы мәселенің тығыз байланысы бар.
ҚР Жоѓарғы Сотына соттық тәжірибе мәселелеріне түсіндірме беру міндетінің жүктелгені жөніндегі аталған конституциялық норманы ескере отырып, бұл түсіндірмелерді сот прецедентінің бір түрі деп бағалауға болады. Себебі, заңнаманы қолдану жөніндегі нормативтік қаулыларда белгілі бір қылмыстық немесе азаматтық санаттағы істерді қарау кезінде туындаған мәселелерді шешудің көптеген соттардың және басқа да заңгерлер мен ғалымдардың тәжірибесі мен біліміне негізделген әдістері шоғырланған. Сөзсіз, мұндай түсіндірме құқықтық норманың ғылыми-практикалық түсіндірмесінен айтарлықтай дәрежеде ерекшеленеді. Өйткені, ғылыми-практикалық түсіндірме бір немесе бір топ ғалымның талқылауымен не олардың жеке көзқарасына сай беріледі.
Сонымен, ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларында қамтылған және ел ауқымындағы сот тәжірибесінің жалпылама көрсеткіштері мен заң талаптарына негізделген, заңнаманы қолдану мәселелері жөніндегі түсіндірмелер сот прецедентінің бір түрі әрі заңдық, негізді үкімдерді, шешімдерді, анықтамалар мен қаулыларды шығару мақсатында міндетті түрде ескерілуге тиіс бағыт- бағдар болып табылады. Кассациялық және бақылаушы инстанцияларда іс қарау тәжірибесі ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларында берілетін, заңнаманы қолдану жөніндегі түсіндірмелерден бас тартудың қате сот шешімдерінің қабылдануына алып келетінін көрсетті.
Нәтижесінде, сот тәжірибесі, заңдық негізде, құқық пен заң кемшіліктерінің орнын толтырады. Жоғарғы Сот осындай сот тәжірибесін жалпылай отырып, жаңа қарым-қатынастарды реттейтін және заңнама кемшіліктерінің орнын толтыратын түсіндірмелерді береді және нормативтік қаулылар Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық көздерінің біріне айналады.
Әдебиеттер
- «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, «Егеменді Қазақстан» газеті 19 ақпан 2005 жыл.
- Сапаргалиев Г.С. Нормативные постановления Верховного суда как источник действующего права Республики Казахстан // Суды и их роль в укреплении государственной независимости (материалы международ. науч.-практич. конф., посвященной 10-летию независимости Республики Казахстан). – Астана: Изд. центр Верховного суда РК, 2001. С.
- Е. Абдрасулов. Судебная власть и ее роль в праворазъяснительной деятельности. Зангер, №2, 2004. С. 22-24.
- К. Мами., Ж. Баишев. О юридической природе нормативных постановлений Верховного суда Республики Казахстан. Журнал «Юрист», №5 (35) 2004г.
- «Қорғану (адвокаттық) құқығын реттейтін қылмыстық-процессуалдық заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы». ҚР Жоғарғы Сотының 2002 жылѓы 6-желтоқсандағы №26-шы нормативтік қаулысы. «Егеменді Қазақстан» газеті 15 қаңтар 2003 жыл.
- «Қазақстан Республикасында сот билігі жөніндегі заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Жоғарғы Сотының Пленумының 1998 жылғы 14-мамырдағы №1-ші қаулысы. «Егеменді Қазақстан» газеті 11 маусым 1998 жыл.
- «Прокурордың күдіктіні, айыпталушыны тұтқындау, үйде қамау немесе тұтқындау, үйде қамау мерзімін ұзарту жөніндегі санкциясына сотта шағымдану туралы». ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы №1-ші нормативтік қаулысы. «Бюллетень Верховного Суда РК» №4, 2003 г.