Заң әдебиетінде, тәжірибелік және теориялық маңызы зор еңбекті қорғау институтының мәні мен мазмұнын түсінуге, ұғуға, басқаша айтқанда оның түсінігін ашып көрсетуге көңіл бөлінгенімен, әлі де шешілмеген сұрақтар мен мәселелер бар. Біздің ойымызша, еңбекті қорғаудың маңызды белгілерін табу үшін оның түсінігін, мазмұнын әрі әлеуметтік, әрі құқықтық тұрғыдан қарастырған жөн.
Өкінішке орай, қазіргі уақыттағы қазақстандық заң әдебиеті еңбекті қорғау түсінігіне қатысты, оның еңбек құқығындағы немесе жалпы құқық жүйесіндегі орыны мен рөліне қатысты терең және іргелі зерттеулерге жетік емес. Негізінен, тек оқулықтағы немесе кейбір ғылыми жұмыстардағы жалпы түсінік ретінде ғана кездеседі.
Әлеуметтік тұрғыдан қарастырғанда, еңбекті қорғау еңбек жағдайларын жақсартуға, адамның өмірін, денсаулығын және еңбекқабілеттілігін сақтауға, еңбек салдарынан болған белгілі бір жарақат алған жұмысшыларға жеңілдіктер жасап, өтемақылар төлеуге бағытталған және де еңбекті қорғау нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілік белгілеуге бағытталған мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың және азаматтардың іс-әрекеті болады. Мемлекетті, әлеуметтік қатынастардың субъектілерінің бірі ретінде қарастырсақ, ол еңбекті қорғау бойынша қызметін белгілі бір нормалар, стандарттар белгілейтін және олардың уақтылы және сапалы түрде орындалуын қадағалайтын органдар арқылы жүзеге асырады.
Мемлекет, еңбекті қорғауға арнайы құралдар мен қаражат бөледі. Осы құралдарды дұрыс қолдану бойынша жұмысты ұйымдастыруды, еңбекті қорғау бойынша талаптарды орындауды қадағалау мен бақылауды ұйымдастырады. Осы шаралардың барлығы еңбекті қорғаудың әлеуметтік мағынасын құрайды[1].
Сонымен, еңбекті қорғау әлеуметтік құбылыс ретінде еңбек үрдісі барысында жұмысшының денсаулығын қорғау мақсатында мемлекеттің, қоғамның жүргізетін техникалық, санитарлық-гигиеналық, экономикалық және ұйымдастырушылық шаралары болып табылады.
Қауіпсіз және зиянсыз еңбек жағдайлары көбінесе өндіріс технологиясын, техниканы дамыту арқылы, техникалық прогресс арқылы қамтамасыз етіледі. Бірақ, адам денсаулығына зиянды әсерін тигізетін факторлар өнеркәсіп салаларының қайсысында болмасын бар. Еңбекті қорғау нормаларын, яғни қауіпсіздік техникасын, санитарлық гигиенаны сақтау мұндай салаларда ерекше маңызға ие. Себебі, олар өнідірістік факторлардың зиянды және қауіпті әсерін жоюға немесе оның алдын алуға бағытталған. Сонымен бірге, мемлекет, технологиялық, техникалық үрдістерді дамытуды қолдану арқылы, қауіпті, зиянды еңбек жағдайын ауыр дене еңбегін кешенді түрде автоматизациялау және механизациялауды енгізу арқылы еңбек жағдайларын және еңбекті қорғауды жақсартуды ғылыми ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Мұндай жағдай әсіресе, атомдық өнеркәсіп саласы үшін өзекті мәселе болып табылады. Өйткені, мұндағы еңбек адам ағзасына зиянды әсерін көп тигізеді, сондықтан толық автоматизациялау жұмысшылардың денсаулығының көрсеткіш деңгейін жоғарылатуға септігін тигізер еді. Еңбекті қорғау институтын құқықтық тұрғыдан қарастырғанда, алдымен құқық институтының түсінігін айта кеткен жөн. Сонымен, құқық институты деп белгілі бір қоғамдық қатынастар түрлерін немесе күрделі қатынастардың бөлек жағын реттейтін ерекшеленген нормалар кешені деп түсінеміз. Ал еңбекті қорғау институты, бұл – еңбек қатынастарының белгілі бір жағын немесе олармен тығыз байланысты бөлек түрін реттейтін құқық нормаларының жиынтығы.
Еңбек құқығындағы «Еңбекті қорғау» кешенді институты деп еңбек барысындағы жұмысшылар мен қызметкерлердің денсаулығын қорғауға бағытталған техникалық, санитарлық-гигиеналық, экономикалық, құқықтық және де басқа шараларды белгілейтін зиянды факторлар әсерін өтейтін еңбек құқығы саласының әртүрлі институттарының нормаларының жиынтығын айтамыз. Көрсетілген нормалар бір мақсатқа бағынады – еңбектену кезіндегі өндірістік факторлардың қауіпті және зиянды әсерінен жұмысшылар мен қызметкерлерді қорғау. Еңбекті қорғау жинақтаушы түсінік болып табылады, өйткені сапа жағынан әртүрлі шараларды қамти отыра, бір маңызды жалпы сипатқа, мақсат бірлігіне ие болады. Көрсетілген шаралар өзара әрекеттесе отырып, бір-біріне байланысты бола тұра, еңбек жағдайындағы өмір мен денсаулықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ал бұдан биік мақсат, бұл – азаматтардың денсаулығы мен еңбекқабілеттілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету. Жоғарыда айтылғандай, еңбекті қорғау түсінігіне қатысты мәселе соңына дейін шешілмеген. Еңбекті қорғау институтының түсінігін анықтауға да осындай жағдай қатысты. Бұл түсінікті түрлі ғалымдар әртүрлі мазмұнда келтіреді. Мысалы, Муцинова Н.А. «Еңбекті қорғау» түсінігінің анықтамасының негізіне
«Еңбекті қорғау» қағидасын салады – еңбекті қорғауға деген құқық осы түсінік мазмұнына жұмыс уақытының ұзақтығын шектеу нормаларын, еңбек пен демалыстың қалыпты режимін қамтамасыз ету нормаларын, қауіпсіздік техникасы мен өндірістік санитария құқықтың нормаларын енгізеді[2].
Киселев Я. Л. – «еңбекті қорғау институтына басқа құқықтық институттарға жататын кейбір нормалар да кіреді» деп санайды. Олар, Киселевтің ойынша, еңбек құқығы институтына да жатады. Бұл жерге, мысалы, ол қысқартылған жұмыс күніне, зиянды еңбек жағдайына байланысты қосымша еңбек демалысқа /жұмыс уақыты және демалыс уақыты институты/, денсаулығына байланысты жеңілірек жұмысқа ауыстыруға /жеке еңбек шарты институты/ және т.б. қатысты нормаларды жатқызады[3].
Тағы бір көзқарасты атап өтейік. Андреев В.С. – «адамдардың қоғамдық өндірістегі еңбек үрдісіне байланысты іс-әрекет ережелерін белгілейтін заңнама еңбекті қорғау бойынша заңнама және еңбекті қорғаудың кең түсінігі – бұл, қауіпсіз және зиянсыз еңбек жағдайларын жасауға тікелей бағытталған техникалық, санитарлық-гигиеналық, ұйымдастырушылық және басқа шаралар жүйесін бекітетін ережелер мен нормалар жиынтығы» деп көрсеткен[4].
Еңбек, бұл - тек қана ұйымдастырушылық-техникалық қана емес, сонымен бірге, қоғамдық іс-әрекет. Сондықтан, адамдардың табиғатқа, еңбек құралдарына қатысты әрекеттерін реттейтін техникалық нормалар да әлеуметтік мазмұнға ие болады, яғни табиғат құралдарына қатысты туындайтын адамдардың арақатынасын реттейтін нормалар күйінде және әдет-ғұрып нысанында, мораль нормалары ретінде немесе құқықтық нормалар нысанында көрініс табады [5].
Айтылғандардан басқа, «еңбекті қорғау» институтының мазмұнына жұмысшыларға арнлаған еңбек жағдайындағы қауіпті және зиянды факторлармен тығыз байланысты әртүрлі өтемақы мен жеңілдіктер беру бойынша нормалар, сонымен қатар, зиянды факторлардың әсерін бейтарап қалдыруды және олардан қорғауды бекітетін нормалар жатады, яғни бұл топқа жағымсыз жағдайлардағы еңбекке қатысты нормалардың барлығын жатқызамыз. Алғашқыда көрсетілген жеңілдіктер мен өтемақылар қосымша еңбек демалысын /ЕК 102-бабы/ және қысқартылған жұмыс уақытын /ЕК 78-бабы/, көтермеленген еңбекақы /ЕК 10-тарауы/ беруден және де сүт, емдік-профилактикалық тағам беруден /ЕК 317-бабы/ көрініс табады. Бұл нормалар топтарын «еңбекті қорғау» институтына жатқызу-жатқызбау заң әдебиетінде дауға түскен мәселелердің бірі. Біздің ойымызша, көрсетілген категорияларды /қысқартлыған жұмыс уақыты, қосымша демалыс уақыты, көтермеленген еңбекақы/ «еңбекті қорғау» салааралық институтына жатқызған жөн, бірақ бұл айтылған нормалар еңбек құқығының басқа институттарына - «жұмыс уақыты», «демалыс уақыты» және «жалақы» институтына жатпайды деген тұжырымға сәйкес келмейді. Әр категория, еңбек өлшемі, демалыс уақыты және төлем өлшемі болып қала береді, сонымен бірге олар зиянды, қауіпті және ауыр еңбек жағдайларында көп мөлшерде кететін жұмысшының моральдік және дене күшінің орнына келтіруге бағытталған. Олар еңбекті қорғаудың тек «шағылысқан» түрі болады.
Заң әдебиетіндегі талқылауға салынатын сұрақтардың біріне еңбек құқықбұзушылығы үшін жауапкершілігі нормаларын, оның ішінде, еңбекті қорғау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік нормаларын еңбекті қорғау институтына қосу-қоспау да жатады. Еңбекті қорғау институтын салааралық және кешендік институт ретінде қарастыра отырып, біз атаған нормаларды зерттеліп отырған институт құрамына қосамыз. Заң ғылымдарының бірде-бір институты бөлек әрекет етіп, дамып өмір сүре алмайды, олардың барлығы әртүрлі деңгейде өзара байланыста. Бұл жағдай еңбекті қорғау институтына да тән. Сондықтан, біз еңбекті қорғау бойынша ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті тек еңбек құқықбұзушылық үшін жауапкершілік институты қатарында немесе тек еңбекті қорғау институты құрамында қарастыра алмаймыз. Сонымен, еңбекті қорғау институты көп қырлы, яғни көп жақтан қарастырылуы тиіс. Бұл институттың еңбек құқығының құрамындағы, және де басқа құқық салаларының құрамындағы институттармен «жанасу нүктесі» бар екенін көруге болады. Жеке құрылым бола тұра, ол өзінің құрамында әртүрлі реттегіш нормаларды қамтиды.
Әдебиеттер
- Голощапов С.А. Правовые вопросы охраны труда. – Мәскеу, «Юридическая литература», 1982 ж., 44- бет;
- 2..Муцинова Н. А. Правовая организация охраны труда на промышленных предприятиях СССР. – канд. дисс. Авторефераты, М., 1970 ж., 37-бет;
- Киселев Я.Л. Охрана труда по советскому трудовому праву. – М.: Госюриздат, 1962 ж. – 26-бет;
- Андреев В. С. О предмете и основных принципах советского трудового права. М., МГУ баспасы, 1964 ж, 56-бет.
- 5.Левитин Л. И. з.ғ.к. ғылыми дәреж. ізд. арн. дисс. Правовое регулирование охраны труда в колхозах, Киров ат. КазГосУниверситет, 1968 ж., 2-бет.