Кіріспе
Қазіргі ғаламдық жаңартулар мен заманауи өзгерістер шеңберіндегі білім берудің мақсаты әлемдік сапа деңгейіндегі жаңа инновациялық білім кеңістігін кұру және жас ұрпақты абсолюттік жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде адамгершілікке тәрбиелеу болып табылады. Қоғамдық қажеттілік пен тарихи кезең жүктеп отырған бұл мақсаттың жүзеге асырылуы білім алушылардың өзіндік ұлттық санасы, азаматтық айқындамасы, интеллектуалдық ой-өрісі, жауапкершілік сезімі, жалпы мәдениеті және шығармашылық қабілеттеріне байланысты екендігі сөзсіз. Сол себепті бүгінгі оқыту үдерісінде жеткіншектердің өзін-өзі тануы, өзін-өзі дамытуы, өзін-өзі басқаруы және өзін-өзі іске асыруы олардың әлеуметтенуіндегі стратегиялық бағыттардың бірі деп саналады.
ХХІ ғасырдағы адамның руханилығы, оның шығармашылық интеллектісі, жаңалықтарға ашықтығы қоғамның негізгі капиталы ретінде бағаланады. Жаңа ғасыр жастарының білім мен біліктілігін, дағдысы мен шеберлігін, адамгершілік қадір-қасиеттерін, дүниетанымдық көзқарастарын, салауаттылық дағдыларын, жағымды мінез-құлық нормаларын рухани-адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру – үлкен қажеттілік екендігі ҚР білім беру саласындағы ресминормативтік құжаттардың бәрінің негізіне салынған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында «әрбір адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімділігі, білім берудің зайырлы, гуманистік және дамытушылық сипаты, азаматтық құндылықтардың, адам өмірі мен денсаулығының, жеке адамның еркін дамуының басымдығы, жеке адамның білімдарлығын ынталандыру және дарындылығын дамыту мәселелері» айрықша атап көрсетілген [1].
Аталған мәселелердің шешімі оқыту мен тәрбелеу үдерісінде жаңа идеяларды туғызды. Мұның дәлелінің бірі ретінде С.А. Назарбаеваның бастамасымен 1992 жылы қоғамдық ұйым ретінде құрылған «Бөбек» қорының қайырымды істерін және оның заңды жалғасы ретінде еліміздің білім беру жүйесінің барлық деңгейлерін қамтитын «Өзін-өзі тану» авторлық жобасын атауға болады. Кез келген жаңа бастаманың қалыптасу және даму кезеңдері болатынын ескерсек, «Бөбек» қайырымдылық қорының осы күнге дейінгі дамуын үш кезеңге, яғни бірінші кезең 1992-2000 жылдар, екінші кезең 2000-2010 жылдар аралығы және бүгінгі күнге дейінгі кезең деп бөліп қарастыруымызға болады. Аталған кезеңдердің атқарған міндеттері де сан салалы қызметпен ұштасады.
С.А. Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасының ҚР білім беру жүйесіне ендірілуінің бірінші кезеңі
«Бөбек» қайырымдылық қоры бұл кезеңде мектеп жасына дейінгі сәбилердің әлеуметтiк жағынан қорғалуына, олардың сүйіспеншілікте, қамқорлықта тәрбиеленуiне көмектесу мақсатын жүзеге асырды. «Еліміздегі жетім балалар проблемасына бүкіл адамзаттың назарын аудара отырып, балалардың ұпайларының түгенделуіне үлес қоссақ дейміз. Жалпы ел болып жетімдерді жұрт қатарына қосуға бірлесе атсалысу елдігіміздің белгісі дер едім», – [2] деген Сара Алпысқызының бастаған игілікті ісі жалпы халықтық іске айналды. «Бөбек» қорының бастамасымен әртүрлі акциялар («Мейірім» күні, «Қуаныш және үміт үйі» телемарафон-аукционы, «Айналайын» халықаралық балалар фестивальдері және т.б.) ұйымдастырылып, одан түскен қаржылар жетім балалардың жағдайын, жай-күйін жақсартуға бағытталды. Соның нәтижесінде «Үміт үйі», «SOS-киндердорф» балалар қалашықтары, балаларға арналған емдеу-сауықтыру орталықтары, «Жасөспірімдер» үйлері бой көтерді.
«Бөбек» қоры қызметінің алғашқы кезеңінде балалардың әлеуметтік жағдайына, денсаулығына баса назар аударылды. Республиканың барлық аймақтарында қайырымдылық қорлары ашылып, балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, көп балалы және аз қамсыздандырылған отбасыларына қамқорлық жасау сияқты көптеген игі істер жүргізілді. Игілікті іс өз еліміздің ішінде ғана емес, сонымен қатар БҰҰ және ЮНИСЕФ сияқты әлем елдеріндегі көптеген балалар қайырымдылық ұйымдарынан қолдау тапты. Қазақстан Үкіметi мен Халықаралық «SOS-киндердорф интернациональ» қоры арасындағы бiрлескен қызмет туралы 1994 жылы жасалған келiсiм шеңберiнде Алматыда тұңғыш балалар ауылы ашылды.
Республика бойынша «Үміт» үйлерінің ашылуына да «Бөбек» балалар қайырымдылық қоры себепкер болды. Бұл үйлерге әлеуметтiк көмекке мұқтаж жандардың сәбилері уақытша қабылданды.
«Бөбек» қорының бастауымен жасалған игі істердің бірі – жетім балаларға қалыпты отбасылық жағдайға мейлінше жақындатылған жасөспiрiмдер үйлерiнің ашылуы еді. Бұл үйде балалардың 23 жасқа дейін тұрып оқуға, еңбек етуге құқықтары бар. Олардың заңды мүдделерi мен құқыларын қорғау ҚР Үкіметінің 2000 жылғы 13 желтоқсандағы №113-ІІ қаулысымен бекітілген «Отбасы типтес балалар деревнялары және жасөспiрiм үйлерi» туралы Заңында көрсетілген [3].
«Бөбек» қорының дамуының алғашқы кезеңінде атқарылған жұмыстарда қоғамдағы әлеуметтік дерттің алдын алуға, денсаулығы нашар балаларды сауықтыруға, жетім балаларға қамқорлық көрсетуге көбірек мән берілді. «Бөбек» қорының ұйымдастыруымен 2000 жылдың наурыз айында Алматы қаласында өткен «Жеке бастың тәрбиесі және оны үндестіре дамыту» атты республикалық семинар-кеңесте С. Алпысқызы «Бөбек» қорының бағыт-бағдарының өзгергендігін, сөйтіп алдағы уақытта балалар тәрбиесін рухани имандылық пен әркімнің өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыра отырып сабақтастыруды қолға алу қажеттігін үлкен мәселе етіп көтерді.
«Мен алғаш «Бөбекті» дүниеге әкелгенде қалайда жетім, қорғансыз балаларға әлеуметтік жағынан көмектесуді басты назарға алдым. Ол үшін денсаулық саласымен тығыз байланыс жасадым. Киім-кешек, дәрі-дәрмекке, тамақтарына көмектескенмен бұл мәселенің түпкі шешімін таба алмадым. Енді мен осы болмыстың себептерімен күрессем деймін. Сөйтіп, білім беру саласында ғылыми негізделген оқулықтар жасап, оны ресми пән ретінде енгізу жөнінде жаңа бағдарлама ұсындым», – дейді С. Алпысқызы [4].
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының эксперименттік байқаудан өткізілуінің екінші кезеңі
Еліміздің жас ұрпағына жасалған игілікті істің түйіні ретінде ізгілік әлеміндегі жаңа бастама «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы дүниеге келді. Жеке тұлғаның құндылықты бағдары, адамгершілік сапалары, адамның тұтас болмысы туралы ой қозғап, рухани-адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын бұл бағдарламаның мақсаты әр адамның қоршаған ортада өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде сезінуге; адамның өзін-өзі толық іске асыруға; өзінің әлеуметтік рөлі мен өмірлік мұратының мәнін ұғынуға; қоғамға қызмет ету әлеуетін көтеруге; әрбір тұлғаның өзіндік ішкі мүмкіндіктерін толық пайдалана білуге үйрету болып табылады.
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру авторлық бағдарламасы бойынша 2001 жылдан бастап еліміздің білім беру ұйымдарында эсперимент жүргізіліп, оған 61 мектепке дейінгі мекеме, 75 жалпы білім беретін мектеп, 10 мектеп-интернат, 1 колледж, 30 жоғары оқу орындары қатысты.
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын эксперименттік байқаудан өткізуді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету
«Бөбек» ҰҒПББСО-ның Адамды үйлесімді дамыту институтына жүктеліп, пәннің стандарты, оқулықтары және оқу-әдістемелік кешендері әр кезеңнің талаптарына сай дайындалды. Бұл істі жүзеге асыру мақсатында институт базасында еліміздің танымал ғалымдары, уақытша құрылған ғылыми-зерттеу ұжымдары қызмет атқарып, өзін-өзі тану педагогикасының қалыптасуы мен дамуының тарихына өз үлестерін қосты.
Қазақстан Республикасында рухани-адамгершілік білім беру тұжырымдамасының алғашқы нұсқасы психология ғылымының докторы, профессор Х.Т. Шерьязданованың жетекшілігімен дайындалды. Тұжырымдаманың негізіне адамның өзіне, өзгелерге, табиғатқа, қоршаған ортаға және ұлттық құндылықтарға ізгілікті қарым-қатынас орнатуына да ықпал ететін адамның үйлесімді дамуына қажетті идеялар салынды.
Бұл тұжырымдаманың негізінде «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын эксперименттік байқаудан өткізуді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ететін екі балама бағдарлама жасалды. Олардың біріншісіне республикалық мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру институтының әдіскері Н.И. Бахмутова, ал екіншісіне психология ғылымының докторы, профессор Х.Т. Шерьязданова жетекшілік етті.
«Өзін-өзі тану» оқу пәнінің келесі тұжырымдамалық негіздері 2002 жылы ҚР БҒМ Философия және политология институтының ғалымдары профессорлар Ә. Нысанбаев пен Г.Г. Соловьева жазған «Балалармен бірге өзгереміз» атты еңбекте көрініс тапты. Бұл ғалымдар «Өзін-өзі тану» оқу пәнінің мақсаты жаһандану жағдайында бақытты өмір сүре алатын, қоршаған ортамен ізгілікті қатынас орнататын, басқа халықтарға түсіністікпен қарай алатын және әртүрлі мәдениеттер мен өмірлік тәжірибелерге құрмет танытатын, сонымен қатар өзінің ұлттық бейнесін сақтап, қорғай алатын рухани-адамгершілік мұраттармен қаруланған, біртұтас рухани дамыған адам қалыптастыруға бағытталуы тиіс деп пайымдады.
«Өзін-өзі тану» оқу пәнінің оқулықтары мен ОӘК 2003 жылы жасалған мониторингтік нәтижелер бойынша жоғарыда айтылған екі бағдарламаны біріктіріп, пән бойынша интеграцияланған бір бағдарлама жасау қажеттілігі ұсынылды. Осы пікірге сәйкес мұнда «Өзін-өзі тану» оқу курсын білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде, яғни мектепке дейінгі білім беруден бастап, жоғары оқу орындарындағы оқу-тәрбие үдерісіне енгізудің бірізді желілік тақырыптық жоспары дайындалды. Біріктірілген бағдарлама бойынша оқу-әдістемелік кешендерді дайындау философия ғылымдарының докторы М.Ш. Хасанов және педагогика ғылымдарының кандидаты К.Т. Калилахановаға тапсырылды.
Эксперименттік байқаудан өтіп жатқан бұл пәннің ұлттық компонентін күшейту мақсатында 2003 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының базасында педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.Қ. Құсайыновтың басқаруымен еліміздің көрнекті философ, психолог, педагог, мәдениеттанушы, әлеуметтанушы ғалымдарының қатысуымен уақытша ғылыми-зерттеу ұжымы құрылып, олар
«Өзін-өзі тану» оқу пәні тұжырымдамасының жаңа нұсқасын дайындады. Бұл нұсқада жалпы адамзаттық құндылықтар қазақстан қоғамының адамзат тарихымен үйлесімді дамуы қазақ халқының рухани мәдениеті, этнопедагогикасы тұрғысындағы мәдени-тарихи және ділдік ерекшеліктерге сәйкес қарастырылып адамның өзінөзі тануы адам әлеуетін дамытуға бағытталды.
«Бөбек» ҰҒПББСО адамның үйлесімді дамуы институтында 2004 жылы «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының дамытуды жетілдірудің жаңа стратегиялық бағыттары жасалды, оларда пәнді эксперименттік байқаудан міндетті пәндік қызметке трансформациялау міндеті қойылды. Осы міндетке сәйкес философия ғылымының докторы, профессор Е.Е. Бурованың жетекшілігімен 2005 жылы пәннің ұлттық білім беру жүйесіндегі орны оның бағдарлық, бейімділік, интеграциялық және жүйеқұрушылық сияқты негізгі қызметтерінің сипатымен анықталды.
2006 жылы АҮДИ ғалымдары мен әдіскерлерінің алдына пәннің білім мазмұнын стандарттау және оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауды жобалау мақсаты қойылды. Осы жылы Қазақстанда жалпы орта білімді он екі жылдық білім беру жүйесіне көшіруге байланысты педагогика ғылымдарының докторы, профессор М.Ж. Жадринаның жетекшілігімен «Өзін-өзі тану» пәнінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (2006) дайындалып, тұңғыш рет нәтижеге бағдарланған білім беру үдерісінде құзыреттілік түріндегі оқу жетістіктерін анықтаудың әдіснамалық негіздері жасалды. «Өзін-өзі тану» пәнінің мақсат-міндеттерінің шеңберінде осы жылы оқулықтар мен ОӘК дайындау мәселесі қолға алынды [5].
Бүгінгі таңда он жылдан астам ғана тарихы бар «Өзін-өзі тану» пәні адамның өзін-өзі тану үдерісіндегі шетелдік ғалымдардың ой-пікірлерін зерделей отырып, отандық ғалымдардың зерттеулері мен тұжырымдарының негізінде пән ретінде қалыптасты. «Өзін-өзі тану» пәнінің мазмұндық-құрылымдық жүйесін теориялық тұрғыдан дәйектеген Қазақстандық ғалымдар А.Н. Нысанбаев және Г.Г. Соловьева руханиадамгершілік білімнің философиялық тұрғысын, К.Ж. Қожахметова педагогикалық және этнопедагогикалық тұрғысын, М.Х. Балтабаев оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі мәденилік тұрғысын, Х.Т. Шерьязданова рухани-адамгершілік білім берудегі психологиялық тұрғысын зерттеді. М.Ш Хасанов, Б.К.
Дамитов, Б.А. Әлмұхамбетов және т.б өзін-өзі тану курсының концептуалды-теориялық негіздерін және оны білім беру жүйесіндегі реформаларға сәйкес тәжірибеге енгізудің жолдарын қарастырса, М.Ж. Жадрина, Ғ.З. Байжасарова, Б.А. Әрінова,Ұ. Әбдіғаппарова, Б.К. Құдышева, Г.И. Қалиева, С. Сейтақов, Р.О. Ізғұттынова, Ж.Ж. Әкімбаева, Ж. Қажығалиева және т.б. осы пәнді білім беру ұйымдарына енгізуде оны жалпы мемлекеттік стандарттарын нормативтік-құқықтық негіздерін жасап, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап, бағдарлы мектеп аралығындағы оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін дайындады. Ал 2010 жылы аталған пән еліміздің білім беру жүйесінің барлық деңгейлеріне жаппай ендірілді.
«Өзін-өзі тану» – жаңа интегративті пән, оның мақсаты – жалпыадамзаттық құндылықтар мен адамгершілік мұраттарына сүйене отырып оқушылардың тұлғалық дамуын қамтамасыз ету. Бұл пән әрбір жас жеткіншекке өз өмірінің мәнін түсінуге және осы өмірдегі мақсаты мен мұраттарын анықтауға, шығармашылық қабілеттері мен бейімділіктерін ашуға, қоғамдағы өз орнын табуға, өзі мен өзгелерді, сонымен қатар, өзін қоршаған әлемді бағалай білуге үйретуді көздейді. Сол себепті, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде оқытылатын «Өзін-өзі тану» пәні жеке тұлғаның азаматтық белсенділігін арттыруға, руханиадамгершілік құндылықтарын қалыптастыруды мақсат тұтады.
«Өзін-өзі тану» пәнінің мазмұндық-құрылымдық жүйесіне өзек болатын руханиадамгершілік құндылықтардың тамыры тереңде жатыр. Ол халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, рухани мұраларынан, ділінен, тағылымдық ой-толғауларынан бастау алады. Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам, өзін-өзі қадағалап, сынап, өзін-өзі тәрбиелеуге, өмірден өз орнын табуға ұмтылады. Өзін-өзі тану, қазіргі заманғы білім берудің мәні мен мақсатын анықтай отырып, адамды бүкіл өмір бойы белсенді жасампаздық әрекетке дайындайды. Өзін-өзі тану білім берудің мәні белгілі бір сала бойынша білімді жинақтау емес екендігін түсінуді, адамның өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп отыруын, тұлғалық дамуына ұмтылысын жүзеге асыруды, шығармашылық белсенділікке, зияткерлікке, өзімен және өзін қоршаған ортамен үйлесімдікке қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Өзін-өзі тану» пәні мұғалімдерін дайындаудың кәсіби мазмұны
Эксперименттік байқаудан өту және жеке пән ретінде оқу-тәрбие үдерісіне енген уақыт аралығында еліміздің білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде өзін-өзі тану мұғалімінің зерттеуші, әдіскер маман ретіндегі кәсіби бейнесі қалыптасты. Өзін-өзі тану мұғалімдерін дайындаудың кәсіби мазмұны өзін-өзі тануды жарыққа шығару және оқушының өзін-өзі тануына ықпал ету миссиясымен айқындалады. Әр оқушының өзін-өзі жарқырата көрсете алуы, өзінің ішкі мүмкіндіктері мен тұлғалық әлеуетін жетілдіре білуі олардың қоғамға қызмет етудегі басты көрсеткіші болары анық.
2009 жылы бакалавриат, магистратура, Ph.D докторантура мамандықтарының классификаторына «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» жаңа мамандығы қосылды. Осы мамандық бойынша жоғары оқу орындарына арналған пәннің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бекітілді. 2010-2011 жылдары ҚР БҒМ тапсырысымен республикалық қаржыдан аталған мамандықтар бойынша мұғалімдерді дайындау үшін мемлекеттік гранттар бөлініп, жоғары оқу орындарына пәннің типтік оқу бағдарламаларын жасау мәселесі қолға алынды. Мұндай іс-шаралар кеңейтілген бағдарлы мамандарды дайындауда бүкіләлемдік үрдістермен сабақтасатын Қазақстандағы педагогикалық білім беруді реформалаудың маңызды қадамы болып отыр.
Он жылдан астам тарихы бар «Өзін-өзі тану» оқу курсын оқытудың жоғары білім беру жүйесінде ерекше мәнге ие болуы да осыған саяды. Бұл курс болашақ маманды өзінің тұлғалық дамуындағы мақсаты мен мұраттарын анықтауға, шығармашылық қабілеттері мен бейімділіктерін ашуға, түрлі мәселелерді адамгершілік қағидаларға сәйкес шешуге, қоғамдағы өз орнын табуға, өзі мен өзгелерді, сонымен қатар, өзін қоршаған әлемді бағалай білуге үйретуді көздейді. Өзін-өзі тану нәтижесінде болашақ мамандар өз ойы, сөзі және іс-әрекеттерінде шынайы болуға, азаматтық және елжандылық танытуға және ізгілік әлеміндегі игі істердің басында тұруға дағдыланады. Сонымен қатар, өзін-өзі тану адамның шығармашылық белсенділікке ұмтылуын, жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін үдеріс ретінде тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға негіз болады.
Жоғары оқу орындарындағы «Өзін-өзі тану» пәні құрылымы бойынша үлкен екі блоктан тұрады. «Өзін-өзі тану негіздері» атты бірінші блоктың білім мазмұнында жалпыадамзаттық құндылықтарды меңгерту қарастырылады. Мұнда студенттердің өзін-өзі тануға және шығармашылық өзін-өзі жүзеге асыруына қажетті құндылықтар жүйесін ұғындыру, әлемнің тұтас бейнесін қалыптастыруға, жалпыадамзаттық құндылықтардың мәнін түсінуге көмектесетін рефлексия, өзін-өзі талдау, өзін-өзі тәрбиелеу дағдыларын қалыптастыру және білім алу арқылы өмірлік жағдаяттарда адамгершілік мінезқұлық тәжірибесін қалыптастыру мәселелері қарастырылады. «Өзін-өзі танудың» оқыту білім алушыларға:
- әлемнің тұтастығын, адамның, қоғамның және табиғаттың бірлігі және өзара тәуелділігін;
- адамның, оның өмірінің және абыройы мен қадір-қасиетін, құқықтары мен бостандықтарының құндылықтарын, жалпыадамзаттық құндылықтарға жақындығын көрсетуді;
- қоғамдағы өзінің орны және неге арналғандығын, өзін-өзі мейлінше толық шығармашылық жүзеге асыру қажеттілігін;
- өмірдегі адами қарым-қатынастар құндылығын (отбасы, махаббат, достық) терең үйретіп, олардың танымдық белсенділігін, адамгершілік сапаларын дамытуға негіз болады.
Сонымен қатар, аталған блокта өз Отаны – Қазақстан Республикасын сүю; елжанды азамат болу, тарихқа, отандық және әлемдік мәдени мұраға құндылықты қарау; әлемді және өзін-өзі тануда жасампаздық белсенділік таныту; өмірлік және кәсіби жағдаяттарда адамгершілік критерийлерін басшылыққа алу; адамдарға түсіністікпен қарау, өзге наным сенім, көзқарастағы адамдарға төзімділік (толеранттылық) таныту; табиғатқа, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау; салауатты өмір салтын ұстану, өзінің физикалық және эмоционалдық-рухани жағдайын бірқалыпта ұстай алу құзіреттерін игеруге мүмкіндік туады.
«Педагогтың кәсіби өзін-өзі тануы және өзінөзі дамытуы» атты 2-блокта болашақ педагогтардың ізгілікті дүниетанымын дамыту, олардың тұлғалық және кәсіби өзін-өзі дамытуы, оқушылардың өзін-өзі тануы мен өзін-өзі дамытуына педагогикалық қолдау көрсету жөнінде теориялық білім мен практикалық іскерліктер жүйесін қалыптастыруға назар аударылады [6].
Педагогтың кәсіби өзін-өзі тануы нәтижесінде болашақ маман педагогикалық қызметтің құндылық-мәндік негіздерін, кәсіби өзін-өзі дамытудың басты заңдылықтарын, педагогтың кәсіби өзін-өзі тануы мен табысты өзін-өзі дамытуының тетіктері мен шарттарын білуге ұмтылады.
Тұтастай алғанда, «Өзін-өзі тану» пәнінің интегративті сипаты жасөспірімдер мен жастарға рухани-адамгершілік білім негіздерін меңгертудің бүгінгі таңда аса маңызды екендігін айқындай түседі. «Өзін-өзі тану» метапәнін білім беру жүйесінің барлық деңгейлеріне жаппай ендіру бойынша жүргізілген мониторингтік талдаулар нәтижесі пәннің тәрбиелік мәнінің де өзектілігін анықтай түседі. Олай болса, «Өзін-өзі тану» пәні бойынша берілетін білім мазмұнын уақыт талабына сай меңгерту оның мазмұндық-құрылымдық жүйесін жаңа көзқараста жетілдіруді талап етеді. Бүгінгі таңда «Өзін-өзі тану» пәнінің мазмұнын мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтармен ұштастыру жаңа бағыттардың бірі болып, бұл өз кезегінде пәнді оқытудың жаңа кезеңіне қадам жасап отыр. Бұл игі істің тарихи бастауы болашақтың еншісінде деп айтуымызға болады.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, он жылдан астам тарихы бар «Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың әр кезеңі қайталанбас тарих беттері болса, пәннің болашақта даму үрдісі адамзат баласын ізгілікке, руханилыққа апаратын сара жол деп санаймыз. Өйткені, тәуелсіз еліміздің төл перзенттері рухани-адамгершілік құндылықтарды меңгерген, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуда құзыреттілік таныта алатын, бәсекелестікке қабілетті, жан мен тән үйлесімдігін сезіне алатын саламатты тұлға болып қалыптасуы тиіс. Осындай ізгі мақсатқа құрылған игі істің болашағы да зор болары сөзсіз, себебі өзін-өзі тану адамның өзінөзі үздіксіз жетілдіріп отыруын, тұлғалық дамуына ұмтылысын жүзеге асыруды, шығармашылық белсенділікке, өзімен және өзін қоршаған ортамен үйлесімдікке қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Сондықтан әлемді құндылық тұрғысында ұғыну барысында өзін-өзі танудың рөлі шексіз арта түседі. Бұл өз кезегінде жеке тұлғаның өмірдің мәнін, өзінің өмірдегі орнын түсінуіне көмектеседі.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының Білім туралы заңы // Егемен Қазақстан. – 15 тамыз. – 2007. – 5-8 бб.
- Назарбаева С.А. Келешек кемел болсын // Халық кеңесі. – 6 наурыз. –
- «Отбасы типтес балалар деревнялары және жасөспiрiм үйлерi» туралы Заң //Егемен Қазақстан. – 12. 2000. – №321.
- «Жеке бастың тәрбиесі және оны үндестіре дамыту» атты Республикалық семинар-кеңес материалдары. – Алматы, 29 наурыз,
- Өзін-өзі тану.Қазақстан Республикасы Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты.: «Бөбек»ҰҒПББСО. – Алматы,
- Әрінова Б.А. Жоғары білім беру жүйесіндегі «Өзін-өзі тану» оқу курсының гуманитарлық пәндер аясындағы интегративтік сипаты // Жоғары мектеп. – 2012. – №5. – 246-251-б.