Өлшемі кəсіби құзыреттілік болып табылатын жоғары оқу орындары (ЖОО) түлектерін дайындаудың сапасы ЮНЕСКО ұсынысталаптарының позициясынан қарастырылады. Кəсіби құзыреттілікке деген концептуалды талаптардың мəні еңбектің, жалпы өмір сфераларының өнімділігін арттыруға қажетті білімді,шеберліктер мен дағдыларды кеңейтуді көздейді. Таза өндірістік, еңбектік білім, шеберлік, дағдыларды өмірге қажетті, соның ішінде белсенді азаматтық парыз- ды атқару мен еңбек нарығында бəсекеге қабілетті болу үшін денсаулықты сақтау мен қорғауға, демографиялық дамуға, салт-дəстүр мен мəдениетті сақтап дамытуға, табиғи ресурстарды үнемдеп пайдалануға, қоршаған ортаны қорғай отырып, экологиялық қауіпқатерлерді төмендетуге қажетті білімдермен, шеберліктермен жəне дағдылармен ауыстыру индивидтің қызығушылықтарының жанжақтылығын жəне оны даму үрдісінде қолдауды көрсетеді.
Адам құзыреттілігі концепциясына тəн ерекшеліктердің бірі – субъектінің əлеуметтік өзгерістердегі рөлінің артуы жəне оның даму процестері динамикасын түсіне отырып, олардың жүру барысына ықпал ете алуы.
Өткен жылдардың ғылыми зерттеулерінің нəтижелері, сондай-ақ дүниежүзілік практикадағы білім беру дамуының бағыттарын талдау – білім беру саласының ашық жүйе ретіндегі дамуының қажеттілігін айқындайтын бірнеше əдістемелік бағдарларды бөліп қарастыруға мүмкіндік береді:
- өзін-өзі танып білу мен өз мүмкіндіктерін іске асыру жолындағы білім алудың жеке тұлғалық мəнін күшейту (үзбей білім алу);
- білім берудің құндылық мəнін, оның рухани-адамгершілік маңызын көтеру (білім берудің бейбітшілік пен келісім үшін қызмет етуі);
- білім беру ісінің оқушының тұлғасын ұлттық құндылықтарды игеруші жəне тасымалдаушы ретінде қалыптастыру тұрғысындағы рөлін күшейту (білім беру прогрестің факторы ретінде);
- білім беру мазмұнында əлемнің тұтастығы мен адамның оның бір бөлігі екендігі туралы ұғымды қалпына келтіру (өмір мен еңбек үшін білім алу);
- оқушыларды табиғи əлемді сақтауға жəне аймақтық жəне жаhандық көлемдегі экологиялық проблемаларды болдырмауға күш салуға бағыттау (білім беру – ғаламдық ойлауды қалыптастырудың құралы жəне шарты ретінде);
- барлық адамдар үшін сапалы білім алуға жəне оған жету жолында тең мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге жағдайлар жасау (барлық адамдардың тең білім алуы);
- білім беру үрдісіне бүкіл қоғамды тарту жəне білім берудің сапасын жақсартуда əлеуметтік тең қарым-қатынастар орнату (білім беру ісі ашық жүйе ретінде).
Біздің ойымызша, елдің экономикалық, əлеуметтік-мəдени жағынан нық тұруындағы шешуші факторлардың бірі ретіндегі білім берудің неғұрлым жетілдірілген моделін жасақтауда бұл бағдарлар реттеуші құралдар рөлін атқаруы тиіс. Осындай көзқарастар тұрғысынан қарағанда бұл міндеттердің барлығы қоғамның негізгі ресурстары болып табылатын адамдық жəне ақпараттық капиталдарды жұмылдыратын білім беру нəтижелеріне тікелей байланысты.
Кəсіби құзыреттіліктің бұл талаптары мемелекеттің білім берушілік саясатымен айқындалады. Ресей ғалымы Д.В. Чернилевскийдің ойынша қазіргі күнгі мемлекеттердің білім берушілік саясатында шешуді рөлді таңдау еркі ұғымы атқаруы тиіс. Оған – мемлекет, қоғам жəне тұлға үшін маңызды нəтижелерге алып келетін сəйкесті философиялық-білім берушілік парадигмаларда, саяси доктриналарда жəне стратегиялық концепцияларда, сондай-ақ түрлі білім берушітəрбиелеуші стандарттарда негізделген білім берушілік мақсаттар мен құндылықтарды, технологияларды таңдау еркі, білім берушілік ісəрекеттің жолдары мен əдістерін дифференциациялау жатады.
Өзінің тұлғалық жəне кəсіби əлеуетін іске асыруын қамтамасыз ету жəне қоғамның сұраныстарын қанағатттандыру үшін мамандарды жоғары оқу орнында даярлау қандай болу керек? Д.В. Чернилевский бұл мəселенің шешімін екі жағынан көреді:
- болашақ маман тұлғасына деген талаптарды оның өзі, белгілі бір шаруашылық субъектісі, мемлекет пен қоғам айқындауы тиіс;
- осы талаптарға сəйкес келетін идеалды білім берушілік технологияларды таңдау.
Қазіргі күні жоғары білім беру жүйесі нарықтық өзгерістер контексінде дамып отыр. Сондықтан оның функцияларына кейбір экономикалық категорияларды қолдану қажет бо- лып отыр. Олар: «нарық», «тауар», «сұраныс»,«ұсыныс», «бəсеке», «бəсекеге жарамдылық»,«маркетинг».
Осы ұғымдардың өзара байланысын ЖООның басты нəтижесі – болашақ маман бітіруші түлекке қатысты қарастырып көрейік.
Маманға нарықтық көзқарас. Нарықтық экономиканың сантүрлі сұраныстары арасындағы ең бастысы – жоғары интеллектуалдық, мəдени, рухани-адамгершілік, тəн тұрғыдан дамыған тұлға жəне оның осы сапаларын іске асыра алуы; сонымен бірге кейбір ұйымдар мен өндіріс орындарының жəне жалпы алғанда, қоғамның жоғары кəсіби мамандарға деген сұранысы, ғылыми-техникалық жəне мəдени əлеуетті жинақтау мен пайдалану. Бұл сұраныстарды орындау, əрине, ЖОО-ның басты міндеті.
Жекелеген ЖОО-ның бұл сұраныстарды қанағаттандыра алу деңгейі оның құрылу уақыты мен тарихына, материалдық-техника- лық, ғылыми, ақпараттық-əдістемелік базасы мен оқытушыларының əлеуетіне тікелей байланысты. ЖОО-ның жұмысының маңызды өлшемдерінің бірі шығарылатын өнімнің, яғни бітіруші түлектің сапасы.
ЖОО-ға қатысты айтар болсақ, өндірістегі монополизмнің жоғары деңгейіне қарағанда білім беру саласындағы монополизм үлесі өте төмен. Мұның себебі – ЖОО-ның білім беру қызметтерін, оқу-əдістемелік жəне ғылыми-техникалық өнімді ұсынушы ретіндегі бəсекелестері жеткілікті. Осы себептен жоғары оқу орындары абитуриенттер (студенттер) болып табылатын өз пайдаланушылары үшін бəсекелестік күрес жүргізуге мəжбүр.
Осылайша, ЖОО-лар абитуриенттер, ақшалай қаржы, материалдық-техникалық жəне ақпараттық ресурстар, ғылыми-педагогикалық мамандар үшін мектеп түлектеріне жұмыс ұсынатын өндіріс орындарымен, басқа да оқу орындарымен жарысқа түсуде. Мұның өзі оларды өзгеріп отыратын конъюнктураға тез назар аударып шұғыл бейімделуге мəжбүр етеді.
Егер абитуриенттер мен студенттер білімдік қызметтерді пайдаланып, сатып алушы ретінде рөл атқарса, ал бітіруші түлектер өзінің кəсіби білімі мен дағдыларын тауарға айналдыруға жəне тиімді сата алуға тиіс. Бұл жерде, əрине, сатып алушы жақ ретінде жұмыс берушілер (өндіріс орындары мен мекемелер) аукционға шығады. Олар да, студенттер сияқты білім берушілік қызметтерді ұсынушы ЖОО-ның саясатына зор ықпал жасайды.
Басып айта кететін тағы бір жағдай – еңбек рыногындағы кейбір мамандықтарға, квалификацияларға деген сұраныс динамикасы қазіргі күнгі Қазақстанда оларды дəстүрлі түрде дайындаумен қарама-қайшылыққа түсіп отыр. Бұл студенттердің негізгі пəндер цикліне қоса қосымша дағдыларды игергісі келетіндігінен көрініп отыр. Олардың қызығушылықтары қазіргі күні экономика, менеджмент, халықаралық қатынастар, шет тілдеріне қарай ауысуда. Бұл қызығушылықтардың шығу көздері түсінікті, бірақ бұл қосымша дайындық (көп жағдайда қосымша ақы төлеуді қажет етеді) та қатаң регламенттенген дəстүрлі даярлықтың оқу графигімен үйлеспей жатады.
Елдегі əлеуметтік-экономикалық өзгерістердің түбегейлілігіне байланысты сұраныс пен қажеттіліктер арасындағы айырмашылықтар күн санап өсіп отыр.
Қысыл-таяң жағдайдан шығу үшін отандық ЖОО шетелдерде соңғы 30-40 жылдар ішінде сынақтан өткен тиімді құрал ретінде маркетингтік зерттеулерді жүргізуді бастауға мəжбүр болып отыр.
Маркетинг дегеніміз – айырбастау арқылы тауарға, көрсетілетін қызметтерге, адамдарға, территория мен идеяларға деген сұранысты алдын ала көру, басқару жəне қанағаттандыру. ЖОО-ның жұмысында маркетингтік тұрғыларды қолданғанда, ең алдымен, конъюнктураны зерттеп, болжап алу қажет.
Конъюнктура дегеніміз – өз құрамына сұраныс пен ұсыныс арақатынасын, баға мен тауар қорларының қозғалысын, салалар бойынша тапсырыстар портфелі мен басқа да экономикалық көрсеткіштерді ендіретін қалыптасқан экономикалық жағдаят.
Көп жағдайда ЖОО-ның коммерциялық емес, пайда таппайтын ұйым екенін еске- ре отырып, конъюнктураны зерттеген кезде тек экономикалық қана емес, сонымен бірге əлеуметтік, психологиялық жəне саяси факторларды да талдаған жөн. Қазіргі қалыптасқан жағдайда, мұндай зерттеушілік жұмысты индивидуалдық деңгейде əрбір оқу бітіруші түлектің өзінің жүргізуіне тура келіп отыр.
Нарықтық экономика жағдайында мамандарды даярлау мəселесіне жасалған осы қысқаша талдау – болашақ маманға еңбек рыногының конъюнктурасын ескере отырып, өзінің мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сəйкес тиімді түрде бəсекеге түсіп, өз əлеуетін іске асыра алатындай сапалар мен қасиеттер кешенін зерттеуге жəне айқындауға негіз береді.
Бұл мақсатқа білім беру процесінде тар кəсібилік пен əмбебаптық қасиеттерді біріктіруге деген кешенді жекетұлғалық сұраныс саналы түрде қалыптасып дамығанда ғана қол жеткізуге болады.
Бəсекеге қабілеттілік ұғымы отандық педагогикада зерттелмеген салалардың бірі.
Кез келген тауардың бəсекеге қабілеттілігі үш топ элементтен тұрады: техникалық, экономикалық жəне əлеуметтік-ұйымдастырушылық. Егер бұл элементтерді болашақ маман тұлғасына қатысты алатын болсақ, біз төмендегідей параметрлерді аламыз:
- техникалық – мамандық жəне мамандану,сағат, пəн, модуль, дайындау деңгейі, стандартқа сəйкестігі өлшеміндегі игерілген бағдарлама көлемі; қолданылу аймағы мен шекаралары; нəтижеде алынатын құжат, т.б. (бұл ең қатаң параметрлер);
- экономикалық – бүкіл шығындарды есептегендегі маман дайындауға кететін қаржы;
- əлеуметтік – ұйымдастырушылық – пайдаланушылардың əлеуметтік құрылымын (түлектердің өздері мен жұмыс берушілер); өндірісті ұйымдастыруда ұлттық жəне аймақтық ерекшеліктерді ескеру, яғни түлектерді дайындау, жұмысқа орналастыру жəне болашақ маманды жарнамалау.
Болашақ маманның бəсекеге қабілеттілігі көп жағдайда ЖОО-ның өздерінің де бəсекеге қабілеттілігін анықтайды.
Оқу мекемелеріне қатысты алғанда, өндірушіге бəсекелестік үстемдік жағдай жасайтын жалпы басқару факторлары да назар аударарлық:
- барлық жəне əрбір қызметкердің бастаған істі жалғастыруға ұмтылуы;
- мекеменің клиентке жақындығы;
- өндіріс орнында автономиялық жəне шығармашылық атмосфераның құрылуы;
- адамдардың қабілеті мен олардың жұмысқа деген ынтасын пайдалана отырып өнімділікті арттыру;
- өндіріс ұйымы үшін маңызды жалпы құндылықтарды жариялап отыру;
- өз дегенінде нық тұру;
- ұйымдастырудың қарапайымдылығы, қызметшілер мен басқару деңгейлерінің мейлінше азайтылуы;
- бір мезгілде əрі жұмсақ, əрі қатал бола білу. Ең маңызды проблемаларды қатаң бақылауда ұстай отырып, қол астындағыларға мəні төмендеу мəселелерді беріп отыру.
Осылайша, болашақ маманның бəсекеге қабілеттілігі ұғымы күрделі проблемаға келіп тіреледі: қандай қабілеттіліктер, сипаттар, қасиеттер, білімдер мен шеберліктер – ЖОО түлегінің бəсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді немесе тіпті кепілдейді? Идеалды вариантта бұл үшін ЖОО немесе басқа да білім мекемелері, яғни бүкіл білім беру жүйесі соның негізінде білім берудің əр деңгейі өзіндік жеке модельдерін жобалайтын бəсекеге қабілетті маманның жалпылама моделін жасауы тиіс. Бұл жағдайда олар (жалпы модель жəне жеке модель) білім беру құрылымы жұмысының мақсаты сапасында анықталып, жүйеқұраушы фактор функциясын атқарар еді.
Маманның бəсекеге қабілеттілігі ұғымы, біздің ойымызша, жеткілікті дəрежедегі конструктивтілік функциясына ие жəне бүкіл білім берушілік іс-əрекетін жобалаудың негізі бола алады. Бұл жерде негізқұраушы қасиет-сапалар төмендегідей:
- мақсаттар мен құндылық бағыттардың айқындылығы;
- еңбекқорлық;
- іске шығармашылық қарым-қатынас;
- тəуекелге баруға даярлық;
- тəуелсіздік;
- көшбасшылық қабілеті;
- өзін-өзі үздіксіз дамытуға қабілеттілік;
- үнемі кəсіби тұрғыдан өсіп отыруға қабілеттілік;
- соңғы өнімнің жоғары сапалылығына ұмтылу;
- стреске төзімділік.
Көптеген авторлардың пікірінше, маманның бəсекеге қабілеттілігі ассоциациялық тұрғыда кəсіби ғана емес, жекетұлғалық сфералардағы да жетістіктермен бейнеленеді.
Шын мəнінде де, кез келген өмір саласындағы табысты іс-əрекеттің негізгі психологиялық шарты – бұл тұлғаның өз-өзіне деген сенімділігі.
Өз-өзіне деген сенімділікті қалыптастыратын негізгі бағыттар:
- кəсіби шеберлікті игеру мен жетілдіру;
- адамдармен қарым-қатынастағы түрлі жағдаяттарда адекватты мінез-құлық желісін ұстану;
- денсаулықты нығайту мен жұмысқа жарамдылық негіздерін ұстану;
- сыртқы жағымды пішін мен өзіндік имиджді жасау жəне үнемі сақтау.
Мамандарды ғана емес, кəсіби менеджерлерді дайындаудағы жапондық ерекше тəжірибені қарастыратын болсақ, оның негізіне тұтас педагогикалық концепция алынған. Концепцияның мəні – оқушыларда дағдылардың үш тобын қалыптастыру: технологиялық, коммуникативтік жəне концептуалдық. Технологиялық дағдылар нақты мамандықты игерумен байланысты. Коммуникативтік дағдылар - оқушының түрлі адамдармен жəне өз-өзімен қарым-қатынасқа түсуін қамтамасыз етеді. Концептуалдық – белгілі бір оқиғаларды болжай алу өнері, адамдардың үлкен топтарының іс-əрекетін жоспарлай алу жəне жүйелік талдаулар негізінде жауапты шешімдер қабылдау.
Əдетте, менеджер қабілеттерінің деңгейін анықтаған кезде, оның шешім қабылдай алу, жоспарлау, сұхбаттасу, адамдарды ұйымдастыра алу, қол астындағы қызметкерлердің жұмысын бақылай алу қабілеттерін бағалайды.
Мамандарды дайындаудың жапондық тəжірибесінде басты назар ойлаудың біртұтастығы қасиетіне аударылады. «Нomo sapiens» (ойлай алатын, ақылды адам) типінен
«homo integrans» (біртұтас адам) типіне өту тенденциясы байқалады. Өнеркəсіп орындары өз қызметкерінің өзін-өзі жетілдіруіне көп көңіл бөледі жəне əлеуметтік-мəдени технологияларды игеруіне жəрдемдесуге міндетті. Мұндай ұстанымдар білім беру жүйесінен қоғамдық сұраныстарды қанағаттандыру үшін тұлғаға қажетті қасиеттерді білім беру барысында дамытуды қамтамасыз етуді талап етеді. Нəтижесінде осындай қасиеттер маманға бəсекеге қабілетті болуға мүмкіндіктер береді.
Америкалық тəжірибені зерттеу барысын- да мұнда да кəсіби қызметкердің қалыптасқан тиімді моделі бар екенін көреміз. Басшыларға төмендегі сұрақтарға жауап бере отырып, компанияға тиімді қызметкерді айқындауға ұсыныс жасалады:
- кім жұмыстан көп қалады?
- кім басшы тарапынан қысымсыз жақсы жұмыс жасайды?
- кім үнемі жұмысты сапалы əрі уақытында орындап отырады?
- кім егер ұжымға керек болса қосымша жұмысқа əрқашан даяр?
- біреудің жоқ болғаны үшін жұмыс тұрып қалмасын десеңіз ол жұмысты кімге тапсырар едіңіз?
- кім басқаларды өзінің кеңестерімен жəне жетекшілігімен шаршатпайды?
- кім бастық жоқ кезде де жақсы жұмыс жасайды?
- кім проблема емес, жақсы кеңестерді көбірек береді?
- кім басқаларға үнемі қол ұшын беріп отырады?
- кім өз жұмысын үнемі жетілдіріп отырады?
- кім конфликтілерді басып, əріптестікке бағыттап жəне ұжымның жақсы моральдық жайкүйін қолдап отырады?
Егер осы қарапайым сауалнамалық модельді бəсекеге қабілетті тұлға дайындаудың негізі ретінде қарастыратын болсақ, онда ол белгілі бір əлеуметтік тапсырыстың функциясын атқарар еді де, жауапкершілік, коммуникабельділік, эмпатия, өзін-өзі дамытуға ұмтылу, тəуелсіздік сияқты сапаларды дамытуға бағыт-бағдар болуға жарар еді.
Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, жалпы жəне жоғарғы білім беретін мекемелер түлектерінің қазіргі социумға жедел əрі жеңіл интеграциялануын қамтамасыз ететін тетіктерді жасақтау – бүгінгі күннің кезек күттірмес талабы. Бұл талап – еңбек рыногы құрылымының өзгеруіне; жағымды типтегі коммуникация негізінде өмірлік қызмет салаларын, тəсілдерін тез өзгертуге бейім маман квалификациясына қойылатын талаптардың күшеюіне; сондай-ақ жұмыс таңдау мен оған орналасудағы жастардың өзіндік жауапкершіліктерінің артуына тығыз байланысты.
Əдебиеттер
- Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы. (Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы № 1459 жарлығымен бекітілген):№ 5-ші «Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетігі» бөлімі.
- Краевский В.В., Хуторской А.В. Предметное и общепредметное в образовательных стандартах // Педагогика. – М., – № 2. – С. 3-10. 3 Щедровицкий Г.П. Очерки по философии образования. – М.: Наука, 1993. – 11 7 с .
- Фрумин И. За что в ответе? Компетентностный подход как естественный этап обновления содержания образования // Педагогика.– М., 2003. – № 3. – С. 23-33.
- Жадрина М.Ж. Некоторые вопросы развития школьного образования как открытой системы // Открытая школа. – М., – № 2. – С. 3-6. 6 Гершунский Б.С. Философия образования для XXI века. В поисках практико-ориентированных концепций / Б.С. Гершунский. – М.: Изд-во «Совершенство», 1998. – 608 с.
- 7 Ерденова Г.Б. Современные требования к профессиональной подготовке педагогических кадров // Образование. – М., 2008. – № 1. – С. 82-86.
- 8 Краевский В.В., Хуторской А.В. Предметное и общепредметное в образовательных стандартах // Педагогика. – М., 2003. – № 2. – С. 3-10.
- 9 Таубаева Ш.Т. Государственные общеобязательные стандарты высшего профессионального образования: методология, теория и технология проектирования в компетентностном формате. – Алматы, 2010.