Аталмыш мақалада Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарсы іс-қимыл көрсету мәселелері қарастырылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл жүйесін қалыптастыру үшін қазіргі заманғы жағдайларда оның көріністеріне ықпал ететін негізгі факторлар ашылып көрсетілген.
Сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы іс-әрекет жасау кез келген өркениетті ел үшін маңызды сұрақтардың бірі болып табылады. Осы құқықбұзушылыққа қарсы іс-қимыл көрсету кезкелген мемлекет саясатының басым бағыты болатындығы кездейсоқ емес, әсіресе мемлекеттік қызмет аясында немесе мемлекеттік билік органдарының жемқорлықпен зақымдануы мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік үрдістердің реттеушісі ретіндегі ролінің төмендеуіне әкеледі, қоғамда қылмыстың орын алуына жәрдемдеседі және нәтижесінде азаматтардың бойында билік өкілдерінің олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау қабілетіне деген сенімін жоғалтады.
Бұл мәселенің маңыздылығы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы "Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Мемлекет басшысы Н.А.Назарбаевтың еліміз халқына арналған Жолдауында көрсетілген. Онда мемлекет пен қоғам бірлесе отырып сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы тұруы керектігі атап өтілген. Мемлекет және қоғам сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Сыбайлас жемқорлық - жай құқықбұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біз түпкі мақсатымыз - сыбайлас жемқорлық қылмысын құбылыс ретінде жою үшін оған қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы күресті қатты күшейтуіміз керек [1]. 2015 жылғы 30 қарашадағы "Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму" Қазақстан халқына Жолдауында біздің Елбасымыз сөзінде сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы іс-қимыл жасау бойынша аса маңызды міндет - сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру қажеттілігі айтылып өткен. Әкімшілік реформа қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауға тиіс. Халық алдында есептілігін арттырып, нәтижеге деген жауапкершілігін күшейте отырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына көбірек дербестік беру керек [2].
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлық қылмысын азайту үшін жалпы мемлекеттік шаралардың біртұтас кешенi жасалды, мемлекеттің қаржылық бақылау тетігін қолдану жолымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қарастырған бірқатар заңдар, сыбайлас жемқорлықпен күрес бағдарламалары қабылданды. Соңғы жылдары шегінде қабылданған заңнамалық актілердің, сыбайлас жемқорлықпен күрестің Мемлекеттiк бағдарламаларын талдау барысында, оларда сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы әлеует салынған және сыбайлас жемқорлықтың қарсы іс-қимылды заңды қамтамасыз ету шараларының бірқатары жүзеге асырылғанын көрсетеді.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының жағымсыз әлеуметтік-саяси, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде зерттелуі оның қоғамға тигізетін зиянын куәландырады. Сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы іс-әрекеттің қазіргі кезеңдегі негізгі белгісі ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат субьектілерінің әріптестігі қағидасына, онымен күресу кезінде алдын алу шаралары мен ізгілік бастауларының басымдылығына негізделген оның жалпыхалықтық сипаты болу керектігіне баса назар аударылады. Бұдан басқа, нақты даму кезеңіміздегі сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы іс-қимылдың құқықтық жүйесінің кей бағыттарда халықаралық құқық нормалары талаптарына сай келмейтіндігі сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы шаралардың жүзеге асырылуының нәтижелілігін төмендетеді.
Демократиялық институттар мен құндылықтар сыбайлас жемқорлық қылмысының көріністерімен, сондай-ақ, одан туындайтын қоғамның тұрақты және қауіпсіз дамуына қатер төндіретін мәселелермен сыйыспайтыны даусыз. Сондай-ақ, елімізді жүзеге асырылып жатқан демократиялық қайта құрулар сыбайлас жемқорлық қылмысының барлық көріністеріне қарсы барлық деңгейлердегі күресте тиімді жұмыс істейтін жүйесіз мүмкін еместігін мойындатады.
Сыбайлас жемқорлық қылмысының мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін құбылыс. Ең бастысы оның адамдардың қоғамдық демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне сызат түсіретіні даусыз мәселе екендігі айқындалады.
Бұл жағдайда мемлекеттік қызметкерлердің сыбайласып жемқорлыққа ұрынуына жол бермеу маңызды мәселе болып тұр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауында "Құқық қорғау жүйесінің қызметінде екпін ішківедомстволық мүддеден азаматтардың құқығы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы тиіс. Басқаша айтқанда, жаңа онжылдықта бізге демократиялық мемлекеттегі құқық қорғау қызметінің жоғары халықаралық стандарттарына сәйкес келетін жаңа құқық қорғау жүйесі қажет", - деген [2]. Бұл саясат Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізіп, мемлекеттің негізгі мүддесін қорғаумен байланысты.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының көбеюі қоғамның моральдық-саяси қалпына өте жаман әсер тигізеді, әлеуметтік-психологиялық қайшылықтарды тудырады, жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістерге жағымсыз көзқарастардың пайда болуына дем береді. Осындай бағытқа жол бермеу үшін Қазақстан Республикасында "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу туралы" Заң қабылданған [3]. Бұл заңның мақсаты - Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының негізгі қағидаларын жүзеге асыру. Бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық мүдделерін қанағаттандыру, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзғандыққа жол бермеу, оны тоқтату және тауып ашып беру арқылы мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Нарықтық реформаларды жүргізу барысында қиыншылықтардың көптеп тудыратын сыбайлас жемқорлық туралы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былай деген: "Біз сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы күрес жолында үнемі жұмыс істеп, ахуалды жақсартып келеміз, алайда бірқатар қаржы-өнеркәсіп топтарының ақша ағыстарының ашық болмауы және олардың табысты жасыру, қаржы мен мүлікті шетелге шығару, салық төлеуден жалтару есебінен заңсыз баю,сондай ақ көлеңкелі экономика біздің дамуымыздың елеулі шектеулеріне айналып отыр. Нақ осы топтар өкілдерінің сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы күрес жүргізуге шақырған ұрандары дүңкілдеп тұр. Сонымен бірге бюджеттің негізгі ысырабы да нақ осында жатыр. Сөзден іске көшетін уақыт жетті"[4]. Үкімет пен саяси лидерлерге халықтың сенуі олардың сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы күрес жүргізуге ниетінің мықтылығына байланысты. Бұл орайда, Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы қолға алған істің жандана түсуіне жаңа серпін бергені анық [5].
Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы стратегиясында сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы тиімді іс-қимыл жүйесін қалыптастыру үшін қазіргі заманғы жағдайларда оның көріністеріне ықпал ететін негізгі факторлар ашылып көрсетілген:
Біріншіден, құқық қолдану кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл көрсететін салалық заңдардың нормаларының жетілдірілмеуі болып табылады. Екіншіден, мемлекеттік және корпоративтік басқару ашықтығының жеткіліксіз болуы. Басқарушы шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестері, оның ішінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдер туралы сөз болған жағдайларда әлі де ең жабық процестердің бірі болып қалуы.
Үшіншіден, мемлекеттік қызметтерді атқару барысында лауазымды адамдардың халықпен тікелей байланысына қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сақталуы.
Төртіншіден, халықтың, оның ішінде мемлекеттік сектор қызметшілерінің өздерінің құқықтық мәдениетінің деңгейі әлі де болса төмен болуы, арам пиғылды қызметкерлердің өз өкілеттіліктерін пайдакүнемдік, құқыққа қарсы мақсаттарда пайдалануға мүмкіндік беруі.
Бесіншіден, азаматтар мінез-құлқының сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы моделін және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың қоғамдық ахуалын қалыптастыру бойынша кешенді және мақсатты ақпараттық жұмыстың болмауы.
Алтыншыдан, мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақысының және мемлекеттік қызметтегі әлеуметтік кепілдіктердің жеткіліксіз деңгейі [6].
Сыбайлас жемқорлықпен жасалатын қылмыс - қоғамдағы ең үлкен, әрі қауіпті дерт екендігін ескере отырып, оған қарсы іс-қимыл көрсетуде оғамның әрбір мүшесінің алар орны зор екендігін ұғынамыз.
Әдебиеттер тізімі:
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" Жолдауы. Астана. 17 қаңтар 2014, 16:52. BNews.kz.
- Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2018 жылғы 5 қазан. "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру". http://www.akorda.kz
- Қазақстан Республикасының Заңы "Сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-Ү ҚРЗ. (2016.06.04. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен). http://www.zakon.kz.
- Н.Ә.Назарбаев. Законопослушание и правопорядок основа нашей стабильности. - Астана, 2002.
- "Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы". 28 тамыз 2009 жыл.
- Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы стратегиясы. 26 желтоқсан 2014 жыл.