Құқық саласы бойынша құқықтық нормалардың орнығу мәселесінің, маңызды теориялық және тәжірибелік мәні бар. Оны дұрыс шешу, қоғамда тиісті нормативтік анықтауларды жедел табуға мүмкіндік беретін, логикалық қайшылықсыз құқықтық реттеу жүйесінің қалыптасуының, заңнаманы жүйелеудің алғышарттарын қалыптастырады. Жалпы құқық жүйесінің шеңберінде көптеген құқықтық нормалардың жеке салаларға ішкі саралануы, құқық теориясымен тұжырымдалған екі негізгі критерийлер көмегімен ықтимал: пәні мен құқықтық реттеу әдісі.
Атқарушылық құқығын тұтас түйін ретінде айқындайтын негізін қалаушы фактор, құқықтық реттеу пәні болып табылады. Құқықтық реттеу пәні, берілген құқық саласы нені реттейді? деген сұраққа жауап береді. Ал құқықтық реттеу әдісі, құқық саласының пәнін құрайтын қоғамдық қатынастар қалай реттеледі? деген сұраққа жауап береді.
Атқарушылық құқықтың құқықтық табиғатын зерттеу, осы құқық саласы жас болғандықтан және өзінің аяққа тұру кезеңін өтіп жатқандықтан ерекше назарда. Атқарушылық іс жүргізу ресімдерінің бар болуының көп ғасырлы тарихы бар. Алайда, осы құқық саласының құқықтық табиғаты туралы мәселе, бүгінгі таңда заң ғылымында пікірталасты тудырды. Одан басқа, құқық жүйесінде оның дербестігін авторлардың барлығы мойындамай, осы жағдай атқарушылық құқық доктринасын дамытуда тежегіш фактор болып отыр. Осы заманғы әртүрлі авторлар "атқарушылық құқық", "атқарушылық процессуалдық құқық", "азаматтық атқарушылық құқық" және "атқарушылық іс жүргізу" деп атайтын осындай саланың тұрақты ұғымы да қалыптаспаған.
Атқарушылық құқық туралы нормалардың құқықтық табиғаты туралы шартты түрде келесідей көзқарастарды белгілеуге болады:
- Атқарушылық іс жүргізу азаматтық іс жүргізудің ажырамайтын элементі болып қаралады, сондықтан азаматтық іс жүргізу құқығының бөлігі болып саналады. Бұл түсінік заңдылық пен ғылымның Кеңес кезіндегі дамуында қалыптасты. Осы көзқарас біріншіден, сот шешімдерін мәжбүрлеп орындау, азаматтық іс жүргізу кодексінің нормаларымен реттелгендігімен негізделді. Қазіргі таңда осы ұстанымды Ресей ғалымдары М.С. Шакарян, И.Б. Морозова, А.Т. Боннер және т.б. жақтауда [1, б.5].
- Атқарушылық іс жүргізу әкімшілік құқықтың (әкімшілік іс жүргізу) саласы. Бұл жерде мәжбүрлеп орындату органдарының құқықтық жағдайы - мемлекеттік билік пен басқару органдарына тиесілі сот приставтары қызметі негізгі дәлел болып отыр. Сондықтан, сот приставы - орындаушы, атқарушы орган билігінің лауазымды тұлғасы бола тұра, атқару өндірісінің басқа қатысушыларына қарағанда билік өкілеттіктеріне ие. Бұл тұжырым И.И. Стрелкованың, И.П. Кононованың, А.Н. Сарычеваның және т.б. жұмыстарында жазылған [2, б.75]. Қазіргі таңда елімізде сот приставы мемлекеттік қызметші және оның қызметін "Сот приставтары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 7 шiлдедегi N 150 Заңының нормалары реттейді [3].
- Атқарушылық құқық құқықтың дербес кешенді саласын құрайды. Осы тұста кейбір авторлар бұл саланы материальдық құқық саласына жатқызса, керісінше басқалары процестік сипаты бар екендігін дәлелдеуде (Е.Н. Сердитова, Д.Х. Валеев) [4, б.15,31-36].
Атқарушылық өндірістің ерекшеліктері құқықтық реттеудің өзгешелігін айқындайды. Қазіргі кезде атқарушылық құқық азаматтық және арбитраждық заңдылықтың жүйесінен ажыратылған. Сондай-ақ, соттық емес (алимент төлеу туралы келісім нотариалдық куәландырылған, әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер бойынша органдардың қаулысы) актілер үшін де мәжбүрлі орындау шараларын қолдану, атқарушылық қызмет - сот өндірісінің аяқталғандығын білдірмейді. Атқарушылық өндірісте өзіндік принциптері бар.
Атқарушылық өндірісті әкімшілік құқық негізінде қарау мүмкін емес, себебі реттеу пәні екі түрлі. Әкімшілік құқық мемлекеттік - басқару қызметімен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді. Ал атқарушылық құқық - құқық субъектісінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау механизмнің элементі ретінде соттық немесе соттық емес атқару құжаттарын орындауға бағытталған. Сонымен қатар әкімшілік құқық императивті нормаларға негізделген, ал атқарушылық құқықта диспозивтік нормалар басым [5, б.13]. Алғаш рет 1975 жылы М.К. Юков атқарушылық құқықтың дербес сала болуын қолдаған. Оның пікірінше, сот және өзге юрисдикциялы органдарының шешімдерін орындау - бұл азаматтық процестің сатысы емес. Сондай-ақ, атқарушылық құқық дербес құқық саласы, онсыз құқық жүйесі дұрыс қызмет істей алмайды деген. Ғалым бұл құқық жүйесінің өзіне тән реттеу пәні, қағидалары, жалпы ережелері мен реттеу әдістері бар деген қорытынды жасаған [6, б.91]. Біздің пікірімізше, бұл тұжырым дұрыс, егер атқарушылық құқық, құқықтың процессуалдық саласының негізі ретінде қарастырылса.
Кез келген құқық саласы соған ғана тиесілі құқықтық реттеу пәнімен ерекшеленеді, яғни осы құқық саласы реттейтін құқықтық қатынастардың жиынтығы. Адамдар өзара әрекеттесу арқылы, әр түрлі қоғамдық қатынастарға түседі (жеке, діни және т.б.). Осылардың кейбіреулері әлеуметтік маңыздылығына байланысты құқықтық реттелуді талап етеді. Заңды ықпалға ұшыраған осы қатынастар құқықтық нысанға иеленіп, құқықтық қатынастарға айналады. Қоғамдық қатынастар - бұл адамдар мен әлеуметтік топтардың арасында, олардың қызметі барысында пайда болатын байланыстар. Ал құқықтық қатынастар - құқық нормаларымен реттелетін қатынастар. Құқық тұрғысынан құқықтық қатынастардың әр бір қатысушысы белгілі құқықтар мен міндеттердің жиынтығына ие. Сондықтан, қоғамдық қатынастар қатысушыларының өзара құқықтары мен міндеттерінің негізінде туындайтын қатынастарды, құқықтық қатынастар деп атауға болады.
Атқарушылық құқықтың пәнін заңнамамен белгіленген жағдайда жеке, заңды тұлғалардың, мемлекет, әкімшілік бірлік арасында, мүлікке байланысты, немесе белгілі бір іс әрекетті орындауға не орындамауға байланысты сот актілерін және мемлекеттік органдармен лауазымды тұлғалардың актілерін мәжбүрлі орындаумен байланысты туындаған процестік атқарушылық қатынастар құрайды.
Заң ғылымында құқықты материалдық және процессуалдық (іс жүргізу) деп бөлу қалыптасты. Оған сәйкес құқық қолдану қызметінде қалыптасқан материалдық құқық - қоғамдық қатынастардағы түрлі мәселелерді тікелей реттеуге бағытталған нормалар жиынтығы. Материалдық құқықтың нормалары меншік нысандарын мүліктер мен адамдардың заңдық жағдайларын бекітеді, мемлекеттік органдардың құрылу тәртібі мен құрылын айқындайды, азаматтардың құқықтық мәртебесін, құқық бұзушылық үшін жауапкершілік негіздері мен шектерін белгілейді. Сонымен, мүліктік еңбек, отбасы және өзге де қатынастар - материалдық құқықтың объектілері.
Процессуалдық құқығының өзі - бұл азаматтық істер мен дауларды қарау, қылмыстарды тергеу, сондай- ақ әкімшілік құқық бұзушылық істерін қарау кезінде пайда болатын қатынастарды реттейтін құқық жүйесіндегі нормалардың бір бөлігі. Іс жүргізу құқығы материалдық құқықпен тығыз байланысты, өйткені оны жүзеге асыру мен қорғау қажетті іс жүргізу нысандарын бекітеді. Сот орындаушысының қызметі сот актілерін мәжбүрлеп орындауға байланысты болғандықтан, атқарушылық құқық, іс жүргізу құқығының саласына қатысты екеніне күмән жоқ.
Сонымен бірге, атқарушылық құқығы мен атқарушылық өндірістің пәнін ажырату қажет. Егер атқарушылық құқығының пәні қоғамдық қатынастар болса, ал атқарушылық өндірістің пәнін сот орындаушысының өндірісіндегі нақты атқарушылық істер құрайды.
Келесі, атқарушылық құқықты басқа құқық салаларынан ажырататын белгісі, оның реттеу әдісі.
Атқарушылық құқық саласында да субъектілерінің қызметін реттейтін құралдар бар, яғни құқықтық реттеу әдісі. Құқықтық реттеу әдісі дегеніміз - біртектес қоғамдық қатынастарды сапалы құқықтық реттеуді жүзеге асыруға көмектесетін заңды тәсілдер.
А.И. Экимовтың пікірінше құқықтық реттеу әдісі келесідей белгілермен сипатталады:
- құқықпен реттелетін қоғамдық қатынастардың қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін белгілеу тәртібімен;
- субъектілерінің тәуелсіздік деңгейімен;
- құқық субьектілерінің белсенділігін реттеу құралдарымен;
- белгіленген құқықтарды қорғау құралдары және тәсілдерімен [7, б.255]. Осы көзқарас әділ деп есептейміз.
Қазіргі таңда бір ғана реттеу әдісімен реттелетін құқық саласы жоқ. Атқарушылық құқықтың әдісін де, императивті және диспозитивті белгілерді ұштастырған кешенді әдіс ретінде сипаттауға болады.
Императивтілік атқарушылық өндірісте туындайтын іс жүргізушілік қатынастарда көрініс табады, және де бұл қатынастардың екі қатысушысы болады сот орындаушысы мен басқа тұлғалар. Сонымен қатар, осы қатынастар билік-бағыну сипатында қалыптасады. Мысалы, 2010 жылғы 2 сәуірде "Атқарушылық iс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 128 бабына сәйкес "Сот орындаушысының заңды талаптары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін өзі басқару органдары, азаматтар мен ұйымдар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындалуға тиіс. 2. Сот орындаушысының заңды талаптарын орындамау, сондай-ақ сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі функцияларды жүзеге асыруына кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады." [8]. Ал құқықтық реттеудің диспозитивтілігі, атқарушылық өндіріске қатысушылардың қарауынша іс-әрекеттерді орындау немесе бас тарту мүмкіндігінен құралады. Мысалы, Сот орындаушысы өндіріп алушының немесе бір кезектегі өндіріп алушылардың және борышкердің жазбаша келісуімен осы Заңның 68-бабына сәйкес мүлікті алдын ала бағалап, оны өткізбей, сол қалпында беруге құқылы (2010 жылғы 2 сәуірде "Атқарушылық iс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 55 бабының 4 тармағы). Сондай-ақ, императивтік және диспозитивтік белгілердің үйлесуі, өндіріп алушы мен борышкерге әр түрлі болады. Егер де өндіріп алушының құқықтық жағдайы құқықтық реттеудің диспозитивті бастамаларымен негізделсе, ал борышкер үшін керісінше, императивті. Атқарушылық өндірісте орындау үшін борышкерге орындау құжатының және тиісті өкілеттілігі бар орындау органының болуы, атқарушылық құқықтың көпшілік нормаларының императивті сипатын анықтайды. Атқарушылық құқықтың диспозивтілігі өндіріп алушы үшін, нақты дауды шешу барысында құқықтық теңдік негізінде, қолданылған материалдық құқықтың нормаларымен анықталады.
Сонымен, атқарушылық құқықтың пәні дегеніміз - атқарушылық іс жүргізу аясында сот орындаушысының, мәжбүрлеп орындату қызметіне байланысты туындайтын процестік сипаттағы қоғамдық қатынастардың жиынтығы. Ал атқарушылық құқықтықтың реттеу әдісі императивті және диспозитивті әдістердің үйлесуімен сипатталады, сонымен қатар, атқарушылық құқықтық қатынастарды реттеу әдісі көп жағдайда қатысушыларының құрамына байланысты болады деген қорытынды жасалды.
Сондай-ақ, атқарушылық іс жүргізумен байланысты сұрақтар, мемлекеттің Конституциямызда белгіленген, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғауы қаншалықты тиімді екенін көрсетеді [9]. Егер сот шешімін шынайы орындау мүмкіндігі болмаса, онда сот процесінің мәні болмайды. Сот шешімдерінің орындалуының тиімділігін арттыратын 2010 жылғы 2 сәуірде "Атқарушылық iс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы [8], оның мақсаты заңға сәйкес азаматтық және әкімшілік iстер бойынша сот шешімдерінің, ұйғарымдардың, нұсқамалар мен қаулылардың. мүліктік өндіріп алу бөлігінде қылмыстық iстер бойынша үкімдер мен қаулылардың, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi түрде және уақтылы қолдану болып табылады. Ал осы Заңның 1 бабына сәйкес "атқарушылық іс жүргізу - борышкерден атқарушылық санкциясын атқарушылық іс жүргізу бойынша өсімпұлдарды, шығыстарды, жеке сот орындаушысының қызмет ақысын өндіріп ала отырып, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар".
Әдебиеттер тізімі:
- Оганесян В.М. Правовая природа и место исполнительного производства в системе административного процесса Российской Федерации // Современное право. - 2006. - № 12. - С.5
- Грицай, О. В.. Защита гражданских прав в исполнительном производстве: учебно-методическое пособие / О. В. Грицай. - Самара : Изд-во "Самарский госуниверситет", 2015. - 75с.
- "Сот приставтары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 7 шiлдедегi N 150 Заңы http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z970000150_
- Сердитова Е.Н. Конкурсное производство как форма реализации решения арбитражного суда: Автореф. дис. ... канд. юрид. наук. Екатеринбург, 2002. - С.15; Валеев Д.Х., Челышев М.Ю. Исполнительное производство: процессуальная природа и цивилистические основы. М., 2007. - С.31 - 36.
- Алехин А.П., Кармолицкий А.А., Козлов Ю.М. Административное право Российской Федерации. М., 2001. -13с.
- Юков М.К. Самостоятельность норм, регулирующих исполнительное производство // Научные труды Свердловского юридического института. Свердловск, 1975. Вып. 40. - С.91.
- Теория государства и права: Учебник / Под ред. М.М. Рассолова, В.О. Лучина, Б.С. Эбзеева. М., 2000.255, 256 с. (автор главы - А.И. Экимов)
- Атқарушылық iс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңы. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/ Z100000261_#z755
- Қазақстан Республикасының Конституциясы, 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/ K950001000_