Қазақ халқының ауыз әдебиеті мен мәдениетінің қалыптасуының тарихы тереңде жатыр. Аталмыш мақалада қазақ ауыз әдебиетінің дамуы және қалыптасуы оның философиямен тығыз байланыстығы терең зерттелді. Қазақ ойшылдарының еңбектерін зерделей отырып ауыз әдебиеті жан-жақты қарастырылады. Сонымен қатар, қазақ ауызекі әдебиеті бүгінгі таңда әлі де зерттеуді қажет ететіні анық. Қазақ халқының данышпандылығын зерттей отырып рухани жаңғырудың өзектілігі маңызды екені айтылады.
Рухани жаңғыру бүгінгі таңда өзекті және маңызды. Сондықтан аталмыш мақала жаңғырудың бір жолы десек те болады. Бұл мәселе әлі де зерттеуді қажет етеді. Жас ұрпаққа рухани дүниелерді бойларына сіңіре отырып тәрбиелеу басты мақсат ретінде көрсетіледі.
Халықтық дәстүр, дүниені танып-білу ерекшелігі - халықтың ғасырлар бойы жасаған рухани азығының, көркемдік ойлау жүйесінің кейінгі ұрпаққа ауысып отыратын тәжірибесінің жиынтығы. Ол да өмірдің өзі сияқты, бір қалыпта тұрақтап қалмайды, халқымыздың бастан кешкен аумалы-төкпелі заманымен байланысты әбден қырналып, сұрыпталып, халықтың рухани сұранысына жауап бере алатындай мазмұн мен түрге ие болып, танымдық жағынан үнемі баюда болады. Бұл жерде, әрине фольклордың ролі өзінше еркеше болмақ. Көркемдік ауызекі шығармашылығындағы халықтық қасиеттер мен үлгілердің негізінде жетіліп, жаңарып отырады. Сондықтан халық даналығы қашанда сол тәжірибеге сүйенеді, заман, дәуір талаптарына сай дамытылып, жаңашылдық сипатқа ие болып отырады. Сөйтіп дүниені тұшыну, қоршаған дүниеге, әлемге деген көзқарастар өз кезегінде жаңашылдықпен ұласып, дүниетанымдық алғы ойлардың одан әрі мазмұны тереңдеуіне негіз болады.
Қазақ даласына тән данышпандық ой- толғаулардың, кесім-биліктердің, ой- тұжырымдардың қай-қайсысын ашып қарасаңыз сөз даналығының өзегі- адам. Адамның келешегі мен бүгінгісі, қайғысы мен қуанышы, арманы мен тілегі, қиыншылығы мен бақыты, болмысы мен болашағы. Би-шешендер шығармашылығының ден мазмұны толысқан зерделілік пен адамгершілік теңдік пен келісімнен тұрады. Бір сөзбен айтқанда, ұлағаттылықтың үйлесімділігін құрайды.
Сонымен бірге дәстүр әр халықтың өзінің ұлттық тұрақты ұғым-түсінігі, көзқарасы негізінде туады, философиялық ойлаудың ұлттық ерекшеліктеріне сүйенеді. Ол белгілі бір шағын ортада туып, біртіндеп кеңістігін ұлғайтады, ортақ ұлттық сипат алады. Мұны қазақ халқының ауызекі шығармашылық дәстүрлерінің өркендеу жолынан байқау қиын емес. Ұлтты - ұл, халықты - халық ететін, оның ежелгі әдеби- мәдени мұрасы екені баршаға аян. Ес жоқ ерте кезден жасап келе жатқан ауыз әдебиетінің негізі дүниетанымға айналған мәдениетте өз жетістігі бар. "Қазақ халқының бағзы заманнан бергі негізгі рухани азығы, мәдениеті, философиясы -ауыз әдебиеті болғандығы мәлім... Егер өлең түріндегі фольклор, негізінен, көркемдік, эстетикалық және тәрбиелік роль атқарған болса, прозалық халық шығармалары елге көбінесе табиғаттың сырын ұғуға, дүниетанымды кеңейтуге, өмірді білуге жәрдемдескен" - деп жазады С.Қасқабасов [1].
Ол өз кезегінде халықтың сан ғасыр бойы жинақтаған көркемдік ойларын, тәжірибесін толығымен сақтап келген. Ауыз әдебиеті қазақ халқының ерте заманнан бергі негізгі рухани азығы, мәдениеті, философиясы болғандығын осыдан көреміз. Оның шығармашылық үлгілері қандай көп болса, түрлері де сондай көп. Мұндай халық шығармалары көбіне табиғаттың сырын ұғуға, дүниетанымды кеңейтуге, өмірді түсінуге көмектескен.
"Біздің өзіміздің ауылда да от басында әңгіме,, ертек, өлең сабақтары үзілмей айтылатын еді, - деп жазды Сәкен Сейфуллин - өзіне ықпал еткен орта туралы. -Әсіресе, күздің, қыстың ұзақ кештерінде тау араларынан ұйытқып соққан ызыңдаған желді түні жамылған ауылдың отбасы әңгімесіз, ертексіз, домбырасыз болмайды, өлең де айтылады. Біздің әкей аңшы еді. Ал, аңшы адам кешке отбасында отырғанда әңгімешіл, ертекші болады" [2].
Міне, бұл - "өнердің өмірді бейнелеу принциптері". Ауыз әдебиеті шығармаларының мазмұны - табиғат пен адам гармониясы, адам мен топтың ынтымақтастығы, рухани туыстық бірлігі, адам баласының ертеден есте қалған өмір сыры. Мұның себебі, қазақтың ауыз әдебиеті деген көлемі мен биік көркемдігі ұштасқан, халқымыздың рухани өмірінің, тарихи-әлеуметтік істердің, күрестер мен қайшылықтардың армандар мен үміттердің, тіршілік құбылыстарына деген бағалардың, дүниетаным мен қоғам, табиғат туралы білімдердің шоғырланып, ерекше жарасым тапқан энциклопедиясы ғой [1].
Өз кезегінде халықтық дүниетаным - этноәлеуметтік құндылықтардың диалектикалық бірлігінде жалпы адамзаттық құндылықтарды белсенді сақтаушы, жаңғыртушы, бастаушы әрі тасмалдаушы ретінде өз көрінісін береді. Адам баласы өз ұлтының ережелерін меңгере отырып, ұлттық мәдениеттелікке көтеріледі. Ұлттық мәдениеттілік нәтижесі оның әлеуметтену көрсеткіші болып есептеледі. Себебі, әлеуметтену процесі жеке адамның әр түрлі рольдерді атқарып, өзін әр қырынан көрсетуге мүмкіндік береді.
Ұлыс даласының данагөй би-шешендері, сұңғыла сөз зергерлері, ақын-жыраулары рухани ұстаздар іспеттес. Олар адамның жүрегі мен ақылына жол тауып, адам табиғатын кемелдендірудің үлгі өнегесін жетілдіріп дамытты. Адамдыққа, кісілікке тірек болатын қасиеттерді шыңдады. Сөз өнерінің шебері, адамгершіл ағартушы-гуманист Абай Құнанбаев өзінің тереңінен толғаған озық ойларында оның шынайы туындысы болған моральдық қисындарды, адамгершіліктің талап-тілектерін ашып көрсеткен. Өмірлік тәжірибесін қорытқан данагөй ақын келешек ұрпаққа ақыл айтып, өсиет сөздерінің негізінде адамгершіліктің сара жолын нұсқайды. Абайдың қара сөздерінің негізгі нысана болған этикалық тәлім жүйелері адамгершілік қағидаларға негізделген. Демек, халқымыздың ұлттық зердесінде сақталған, жадында жатталған інжу-маржандай көркем ойларға толы даналық сөздердің би-шешендер шығармашылығының мазмұны негізінен ұлағаттылық пен жақсылыққа жетелейтін кісілік асыл қасиеттерді іздестіру және сол негізде тәрбиелеу сияқты құндылықтарға толы. Адамгершілікке тән құнды дүниелерді, идеяларды ұсына отырып, талап- жігер мен ықылас-ынтаны арттыруда халық даналығы мен дала кемеңгерлері, дара тұлғалардың атқарған ролі өте зор болды. Демек адамгершілік құндылықтары, яғни ақыл мен зейін-зерделілік адамдықтың ең жоғары белгісі.
Көшпелілер үшін өнер тек қана рухани- эстетикалық ләззат беріп қоймаған, сонымен бірге ел қамы, халық тағдырына қатысты істерге қолқанат болып саяси-әлеуметтік мәселелерді шешудің құралы да бола білген. Кез-келген өнер саласы - көшпенділер өмірінің реттеушісі. Көрнекті ғалым Х.Сүйінішәлиев "Қазақ әдебиетінің тарихы" атты еңбегінде былай деп ой қозғайды. "Адам баласының тарихында ою-өрнек, сурет, жазу мәдениетінің пайда болуы үлкен құбылыс болсы, әдебиетінің нағыз шынайы туындыларының тууы да халық санасының дамуындағы ілгері басқан бір адым. Ақыл-ойдың кемелдене түсуі жолындағы, көркем туындылардың, бейнелі ойлардың бой көрсетуі қарсаңындағы жарасымдылық. Әрине, жазба шығармалардың пайда болуына дейін адам баласы талай дәуірді басынан кешті. Әрбір ұрпаққа атадан мирас болып қалған мәдениеттің қоламта ұшқынын үрлеп, оны жалындатқанша күш жұмсалады" [3]. Қазақ халқының тапқырлықты, өмір құбылыстарына бейнелі сөздерге бөлеп берушілікті ерекше бағалағаны
Қазақ халқының уақыт ұғымын жете түсініп, оған қатысты мәселелерді анықтауы мен өмірдегі әлемдік қоғамда өзінің кейпін түсіне білуі - қазақ қоғамының дамуының табысты факторларының бірі болады. Бұған қатысты өткен өмірдегі рухани зерттеулердің ерекшеліктері туралы айтып кеткен жөн. Мәдени құндылықтардың тізбегіне келетін болсақ, жалпы адамзаттық мәдениеттің түрлі дәуірлерде қалыптасуы қазақ халқының да өз тарихы мен мәдениетінің тарихи санада қалыптасуына ықпал етті.
Қазақтың ежелгі даласындағы түркі тілді мәдениеттің терең де астарлы тарихына үңілетін болсақ, онда әлемдік мәдениетке өзіндік үлесін қосатын талай рухани мұраның қорына тап боламыз. Тек осы рухани байлықты келешек ұрпаққа сол күйіндегі қадір-қасиетімен жеткізе білу қазіргі заманның зерделі қауымының тарихи міндеті екенін атап өте аламыз. Мемлекетіміздің осы руханиятқа толы игілікті істі қолға алып, ғалымдардың, зерттеушілердің көмегімен үлкен бағдарламаны жүзеге асырамыз деген талабы болашақты ойлаудан туындаған сәтті қадамдардың қатарына жатады. Қазақтың да ерлік - елдік дәуірінің соңғы сын сағаттары тарихта соғылған.
Еліміздің болашақта айбарлы да, ажарлы, өркениетті елдердің қатарынан көру үшін азаматтардың бойына Отанды, елді қадір тұту, қастерлеу сезімдерін орнатуымыз қажет.
Әдебиеттер тізімі:
- С. Қасқабасов. Қазақтың халық прозасы. - Алматы: Ғылым, 1984.
- С. Сейфуллин. Шығармалары. 5 томдық. - Алматы: Жазушы, 1963.
- А.Сейдімбек. Қазақтың күй өнері.-Астана: Күлтегін, 2002.