Аталмыш мақалада мектептің орта сынып оқушыларына тілдік білім беру түрлері қарастырылған. Тілдік білім берудің тіл үйретудің мақсаты мен құралы ретінде тиімді пайдалануға болатындығына және тіл үйрету тәсілдеріне аса зор мән берілген.
Қазақстан Республикасы - қарқынды дамып келе жатқан мемлекет және оның білім беру саласындағы басты мақсаты үш тілді еркін меңгерген, болашақта елімізді халықаралық деңгейге көтеретін бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп, оқыту болып табылады. ҚР өзге тілдік білім беру тұжырымдамасының міндеттеріне сәйкес әлемдік стандартқа сай өзге тілдік білім деңгейіне жету.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында "Қазақстан 2020 жылға қарай білімді, озық экономикасы мен біліктілігі жоғары жұмыс күші бар елге айналады" деген жолдар ұсынылады [1]. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың "Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан" Жолдауында кәсіби білім беру құндылығының өлшемі - қазақстандық дипломды әлемнің кез-келген түкпірінде мойындау болады делінген. Жоғарыда келтірілген барлық талаптардың болашақ мамандардың қажеттілігін ескере отырып, тіл үйретудің заманауи әдістерін дамытуға мүмкіндік беруі заңдылық. Өзге тілде оқытатын мектептерде мемлекеттік тілді оқыту мақсатының бірі - оқушыларды қазақ тілінде оқу мен жазуға үйрету, бағдарламалық материал көлемінде қазақ тілінде ауызекі сөйлеу тіліне қатыстыру. Ал жалпы тіл үйрету - 4 басты құрамдас бөліктерден тұратын, атап айтар болсақ, айтылым, тыңдалым, оқылым және жазылым тілдік әрекеттерін қамтитын кешенді де, көп сатылы үдеріс.
Қоғамның барлық салаларының қайта құрылуын тудырған жаһандану үдерісімен байланысты тілдерді қолданудың шекарасы кеңейе түсті. Әлемдік қоғамдастыққа Қазақстанның енуі тілдерді оқытуға деген мәселеге басқа қырынан қарауға мәжбүрледі. Бүгінгі таңда қазақ тілінде таза, сауатты сөйлейтін мамандардың жетіспеушілігі сезіледі. Тіл үйретудің жаңа әдістерін енгізу, қазақ тілін оқытуды балабақшадан бастау, қазақ тілі курстары санының артуына қарамастан, қазақ тілін меңгеру түйіні шешілмеген мәселе болып тұр.
Тілдік білім мен дағдылар негізі мектеп сатысының орта буынында тұрақты қалыптаса бастайтындығын ескерсек, тыңдалым, айтылым, оқылым мен жазылым әрекеттерін тіл үйретудің мақсаты мен құралы ретінде тиімді пайдалануға болады.
Қазіргі заманауи білім берудегі әдісіндегі жетістігі болып мектепте қазақ тіліне оқытудың негізгі мақсаттарын қайта қарастыру болып табылады. Қазақ тіліне оқытуда негізгі мақсаты оқушылардың тілдік әрекеттің барлық түрін қалыптастыру, яғни тілдік қарым-қатынастың шартын (жазу және сөйлей білу) сақтай отырып айтылымды қабылдау (тыңдай білу) және жазылым (оқи білу); сауатты, нақты, логикалық байланысқан, ауызша және жазбаша түрде өз ойын түсінікті етіп жеткізе білу қажет.
Алайда, оқу қабілеті 6 жастан бастап қалыптасатынын ескергенде, тілдік әрекеттің дамуы орта сыныптарда (5-8 сынып) жақсы дамиды. Қазақ тілі сабақтарында тілдік әрекет лингвистикалық мазмұндағы оқу-ғылыми мәтіндер негізінде ұйымдастырылуы керек.
Мәтін мақмұнын түсінумен байланысты мақсатты жұмыс тыңдау қабілетін де дамытады (айтылым). Сондай-ақ, оқушылар есту арқылы қабылданатын ақпараттың 75-80%-ға дейінгісін түсінбейді, тек 10-15%- ы (арнайы оқыған болса) тыңдалынған ақпараттың немесе дәрістің негізгі ойын түсініп, өз бетімен қорытындылап, әңгімелеп айтып бере алады.
Оқушылардың тілдік қабілетін қалыптастыруда жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін лингвистикалық мазмұндағы мәтінді тек оқу мен айтылуына ғана мән беріп қана қоймай, соған сай дағдысы мен әдетін қалыптастыру керек.
Негізгі мектептің орта сатысында тіл үйретудегі басты мақсат - оқушылардың сөйлеу әрекетін бірізді және жүйелі түрде дамыту. Сөйлеу әрекеті - ақпаратты алу мен ұсынудың мақсатқа бағытталаған белсенді үдерісі. Ол қарым-қатынас жағдаятына байланысты тілдік жүйеден көрінеді [2].
Тілдік әрекеттің дамуы келесідей міндеттердің шешімі бола алады:
- Мәтінді түсіну және оқу техникасын қалыптастыру - сауаттылықты, сонымен бірге оқу қажеттілігіне қарай оқу үрдісіне деген қызығушылықты дамытады;
- Әдебиет арқылы оқушыларды адамгершілік қарым-қатынас пен өнегелік құндылықтарға жетелеу, еркін және тәуелсіз ойлау қабілеті бар тұлға тәрбиелеу;
- Әдебиет арқылы оқушыларды өнерге жақындаттыру, теориялық-әдебиеттің жеке түсініктерімен таныстыру;
- Жазбаша және ауызша сөйлеу қабілетін (сонымен қоса сөздік қорын байыту), оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту.
Оқыту тәжірибеге бағытталаған жағдайда сөйлеу әрекеті жетекшілік қырынан қарастырылады.
Сөйлеу түрлері ауызекі сөйлеу тілі және жазба тіліне бөлінеді. Сондай-ақ сипатына қарай - өнімді/ өнімсіз болады.
Бізге тілдік әрекеттің 4 басты түрі белгілі:
- - айтылым - ауызша вербалдық қарым-қатынас арқылы жүзеге асатын тілдік әрекеттің өнімді түрі;
- - тыңдалым - ауызша ақпаратты түсіну және қабылдаумен байланысты тілдік әрекеттің өнімсіз түрі;
- - оқылым - жазбаша мәтінді түсіну және қабылдаумен байланысты тілдік әрекеттің өнімсіз түрі;
- - жазылым - графикалық үлгіде ойды жарыққа шығаруды қамтамасыз ететін тілдік әрекеттің өнімді түрі.
Ауызша қарым-қатынасты айтылым мен тыңдалым құрайды, оны әдістемеде тыңдалым деп атайды. "Тыңдалым" мен "тыңдау" барабар түсініктер емес. Тыңдалым - сөзді қабылдау үдерісі, ол тыңдалған ақпаратты қабылдап, түсіну мен ойша талдау жүргізуді бағамдайды. Ал, тыңдау - дыбыстарды акустикалық қабылдауды ғана білдіреді.
Тыңдалым әрекетіне дағдыландырудың басты мақсаты:
- - қарым-қатынастың түрлі жағдаятында тікелей қатысым барысында бірнеше таныс емес лексикасы бар бағдарламалық материалға құрылған өзге тілдегі сөздерді;
- - әр түрлі деңгейдегі оқу және түпнұсқалық аудиомәтіндердің терең мазмұнын; (бағдарлама аясында);
- - негізгі ақпаратты (жаһандық түсіну);
- - қажетті ақпаратты (ара-арасынан іріктелген ақпаратты түсіну);
- - толық ақпаратты (жете түсіну) оқушылардың ести отырып, түсіну қабілеттерін дамыту.
Тыңдалымның түрлеріне егжей-тегжейлі тоқталайық.
Жаһандық түсіну кезінде тыңдаушыны жалпы ақпарат пен оның тақырыбы ғана қызықтырады. Қандай да бір оқиға туралы айтылған мәтіндерден оқиғаның қатысушыларын, қайда және қашан болғанын ғана білгіміз келеді. Әрі өзімізге түсініктілеріне ғана көңіл аударамыз. Жаһандық түсіну - бұл аудиомәтіндерге жалпы алғашқы бағдар десек болады.
Жаһандық түсіну көп жағдайда сирек орын алады, себебі тыңдаушыны кейбір нақтылық пен деректер, мысалы, есімдер, сандық деректер және с.с. қызықтыруы мүмкін. Мұндай жағдайда біздер жете толық тыңдалымды пайдаланамыз. Бірақ кейбір деректерді түсіну үшін, мәтіннің жалпы мазмұнын түсіну керек. Осылайша жете және жаһандық тыңдалым бір уақытта жүзеге асып, ол жете түсінуді қиындатады. Оқыту мақсатында бұл үдерістерді өзара бөлген дұрыс: алғашқы тыңдау барысында жаһандық түсіну, ал екінші рет тыңдағанда жете түсіну болуы керек. Тыңдалымның бұл түрі диалог, талқылау, дәріс оқу кезінде қолайлы. Бірақ шынайы өмірде ол өте сирек қолданылады. Көптеген мұғалімдердің кемшілігі, олар әрбір мәтінді жете тыңдауды талап етеді. Ал көбінесе тыңдаушылардың көпшілігін аудиомәтіндегі қандай да бір нақты ақпарат қызықтырады.
Жаһандық және іріктелген тыңдалым ана тілінде де үнемі пайдаланылады. Оқушылар базалық курс аясында (9-сыныптың соңында) тыңдалымның барлық түрін білуі керек.
Аудиомәтінге қойылатын басты талап - оның қандай да бір мәселені көтеруі және ақпарат беруі. Мәтін өтілген материал негізінде құрылады және жаңа сөздердің 5-7 %-ын құрайды [3].
Айтылым - ауызша вербалдық қарым-қатынас (тыңдалыммен бірге) арқылы жүзеге асатын сөйлеу әрекетінің өнімді түрі. Айтылым мазмұны - ауызша түрде ойды жеткізу. Айтылым негізінде дыбыстау, лексикалық және грамматикалық дағдылар жатыр [4].
Айтылым монолог және диалог түрінде болады. Диалог - екі немесе одан да көп тұлғалар арасында пікірлермен өзара тікелей алмасудан тұратын қарым-қатынас үдерісі. Диалогтің даму шарты оның ерекшелігін көрсетеді: айтылған ой- пікірдің қысқалығы, қарым-қатынастың тілдік емес құралдарын пайдалану, дауыс ырғағының рөлі, кітап тілінен еркін, құрамы толық емес сан алуан сөйлемдердің болуы, айтылған ойдың синтаксистік ресімделуі, сөздің алдын ала дайындалып, іріктелмеуі, жай сөйлемдердің басым болуы.
Диалогтік сөйлеуге үйрету қарым-қатынас жағдаятымен байланысты диалогтік мәтін түрінде берілген үлгілерге құрылады.
Диалогтік сөйлеуге үйретудің негізгі кезеңдері:
- сөзбен түсіндіру немесе оқытудың техникалық құралдарының көмегімен жағдаятты көрсету;
- дыбыстық және графикалық түрде диалогті көрсету;
- диалогтің тілдік материалын меңгеру;
- диалогтағы сөздерді байланыстыру тәсілдерін меңгеру;
- диалогті қайта жаңғырту;
- жағдаяттың құрадас бөлшектері арқылы диалог үлгісінің мүмкіндіктерін кеңейту.
Диалогқа үйрету барысында диалогтің түрлері мен онымен жұмыс түрін өзгерітіп отырған жөн. Мысалы: әңгіме диалог, қойылым диалог, мұғаліммен және оқушылардың өзара әңгімелесуі, жұптық және топтық жұмыс түрлері.
Диалогтік тілді дамытуға арналған жаттығулар жүйесі мыналарды қамтиды:
- алдын ала даярлық жаттығулары (еліктеу, рөлдерімен алмасу, өзгерту, құрастыруға қатысты лексикалық, грамматикалық, фонетикалық жаттығулар);
- қандай да бір коммуникативтік міндеттерді шешу бойынша шартты коммуникативтік жаттығулар, оның барысында оқушылар іс-әрекеттің бір-бірімен өзара ара-қатынасын белгілеу (мақұлдау - қайт сұрау, сұрақ - жауап), яғни қарым-қатынас барысындағы екі жақты белсенділікті сақтайды.
Монолог - бір немес өзара әңгімелесуші- тыңдаушы тобына, кейді адамның өз-өзңне бағытталаған сөйлеу түрі, ол қабылдауға негізделген тілдік әрекеттің белсенді түрі. Монолог ауқымдылығымен, өзара байланыстылығы, логикалығы, дәлелділігі, ойдың толық аяқталғандығы, грамматикалық ресімделуі және кең таралған құрылымының болуымен сипатталады.
Монологтік сөйлеуге үйретудің мақсаты - тілдік монологтік білікті қалыптастыру:
- мәтінді әңгімелеу, суреттеу дайындау, берілген тақырыпқа шағын мәтін, әңгіме құрастыру;
- берілген тақырыпты логикалық бірізділікпен ашу;
- өз сөзіне пікір білдіру, дәлелдемелер келтіруді қоса отырып, өз пайымдауының дұрыстығын дәлелдеу.
Оқыту мақсатында монологтік сөйлеудің түрін анықтау сөйлеу мазмұнына (суреттеу, хабарлау, баяндау); дербестік дәрежесіне (жаттағанды қайта жаңғырту, әңгімелеу, жеке пікір білдіру); даярлық деңгейіне (дайындалған, жартылай дайындалған және дайындалмаған сөз) байланысты.
Оқылым - жазбаша сөзді түсіну мен көру арқылы қабылдауға бағытталаған тілдік әрекет [5].
Өзге тілдегі мәтінді толық түсіну үшін, лексикалық, грамматикалық, фонетикалық және ақпараттық белгілердің толық қатарын меңгеру қажеттілігі жоспарланады. Ол салыстыра оқу кезіндегі таным үдерісін жеделдетеді.
Оқылымның шынайы әрекетінде қабылдау мен мәнін ұғыну бір мезетте жүзеге асып, олардың өзара тығыз байланыстылығына қарамастан, бұл үдерісті қамтамасыз ететін дағдылар мен икемдер шартты түрде 2 топқа бөлінеді:
- оқу техникасына байланысты - мәтіннің естілімдік өңделуін қамтамасыз етеді, яғни көзге көрінетін шартты белгілер таңбаларын мағыналық бірліктерге өзгерту немесе қабылданған графикалық белгілерді олардың мағыналарымен сәйкестендіру;
- қабылданған ақпаратты мағыналық өңдеу - әр түрлі деңгейлердегі тілдік бірліктердің мағыналары бойынша және сәйкес мәтіннің мазмұны, авторлық көзқарас және с.с. арасында байланыс орнату (мұндай икемдер мәтінді аяқталған тілдік пікір ретінде түсінуге мүмкіндік береді).
Оқылым мәтін мазмұнына тереңдей ену дәрежесіне қарай және көз жүгірте оқу, ізденістік (көз жүгірте ізденістік оқу) оқу, таныса оқу, зер салып оқу сияқты оқылым түрлеріне коммуникативтік қажеттіліктеріне байланысты бөлінеді.
Көз жүгірте ізденістік оқу мәтін мазмұны туралы жалпы түсінік алуға бағытталған. Оқушылар мәтіннен өзін қызықтыратын ақпаратты ғана іздейді.
Таныса оқу мәтіннен басты ақпаратты: негізгі мазмұны туралы жалпы түсінік алуды, мәтіннің негізгі идеясын түсінуді жоспарлайды.
Зер салып оқу мәтін мазмұнын толық және нақты түсінумен, оқылған материалды әңгімелеу мен баяндауда қайта жаңғыртумен және с.с. ерекшеленеді.
Ауызша және жазбаша сөйлеудің тілдік ерекшелігі психологиялық-ситуациялық айырмашылықтармен де түсіндіріледі. Л.С. Выготский жазылымды монолог ретінде сипаттайды: "Жазылым бұл - монолог, ойдан қалыптастырылған кейіпкермен қағаздың ақ бетінде сөйлесу, сол сәтте оқушы тарапынан айрықша күш салмай-ақ өз бетімен ауызша сөйлеудің дамуы".
Жазылым оқылыммен өте тығыз байланысты, себебі олардың негізінде бір графикалық тілдік жүйе жатыр. Графикалық таңбалардың көмегімен оқу кезінде ой тұйықталып немесе мәні ашылады, оқу кезінде графикалық таңбалар қайта тұйықталып немесе толық мәні түсіндіріледі [6].
Оқушылардың тіл үйренуде жаза алу қабілетін дамыту практик-оқытушыларды да ойландырған. Білім беру аясында тілдік әрекетті дамытуда Д.Б. Эльконина - В.В. Давыдова жазу - бұл өзгенің жазғанын көшіріп жазып беру емес, керісінше авторлық туынды боуы керек, яғни оқушы өз ойын, ішкі сезімін еркін түрде, тіпті көркем сөз түрінде жаза алу қабілеті деп айтқан.
Басқа икемдерді дамытудағы жазылымның рөлін ескере отырып, жазылым мен жазба тіліне үйрету мақсатын дұрыс көрсеткенде, мақсатқа сай жаттығуды толық қолданғанда, оқытудың белгілі бір кезеңінде орындағанда ауызша сөйлеу тілі біртіндеп байиды және қисынды бола түседі.
Жазылым грамматикалық дағдыларды нығайтады. Жай ғана көшіру немесе шығармашылықты талап ететін жазбаша тапсырмалар берілгенде, ол есте сақтауға белгілі бір жағдай тудырады. Жазба жұмыстарынсыз лексика- грамматикалық материалды есте сақтау оқушыларға қиындық туғызады.
Жазбаша түрде орындалған тілдік және шартты тілдік жаттығулардың барлық жүйесін оқытуда жазба тіліне жатқызады. Шығарма, шығармашылық диктант, мамзұндама, берілген тақырыпты хабарлау үшін жазбаша жоспар мен тезис жасау, жеке немесе іскер хат жазу, яғни ұсынылған жағдаят бойынша орындалған жазбаша тапсырмалардың барлығы коммуникативтік жазба тіліне жатады. Ол, басқа сөзбен айтқанда, өтілген немесе ауызекі тіл тәжірибесі тақырыбына өте жақын жанасатын жазбаша тілдік жаттығулар.
Қазақ тілін үйретуде оқу міндеті оқушыларға тілдік әрекеттің басты түрлерін - тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылымды меңгертуді қамтиды. Жалпы білім беретін мектеп бағдарламаларында жазылым оқытудың басты мақсаты ретінде қарастырылмайды. Ол - оқылым мен ауызекі тілдік дағдылар мен икемдерді дамытуға, сонымен қатар қажетті тілдік материалды меңгеруге көмектесетін оқыту құралы.
Әдебиеттер тізімі:
- Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. - Астана, 2010.
- Печенёва Т.А. Совершенствование речевой культуры школьников.// Русская словесность. - 2004. - №7.-36-37 б.
- Артемонов В.А. Психология обучения иностранным языкам. - М.: Просвещение, 2005.-С.158
- Щукин А.Н. Обучение иностранным языкам. Теория и практика / А.Н. Щукин. - М.: Фломатис, 2006. - 480 б.
- Игумнова О.В. Урок чтения английского языка в 8 классе // Иностранные языки в школе. - 2006. - №2. - 42-47 б.
- Балаклай А.Г. Осмысление слова. // Русская словесность. -2002. - №2.-26-27 б.