Өмір сүру құқығының пайда болуы және аяқталуы мәселесі – құқық тұрғысынан күрделі сауал, өйткені ол адамның құқық субъектілігіне, құқық қабілеттілігіне байланысты. Бұл мәселенің теориялық та, тәжірибелік те қырлары бар. Адамның өмір сүре бастауы сәтінен ол өмір сүру құқығына ие болады.
Сонымен, адам қай кезден бастап өмір сүру құқығына ие болады?
Егер ҚР Конституциясына сүйенетін болсақ 12-ші баптың 2-ші тармағында «адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған», - деп көрсетілген. Демек, адам баласы құқықтар мен бостандықтарға, оның ішінде өмір сүру құқығына да, туған сәтінен бастап ие болады. Конституцияда белгіленген бұл көзқарас бойынша ана құрсағындағы бала ана ағзасының бөлігі болып табылады және ол құқық субъектісіне аналық ағзадан бөлініп шыққаннан кейін ғана айналады.
Үшінші көзқарас бойынша өмір сүру құқығы ана құрсағындағы ұрықтың әртүрлі даму кезеңдерінде пайда болады (біреулердің айтуынша ағзаның қалыптаса басталу кезінен, екіншілердің пікірі бойынша ұрықтың миы істей бастағаннан, тағы біреулердің көзқарасы бойынша жүректің соға бастауы кезінен бастап). Қазіргі медицинаның жетістіктеріне сүйенсек, 3-ші аптадан бастап ұрықтың жүрегі соға бастайды, өзінің қан айналымы жүйесі пайда болады, жүйке жүйесінің негіздері қалыптаса бастайды, ал 12-ші аптадан бастап (4-айлық кез) ұрықтың барлық тиісті жүйелері жұмыс жасай бастайды. Бес айлық кезден бастап ана құрсағындағы сәбидің жүрек соғысын байқауға болады, оның қалыпты жүрек соғысы үлкен адамға қарағанда жиірек болады және минутына 120-дан 160-ға дейін жетеді [1, 252 б.].
Жалпы алғанда осы көрсеткіштердің дәрігерлік мекемелерде міндетті түрде пайдалануын ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің 6-шы тамыз 1992-ші жылғы «Қазақстан Республикасындағы патологоанатомиялық қызметті одан ары жетілдіру туралы» №379 Бұйрығынан байқауға болады.
Денесінің салмағы 500-999,9 граммды құрайтын түсіктер сойылуы және гистологиялық зерттеуден өтуі тиіс. Түсікпен бірге «жолдасы» да жіберіледі.
Өлі туылғандар мен тірі туылып кейін өлгендер екі сағаттан кешіктірілмей 100% сойылуы тиіс және сою нәтижесі «Перинаталды сою хаттамасына» енгізіледі.
Сою жүргізілген күні перинаталды өлім туралы куәлік немесе өлу туралы алдын- ала перинаталды куәлік толтырылады.
Емдеу мекемесі өлу (өлі туылу) фактісін АХАТ (ЗАГС) мекемесінде тіркегеннен кейін ғана мәйітті туысқандарына бере алады.
ҚР Үкіметімен 22-ші мамыр 1999-шы жылы №620 Бұйрықпен бекітілген ҚР-ғы азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібі туралы Ереже бойынша [2] өлі туылған және өмірінің бірінші аптасында (7 күн ішінде) өлген нәрестелер туылу кезінен бастап бес тәулік ішінде туылуды қабылдаған немесе нәрестенің өлген емдеу мекемесі әкімдігінің өтініші бойынша АХАТ органдарында тіркелуі тиіс.
Өлі нәрестенің туылу фактісі өлі туылу туралы медициналық куәлік (перинаталды өлу туралы куәлік) негізінде туылу туралы актілерді тіркеу кітабында ғана тіркеледі.
Егер нәрестенің өлімі туылғаннан кейін орын алса (ол бірнеше минут өмір сүргеннің өзінде) екі актілік жазу жасалуы тиіс:
- туу туралы – туу туралы медициналық анықтама негізінде;
- өлу туралы – перинаталды өлу туралы куәлік негізінде.
Егер нәресте өмірінің бірінші аптасында қайтыс болса, өтініш берушіге тек өлу туралы куәлік беріледі. Егер ата-анаға нәрестенің туылғаны туралы (өлі туылғаны немесе тірі туылып өмірінің бірінші аптасында өлгені туралы) құжат керек болса АХАТ органы нәрестенің өлі туылғанын немесе тірі туылып кейін өлгенін көрсететін туу туралы анықтама береді (36 тармақ).
Жасанды түсік жасау арқылы жүктілікті тоқтату операцияларының медициналық көрсеткіштері мынадай:
- жұқпалы және паразитарлық аурулар (осы аурулардың бес түрі – туберкулез және оның барлық белсенді нысандары, вирусты гепатит және оның ауыр нысандары, мерез, жүре пайда болған иммундық жетіспеушілік синдромы (СПИД), қызамық ауыруы және осы жұқпамен байланыс);
- ісіктер (осы немесе өткен кездердегі әр локализациядағы, соның ішінде лимфа және қан өндіретін тіндердің қатерлі ісікетірінің барлығы);
- эндокриндік жүйенің аурулары (уытты диффуздық зоб, гипотериоз, диабет, бүйрек бездерінің аурулары және т.с.с.);
- қан және қан шығатын органдарының аурулары (анемиялар, лейкоздар, қанның ұйығыштығының, пурпурының және басқа геморрагиялық жағдайларының бұзылуы);
- психикалық аурулар (жеке бастың өзгеруімен болатын созылмалы маскүнемдік, интоксикациялық психоз, шизофрениялық психоз, аффективті психоз, параноялық қалып, босанғандарда болатын босанғаннан кейінгі психоз, жеке бастың аурулары (жарыместік қалып), созылмалы маскүнемдік, наркомания, токсикомания, өзіндік дамуды кешіктірулер, ақылдың кемтарлығы, орта және ауыр түрдегі олигофрения және т.с.с.);
- нерв жүйесі мен сезім мүшелерінің аурулары (орталық нерв жүйесінің қабыну аурулары, оның ішінде менингит, энцефалит, энцефаломиелит, миелит, орталық нерв жүйесінің басқа да аурулары, жайылма склероз, эпилепсия, көз торының бөлінуі, көз шатыраш қабығының аурулары, кератит, отосклероз және т.б.);
- қан айналымы жүйесінің аурулары (жүректің созылмалы құздамалық аурулары, гипертониялық ауру, жүректің ишемиялық ауруы, миокардиттер, кардиомиопатия, жүрек ырғағының бұзылуы, қан айналымы жүйесінің басқа туа біткен аурулары және т.б.);
- тыныс мүшелерінің аурулары (демалу жетіспеушіліктері күрделенуінің төменгі демалу жолдарының созылмалы аурулары, бронхы демікпесі, өкпе мен плевраның өкпе- жүрек жетіспеушілігі ауруы, көмекей, трахея және бронхылардың тарылуы, бронхоэктактикалық ауру, тыныс мүшелерінің қатерлі ісіктері және т.с.с.);
- ас қорыту органдарының аурулары (өңештің тарылуы, жасанды өңеш, өңеш, асқазан және ұлтабардың ауруы, іш қуысының жарығы, бауыр аурулары, өттің және өт шығару жолдарының аурулары, асқазан бездерінің аурулары және т.с.с.);
- зәр шығару саласының аурулары (бүйректік жетіспеушілік, гидронефроз, поликистоз, әйелдер жыныс органдарын кірістірген жыланкөз және оларға жасалған операциялардан кейінгі қалыптар және т.б.);
- қиыстыру тіндерінің диффуздық аурулары (жүйелік қызыл жегі, зақымдалған органдар қызметтерінің бұзылуымен бірге жүретін жүйелік склеродермиясы және т.с.с.) [3].
Жалпы алғанда медициналық көрсеткіштер қатарына 80-нің үстінде ауру түрлері жатады. Жоғарыдағы тізімде аталмаған, бірақ жүктілікті жалғастыру және бала туу жүкті әйел өміріне қатер тигізетін немесе жүкті әйелдің денсаулығына зиян келтіретін болса, жүктілікті тоқтату мәселесін консилиум жеке түрде шешеді. Демек, жүкті әйелдің өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіпті дерттер тізімі әлдеқайда ұзақ болмақ.
Жалпы алғанда жүктілікті жасанды тоқтатудың әлеуметтік және медициналық көрсеткіштер тізімін саралап көрсек, Қазақстан заңнамасы жүкті әйелдің денсаулығын жан-жақты қорғауға бағытталғанын байқатады. Бұл дұрыс саясат деп ойлаймыз, өйткені белгілі бір әлеуметтік не медициналық себептерге байланысты бала табудан бас тартқан әйел адам болашақта өз еркі бойынша дүниеге сәби әкелу қабілетінен айырылмауы тиіс. Сондықтан да отандық заңнамада белгіленген нормалар ең алдымен әйел адамның денсаулығын сақтауға, оның ана болу қабілетін қорғауға бағышталғанын көріп отырмыз. Мәселен, жасанды түсік жасау операциясымен қатар жұмыс істейтін әйелдерге 3 (үш) күннен кем емес мерзімге еңбекке жарамсыздық қағазы беріледі және оларға қажетсіз жүктілікті болғызбау жөнінде арнайы кеңес беріледі.
Жасанды түсік арқылы жүктілікті тоқтату операциясын жасау үшін бірнеше шарттар қойылады (Ереженің 1-ші тармағы):
- жүкті әйелдің тілегі бойынша етеккірдің 20 күнге дейін кешігуінен жүктіліктің 12 аптасына (3 ай) дейін;
- әлеуметтік көрсеткіштермен 12 аптадан 22 аптаға дейін (3 айдан 5,5 айға дейін) жүктілік мерзімінде;
- жүкті әйелдің өміріне қауіпті медициналық көрсеткіштер болса оның келісімі арқылы жүктіліктің кез келген мерзімінде.
Сонымен қатар, Ережеде операция жасауға тыйым салатын негізгі көрсеткіштер белгіленген, олар (Ереженің 2-ші тармағы):
- әйелдердің жыныс органдарының қабынуының, оның ішінде жыныстық қатынас арқылы тарайтын әртүрлі процестері;
- қандай да болсын локализациядағы қабыну процестері;
- өткір жұқпалы аурулар.
Шыныменде 22 аптадан кейін аборт жасау мәселесі әйелдің тілегіне байланысты болмайды (бір ғана ерекшелік – жүктіліктің жалғасуы медициналық себептер бойынша әйелдің өміріне қатерлі болса). Әрине, бұл мерзімде жүктілікті жасанды түрде тоқтату тек ұрықты қорғау мақсатында ғана емес, ананың денсаулығына ерекше ауыртпалық түсу мүмкіндігін де ескеретінін ұмытпайық. Бірақ, 22 аптадан кейінгі мерзім ішінде ұрықтың қатаңдау қорғалатынын көріп отырмыз.
Сонымен, жоғарыдағы нормативтік құжаттарды талдау арқылы өмір сүру сәтінің пайда болуы екі көрсеткішке сүйенетініне көз жеткізуге болады:
- биологиялық тұрғыдан өмір сүру сәті ана құрсағындағы 7 айлық нәрестеде пайда болады (және оның өмірі 1,5 ай бұрын, яғни 22-ші аптадан бастап ерекше қорғала бастайды);
- заңи тұрғыдан өмір сүру құқы сәбидің туылып ана организмінен бөлініп шыққан сәтінен пайда болады (осы сәттен бастап нәресте адам ретінде құқықтық қорғалуға толығымен алынады, яғни ол құқық субъектісіне айналады).
Ресейлік зерттеуші С.С. Шевчук қарастырып отырған мәселеге байланысты қызықты ой білдірген. Оның айтуы бойынша адам өмірінің басталуын туылу кезінен емес ұрықтың өмірге қабілетті болу жағдайына жету кезінен есептеу керек, осы сәттен бастапұрық ішінара құқық қабілеттікке ие болып құқықтың квазисубъектісіне айналады. Мұндай жағдайда ұрықтың өмірге қабілеттігінің құқықтық белгісі ретінде оның 7 айлық кезге жетуін, ал медициналық белгісі ретінде – ұрықтың өмірге қабілеттігін растайтын арнайы комиссияның медициналық қорытындысын тану керек, - дейді бұл зерттеуші [4, 124 б.].
Бұған қарсы пікірді М.Н. Малеина еңбегінен кездестіреміз. Ғалым іштегі ұрықтың болашақта құқық субъектісіне айналатынына қарамастан, сәбидің туылғанына дейін оны құқық қабілеттілік пен басқа да құқықтарды иеленуші ретінде қарастыру дұрыс емес, өйткені субъективтік құқықтар тек нақты өмір сүретін субъектіде пайда болуы мүмкін - деп есептейді.
Бүгінгі таңда құқықтық әдебиеттерде осы екі көзқарас сараланады.
С.С. Шевчуктің көзқарасын бірден құптау қиын, өйткені оның ұсынып отырған жағдайында көптеген қосымша құқықтық проблемалардың туындайтыны сөзсіз, бірақ бұл ғалымның ұсынысының ойланатын тұстары да бар, өйткені біздің заңнамамызда қарастырып отырған мәселелер толық шешімін таба қоймаған.
Мысалы, ҚР-ң Азаматтық кодексінде (АК) азаматтың құқық қабілеттілігі оның туылуы кезінен басталып өлген сәтінде аяқталады делінген (13-ші баптың 1-ші тармағы) [5]. Жалпы сипаттағы бұл ереженің бір ғана ерекшелігі бар. Яғни, ҚР АК-ң 1044-шы бабының 1-ші тармағы бойынша мұра қалдырушының тірі кезінде іште қалған және мұра ашылғаннан кейін тірі туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагерлер қатарына тең құқылы мұрагер ретінде қосылады.
Көріп отырғанымыздай бұл жерде мұра қалдырушыдан іште қалған нәресте «азаматтар» қатарына жатқызылып отыр (әрине, тірі болып туылған жағдайында ғана). Осы мәселенің өзі отандық заңнамадағы ұрықтың, эмбрионның құқықтық мәртебесінің толық анықталмағанын көрсетеді. Бірақ бұл мәселені біз сәл төменірек қарастырамыз.
Біздің ойымызша 7 айлық кезден бастап ана құрсағындағы ұрық адам ретінде құқықтық қорғауға алынғаны дұрыс, өйткені осы кезден бастап оның бойына жан бітетіні ешбір күмән туғызбайды. Яғни, осы кезден бастап оның өмір сүру құқығының пайда болуын таныған жөн.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ҚР-сы Конституциясының 15-ші бабының құрамына 1-1 тармағын ұсынамыз және оның мазмұны мынадай болу керек деп ойлаймыз:
«1-1. Мемлекет адам өмірін адамның туылуына дейін қамқорлығына алады».
Салалық заңнама ережелерінің мазмұны үшін (азаматтық, медициналық заңнама) мұндай идея бөтен болмайды деп есептейміз, ал адам саны жағынан алып аумағына азғантай халқы сай болмай отырған Қазақстан үшін бұл идея халық санын көбейтудің, тоталитарлық кезде құдайдан безген халықтың мемлекеттік заңнамасына моральдық-діни ұғымдарды енгізудің, ата-баба дәстүрін жаңғыртудың, адамның табиғи құқықтарын толығымен іске асырудың бірден-бір жолы.
Бұл мәселенің маңыздылығын келесі деректерден байқауға болады: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жыл сайын жүктілік пен туу салдарынан 585 000 әйел қаза болады, ал Қазақстандағы халық денсаулығы индексінің төмендігінен жүктілік пен бала туу жағдайларының 60% күрделі түрде өтеді, жаңа туылған әрбір 1000 баланың 288 ауру болып туылады. Сонымен қатар, 100 мың туылған балаға 66,7 аборт келеді екен, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 5-10 аспайды. Сұрау өткізілген әйелдердің 3,7% ғана еліміздегі медициналық мекемелердегі қызмет көрсету деңгейі дені сау бала тууға мүмкіндік береді деп есептейді, бұл болса ана мен жаңа туылған нәрестелердің өмір сүру құқығына келтірілетін тікелей нұқсан деуге болады [6, 15-16 бб.].
Ана мен бала өлімі мемлекеттердің әлеуметтік саясатын салыстыру бойынша халықаралық ұйымдардың әртүрлі баяндамаларында есепке алынатын көрсеткіш. Оның ішінде бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру үшін бұл көрсеткіш төмен болуы тиіс. Бүгінгі күні ҚР халықаралық деңгейде ескерілетін «адамның даму индексібойынша» 80-ші орынды иеленіп, орташа деңгейдегі елдердің қатарына қосылып отырған мемлекет. Мысалы, БҰҰ-ң Даму бағдарламасының (БҰҰДБ/ПРООН) 2003-ші жылғы мәліметтер негізінде дайындалған 2005 жылғы баяндамасы бойынша ҚР-да тірі туылған 1000 баланың 63 шетінеп кетеді екен (Ресейде бұл көрсеткіш - 16, Украинада – 15, Беларусьта – 13, Қырғызстанда - 59, Өзбекістанда - 57, Молдовада -26), 5 жасқа толғанша тірі туылған осы 1000 баланың 73 қаза болады екен (Ресейде бұл көрсеткіш - 21, Украинада – 20, Беларусьта – 17, Қырғызстанда - 68, Өзбекістанда - 69, Молдовада - 32). 100 мың тірі туылған балаға ана өлімінің көрсеткіші Қазақстанда – 50 болса, Ресейде - 37, Украинада – 22, Беларусьта – 18, Әзірбайжанда - 25, Қырғызстанда - 44, Өзбекістанда - 34, Молдовада - 44, Тәжікістанда – 45 [7, 273-274 бб.]. Аталмаған ТМД елдеріндегі көрсеткіштер Қазақстаннан да төмен. Жағдай күрт өзгермесе Қазақстанның бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруі мүмкін болмайтыны түсінікті.
Бұл статистиканы қалай қорытындылауға болады? Яғни, экономикалық табыстарымен мақтануды жақсы көретін Қазақстанда ана мен бала өлімінің жағдайы экономикасы әлдеқайда төмен Қырғызстан, Өзбекістан, Молдова сияқты елдерден едәуір төмен. ҚР-ң Үкіметі халықтың жағдайын жақсартып жатқанын, жылдан жылға медицина саласына құйылатын қаржыны ұлғайтып жатқанын үлкен мінбелерден дауыстап айтқанымен, бұл қаржылар тиісті жерлеріне жетпей жатқанын халық көріп отыр, әйтпесе біздегі жағдай ТМД-ң ең төменгі елдеріндегі жағдаймен бірдей болуы ақылға сыймайтын ұғым. Бұл болса Конституциядағы елдің ең қымбатты қазынасы - адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деген ереженің декларация ретінде қалып жатқанын білдіреді.
Бұған дәлел - Шымкенттегі СПИД дертіне шалдыққан нәрестелер мен аналардың жағдайы (олардың саны 100-ге жақындап келе жатыр және бұл саннан әлдеқайда асып кетпесіне ешбір кепілдік жоқ). Мұның барлығы елдің болашағын ойлайтын саналы азаматтарды толғандыратын мәселелер.
Әрине, соңғы жылдары бұл салада белгілі бір өзгерістер орын алуда. Мысалы, елдегі демографиялық жағдайды жақсарту мақсатында ҚР-сы Президентінің халыққа жолдауының негізінде бала туылған кезде мемлекетпен бір рет берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері ұлғайтылып, 15 айлық есеп көрсеткішін құрады, яғни 15 450 теңгені.
Осы тенденция жалғасын тауып, одан әрі күшейе берсе жағдайдың жақсаруына үміт бар.
Талдауды қажет ететін келесі үлкен мәселе - адамның өлу сәтін анықтау. Адамның туылуы да, оның өлуі де құқықтық (заңи) фактілердің қатарына жататыны белгілі, яғни осы екі жағдайдың да орын алуы - құқықтық қарым-қатынастардың пайда болуына, өзгеруіне не тоқтатылуына алып келеді. Демек, осы екі сәтті де нақты айқындайтын белгілері (оның ішінде құқықтық белгілері де) болуы тиіс. Әсіресе бұл адам өліміне қатысты аса маңызды, өйткені құқық тұрғысынан өлім адамның құқық субъектілігін бірден тоқтатады (тыйып тастайды деуге болады), себебі жеке тұлғаның құқық субъектісі ретінде тіршілігі аяқталады.
Патологиялық анатомиялық ашудан кейін өлу туралы куәлік бірден беріледі (мәйіт ашылмайтын болып шешілсе куәлік бірден беріледі).
Егер өлімнің себебін анықтау не нақтылау үшін лабораториялық зерттеулер керек болса алдын-ала куәлік беріледі.
Лабораториялық зерттеулер нәтижесі белгілі болғаннан кейін алдын-ала куәліктің берілуінен екі аптадан кешіктірілмей өлу туралы жаңа куәлік беріледі және «Алдын-ала куәліктің орнына» деген белгімен облыстық (қалалық, республикалық) статисткалық басқармаға жіберіледі. Бірақ бұл әрекеттердің барлығы адам өлімінің құқықтық салдарына байланысты болғандықтан оларды ары қарай қарастыру керек емес деп ойлаймыз.
Сонымен, адамның өлу сәтін анықтау үшін екі түрлі белгілер міндетті түрде орын алуы тиіс, олар:
- медициналық көрсеткіштер (биологиялық өлім мен бас миының біржола семуі);
- құқықтық көрсеткіштер (бас миының біржола семуін дәрігер-мамандардың консилиумымен тіркеу және оған жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің бірауызды жазбаша келісім беруі).
Осы екі жағдай бірден орын алған кезде ғана адамның өлімі құқықтық түрде анықталады.
Егер адамның өлімі апаттан не басқа да төтенше жағдайларда орын алса және көрсетілген процедураны қолдану мүмкіндігі жоқ болса сот- медициналық ашу арқылы өлімнің себебі мен шамаланған уақыты белгіленеді.
Осының негізінде тиісті куәлік беріледі, яғни құқықтық тұрғыдан болған жағдай ресімделеді.
Мұның барлығы адам өлімінен кейін пайда болатын көптеген құқықтық қарым-қатынастарды тиісті түрде реттеу үшін қажетті.
Әдебиеттер
- Вернер Д. Халыққа медициналық жәрдем көрсету жөніндегі Анықтамалық. Қазақ тіліне аударғандар: Айымбетов М., Бермаханов А. – Алматы: «Демалыс», «Қазақстан», 1994. – 506 б.
- Правила о порядке регистрации актов гражданского состояния в Республике Казахстан (с изменениями и дополнениями по состоянию на 14 февраля 2005 года). Утверждены постановлением Правительства Республики Казахстан от 22 мая 1999 года № 620 // Собрание актов Президента Республики Казахстан и Правительства Республики Казахстан. – 1999. - №20-21. – ст.214.
- Жасанды түсік жасау арқылы жүктілікті тоқтату операцияларының медициналық көрсеткіштері. Қазақстан Республикасының Денсалық сақтау ісі жөніндегі Агенттігі Төрағасының 2001 жылдың 24 шілдесіндегі №687 бұйрығымен бекітілді // Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау туралы негізгі заң актілері. - Алматы: ЮРИСТ, 2003. – 144-145 бб.
- Шевчук С.С. Правовой механизм ограничения личныхнеимущественных прав граждан в сфере здравоохранения. – Ставрополь, 2004. – 205 с.
- Гражданский кодекс Республики Казахстан (Общая и Особенная части). – Алматы: Юрист, 2000. – 329 с.
- Казакова А.В. Конституционно-правовые основы охраны материанства и дества в Республике Казахстан: Автореф. дисс. …канд. юрид. наук: 12.00.02. – Алматы, 2003. – 32 с.
- Доклад о развитии человека 2005. Международное сотрудничество на перепутье: помощь, торговля и безопасность в мире неравенства /Пер. с англ. – М.: Издательство «Весь мир», 2005. – 398 с.