Ұстаздың қолында адам өмірінің келешектегі тұтас тағдыры тұр. В.Г. Белинский
Орыс педагогы К.Д. Ушинский «Ескі бір сарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса сабақ тартымды, тиімді болары сөзсіз» десе, ҚР Білім туралы заңының 8 бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен.
Елбасымыз: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесі тең ететін – білім» дейді. Сондықтан, қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау.
Тарих пәнін оқытудағы негізгі мақсат әлемдік дамудағы адамзаттың рөлін, ол жасаған бүкіләлемдік құндылықтардың қадірін білетін, Қазақстан дамуының тарихи тамырларын, қоғамдағы орнын түсінетін белсенді азаматтарды қалыптастыру болып отыр. Осы міндеттерді орындауда оқытушылардың қызметі ерекше болмақ. Тарих пәнін оқыту, ұрпақтар бойына дарыту көп ізденістерді, сан түрлі әдістемелік тәсілдерді қажет етеді. Жаңа заман оқытушысы жан – жақты, білімді, өз ісін өте жақсы білетін ұлттық идеологиямен сусындаған азамат болуға тиісті.
Оқытушының педагогикалық шеберлігінің негізгі өлшемдерінің бірі – оқушының өзіндік танымдық жұмысын ұйымдастыру, ал екіншісі оқушыны өздігінен оқып, ой - өрісін тереңдетуге баулу, ғылыми ізденіске жетелеу.
Егер әрбір оқушы сабақта белсенді ой әрекетіне қосылса, күші жететін қиыншылықтарды жеңу қажеттілігі алдында тұрса, қорытынды мен жалпылау жасауға, әр түрлі сұрақтарға жауаптарды өздігінен табуға ұмтылса, танымдық белсенділігін және дербестігін қалыптастыру мүмкінболады. Оқушылар белсенділігінің осындай сипатын көрсететін қажетті шарт - дербестік таным әрекеті. Ол ұзақ уақыт ішінде оқушылардың әр түрлі өзіндік жұмыстарын орындаумен көбірек байланысты болды. Бұл әрқилы өзіндік жұмыстарды өткізудің мазмұнын және әдістемесін оқу материалын меңгерудің әр түрлі кезеңінде, әр түрлі дидактикалық мақсатқа қол жеткізуге байланысты әзірлеуді талап етті.
Танымдық белсенділікті қалыптастыру көрсеткіштеріне интеллектуалдық, эмоцияналдық, жігерлілік, іс - әрекетке оқушылардың белсене қатысуы жатады.
Жаңашыл педагогтар оқушыны дамытып қана қоймайды, сонымен қатар өзінің де жеке қасиетттерін жаңаша тұрғыдан ашуына мүмкіндік алады. Оны «жаңа технологиялардың» көмегі арқылы жүзеге асырады.
Технология – оқушы мен ұстазға бірдей қолайлы жағдай тудырушы, оқу процесін ұйымдастыру және жүргізу, бірлескен педагогикалық әрекетті жобалаудың жан - жақты ойластырылған үлгісі. (Академик В.М. Монахов)
Технологиялық оқыту - өзара белсенді оқыту. Өзара белсенді режимдегі жұмыста ақпараттар ағыны оқушыға не топқа жетіп, оқушылардың жан – жүйесінде жасырын жатқан ақыл – ой қызметін белсендіреді. Ақпарат бұл жағдайда екі бағытта: мұғалімнен – оқушыға, оқушыдан мұғалімге қарай жүріп, оқушыны өзі үшін білім алушы, өзін білімдендіруші, яғни, субъект жағдайына қояды.
Бұған мысал ретінде В.Ф. Шаталовтың тірек – сызбалар арқылы оқыту әдісін айтар едім. Бұл әдістеме көбінесе оқушылардың тарихи мәліметтерді тез ұғып, есте сақтауға және уақыт үнемдеуде де көп көмек беруші құрал болып табылады. Яғни, көлемді, ауқымды тақырыптардың мазмұнын нақты, айқын, жүйелі тірек – сызба арқылы игеріп, оқушы қажет мәліметті қысқартылған түрде меңгеріп, есте сақтауға мүмкіндік алады.
Жаңа технологияны меңгеруде оқытушының жан – жақты білімі қажет. Қазіргі оқытушы:
- педагогикалық үрдісте жүйелі жұмыс жүргізе алатын;
- педагогикалық өзгерістерге тез төселетін;
- жаңаша ойлау жүйесін меңгере алатын;
- оқушылармен ортақ тіл табысатын;
- білімді, іскер, шебер болу керек.
Жаңа педагогикалық технологияның ерекшеліктері - өсіп келе жатқан жеке тұлғаны жан – жақты дамыту. Инновациялық білімді дамыту, өзгеріс енгізу, жаңа педагогикалық идеялар мен жаңалықтарды өмірге әкелу. Бұрынғы оқушы тек тыңдаушы, орындаушы болса, ал қазіргі оқушы - өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек.
Қазіргі оқушы:
- дүниетаным қабілеті жоғары;
- дарынды, өнерпаз;
- ізденімпаз, талапты;
- өз алдына мақсат қоя білу керек.
Оқытушы оқушыларға сабақ үстінде өзіндік шығармашылықпен оқу іс- әрекетін ұйымдастыра білу қажет және оқытудың «белсенді» әдісін қолдана отырып меңгерілу үрдісіне бақылау жасау, ерекше қарым – қатынасты ұйымдастыра отырып, көптеген әдістемелік амалдарды қолдана отырып жүзеге асыру қажет. Білім беру технологияларын енгізу жолдары:
- оқушылардың білім – білік дағдысын қалыптастыру;
- ақыл – ойын дамыту.
Оған білім, білік, дағды жатады.
Білім - қоршаған ортада практикалық тұрғыда нақты байқалып, оның миында нақты бейнеленуі.
Білік - білім негізінде белгілі қызметті тиімді атқарудағы жеке бастың қабілеті.
Дағды – бақылаусыз қандай да бір істерді өздігінен орындау қабілеті.
Осы іс - әрекеттерді оқушының бойынан тауып, дамыту үшін қазіргі уақыттағы жаңашыл әдіс – тәсілдерді тақырыптың мазмұнына, құрылымына сай түрлендіріп, оқушының жан – жақты дамуы үшін өзіндік орындайтын тапсырмаларды ұйымдастырып, ағымға, өзгеріске бейім тұлғаны қалыптастыруда еңбек етудеміз.
Зерттеу әдісі шығармашылық жұмыс тәжірибесін жақсы үйрену үшін қолданылады. Зерттеу ұғымы жинақталған білімдерді жетілдіре отырып, белгіленген мақсаттар мен міндеттерге жету барысында заңдылықтарды қалыптастырады, салыстырмалы талдаулар жүргізуді және ғылыми негізделген ұсыныстар беруді қамтиды. Зерттеу әдісі арқылы оқушы білімін қолданып, ғылыми таным әдістерімен жұмыс істеп үйреніп, жаңа мәселелерді шешу тәжірибесін жинақтайды. Проблемалық оқыту кезінде оқытушы ізденіс жұмыстарын ұйымдастырады, оның барысында оқушылар жаңа білім, іскерліктерді меңгеріп, жалпы қабілетін, зерттеу белсенділігін дамытады, шығармашылыққа үйренеді, оқу мен оқыту сипаты өзгереді. Оқушылар шағын зерттеу мен шығармашылық – тәжірибелік жұмыстармен айналысады. «Зерттеу» арқылы жаңа білімдер – факті, заңдылықтар, ұғымдар, принциптер, теориялар, ережелер, алгоритмдер қалыптасады.
Оқушылардың тарихи ой - өрісін дамыту үшін мен тарих сабағында бірнеше әдіс – тәсілдерді пайдаланамын: проблемалық тапсырмалар, пікірталас, шығармашылық тапсырмалар, кескін карталар, атлас тапсырмалары, тарихи есептер, тарихи құжаттарды, кестелерді талдау.
Сабақтың әр кезеңінде проблемалық тапсырмаларды қоюға болады, ол сабақтың мақсатына байланысты. Проблемалық оқытудың ерекшелігі – мұнда оқытушы білімді дайын түрде баяндап бермейді, оқушылардың алдына проблемалық міндет қояды. Проблемалық жағдай – субъектіден жаңа білімді, іс - әрекеттің жаңа тәсілдерін іздестіруді талап етеді. Оны оқыту процесінің кез – келген кезеңдерінде (түсіндіру, бекіту және бақылау) құруға болады. Қазақстан тарихы пәнінен «Патша өкіметінің отаршылдық саясаты және 1867-1868 жж реформалар» тақырыбын оқып- үйрену барысында мынадай проблемалық тапсырманы қоямын. Сабақтың 176
бұл кезеңі «Ғылыми ізденіске жол ашық» деп аталады. Оқушыларды үш топқа бөліп, І топ оқушыларына, саясаткерлер «ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы жүргізілген реформалардың» жағымды, жағымсыз жақтарын көрсету тапсырылады, ІІ топ оқушылары социологтар «ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы Қазақстанның әлеуметтік дамуы» тақырыбының, ІІІ топ оқушылары экономист мамандар «ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы Қазақстанның экономикалық даму деңгейінің» оң және теріс жақтарын анықтайды. Бұл әдіс түрі өз игі нәтижелерін беріп, оқушылардың дәлелдеу, пікір алмаса білу, салыстыру, қорытынды жасау, өз ойларын жеткізе біліп, көзқарастарында тұру сияқты қабілеттерді қалыптастырады.
Сын тұрғысынан ойлау жобасының әдіс – тәсілдері оқушыларды тынымсыз ізденімпаздыққа баулиды. Мақсаты – оқушыларға кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға саналы шешім қабылдауға үйрету. Бұл әдіс «қызығушылықты ояту», «мағынаны тану», «рефлексия» сияқты 3 деңгейден тұрады. Сабақ барысын ұйымдастыруда үнемі негізге алатын тиімді технологияның бірі.
Ойын әдістерін қолдану дәстүрлі сабақтар мен жаңа технология әдістерімен сабақ жүргізуде өз тиесілі орнын алады. Тарих сабағында жиі қолданылатын ойын түрлері ретінде тапсырма ойындарды, картографиялық ойындарды, хронологиялық іскерліктерін қалыптастыратын ойындарды атауға болады. Осылардың ішіндегі хронологиялық ойын түрлерін алатын болсақ, мысалы, оқиғаның датасын анықтау немесе датасы бойынша оқиғаны анықтау, ұсынған даталардан өзіне қажетін таңдау, оқиға мен датаны сәйкестендіру, хронологиялық реттілігін анықтау, оқиғаның дамуының кезеңдерін анықтау, кезеңдерге бөлудің критерийлерін негіздеу. Тарих пәнінен қорытынды қайталау сабақтарында қазіргі таңда теледидарда беріліп жүрген «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Алтын қақпа», «Жұлдызды сәт» сияқты оқушыларға таныс ойындарды өткізуге болады.
Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқу үрдісінде пайдалануда негізгі элементтеріне электронды оқулықтарды, интерактивті тақта мүмкіндіктерін пайдалану (презентациялар, видеоматериалдарды көрсету т.б.) жатады.
Презентациямен жұмыс істеу, оны көпшіліктің алдында таныстыру, қорғау оқушылардың АКТ-дың көмегімен қарым-қатынас орнату дағдыларын дамытуға жағымды әсер етеді, тарихты меңгеруге деген қосымша ынтасын оятады, ақпаратты қабылдау дәрежесін арттыруға септігін тигізеді. Бағдарлама сабақта карталарды, суреттерді, тарихи тұлғалардың портреттерін, бейнеүзінділерді, диаграммаларды қолдануға жағдай жасайды. Бұл жаңа материалды түсіндіру мен бекіту барысында аса маңызды. Мен тәжірибемде, күнделікті сабақтарымда Қазақстан тарихы пәнінен өзім құрастырған электронды оқу құралын пайдаланамын.
Қоғамдағы болып жатқан түрлі бағыттағы өзгерістер мен білім беру қызметіне жаңаша қарауға, қол жеткен табыстарды саралауға, жастардың шығармашылық мүмкіндігін дамыту үшін интерактивті әдіс – тәсілдерді тиімді пайдаланған жөн. Оқытудың интерактивті әдістерін пайдаланумен өткізілетін сабақтардың түрлері: жоба әзірлеу, фильмдерді көру және талқылау, рөлдік ойындар, мимен шабуылдау, тренинг – семинар, әр түрлі тақырыптағы кездесулер т.б.
Оқушылардың танымдық құзіреттіліктерін қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін арттыру, алған білімдерін тиянақты болуын қадағалау үшін сабақ барысында берілетін тапсырмалардың берілу түрлері алуан түрлі болуы керек. Сол жағдайда ғана әр оқушы өз шығармашылығын көрсете алады.
Осы аталған жұмыстарды өз сабақтарымда үнемі пайдалану арқылы үлкен жетістіктер шыңына көтерілдім. Мысалы, төмендегі әдіс- тәсілдерді қолдана отырып, өткізген сабақтарым оқушыларға жаңа технологияның білімді қабылдауда қаншалықты тиімді екенін дәлелдей түскендей. Шығармашылық тапсырмалары аудиторияда оқылып, ұжыммен бірлесе отырып талданады. Жұппен жұмыс түрлері де оқушылардың ой алмастыруын, өз бетімен ой түйістіру қабілеттерін шыңдай түседі. Мысалы, оқушылар бір-біріне сұрақтар қойып, оны өздері бағалай үйренеді. «Маған айтып берсең, ұмытып қалармын, көрсетіп берсең есте сақтармын, өзіме жасатсаң, үйреніп алармын»,- деген шығыс нақылын сабақ жоспарлау кезіңде есте ұстаған жөн.
Жаңа технологияны білім беру саласында тиімді пайдалану оқушылардың өзіндік жұмысының сапасын арттыруға көмектеседі. Тәуелсіз Қазақстанның келешегі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақ – ұлттың ұлт болып қалуының кепілі.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: Білім беру ісіндегі инновациялық технологияларды дамытуға баса назар салу керек», -деді. Жалпы алғанда, инновациялық қызмет дегеніміз ғылымның жаңа жетістіктерін өндіріске енгізу болып табылады, ал нәтижесінде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі артуы тиіс.
Қорыта келгенде, ұстаз еңбегінің күрделілігі - әрбір оқушының жүрегіне жол табу, әрбір баланың бойындағы қабілетті танып, оны жан – жақты дамыту болса, сонымен қатар, тарихтан тағылым мен тәрбие алатын шәкірт тәрбиелеу - біздің басты мақсатымыз.
Әдебиет
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы.
- Әкбарова А. Тарих пәніне деген қызығушылықты арттыру. Қазақ тарихы, ғылыми - әдістемелік журнал. №1, 2014ж.-36б.
- Закирова Ж. Сабақта ойын элементтерін қолдану. \\Әдіскер мұғалім. №6, 2006ж.
- Қойбағарова Ж.Т. Ақпараттық – коммуникациялық технологиялардың білім сапасына ықпалы. Қазақстан кәсіпкері. №4, 2013ж. - 17б.