Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Білім беру жүйесін жаңғырту барысында біз үшін келесі іс-шараларды жүзеге асырудың маңызы зор. Біріншіден, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу. Екіншіден, педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор», деп атап көрсеткеніндей, жаңа дәуірдегі жаһандану үдерісіне төтеп бере алатын болашақтың зиялы ұрпақтарын тәрбиелеу өркениетке бағыт алған әрбір мемлекеттің өзекті мұраты. Бүгінгі нарықтық экономиканың талабына сай бәсекеге қабілетті құзыретті тұлғаны тәрбиелеу қоғамымыздың өзекті мәселесі. Елбасымыз қоғамымыздың жаңаруында жастарымызға үлкен үміт артады. Қоғам дамуының қарқынды өзгерістеріне бейімделіп қана қоймай, осы процестерге белсенді әсер ете алатын тұлғаны қалыптастыру қажеттілігімен сипатталатын қоғам сұранысын және тұлғаның өзін-өзі анықтау, өзін-өзі іске асыру сұраныстарын қанағаттандыру өзін-өзі дамытуға бейім, өз өмірлік іс-әрекетінің мақсатын анықтай алатын және оған жете білетін, мәселелерді дербес шеше алатын тұлға тәрбиелеу қажеттілігін туғызып отыр. Сөйтіп, бір жағынан қоғамның, екінші жағынан тұлғаның өзінің сұраныстары және өзіне-өзі менеджмент негізінде өз өмірінің және қоғамдық өмірдің өзіне сенімді, белсенді басқару субъектісі бола алатын тұлға тәрбиелеу маңыздылығын негіздейді. Білім беру үрдісінде студенттердің бойында жобаланған құзыреттерді қалыптастыру мен дамытуда оқу нәтижелерін бағалау үрдісінің алатын орны ерекше. Себебі, бағалау оқыту үрдісінің барысында, оның өн бойында жүретін үрдіс және оның негізгі қызметі білім нәтижелеріне жету дәрежесін анықтау ғана емес, сол жобаланған нәтижелерге қол жеткізу үшін студенттерге педагогикалық психологиялық қолдау көрсету де жатады. Бүгінгі мектеп тәжірибесінде қалыптасқан сабақтың қорытындылау кезеңі ретіндегі бағалаудың мәні өзгергендігін осыдан-ақ көруге болады. Бағалауды жүзеге асыруда оқушының қызметінің маңызы артып отыр және мұғалімнің педагогикалық қолдауының да рөлі ерекше орынға ие болады. Оқыту үрдісі барысында дұрыс ұйымдастыралық ыту үрдісі барысында дұрыс ұйымдастырылған бағалау білім берудің тиімділігін арттырады, оқушылардың оқу нәтижелерінің жоғарылауына ықпал етеді.
Бұл оқу-әдістемелік құралдың негізгі шешетін міндеті – мұғалімдерге оқыту үрдісінде бағалауды тиімді ұйымдастыруға қажетті ұсыныстарды жасау. Оқу-әдістемелік құралдың құндылығы сонда, оның мазмұны білім саласында көшбасшы болып табылатын Сингапур, Ұлыбритания елдерінің бағалау және оқу нәтижелерінің сапалы мониторингісі салаларындағы үздік тәжірибесін жалпылау негізінде жасалған. Шетелдік тәжірибені саралау негізінде отандық мектептің оқыту мен оқу тәжірибесін жетілдіруге жағымды ықпал ететін тиімді жақтары анықталып, оны ендірудің нақты ұсыныстары берілген. Бұл шетелдік озат тәжірибе өңделіп, отандық мектептерде тарату мақсатында балауды ұйымдастырудың педагогикалық жағдайлары, қағидалары мен нақты ұсыныстары ретінде дайындалған. Ұсынылған оқу-әдістемелік құралдағы теориялық материалды игеру мұғалімдерге бағалаудың оқу үрдісіндегі маңызы мен кең ауқымды қызметтерін жаңаша тұрғыдан түсінуге көмектеседі. Бағалауды жүзеге асыру бойынша нақты нұсқаулар мұғалімдердің бағалау саласындағы құзыреттерін арттыруға ықпал жасайды. Бұл оқу-әдістемелік құралды мектеп басшылары, мектептің басшыларының оқутәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, пән бірлестіктерінің жетекшілері, пәні мұғалімдері пайдалана алады.
Бағалау оқу үдерісі мен оның нәтижесі туралы ауқымды түсініктен тұратын педагогикалық үдерістің маңызды элементі. Білім алушылардың оқу бағдарламасы бойынша алған білім, білік сапасын немесе олардың шығармашылық бағыттағы тұлғалық даму деңгейін анықтауға, арттыруға және түзетуге көмектесетін тәсіл. Кез келген бағалау оқу үдерісі барысында өзара әрекеттестік қаншалықты тиімді болғаны жайлы ақпарат алу қажеттілігінен туындайды. Білім беру үдерісіне қатысушыларды білім сапасы туралы ақпараттандыру, оқу жетістіктерін өлшеу және диагностикалау жұмыстары педагог қызметін дамытуға мүмкіндік береді.
Бағалау студенттердің оқу жетістіктерін әр түрлі сапалық және сандық бағалау түрлері, құралдары, әдістері мен формаларынан тұратын жүйе ретінде іске асырылады. Ол тек оқудың соңғы оқу нәтижесін қорытындылауда ғана емес, сонымен бірге оқу және оқыту үдерісімен толықтай және үздіксіз бірге жүріп отырады.
Бағалау үдерісі оқу үдерісін жақсартуға ықпал етеді. Бұл екі үдеріс бірбірімен тығыз байланысты. Бағалау үдерісі оқыту әдістемесін өзгертіп жаңартуға, оқу және оқыту тәжірибесін жетілдіруге көмектеседі. Студенттердің оқудың негізгі тұжырымдарын, логикасын және үдерісті дұрыс түсінуі басты назарға алынады. Тұжырымдап айтқанда, бағалау – оқу үдерісінің ажырамас бөлігі. Сондықтан бағалау оқу бағдарламасы, мақсаты, оқу мазмұны және әдістемелерімен тығыз байланысты болуы керек.
Ұлттық және мектеп деңгейінде білім сапасын бағалау білім беру жүйесінде маңызды роль атқарады. Осы ретте білім сапасын, оқыту мен оқу нәтижелерін бағалау жүйесі Сингапур, Англия елдерінің мектептерінде кеңінен тараған «теңестірілген бағалау» ұғымы арқылы қарастырылады. Шетелдік мектептер тәжірибесі бағалаудың екі түрін, оқыту үшін бағалау және оқуды бағалаудың кірік тірілуін басты назарға алады.
Бағалау үдерісі оқудың жоғары нәтижелеріне жету үшін:
- түзетушілік, ынталандырушылық, жүйелілік сияқты қызметтерді іске асыруды;
- «нені» және «қалай» бағалау арқылы оқу мақсаттарын айқындауды;
- оқушының дамуы мен жетістігі жайлы сандық және сапалық деректерді үздіксіз жинақтауды;
- жинақталған мәліметтер оқыту мен оқу үдерісі туралы білуге және оларды келешекте қалай жақсартуға болатынын түсінуге бағытталуын көздейді.
Бағалау оқыту үдерісінің мақсатымен тікелей байланысты болған жағдайда күтілетін нәтиже нақты болады. Себебі бағалау негізінде жиналған ақпараттар қойылған мақсатқа жету үшін және келешектегі жұмысқа бағыттау үшін қолданылады.
Дәстүрлі педагогикада баға түсінігі оқу үдерісінің сапалық көрсеткіші ретінде бір жақты қарастырылады. И.П. Подласыйдың пікірінше, баға – нақты меңгерілген білім, білік пен меңгеруге ұсынылған білім мен біліктің ара-қатынасы болып табылады (Подласый И.П., 1996).
Дегенмен, бүгінгі таңда педагогтар бағалаудың мәнін бір жақты емес, тереңірек түсіну үшін бағалау қызметін жетілдіруге қатысты зерттеулер жүргізілуде. Еліміздегі педагог қызметкерлерге арналған жаңа форматтағы біліктілік арттыру курстарының деңгейлік бағдарлама аясында да мектеп тәжірибесіндегі бағалау «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» модулі ретінде қарастырылады. Қазақстандық педагог тәжірибешілер аталмыш модульді өз тәжірибелеріне қарқынды енгізуде. Шығармашыл мұғалімдердің бағалау туралы тұжырымдары, пікірлері, кері байланыстары және оқушыға оң ықпалын күшейтуге, бағалау жүйесін жақсартуға бағытталған идеялары кәсіби қауымдастықтарда, желіде, БАҚ-да жариялануда.
Студенттердің бағалау құзіреттілігін дамыту қоғамның дербес, өзіне сенімді, өзін-өзі іске асыра алатын, қоғам дамуының қарқынды жағдайларына тек бейімделіп қана қоймай, осы процесті дамытуға өз үлесін қоса алатындай тұлғаға айналуына жағымды әсер етеді. Аталған мәселелер, студенттердің бағалау құзіреттілігін дамыту мәселесінің өзектілігін дәлелдей отырып, оны зерттеу қажеттілігін негіздейді. Бітірушінің құзыреттік үлгісінің шеңберінде білім беру оқытуды студентке бағытталған көзқарасқа қайта бағдарлауды талап етеді, өз кезегінде басымдылықты оқытушыдан білім алушыға қарай; не берілетінінен не оқытылатынына қарай; оқытушы не бергісі келетінінен және нені бере алатынынан болашақ мамандықтың қажеттілігіне қарай аударуды болжайды. «Оқыту нәтижесі» («learning outcomes») ұғымын 2005 жылы Еуропалық біліктілік құрылымын жасау бойынша Болон үдерісінің жұмыс тобы енгізген. Анықтама бойынша, оқыту нәтижесі – «оқу кезеңі аяқталғаннан кейін білім алушы не білетіні, түсінетіні немесе/ және көрсете алатыны туралы күтілетіні тұжырымдар».
Оқытудың болжамды нәтижелері (intended learning outcomes) – оқу үдерісі (бағдарлама, пән, модуль) аяқталғаннан кейін білімін, түсінігін, дағдысын анықтау, яғни оқыту нәтижелері құзіреттілік деңгейді көрсететін құрал және оқу аяқталғаннан кейін студент не білетіні, түсінетіні және оны көрсете алатыны туралы күтілетін тұжырымдама болып табылады. Олар жеке пәнге (модульге) немесе оқыту кезеңіне қатысты болуы мүмкін және кредитті тағайындау үшін қажетті шарттарын анықтайды. Оқытудың болжамды нәтижелерін оқытушы анықтайды.
Оқытудың нақты нәтижелері (actual learning outcomes) – бағдарлама (пән, модуль) аяқталғаннан кейін бағалаудан өткен студенттің көрсетілген білімдері мен құзіреттіліктері.
Оқытудың күтілетін нәтижелері (expected learning outcomes) – біліктілік деңгейін анықтау үшін қажетті оқыту нәтижелерінің үлгілік көрінісі. Біліктіліктің ұлттық шеңберіне негіз болатын күтілетін нәтижелерді жұмыс берушілер кәсіби стандарттарға сәйкес анықтайды.
Білім, түсінік, білік және дағдының динамикалық комбинациясы болып табылатын құзіреттіліктер әртүрлі пәндерді оқыту нәтижесінде қалыптасып, түрлі кезеңдерде бағалануы мүмкін. Құзіреттіліктерді студенттер игеріп қалыптастырады және оларды дамыту оқу бағдарламалардың мақсаты болып табылады. Яғни, кәсіби білім беру бағдарламасының нәтижелері ретінде білім мен біліктіліктің белгілі бір деңгейіне сәйкес жалпы және кәсіби құзіреттіліктер болады.
Құзіреттіліктерді жазған кезде етістіктің мына түрлерін пайдалану қажет: түсіну, ғылыми түсінігі болу, меңгеру, білу, қабілетіне ие болу, дайын болу, ескеру, негіздеу, жетілдіруге тырысу, көзқарасын білдіру және т.б. Сонымен қатар, мақсатқа қарай құзіреттіліктерді зат есімдер арқылы қысқаша сөйлемдер түрінде қабілеттілігі, дағдысы, білімі, дайындығы, түсінігі, ұстамдылығы және т.б. тұжырымдауға болады.
Бітірушінің құзыреттік үлгісінде кәсіби білім беру бағдарламасының ең маңызды құраушысы бітірушінің мамандық бойынша құзіреттіліктерді меңгеру деңгейін бағалау болып табылады.
Оқыту нәтижелерін, яғни құзіреттіліктерді меңгеру деңгейін нақты және шынайы бағалау үшін пән (модуль) оқу нәтижелері төмендегі қағидалар бойынша анықталуы тиіс:
- оқыту нәтижелерін анықтауды белсенді етістіктерден бастау қажет (түсіндіру, есептеу, салыстыру, жүйелеу, таңдау және т.б.);
- айқын емес терминдерді қолданбау (түсіну, білу және т.б.);
- 10-нан аспайтын оқу нәтижелерін беру;
- болашақ кәсіби қызметі үшін ең маңыздыларын ескеру;
- жұмыс берушілермен келісу;
- қолда бар қор мен оқыту мерзіміне қол жетімділікті ескеру;
- талапты бір мағынада түсінуге көз жеткізу;
- оқыту нәтижелерінің өлшенетініне көз жеткізу.
Оқыту нәтижелерін бақылау – қол жеткізген оқыту нәтижелері мен берілген оқыту нәтижелерін салыстыру үдерісі.
Оқыту нәтижелерін бағалау – кәсіби білім берудегі білім алушылар мен бітірушілердің жеке оқу жетістіктерін оқыту қызметінің тұтынушыларының талаптарына сәйкестігін анықтау.
Оқытудың кредиттік технологиясына сай осындай бағалауды төрт кезеңмен өткізуге болады:
- сабақтарда бағалау (ағымдық және аралық бақылау);
- жеке пәндік және инструменталды кәсіби құзіреттіліктерді қамтамасыз ететін пән бойынша емтихандар;
- белгілі бір нақты ғылыми мәселені (міндетті) шешудегі құзіреттіліктерді меңгеру деңгейін көрсететін қорытынды мемлекеттік аттестация (диплом жұмысын (жобаны) қорғау);
- кез келген кәсіби салада маманның құзіреттілігін бағалауға мүмкіндік беретін бітірушілерді Жұмыс берушілер ассоциациялары арқылы сертификаттау.
Емтихан бақылау түрі ретінде оқыту нәтижелерін дәл бағалауға ықпал етуі керек. Сондықтан бітірушінің құзіреттілік үлгісі шеңберіндегі пән бойынша емтихан сұрақтары төмендегі талаптарға сай болу керек:
- курстың мақсаты, міндеттері және тақырыптық мазмұнына сәйкестігі;
- ұсынылған құзіреттіліктерге сәйкестігі;
- оқыту нәтижелерін нақты, дәл бағалау мүмкіндігі.
Сурет 1. Бағалауды дамыту циклі (Эдихуб үлгісі)
Эдихуб үлгісіндегі бағалауды дамыту циклі жоспарлау, дамыту, қолдану кезеңдерінен тұрады.
- Жоспарлау. Бағалауды жоспарлау кезеңінде бағалау нәтижелерін кім және қалай қолданатындығын анықтау маңызды, бұл қолданылатын бағалау түрлерін қарастыруға мүмкіндік береді. Жоспарлауда оқу мақсаты айқындалады, дұрыс бағалау әдістері таңдалады. Сонымен бірге, бағаланатын топтың ауқымын ескеру маңызды. Мысалға,мұғалім онлайн бағалауды таңдады, бағаланатын оқушылар саны 2000, бұл жағдайда оларға онлайн бағалау түрін қолдану тиімді ме?
- Дамыту. Циклдің дамыту кезеңінде, пән бойынша бағалауды жүргізу үшін жаттығулар, тапсырмалар, сұрақтарды таңдау және дамыту іске асырылады. Бағалауға дейін бағалау үдерісін қаншалықты сапалы қамтамасыз ететіндігіне талдау жасалады. Осылайша, мұғалім пайдаланатын бағалау түрінің нақтылығына және сенімді екендігіне көз жеткізу керек.
- Қолдану. Бағалауды қолдану деңгейінде, мұғалім бағалауды қалай жүргізгеніне қорытынды жасайды. Бағалау үдерісіне баға береді. Таңдалған әдістер бағалау барысында тиімді болды ма? Бағалау үдерісі тиімді болмаған жағдайда,«қалай жетілдіруге болады?» немесе «басқаша қалай іске асыруға болады?» деген сұрақ-
тар аясында рефлексия жасайды.
Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының барлығы кәсіби білім берудің әр түрлі мамандықтары бойынша көп деңгейлік білім беру бағдарламаларын өңдеп, оны жүзеге асыруда. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында оқушыларды әлеуметтік қорғау мен түлектердің мобильділігін жоғарылату контекстінде республикамыздың білім беру жүйесіндегі стандарттау әдістері мен принциптерін сақтау қажет.
Қазіргі қоғамдық өзгерістердің қарқындылығы жаңа сипатқа ие болды, яғни бұл өзгерістер жаңа сипаттағы мамандарды қажет етеді. Ал бұл мәселені шешу – жоғарғы оқу орындарындағы оқытушыпрофессорлардың басты міндеті болып саналады. Қазіргі жағдайда қоғамның білім деңгейі мен интеллектуалдық әлеуеті ұлттық байлықты құрайтын маңызды сипатқа ие. Жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің білімділігі, кәсіби икемділігі, шығармашылыққа талпынысы, әр түрлі жағдайдағы проблеманы анықтау, оның жауапты шешімін табу және қолайсыз жағдайларда әрекет ете білуі еліміздің дамуына, қоғамымыздың тұрақтылығына және оның қауіпсіздігіне негіз бола алады.
Студент – өз болашағын жасаушы, күнделікті дәріс және практикалық сабақтарда алған білімдерін, іскерлік пен дағдысын, ерік-жігері мен шығармашылық белсенділігін іс-әрекеттің белгілі бір түрін меңгеруге жұмылдырып, өмір ағысына икемделе білген, болашағына сеніммен қарайтын жеке тұлға. Оның алдында тұрған басты мақсат – әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылу жөніндегі нақты қадамдарға өз үлесін қосу, қоғамымызда жаңадан қалыптасып келе жатқан жаңа сапалық қарым-қатынастарды бойына сіңіре отырып, нарықтық қатынастар жүйесіне бейімделу. Сонымен қатар өзінің бойындағы дарын мен қабілетті қазіргі заман талабына сай қалыптастыру, оны жан-жақты дамыту, оқу барысында алған білімін, кәсіби шеберлігі мен біліктілігін үздіксіз көтеріп отыруға дағдылану қажет. Егеменді елімізде қалыптасып келе жатқан нарықтық қатынастар жағдайында жемісті қызмет ету үшін, мінез-құлық мәдениеті мен адамгершілік қадір-қасиеттері бар, өмірге деген жеке дүниетанымдық көзқарасы бар, рухани дүниесі бай, жалпы білімі мен кәсіби біліктілігі жоғары, әрі жан-жақты жетілген, кәсіби жағынан білімдар және құзіретті мамандарды даярлау – жоғарғы оқу орындарының басты міндеттерінің бірі.
Жоғарыдағы міндетті шешу мақсатында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауында көрсеткен жаңа кезеңнің негізгі міндеттерін атап көрсеткен болатын: «Осы заманғы білім беру мен кәсіптік қайта даярлау, «парасатты экономиканың» негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы дамыту».
«Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез-келген азаматы әлемнің кезкелген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады. Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз. Бізге халықаралық стандарттар деңгейінде тіркеу мен аттестациялаудың пәрменді жүйесін жасау керек. Жоғары білім беру саласында дәл және инженерлік ғылымдарды басымдықпен дамыту – бұл дамуымыздың жаңа кезеңінің міндетті шарты. Біз жоғары технологияларды енгізу мен инновацияларды қолдауға бағытталған бірыңғай мемлекеттік стратегия жүргізетін боламыз. Әлемдік шаруашылық байланыстарына белсене кіріккен барлық осы заманғы бай қуатты мемлекеттер «парасатты экономикаға» сүйенген болатын. Ал ондай экономика жасақтау үшін, ең алдымен, өз қарауымыздағы адами капиталымызды дамытқан жөн».
Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңінде болып жатқан экономикалық, әлеуметтік, саяси және жаңа технологиялық өзгерістерге байланысты жас ұрпақты тәрбиелеуде білім мен тәрбие беру жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру мәселесі туындап отыр. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасында білім беруді 2005-2010 жылдарға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жалпы орта білім беруді 12 жылдық білім беру жүйесіне, ал жоғарғы оқу орындарына кредиттік оқыту жүйесіне көшу енгізілді. Бұл жүйелердің жүзеге асырылуын жоспарлауда білім беру жүйелерінде құзіреттілік тұрғыда білім беруді ұйымдастыру мәселесі қарастырылады және ол жаңаша көзқарас ретінде қарастырылуда.
Осыған байланысты жас ұрпаққа жоғары деңгейде сапалы білім беру, жаңа технологиялармен, инновациялармен таныстыру, сонымен бірге тәрбиенің озық өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстыру, ал солардың негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру, оның шығармашылық және рухани мүмкіндіктерін дамытуға барлық жағдайлар жасалуда. Себебі, егеменді еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы, экономикалық, әлеуметтік және саяси жағынан өркендеп өсуі жас ұрпақтың қолында, сонымен қатар олардың оқу орындарында алған білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты.
Нарықтық қатынастар жағдайында білім беру мен кәсіптік даярлау бағытындағы еліміздің жетекші жоғарғы оқу орындарының басты міндеті – әлемдік стандарттар деңгейінде білім беру, сонымен бірге түлектердің алған дипломдары барлық әлемге танылуы тиіс. Бұл міндеттерді шешу үшін болашақ мамандарды даярлауда қазіргі қоғам үрдісіне сай инновациялық технологияларды қолдана отырып, білім беру қажеттігі туындайды. Республикамызда бәсекеге қабілетті, өз ісін жетік меңгерген, сауатты, білімдар, шығармашылықпен жұмыс істей алатын, жанжақты дамыған құзіретті мамандарға сұраныстар көбеюде.
Осы тұрғыда «құзіретті маман» ұғымының мәнін ашып қарастырған жөн, ал бұл ұғымның мәнін ашу үшін «құзірет» (компетенция), «құзіреттілік» (компетентность) түсініктерін анықтау керек. Басқаша айтқанда, бәсекеге қабілетті және құзіретті мамандарды даярлауды жүзеге асырудағы басты мәселе – жаңа оқу жоспарлары мен бағдарламалары әлемдік жетік технологиямен қаруланған, жоғары дәрежелі деңгейдегі мамандар туралы сөз болып отыр.
Жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің құзіреттілігін әлемдік деңгейге сәйкес қалыптастыру күрделі мәселелердің бірі болып саналады. Бұл ұғым философияда, педагогикада, психологияда, әлеуметтануда, кәсіби білім беру теориясы мен әдістемесінде, еңбек психологиясында және т.б. гуманитарлық пәндерде әр қырынан қарастырылуда. Алайда, осы аталған ғылымдарда «құзіреттілік» ұғымының кешенді түрде зерттелуі оның маңызын, мәнін ашуға, мазмұны мен құрылымын, қалыптасуы мен дамуын, педагогикалық және психологиялық тұрғыдан тұтас сипатын ашуға мүмкіндіктер береді. Сонымен бірге, әр сала бойынша зерттелуіне байланысты оның нәтижелерін пайдалануға болады.
Б.Т. Кенжебеков әдебиеттерді теориялық тұрғыдан талдау барысында «құзіреттілік» ұғымының мәніне әр түрлі анықтама беріліп, әр қилы көрініс тапқандығын анықтады. Бірақ соған қарамастан, бұл терминнің антикалық заманда туғанын көруге болады. Мысалы, Платонның оқытудың жоғары деңгейін анықтауы, Аристотельдің жалпы кең білім беру мен кәсіп үйретуді байланыстыру негізінде жоғары білімнің реалистік принципін дамытуы, ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда зиялы кәсіби мектептерді жоғары оқу орындары етіп қайта құруы, қазіргі көп сатылы жоғары білім берудің қалыптасуы – осы аталған ғылыми ілгерілемелі өзгерістер жоғары оқу орындарының кәсіби құзіретті, бәсекеге қабілетті маман даярлау жолындағы ізденістердің дәлелі екендігін көрсетті.
Сонымен, қазіргі уақытта «құзірет», «құзіреттілік» қалай түсіндіріледі және оның сипаты қандай?
«Құзырет» түсінігін кейбіреулер адамның білуі тиіс немесе сол жұмыс бойынша практикалық тәжірибесі бар болатын белгілі бір білім, іскерлік пен білік жиынтығы десе; ал басқа ғалымдардың айтуынша, ол оқушының жеке және қоғам талаптарын қанағаттандыру мақсатындағы табысты іс-әрекетіне қажетті білім дайындығына әлеуметтік сұраныс.
Құзыреттілік – сәйкес құзыретке ие болуда және белгілі бір аумақта табысты әрекетке жету негізінде іс-әрекетті жүзеге асыру қабілетінде байқалатын, жеке тұлғаны сипаттайтын тұлғалық қасиеттер жиынтығы (басқаша айтқанда, тұлғаның өзара байланысқан қасиеттер жиынтығы). Құзыреттілік – кәсіби қызметі үшін, өзінің адамдық әлеуетін жүзеге асыратын адамның (немесе маманның) қабілеттерін сипаттайды.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ш.Т. Таубаеваның пайымдауынша, құзыреттілік – бұл:
- өзінің әлеуетін жүзеге асыру қабілеті мен оған талпынысы;
- табысты шығармашылық әрекет үшін өзінің білімін, іскерлігін, біліктілігі мен тәжірибесін іс жүзінде көрсете білу қабілеті;
- өз әрекетінің нәтижелеріне жеке жауапкершілікпен қарау және оның әлеуметтік мәнін түсіну, оны әр уақытта жетілдіру қажеттілігі.
Сонымен, жоғарыда аталғандарды қорыта келе «құзіреттілік» түсінігі әлеуметтенді мен оқыту үрдісі барысында қалыптасқан білім мен тәжірибеге негізделген, жалпы қабілеттер мен белгілі бір ісәрекетке деген дайындығында көрінетін, сонымен бірге қызметте өзіндік және табысты әрекет етуге бағдарланған жеке тұлғаның интегралдық қасиеті деп түсіндіріледі. Қазіргі көптеген әдебиеттерде, сөздіктерде құзіреттілік – дербес және жауаптылықпен әрекет етуге белгілі бір жұмысты орындауға қабілеттілік пен икемділікті игеруге жол ашатын психологиялық ахуал, психикалық сапалардың қосылымы ретінде белгіленуде. Құзіреттілікті адамның білімдарлығымен жапсарласты руға және адамның белгілі бір мәселені шешу қабілетімен де шатастыруға болмайды. Себебі, адам өз саласында кәсіпқой және білімдар болуы мүмкін, ал бірақ кәсіби мәселелердің бәрін шешуге құзіреті жетпейді. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі мемлекеттің, сонымен бірге білім беру мекемелерінің басты мәселелерінің бірі – Қазақстан халқының мүддесін өз мақсат-мүддесінен жоғары қоятын білімді, саналы, кәсіпқой мамандарды тәрбиелеу. Ал оның ішінде бәсекеге қабілетті, құзіретті болашақ мамандарды (студенттерді) даярлау – жоғарғы оқу орнындағы міндеттердің бірі. Осыған байланысты мемлекетімізде қоғамдық өміріміздің барлық салаларында кәсіби деңгейі жоғары болашақ мамандарды даярлау басты мақсат ретінде алынып отыр. Ал бұл бағыттағы мәселе білім беру саласына тікелей қатысты, себебі білім – жеке тұлғаның саяси-әлеуметтік көзқарасын дамытатын, дүниетанымдық аясын кеңейтетін маңызды фактордың бірі болып саналады. Сондықтан еліміздің жоғарғы оқу орындарына, оның материалдық-техникалық базасына жаңаша талаптар қойылып, студенттерге білім беруде және тәрбиелеуде ерекше мән беріп, құзіретті тұрғыда білім беруді жетілдіру қажет.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Назарбаев Н.Ә. Қазақстан – 2030: стратегиялық бағдарламасы. – Алматы: «Білім», 1998. – 96 б.
- Назарбаев Н.Ә. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан: Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы // Егемен Қазақстан. – 2007. – 1 наурыз.
- Назарбаев Н.Ә. Қазақстан халқының әлауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты: Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы // Егемен Қазақстан. – 2008. – 6 ақпан.
- Назарбаев Н.Ә. Дағдарыстан жаңару мен дамуға: Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы // Егемен Қазақстан. – 2009. – 6 наурыз.
- Дорофеев А. Профессиональная компетентность как показатель качества образования // Высшее образование в России. –2005. -№4. –С. 30-33.
- Кульневич В.С. Парадигмально-компетентностный подход к разработке содержания педагогической деятельности. – М., 2005. 98 с.
- Селевко Г. Компетентность и их классификация // Народное образование. – 2004. №4. – С. 138-141.
- Петровская Л.А. Компетентность в общении. – М., 1989. – 138 с.
- Исаева Т.Е. Классификация профессионально-личностных компетенций вузовского преподавателя// Педагогика. – 2006. №9. – С. 55.-61
- Хуторской А. Ключевые компетенции как компонент личностно-ориентированной парадигмы образования // Народное образование. 2003. № 2. – С. 40-47.
- Кузьмина Н.В. Профессионализм личности преподавателя и мастера производственного обучения. М., 1990 – 198 с.
- Маркова А.К. Психология труда учителя. – М., 1993. – 194 с.
- Шадриков В.Д. Новая модель специалиста: инновационная подготовка и компетентностный подход // Высшее образование сегодня. – 2004. №8. – С. 32-34.
- Менлибекова Г.Ж. Социальная компетентность: сущность, структура, содержание // Высшая школа Казахстана. – 2001. №4. – С. 153-159.
- Кенжебеков Б.Т. Сущность и структура профессиональной компетентности специалиста // Высшая школа Казахстана. – 2002. №2. – С. 81-84.
- Равен Дж. Компетентность в современном обществе. Выявление, развитие и реализация. – М., 2002. – 126 с.
- Ферхо С.И. Формирование профессиональной компетентности учителей по использованию электронных учебных изданий в процессе обучения: автореф. ... канд. пед.наук. – Караганда, 2005. – 26 с.
- www.kaznu.kz/ content/