Жергілікті деңгейдегі мемлекеттік басқару, оның өкілді және атқарушы органдарының құзыреттері, ұйымдастырылу тәртібі мен қызмет бағыттары, сондай-ақ қызметтерінің экономикалық және қаржылық негіздері Қазақстан Республикасы Конституциясы мен “Қазақстан Республикасы жергілікті мемлекеттік басқару туралы” заңның тиісті баптарында айқындалып, белгіленген. Сонымен, жергілікті мемлекетті басқару деп аумақтардың әлеуметтік экономикалық инфрақұрылымдарын жаңаша ұйымдастырып, қалыптастыруға және мемлекеттік саясат пен әкімшілік-аумақтық бөліністерді дамыту бағдарламаларында көзделген мүдделер мен міндет-мақсаттарды қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғылықты халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шараларды өздеріне белгіленген құзыреттері шегінде жүзеге асыруға атсалысатын тиісті мәслихаттар мен әкімдіктердің басқарушы атқарушы ықпал ету сипатындағы қызметтерін айтамыз.
Мәслихат – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың немесе ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тұрғылықты халқы сайлайтын, халықтың еркі мен тынысын білдіретін және олардың мүдделерін тиісті заңдар негізінде қамтамасыз ету үшін қажетті ісшаралар белгілейтін, сондай-ақ олардың тиісінше жүзеге асырылуын бақылайтын жергілікті өкілетті орган болып табылады [1]. Мәслихат құзыретіне:
- тиісті аумақты дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту, соның ішінде республикалық маңызы бар қаладағы (астанадағы) ауданды, кентті, ауылды (селоны), ауылдық (селолық) округті ұстауға арналған шығыстар сметасын бекіту;
- тиісті аумақтарда қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдалану жөніндегі бағдарламаларды және қоршаған ортаны қорғау, сауықтыру жөніндегі шығыстарды бекіту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарға сәйкес өзге де мәселелерді шешу;
- өздерінің қарауына жатқызылған әкімшілік-аумақтық құрылыс және жергілікті қауымдастық ұйымның шекараларын айқындау мәселелерін шешу;
- әкімнің ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының шешімімен тиісті әкімдіктің дербес құрамын келісу;
- атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау және тиісті органдарға мәслихат шешімдерін орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ ұйымдарды жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгізуге;
- Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыру;
- тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністі дамыту жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының, жергілікті бюджеттің атқарылуына бақылау жасау және т.б.
Әкімдіктер – облыстың, республикалық маңызы бар каланың әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті әкімшілік-аумақтық құрылыс ауқымында жергілікті мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы органды айтамыз.
Әкім Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті деңгейде мемлекетті басқару өкілеттілігі берілген, орталық атқарушы органдардың барлық аумақтық бөлімшелерінің үйлесімді қызмет істеуіне және сол аумақтарда тиісті мемлекеттік саясаттың жүргізілуін, сондай-ақ жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын өз уәкілеттілік берген мемлекеттік мекемеге басшылық ететін және аумақтың әлеуметтік-экономикалық тиісінше дамуын қамтамасыз етуге жауап беретін Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметтің өкілі болып табылады. Жергілікті атқарушы органның және қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекемеге әкімнің аппараты жауапты [2].
Атқарушы органдар өздеріне тән мына келесі белгілермен айрықшаланады: олар жоғары тұрған уәкілетті органдар арқылы құрылады және осы органдарға есеп беруге міндетті болады; оларға айтарлықтай дербестілік берілгенімен, жоғары тұрған атқарушы билік органдарының бақылауында болады; олардың тұрақты штаттары болады және атқарушы билік қызметін жүзеге асырады; олардың құрылымы мен қызмет бағыттары әкімшілік құқықтық нормалармен белгіленеді.
Атқарушы органдар қызметтері мыналар: болжауда, қолда бар ақпараттардың, оның ішінде ғылыми ақпараттардың негізінде қандай да болмасын оқиғалардың немесе процестердің дамуында болатын өзгерістерге көз жеткізу; жоспарлау-басқару қызметінің күткен нәтижелерін, міндеттері мен мақсаттарын, бағыттарын, нақты сандық және сапалық көрсеткішін анықтау; жүйеге сай басқарушы мен басқарылушыны ұйымдастыру т.б.
Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар өз қызметтерін жүзеге асыру мақсатында мүліктік және қаржы-бюджеттік құқықтармен қамтамасыз етіледі.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұндай құқықтардың ресурстық қамтамасыз етілуі жергілікті қаржылар болып табылады. Оған жергілікті бюджеттер мен территориялық қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қолданылатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылары кіреді. Жергілікті қаржылар халықты коммуналды-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдни қызмет көрсетумен байланысты кең ауқымды шаралардың қаржыландырылуын қамтамасыз етеді. Сонымен, жергілікті қаржылар – муниципалды құрылымдардың экономикалық және әлеуметтік дамуына жұмсалатын ақша құралдарының қорларын, ұлттық табысты бөлетін және қайта бөлетін экономикалық қарым-қатынастар жүйесі.
Жергілікті қаржылар арқылы мемлекет әлеуметтік саясатты белсенді жүргізеді. Жергілікті билік органдарын бюджет құралдарымен қамтамсыз ете отырып, білім беруді, денсаулық сақтауды, халыққа коммуналды қызмет көрсетуді, құрылыс пен жолдарды қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
Жергілікті қаржылар көмегі арқылы мемлекет территорияның экономикалық және әлеуметтік даму деңгейлерін теңдестіруді жүзеге асыруы мүмкін. Теңдестіруді жүзеге асыру үшін аймақтық бағдарламалар дайындалуы керек. Аймақтық бағдарламаларды жүзеге асыру құралдары әкімшілік-территориялық бірліктерге сәйкес бюджет табыстары мен салықтары көздерінен қалыптасады. Муниципалды бюджетке аймақтық салықтық есептеулер, сондай-ақ субвенциялар, яғни денсаулық сақтауды дамытуға, жол құрылысына, коммуналды объектілерге бюджеттен берілетін қаржылық ресурстар бөлінеді [3].
Жергілікті қаржыларды қолданудың басты бағыты әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды қаржылық қамтамасыз ету болып табылады. Жергілікті қаржыландыру көзі бюджеттік қаржы бөлу және шаруашылық жүргізуші субъектілер құралдары болып табылады.
Жергілікті қаржылардың негізгі құрамдас бөлігі жергілікті бюджеттер болып табылады. Жергілікті бюджеттер жүйесі мемлекеттік құрылымдық пен тиісті әкімшілік-аумақтық бөлімге негізделеді. Жергілікті бюджеттер республиканың бюджеттік жүйесінің екінші деңгейі және облыс, республика маңындағы қала, астана, аудан, облыс маңындағы қала бюджеттерін құрайды. Бұлардың барлығы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша биліктің жергілікті органдары өз функцияларын орындауды қаржылық қамтамасыз етуге арналған ақша қаражаттарының орталықтандырылған қоры болып табылады.
Жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарының құрылымы республикалық бюджеттік індей Бюджеттік кодекс ережелерімен анықталған, бірақ әлдебір ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктері әрбір мемлекеттік басқару деңгейі бойынша өздерінің өкілеттіктерін іске асыру мақсатта тұрақты кірістік қайнар көздерді бекіту мен билік құрылымдардың өкілеттіктерін шектеу және бюджетаралық қатынастарды жетілдіруге сәйкес бюджеттер деңгейлері арасында шығындарды бөлумен шарттасады. Шығындық өкілеттікті бөлудің жүйелігін қамтамасыз ету мақсатта басқару деңгейлері бойынша мемлекеттік органдардың белгілі функциялар орындау құзыреттері анықталып оларға шығындық өкілеттік бекітіледі.
Жергілікті қаржылардың бір бөлігі шаруашылық жүргізуші субъектілер құралдары болып табылады. Оларға келесілер кіреді:
біріншіден, муниципалды меншіктегі кәсіпорындардың қаржылық ресурстары.
Көбінесе бұл коммуналдық кәсіпорындар;
екіншіден, әлеуметтік-мәдени және тұрғын коммуналдық объектілерді қаржыландыруға жұмсалатын кәсіпорындардың, фирмалардың, ұйымдардың қаржылық ресурстары.
Шаруашылық жүргізуші субъектілер өз қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында үйлер, пәтерлер, мектепке дейінгі мекемелер, әдістемелік мекемелер, демалыс объектілерін салады және сатып алады. Көп жағдайда кәсіпорын қаржысы әлеуметтік дамуға бағытталған. Тұрғылықты жерлерді дамыту, қаржылық және ондағы өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды қамтамасыз етудің басты бөлігі өндірістік және шаруашылық ұйымдар қаражаттары болып табылады.
Әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымға арналған кәсіпорын қаржыларының қалыптасу көзі – оның пайдасы. Кәсіпорында қалатын пайдадан мақсатты қорлар қалыптасады. Осы қорлар есебінен кәсіпорындар ұйымның тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық қызметтердегі қажеттіліктерін қанағаттандыра алады [4].
Кәсіпорын пайдасының көп бөлігі ведомстволық бағынысты тұрғын – коммуналдық және мәдени-тұрмыстық объектілерді қамтамасыз етуге бағытталған. Ведомстволық бағынысты объектілерге келесілер жатады:
- тұрғын үй қоры;
- коммуналдық кәсіпорындар;
- мектепке дейінгі мекемелер;
- лагерьдер, демалыс үйлері, санаторийлер және т.б.
Жергілікті билік органдарының ресурстары халық қажеттіліктерін қанағаттандыруға жеткіліксіз болса, олар кәсіпорындардан көмек сұрайды. Кәсіпорындар жалпы қалалық шараларға материалдық, қаржылық, еңбек ресурстарын бөледі. Кей жағдайларда кәсіпорындар жол төсеу, аумақты көгалдандыру шығындарын өздеріне алады.осындай мәселелерді шешу үшін көп қалаларда кәсіпорындар директорлар кеңесі құрылады.
Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқарудың экономикалық негізін келесілер құрайды:
- муниципалды меншік;
- жергілікті қаржылар;
- мемлекеттік меншіктегі және жергілікті басқару органдарына пайдалануға берілген мүліктер.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың экономикалық негізі болып табылатын материалды қаржылық ресурстар шын мәнінде жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімділігін анықтайды.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың экономикалық негізі муниципалды меншікті, жергілікті бюджетті және муниципалды құрылым халқының қызығушылықтары негізінде басқа да жергілікті қаржыларды қалыптастыру және пайдаланумен байланысты қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар жиынтығымен сипатталады.
Экономикалық негіздер жергілікті өзін-өзі басқарудың шаруашылық жүргізу қабілетін қамтамасыз етеді, халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қызмет етеді және өмір сүру шарттарын қалыптастырады.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың экономикалық негіздерінің нығаюы мен дамуы жоғары дәрежеде жалпы Қазақстанның экономикалық жағдайына әсер етеді. Осыдын шығатын қорытынды мемлекеттік билік органдары жергілікті өзін-өзі басқарудың экономикалық негіздерін дамытуға септігін тигізеді. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес билік органдары келесілерді қамтамасыз етеді:
- объектілерді мемлекеттік меншіктен муниципалды меншікке беру тәртібін заң жүзінде реттеу;
- жеке мемлекеттік құзыреттіктерді жүзеге асыруға қажетті материалдық ресурстармен қамтамасыз ету;
- мақсатты аймақтық бағдарламалар арқылы міндеттерді шешуге қатысу;
- қабылданған мемлекеттік шешімдерді жүзеге асыру барысында туындаған жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қосымша шығындарын жабу;
- мемлекеттік минималды әлеуметтік стандарттарды дайындау.
Муниципалды меншік. Муниципалды меншіктің қалыптасу процесі 13 қаңтар 1992 жылы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заңының қабылдануымен басталды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексіне сәйкес муниципалды құрылым меншігіндегі мүлік екіге бөлінеді. Бір бөлігі шаруашылық жүргізу және оперативті басқару құқығы негізінде муниципалды кәсіпорындар мен ұйымдарға беріледі. Екінші бөлігі, яғни жергілікті бюджет құралдары мен басқа да муниципалды мүлік Азаматтық кодексіне сәйкес муниципалды құрылымның қазынасын құрайды.
Муниципалды меншік құрамына кіруі тиіс:
- жергілікті бюджет, бюджеттен тыс қорлардың құралдары;
- жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүлкі;
- муниципалды меншікке кіретін жерлер мен басқа да табиғи ресурстар;
- муниципалды кәсіпорындар мен ұйымдар;
- муниципалды банктер мен басқа да қаржы-несиелік ұйымдар;
- муниципалды тұрғын үй қоры мен тұрғын үйге жатпайтын ғимараттар;
- муниципалды білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт мекемелері, сондай-ақ басқа да жылжитын және жылжымайтын мүлік.
Муниципалды меншік субъектісі территориялық басқару органдары болып табылады.
Муниципалды меншік есебі муниципалды меншікке иелік ету, оны пайдалану тәртібі туралы ережеге сәйкес жүргізіледі. Бұл ереже Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Азаматтық кодексіне сәйкес жасалған. Меншік есебін мүлікті басқару комитеті муниципалды меншік объектілері реестрін енгізу арқылы жүргізеді [5].
Қаланың муниципалды меншік объектілер реестріне кіреді:
- унитарлы муниципалдық кәсіпорындар;
- муниципалды мекемелер;
- қалалық бюджет, бюджеттен тыс қорлар құралдары есебінен құралған және сатып алынған немесе заңдық тәртіппен муниципалды меншікке берілген муниципалды тұрғын үй мен тұрғын үйге жатпайтын ғимараттар, құрылыстар;
- акционерлік қоғамның жарғылық капиталындағы акциялар пакеті;
- өзіндік бюджеті бар қалалық өзінөзі басқару органдарының құрылымдық бөлімшелерінің мүлкі.
Муниципалды құрылымның жергілікті өзін-өзі басқару органдары муниципалды меншікті басқарады. Олар муниципалды меншікті жеке және заңды тұлғаларға уақытша немесе тұрақты пайдалануға беруге, жалға беруге мүліктік келісімдер жасуға, жекешелендірілген және пайдалануға берілген объектілерді пайдалану шарттарын келісім-шарттарда анықтауға құқылы.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 87 бабына сәйкес муниципалды меншік мемлекетпен танылады және қорғалады.
Муниципалды меншіктегі жылжымайтын мүлік объектілері сату-сатып алу, айырбастау, сыйға, жалға бару процесстеріне қатысады, тұрғын үй объектілері уақытша пайдалануға, белгілі бір мерзімге тегін пайдалануға беріледі.
Муниципалды меншіктегі объектілері сату-сатып алу мүлікті басқару комитетіне жазбаша өтініш беретін жеке және заңды тұлғаларға мен жүзеге асырылады.
Комитет өтінішті тіркегеннен кейін территориалды әкімшіліктің және басқа ұйымдардың баланс ұстаушыларымен жылжымайтын мүлік объектісінің келісілген сатылымын жүргізеді.
Муниципалды меншікке объектілерді сатып алу бөлімшелердің, комитеттердің, басқармалардың, департаменттің ұсыныстары, сондай-ақ әкімшіліктің тұрақты комиссиясының шешімі негізінде жүзеге асырылады.
Объектілерді сату және сатып алу бағасы лицензиясы бар нарық шылармен анықталған нарықтық бағамен жүзеге асырылады. Жылжымайтын мүлік объектілерін сату-сатып алу келісім-шартын мүлікті басқару комитеті жазбаша нұсқада қатысушы жақтардың қолы қойылған құжат негізінде бекітеді.
Айырбас. Ғимараттар, құрылыстар, тұрғын үй мен тұрғын емес ғимараттар және басқа жылжымайтын мүлік кез келген басқа меншікке басқа мүлікке айырбастау арқылы берілуі мүмкін. Айырбас келісімшартына Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 152-бабы сату-сатып алу ережесі қолданылады. Айырбас келісімшартын мүлікті басқару комитеті жазба нұсқада бекітеді және міндетті түрде тіркеуге жатқызылады.
Сыйға беру. Сыйға беру келісімшартына сәйкес ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй мен тұрғын емес ғимараттарды және басқа жылжитын және жылжымайтын мүлікті сыйға беруші жақ екінші жақтың муниципалды меншігіне тегін береді немесе беруі тиіс.
Сыйға беруші мүлікті басқару комитеті болып табылады. Меншікті сыйға тарту туралы шешімді сыйға беру келісімшартына сәйкес қала әкімі қабылдайды. Сыйға беру келісім-шарты мүлікті басқару комитетінде міндетті түрде тіркеуден өтуі тиіс.
Барлық жағдайда: сатып алу, айырбастау, сыйға беру кезінде келісім-шарттар бойынша жылжымайтын мүлік объектілеріне иелік ету құқын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
Жалға беру. Мүлікті жалға беруші мүлікті басқару комитеті болып табылады. Жалға беруші ретінде Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары, шет мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары, бірлескен кәсіпорындар бола алады [6].
Жалға жер телімдері, ғимараттар, құрылыстар тұрғын үй және тұрғын емес ғимараттар, құрал-жабдықтар, көлік құралдары берілуі мүмкін.
Мүлікті жалға алғысы келетін жеке және заңды тұлғалар мүлікті басқару комитетіне жалға алғысы келетін объектісі көрсетілген жазбаша өтініш береді. Мүлікті басқару комитетіне бірнеше өтініштер түскен жағдайда жал құқығына сауда жүргізіледі.
Жалға беру келісім-шартында уақыт мерзімдері көрсетіледі, мүлікті жалға беру акт негізінде жүргізіледі. Жал төлемі ақшалай формада бекітіледі және жергілікті бюджет қаражаты болып табылады.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Қазақстан Республикасының «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңы 23 қаңтар, 2001 жыл.
- Мамыров Н.К., Саханова А.Н., Ахметова Ш.С., Брузати Л. Государство и бизнес. Отношения между правительством и бизнесом. Книга 2: Учебник. – Алматы: Экономика, 2002. – 496 с.
- Танкиева А. Жергілікті басқаруда экономикалық механизмдерді қолдану жолдары // Қаржы-қаражат. 2004, №3. 65 б.
- ҚР Конституциясы. Алматы, 2004.
- «Қазақстан аймақтарының дамуындағы негізгі үрдістер» Қоғам және Дәуір №4 2004
- Курманбаева С.К. Муниципальный менеджмент, 2000.