Болашақта өркениетті дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның дамыған бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында терезесін тең ететін – білім. Сондықтан қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әр түрлі технологиясы зерттеліп, жаңашыл педагогиканың іс-тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде. Жаңа технологияны меңгеруде мұғалімнің жан-жақтылығы, білімі қажет.
Білім болашақ бағдары, кез-келген маман даярлайтын оқу орынның басты міндеттерінің бірі жеке тұлғаның кұзіреттілігін дамыту. Құзіретоқушының жеке және қоғам талаптарын қанағаттаңдыру мақсатыңдағы табысты іс-әрекетіне қажетті білім дайыңдығына әлеуметтік тапсырыс. Құзыреттілік оқушының әрекет тәсілдерін жан-жақты игеруінен көрінетін білім нәтижесі. Оқушылардың түпкілікті кұзіреттіліктері білім берудің жаңа нәтижелер. Құзіреттілікті оқушының пән бойынша игерген білім, білігінің жинағы деп қабылдауға келмейді. Ол оқу нәтижесінде өзгермелі жағдайда меңгерген білім, білік, дағдыны тәжірибеде қолдана алу қабілеті болып табылатын жаңа сапа.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев Білім және Ғылым қызметкерлерінің III съезінде: «Мұғалімнің жаңа ұрпағы білім деңгейі жөнінен әлдеқайда жоғары болуы керек. Ол үшін жаңа формацияның педагогы қажет» деген.
Мектеп өміріне еніп отырған педагогикалық технологияның ерекшелігі өсіп келе жатқан жеке тұлғаны жан-жақты дамыту.
Педагогикалық технологияларға алғаш анықтама берген ғалымдардың біріорыс ғалымы В.П. Беспалько. Оның жеке аспектілері мен түрлері В.М. Монахов, М.В. Кларин, П.И. Третьяков, И.С. Сенновский, Г.А. Монахова, М.А. Чошанов, т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған. В.П. Беспалько «Педагогикалық технологияны практикада іске асатын нақты педагогикалық жүйе, жоба» деп көрсеткен. Ол педагогикалық жүйе тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін арнайы ұйымдастырылған, мақсатты, бір-бірімен өзара байланыстағы әдіс-тәсілдер деп қарастырады.
Сурет 1. Қазіргі мұғалімнің міндеті
Б.Т. Лихачев «Педагогикалық технологияны оқу үрдісіне белгілі бір мақсат көздей отырып, әсер ететін педагогикалық нәтижеге жетелейтін бірліктердің жүйесі ретінде көрсетеді, оның үнемі өзгеріп отыратындығын айтады».
М.В. Кларин «Педагогикалық технология бұл педагогикалық мақсатқа қол жеткізу жолындағы қолданылатын барлық қисынды ілім амалдары мен әдіснамалы құралдардың жүйелі жиынтығы және жұмыс істеу реті» деген анықтама ұсынды.
Сурет 2. Педагогикалық технологиялардың түрлері
М.А. Чошановтың анықтамасы бойынша «Оқытудың технологиялары – дидактикалық жүйенің процессуалдық құрамдас бөлігі». Ал В.М. Монахов «Педагогикалық технологиялар – оқыту үрдісін жобалау, ұйымдастыру және өткізудің ойластырылған моделі» деп көрсеткен.
Педагогикалық технологияны қолдану негізінде келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына жағдай жасалады.
Ынтымақтастық технологиясы. Талап ету педагогикасынан қарым-қатынас педагогикасына көшу. Бұл балаға ізгілік тұрғысынан қарау, оқыту мен тәрбиенің ажырамас бірлігі:
- мұғалім оқушы, оқушы мұғалім, оқушы оқушы, оқушы да субъект, мұғалім де субъект;
- оқушының жеке басына ізгілік қарым-қатынас;
- оқушы мен мұғалім арасындағы өзара түсінушілік, ынтымақтастық қарымқатынас.
Білім беруді ізгілендіру технологиясы (Ш.А. Амонашвили). Оқушыны азамат етіп тәрбиелеу, олардың танымдық күшін қалыптастыру және дамыту, баланың жаны мен жүрегіне жылылық ұялату.
Проблемалық (мәселелік) оқыту технологиясы. Оқушыны өз бетімен ізденуге үйрету, олардың танымдық және шығармашылық икемділіктерін дамыту. Атап айтқанда:
- оқушының белсенділігін арттыру;
- оқу материалында баланы қызықтыратындай мәселе туғызу;
- оқушы материалы сезім мүшелері арқылы ғана қабылдап қоймайды, білімге деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында меңгереді;
- оқытудың бала өмірімен, еңбегімен байланыстылығы.
Тірек белгілері (сызбасы, сигналы) арқылы оқыту технологиясы (Шаталов В.Ф.) мынаны көздейді:
- білім, білік, дағдыны қалыптастыру;
- барлық баланы оқыту (жеке әлеуметтік өміріне қарамастан);
- оқытуды жеделдету (орта мектепті 9 жылда аяқтау).
Үнемі қайталау, міндетті кезеңдік бақылау, жоғары деңгейдегі қиыншылық, блокпен оқыту, тірек қолдану; жеке бағдарлы қарым-қатынас, ықпал;ізгілік, еркімен оқыту; әр оқушының жобасының жариялылығы, түзетуге, өсіруге, табысқа жетуге жағдай жасау; оқыту мен тәрбиенің бірлігі.
Түсіндіре оза оқыту технологиясы (С.Н. Лысенкова). Барлық баланы табысты оқыту. Оқу материалының бірізділігі, жүйелілігі; саралау, әр оқушыға берілетін тапсырманың қолайлылығы; бағдарламаның, кейбір тақырыптардың қиыншылығын жеңу, қиын тақырыптарды біртіндеп оңайлату әдісін қолдану. Сабақты пысықтауға әуелі озаттар, сосын орташалар, ең соңында нашар оқушылар қатыстырылады; біртебірте толық дербестікке жету; сыныпта қалыпты жағдай қалыптастыру, түсіністік, өзара көмек, ынтымақтастық қарым-қатынас; оқушының қателігін ескерту, бірақ жазғырмау; үй тапсырмасы тек әр оқушының мүмкіндігіне қарай беріледі; білім, білік дағдыны дамыта меңгерту, түсіндіруді қабылдау.
Міндетті нәтижелерге негізделген деңгейлік саралап оқыту технологиясы. Білім, білік, дағды меңгерту, мемлекеттік стандарт көлемінде білім беру. Әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне орай оқыту, оқытуды оқушылардың әртүрлі топтарының ерекшелігіне сәйкес бейімдеу, ыңғайлау. Білімнің базалық деңгейінің барлық оқушылар үшін міндеттілігі, оқушыларға берілген тапсырманың саралануы, тапсырма оқушының күші жететіндей және қолайлы болуы шарт.
Бағдарламалап оқыту технологиясы (Б. Скинер, Н. Краудер, В.П. Беспалько). Ғылыми негізде түзілген бағдарлама негізінде оқытудың тиімділігін арттыру, баланы жеке қасиеттерін ескере отырып оқыту. Оқыту құралдарының көмегімен бағдармалаған оқу материалдарын кадр, файл сияқты оқыту бөлігі арқылы логикалық бірізділікпен беріледі.
Оқытудың ақпараттық технологиясы. Ақпаратпен жұмыс істей білуді қалыптастыру және қатынас қабілетін дамыту, жеке басты «ақпараттық қоғамға» даярлау. Мұнда оқыту оқушының тікелей компьютермен қатынасы арқылы орындалады. Яғни, баланың жеке қасиеттеріне қарай компьютерге бейімдеу. Информатика мен есептеу техникасының негізгі ұғымдарын білу.
Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғысынан ойлау технологиясы (Л. Джинна Стил, С. Куртик Мредит, Чарльз Тэмпл). Аталмыш бағдарламаның ішкі құрылымында ерекшелік бар. Бұл құрылым 3 деңгейден тұратын оқыту мен үйретудің моделі. Білімнің болашақта пайдаға асуы, қажетке жарауын қалыптастырады. Көп ақпаратты талдай, жинақтай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді. Сыни тұрғысынан ойлау бағдарламасы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен түзіледі. Бұл сабақтағы аса қажетті мәнді, маңызды, әрекет болып табылады. Осы сабақ кезінде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда, қалай қолдану керектігін ой елегінен өткізеді. Белсенді түрде өз білім үйрену жолына қайта қарап, өзгерістер енгізіледі.
Өздігінен даму технологиясы (М. Монтессори). Баланы жан-жақты дамыту, дербестікке тәрбиелеу, бала санасында нәрселер әлемі мен ойлау әрекетінің бірігуі. Оқыту баланың дамуына сәйкес табиғи (жасанды емес) болуы керек, сонда бала өзін-өзі дамытады. Монтессори педагогикасының ұраны баланың мұғалімге: «мынаны менің өзімнің жасауыма көмектесіп жібер» деуіне жету. Баланың туғанынан азамат болғанға дейінгі барлық өмірі оның еркіндігі мен дербестігінің дамуы болып табылады. Онда оқытудың бірыңғай бағдарламасы болмайды, әркім табиғат берген даму жолымен жүреді. Мектепте сабақ болмайды, әр күн жалпы жиыннан басталады. Жиыннан кейін әркім өз еркімен қалаған жұмысымен айналысады. Баға болмайды, бірақ әр бала өз еңбегіне орай үлкендердің не басқа бала тарапынан бағаланады. Ең бастысы оқушы өзін-өзі бағалайды.
Дамыта оқыту технологиясы (Л.С. Выготский, Л.В. Занков, Д.Б. Эльконин, В.В. Дывыдов). Баланы оқыта отырып, жалпы дамыту. Яғни, бала бойында еркіндік, мақсаткерлік, ар-намыс, мақтаныш сезім дербестік, адамгершілік, еңбексүйгіштік, белсенділік, т.б. қасиеттер дамыту. Осының нәтижесінде әр оқушы өзін-өзі ертуші субъект дәрежесіне көтерілуі көзделеді. Оқыту дамудың алдында жүруі керек, дидактикалық құралдардың дамуға әсері зор. Дамудың тиімділігі үшін: кешенді даму жүйесі негізінде мақсатты даму, мазмұнның жүйелілігі мен тұтастығы, теориялық білімнің жетекші рөлі, жоғары қиындық деңгейінде оқыту, материалды меңгеруде жедел ілгерілеу, оқу үрдісін баланың сезінуі, оқыту үрдісінің әртүрлілігі, жекелеп оқыту, барлық баланың дамуы жолындағы жұмыстар болуы керек.
Модульдік оқыту технологиясы (В.М. Монахов). Оқытудың тұтас технологиясын жобалау, алға қойған мақсатқа жетуді көздейтін педагогикалық үрдіс түзу, мұғалімге нәтижені талдап, түсіндіріп бере алатындай жүйені таңдау және құру. Оқушылармен жүргізілетін қиындықтың алдын алу және түзету жұмысының жүйесін жасау. Жалпы педагогикалық біліктіліктің технологиялық сенімді даму динамикасын жасау. Жобаланған технологияны іске асыратын жаңа тәсіл қалыптастыру. Бұл мұғалімнің бүкіл оқу жылында пайдаланылатын әдістерді жоспарлауына көмектеседі. Технология жобасындағы негізгі объект оқу тақырыптары, дидактикалық модуль.
Ойын арқылы оқыту технологиясы. Дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық, әлеуметтенді мақсатқа жету. Ойындық ісәрекеттің психологиялық механизмі жеке бастық өзіндік талап-талғамдарына сүйенеді. Баланың бойындағы білімділік, танымдық, шығармашылық қасиеттерін аша түсуді көздейді. Сабақта пайдаланылатын негізгі әдістері болып оқушының көңіл-күйіне, ынтасына, қабілетіне қарай топпен, жеке оқушымен жұмыс істеу, ойын элементтерін жиі пайдалану балып табылады.
Ойынның оқыту үрдісіндегі ерекше рөлі ерте кезден белгілі. Ұлы педагогтар мен ғалымдар баланы тәрбиелеудегі ойын рөлін жоғары бағалаған және өз жұмыстарында тиімді пайдалана білген. Педагог В.А. Сухомлинский ойынға мынадай анықтама берген: «Ойын бұл баланың рухани әлемінің, айналасындағы өмірі жайлы түсінігінің үлкен жарық терезесі. Ойын бұл қызығушылық пен білуге деген құмарлықты жандыратын ұшқын». Ойын кезінде барлық оқушы бірдей, өйткені, барлығы да не істесем, қалай айтсам жеңемін, қалай нәтижеге жетемін деген мақсатта болады. Тақырыпты білмей отырған оқушының ойын кезінде қорқынышы, ұялшақтығы жойылып, басқа балалармен бірге бір деңгейде жұмыс істей алады. Тілдік материал тез жатталады, ол оқушының басқаларымен бірге сабаққа қатысқанына көңілі толып отырады. Сонымен, ойын келесі міндеттерді шешуге мүмкіндік тудырады:
- оқушыларды психологиялық жағынан дайындауды;
- тілдік материалды бірнеше рет қайталауға;
- оқушылардың белсенділігін арттыруға;
- оқушылардың бір-бірімен қарымқатынасын, ұйымшылдығын дамытуға;
- тез және дұрыс жауап беруге;
- сабақты қызықты өткізуге;
- оқушылардың іскерліктері мен дағдыларын жетілдіріп, олардың өзіне деген сенімін қалыптастырады.
Сонымен оқу-тәрбие үрдісін технология – оқушының саналық қабілеттерін, шығармашылық әлеуеттерін дамытуға, негізгі мығым білімді меңгеруге әсерін тигізеді. Оқу әрекетінде білім технологияларын қолдану педагогтар мен оқушының өнімді теориялық ойлау қабілеттерін қалыптастырып қана қоймай, тәрбие қызметін жүзеге асыруды көздейді.
Педагогикалық технологияларда ақпараттық кұзіреттілікті дамытудың басты мақсаты оқушыларды ақпаратты беру, түрлендіру және оны қолдану білімдерімен қаруландыру, олардың компьютерлік технологияны өз қызметтеріне еркін, тиімді пайдалана алу қабілеттерін қалыптастыру.
Кәсіптік білім беруде оқушылардың құзіреттілігін педагогикалық технологиялар арқылы дамыту атты мақаламды қорытындылай келе төмендегідей ұсыныстарға тоқталамын:
- кәсіптік білім беретін оқу орындарын қазіргі заманға сай жаңа ақпараттық құрал жабдықтармен жабдықтау, интерактивті тақталар мен мультимедиялық кабинеттермен және арнаулы пәндер бойынша электрондық оқулықтармен қамтамасыз ету;
- кәсіптік білім саласында оқытудың жаңа ойын және ақпараттық технологияларын пайдалану бойынша білім жетілдіру курстарын жиі ұйымдастыру.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы
- «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Н.Ә. Назарбаевтың // Қазақстан халқына. Жолдауы, 2007
- Өстеміров К. Қазіргі педагогикалық технологиялар мен оқыту құралдары: оқу құралы. Алматы: ЖШС «Казпрофтех», 2007.
- Керімбаева Р.Қ. Ойын түрлері және оның ерекшелігі. // Бастауыш мектеп №3, 2008
- Омарбекова Т. Жаңа педагогикалық технологияның ерекшелігі мен тиімділігі. Бастауыш мектеп №8-9, 2007
- Абдуллаева Б., Ахметова С. Жаңа педагогикалық технологияларды оқу үрдісінде енгізудің алғы шарттары. // Ұлағат №4. 2007.
- Қалкенова А. Оқытудағы ойынның рөлі // Қазақстан мектебі №3, 2007
- Байхонова С.З. Оқу-тәрбие үрдісін технологияландыру – білім сапасын арттыру шарттарының бірі // ШҚО педагогика жаршысы №1. 2008.
- Кемешев Д., Байымбетова Қ. Педагогикалық жаңа технологиялар – мектепте. Қазақстан мектебі, №6. 2006.