Білім беру ісіндегі реформаның түпкі мақсаты, бағыты мен сипаты Қазақстан Республикасының тәуелсіз егемендігін нығайтып, алдыңғы қатарлы дамыған 50 мемлекеттің қатарында болуына, ұлттық білім беру ісінің әлемдік білім жүйесіне кірігуіне тығыз байланысты болуы тиіс. Республикамызда қолға алынған білім беру жүйесін реформалау ісі осы аталған мақсатқа қол жеткізуге бағытталған бірқатар кешенді өзгерістерді теория мен практикаға тиімді енгізуді көздейді.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері қатарында білім беру жүйесін дамытудың басымдығы, әрбір адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімділігі, жеке адамның білімдарлығын ынталандыру және дарындылығын дамыту көрсетіледі. Ал бұл принциптердің іс жүзіне асуы білім беру мазмұнын жаңартумен тығыз байланысты. Білім беру мазмұнын жаңартуда білім беру жүйесінің барлық деңгейлерін қамту керек. Мамандарды кәсіби даярлау жүйесі де бұл үдерістен тыс қала алмайды. Себебі, ертеңгі жас ұрпақтың білімділігі мен әлеуметтенуі болашақ кәсіби мамандардың білім сапаларының тереңдігімен, беріктігімен және жан-жақтылығымен өлшенері сөзсіз. Сондықтан қазіргі жоғары оқу орындарында көптеген өзгерістер мен жаңартулар енгізілуде. Сол өзгерістер мен жаңартулардың барлығы өз бетінше білім алуға қабілетті, өзін-өзін дамытып, өзін-өзі тәрбиелеуді мақсат ететін, оқыту үдерісінде алған білімдерін кез-келген жағдаятта, практикада ұтымды қолдана алатын жеке тұлға дайындауды жүзеге асыруы тиіс. Яғни, білім берудегі жаңа парадигма іскерлік сипатта байқалып, өз бетінше үздіксіз білім алуға ұмтылуды қалыптастыруға және шығармашылық қабілетті дамытуға бағытталған.
Болондық декларацияның негізгі қағидалары:
- Айрықша екі сатылы жоғары білім;
- Сәйкес білім сапасы;
- Білім беру үрдісінің жүктемесін жоспарлауда және білім беру нәтижелерін бағалауда еуропалық жүйені қолдану;
- Сәйкес диплом тіркемесі;
- Оқытушылар мен студенттердің мобилдіктері.
Осы қағидаларды жүзеге асыруға байланысты жоғары оқу орындары жаңа оқыту жүйесіне көшті. Білім беру сапасы – білім берудің қазіргі күннің талаптары мен құндылықтарына, сонымен қатар оның болашағы туралы ұғымына сәйкестілігін көрсететін қасиеттер мен сипаттар жүйесі. Қазіргі таңда әр адамның алдында көптеген ұсыныстардың ішінен өзінің жан-дүниесіне жақын, болашаққа нық сеніммен қарауға көмектесетін білімді еркін таңдау мүмкіндігі туындап тұр. Ал қоғам адамдарға ең жақсы білім алу көздерін ұсынуы тиіс болғандықтан, осы мәселені шешу міндеті қазіргі күні әр түрлі аспектілерден зерттеліп, тұжырымдамалар мен жаңа идеялар, әр түрлі жаңа педагогикалық технологиялар, тіптен категориялар да пайда болуда. Өзгеріс пен жаңа бастау қай салада болмасын жаңа ұғымдардың пайда болуына жол ашады. Білім беру саласында «құзыр»,
«құзырлылық», «құзыреттілік» сияқты жаңа ұғымдардың қолданыла бастағанына көп болған жоқ. Дегенмен осы аталған ұғымдар
педагогика ғылымындағы тума, яғни негізгі категориялар қатарынан орын алары сөзсіз. Аталған ұғымдарды анықтау үшін, көптеген ғылыми-әдістемелік, мерзімді ақпарат көздеріне шолу жасалынды. Осыған дейін де бұл ұғымдардың мән-мағынасын ашуға тырысып, әр түрлі анықтамалар мен көзқарастар талқыланған болатын.
«Құзіреттілік» ұғымы педагогика саласында соңғы жылдары тұлғаның субьектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым. Құзырлық – білім беру үрдісінде немесе жинақталған практикалық тәжірибе нәтижесінде қалыптасқан белгілі бір өмірлік жағдаяттарда және кәсіби іс-әрекет пен белгілі бір өмірлік жағдаяттардағы тиімді мінез-құлықтың мүмкіндіктер кешені. Құзырлықтың тікелей аудармасы белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар, білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді түрде үкім шығара алады дегенді білдіреді.
Құзырлылықтың нәтижесі-жүйесі келесі категориялармен сипатталады:
- қабілеттіліктер;
- дайындықтар;
- даралық қасиеттер;
- білімдердің үйлесімі.
Білім беру сапасын басқару – білім берудің сапасына мүмкіндік пен қажеттіні қамтамасыз ету үшін барлық параметрлері мен сипаттарына мақсатты түрде бағытталған әсер ету. Қазіргі мектептерде білім беруді құзыреттілік тұрғыдан басқару өз күшіне еніп келеді. Ол қоғамның білімі бар адамдарды ғана емес, сол білімдерін қолдана алатын адамдарға деген саналы қажеттілігінің айқын көрінісі десек те болады. Құзыреттілік дегеніміз адамның нақты бір жағдаятта тиімді іс-әрекет ету үшін өзінің білімі мен іскерлігін саналы түрде жүзеге асыру қабілеті немесе мүмкіндігі. Яғни, құзыреттілік – бұл дәстүрлі білім, іскерлік пен дағдылардың оқушылардың даралық ерекшеліктерімен, олардың өзіндік санасымен, танымдық іс-әрекет кезіндегі рефлексиясымен қайнасып, бітісуі. Олай болса, қажетті құзырлылықты меңгеру құзыреттілік болып табылады, яғни, олармен өнімді әрекет ету үшін қандай да бір пәндердің және үдерістердің белгілі бір шеңберіне қатысты тұлғаның өзарабайланысты қа-
сиеттерінің (білім, іскерлік, дағды, қарымқатынас) жиынтығы. Осы мәселе төңірегінде зерттеулер жүргізіп, өздерінің көзқарастары мен ой-пікірлерін білдіріп жүргендердің ішінде А.Н. Дахин, А.В. Хуторской сияқты ғалымдар да дәл осылай тұжырымдар жасаған.
Білім беру үрдісін құзыреттілік тұрғыдан басқарудың ертеңгі күні оң нәтижелі болатынына ешкім күмән келтірмейді. Десек те оны практикаға ендіру білім беру жүйесінің барлық дерлік элементтерін – мемлекеттік стандарт пен білім мазмұнынан бастап, жетістік деңгейін бағалау мен түлектерге қойылатын талаптарға дейін – қайта құруды, қалыптасқан жүйені өзгертуді талап етеді.
Кей кезде осы біздің беріп отырған біліміміз де жеткілікті емес пе деген ойлар туындайды. Әрине білім беру жүйесі дұрыс құрылмаған деп мүлде де айта алмаймыз. Бірақ қазіргі кездегі басқа салалардың қарқынды дамуы білім беру жүйесін жетілдіру, оны басқаруға жаңаша тұрғыдан қарау қажеттігін тудырады.
Құзыреттілік тұрғыдан қараудағы басты айырмашылық – білім алушы өзінің мүмкіндіктері мен «қолынан келмейтінді» рефлексивті бағалауды көздейтіндігінде, оның өзінің құзыреттілігі мен құзыретті емес шектеулерін түсінуі. Құзыреттілік тұрғыдан білім беруді басқарудың нәтижесінде білім алушының даралық позициясы мен оның өз іс-әрекет пәніне деген қарым-қатынасы құрылады. Мұндай тұрғыдан қараудың негізгі идеясы мынада: білім берудің басты нәтижесі – бұл жекелеген білім, іскерлік пен дағдылар емес, ол адамның әртүрлі әлеуметтік-маңызды жағдаяттарда тиімді және өнімді әрекетке қабілеті мен дайындығы. Осыған байланысты білім беруді құзыреттілік тұрғыдан басқару арқылы білім алушының тек білімін ғана
«өсіріп» қоймай, оған іс-әрекеттің жанжақты тәжірибесін меңгерту басты көзделетін мақсат.
Жалпы білім беруге білімдік, мәдениеттік, құзыреттілік тұрғыдан қарау мәселелерін көптеген ғалымдар салыстырып, айырмашылықтарын ашып, ерекшеліктерін айқындап көрсеткен болатын. Соның ішінде құзыреттілік пен мәдениеттік – бір бірін өзара толтырып тұрады деген пікірлерге
қосылуға болады. Себебі, мәдениеттік – әлеуметтік тәжірибе арқылы қарастырылатын мәдениетке тарту болса, құзыреттілік – айтылып кеткендей – ол да адамзаттың тәжірибесінен алынатын іс-әрекеттің жеке тәжірибесін игеру. Екеуінің де мазмұнын эмоционалды-құндылық қарым-қатынас құрайтындықтан, олардың қалыптасу нәтижесін шынайы тексеру мүмкін емес. Дегенмен де білім беруге құзыреттілік тұрғыдан қарау оны тексерудің басқа да әдіс-тәсілдері бар екендігін алға тартады.
Құзыреттілік тұрғыдан оқыту технологиялары мен әдістері, құзыреттілік ісәрекет бөлігіне сәйкес келуі тиіс, яғни білімді меңгеріп, оны мақсатты қолдану тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қандай да бір құзыреттілік іс-әрекет шеңберіне қажетті жеке тұлғалық қасиеттердің даму ықтималдығы арта түседі. Меңгерілген әдістер адамның өзіндік дамуы мен белсендігін арттыруды қамтамасыз ететін, іздену және өзі үшін өмірлік жағдайларды шешуде тәсілдерді қолдана алатындай болуы тиіс. Субъектінің бір-біріне, іс-әрекетіне қатысты когнитивтік, және эмоционалды – құндылық (сондай-ақ танымдық) аспектілі аксиомалық болжамдар жиынтығын, өз іс-әрекетіне деген жауапкершілікті және басқаларын қалыптастыруы қажет.
Құзыреттілік тәсілде адамның қоғамда жетістікке жетуге мүмкіндік беретін жеке қасиеттері бірінші орынға қойылады. Осындай көзқарас тұрғысынан оқытудың белсенді, топтық және ұжымдық әдістері мынадай:
- Өзін-өзі жағымды бағалауды дамыту, өзге адамдарды және олардың қажеттіліктерін түсіне білу;
- Бәсекелесе емес, бірлесе жұмыс істей білуді дамытуға назар аудару;
- Топ мүшелері мен мұғалімдеріне жеке ар-намысын сақтай, басқаларды түсініп, біліктілігі мен шеберлігін бағалауға мүмкіндік беруді қамтамасыз ету;
- Тыңдай білу мен дұрыс қарымқатынас жасай білу дағдысын жетілдіру;
- Шығармашылық пен тәлімгерлікті марапаттау.
Барлық зерттеушілер аталған дидактикалық шарттарды, құзыреттілік тұрғыдан қарау міндеттерін орындау үшін жобалау әдісі, жағдаяттық сараптау, портфолио және оқытудың ұжымдық тәсілі маңызды деп санайды.
Жобалау әрекеті әдіснамасымен айналысушы зерттеушілердің айтуынша «жобалау – жеке ойыңды іс жүзіне асыру әрекеті». Жоба оқытушының арнайы ұйымдастыруы мен студенттердің субъектілік мақсат негізінде орындайтын кешенді әрекеті, еңбек объекттісінен құралатын, жобалау үрдісінде дайындалатын өнім. Жоба ауызша және жазбаша ұсынылады. Жобалау әдісі біріншіден, әртүрлі пән мазмұнындағы түрлі негіздегі педагогикалық жағдайларды қалыптастыру (кооперация, белгісіздік т.б. жағдайлар) болса, екіншіден, бұл мақала шеңберінде, ерекше маңызды, ісәрекеттен алынған білім нәтижесі тұлғалық нұсқау үшін қажет. Яғни, студент тек жаңа білім ғана алып қоймайды, сонымен қоса өз құндылық жүйесін, жеке пікіріне, субъективтік тәжірибесіне сүйене отырып жетістігін рефлексті бағалауын жетілдіреді.
Құзыреттілік тұрғыдағы келесі оқыту әдісі жағдаяттық талдау («casestudy») болып табылады. Бұл студенттің субъектілі тәжірибесіне қарай тікелей тәжірибемен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Жұмыс барысында студенттер жағдай фактісі мен детальдарын талдауға, стратегиясын таңдауға, стратегияны анықтау мен қорғауға, жағдаят мәселесін талқылауға, өз пікірін дәйектеуге белсенді қатысады. Студенттің топта, командамен байланысты жұмыстарды істеу шеберлігі жетіледі, сын тұрғысынан ойлау қабілеті қалыптасады, олардың теориялық білімін, тәжірибесін белсендіруге ықпал етеді, түрлі көзқарас, пікірлерді тыңдап, өз ойын, ұсынысын айта білуге ықпал етеді. Жағдаяттық талдауды қолданғанда оқушылардың талдау және бағалау дағдылары қалыптасады, теориялық материалды тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алады. Құзыреттілік қалыптастыру үшін осы әдіс маңызды, себебі, өмірлік жағдаяттарды шешудің көптеген нұсқаларын анықтап, рационалды жауап іздеудің негізі қаланады. Әдіс түрлі дидактикалық міндеттерді шешуде қолданылады. Жағдаятты талдау нақты міндеттер негізінде қолданылады: мәселені анықтау, оны шешу, сұрақ туындау, ұсынылған кесте бойынша мәселені шешу, ұсынылған шешімді таңдау т.б.
Құзыреттілік тұрғыдан білім беруді басқаруды ұйымдастыру сипаты жиынтығында студенттердің жетістігі ерекше орын алады. Адекватты бағалау студенттердің өздерінің құзыреттілік деңгейін тануын қамтамасыз етіп, жеке мүмкіндіктерін білім беру стандарты, еңбек нарығы талаптарымен сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Бастысы қазіргі заман талабына сай емес «құзыретсіздікті» түсініп, өзін жетілдіруге ұмтылады. Рефлексияны жетілдіруді студенттің жеке дамуы негізі ретінде портфолионы қолдануға мүмкіндік береді. Бұның артықшылығы алған білімдерін қалай пайдалана білу жайлы ойлануға ықпал етеді. Теория мен тәжірибені ұштастыруға басты назар аударады. Оқытудың зерттеу және іздену технологияларын қолдану студенттерге өз міндеттерін анықтауға, оны іске асыру жолдары мен кезеңдерін жоспарлауға, практикалық тапсырмаларды орындауға, нәтижелерін түсіндіру мен бағалауға көмектеседі. Яғни бұл технологияны қолдану әрбір оқушы үшін тиімді жетістікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Студенттерге жағдаяттың шешімін табу үшін көбінде білім жағы жеткіліксіз. Сондықтан да студенттердің білімін жетілдіру мен қажетті ақпарат алу мәселесі өзекті болып табылады. Біріншіден, қандай ақпаратты алу қажеттігін анықтауы тиіс. Түсініксіз жағдай орын алғанда мынадай реттілік ұсынылады:
- біліміне сай жағдаятқа талдау жасау, білімін жағдаятты шешу құралы ретінде тану, білімді қолдану тәсілдерін мен жүзеге асыру мүмкіндіктерін анықтау;
- қиындық рефлексиясы, яғни «білімнің жетіспеушілігін» жаңа «білім» алу қажеттілігі ретінде түсіну;
- алынған жаңа ақпаратты «білімсіздіктен» «білімге» ауыстыру деп тану;
- жаңа білімді жағдаятты шешуде қолдану;
- жаңадан алынған білім рефлексиясы, яғни «білім» туралы «білімді» меңгеру.
Дегенмен, осы аталған реттілік барлық студенттер үшін ортақ болғанмен, әрқайсысының жеке субъектілік тәжірибесіне байланысты болады. Өйткені осы реттіліктің маңызды элементтері «білім», «білімсіздік» әр студент үшін әртүрлі болып табылады.
Қорыта келе, білім беруге құзыреттілік тұрғыдан қараудың мазмұндық және іс – әрекеттік құрамдары жаңа, біртұтас білім беру нәтижесіне жетуді мақсат етеді. Соған байланысты, оқу үдерісі әрбір адамның мәдениеттілігін қамтамасыз етуі тиіс. Жеке білімді тұлғалардан құралған «Білім қоғамына» деген қозғалыс векторы қарастырылады. Адам өмір бойы өзінің құзыреттігін жетілдіріп, өзін мәдени жағынан дамыта алады. Ал жоғары оқу орындарындағы дұрыс ұйымдастырылған білім беруді басқару жүйесі, яғни оған құзыреттілік тұрғыдан қарау адамдарға сол мүмкіндікті беруге ұмтылады.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Зимняя И:А. Ключевые компетентности как результативно-целевая основа компетентностного подхода в образовании. – М., 2004
- Кенжебеков Б.Маманның кәсіби құзыреттілігінің теориялық негізі // Бастауыш мектеп. 2004, №7.
- Антипова В.М., Колесина К.Ю., Пахомова Г.А. Компетентностный подход к организации дополнительного образования в университете // Педагогика. – 2006. №8
- Гончарова Н.Л. Категория «компетентность» и «компетенция» в современной образовательной парадигме // Сборник научных трудов СевКавГТУ, 2007. №5
- Добрынин М.А. Болонская декларация как фактор формирования европейского образовательного пространства // Педагогика. – 2006. № 9