Аңдатпа
Бұл мақалада көркем әдебиеттегі психологизм мәселелерінің орны, шығарманың эстетикалық әлемін құрайтын, кейіпкерінің жан-дүниесін, рухани күйзелісі мен шабытын терең бейнелеу құралы екендігі айтылды. Әсіресе, поэзия жанрындағы сипаты ақындар шығармашылығымен, оның ішкі «менімен» тығыз байланысты талданады.
Ұлы суреткер М.Әуезов кезінде «нағыз көркем прозаға психологизм араласпаса өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы» деп әділ бағасын берген еді. [1] Әдебиетті адамтану ғылымы ретінде зерделеген ғалымдар ұлттық сөз өнерінің даму барысында, мейлі ол қай жанр болмасын кейіпкердің не қалам иесінің көңіл-күйін дәл де нанымды, көркем әрі шебер бейнелеу барысында соншалық мол психологиялық-эстетикалық, суреткерлік ізденістердің жүзеге асырылатынын дәлелдеген болатын. Тарихы бірнеше ғасырға созылған толғау жанрында тұңғыш рет көркемдік категория ретінде танылған психологизм табиғатын А.Байтұрсынов: «Толғанғанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқары ғаламнан алмай, ішкері ғаламынан алады, себебі толғау ақын әуелі көңілінің күй-мұңын, мүддесін, зарын күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды. Ішкері ғаламында болған жайларды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңіл-күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатымен толғайды. Толғау, қысқасын айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі», - деген еді [2]
Жалпы көркем әдебиеттегі кейіпкердің ішкі жан дүниесін бейнелеу барлық жанрдағы шығармаларға тән құбылыс. Өйткені көркем әдебиеттегі психологизм драматургияда да, поэзияда да, ауыз әдебиетің барлық түрлері соның ішінде айтыс өлеңдер, жырларда да тұнып тұр десек қателеспейміз. Erep психологизм шығарманың эстетикалық әлемін құрайтын, ішкі ойын, толғанысы мен күйзелісін терең бейнелеу құралы болса, өлең ақынның жан- дүниесі, болмыс-бітімі, сырласы, мұңдасы. Адам табиғатына тән жұмбақ жаратылысты, ой мен сезім арасындағы қайшылықтарды, көп қабатты қалтарыстарды, іс-әрекеттегі күтпеген құбылыстарды қадағалай зерттеу, оған асқан сезімдалтықпен қарау, шебер бейнелеу қаламгерден үлкен шеберлікті талап ететіні сөзсіз.
Белгілі әдебиеттанушы ғалым Б.Майтанов: «Психологизм - әрі-беріден соң ойлану, түйсіну, пайымдау типтерінің түрі деуге келеді», - деп тұжырым жасайды [3]
Неміс ғалымы 3.Фрейд: «Психологияны талдау әдебиеттің міндеті» - десе Мағжан Жұмабаев: «Әдебиет елдің жадында жүре бастаған толқындардың жарыққа шыққан жаңғырығы», - дейді [4]
Көркем әдебиеттің үлкен бір саласы - поэзия. Кезінде қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздарының бірі Шоқан Уәлиханов: «Дала көшпенділерінің поэзия мен шынайы сезімге бейім болуына өмір бойы табиғат құшағында жүруі - жасыл майда дала, ашық мөлдір аспан, көші- қоны көп тұрмыс эсер етпесіне кім кепіл», - деген екен.
Поэзия - адам сезімінің, ақыл - ойының серігі. Ол - сезімнің сөзбен жазылған шындығы.
Қазақ лирикасының дамуына М.Мақатаев, Т.Айбергенов, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ж.Нәжімеденов, С.Жиенбаев, Ф.Оңғарсынова, А.Бақтыгереева, М.Шаханов, М.Айтқожина, Ж.Молдағалиев сияқты ақындар елеулі үлес қосқан.
Эрине, поэзия әлемінде өз ойын көркемділікпен, асқан шеберлікпен бере білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Лирикалық шығармалардың қай-қайсысы болмасын ізгілікке, жақсылық атаулыға толы, шынайы шыншылдығымен, мінсіз көркемдігімен оқушысын баурап алады. Туған жерімен, оның ауасымен, табиғатымен, досымен, замандасымен сырласады, ішкі толқынысын шығарады. Жан-жануар, табиғат құбылыстарын адам өміріне ұқсас, адамзат өміріне орайлас сипаттар табады. Бұлар - тек шабыты өте жоғары, дарыны мол үлкен талант иесінің қолынан келетін дүние. Солардың бірі қазақ поэзиясын жоғары шыңға көтерген әдебиет әлемінде (көркем поэзияда) өзіндік қолтаңбасы бар ақын - Сағи Жиенбаев. Ақын шығармашылығы жөнінде белгілі ақын Қуандық Шаңғытбаев: «Сағидың өлеңдеріне көзінде жас, ерніңе күлкі шақыратын, өзегіңе от тастап, кеудеңді тұңғыш мерей рахатына толтыратын хрестоматиялық дүниелер», - деп ағынан жарыла баға берген еді. [5] Шығармаларының көбі анасына жақсы қасиеттерімен, алуан қырлы ісгерімен ұштастыра көркем береді, анасымен сырласады.
Енді бір топ өлеңдерінде ауыл адамдарының ақжарқын, кеңпейіл, даладай дархан мінезін асқан шынайлықпен бейнелейді. «Алтын қазыналы қарттарым, көзімнің алдында даланың исі бұрқырап аман-сау жүріңдерші»,- деп тебірене жырлайды. Қарттар бейнесі ақылы бүкіл даланың бейнесін өзінің ішкі толғанысы, арман-тілегімен шебер суреттейді. Ал «Аққулар» поэмасында екі көзі ағып кеткен аққулардың аянышты халі, ауыр халге қушар болған арудың жан жылатар халі, өз бетімен ұшуға дәрмені жоқ аққулардың пысылдаған сиырларды ес көріп, табынға ілесіп келе жатқан көрініс лирикалық кейіпкердің ішкі мазасыздығы арқылы оқиғаның себебін ашып береді. Адамзат қауымының қатыгездігіне талдау жасай отырып, жұмсақ тілмен проблема көтереді. «Жапанда жалғыз ағаш» атты поэмасында адам психологиясы, кейіпкерлерінің адал сезімдері монолог арқылы көрініс табады.
Поэзия падишасы атанған Фариза Оңғарсынова өлеңдерінің өн бойында тұнып тұрған патриоттық сезім, халықтың рухани байлығы, ұлттық психология мен ұлттық мәдениет, кең философиялық толғаныс ақын поэзиясының өзіне ғана тән белгілеріне, ұлттық ерекшелігіне айналды.
«Жүрегім - желкен, жел кернеп, қарсы ағыстарға, сеңге өрлеп, қағілез құйттай денеммен дауылдарды құшып келем мен» - деп жырлаған ақын батыр баба - Махамбет рухынан күш алып, мұңдасады.
Жалпы Фариза ақын жырлары арқылы қайғырса да, мұңайса да, қуанып шаттанса да - шынайы әрі мөлдір бұлақтай таза. Өлеңдеріндегі рух, қуаныш, мұң, сырлы сезім, махаббат бір-бірімен астасып, бірін-бірі көлеңкелемей, ашық та айқын көрінеді. «Мынау менің қиындау тағдырым болып о баста керіскенім үшін өлең мен сені аялап өтем» деп өмірінің ыстығы мен суығын, ақындық әлемінің сан-саласы соқпақ жолдарын, бар болмысын жайып салады, өлеңімен сырласады. Нағыз тұнып тұрған поэзия психологизмі.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Жұбан Молдағалиев поэзиясындағы шоқтығы биік туынды - «Мен - қазақпын» поэмасы бүкіл қазақ атынан айтылған монолог түрінде жазылған поэма. Халықтың мың өліп, мың тірілген тарихы, басынан ұзақ кешкен азапты өмірі, жыласа күн тұтылғандай, күлсе күн түрілгендей шын сезімі көрінеді. Лирикалық шегіністер арқылы бүкіл тарих бетін парақгай отырып, қазіргі заманмен салыстыруда айшықты жаңа формалар жасайды. Қазақтың барлық өткен тарихын лирикалық кейіпкер - Меннің» бойына жинақгайды. Поэмада кейіпкерлер өте көп, бірақ тағы бір ерекшелігі сол кейіпкерлер керек жерінде ғана сөз болып, эпизодтық деңгейде қалып отырады. Ақын бүкіл халық атынан сөйлейді. Айтатын ойын керемет сезіммен, көтеріңкі көңілмен қанаттана жырға қосады.
«Мен - қазақпын, мен - бүтін байтақ елмін» - деу арқылы егемендік алып, емін-еркін өмір сүріп жатқан, көк байрағы желбіреген Тәуелсіз мемлекет екенін мақтаныш сезіммен жырға қосады. «Поэзия! Менімен егіз бе едің» Сені мен сезесің бе, неге іздедім?» деп тебірене жырлаған Мұқағали Мақатаев шығармалары да тұнып тұрған лирикалық психологизм
«О, Муза, тағдырыма иембісің?
Күрсініп, көкірегім, күйеді ішім.
Мен сені жаңартам деп келгенім жоқ, Сен мені жаралғансың сүйеу үшін, - деген жолдар ақын болмысын, азаматтық кредосын айқара аша отырып, поэзияға Абай арқылы дарыған психологизмді одан әрі қарай тереңдетеді. «Жан азасы» атты өлеңі өмірге, кең дүниеге деген мәңгілік іңкәрлік үні, ақынның оқырмандармен қоштасуы емес, мәңгілік қауышы еді. «Өмір дегенің - бір күндік сәуле екен ғой! - деп жырлаған ақын жүрегі өмірмен де, өлеңмен де етене қауышып дүниеден өтті. «Мұқағали ақынның бір ерекшелігі жай көздің байқамайтын, елемейтін өмір құбылыстарын қырғиша іліп жүрегінен өткереді де, өзінің сүйініші мен күйінішін анық та батыл айтып, керемет өлең кестесін тізеді. Айтатын ойын бір ғана жүрек аясына сыйғызып, жан сырын тоқыған поэтикалық туындылар жазды», - деген еді кезінде М.Мақатаев.
Жалпы поэзия жанрындағы психологизм мәселесі - тың мәселелерінің бірі. Сондықтан алдағы уақыттарда да кең талдауды қажет ететін бұл мәселе еншісіне қалдырылады.
Әдебиеттер тізімі:
- М.Әуезов Анкетаға жауап. Алматы. «Жұлдыз» 1991ж №10. 6-8 б
- А.Байтұрсынов Бестомдық шығармалар жинағы. 27 б
- Б.Майтанов Қаһарманның рухани әлемі. Алматы, 1987 ж №10. 72-81 б.б.
- М.Жұмабаев Үштомдық шығармалар жинағы Алматы, 1995 ж. 79 б
- Қ.Шаңғытбаев Шығармалар жинағы. 102 б
- Ф.Оңғарсынова Мазасыз шақ. Өлеңдер. Алматы, 1972 ж. 297 б
- М.Қаратаев Көргенім мен көңілдегім. Алматы: Жалын, 1982 ж. 189 б