Аңдатпа
Мақалада Атырау өңірінің құрметті азаматы, әдеби мұра және әдебиет тарихын зерттеуші, жинаушы, жариялаушы профессор Сабыр Қазыбайұлының ғылыми-зерттеу еңбектеріне тоқталып, бүгінгі таңдағы орны зерделенеді. Сонымен бірге С.Қазыбайұлының ұстаздық ұлағаты, ұлттық қазынамыз - тілді зерттеудегі ғылыми еңбегінің мәні де айқындалып беріледі. Ғалымның ғылыми-әдеби еңбегі, өмір жолы өзінен кейінгілерге өнеге, болашақ филолог мамандарға үлгілік сипаты сараланады.
Атырау өңірі өзінің бай тарихымен, мәдени материалдық құндылықтарымен қатар, оның ең баға жетпес байлығы - өлкеміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан, осы өңірдің адамдары, қадыр тұтар азаматтары деп білеміз.
Міне, сондай өлкеміздің мәдени өмірінде өзіндік із қалдырған, бар ғұмырын халық ағарту саласын дамытуға, ұрпақ тәрбиесіне арнаған, қазақ зиялыларының көрнекті өкілідерінің бірі және бірегейі - майдангер ұстаз, әдіскер-ғалым, әдебиет тарихының майталман зерттеушісі Сабыр Қазыбайұлы.
Ғылыми-әдеби еңбегі, өмір жолы өзінен кейінгілерге өнеге, халық қазынасынан, даналық тағылымдарын ел игілігіне айналдыру мұратына алдыңғы аға буын зерттеушілер әулетіне шын мәнінде ізбасар-сүйеніш бола білген, тып-тыныш тындырған ісі замандастарын қуантар ырысты қалам иелерінің бірегейі де Сабыр Қазыбайұлы.
Ойлы көкірек, атамекен қойнауы жылдар жотасымен көлегейлей, әр тұстарда сұқ пейіл, сұғанақ көздерден мейлінше құпия сақтаған қыруар рухани байлықты - біразымыз күні кешеге дейін есімдері мен азын-аулақ жыр толғаныстарын ғана еміс-еміс естігеніміз болмаса, жете біле бермейтін айтулы ақын - жыраулардың өлмес мұраларын - теңіз тұңғиығынан інжу-маржан сүзгендей ғұмыр бақи тынымсыз ізденіп, ұрпақ жадында қайта тірілткен осынау еңбекқор жанның жаратылысы қашан да қызыға, құрметпен қарауға лайық.
Халқымыздың қаһарман батыры Б.Момышұлы «Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірде ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да, солай ардақтауға міндеттіміз» [1,165] деп ұстазға терең тағзымын білдіреді. Осы пікірге сай өлкемізде қастерлеуге лайықты майдангер ұстаз, тіл-әдебиет саласының терең білгірі С.Қазыбайұлы 1914 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданының Сағыз өңірінде дүниеге келді. Алдымен жәдидше қара таныған кейін кирилл әрпін де тез меңгеріп алады. Бұдан соң Кермеқас жетіжылдық мектебінде екі жыл ғана оқып, еңбекке аралалсып кетеді. Бұд орайда ғалымның сұхбатына кезек берсек: «Мен ауыл мектебінде Қожахмет деген молдадан мұсылманша оқып сауат аштым. Басым сәждеге тиді. Әптиек құран оқыдым. Ауылдасымыз Қуыстың немересі Жұмақұлдан 9-10 жасымда орысша сауат аштым. 1924 жылы Кермеқас мектебінде, 1925 жылы Қызылқоға мектебінде бір-бір жыл оқыдым. Содан кейін біздің отбасының сергелдеңі басталды. 1925 жылдан 1934 жылға дейін Орынбор жағында ауып жүрдік. Бізді байдың баласы, қажының тұқымы деп қудалады. Kici есігінде жалданып, қара жұмыс істедім. «Уралмаш», «Революционер», «Шолпан» колхоздарында жаздай егінін басып, пішенін шауып, балшық илеп тас басып, қыста пішен тасып, мал бағып, қолға ілінген қара жұмысты талғамай атқара жүріп күнелттік» [2,17].
Осы ауа көшуден С.Қазыбайұлы туған жеріне жиырма жасқа жақындағанда оралады. 1935 жылы Гурьев педтехникумы жанындағы жартыжылдық педкурста оқып, одан соң техникумға сырттай оқуға түсіп, бітіріп шығады. Алғашқы ұстаздық жолы 1936 жылы Доссор қазақ-орыс мектебіне жұмысқа орналасуымен басталады. Бастауыш мектептің бірінші сыныбында сабақ беру үстінде біреулердің «әкесі болыс болған» деген жел сөзінің нәтижесінде жұмыстан шығарылады. Көп ұзамай, 1937 жылы мұғалімдік жолға қайта оралып, ендің Доссордағы Абай атындағы мектепке орналасады. Бұдан соң осы кенттің қазақ орта мектебі, Ракуша, Ақшелек мектептерінде ұстаздық ете жүріп, 1942 жылы Отан қорғауға өзі сұранып аттанады. Соғыс даласында атақты Сталинград шайқасында болып, генерал-полковник Рокоссовский басшылық еткен 63 дивизияның пулеметшілер ротасында болады. Бір жылдан соң, яғни 1943 жылы ауыр жараланып, елге оралады.
Елге оралаысымен ұлағатты ұстаздық жолын жалғастырып, алдымен Ақшелек орталау мектебінің мұғалімі, кейін директоры қызметтерін атқарады. Тек бала тәрбиесімен қана айналысып қоймай, алғашқы мақалаларын аудандық, облыстық газеттерге жариялай бастайды. Алғашқы қауырсын - өлеңдері газет беттерінде басылады.
Ұлы Отан соғысының жеңісін қарсы алып, ел қуанышқа кенелісімен, оқуын әрі қарай жалғастырып, 1945-1949 жылдар аралығында Орал мұғалімдер институтын бітіріп шығады. Кейін 1956- 1960 жылдары осы қаладағы А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын үздік дипломмен аяқтап шығады.
Жоғары оқу орнын бітірген соң, қазіргі Атырау қаласындағы мектептерде-Кеңөзек, Жамбыл, Орджоникидзе орта мектептерінде және облыстық, қалалық оқу бөлімдерінде инспектор, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында қызметтер атқарады. С.Қазыбайұлының білім беру ісінде ерекше құлшыныспен кіріскен қызметі - жетім балалардың №1 интернаты болды. «Талай сырласқан сәттерімізде кішкентай шәкірттер тәрбиелеудегі жұмысы оның әрбір сөзі мен өнегесінен көрініп тұратын. Жас жеткіншектердің жәудіреген көздерін аялап, жүрек құшағын жая білгендігін әңгімесінен естігенбіз» [3,8] деп еске алады шәкірті Қ.Ө.Жүсіп. 1960 жылдардан бастап С.Қазыбайұлы сол кездегі Гурьев педагогика институты на жұмысқа орналасады. Себебі, облыс орталығында небары ашылғанына он жыл болған оқу ордасына тәжірибелі мамандар керек-ақ болатын. Сонымен қатар, ұстаз сонау қырқыншы жылдардан бастап қалам тербей шығармашылық ізденісін енді ғылыми-әдістемелік бағытта дамыта бастады. Ол - қазақ тілі грамматикасы мен әдебиетті оқыту әдістемесі бағытында, алдымен өзінің ұстаздық жолындағы тәжірибесімен бөлісу болса, екіншіден, болашақ жас мұғалімдерге тәжірибелік танымда көмектесу болатын.
Жалпы, С.Қазыбайұлының педагогикалық мұрасын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:
Бірінші кезең - XX ғасырдың 20-30 жылдары жас ұстаз ретінде педагогикалық көзқарасын қалыптастыру кезеңі. Бұл орайда алғашқы сауат ашу, алғашқы ұстаздық жолының басталуы.
Екінші кезең - XX ғасырдың 40-50 жылдарында білім беру саласында жауапты қызметтер атқаруы, педагогикалық әдістемелік шеберлігінің шыңдалу кезеңі, яғни алғашқы әдістемелік еңбектерінің іске аса бастауы.
Үшінші кезең - XX ғасырдың 60-90 жылдарындағы жоғары оқу орнындағы ғылыми-әдістемелік қырының жүзеге асуы. Жоғары оқу орнында еңбек ете жүріп, ұстаз-ғалым әдебиет тарихынан зерттеу еңбектер жазып, жаңа пәннің қалыптасып, дамуына игі әсерін тигізді.
Жалпы, қай салада еңбек етсе де, С.Қазыбайұлының ғылыми- зерттеу, әдістемелік еңбектерінің басты қыры оқыту ісіне нық байланысты болды. Ғылыми мақалалары «Халық мұғалімі», «Қазақстан мұғалімі», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Бастауыш мектеп» сынды әдістемелік журанлдарда жиі-жиі жарияланып тұрды. Жылма- жыл республикалық педагогикалық оқуларға белсене қатысып, сол еңбектерінің негізінде 1969 жылы «Қазақ тіліндегі сабақтас құрмалас сөйлемдерді оқытудың тиімді әдістері» (ғылыми жетекшісі - ф.ғ.д., профессор М.Балақаев) тақырыбында ғылыми ізденістері нәтижесінде педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялық еңбегін жоғары дәрежеде қорғап шықты.
Әдіскер-ғалым бар педагогикалық мүмкіндігін диссертация негізде қалдырмай, оқыту ісіне байланысты еңбектерін де жиі жариялап тұрды. Атап айтқанда, «Қазақ тіліндегі сабақтас құрмалас сөйлемдерді оқытудың тиімді әдістері» (Алматы, 1971), «Бастауыш кластарда қазақ тілін оқыту» (Алматы, 1985), «Қазақ тілі методикасы» (Алматы, 1990), «мектепте қазақ тілін оқыту тәсілдері» (Алматы, 1997), «Құрмалас сөйлемдер кестесі» (Алматы, 1993), «ХҮ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы (Жыраулар поэзиясы)» (Ақтөбе, 2004) атты зерттеулері тек оқыту үрдісінде ғана емес, тіл мен әдебиеттің даму жолында зерделі еңбектер болып табылады.
Өмір бойы бір ғана мамандық иесі болған С.Қазыбайұлы оқыту мен тәрбиені қатар алып қоймай, мұғалім мамандығының қыр-сырын, ұлағатты орнын кеңінен дәріптеп өтті. Оған «Оқушыларды мұғалім мамандығына бағдарлау» (Қазақстан мұғалімі, 1980), «Ұстаздық еткен жалықпас» (Бастауыш мектеп, 1987), «Ұстаз ұлағаты» (Қазақстан мұғалімі, 1983) сынды мақалалары куә.
Професор С.Қазыбайұлы Батыс өңірі ақын-жыраулары мұрасын зерттеп, жинау ісінде еңбегі зор болды. Педагогикалық институттта қызмет еткен жылдары «Қазақ халық ауыз әдебиеті», «Жыраулар поэзиясы» пәндерінен дәріс оқып, фольклорлық тәжірибеге басшылық жасап, ел арасынан әлі танылмаған жауһар жыр иелерінің поэзиясын талдап, алғы сөзін жазып жариялады. Мысалы, «Төлеп-Қармыс» («Атырау», 1991), «Досы Төлегенұлы» («Атырау», 1991), «Нұрым», «Төрехан Нұрсұлтанұлы» («Атамекен», 1992) туралы зерттеу мақалалары және т.б. Академик - жазушы С.Мұқанов ауыз әдебиетіне байланысты зерттеуінде «...бір кемшілік, қазақ әдебиет тану ғылымы едәуір марқайып қалса да, ақындардың көпшілігінің творчествосы мен өмірбаяндарын әлі толық айқындай алмағандығы болып отыр. Өз заманының барлық күнделікті тіршілігіне араласып халықтың жақсылығын дәріптеуші, кемшілігін сынаушы, тарыққанда ақылшы, қуанғанда сайраушы болғандығын байқататын әр ақында да айтыстан басқа талай өлең-жыр бар. Оларды жинау, сыншылық ой елегінен өткізіп, көркемдік идеялық дәрежесінің биік деңгейден табылатын шығармаларын жариялау, бастырып шығару - әдебиеттану ғылымының алдындағы кезекті міндеті» [4, 7-8]- деген пайымды пікірі С.Қазыбайұлының ерен еңбегіне дәл берілгендей. Қазақстанның батыс өңірінде дәстүрлі әдеби орта болғандығын, ол орта ақындарының ең басты сипаты ерлік, батырлық жырларды жырлап, тарату екенін Қ.Сыдиықұлы [5], Ә. Марғұлан [6] сияқты ғалымдардың қай-қайсы да айқын байқап, құнарлы пікірлер айтқан. Белгілі дәрежеде жинақталған жыраулар мен ақындар мұрасының негізінде әдебиет тарихы қалыптасатыны белгілі. «Қазақ әдебиеті тарихының кезеңдеріне сай, өңірлік жерлердегі ақын - жыраулардың толғаулары мен жырларын жинап, бір ізге салған профессор С.Қазыбайұлы алдымен басылымдарда жариялап, індете жоқтаушысы болып, ұстаздықпен қатар ғылыми еңбек жазып қалдыруы, жыраулар поэзиясын қалыптастыруға қосқан үлесінің іргелі екендігі сөзсіз» [7,45]. Қазақ әдебиетінің тарихының Батыс өңірлік аясында елеулі еңбек еткен С.Қазыбайұлы әдебиеттің ірілі-кішілі өкілдерінің шығармаларын жинап, жариялау ісінде іргелі жұмыстар атқарды деп есептейміз. Бұл орайда ғалым әдебиет тарихы хақында ақын- жыраулар мен әдеби, мәдени, тарихи мұраларды тауып, зерттеп халқымен қайта қауыштырды. Олай болса, қазақ әдебиеті тарихындағы орны аса зор Сабыр Қазыбайұлы мұрасын зерттеу - көкейкесті міндет, кезек күттірмес мәселе. Ол - қазақ әдебиеттану ғылымында батыс өңірі ақын-жыраулары мұрасын зерттеуі және осы бағыттағы зерттеулерге басшылық жасауы арқылы өзінің мектебін қалыптастырған ғалым. Әдебиетші - ғалымның соңында қалдырған сала-сала еңбектердің қайсысы да бүгінгі ғылым үшін көкейкесті.
С.Қазыбайұлының әдеби-ғылыми зерттеулерін қарастыра отырып біздің байқағанымыз, педагог ғалымының мұғалімдіктен басталған қасиетті жолына адал болғаны, үнемі ізденіс үстінде болғаны. Өмір бойы ұлтымыздың тілі мен әдебиетіне қызмет атқарғанын аңғардық. Еңбегі де ескерусіз қалмады. Бұл орайда ғалымның басты жемістері - шәкірттері болып табылады. Республиканың, облыстың, ауданның, Атырау қаласының көптеген мектептерінен бүгінде Ұлы ұстаздың ізін басып келе жатқан «ұлағатты ұстаздарын» көреміз.
Ең алдымен, С.Қазыбайұлы -майдангер ұстаз. Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен ерлігі үшін «I дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Ленин» ордендерімен, «Еңбектегі үздік жетістіктері үшін», «Ы.Алтынсарин атындағы» медалдарымен, «Қазақ KCCP мектептеріне еңбегі сіңірген мұғалімі», «Қазақ KCCP халық ағарту ісінің озық қызметкері», «КСРО халық ағарту ісінің үздігі» атақтарымен марапатталған.
С.Қазыбайұлы қазақ әдебиеті тарихына ерекше еңбек сіңірген ғалым еді. Айқайлап алға шықпай-ақ, кеуде керіп, кербезденбей-ақ «ақырын жүріп, анық басып, еңбегін далаға жібермеген» зиялы болатын. Өмір бойы бір тынбай, бейне бал жинаған бейнеткеш арадай ғұмыр кешті. Ешкімге еңбегін бұлдамай, әркімге көзін сатпай, күлшелі баланы сүймекке ұмтылмай, әдебиетті ардың ісі деп бағалап, сол ардың ісіне кіршіктей қылау түсірмей, өзінің азаматтық болмысының ақ парағын шимай-шатпаққа былғамай еңбек етті. «Ол ғылым кандидаты болса да, ғылым докторлары қаймығатындай іс тындырды» [8, 4].
Әдебиеттер тізімі:
- Момышұлы Б. Соғыс қателікті кешірмейді (Көптомдық шығармалар жинағы) 14-том, Алматы: Өнер, 2009. - 304
- Қазыбайұлы С. Әдебиет жайлы ойлар (Мақалалар жинағы) Атырау: 2014. -172
- Жүсіп Қ.Ө. «Ұлтының ұлы ұстазы» (С.Қазыбайұлының әдеби мұрасы туралы) \\ Атырау, 2014, №125, 2-3 бб.
- Мұқанов С. Халық мұрасы A., Қазақстан, 1974.,236
- Сыдиқов Қ. Ақын, жыраулар A., Ғылым, 1974.,240
- Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар A., Жазушы 1985., 368
- . Аяпова Г.Б. «Өмірі-үлгі, өнері-өнеге (С.Қазыбайұлы еңбектеріндегі қазақ әдебиеті тарихы мәселелері)» Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Хабаршысы №4 (35) 2014, желтоқсан
- .Сейталиев Қ. С.Қазыбаевтың педагогикалық мұрасы Атырау, 2000.-235