Аңдатпа
Мақалада маңғыстаулық зерттеуші С.Қондыбайдың қазақ этнонимінің егіз ұғымы «Алаш» мәселесіне қатысты жаңаша тұжырымдары талданады. Оның қазақ этногенезіне қатысты пікірлері пәнаралық әдістер мен мифтік ұғымдар мен түсініктерді лингвистикалық талдау негізінде жасалып, қазақ тарихының арғы кезеңінің евроазиялық және түркілік көне өркениеттермен байланыстылығы туралы тұжырымдары сараланады.
Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы өткен тарихты тереңірек зерделеуге жол ашады. Жаңарған еліміздің жарқын болашағын бағдарлауда бабалар жүріп өткен жолдағы игі істерді, мәдени, рухани қайнарларды, ғаламдық тұтастықта халқымыздың «ұлттық кодын» сақтау міндеттері қойылып отыр. Осы тұрғыдан қарастырсақ, тарих көлеңкесінде қалған мәселелердің бірі -көне қазақ мифтері, аңыз-әңгімелері.
Ежелгі замандарда адамзаттың өзінің шығу тегі және қоршаған ортасы: дүниенің жаратылуы жөнінде дүниетанымдық түсініктері қалыптасты. Жазу-сызу болмаған замандарда бұл түсініктер ауызша дәстүрмен эпос, аңыз әңгімелер, мифтер, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар, тіпті сөздік қор арқылы бізге жетті. Алайда кеңестік формациялық методология мен тек жазба дерекке сүйенетін батысевропалық позитивтік әдіс ауызша тарихты дерек ретінде қолдануға тиым салып, көптеген ұлттарды, соның ішінде, қазақ халқын да «тарихы жоқ» халықтар қатарына қосты.
XX-XXI ҒҒ., тоғысындағы тарих ғылымындағы жаңалықтар мифтердің адамзаттың тарихи санасының алғашқы сатысы екендігін тұжырымдады. Осылайша ел тарихының ақтаңдақтарын ашуда, әсіресе, ұлтымыздың этноним атауларының шығу тарихын халық арасында сақталған мифтерді пайдалану мүмкіндіктері туды.
Қазіргі кезде біз қолданып жүрген этнонимдік көптеген атаулардың түп төркіні ежелгі дәуірлерге барып тіреледі. Қазақ тарихнамасындағы ең таласты мәселелердің бірі - ұлтымыздың егіз атауы «Алаш» мәселесі. Алаш этнониміне қатысты Ш.Уәлиханов, Ә.Бөкейханов, Ш.Құдайбердіұлы, Қ.Халид, О.Әлжанов, Б.Кәрібаев, Ә.Хасенов, А.Левшин, Н.Аристов, П.Рычков т.б. пікірлері бәрімізге белгілі. Осы мәселені жаңаша пәнаралық әдістер мен мифтік- лингвистикалық қырынан зерттеген зерттеушілердің бірі - С.Қондыбай.
Маңғыстаулық зерттеуші Серікбол Қондыбай (1968 - 2004) - ғұмырының жартысын қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-санасын жаңғыртуға арнап, сүбелі үлес қосқан өлкетанушы, географ, публицист, этнограф-ғалым. 1991 жылы Қазақ Ұлттық университетін "географ-геоморфолог" мамандығы бойынша бітірген ол 1991 - 1997 жж. Маңғыстау, Үстірт мұражай-қорығында, облыстық экология және биоресурстар басқармасында қызметкер, орта мектепте мұғалім, өлкетану, туризм, ландшафт эстетикасы мәселелері саласында зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Оның шығармашылық қызметінің шырқау шегі - байырғы қазақ шежіресі мен әфсана аңыздарын, мифологиясын, тарихи этногенезін қамтитын «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе» (1997), «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» (2000), «Есен-қазақ» (2002), «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» (2003), «Арғықазақ мифологиясы» (2004), «Эстетика ландшафтов Мангистау» (2005), «Маңғыстаунама» (2006), «Қазақ даласы және герман тәңірлері» (2006), «Жауынгерлік рух кітабы» (2006) сынды еңбектері бар. [1, 385]
Бұл еңбектер қазақ ғылымында үлкен серпіліс тудырды. Әлем халықтарының мифтерін ғылыми талдаудан өткізген ол қазақ мифлогия ғылымын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. Ол ежелгі шығыстық: египеттік, қос өзендік(шумерлік,вавилондық, ассириялық, библиялық, т.б.), үнділік, қытайлық, парсылық, гректік, римдік, скандинавтық-европалық, славяндық мифтік жүйелерді салыстыра келіп, қазақ мифтерінің жүйе түрінде емес, аңыз- ертегілер, мақал- мәтелдер, тұрмыстық салт-жоралғылар, әдет-ғұрыптар мен эпос мазмұндарында, сөз тіркестерінде сақталғанына және олардың әлем мифтерімен ұқсастығына назар аударды. [2, 512].
Оның қиыр шеттегі, шалғай жерде өмір сүріп, тым қысқа ғұмырында тағдыр тауқыметін тартып, ертеңінің не боларын білмей, дәрменсіз ауру болса да,жазылудың жолын іздеп, бар мүмкіндігін тән саулығын түзетуге жұмсаудың орнына бар арман-аңсарын елінің ғажайып ертеңіне қызмет ететін, бүгінде ұмыт қалған өткен тарихын ашуға жұмсағанына таңданыс пен ризашылық білдіреді.
Шындығында, С.Қондыбай шығармаларын зерделей келе, оның қазіргі әлемдік тарихнама қолданатын жаңа әдістерді терең меңгергенін көруге болады. Сондай әдістердің бірі - пәнаралық тәсілді қолданған ол, жазба дәстүрі ұмытылған көшпелі қазақ халқының көне тарихының мифтік негізін ашып, лингвистикалық талдауға басты мән берді. XX-XXI ғғ., тоғысындағы әлемдік тарихнамадағы жаңаша тәсілдерді өз зертгеулерінде қолдануы және қазақ тарихы мен мәдениетін дүниежүзілік тарих пен мәдениетпен сабақтастыра зерделеуі оның шығармашылық, интеллектуальдық деңгейінің биіктігін дәлелдейді.
Зерттеуші қазақтың бай ауызша дәстүрі мен тілдік қорларындағы сөздер мен ұғымдар, түсінік - терминдер сырына үңіліп, қазақ тарихының арғы қатпарларының ежелгі өркениеттерден бастау алатынытуралы гипотезаны дәлелдеуге біраз еңбек сіңірді.
Бұл пікірдің дақпырт еместігін гуманитарлық ғылымдардағы соңғы ғылыми жаңалықтар аясында қарасақ, көз жеткізуге болады.
Қазір әлемдік тарихтың іргелі мәселелері қайта қаралуда. Батыс өркениеті дәріптеген евроцентристік, «арийлік» теорияларға негізделген «үндіевропалық тілдік жүйенің басымдығы» туралы тұжырымдар дағдарысқа ұшырауда. Осы тұрғыдан скиф, сармат тайпаларының «парсы тілділігі» (арийлігі) жөніндегі тұжырымдар қайта қаралып жатыр. С.Қондыбай зерттеулеріне тікелей қатыссыз, ғалымдар адамзат өркениетінің ортақ бастаулары туралы гипотезаларды ұсынуда. Мұның бәрі С.Қондыбай болжамдары мен тұжырымдарының негізссіз еместігін көрсетеді. Оның мол ғылыми мұрасын зерделеудің қазақстандық ғылым үшін, қазақ халқының рухани қайнарларының тұңғиығын түсіну үшін маңызы айрықша.
Дегенмен бұл мақалада С.Қондыбайдың қазақ ұлтының егіз атауы ретінде қолданылатын «Алаш» термині жөніндегі пікірлерін талдау мақсаты қойылады. Осыған орай, бұл мәселені зерттеген ғалымдар тұжырымдарын саралау арқылы С.Қондыбайдың қосқан үлесін айқындауға болады.
"Қазақ" этнонимінің синонимі - Алаш атауының шығу тегі жайлы тұжырымдар аңыздық бастаулармен тығыз байланысты. Ортағасырлық түркілік авторлар М.Х.Дулати, Әбілғазы хан деректері де, соларға сүйенген және халықтық ауызекі дәстүрге негізделген орыс шығыстанушылары - Аристов, А.И.Левшин, Г.Н.Вернадский, т.б., пікірлері мен қазақ ғалымдары Ш.Уәлиханов, М.Тынышбаев, Ш.Құдайбердіұлы, тіпті қазіргі қазақстандық тарихшылар пікірлерін салыстырсақ, ортақ негіздерді байқауға болады. Зерттеушілердің көбі Алаш этнонимін Алаша хан мәселесімен байланыста және оны тарихи тұлға ретінде қарастырады.
А.И.Левшин қазақтардың алаттар, сібір татарларымен туыстық, ортақ негіздерін көрсетіп, әртүрлі тарихи кезеңдерде бөлініп кеткен оларды біріктіруші, Алаша деген билеуші болғанын, оның тіпті Бұқараны да қосып алғысы келгенін жазады. Левшин халық арасында ауызекі сақталған аңызға сүйеніп, оның әскерлері негізінде қазақтың үш жүзі қалыптасқаны туралы тұжырым жасайды[3,147 б.].
Даңқты Рашид ад-Диннің «Жылнамасы» мен Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі» әлейім жұртшылыққа, әсіресе түркі қауымына ортақ тарихи шежіре саналады. Осы шежірелерде «Алаш» атауына қатысты деректер де бар. Мысалы, Рашид ад-Диннің «Жылнамасында» Нұһ пайғамбардың немересі ретінде Абулджа хан атты кісі есімі аталады .[4, 81]. Ал, Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресінде» де Нұх пайғамбардың ұлы Иафестің алтыншы ұрпағы Алынша хан туралы дерек келтіріледі [5, 13-14]. Белгілі этнограф Ж.Артықбаев бұл шежірелік деректерді талдай келе, Алынша ханға қатысты оқиғалар б.э.б III-II мыңжылдықта болған деп болжайды [6, 63].
«Алаш» атауының пайда болуын діни тұрғыдан түсіндірген Құрбанғали Халид «Алаш» атауының шығуы жөнінде: «Бағзылар хазіреті Анас(Әнес) әулетінен болғандықтан, Анастан Алаш болды деседі...»» [7, 56] десе,. М.Хайдар Дулати, Ш.Құдайбердіұлы деректерінде Алаша ханды Моғолстанның хан Жүніс ханның ұлы Сұлтан Ахмет деп келтіреді. [8,144], [9,23].
Қазақстандық тарихшылардың (Б.Кәрібаев, Ә.Хасенов) Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясындағы пікірлері де осымен орайласады: «Алаш (ежелгі түрік сөзі - бауырластар, қандастар, туыстар) - көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. Ортағасырлық және одан ерте кезеңдегі деректерде қазақтың өз алдына ел болып, хандық құрғанға дейінгі ежелгі тайпаларының ортақ атауы. Алаш аты тарихта кездесетін ең көне атаулардың қатарына жатады.
Моңғол-татар - қазақ шежірелерінде Алаш (Алашы) хан туралы айтылады. Кеген тас жазуында (б.з.д. IV ғ. шамасында) «Қаған алты бөріг алаш(а) ерті» деген жолдар, Алтай тауының Сібір жағында (Тува) Алаш атты өзен, Алаш атты тау сілемдері бар. Алаш атауы бүгінгі күнге дейін түрікмен, қырғыз, қазақ, ноғай, т.б. халықтардың есінде сақталған. Кеген тас жазуында «алты бөріг» («алты қасқыр») деген сөздің «алты алаш» мағынасын беретіні жөнінде (үйсін, қаңлы, қырғыз, хақас, татаб-татар, сяньби-ғұн тайпалары) ғылыми болжамдар бар[10, 248].
Осы пікірлерді саралай келе, С.Қондыбай ұлтымыздың алғашқы ұғымы «Алаш» атауының түбі түркілік терең дәуірлерде жатқанын қайталап қана қоймай, оны пәнаралық әдістермен дәлелдеуге тырысты. Қазіргі тарих ғылымы қолдана бастаған мифтерді, тарихи ұғымдар мен көне атауларды, текстерді лингвистикалық талдау арқылы халқымыздың тарихының ежелгі өркениеттермен сабақтастығына назар аударды.
Жалпы біз кеңестік кезеңде толыққанды дерек ретінде мойындалмай келген қазақ шежіресінің мәліметтерінің аңыз еместігінің бүгінде генетикалық зерттеулердің дәлелдеген айтуымыз қажет. Сондықтан зерттеуші Алащ этнонимін ғылыми сараптауда ауызекі дәстүр арқылы жеткен протоқазақтық этнонимдер Қалша Қадыр, Алаша хан, Алшын, Эфталит т.б атауларымен сабақтастырады.
С. Қондыбай қазақтың шежірелік түп-аталарының бірі - Қалша Қадыр мен аққу (қаз) құс кейпіндегі перінің қызы, перизаттан "Қазақ" атты ұл туғаны, ал одан Ақарыс, Жаңарыс, Бекарысдегенқазақтың 3 жүзінің аталар таралатыны туралы мифті талдай отырып, қазақ этногенезінде кеңінен қолданылатын Қадырбай атауының Қалша сөзімен тіркесіп айтылуының себебін түсіндіреді. Қалша" сөзі мен "Қалша"этнонимінің түркілер, оның ішінде, қазақтар үшін,түп-ата"болғанын және оның мифтік, ықылым замандармен байланыстылығын тұжырымдайды.
Ол Қалша Қадыр батырдың пері қызына үйленіп, балалы болу сюжетінің үнді халқының "Рамаяна" мен "Матвея Пурана"атты эпостарында кездесетіне назар аударады. Онда бір -бірімен жауласқан «Ай әулеті» мен « Күн әулеті» арасындағы соғыс жырланады. Сондағы Ай әулетінің» бірінші патшасы Пуруравас Айла да Урваши атты нимфаға (су перісі) үйленеді. С.Қондыбай Пуруравас Айла мен Қалша Қадырдың ұқсастығын көрсетіп қана қоймай, үнді эпостары сюжеттерінің Қазақстан мен Орта Азия арқылы өткен үндіарийлер ортасынан шығып, үнді эпосы мен қазақ мифтеріне негіз болған деген тұжырым жасайды[11,416]. Бұл протоқазақ бабалардың үндіарийлермен кездескенін дәлелдейді.
Сонымен қатар зерттеуші түп ата-Қалша есімінің матриархат дәуірінде пайда болғанын да тұжырымдайды. Протоқазақ этногенезіндегі Қалша" есімінің қазақтағы "келін", "келіншек", "қалыңдық", "қалыңмал", "қалжа" сияқты тек жас келіншектерге қатысты сөздермен түбірлестігін ("кал" праформасы) көрсете келіп, «Қалшаның" әубастатүп - ана болып, кейін (патриархатта-түп-ата болғаны туралы пікір ұсынады. Қалшаның түп аналығын ол «қалжа» сөзімен сабақтастырып, оның тек жас босанған келінге (әйелге) арналып сойылатын жас мал сорпасы ғана емес, осы келіндердің "пірі " болған қазақтарда - Қалша,әзербайжандарда, курдте - Хал, осман түріктерінде, түркмендерде, т.б - Ал атанған матриархат дәуіріндегі бастапқы анаға, тәңіриеге арналған садақа атауы дейді[12,696]
Серікбол Қалшаның түп-аналығын ол әйелдерге қатысты қолданылатын "қатын-қалаш" деген біріккен сөздегі "қалаш" сөзімен де байланыстырады. Бұдан қандай қорытынды шығады? Бұл протоқазақтық этнонимдердің сонау мифтік заманнан бастау алып, бүгінге жеткенін, яғни қазақ халқының тарихының ежелгі замандардан бастау алатынын көрсетеді.
Осы пікірді бекіту үшін орыс ертегілеріндегі - Калин царь туралы деректі, солтүстік Кавказ, осман түркілеріндегі халықтарында кең тараған Гелинжик атауы мен оның тәңірие болғандығы туралы мәліметтерді айтсақ та жеткілікті. Шындығында қазіргі Геленджик қаласының атауына негіз болған Калин тәңіриеге арналған конус түріндегі тас мүсіндерді көптеп кездестіреміз. Яғни Орыстың және Кавказдың түркілері, осетин, адыгей халықтарына ортақ Калин тәңіриенің көне замандарда прототүркі тайпаларына да ортақтығын көруге болады. Бұл үндіарийлік тілдік жүйеге кіретін осы орыс, осетин, адыг халықтары мен түркі халықтарының ортақ қайнарларының болғанын дәлелдейді. Осы тұрғыдан С.Қондыбай қазіргі қарабайырланған қазақ тілінің түп негіздері үндіевропалық, тіпті одан арғы гиперборейлік қатпарлармен байланыстылығын тұжырымдайды.
Зерттеуші қазақтың мифтік-шежірелік комплексінің ең басты тұлғасы- Алаша хан есіміне қатысты аңыздардың мифтік сипатын Халаш, Қалша этнонимімен сабақтастырады. Яғни "Алаш" сөзі XV ғ. қазақ боп құрылған ру-тайпалардың ең ежелгі замандардан бері атадан балаға ауызекі дәстүрмен жеткен түп-аталық атауы екендігін тұжырымдайды. Ол "Алаш", "Қалша" сөздерінің этимологиясы ортақ, мұнда да оның әйел тұрпаттылығы "Ал-әже" (Ал-ажа, Ал-аджа, Хал-аджа )сөздерімен түсіндіріліп, алапес баланы туатын әйел" образы, сірә, "Алаша" болған, кейін осы есім балаға қатысты айтылған деген пікір ұсынады.
Бұл орайда С.Қондыбай протоқазақ тайпаларының Ұлы Ана тәңіриеге сенген үндіевропалық тайпалармен сабақтастығын дәлелдеуге тырысады. Қазақты құраған тайпалардың өздерінің аңыз-мифтерінде, этногенезінде сақтап қалған Алаш атауының матриархат кезеңімен байланыстылығын негіздейді.
Зерттеуші Алаш этнонимінің көне түркі заманымен(УІ ғ.) сабақтастығы туралы өзіне дейінгі ғалымдардың пікірін ғылыми сараптайды. Ол Алаша ханның әкесінің — Абдулла аталуын да көне түркі тайпаларының бірі болған ақ ғұндар- эфталиттермен сабақтастырып, эфтал сөзіне этимологиялық, лингвистикалық талдау жасайды. "Эфтал" сөзінің ең қарапайым түсіндірмесі - "жеті ал" түсінігінің мифтік-шежірелік ұғым болғанына назар аударады. Яғни эфталиттер немесе оның билеуші руы өздерін "ерекше жаратылған, асыл тұқым" - "Жеті-ал" - "Эфталдан" таратқан, солардың тікелей ұрпағы деп есептеген.
Бұдан шығатын басты қорытынды - ортаазиялық ортада осы "жеті кейіпкерге" байланысты арнайы шежірелік-мифтік культ болған. Осыны жаңа әулет өздерінің әулеттік-рулық, кейін мемлекеттік атауы ретінде алған. Қондыбай пікірінше, Алаша ханның әкесінің "Абдул-Эзиз" немесе "Абдулла" есімі де осы «жеті ал» - "иеті ал"-"эфтал"-"абдал" атауымен байланысты. Тарихи аңыз бойынша, Абдул-Әзиз (Абдулла) хан өзінің "алапес" болып туған баласын Сырдария өзеніне себетке салып ағызып жібереді. Кейін Сырдың төменгі ағысында, Арал маңында ержеткен Алаша бала сол жерде ұйымдасқан әскери қауымның топ басшысы, ханы болып шығады. С. Қондыбай эфталит-хиониттердің бастапқы ордасының Арал маңында, Амудария мен Сырдарияның төменгі ағыстары өңірінде пайда болғандығы жөнінде ғылыми жорамалды келтіріп, осы тұстағы үш бірдей сәйкестікке назар аударады:
- Алаша ханның мемлекет құратын жері мен Эфталиттердің мемлекеттігінің бесігі болған жердің бірдей екендігі. Ол - Арал-Сыр аймағы.
- Алаша ханның әкесі "Абдулла" немесе "Абдул" есімі мен "эфтал" сөзінің бірдей мағына беретіндігі. Яғни Алаш шежіресі мен эфталит билеушілерінің ықтимал шежіресінің типологиялық тұрғыдан бірдей болуы.
- Алаша-Алаш есіміндегі "ал" сөзінің "эфталит" этнонимінде де негізгі сөз жасаушы болу.
Осыған орай зерттеуші қазақтың "Алаша ханы" туралы аңыздың XIV ғасырда пайда болып, XV-XVII ғғ., дейін сақталған аңыздық нұсқаларының I-VI ғғ., аландар мен эфталиттермен байланысты деген тұжырым жасайды. Бұл тағы да протоқазақ этногенезінде арийлік тайпалар жатқандығын тағы да дәлелдейді.
Әдебиеттер тізімі:
- Маңғыстау энциклопедиясы, Алматы, 1997. 385 б
- Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. -Алматы:Дайк - Пресс.2004.512 б.
- Левшин А.И. «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» Алматы-1996. 147 б.
- Рашид ад-дин.. Сборник летописей. Т.І. кн. 1. Москва-Ленинград. Издательства АН СССР, 1952. с 81
- Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 13-14 беттер
- Артықбаев Ж.О. Историческое наследие М.Ж.Копеева. Павлодар. 2004. с 63
- Құрбанғали Халид. «Тауарих Хамса». Алматы. «Қазақстан». 1992. 56 б
- Дулати М.Х. «Тарих-и Рашиди» Алматы-2003. 144 бет
- Құдайбердіұлы Ш. «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі». Алматы-1991. 23 бет).
- Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. T.l, - Алматы. 1998. - 248 б.
- Қондыбай С. Жауынгерлік pyx кітабы. Алпамыс ғаламы.// т.ш.ж. 8 т. Алматы. «Арыс» баспасы. 2008. -416 б.
- Қондыбай С. Гиперборея. түс көрген заман шежіресі. Т.ш.ж. 6 том. Алматы : Арыс. 2008. 696 б.