Қытай халық республикасының оңтүстік шығыс азия аймағындағы сыртқы саясаты

Аңдатпа

Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде Оңтүстік-Шығыс Азия елдері маңызды факторлар болып табылады. Экономикалық жағынан қарқынды дамып келе жатқан аталмыш елдер әлемдік орталықтардың негізгі нысанына айналып отыр. Осындай ірі орталықтың бірі болып табылатын Қытай Халық Республикасы Азия-Тынық мұхит аймағының көшбасшысы болып табылады. Қытай саяси және экономикалық үрдістерге белсенді қатысып қана қоймай, аймақтың даму бағытын және негізгі саясатын айқындаушы ел қатарына жатады. Осыған байланысты берілген мақалада Қытай Халық Республикасының Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне қатысты саясатына талдау жасалынып, аймақтағы Қытайдың геосаяси мүдделері қарастырылады.

Алып екі - қытай және үнді өркениет ошақтарының қиылысында орналасқан Оңтүстік-Шығыс Азия (ОША) елдері бірнеше ғасырлар бойында аталған елдердің ықпалының аясында дамып келді. Erep де жаңа заман тарихы кезеңдерінде Индонезия және Малайзия мемлекеттері дүниежүзінің картасында әлі де туындай қоймаған болса, Үндістан, Вьетнам, Лаос, Камбоджа XIX ғасырда батыстық отарлық империялардың бөлігі ретінде саналды. Осы мәселеге байланысты Қытай және Оңтүстік Шығыс Азия елдері арасындағы мемлекетаралық қатынастар 1949 жылдан кейін Қытай Халық Республикасы жарияланғаннан кейін бастау алады. Сондықтан да Қытай Халық Республикасының Оңтүстік Шығыс Азия аймағындағы сыртқы саяси бағытын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады.

Бірінші кезең - бұл XX ғасырдың 50 жылдары мен 70 жылдарының аралығындағы уақыт. Аталған уақыт аралығында Қытай Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі ықпалын арттыру саясатын жүргізді. Аймақ елдері және Қытай арасындағы шекаралық мәселелер шиеленісе түсті. Қытай карталарында Оңтүстік Шығыс Азия елдері Қытайдың территорияларына енгізіліп, Пекин ОША елдеріне қатысты картографиялық агрессиясын жүргізді. 1950 жылы коммунистік Қытайдың картасы шығарылып, мұнда Бирма құрамына кіретін Качин автономиялық мемлекеттің басым бөлігі және бірнеше теңіз аралдары Қытай территориясы ретінде белгіленді.

Аталған кезеңдегі Қытай Халық Республикасының Оңтүстік - Шығыс Азия аймағындағы үстемдікке ұмтылуының стратегиялық астарында Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде коммунистік партияларды құрып, оларға астыртын қолдау көрсету болды. Бұл кезеңде Пекин аймақтағы елдердің коммунистік режимдеріне көмек көрсету арқылы аймақта Қытайдың үстемдігін орнатуға ұмтылды. ОША елдеріне қысым көрсетіп, олардың саяси режимдерін мойындаудан бас тартқан Қытай елі тек қана Вьетнам Демократиялық Республикасына қатысты бейбіт саясат ұстанды. Дегенмен, Вьетнамның Каобанг провинциясындағы вьетнамдық таулы территорияларды иемденуге ұмтылыс жасап, 1974 жылы ҚХР әскерлері Парасель аралдарынан Вьетнам шекарашыларын ығыстыра отыра сол территорияларды толық иемденді. Осы жылы Қытай ресми түрде Вьетнам үміт артып отырған - Спратли архипелагына қатысты өз талаптарын жариялады. 1979 жылы 30 күндік Қытай-Вьетнам (ақпан - наурыз) соғыс барысында Вьетнамдық Лоангшон провинциясының жерлеріне көз тіккен [1,62].

Ал 1950 жылы Британ отары болып саналатын Малайзияға қатысты Қытайдың саясатының астарын, сол кезеңде орын алған Малайзияның коммунистік партизан қозғалысын бастаған жергілікті қытайлықтар - «хуацяо» екендігінен аңғаруға болады.

Бирма елі социалистік емес елдердің ішінен бірінші болып Қытай Халық Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанымен, Қытай елі бирмалық коммунистерге қолдау көрсетіп, Рангунде Бирма үкіметіне қарсы шығып, партизандық күрес жүргізген бирма коммунистеріне астыртын қолдау көрсетті. Сингапур елімен де бұл кезеңде Қытайдың қарым-қатынастары күрделі болды. Сингапур елінің үкімет басшысы Ли Куан Ю этникалық қытай болғанымен идеялық тұрғыда ол коммунизм идеясына қарсы болды. Осыған байланысты екі ел арасында толыққанды байланыс орнатылмады. Таиланд және Филиппин елдерінің де Жапониямен ынтымақтастықты ұстанған жэне CEATO блогына енген мемлекеттер ретінде Қытаймен қарым - қатынасы оң бағытта дамымады (Малетин).

Индонезия және Қытай арасында 1950 жылы дипломатиялық қатынастар орнатылғанымен, 1966 жылы Индонезия Компартиясы жойылған мерзімнен бастап үзіліп, тек XX ғасырдың 80 жылдарында ғана екі ел арасында қайтадан дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылған.

Камбоджа - Қытай арасында король Сианук кезеңінде оң бағытта дамыған. Ал 1970 жылы Камбоджадағы әскери төңкерістен кейін Қытай «қызыл кхмерлерді» - камбоджалық коммунистерді қолдады.

Қытайдың мұндай экспансиялық саясатынан қорғану үшін ОША елдері 1967 жылы аймақтық он елден құралған өңірлік саяси, мәдени және экономикалық Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассоцияциясы АСЕАН ұйымын құрды. Аймақ елдерінің сыртқы саяси бағытында бұл кезеңде Қытайға қарсы бағыттар басым болды. 1967 жылы Филиппин елінің сыртқы істер министрі өз елі үшін қауіп Қытайдан туып отырғандығын мәлімдеген болатын [1, 80].

Оңтүстік-Шығыс Азия елдері АСЕАН ұйымының шеңберінде Батыс елдері тарапынан едәуір экономикалық көмек алып, елде ішкі реформалар арқылы саяси жүйелерін де жаңғыртумен айналысты. Бұл әрине аймақ елдерінің ұстанымын арттырып, олар халықаралық қатынастардың жаңа қатысушылары ретінде саяси аренаға шықты. Америка Құрама Штаттарының қолдауының нәтижесінде аймақ елдері армия құрып, Қытайға қарсы тұратындай мүмкіндік алды. Мұндай саяси оқиғалар Қытайдың аймақта бірінші кезеңде жүргізген саясатының тиімсіздігін көрсетіп, Қытайдың аймақ елдеріне қатысты сыртқы саяси бағытын өзгертуіне тура келіп, Қытай Халық Республикасы аймақ елдерімен қарым-қатынасындағы екінші кезеңге көшті [2,12].

Екінші кезең - XX ғасырдың 70 жылдарынан бастап 90 жылдарына дейінгі мерзімді қамтиды. Америка Құрама Штаттары және Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым - қатынастың жақсаруы және Р. Никсонның «Гуам доктринасынан» бас тартуының нәтижесінде АСЕАН елдері де Қытай Халық Республикасымен ресми қатынастар орната бастады. XX ғасырдың 70 - ші жылдары Қытай Халық Республикасы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің барлығымен дерлік дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. (1974 жылы Малайзия, 1975 жылы Таиланд, 1975 жылы Филиппин).

XX ғасырдың 80 - ші жылдарында аймақ елдері және Қытай арасындағы өзара байланыстар жаңа қарқын ала бастады. 1980 жылдың күзінде Таиланд премьер- министр! Прем Тинсуланон және Сингапур премьер-министрі Ли Куан Ю Қытай еліне ресми сапарлармен келді, 1981 жылы Қытай Сингапурмен сауда өкілдіктерін ашу туралы келісімге қол қойды. 1981 жылы АСЕАН елдеріне Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің басшысы Чжао Цзыян ресми сапарын жасады [3, 71].

1988 жылы қараша айында Таиландқа ресми сапары барысында премьер- министр Ли Пэн Қытай Халық Республикасы және Оңтүстік Шығыс Азия елдері арасындағы өзара қатынастың төрт қағидатын тұжырымдады. Ол бойынша:

  1. Бейбіт қатар өмір сүру принциптеріне деген мызғымастық.
  2. Аймақта гегемонизмге жол бермеу.
  3. Экономикалық қатынастарда теңдік және өзара пайда қағидатын ұстану.
  4. Халықаралық істерде тәуелсіздікті құрметтеу, өзара құрмет, тығыз ынтымақтастық және өзара қолдау көрсету [4,125].

Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қалыптасқан саяси режимдерді мойындағанымен, аталмыш елдерге әскери-саяси қысым көрсете отыра аймақтағы барлық саяси үрдістерге Қытайдың қатысуын кеңейте түседі. Аталған кезеңде барлық Парасель аралдары, Спратли аралының басым бөлігі Қытайға өтті.

XX ғасырдың 80-ші жылдарында бетбұрыс алған аймақ елдерімен Қытайдың қарым қатынасының жақсару үрдісі 90-шы жалдарда өз жалғасын тауып, қарқынды түрде дами түсті. 90 жылдары Қытай көршілес жатқан аймақ елдеріне күш қолдану тактикасынан бас тартып, «жұмсақ күш» стратегиясын қолдана бастады. Мұнда Қытай үшін ең маңызды буын Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі этникалық қытай халқына «Хуацяо» сүйену орын алды. Қытайдың дипломатиялық мазмұнында экономикалық және жария дипломатия мәселелері айқын көрініс тапты. Оңтүстік- Шығыс Азия елдерімен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған шаралар кешені шетел ғылыми әдебиеттерінде жұмсақ түрде ену «charm offensive» атқа ие болды [5, 65].

1990 жылы Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік Кеңесінің басшысы Ли Пэн аймақ елдеріне дипломатиялық турне жасап, Индонезия, Филиппин, Малайзия және Лаос елдеріне ресми сапармен барды. 1991 жылы ҚХР сыртқы істер министрі Цянь Цичэнь АСЕАН елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысты.

1990 жылы 8 тамыздан бастап кезінде үзілген Индонезия және Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастар қалпына келтірілді. Осыған байланысты Ли Пэн 1990 жылы тамыз айында Джакартаға ресми сапармен барып, осы жылдың қараша айында Пекинге Индонезия президент! Сухарто ресми сапармен келген болатын.

1990 жылдан бастап ҚХР жэне АСЕАН ұйымы арасында да қарым -қатынас оң бағытта дами бастады. 1991 жылы шілде айында Қытай бақылаушы мәртебесіне ие болып, 1994 жылы АСЕАН елдерінің жыл сайынғы сыртқы істер министрлерінің конференциясына Ассоциацияның кеңес мәселелері бойынша әріптесі ретінде қатысты. Осы жылы Қытай АСЕАН қауіпсіздік бойынша аймақтық форумына да қатысты. 1995 жылдан бастап ҚХР бастамасымен саясат және қауіпсіздік мәселелері бойынша жыл сайынғы кеңес өткізіле бастады.

Үшінші кезеңде, яғни қазіргі таңдағы аралықты алатын болсақ, Қытай аймақ елдерімен ынтымақтастық және интеграция саясатын ұстанып отыр. Мұнда Қытай елінің басты саяси мүдделері Оңтүстік Шығыс Азия елдерін бастапқыда экономикалық мәнде, кейіннен саяси тұрғыда «Үлкен Қытай» әлеміне (Pax Cinica) шоғырландыру болып табылады. Бұл саясатты Қытай елі 90 жылдардың соңынан бастап 2000 жылдарға дейін қарқынды түрде жүргізді. Дегенмен 2006-2007 жылдары бұл саясат тиісті нәтижесін бермегеніне байланысты Қытай аймаққа қатысты сыртқы саясатына бірқатар өзгерістер енгізуде. Сондықтан да қазіргі кезде ҚХР көршілеріне қатысты саяси бағытында күшпен қысым жасау тактикасы орын алып отыр. Бұл мәселе әсіресе Оңтүстік-Қытай теңізіндегі қақтығыстардан ерекше білінеді. Күш арқылы қысым жасау саясатымен қатар, экономикалық интеграция және еркін сауда аймаған дамыту арқылы Қытай Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің маңызды сауда әріптесіне айналды.

Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы Қытай Халық Республикасының Америка Құрама Штаттарымен бәсекелестігі мәселесіне келетін болсақ, Америка үнемі Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері арасындағы территориялық дауларға араласып келеді. Мұндағы Американдық саяси мақсат, Қытайдың аймақтағы қарқынды түрде дамып келе жатқан ықпалына шектеу қою [6].

«Синьхуа» ақпараттық агенттігінің Азия-Тынық мұхиттық бюросының меңгерушісі Цзюй Мэнцзюн өзінің Азиядағы жағдайға байланысты жасаған мәлімдемесінде, АҚШ азиялық державалар арасындағы өзара істерге қол сұғумен айналысып отыр, бұл 2010 жылы қыркүйек айындағы Дяоюйдао (Сенкаку) аралдарының жанында қытай кемесін Америка тарапынан басып алу, 2010 жылғы наурыз айында оңтүстік Коряның «Чхонан» корветіне жасалған оқиғалардан көрінеді, деп мәлімдеді. [7,18].

Қытай зерттеушісі Хуан Жэньвэй өзінің «Геосаяси теориялардың эволюциясы және Қытайдың бейбіт даму жолы» еңбегінде АҚШ - тың негізгі мақсаты Пекиннің теңіз державасы мәртебесіне айналмауын көздеу, бұл екі ел арасындағы маңызды қайшылық деген пікірін ұсына отыра, ҚХР геосаяси бағытының негізін қалайтын қағидаттарды ұсынады:

  1. Пекин барлық геосаяси теориялардың теріс бағыттарынан сақтануы қажет.
  2. Түрлі геосаяси бағыттардың мүдделеріне төтеп беруі қажет.
  3. ҚХР геосаяси теориялардан өзгеше, өзіндік Қытайдың бейбіт түрде алға жылжуын қамтамасыз ететін геосаяси бағытпен жүруі қажет. [8,65].

Сонымен мақаланы қорытындылай келе төмендегідей қорытындылар жасауға болады:

Қазіргі таңда Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында Қытай Халық Республикасы көшбасшылық рольге ұмтылып отыр. Пекин аймақтық экономикалық және саяси кеңістік құруға ұмтылуда. Мұндай саясаттың негізгі мақсаттары төмендегідей болып табылады:

  1. Қытайдың басшылығымен ОША елдерінің жабық экономикалық қауымдастығын құру және аймақтан негізгі бәсекелестер - АҚШ және Жапонияны ығыстырып шығару.
  2. АСЕАН елдері есебінен Қытай тауарларын өткізу үшін нарықты кеңейтіп, ОША елдерінің шикізат қорларына бақылау орнату.
  3. Үндіқытай елдері арқылы АҚШ Батыс жағалауы және Парсы Шығанағы мен Шығыс Африка елдерінен тасымалдау жүйесін құрып, ол шептерге Қытай тарапынан бақылау орнату.
  4. Қытайдың аймақта үстемдік орнатуға деген ұмтылысы орта ғасырдан бастау алатын тарихи қалыптасқан дәстүр және аймақ елдерінің ойынша Қытай бұл дәстүрлерден бас тартқан емес, тек қана оның нысаны мен ықпал ету түрлері заман талабына орай өзгеріп келеді.
  5. 25 миллиондық қытай диаспорасы Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің экономикасында елеулі орын алады. Осыған байланысты АСЕАН елдері қытай имигранттарының ассимилияциясына алаңдаушылық білдіреді.
  6. АСЕАН елдері Үндіқытай және АСЕАН елдері арасындағы қақтығыста Қытайдың бітімгершілікке деген ұмтылысын, осы тұрғыдағы саясат арқылы аймақ мемлекеттерінің саясатына ықпал жүргізуге деген стратегиясы деп түсінуге болады.

4. Дегенмен аймақ елдері Қытайдың маңызды сауда әріптесі екендігін және сауда ынтымақтастық аймақ елдері экономикалық пайда келтіретіндігін мойындайды.

5. Аймақ елдері Қытайды өзінің территорияларын Оңтүстік-Қытай теңізіне қарай жылжыта отыра, біртіндеп жаңа аралдарды жауалап ала отырып, АСЕАН елдерінің территориясына жақын жерлерде өз бақылауын орнатуға ұмтылған экспансиониста күш деп таниды.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Мосяков Д. В. Политика Китая в Юго-Восточной Азии: от прошлого к настоящему. - M.: Институт востоковедения РАН, 2012. - 220 с.
  2. Ся Липин. О формировании теоретической системы внешней политики с китайской спецификой // Китайские политологические оценки некоторых теоретических и практических аспектов современной ситуации в мире и межгосударственных отношений. M.: ИДВРАН, 2011. - 512 с.
  3. Чан Хьеп. История Ассоциации государств Юго-Восточной Азии (АСЕАН) 1967 - 2000 гг. M., 2002. - 184 с.
  4. Малетин Н.П. АСЕАН и проблемы безопасности в Азиатско - тихоокеанском регионе //Региональные подсистемы и региональные проблемы международных отношений - M., 2002. - 453с.
  5. Denny Roy. "Southeast Asia and China: Balancing or Bandwagoning?"// Contemporary Southeast Asia Studies. - Vol. 27. - No. 2. - P 63-82
  6. China warms to code of conduct on South China Sea dispute // Channel NewsAsia. URL:http://www.channelnewsasia.com
  7. Юань Пэн. Стратегический взгляд на развитие китайско-американских отношений в будущем мире // Современные международные отношения (по случаю 30-летней годовщины KACMO). Пекин. 2010. Экспресс-информация. № 7. -M.: ИДВ РАН, 2010. - 263с.
  8. Юань Пэн. Стратегический взгляд на развитие китайско-американских отношений в будущем мире // Современные международные отношения (по случаю 30-летней годовщины KACMO). Пекин. 2010. Экспресс-информация. № 7. -M.: ИДВ РАН, 2010. - 263с.
Жыл: 2016
Қала: Атырау
Категория: Тарих