Математикадан факультатив сабақтарды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі формалары мен әдістері

Аңдатпа

Бұл мақалада жалпы білім беретін мектептерде математика пәні бойынша факультатив сабақтар ұйымдастырылуы кезінде сол сыныптағы пән мұғалімі мен үйірме жетекшісі арасында алдымен тығыз қарым-қатынас орнауы тиіс екендігі, сондықтан оқушының пәннен байқалған қызығушылығын факультативтік сабақтарда дамыта түсу мақсатында бағытталған тапсырмалар қамтылса тиімді болатыны айтылған.

КІРІСПЕ

ХХІ ғасырдың жан-жақты зерделі, дарынды, талантты адамын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында. Білім мен ғылымның Қазақстан дамуына оңтайлы әсер ету үшін дүниежүзілік кеңістігіне ену, білім беруді одан әрі жаңашылдандыру, оқыту жүйесін заман талабына сай үйлестіре алу міндеті туындап, білімге, бүкіл оқу-әдістемелік жүйеге жаңа талаптар қойылуда. Осы тұрғыдан алғанда мұғалімге білім берудің тиімді жолдарын қарастыру, таңдай білу еркіндігі тиіп отыр. Қай кезеңде, қай заманда болмасын мектептегі басты тұлға мұғалім десек, дүниежүзілік даму деңгейінен кем түспейтін, иық тірестіре алатын, алған білімі мен тәрбиелік қазынасын туған еліне, адамзат игілігіне жұмсай алатын қазақтың ой-танымының иесі, саналы азаматты жетілдіруге үлес қосатын математика пәнін оқу үдерісімен қатар оны ұйымдастырушы мұғалімге жауапты міндет жүктейтіні баршамызға аян. Сондықтан қазіргі кезінде білім берудегі негізгі мақсат жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік талғамы бар, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастырумен қатар уақыт талабына сай оқыту үдерісін жетілдіру. Сабақ сапасы мен білімділігін арттыру - әр мұғалімнің басты міндеті.

Қазіргі таңда қоғамды дамыту үшін мектептің алдында тұрған негізгі міндеттерінің бірі - оқушылардың шығармашылық қабілеттерін барынша ашып, толыққанды қоғам құруға өзінің бар мүмкіндігін жұмсайтын шығармашылық қабілетті жеке тұлға қалыптастыру. Сондықтан математиканы оқытуда оқушыларға оқу материалын есте сақтау ғана емес, осы материалды шығармашылықпен қолдану шеберлігін қалыптастыруға көп көңіл бөлінеді.

Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру. Қазіргі кезеңде еліміздің білім беру жүйелерінде қайта құру жүріп жатыр, білім жүйелерінің жаңа ұлттық моделі құрылуда. Осы бағытта жүргізіліп жатырған жұмыстардың негізгілерінің бірі жалпы білім беретін мектепте математика ғылымы негізінен берілетін білімді қайта жаңарту болып табылады. Осыған орай математка пәнін тереңдетіп оқытумен бірге, негізгі алған білімді жүйелеуге факультативтік сабақтар жүргізудің әсері зор және әр түрлі деңгейлі сайыстарда өз нәтижесін беріп жүр [1. 332-333] .

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Математика пәні бойынша факультативтік сабақтарды ұйымдастыру арқылы қабілетті оқушылармен жұмысты жандандырудың мүмкіндігі мол.

Факультативтік сабақтар дегеніміз – оқушылардың білімін кеңейту және тереңдету, олардың оқуға деген қызығушылығын қалыптастыру, ойлау қабілетін дамыту мақсатында жүргізілетін сабақтар.

Мектепте математканы оқыту тиімділігін арттыру мәселелері және олардың әдістемелік аспектілерін отандық ғалымдар А.Е. Әбілқасымова, Б. Баймұханов, М.Ж. Жадрина, Е.Ө. Медеуов, Ә. Тәжмағамбетов, А. Көбесов және т.б. жұмыстары танысуға болады.

Группалар теориясымен негізінен А.Г. Курош, М. Холл, М.И. Каргополов, Ю.И. Мерзляков, О.В. Богопольский, П.С. Александров айналысқан.

Көптеген математиктер түрлі математика салаларын біріктіретін байланыстар мен негіздерді іздестіру үстінде. Математиканың қазіргі кезеңдегі осы жағдайы қалай болса да мектеп математикасына әсер ететіні сөзсіз. Дегенмен, елеулі кемшіліктердің бірі математиканы біртұтас ғылым ретінде біріктіретін оның көптеген идеялары мен әдістерінің мектеп математикасында анық көрсетілмеуінде. Сондықтан мектеп математикасында оның басын біріктіретін идеялар мен негізгі әдістер, оқу бағдарламаларын жасауда басты орынға көтерілуі керек. Іргелі ұғымдар, олардың арасындағы тығыз байланыстар, тәуелділіктер мектептегі математика курсының өзегі болуы тиіс. Көптеген ұғымдар мектепте оқытылғанмен әлі де болса мектептегі математка курсының біріктіруші өзегі міндетін атқара алмай отыр.

Қазіргі кезде факультативті сабақтарды ұйымдастыру, шындығына келгенде, дәстүрлі сабаққа ұқсап кетіп жатады. Өйткені, педагог факультатив сабақтың күнтізбелік жоспарын жасақтамас бұрын, ол тақырыптың маңыздылығы және оның әрбір бөліміндегі тақырыпшаға аса мән бермейді. Факультатив күнделікті сабаққа ұқсамағаны жөн, оқушының шығармашылығын, ойлау қабілетін дамытатын сабақ болғаны дұрыс. Зерттеу тақырыбымның өзектілігі де осы қажеттіліктен туындап отыр [2. 32-33] .

Факультатив сабақтарының негізгі мақсаттары:

  1. Оқушылардың математика пәнінен білімдерін тереңдетіп, кеңейтіп дағдыларын қалыптастыру;
  2. Оқушылардың математикаға деген қызығушылығын арттырып қабілеттерін дамыту;
  3. Оқушылардың математикалық ойлау қабілеттерін қалыптастыру және дамыту;
  4. Оқушылардың келешектегі кәсіби бағдарлауын анықтау;
  5. Оқушыларды бітіру емтихандарымен ҰБТ-ге дайындау.

Мектептегі факультативтік сабақтардың мақсаты – оқушылардың математикалық білімдерін одан әрі тереңдету, қабілетін дамыту, математиканың сан алуан қолданымдарын көрсету, олардың пәнге ынтасын арттырып, кәсіптік бағдар беру. Бүгінгі таңда математиканың факультативтік сабақтары енгізіліп, оқушылардың жалпы математикалық даярлығын арттыруда ерекше орын алады. Факультативтік сабақтарды оқытудың әдістері мен тәсілдерін таңдағанда, алдымен курстың мазмұнын, оқушылардың дайындық деңгейін, олардың бағдарламалық материалдарға ынта-ықыласын ескерту керек. Сонымен бірге олардың ой-өрісі мен дербестігіне де назар аударған дұрыс. Әдетте факультативтік курстардың дәріс, әңгімелеу, практикалық жұмыстар, қосымша әдебиет бойынша тапсырмаларды талқылау, оқушылардың баяндама жасауы, реферат жазу, экскурсия ұйымдастыру сияқты формалары мен әдістері кең пайдаланылады. Факультатив курсының кейбір материалдары дәріс түрінде өтілуі мүмкін. Дәріс барысында оқушылармен жеке мәселелер бойынша, қайсыбір ұғымның пайда болуы, оны дамытуда белгілі бір ғалымның қосқан үлесін, проблеманың есептүрінде қойылуын қысқаша әңгімелеудің рөлі зор. Факултативтік курстың маңыздылығын арттыру жолдарының бірі – практикалық жұмыстар орындау. Сабақтың бұл түрі оқу процесін білімді іс жүзінде қолданумен ұштастыруға жол ашады. Мұнда мұғалім ең алдымен оқушыларды практикалық жұмыстың мақсатымен, жұмыс істеу тәртібімен таныстыруы, қажетті нұсқаулар берілуі тиіс. Берілетін практикалық тапсырмаларды жеке ерекшеліктеріне қарай берген дұрыс, ал жұмыс нәтижесін күллі топтың қызметі ретінде бағалау керек.

Факультатив сабақтар арнайы болғанымен, оны әдеттегі сабақ сияқты өткізуге болады. Сабақтардың жеке сабақ кестесі жасалып, оған қатысатын оқушылар сабақтан қалмауын қадағалауы тиіс. Факультатив сабақтарда сұрақ- жауап болғанымен күнделікті бағалар қойылмайды, бірақ толық курсын біткен соң оқушылар сынақ тапсырулары тиіс.

Факультативті ұйымдастырудың негізгі формалары болып оқушылардың оқу- танымдық іс-әрекеттерін дамыту болып табылады. Оны іске асыру үшін оқушылар курстың негізгі түйінді мәселелерін түсініп, оларға дәріс, семинар, әңгімелесу, пікір таластар жүргізіліп, есептерді шығаруды үйретіп, баяндамалар, математикалық шығармалар және сан түрлі тапсырмалар берілуі керек. Факультатив сабақтарында оқушыларға еркіндік беріп, олардың өзіндік жұмыстарын көп орындауын қадағалау керек. Ол үшін оқушыларға қосымша әдебиеттерді кеңінен пайдаланып, іздену жұмыстарына үлкен көңіл бөлу қажет. Оқушылардың қиындатылған есептерді талқылап түсіндіріп, шешімін табуды үйрету – факультативті сабақтың негізгі мақсаты [4.648].

Факультативтік сабақтың тағы бір мақсаты оқушыларды оқыту емес оларды оқуға үйрету. Осыған байланысты факультативтік сабақтың құрылымын анықтап алу керек. Ол үшін факультатив сабақ жүйелі бірізді жеңілден қиынға біртіндеп көшу керек болады. Әрбір жеке тапсырма тек сол тапсырманы орындайтын оқушыға ғана пайдалы болып қалмай, басқа оқушыларға да пайдалы болуы тиіс.

Факультатив сабақтарды өткізуде келесі жағдайлай ескерілгені жөн:

  • факультативтік сабақтар әдеттегі сабаққа ұқсамауы тиіс;
  • үлгермеуші оқушылар үшін қосымша сабақ, түріне айналмауы тиіс;
  • жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерді даярлайтын (репетиторлық) сабаққа немесе жоғары оқу орындары түріндегі лекция курсына айналмауы тиіс;
  • үйірме сабақтардың белгілі бір формаларын көшірмеуі тиіс.

Факультативтік сабақтар кейде пәндік үйірмеге ұқсап кетуі мүмкін. Себебі, үйірме жұмысы да, факультативтік курстар да оқушылардың қызығушылығы, ынта- ықыласы негізінде ұйымдастырылады. Осыған байланысты үйірме жұмысы мен факультатив сабақты ажыратудың кажеті шамалы деген кері пікір туындауы мүмкін. Факультативтің үйірмеден айырмашылығы – мұнда оқу белгілі бір бағдарламамен жүйелі түрде жүргізіледі.

Факультатив сабақтар мен тығыз байланысты сыныптан тыс жұмыстардың бір түрі математика пәні бойынша өтетін олимпиада. Оқушыларды олимпиадаға дайындау барысында олимпиадалық есептерді талдаған дұрыс, себебі, мұндай талдау оқушылардың олимпиадалық есептердің түрлерімен таныс болып, оны шығарудағы өз күшіне деген сенімін арттырады. Факультатив сабақтарды олимпиадалық есептерді шығарудың әдіс-тәсілдерін талдау практикасына айналдырған тиімді.

Математика сабақтарында ауызша есептеу оқушының логикалық ойлауын дамытады, математикаға қызығушылығын арттырады, тыңдай білуге, байқағыштыққа, шапшаң есептеу дағдыларын қалыптастырады. Оқушылардың ойлау қабілетін дамытып, әрі пәнге деген қызығушылығын арттыратын жұмыс түрі логикалық ойын есептері.

Қызығу танымдық іс-әрекеттің қозғаушы күші оқушының қызығу жәрдемімен оқып үйрену барысында қабілеті, дарыны ұшталады. Ауызша есептеу оқушының логикалық ойлауын дамытады, математикаға қызығушылығын арттырады, тыңдай білуге, байқағыштыққа, шапшаң есептеу дағдыларын қалыптастыруға итермелейді.

Қазіргі кезде мектеп тәжірибесінде сабақтың қалыптасқан дәстүрлі түрлерінен басқа дәстүрсіз түрлері де пайда болуда. Ол, әрине қоғамның жаңару, жетілдіру жағдайында білім беру саласын реформалаумен тығыз байланыста іске асуда. Оқыту жұмысын ұйымдастырудың мұндай дәстүрсіз түрлері көбінесе оның жеке әдістеріне негізделіп құрылуда.

Оқыту жұмысын тек сабақ арқылы ұйымдастыру мүмкін емес. Сыныптық сабақ жүйесінің негізгі кемшілігі – оқушылардың дара ерекшеліктерін дамытуға жеткілікті мүмкіндіктердің болмауы – оқытуды ұйымдастырудың басқа жолдарын іздестіруге себеп болады. Сондықтан оқушылардың өзіндік шығармашылық белсенділіктерін, қабілеттерін арттыру мақсатында оқыту жұмысын ұйымдастырудың қосымша түрлері қолданылады.

Заманның талабына сай мектеп бағдарламасында математка пәні мазмұнының күннен күнге күрделене түсуі – көлемінің өсуі және оған бөлінетін уақыт мөлшерінің жылдан жылға кемуі мен пән мазмұнын оқушылардың аз уақыт ішінде шығармашылықпен қарқынды меңгеруінің қажеттілігі арасында қарама қайшылық туындап отыр.

Қазіргі математика оқулығының басты ерекшелігінің бірі – оның әрбір сабаққа лайықтанған материалы, негізінен алғанда, төрт текті жаттығулардың тобынан тұрады. Солардың бірі балалардың шығармашылық логикалық ойлау іс- әрекетіне бейімдеу мақсатын көздейтін, оқулықтағы арнайы шығармашылық логикалық жаттығулар. Осы шығармашылық жаттығуларды орындау икемділігін бағдарлама талаптары деңгейінде орындау барысында көптеген кемшіліктер көрінеді.

Көбінесе осы шығармашылық логикалық жаттығулар үздіксіз орындалмай жатқаны белгілі. Кейбір мұғалімдер шығармашылық жаттығу міндетті деңгейге жатпайтындықтан оны орындамайды, орындағанымен сабақ соңында асығыс шешуін оқушыларға жалпылама айтқыза салады, яғни талдау жүргізілмейді. Балаларда ой операциялары толық жүргізілмегендіктен логикалық ойлаудың даму деңгейі төмен болады. Ал оқушылардың логикалық ойлауын дамытудың бір жолы – шығармашылық логикалық жаттығуды жүйелі орындату.

Логикалық жаттығуларды орындау баланың ақыл-ойын, қиялын, ой ұшқырлығын дамытады. Бұл оқушылардың түрлі мазмұнды есептерді шығаруда, есептің шартын құра білуге қалыптастырады. Бір есептің бірнеше шешімін табуға жетелейді. Әрбір сабақ қызықты есептермен аяқталып, логикалық есептер оқушылардың жас ерекшелігіне қарай күрделене түсуі қажет [8.3-21].

ҚОРЫТЫНДЫ

Қорытындылай келе, елдің ертеңі білімнің тереңдігі мен өлшенеді демекші үздіксіз өзгеріп тұрған әлем адамнан да қабілет пен қажеттіліктерді үздіксіз дамытуды талап етеді. Сондықтан білім беру саласының басты мақсаты оқушылардың өзгермелі өмірде қорықпай, еркін өмір сүруге, білім мен білігіне сай келетін бағдар таңдап алатындай дәрежеге, өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға, аналитикалық ойлау қабілеттерін дамыту және олардың шынайы өмірде дара тұлға етіп қалыптасуына ықпал ету.

«Шәкірт – нығырлай беретін ыдыс емес, керісінше тұтандыру талап ететін шырақ» демекші оқушылардың жеке шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту және оларды шынайы өмірдегі дара тұлға етіп дайындау мектептің басты мақсаттарының бірі.

Жалпы білім беретін мектептерде математика пәні бойынша факультатив сабақтар ұйымдастырылуы кезінде сол сыныптағы пән мұғалімі мен үйірме жетекшісі арасында алдымен тығыз қарым-қатынас орнауы тиіс. Оқушының пәннен байқалған қызығушылығын факультативтік сабақтарда дамыта түсу мақсатында бағытталған тапсырмалар қамтылса тиімді болатыны сөзсіз.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасы // Егемен Қазақстан, 2003, №332-333. 5-б.
  2. Әбілқасымова А.Е. Математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі- Алматы:Білім, 2005.-32-33 б.
  3. Көбесов А. Орта мектепте математиканы оқыту методикасы. Алматы: Қазақ университеті, 1989.-86 б.
  4. Курош А.Г. Теория групп.- М.:Наука, 1967.-648с.
  5. Есмаханов Ә. Ақпараттық технология және кіріктірілген сабақтар// Қазақстан мектебі, 20100 №1. 10-12 б.
  6. Қаниев С. Елеубаев С. «Математикадан конкурстық есептер». Алматы: 1989
  7. Әбілқасымова А.Е. Төлеубаева С.Қ. «Математика сабақтарында ұлттық ойындарды қолдану» Астана, 2005. 7-19 б.
  8. Аймахан С.М. Құдайберегенова Г.У. Мырзабекова Қ. «Математика», факультативтік курс, оқу-әдістемелік құрал. Қызылорда, 2010
Жыл: 2016
Қала: Атырау
Категория: Педагогика