Аңдатпа
Мақалада жазушы Әбіш Кекілбаевтың тарихи прозасындағы дәстурлі тұрмыс-тіршілік атауларының ерекшеліті қаралады. Жазушының тарихи прозасында қазақ халқының дәстурлі тұрмыс-тіршілігі кеңінен көрініс тапқан. Халықтың дәстурлі өмірін баяндау барысында жазушы қолданған атауларға лингвомәдениеттанымдық, лексикалық талдау жасалды.
КІРІСПЕ
Тұрмыс-тіршілік атаулары қай халықта болсын оның дәстүрінің тарихи дамуы барысында қалыптасады. Сондықтан тұрмыс -тіршілік атаулары немесе лексика бір тарихи кезеңдерге тән бола отырып, келесі бір тарихи кезеңдерде ұлттың тұрмысы мен тіршілігінен жоғалып отыруы да мүмкін. Ондайда бұл атауларды деректерден, шығармалардан іздеуге тура келеді. Сондай ұлттық тұрмыстық лексиканың қолданыс тапқан тілдік нысандарының бірі - қазіргі көркем шығармалар болып табылады. Әсіресе, көркем шығармалардың ішіндегі тарихи тақырыпта жазылған шығармалар сондай атауларға бай болып келеді. Мұндай шығармалардың қатарына қазақ әдебиетіндегі белгілі жазушы Ә.Кекілбаев шығармалары үлкен орын алады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Тұрмыстық-дүниетанымдық атауларды молынан пайдаланған шығарма түрлерімен салыстыра көрсету үшін, дүниетанымдық лексиканың кең қолданыс табатын бір түрі - көркем шығарма мәтіндері екендігін нақтылай көрсету үшін жазушы шығармаларынан мысалдар келтіре кеткен орынды болып табылады. Себебі, ұлттық дүниетанымдық лексикалар желісінде өзіндік теңеу жасау дәстүрі Ә.Кекілбаев шығармаларында да орын тапқан. Мысалы, Ай бойы қанша жерді араласа да, әдетте теңге жараның орынындай оқшау бозарып жататын көне жұрт, не күзетуде, не көктемде ши қорамен отыратын қойшы ауылдан қалған ескі көң - ештеңе көзіне түскен емес [1.56]. Осы сөйлемдегі «жай жара емес», «теңге орынындай жара» деген теңеу сөйлемге тек көркемдік мән үстеп қана тұрған жоқ, сонымен бірге жазушы шеберлігіндегі сөз қолданысында ұлттық бояуды береді.
Мысалы: Сол қауға бастарың үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін талай нәрсені тақымын таралғы, алақанын сойыл қажап тастаған барымташы басымен өзі білетініне қотыр батыр бір күдірейіп қояды [ 1 . 224].
Жазушының бұл сөйлемінде де тақым, сойыл, барымташы сияқты қазаққа ғана тән ұғымдар кездеседі. Ауыз толтыра қазақы болмыспен сөйлем оқуға, оны түсінуге, қазақта бар дүниелерді қабылдауға, көркем шығармадағы ұлттық болмысты жеткізуге де мүмкіндік беріп тұрған осы сөздер. Көріп отырғанымыздай, танымдық лексиканың көркем шығарма тіліндегі де қызметі тіліміздің басқа салалардағы қолданылу қызметімен бірдей. Ол - көркемдік деңгейді көтеру, ұлт тіршілігінің болмысын жеткізу, ойды ашық-айқын, қажет межесінде білдіру болып табылады. Көркем шығарма тіліндегі танымдық мәдени сөздердің де мәтін, сөйлем құрамындағы орны, маңызы бар.
Тіліміздегі осы сияқты ұлттық сипаттағы, әрі мағыналары қазіргі тілімізде күңгірт тарта бастаған сөздер тобының зерттелуінің маңызды екендігін ескеру керек. Оларды жаңа сөзжасам тәсілімізде қолданып, сөйлеу тілінде пайдалану тіліміздегі кірме сөздердің азаюына, тарихи сөздердің тілдік айналымымызда қолданыс тауып, тіл табиғатының даму үрдісін жақсартуға, жаңа сөздер қатарын толықтыруға, тілдегі көне сөздердің ұмытылмауына ықпал еткен болар еді. Сондықтан тарихи шығармалар тілін тілдік тұрғыдан талдауға негізге алуы Осымен байланысты Ә.Кекілбаевтың шығармаларының, атап айтқанда, «Үркер»», «Елең-алаң» романдарының орны, тілдік бай қолданыстарды, көне сөздерді, диалектілерді, халықтық ұғымдарды, ұлттық нышан-болмыстарды білдіретін сөздерді, халықтың тіршілігіндегі тарихи, танымдық мақсаттағы лексикалық қолданыстарды қамтудағы қызметі ерекше.
Бұл жөнінде белгілі ғалым Р. Сыздық өзінің «Сөз құдіреті» еңбегінде өте терең талдау жасаған. Автор өз зерттеуінде: «...сол заманға тән тіл мен қоршаған ортаны бейнелеуде кейіпкерлердің әлеуметтік жағдайына, ұлтына, бір-бірімен қарым-қатынасына сай сөйлете білу» [2.122], деп шеберлігін ғылыми жолмен дәлелдейді. Сонымен бірге аталған шығармалардың қамтитын оқиғалары қазақ тілінің нағыз қолданыс тауып, ұлттық сипаты қалыптасып жатқан, қазіргідей тілінің қаймағы бұзылмаған дәуірге сәйкес келеді. Сонымен қатар, халықтың басынан өткерген небір тарихи зұлмат кезеңдері, шытырман оқиғалары, соған байланысты қолданған сөздері де осы дәуірдің дүниетанымымен өлшенетіні белгілі.
Аталған себептердің өзі Ә.Кекілбаев шығармаларынан осындай сөздік шешендікті мейлі шығарма тілінен болсын, мейлі жазушы тілінен болсын талап еткені анық. Яғни, суреттелген тарихи кезеңнің өзі жазушы шығармаларындағы бай тілдік қолданыстарға, ұлттық сипаттағы сөйлеу оралымдарына дәлел болса, екінші жағынан, оны жазушының аталған шығармаларынан келтірілген мысалдары нақтылай алады.
Жоғарыда келтірілген мысалдармен қатар тағы да бір-екі мысал келтіре кетейік. Себебі, жазушы шығармаларындағы мұндай мысалдар сипатын орайы келгенде келтіре кеткен күннің өзінде толық жеткізе беру мүмкін бола бермейді. Айталық, Талайлар қансонарда қоянның жымын қуалап жүріп, қорқауларға жем болды - деген сөйлемді алып қарайық [1.122].
Сөйлемдегі қансонарда, жь/мь/ясөздерінің қолданысы біреуге түсінікті болса, біреуге түсініксіз. Қансонарда сөзінің мағынасы қазақ тілін білемін деген адамға немесе қазақтың бас ақыны Абай өлеңдерінің арқасында қазақ халқына бүгінде түсінікті болып жүргені анық. Қансонар сөзінің қазақ халқының аңшылық дәстүрімен туған, қазақ танымына тән ұғым екендігі белгілі. Қайткенде де ескі сөздердің қатарына жатары, қазіргі тілде сирек қолданылатындығы да шындық. Дегенмен, оны қазіргі тіл өкілі ретінде басқа да ұмытылып қалып бара жатқан сөздер секілді біле де бермеуіміз мүмкін еді. Бұл тұста Абай есімін келтіріп, өлеңдерін еске алып жатқанымыз да сондықтан. Осы сөзді Ә.Кекілбаев та орынды пайдаланып, суреттеп отырған замана ағымына сай орайлы қолдана алғандығын айта кету керек.
An жымын сөзіне келеек, контекстен тыс жерде бұл сөзді түсіну қиындау соғады. Қолданыста да бұл сөз сирек кездеседі. Аталған сөздің қолданыс үрдісін, тіліміздегі мағыналық белгілерін нақтылау үшін түсіндірмелі сөздікке де жүгініп көрдік.
Алайда, бұл сөзді түсіндірмелі сөздіктен кездестіре алмадық. Біздіңше, жымын сөзінің қолданысы жазушының шығарма тілін көркемдендіру мақсатында жасап қолданған өзінің сөз жасау ерекшелігі. Бұл тіліміздегі жымдасу, жымдаса бірігу сөзінің негізінде алынған сөзжасам. Сондықтан жымын сөзі диалектілік қолданысқа да жатпайды. Себебі, жымдасу, жымдаса бірігу тілді қолданушылардың барлығына түсінікті сөздер, сөз тіркестері. Жазушы етістік мәнді сөзден заттық мәнді сөз жасай отырып, оны осы мағынасында қолданысқа енгізген және оның мағынасын контекстік негізде түсінікті етіп бере алған. Бұл сөздің ауызекі сөйлеу тілінде де жымын біріктіру секілді сөз тіркестерінің құрамында кездесіп қалып жататындығын айта кету керек.
Сондай-ақ жымын сөзі «жымын білдірмеді», «жымын сездірмеді» сөз тіркестерінің құрамындағы мағналық белгілер сәл басқаша бояумен жаңа қолданыс тапқан.
Қай шығармасын жазса да, тарихқа жүгінетін жазушы қазақ тілінің ұлттық бояуын ұлттық болмыстан туындатады.
Айталық, жазушының «Үркер» романынан мысалдар талдап көрейік: Хан аңға аттанған күннің ертеңіне қыр басынан он екі бидің шошақ бөріктері көрінді. Орда маңы сый қонақтарды құрақ ұшып қарсы алып, ақ боз үй, құс мамық төсекке жайғастырды [1.112].
Осы сөйлемнің өзіндегі хан, би, шошақ бөрік, орда, ақ боз үй, құс мамық лэсе/гсияқты сөздердің өзі архаизм сөздер болып табылады.
Мұндай сөздердің Ә.Кекілбаев шығармаларында көптеп қолданылуы және олардың сөйлем құрылымында ұлт тарихына қатысты тікелей қолданылуының өзінен жазушының шығармаларының қазақ дүниетанымының көрінісі екендігін аңғару қиын емес: Мысалы Енді, міне, көз алдынан бұл-бұл ұшып, сағымға сіңіп жоғалып жатқан қазан-қазан қызыл қуырдақтан қарадай қағылып, аузының суы құрып, соры әбден қайнап келеді [1.9]. Сөйлемдегі қуырдақ сөзін басқа тілде де беруге болады делік. Дегенмен, оның ұлттық тағам ретіндегі мағыналық табиғаты тек қазақ тілінде ғана толыққанды түрде түсінікті болмақ.
Ұлт дүниетанымын білдіретін сөздердің тек сол тілде ғана мағынасының анық болуы керектігі тілдік тұрғыдан қарастырғанда кез келген тілде кездесетін негізгі ерекшеліктердің бірі екендігі жасырын емес, әрі ұлт тілінің өміршеңдігі үшін мойындайтын қажетті ерекшелік.
Жазушы шығармаларында қазақ халқының ұлттық санасында күштіліктің символы - нар түйе, елі үшін туған ерлердің жан серігі - арғымақтарының не ақ боз, не көк түс түрінде келуі киелі қасиет болып қалыптасқаны дәстүрлі сипат алған. Бұлай дейтініміз, ауыз әдебиетінде негіз салып, жыраулар поэзиясында жалғасын тапқан күштілік пен арғымақтар теңеуі Ә. Кекілбаевтың туындыларында да танымдық тұлғалауын айшықтай түседі. Ә. Кекілбаевтан: «Тайлағын тарпи-қарпып аймалайтын нар түйедей, тапап тастардай тарпа бас салып ...» деген жолдарды кездестіреміз[1.371].
Ары қарай саралайтын болсақ, нар- үлек пен айыр түйенің тұқымы. Қоспақ- аналығы нар түйе мен аталығы айыр түйенің тұқымы. Жоғарыдағы батырлар жырының үзінділерінде қос өркешті қызыл нар, қоспақ нардай тіркестері нардың екі түрін бір ұғымда береді. Жазушының дәуір болмысын жеткізудегі тіл қолданысына, сөздің дәуірлік, кезеңдік қызметіне, стильдің кезеңге, тарихқа тәуелділігіне байланысты тағы бір мысал келтіре кетуге болады. Отыңа, суыңа тимейді. Малыңның шетінен керегінше ақшасын беріп сатып алады. Хиуа мен Бұхараға қиятын жүн-жұрқаң мен тері-терсегіңдіорысқа да қиятын шығарсың? [1.148].
Осы сөйлемнің бойынан жүн-жұрқаң мен тері-терсегіңді сөздерінен басқа соншалық тосын, соншалық жаңа, мағынасы түсініксіз немесе аталған сөздерден өзге мынау тек қазақтың табиғатына тән ұғым деген өзгеше танымдық лексиканы байқай алмайсыз. Дегенмен, сөйленісте ұлт тарихына қатысты, сол кезеңнің проблемасына байланысты сөйленім жасалған. Жазушының кейіпкерінің аузына салып берген сөзінен орыстардың қазақ даласына қоныстанып жатуына байланысты қарсылықтарды, дала халқының отарлауға деген қорқынышын айқын танисыз.
Демек, ұлт дүниетанымы ұлт тілінің жекелеген сөздерімен ғана берілмейді, сөйлем табиғаты да сол ұлт тілінің табиғатын бере алатындай дәрежеде құрылғаны абзал. Осыған байланысты жазушы шығармасынан бір мысал келтіріп көрейік. «Көзі шаңыраққа түсіп еді - күлдіреуіштердің арасынан жылт-жылт сығалаған аспан күндегідей емес көгістеу көрінді. [1.6].
Немесе: Сосын манағы жалы тілерсегіне түскен жабы қараның қасына қайта әкелінді [1.207].
Осы сөйлемдерді өзге тілде дәл осы күйінде жеткізу мүмкін болмаған болар еді. Себебі, біріншіден, ұлттық дүниетанымды дәл сол қалпында қабылдау үшін, сол ұлт өкілі болу керек. Екіншіден, тілдің табиғатына орай берілген сөйлем құрылымының құрамында күлдіреуіш, шаңырақ, жал, тілерсек сияқты сөздік қолданыстар тіл табиғатын аша түсіп, әрі сөйлемнің қазақ тіліндегі ойын қажет деңгейде жеткізіп тұр. Бұдан шығатын қорытынды - ұлттық лексикаға тән сөздер ұлттық дүниетанымдық ұғымдарды ғана беріп қоймайды, әрі ұлт тіршілігін, болмысын бере алатын сөйлемдердің жасалуына да негіз болады. Мұндай сөйлемдер әрі осындай ұлттық ұғымдарды білдіретін сөздердің қолданылу өрісі болып табылады.
Тағы бір мысал келтіріп көрейік: «Ойыңның мықтылығы болмаса, сойылыңның мықтылығынан ел билейтін заман өтті деп әз Тәукенің өзі талай айтыпты ғой» [1.164]. Қазақ тілінде ғана өз дәрежесінде оқырманына жеткізілетін сөйлем екендігінде дау жоқ. Онда ұлттың өзіне ғана тән ой бар. Сонымен бірге осы сөйлемдегі сойыл сөзінің өзін тек қазақ тілінде ғана өз орнымен қолдануға болатындығына мән беру керек. Сөз соққыға жығу, таяқ жегізу, ұру, қысым көрсету, күш көрсету сияқты бірнеше мағынада жұмсалады. Немесе: - Оны қарайтындай менен басқа балгер табылмағаны ма? [1.174].
Бопай қасына тым тақау тұрған имек қараға: Біреу-міреу түндікті түсіңкіремес пе екен? - деді, [1.177].
Аталған сөйлемдердегі балгер, түндік сөздерінің мағынасы тек қазақ тілінде осы күйінде анық болып, өзге тілде беру қиынға соғатын сөздердің қатарына жатады. Мұндай халықтың ұлттық-мәдени ерекшеліктерін танытатын атаулар - баламасыз лексика деп аталады. Ә.Кекілбаев шығармаларының әсіресе, тарихи тақырыпта жазылған романдарының тілі осындай сөздер мен сөз тіркестеріне, шұрайлы, көркем оралымдарға толып тұрғандығын айта кету керек.
Мысалы, осындай сөйлемдердің ішінен біссіміллә, абысын, міз бақпау, күлдіреуіш, дым бүркуші, қымыз сапыра берсін, найзадай тік шаншылып, боздақ, күлдібадамданып (әдеміленіп), діңкелерін құрту-мане. т.б. деген сияқты сөздер мен сөз тіркестерін келтіре беруге болады.
Жазушы ой-толғамдарында, публицистикалық шығармаларында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне қатысты лексиканы мейлінше анық, бедерлі қолданады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысал келтірейік:
Құдайдың өз бергенін өзіміз көпсінбейік деп, кебежеміздің түбін қақпаймыз, күбіміздің түбін сарықпаймыз, баламыздың басын, көгеніміздің бұршағын санамаймыз [1.25]. Салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілік мәніндегі танымдық лексика жазушының көркем шығармалары мен ой-толғауларында бірін-бірі толықтырып, үдемелі түрде беріледі.
Салыстырмалы түрде алатын болсақ, публицистикалық шығармада:
...Біз тал шаңырақтың астында туып, тал бесікте жатқандардың соңымыз [1.57]. Көркем шығармада: ... жөргегі жібек, түбегі күміс алтын бесіктерден өрбіген тұқым [1. 313]. Публицистикалық шығармадан мынандай жолдарды кездестіреміз: «Оннан астам темір кереуеттің арасынан әзер орын тапқан ұзынша столдың үстінде тозған кебістей тайпиғанжайпақ күл салғыш» [1. 122]. Көркем шығармада:
... Тозған кебістің жұлығындай жайын ауызы әлдене деп күбірлеумен болды [1. 214].
Келтірілген салыстырмалы мысалдардағы тал шаңырақ, тал бесік, жібек жөргек, күміс түбек, тозған кебіс тіркестері қазақ ұлтының тұрмыс-тіршілігінде ғана кездесетін танымдық атаулар екені баршамызға мәлім.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қорытындылай келе айтарымыз, біріншіден, Әбіш Кекілбаев шығармаларында тарихи дүниетанымдық тұрмыс-тіршілік лексикасының да жиі қолданылатынын байқадық. Екіншіден, барлығы да өз мағынасында ұлттың, сол кездегі дала тарихының табиғатын беру үшін сөйлемде, сөйлем арқылы жазушының тарихи тақырыптағы ұлттық ерекшеліктерді ашуға деген шеберлігінің көрінісі ретінде қызмет атқарып тұр. Үшіншіден, жазушы өз прозасында ұлт дүниетанымына қатысты сөздерді қатарынан орынды қолданған
Демек, Ә.Кекілбаев шығармаларында тілді тарихи дәуірге сай сөйлету ерекшелігімен бірге, сол кезеңдегі ұлттың байырғы тарихи дүниетанымын көрсете алған. Себебі, кез келген ұлт тілінде сол ұлттың тілінде ғана мағынасы жан-жақты, табиғи түрде өз деңгейінде көріне алатын сөздер кездеседі.
Әдебиеттер тізімі
- Кекілбаев Ә. Шығармалар жинағы. 10 томдық. Алматы. -2010 ж.
- Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. A., 2004 ж. 214 б.