Кез келген қоғамда ізгілікті-этикалық тәрбие мәселесі маңызды міндеттердің қатарында. Мұндай тәрбиенің негізіне ұлттық мәдениеттің бойындағы рухани құндылықтарды жатқызамыз. Мақалада қазақ мәдениетіндегі ізгілікті-этикалық тәрбиенің негізі философиялық тұрғыдан пайымдалған. Авторлар ізгілікті-этикалық тәрбиенің мәнін ашу үшін халықтың тарихи-мәдени тамырына, салт- дәстүріне, рухани құндылықтарына тоқталған. Тәрбие — адам мен қоғамды жетілдіріп, кемелдендіре түсетін бірден-бір құрал. Адам мәдениет әлемін игерген сайын түрлі идеялар мен идеалды, тіл мен тәртіп, әдеп қағидаларын қабылдай бастайды. Білім, ізгілік, зияткерлік қасиет, рухани құндылықтар — адамның қоғамдағы өз орнын табудың кепілі. Сонымен қатар, тәрбие мәселелесі терең қарастырылған, тұлғаның ізгілігі мен этикасының, идеалының қалыптасуының астарында білім екендігін меңзеген халық ағартушылары мен Алаш зиялыларының еңбектеріне шолу жасалған.
Кіріспе
Қазақ халқының рухани бай мұрасы, этикалық құндылықтарға толы философиялық ойлары оның әлемдік тарих сахнасындағы біртұтас феномен ретінде қалыптасуына ықпал етті. Қоғамның құндылықты және ізгілікті саласы өзге салаларға қарағанда әлдеқайда маңыздылыққа ие. Бұл қазақ қоғамының этикалық компоненті күнделікті өмірге үйлесімді енгенін көрсетеді. Этиканың ең басты нысаны мораль болғанымен, ол мораль арқылы тұлғаның тәртібін моральдық реттеумен байланысты өзге де спецификалық, философиялық ғылыми бағыттарды қамтиды. Соның ішінде болашақ ұрпақ тәрбиесі уақыт создыруға болмайтын, ертеңін күтпейтін өзекті мәселе. Әр кезеңде де қоғам алдында тамыры да, жүрегі де елім деп соғып, халқының ділі мен мәдениетін, тарихы мен салт дәстүрін бойына дарыта білген, туған жерін түлетіп, егемен елінің еңсесін биік көтеруді өзінің міндетті парызы санайтын ұрпақ тәрбиелеу мәселесі тұрды. Тәрбиенің негізгі аспектісі тәрбиенің өзге түрлеріне қатысты интеграциялық функцияны атқаратын ізгілікті тәрбие болып табылады, себебі ізгілік қоғамдық ұстанымының мәнін көрсетеді.
М. Жұмабаев тәрбиедегі басты мақсат — баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару екендігін алға тартады. Әр тәрбиешінің қолданатын жолы — ұлт тәрбиесі болғандықтан, ұлтын сүйген адам өз ұлтының бақыты үшін өз бақытын құрбан қылатындығын жеткізіп, жан тебіренісі, ұлттық тәлім-тәрбие мектебінің мұрасы арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу бүгінгі күннің негізгі міндетіне айналып отырғанын көрсетеді [1; 8].
Зерттеу әдістері
Қазақ мәдениетіндегі ізгілікті-этикалық тәрбие мәселесін зерттеуде авторлар философиялық еңбектердің теориялық талдауына шолу жасады. Бұл әдіс ізгілікті-этикалық тәрбие құндылықтарының сипатын айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ғылымда кеңінен қолданылатын тарихилық пен объективтілік, нақтылық пен логикалық, мәдени-философиялық ғылыми әдістері арқылы қазақ мәдениетіндегі ізгілікті-этикалық тәрбие мәселесі құндылықтық тұрғыдан бағаланып, жүйелі зерделенді. Қалыптасқан ғылыми дәстүрлерді тарихилық тұрғыдан зерделеу арқылы оларға баға берудің маңызды шарты анықталады. Аталмыш мәселенің отандық тарихнамасына шолу арқылы қазақ мәдениетіндегі ізгілікті-этикалық мәселесін кешенді зерттеу қажеттілігі айқындалды.
*Хат-хабарларға арналған автор. E-mail: ayazhan@list.ru (А. Сағиқызы)
Мәселені талқылау
Халықтың ауыз әдебиетінде, халықтың салт-дәстүрлерінде, балалар ойындарында сақталып келген халықтық тәрбие — халық ділін байыту жолындағы іздену, тану процестерін қамтамасыз етудің ғылыми нысанасы болып табылатындығы айқын. Бүгінгі таңда қазақы сарында тәрбие беру жолында сал-серілік дәстүр арқылы тәрбие берудің ұлттық сананы қалыптастыруға, эстетикалық тұрғыдан жетілдіру басымдылығын қамтамасыз ету де өзіндік маңыздылыққа ие. Себебі сал-серілікте этномәдени тәрбие берудің өзіндік бір құралы болып табылады. Олардың шығармашылығында шындықты тайсалмай жеткізу, барлық өлеңдерінде адамға деген сүйіспеншілік идеясы жатыр [2; 72]. Сал-серілердің тіпті жүріс-тұрыстарында көзге ерсі көрінетін әрекет, қылықтар болмаған. Олардың бойында алғырлық, кербездік, жомарттық, намысшылдық, сыпайылық қасиеттері тоғыса отырып, ойын-сауық өнерін көркемдік сипатта халыққа жеткізу арқылы, ұлт мүддесі мен халық игілігін биікке көтеріп отырды. Жалпы салт-дәстүрлер, өмірлік тәжірибені, халық даналығын қалыптастырып қана қоймай, ақыл-ой мен рухани сабақтасты жетілдіре түседі. Сал-серілік сияқты қазақы салт-дәстүрлер қалыптасқан әдеп пен астарлы сынның сабақтары болып табылады. Мұны игергендер сауық- сайраннан өзге, әр нәрсенің шегін, өлшемін іздестіріп, төзімділік пен сабырлыққа, келісім мен ымырашылдыққа ұмтылады.
Сонымен қатар, қазақ дүниетанымында тектілік этикалық категория ретінде тұлғалық сананың деңгейіндегі ерекше қасиеттің үлгісі және қазақы тәрбиенің бірден-бір негізі болып табылады. Тектілік феномені тек қан арқылы берілетін биологиялық қасиет қана емес, бұл ұрпаққа ата-бабалары арқылы жетіп отыратын дүниетанымдық, ділдік, психологиялық бейімділіктер. Оның нақты көріністері ата-баба рухына тағзым ету, ата-ана алдындағы парыздарды орындау, үлкенді құрмет тұту, кішіге ізеті, болашақ ана ретінде қызды мәпелеп өсіру және т.б. арқылы аңғарылады. Ұлт дүниетанымындағы аталмыш категорияның құндылығы туыстық қатынастар жүйесіндегі адами қарым-қатынас мүдделерінің кеңінен ашылуында. Бұл тұлғаның бойына терең түсінікпен қатар биік рухты да дарытады. Санасы қазақтың дархан даласына деген иелігін сезініп, салт-дәстүрді құрметтеп, елім деп елжіреп өскен ұрпақ қана сын сәттерде ел мүддесі үшін кеудесін тосып, қорғап шығары айқын. Ұлы Қытай ойшылы Конфуций «текті адам» тек этникалық ұғым ғана емес, ол саяси-мәдени ұғым екендігін алға тартты. Ол халықты басқарады, ал басқарудың негізгі қайнар көзі — басшының өз басының әдептілік қасиеттерін өзінен төмен тұрғандарға мысалдар арқылы паш ете білу. Конфуцийдің бұл идеясының өзектілігі бар. Текті адаммен қатар, текті әулеттерді қалыптастыру ізгілікті қоғамның басты шарты деуге болады, ол — ұлттық руханияттың нағыз алтын арнасы. Ұлттых руханияттың қасиеттері қоғамда да, жеке адамдардың да бойынан көрініс табады. Ізгілікке, рақымшылыққа талпыну қабілеті барлық адамның бойында болғанымен, туа біткен қасиет емес. Оған адамдар тәрбие мен білім арқылы келеді.
Сұлтанмахмұт Торайғыров тектілік феноменін халықтық ұғыммен өлшей отырып, адам бойындағы тектілік қасиетін сақтап, одан әрі насихаттайтын ұлттық тәрбие екендігін көрсете, былай дейді:
Ерікті ен даланың құсынша ұшып,
Ержеттім кеңшіліктің сүтін ішіп.
Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық,
Арасын қоныс қылдым ірге жайып.
Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
Ер жеттім ен далада лықа байып [3; 45].
Дәстүр сабақтастығының көрінісі және әлеуметтік ортадағы тектілікке негізделген гармонияны орнату талабы қазақ қоғамын ілгері дамытуға, жоғары ізгілікті қалыптастыруға ықпал ететін тұлғалық қасиеттерді биік бағалауға бейімдеді. Әл-Фарабиден бастап Абайға дейінгі ұлы тұлғалардың, кейіннен Алаш зиялыларының ізгілікті тәрбие төңірегіндегі өрелі пайымдарында ұлттың тарихы мен мәдениетіне, рухани құндылықтарына негізделген тұлға болмысын қалыптастыруға ерекше назар аударғаны белгілі. Бұл қазіргі таңда да өз өзектілігін жойған емес. Неміс философы Карл Ясперстің адамның миы ақпараттар толқынын көп сіңірген сайын оның қабылдауы, керісінше, әлсірей түсетіндігін тұжырымдаған еді. Аталмыш тұжырым заманауи әлемнің шынайылығына айналып отыр. Қазақтың рухани әлемінде ұрпақ санасының қабылдау деңгейі мен зейін қоя білу қабілетіне аса назар аударуының себебі адамзаттың келешегі адамның рухына келіп тоғысатындығы. Өйткені адамның рухани дүниесінің қалыптасуының астарында оның мәдениетінің түптамыры, ұлттық тәрбиесі, өмір сүру тәжірибесі жатыр. Қоғамның берік дамуы адамның қабілеттері мен жоғары қасиеттеріне, тәрбиесіне байланысты болып келіп, сол арқылы көрініс табатын құндылықтар арқылы сақталып отыратындықтан қазақ руханиятында тектілікке үлкен мән берілген болатын. Ал қоғамның, керісінше, рухани деградацияға ұшырауының астарында тұлғаның табиғи болмысынан айырылуы жатады. Осы себептен оның бойындағы танымын, тәлімі мен тәрбиесін, мәдени өрісін паш ету арқылы рухани негізін сақтап қалу ел алдындағы маңызды мәселе болып қала бермек.
Ізгіліктік-этикалық нормалар арқылы кез келген ұлттың зиялы өмір сүруінің мәнін айқындауға болады. Қазақ халқының рухани өрісін құрып, кеңейтіп отыратын ұлттық дәстүрдің, ақын- жыраулардың ауыз екі шығармаларының тәрбиелік әлеуеті зор. Қазақы дәстүр ұрпақтың ізгілікті тәрбиесі саласында, тұлғаның рухани тұрғыдан өзін-өзі жетілдірілуі, кемелденуі мәселесінде өзінің сабақтастығымен ерекшеленіп келді. Өйткені халықтың дәстүрі, ауызекі шығармашылығы ұрпақтар байланысындағы өзара құрал бола отырып, руханият пен ізгіліктің өзіндік институты, ұлттық тәрбиенің тірегіне, ұлт өмірінің энциклопедиясына айналып, ұрпақтың рухани-ізгіліктік тұрғыдан қалыптасуына, оның бойына қоғамның дәстүрлі құндылықтың сіңісуіне үлкен ықпал етті. Рухани мәдениет қашан да әр жеке адамның ішкі көрінісінің, рухани құндылықтарды қалыптастырып, сақтаудың формасының сипаты болып табылатындықтан, рухани–ізгіліктік және құндылықтық сананы қалыптастырудағы әлеуеті жоғары. Академик Ә.Н. Нысанбаев қазақ халқының көптеген ойшылдары өз шығармашылықтарында рухани-ізгіліктік құндылықтарға үлкен мән бере отырып, олардың идеясы ХХІ ғасырдағы ұлттық мәдениет пен руханияттың қайта жаңғыруының қайнар көзіне айналғандығын атап өтеді [4; 49].
Ұлттық болмысқа деген құштарлық, ұлттық салт-дәстүр, тіл мен мәдениетті қалыптастыруға деген ықылас, ұлт қасиетін игеруге деген талпыныс ұлтжандылыққа лайық ізгі қасиет болып табылады. Ал ұлтжандылық рухани орталықты, рухани қолдауды қажет етеді. Бұл қасиет арқылы халықтың қажеттілігі мен құндылықтары құнтталып, оны қадір тұтуға талпыныс оянады, сонымен қатар, оның астарында ұлтына жанашырлық танытып, ортасына жақсылық пен сүйіспеншілігін танытатын мінез-құлықты тәрбиелеу мәні жатыр. Ұлтжанды тұлғаның әлеуметтік қасиеті, өресі де биік болады. Тұлға өз бойындағы жан мен тән үйлесімділігін ұлттық рух желісіне бағыттай алады, ұлттық мұрат-мүдде жолында тайынбайды және де қоғамды, өз қоршаған ортасын ар-намысы мен ұяты арқылы бағалайды.
Қазақ халқының ізгіліктік-этикалық тәрбиесі қазақ жыраулары тарапынан да жырланып, тәлімдік көзқарастарының насихатталуы ешқашан да үзілген емес. ХV ғасырда өмір сүрген Шалкиіз жырау:
Жақсының жақсылығы сол болар,
Жасанмен бас қосып, сөйлемекке ар етер;
Жаманның жамандығы сол болар.
Сөйлесе дәйім бетін қара етер;
Бір жақсыға басын қосып сөз айтсаң,
Сол жаман сырыңды сақтамай,
Әрдайым дұшпаныңа әр ісіңді қор етер, – деп жаман мен жақсының аражігін адами ізгіліктік тұрғысынан ажыратып, көрсетіп береді.
Ағайынның ішінде бір жақсысы бар болса,
Қоңқалаған көп жаман, сол жақсыны көре алмас.
Қиын қыстау кез келсе, бағанағы жақсысын,
Қос арғымағын қолға алып, күнінде іздесе де таба алмас, – деп қазақ қоғамының бүгінгі күнде де өзекті болып отырған мәселесін көтереді. Осылайша, адамның бойындағы рухани тазалық пен кеңпейілділікті қалыптастыру тәлімдік өсиет екендігін жырлайды [5; 82]. Жақсылық мен жамандық ұғымы дүниетанымдық ұғымдар қатарына жатады. Бұл ұғымдардың жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесіне деген тікелей қатынасы бар, олар арқылы тұлғаның ізгілікті мұрат, моральдық ұстанымдар туралы түсініктері жүзеге асырылады
Ұлттық дүниетанымда ізгіліктік-этикалық тәрбие жүйесінің маңыздылығы зор. Батыста рационалды ғылымға, ал Шығыста жантану мәселесіне басымдық берілсе, қазақ даласында «адам болу» ұстанымы қашанда бірінші қатарда болды. Сондықтан қазақ дүниетанымында имандылық, ар мен ұят, обал мен сауап, жақсылық, игі істер, құт пен бақыт әдеп пен адамгершілік белгісін беретін негізгі этикалық ұғымдар ретінде жүрді.
Ұлттың ой-өрісі мен рухани құндылығын, тәлімі мен тәрбиесі, даналығын сипаттауда сөз өнерінің, соның ішінде мақал-мәтелдердің де рөлі ерекше. Кез келген халықтың рухани мұрасы ізгі тәрбие турасындағы құнды идеялар мен тәжірибеден тұрады. Осы орайда қазақ халқының ауызекі шығармашылығы тәрбие үрдісінің рухани өрісін толықтыра түсетін қайнаркөз болып табылады. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келген ауыз әдебиетінің құнды мұралары, өнеге үлгілері ізгі тәрбие берудің мүмкіндіктерінің мәні зор екендігін дәлелдеп берді. Академик Д. Кішібеков қазақ халқында нақты жүйеленген философия жоқ, оның философиясы қарапайым философия дәстүрінде екендігін пайымдайды. Біздің мақал-мәтелдеріміздің өзі-ақ тұнып тұрған философия. Мақал-мәтелдердің идеялық мағынасы адам бойындағы адамгершілік, ізгілікті қасиеттерді оятып, отансүйгіштікке баулуға бағдарланған [6; 168].
Қазақтың мақал-мәтелдері ізгілікті этикалық құндылықтарымен ерекшеленеді. Оның бойында өзін-өзі ұстаудың, гуманизмнің алтын ережелері, нұсқаулары, білімге жетелейтін тәрбиелік кешен жатыр. Бұл ізгілікті-этикалық қарым қатынасты реттеудің неғұрлым тиімді формасы болып табылады, сонымен қатар, қазақ мәдениетіндегі рухани тәжірибені ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын қазына. Олардың бойында моральдық нормалар бекітілген. Халық қашанда ар-намыс, әділеттілік сынды ізгі қасиеттерді жоғары бағалай отырып, ол туралы өз пайымдарын қысқа қанатты сөздер, сөз тіркестері арқылы жеткізіп отырды. Ұлттық тәрбие арнасында «ар», «намыс», «ұят» ұғымдарын үнемі кездестіреміз.
Ежелгі түркілік мақал-мәтелдер халықтың ізгілікке аса мән бергендігінің бірден-бір дәлелі. Халық әрқашан адамның мінез-құлығының өлшемі қандай, ізгілік пен кері пиғылдың бастауы неде жатыр деген сынды сұрақтармен толғанды. «Адам туа жаман емес, жүре жаман» дейтін халық даналығы бойынша саналы ғұмыр адам бойындағы ізгі қасиеттердің ықпалымен жүзеге асырылған қайырымды істердің жиынтығынан тұрады. Бұл жерде адамнан тек данышпан сөздер ғана емес, сәйкес іс-әрекеттер талап етіледі. Ақыл саналы ғұмыр жолындағы шамшырақ екендігін «Ақыл дария, алсаң да таусылмайды» мәтелімен жеткізілген. Сонымен қатар, халық далалығы адамның өзі-өзі жетілдіруге талпынысын жоғары қойып «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп, жан-жақты тәрбиеленудің рөлін көрсетеді. Қазіргі таңда рухани құндылықтар, ізгілік ұғымдары халық даналығы арқылы ауызекі тілде сақталып, жақсы сөздерді жан азығына айналдырды. Ал өсек, мақтаншақтық, сатқындық, жалқаулық қасиеттерін адамзаттың ізгілігіне керағар әрекеттер ретінде «Жақсымен жолдас болсаң жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа», «Ақымақ күлкіге, жалқау ұйқыға тоймас», «Жемісті ағаш жер бауырлап өседі, жетелі жігіт ел бауырлап өседі», «Еңбек мұратқа жеткізер, жалқаулық абыройды кеткізер», «Тәрбиесі келіскен адам табысты болар, өнер, білім үйреніп, бақыт қонар», «Жақсы ай мен күндей, әлемге бірдей» деген мәтелдерімен жеткізді [7; 172].
Адамның зияткерлік деңгейі оның отбасындағы тәрбиесі мен табиғи жаратылысының мүмкіндіктеріне сүйенеді. Ал оны ары қарай жетілдіріп, шыңдайтын тетіктерге өзара қарым қатынас, білім, ғылым, үнемі өзін жетілдіру жолдары жатады. Мақал-мәтелдер осындай қажеттіліктерді растап отыр. Ізгілікті-этикалық тәрбиеге жол бастайтын парасатты сөздер жамандықтан бойын аулақ ұстап, қайырымдылыққа қадам бастырады, саналы әрекет аясын кеңейтеді. Осындай нақыл сөздер парасаты толысқан тұлғаның жетіле түсуіне негіз бола алады. Ал ол жоғары парасаттылыққа рухани даму арқылы, ақыл ойының аясы кеңейіп, тәрбие деңгейін шыңдай түскенде қол жеткізе алады. Нәтижесінде адам тек ізгі, қайырымды әрекеттерді жүзеге асыруға талпынысы арта түседі.
Қазақстандық ғалым А. Сағиқызының пікірінше, «Қазақ халқы дүниетанымының этикалық сипатын халық аузында тараған мақал-мәтел, даналық сөздердің сипатынан да көруге болады. Адамның жанын таза ұстауы, адамгершілікті жоғары бағалауы, ар-ұжданды өмірден жоғары қоюы мынадай нақыл сөздерден көрінеді: «Малым жанымның, жаным арымның садағасы», «Өлімнен ұят күшті», «Көңілі адалдың көзі тайқымайды». Яғни, бұл нақыл сөздердің барлығы адамның адаммен қатынасының таза, кіршіксіз, адамдыққа негізделуі керектігін білдіреді» [8; 111]. Мақал-мәтелдер фольклордың бір бөлігі ретінде өскелең ұрпақтың бойына ар-ұждан, ұят, намыс сынды адaмгершiлiктiң aсыл белгiлерiн қалыптасырудағы рөлі, тәрбиелік мәні және эстетикалық ықпалы орасан зор. «Ұят жүрген жерде абырой төгілмейді. Абырой бар жерде ар шапаны сөгілмейді», «Адам санасын ар түзейді», «Рух пен намыс — егіз» деп, халық дүниетанымының айнасына айналып отырған нақыл сөздерде этикалық құндылықтар мен ізгіліктік нормалары бекітілген. Густав Густавович Шпет ұлт дүниетанымына қатысты: «Адамның, халықтың, топтың «рухани құрылымы» күнделікті өмірде басқа да нақты тарихи шындықпен үндесіп және басқа да факторлармен байланысып жатады» деп тұжырымдайды, яғни халықтың қоғамдағы түйткілді мәселелердің әсерінен тауып айтқан ақыл-ой түйіндері, мақал-мәтелдерінде бүтін бір ұлттың саяси, әлеуметтік, рухани- мәдени өмірі, дүниетанымы бейнеленеді [9; 32]. Жaқсылық, әділеттілік, достық, мaхaббaт пен зұлымдық, aр, нaмыс, ұждaн aдaмның iс-әрекетi aрқылы өлшенедi. Бұлaрды aдaм бойынa жaстaйынaн әдептіліктің ережесi етiп қaлыптaстыру тәрбиеге бaйлaнысты болып келеді.
Қазақ дүниетанымының қайнар көзі болып табылатын мақал-мәтел халық даналығынан, оның өмірлік тәжірибесі мен тіршілік бағамын қара сөзбен жеткізетін тұжырым-түйіндердің жиынтығы. Бұл қанатты да ғибратты сөздер арқылы халықтың дүниетанымдық дәрежесі пайымдалып, имандылық, адамгершілік, ізгілік пен мейірімділік, еңбексүйгіштік сынды қасиеттердің негізі айқындалады. «Ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын қысқа фразалар, әдетте құрамында фольклоры бар даналық, ақиқат, моральдық және дәстүрлі көзқарастар жиынтығы» [10; 85] бола отырып, халқымыздың ғибратты тәрбие беретін мектебі мен тәлімгерліктің шежіресі деуге негіз бар. Қазақтың ағартушылық тарихы мен ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған ұлы ағартушы- педагог Ы. Алтынсарин мақал-мәтелдің қадір-қасиеті турасында:
Біз надан боп өсірдік,
Иектегі сақалды.
«Өнер — жігіт көркі» деп
Ескермедік мақалды...
Біз болмасақ, сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды, –деп [11; 34], мақал-мәтелді өмірді көркемдік тұрғыдан биік тану үлгісі мен ұлттық тәрбиенің бұлағы ретінде келер ұрпаққа өсиет етеді, яғни, халықтың философиялық ойының тарихи негізі болып табылатын сөз саптау дәстүрі ғасырлар бойы дамып, бүгінге жетіп, бойындағы асыл маржандарды сүзіп алу жаңа әлемдегі жаңаша ойлайтын ұрпақтың тәлімдік- тағылымдық жұмыстарына арқау болуы шарт. Мұны ғұлама ғалым, жазушы М. Әуезов те ескеріп, «Біз ауыз әдебиетін зерттей отырып, халық санасындағы отаншылдық сезімді, халық ұғымындағы адамгершілік гуманизмді, халықтың қанатты үміті оптимизмді... сол халықтың өткендегі өмірін, аңсау-арманын, әдет-ғұрпын, халықтың ұжымдық тәрбиесінің жемісін көреміз» деп, көркем ойлау үлгісінің жастардың бойындағы ізгілік, ұлтына деген сүйіспеншілік сынды асыл қасиеттерді қалыптастырудағы тәрбиелік мәнін айқын нұсқап берген болатын [12; 218]. Қоғам өмірі бір арнада тұрмайтын өзен секілді үнемі өзгерісте, даму үстінде болады, сол қоғамның өкілдері, оның ұрпақтары да өседі, өнеді, өрбиді, жаңарып, жалғасып отырады. Жаһанданумен келген нарықтық техникалық өрлеу аясында мақал-мәтелдер арқылы сол ұрпақтың рухани қасиетін дамытып, толықтырып, сапаландыру, ұлтқа деген сүйіспеншілігін оятып, тәрбиелеу жаңа заманның қағидасына айналуы орынды.
Қазақы дүниетанымдағы ізгілік этикалық тәрбие идеалының дамуында халық ертегілерінің де маңыздылығы бар. Олар руханиятты, ізгіліктің шекарасын көрсете отырып, адам бойындағы мейірімділікті оятып, өз бойына рухани ізгіліктік мұратын жинақтаған. Қазақ халқының ертегілері xалықтың ұшқыр қиялынан пайда болған туындылар олардың рухы мен дүниетанымын көрсетіп, қайырымдылық, әділеттілік, мейірім, бақыт, жақсылық пен зұлымдық, ізгілік жайлы ұғымдарын қалыптастыруға ықпал етті. Олардың барлық кейіпкерлері халық арасынан шыққан қарапайым, батыл, қара халыққа деген риясыз көңілдері бар, оларға шексіз қызмет етуге даяр болып келеді.
Адамның қиялына қанат бітірген халықтық шығармалар арқылы ұлттың ой-өрісінің тереңдігін, рухани құндылықтардың басымдығын ар-намыс, ізгі жақсылықтың жоғары үлгісін аңғаруға болады. Ізгіліктік, гуманистік әлеуеті басым ертегілердің тұлғаның ізгі қасиеттерін қалыптастырудағы әлеуеті жоғары. Мысалы, қазақтың «Алпамыс», «Қобыланды» сияқты эпостық шығармаларында адам бойында үздік ізгі қасиеттер шебер бейнеленген. Ертегідегі халықтың тұрмысы мен тіршілігі, әдет- ғұрып пен салт-дәстүрлерді бейнелеу арқылы бойдағы зеректікті, ой ұшқырлығын дамытуға деген ықпалы жоғары.
Жалпы, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары әдептілік қасиеттеріне тұнып тұр. Ал әдептілік қасиеттері игі әдеттердің рухани және мәдени негізге айналуы арқылы қалыптасады. Тәрбие салт-дәстүрдің басты функцияларының қызметін атқарады. Ұрпақтар тәжірибесі арқылы тұлғаның ізгілікті санасы, әлеуметтік тәртібінің стереотиптері, ізгілік идеалдары қалыптасады. Дәстүр үнемі адами қарым-қатынастың жаңа тәжірибесімен толықтырылып отырады. Адамзат тарихынан бері салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар адам санасына моральдық тәжірибені сіңіру құралы болып, тұлғаның бойындағы имандылық, сауаттылық, қайырымдылық, парыз, ата-текті қастерлеу, қонақжайлылық сияқты ұлттық тәрбие нышандарының мәнін маңыздылай түсті, ал тәрбие негізінен ұлттық дәстүрге сүйене отырып, адамдарға ықпал ету арқылы жүзеге асады. Мұның бірнеше дәйектемелерін келтіруге болады:
- біріншіден, ұлттық дәстүрлер адамдарды халықтың материалдық және рухани құндылықтарымен туыcтырады;
- екіншіден, ұлттық дәстүрлер халық зердесіндегі тарихи құндылықтарды жаңғыртады, ұлттық дүниетанымның сипатын ашады;
- үшіншіден, тарихи құндылықтарды жаңғыртумен қатар, ұлттық психологияны да жетілдіре отырып, ұлттық дәстүрлер адамдарды өз халқына, жеріне құрметпен қарауға тәрбиелейді;
- төртіншіден, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер тәртіпке, парасаттылық пен рухани ізеттілікке тәрбиеленудің жолын салады. Осылайша, салт-дәстүрдің ықпалы адамның дүниеге деген сезімін, мәдени деңгейін көтеріп, іс-әрекеттеріне ықпал ете бастайды, сонымен қатар, адамның дүниетанымдық жүйесінің қалыптасуы мен қоршаған әлеміне деген қатынасын қалыптастырудың құралы болып табылады. Халықтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы адам болып қалыптасуда, оның ізгілікті, рухани, эстетикалықпен қатар, тіпті физикалық тұрғыдан қалыптасуында, әлеуметтенуінде әрқашан да маңызды рөлді ойнады [13; 72].
Ұлттық құндылықтардың мәні мен мәнісі, алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер алдындағы біздің мемлекетіміздің мәдени болмысының ерекшелігі, ұлттық сананың арқауы, ұлттық қасиеттерді сақтап қалу мәселелері қазіргі таңдағы біздің көкейімізді мазалайтын өзекті сұрақтар болып табылады. Аталмыш мәселелердің өзегі этика, ізгілік, ұлттық тәрбиемен тамырласып жатыр. Н.А. Бердяев, кез келген теорияны тәжірибелік мақсатта қолданса, оның мәні пайда болады екендігін айтады. Оның пікірінше, этика теориялық болып қана қоймай, тәжірибелік форма арқылы өмірдің ізгілікті тұрғыдан өзгеруіне, құндылықтарды игеріп, құндылықтарды қайда бағалауға ықпал етеді. Этика әлеуметтік тұрмыспен лайланбаған таза ардың мәнін ашып, соның сынына айналуы қажет. Этика — құндылықтар әлемі. Ол құндылықтардың күшін, игілігін паш етеді. Сонымен қатар ол, жақсылық мен жамандық ұғымын онтологиялық күш ретінде қарастырады. Егер жақсылық пен жамандық ұғымы бір-бірінен ажыратылмағанда, теодицея (лат.theodicea «құдайды ақтау», «әділдік») мәселесі, этика мәселесі де туындамайтын еді [14; 14].
Жалпы ізгілік, адамның болмысымен тікелей байланысты болып келеді, оның шынайылығынан туындаған және жүзеге асқан игі, нұрлы қадамдар болып табылады. Адам болмысының рухани аспектісінде жан-жақты дамыған адам — бұл белгілі бір іс-әрекетті немесе ойлау жүйесін меңгерген адам емес, ең бастысы жақсылық пен әсемдікті терең сезінетін адам. Философ В.И. Ротницкийдің пайымдауынша, сәби кішкентай күнінде өндірістік немесе саяси қызметке әлі араласа қоймағандықтан, оның іс-әрекетінің барлығы адамгершілік пен ізгілікке негізделген табиғи қалпында болады. Бала осылайша, жоғары сатыдан, адамгершіліктен бастайды, бұл жалпыға ортақ адами мәннің императиві болып табылады. Мектепке дейінгі бала үшін ізгілік — оның субъектілігінің, адами біртұтастығының, тұлғалығының бастапқы формасы болып табылады [15; 293].
Кез келген мәдениетті терең ұғыну үшін ізгілік мәселесі өте маңызды, себебі екі арнаның ортасындағы байланыс өте тығыз болып келеді. Мәдениеттің маңызды бөлігі және оны игерудегі мақсат, жеке тұлғаны мәдени үрдіске ендіріп, оның ізгілік, әділдік ережелерін игеруін қамтамасыз етуден тұрады. Ізгілік — бұл адамның жеке басының тәртібін ретке келтіретін қайырымдылық, тәртіп, намысшылдық, еңбекқорлық сынды қасиеттерді біріктіретін сипат. Бұл қасиет адам болмысын адамгершілікке, рухани тазаруы мен азаттыққа ұмтылуына итермелейді. Рухани адамгершілік ар мен ұяттан, имандылық пен парасаттылықтан және т.б. мәндік құндылықтардан бастау алып, осы қасиеттер арқылы келбеттене түседі.
Қазақ халқының болмыс-бітімі, рухын терең сезінген ел асылдары кем емес. Осы орайда ұлы Абайдың ізгілікті-этикалық қағидалары мен адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру төңірегіндегі идеялары екі ғасырға жуық уақыт өтсе де өзектілігін жоймай отыр. Ол өзінің этикалық мұратын, жас ұрпаққа тәрбиелік үндеуін «Адам бол!» формуласы арқылы жеткізіп берді. Оның мәні бұл өмірдегі адамның бағдарына, рөліне жоғары баға беруден тұрады. Абайдың ұғымына сәйкес, адам өз бойында ақыл мен адамгершілікті, еңбекқорлық пен білімді, достық пен сүйіспеншілік қатынасты үйлесімді ұштастыра білуі керек. Өзінің шығармашылығы арқылы жаңаша ойлау жүйесінің, дүниетаным мен құндылықтардың, этикалық мұраттар мен болмыстық ұстанымдардың қажет екендігін көрсетіп берді.
Абай адамгершілік құндылықтарға үстіртін қарағандарды қатаң сынға алды. Әсіресе, білімге деген прагматикалық қатынасты сынай отырып, жастарды білімге тек билікке қол жеткізіп, халықты қанау үшін емес, рухани жетіліп, өсу үшін ұмтылуды көздеу қажеттігін алға тартты. Дүниені терең танып, ұғыну үшін оны кез келген тұлға жүрегімен қабылдап, ақыл елегінен өткізіп, білімнің барлық қайнаркөздерінен сусындап, үлгі тұтуға тұрарлық мәдениеттерден үйренген кезде ғана мүмкін. Абай төмендегі өлең жолдары арқылы, адамның ішкі жан дүниесіндегі рухани тәртіпті жат қылықтан айқын ажыратып, көрсетіп беріп тұр:
Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек? Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек [16; 67].
Ғұлама, жас ұрпақтың дамуына қажетті рухани қажеттіліктер мен жат және жалған өмірлік бағдарларға нұсқай отырып, жақсылықты ту еткен адамның болашағы да жарқын екендігін пайымдайды. Әр адамның басындағы ақыл мен сананың, зерденің қуатын сүйіспеншілікпен, әлемге деген рухани қатынаспен ұштастыра отырып, жүзеге асыру қажеттілігін былайша жеткізеді:
Болмасаң да, ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз, Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз. Сізге ғылым кім берер, Жанбай жатып сөнсеңіз? Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз, Білгендердің сөзіне Махаббатпен ерсеңіз Ақыл сенбей сенбеңіз Бір іске кез келсеңіз [16; 58].
Бұл тұста ойшылдың меңзеп отырғаны, гуманистік идеясы — кез келген адам бойындағы дарыны мен қабілетін өз өмірінде неғұрлым дұрыс пайдаланып, дамытып отыруы қажет, «сөнбес» үшін білім мен ғылымын жетілдіріп, қадірін ұғына білуі шарт. Егер бұл жолдан тайып, алыстаған сайын келер ұрпақтың тұрпайы сананың қақпанына түсіп қалуы мүмкін екендігін жеткізді.
Қорытынды
Қорытындылай келе, қоғамды ізгілікке баулу ХХІ ғасырдағы өркениетті тұрғыдан даму талаптарының бірі бола отырып, әлеуметтік қатынастарды ұйымдастырудың тиімді тетіктеріне қол жеткізуге байланысты болып келеді. Осындай қарым-қатынас аясында адам әлемнің тұтқасы ретінде айқындалады. Заманауи қоғамда халықтың тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне деген ықылас пен сүйіспеншлікті адам бойына тәрбие арқылы сіңіру мәселесі күн санап өзектіленуде. Рухани құндылықтарды ардақтай білетін, алдына қойған мақсатына қол жеткізу үшін ақылы мен қайратын серік қыла білетін өресі биік ел азаматтарының қатарын арттыруды төл мәдениеттің қазынасы арқылы жүзеге асыру өркениеттілікке жетелейтін бірден-бір жол. Тәрбие мен білімді ұштастыра білген қоғам ғана кез келген ортаны рухани терең дағдарыстан алып шығады.
Мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы арқылы жүзеге асырылатын «Қазақстанның тұрақты даму стратегиясы контекстінде қоғамның мәдениеті мен құндылықтарын зерттеу» атты жобасы шеңберінде орындалды.
Әдебиеттер тізімі
- Жұмабаев М. Педагогика / М. Жұмабаев. — Алматы: Ана тілі, 1992. — 160 б.
- Сағындықұлы Қ. Елеулі есімдер, бағалы басылымдар / Қ. Сағындықұлы. — Алматы: Информ-А, 2001. — 398 б.
- Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-ші т. / С. Торайғыров. — Алматы: Ғылым, 1993. — 280 б.
- Нысанбаев А. Становление исламской философии в Казахстане / А. Нысанбаев. — Алматы: ИФПР, 2000. — С.167.
- Бес ғасыр жырлайды [Екі томдық]. — Алматы: Жазушы, 1989. — 248 б.
- Кішібеков Д. Философия / Д. Кішібеков, Ұ. Сыдықов. Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1994. — 344 б.
- Мусаева Н.Р. Қазақ мақал-мәтелдерінің интеллектуалдық және тәрбиелік қуаты / Н.Р. Мусаева, А.Е. Есимова, Р.А. Мусаев. // ҚазҰУ хабаршысы. Философия, мәдениеттану, саясаттану сериясы. – 2017. – № 4 (62). — Б. 172.
- Сағиқызы А. Гуманистік дүниетаным: әлеуметтік-мәдени негіздер: моногр. / А. Сағиқызы. / З.К. Шәукенова және С.Е. Нұрмұратовтың жалпы редакциясымен. — Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, 2013. — 292 б.
- Шпет Г.Г. Введение в этническую психологию. — 2-е изд. доп. / Г.Г. Шпет. — М.: ЛКИ, 2010. — 160 с.
- Rui, J.B. Soares From «Paremiology to Paremiology». Tavira, Portugal: AIP-IAP, 2012. 162 р.
- Алтынсарин Ы. Кел, балалар, оқылық: Өлең, әңгімелер мен мақал, жұмбақтар / Ы. Алтынсарин. — Алматы: Атамұра, 2006. — 168 б.
- Әуезов М. Әр жылдар ойлары. Қазақша және орысша жазылған зерттеулер, мақалалар / М. Әуезов. Алматы: ҚМКӘБ, 1959. — 480 б.
- Елікбаев Н.Е. Ұлттың дәстүрі мен салты — тәрбиенің өзегі. / Н.Е. Елікбаев. // Адам және дәстүр әлемі. Н.С. Сәрсенбаевтың 90 жылдығына арналған Халықаралық дөңгелек үстел материалдары. / Г. Мутановтың редакциясымен. — Алматы: «Қазақ университеті», 2010. — 342 б.
- Бердяев Н. О назначении человека. Опыт парадоксальной этики / Н. Бердяев. — М.: Амрита, 2019. — 460 с.
- Ротницкий В.И. Онтогенез целеполагания и становление нравственной личности / В.И. Ротницкий // Диалектика и этика / под ред. Ж.М. Абдильдина и Л.М. Архангельского.– Алма-Ата, 1983. — С. 320.
- Құнанбаев А. Екі томдық шығармалар жинағы: өлеңдер мен аудармалар. 1-ші т. / Абай Құнанбаев. — Алматы: Жазушы, 2002. — 296 б.